Исаның елшілерінен сергек болуды үйрен
“Менімен бірге ұйықтамай сергек болыңдар” (МАТ. 26:38).
1-3. Исаның жердегі өмірінің соңғы түні елшілер қалай сергектік сақтамады және олардың өз қателіктерінен сабақ алғандарын қайдан білеміз?
ИСАНЫҢ жердегі өмірінің ақырғы түні орын алған оқиғаны көз алдыңа елестетші. Иса өзінің адал елшілерімен бірге Иерусалимнің шығысындағы сүйікті жері Гетсимани бағына бет алды. Жүрегін сыздатып жатқан ауыр толғамдар ойын тұтқындап алғандықтан, ол оңаша жерге барып дұға еткісі келеді (Мат. 26:36; Жох. 18:1, 2).
2 Петір, Жақып және Жохан Исамен бірге бақтың ішіне кіргенде, ол: “Сендер осында қалып, менімен бірге ұйықтамай сергек болыңдар”,— деді де, әрірек барып дұға етті. Бірақ қайтып оралғанда, достарының қатып ұйықтап жатқанын көрді. Сонда олардан: “Сергек болыңдар”,— деп қайтадан өтінеді. Алайда олар тағы екі рет ұйықтап кетеді. Кейінірек сол түні елшілердің бәрі рухани сергектік сақтай алмай қалады. Олар тіпті Исаны тастап, қашып кетеді (Мат. 26:38, 41, 56).
3 Әрине, кейіннен елшілер сергектік сақтай алмағандарына өкініп, өздерінің қателіктерінен сабақ алды. Елшілердің істері кітабынан көрінетіндей, олар сергек болудың тамаша үлгісін көрсетті. Олардың адалдығы басқа бауырластарды да сергек болуға талпындырса керек. Бүгінде біз сергек болуды талап ететін кезеңде өмір сүріп жатырмыз (Мат. 24:42). Олай болса, Елшілердің істері кітабынан қай үш салада сергек болуымыз керектігін қарастырайық.
УАҒЫЗДАЙТЫН АУМАҚҚА ҚАТЫСТЫ БАСШЫЛЫҚҚА МҰҚИЯТ БОЛУ
4, 5. Киелі рух Пауыл мен оның серіктеріне қалай басшылық етті?
4 Алдымен, елшілердің уағыздайтын аумаққа қатысты басшылыққа қалай мұқият болғандарын көрейік. Киелі кітаптың бір үзіндісінде Исаның киелі рух арқылы елші Пауыл мен оның серіктерін уағыздау сапарында жетелегені жайлы баяндалады (Ел. іс. 2:33). Қазір осы оқиғаның қалай өрбігенін көрейік (Елшілердің істері 16:6—10 оқы).
5 Пауыл, Сыйлас және Тімөте Ғалатияның оңтүстігіндегі Листра қаласынан жолға шығады. Бірнеше күннен соң олар Азия аймағының батысындағы көп халық шоғырланған жерге апаратын жолға түседі. Олардың мақсаты — жол бойында орналасқан қалалардың мыңдаған тұрғындарына Мәсіх туралы ізгі хабарды айту. Алайда әлдебір нәрсе оларға бөгет болады. 6-тармақтан біз былай деп оқимыз: “Киелі рух Құдай сөзін Азия аймағында жариялауға тыйым салғандықтан, олар Фригия мен Ғалатия өлкесі арқылы өтті”. Құдай рухы Пауыл мен оның серіктеріне қалай бөгет жасағаны белгісіз. Бір білетініміз, Иса бұл уағыздаушыларды басқа жаққа бағыттағысы келген.
6, 7. а) Пауыл мен оның серіктері Бітүнияға жақындағанда қандай жағдайға тап болды? ә) Шәкірттер қандай шешім қабылдады және мұның нәтижесі қандай болды?
6 Пауыл мен оның серіктері не істеді екен? 7-тармақта былай делінген: “Содан [олар] Бүтінияға бармақ болды, бірақ Иса киелі рух арқылы бұған рұқсат бермеді”. Азияда уағыздауға тыйым салынғандықтан, Пауыл мен оның серіктері солтүстіктегі Бүтінияға қарай бұрылды. Алайда сол жерге жақындап қалғанда, Иса киелі рухтың күшімен оларға тағы да бөгет жасады. Сонда бұл уағыздаушылар не істерін білмей қалған болса керек. Олар не туралы және қалай уағыздауды білді, бірақ қайда уағыздау керектігін білген жоқ. Былайша айтқанда, олар Азияның есігін қақты, бірақ есік ашылмады. Сосын Бүтінияның есігін қақты, бірақ бұл жолы да түк шықпады. Сонда олар есік қағуды доғарды ма? Жоқ, өйткені олар құлшынысы жалындаған уағыздаушылар еді.
7 Сөйтіп, Пауыл мен оның серіктері қисынсыз болып көрінетін шешім қабылдады. Бұл туралы 8-тармақта былай делінген: “Олар Мизиядан өтіп, Троя қаласына келді”. Демек, уағыздаушылар батысқа қарай бет алып, бірнеше қаланы басып өтеді де, шамамен 550 шақырым жердегі Троя қаласына келіп жетті. Олар үшінші рет есік қаққанда, ол айқара ашылды. 9-тармақта әрі қарай не болғаны былай деп баяндалады: “Түнде Пауыл аян алып, македондық бір кісінің:— Македонияға келіп, бізге көмектесе көр,— деп жалбарынып жатқанын көрді”. Енді Пауыл қай жерде уағыздау керектігін түсінді. Олар кідірместен Македонияға жол тартты.
8, 9. Пауылдың уағыздау сапарынан не үйрене аламыз?
8 Осы үзіндіден қандай сабақ аламыз? Байқасақ, Пауыл Азияға келгеннен кейін ғана, ал кейін Бүтінияға жақындап қалғанда ғана Исадан ол жерге кірмеуге қатысты нұсқау алды. Ал уағыздаушылар Трояға келген соң, Иса оларды Македонияға бағыттады. Бүгінде қауымның Басы Иса бізге де осылай етуі мүмкін (Қол. 1:18). Мысалы, сен ізашар болуды не қажеттілік көп жерге көшіп баруды ойлап жүрген шығарсың. Бірақ сен белгілі бір қадам жасамайынша, Құдай рухы саған басшылық бермеуі мүмкін. Мұны келесідей мысалмен түсіндіруге болады: жүргізуші көлігін тек қозғалған соң ғана оңға не солға бұра алады. Сол сияқты біз мақсатымызға жету үшін қандай да бір күш салған соң ғана Исаның басшылығын алатын боламыз.
9 Ал егер талпынысымыз бірден нәтиже бермесе ше? Құдай рухы басшылық бермей жатыр екен деп, мақсатымыздан бас тарта салуымыз керек пе? Пауылдың да кедергілерге кезіккенін ұмытпайық. Сөйтсе де ол іздеуді тоқтатқан жоқ және есік ашылмайынша қаға берді. Сол сияқты біз де өзіміз үшін “қызмет етуге үлкен есікті” іздей берер болсақ, батаға кенелуіміз мүмкін (Қор. 1-х. 16:9 сілт.).
ДҰҒА ЕТУГЕ ӘРДАЙЫМ ДАЙЫН БОЛУ
10. Сергек болу үшін ұдайы дұға етудің маңызды екенін қайдан білеміз?
10 Ал енді бірінші ғасырдағы бауырластарымыздан сергек болуға қатысты үйренуге болатын екінші жайтты талқылайық. Олар дұға етуге әрдайым дайын болған (Пет. 1-х. 4:7). Үнемі дұға етудің сергек болуымыз үшін маңызы зор. Иса қамауға алынар алдында Гетсимани бағында үш елшісіне былай деген: “Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер. Рух дайын, бірақ тән әлсіз” (Мат. 26:41).
11, 12. Ирод Петірді қоса алғанда, мәсіхшілерді қалай қудалады?
11 Сол оқиғаның куәсі болған Петір шын жүректен айтылған дұғаның күші зор екенін кейін өз тәжірибесінен білді (Елшілердің істері 12:1—6 оқы). 12-тараудың алғашқы тармақтарында жазылғандай, Ирод яһудилерге жағу үшін мәсіхшілерді қудалай бастады. Ол Жақыптың елші екенін және Исаның туысы екенін білген болса керек. Сол себепті Ирод Жақыпты “семсермен шауып өлтіртті” (2-тармақ). Осылайша қауым сүйікті бауырластарынан айырылды. Бұл олар үшін неткен сынақ болды десеңші!
12 Содан соң Ирод не істеді? 3-тармақта былай делінген: “Мұнысы яһудилерге ұнағанын байқаған ол Петірді де тұтқындады”. Бірақ Петір мен басқа елшілерді тұтқындау әрдайым нәтижелі бола бермейтін (Ел. іс. 5:17—20). Ирод бұны да білген болса керек. Сол себепті ол Петірді “Құтқарылу мейрамынан кейін халық алдына шығармақ болып, әрбірі төрт сарбаздан тұратын төрт топқа кезекпен күзеттіріп қойды” (4-тармақ). Елестетіп көрші: екі сарбаздың ортасында қолы екі шынжырмен бұғаулы Петірді кезекпен 16 сарбаз күндіз-түні күзетті. Иә, Петір қашып кетпеу үшін Ирод қолынан келгеннің бәрін істеді. Ол халықтың көңілінен шығу үшін Құтқарылу мейрамынан кейін Петірдің көзін құртпақ болды. Қиын жағдайға тап болған елшіге өзге мәсіхшілер қалай көмектесе алар еді?
13, 14. а) Петір қамауға алынғанда, қауым не істеді? ә) Петір үшін дұға еткен бауырластардан не үйренуге болады?
13 Бауырластар не істеу керектігін анық білді. 5-тармақта былай делінген: “Петір түрмеде жатқанда, қауым ол үшін Құдайға жан-тәнімен дұға етумен болды”. Иә, олар сүйікті бауырластары Петір үшін Ехобаға шын жүректен жалбарына сиынды. Жақыптың өлімі олардың сағын сындыра алмады: олар дұға еткеннен еш пайда жоқ деген тұжырым жасамады. Олар адал қызметшілерінің дұғасы Құдай үшін маңызды екенін және дұғалары ниетіне сай болса, жауап алатындарын білді (Евр. 13:18, 19; Жақ. 5:16).
14 Бұл жағдайда бауырластардың қалай әрекет еткенінен не нәрсеге үйренеміз? Сергек болу дегеніміз өзіміз үшін ғана емес, бауырластарымыз үшін де дұға етуді білдіреді (Ефес. 6:18). Қиыншылықтардан бас көтере алмай жүрген бауырластарды білесің бе? Кейбірі қуғын-сүргіннен немесе табиғи апаттардан зардап шегіп жүрген шығар. Ал басқалары болса қызметімізге шек қойылған елдерде тұрып жатқан болар. Неге олар үшін шын жүректен дұға етпеске? Сондай-ақ сендер сырт көзге көрінбейтін қиыншылықтары бар бауырластарды да білетін шығарсыңдар. Олар отбасында қиыншылыққа кезігіп, еңселері түсіп жүруі немесе денсаулығы нашар болуы мүмкін. Ендеше, неге осындай бауырластардың есімдерін атап, мінажатымызды тыңдайтын Құдайымыз Ехобаға дұға етпеске? (Заб. 64:3).
15, 16. а) Ехобаның періштесі Петірді түрмеден қалай босатқанын айтып бер (Төмендегі суретті қара). ә) Ехобаның Петірді құтқарғаны не себепті бізге жігер береді?
15 Ал Петірдің жағдайы не болды екен? Түрмедегі соңғы түні екі сарбаздың ортасында ұйықтап жатқан ол бірнеше таңғажайып жайтты бастан кешірді (Елшілердің істері 12:7—11 оқы). Көз алдыңа мынаны елестетіп көрші: түрменің іші кенеттен жарқырап кетті. Қасында бір періште пайда болып, Петірді оята бастады. Бірақ сарбаздар оны көрмеді. Бір кезде Петірдің қолындағы шынжырлар сыпырылып түсті! Сонан соң періште Петірді жетектеп сыртта тұрған күзетшілердің дәл қасынан өткізді. Екеуі қалаға шығатын темір қақпаға жеткенде, ол “өздігінен ашылып кетті”. Олар көшеге шыққан соң, періште ғайып болды. Осылайша Петір бостандыққа шықты!
16 Ехобаның өз қызметшілерін құдіретті қолымен босатқаны туралы ой жүгірткеніміз сенімімізді нығайтады емес пе? Әрине, бүгінде Ехоба бізді ғажайып түрде азат етеді деп күтпейміз. Алайда өз халқының игілігі үшін ол киелі рухын қолданып жатқанына толықтай сенімдіміз (Шеж. 2-ж. 16:9). Құдіреті күшті Құдайымыз бізді кез келген сынақтарға төзімді ете алады (Қор. 2-х. 4:7; Пет. 2-х. 2:9). Жуырда Ехоба өз Ұлына өлімнің қамауында жатқан сансыз көп адамды босату үшін билік береді (Жох. 5:28, 29). Құдайдың уәделеріне деген сеніміміздің арқасында біз басымызға түскен сынақтарға орасан зор батылдықпен төтеп бере аламыз.
КЕДЕРГІЛЕРГЕ ҚАРАМАСТАН ТҮБЕГЕЙЛІ КУӘЛІК ЕТУ
17. Елші Пауыл қызметте құлшынысты болуға қатысты қандай үлгі қалдырды?
17 Сергек болуға қатысты елшілерден үйренетін үшінші жайт: олар кедергілерге қарамастан түбегейлі куәлік еткен. Сергек болу үшін уақыттың аз қалғанын түсініп, құлшыныспен уағыздаудың маңызы зор. Осыған қатысты елші Пауыл керемет үлгі қалдырды. Ол жер-жерде құлшыныспен уағыздап, көптеген қауымның негізін қалаған. Пауыл бастан кешірген қиындықтарға қарамастан, қызметтегі құлшынысын жоғалтпаған және бұл кезек күттірмейтін іс екенін бір сәтке болса да естен шығармаған (Қор. 2-х. 11:23—29).
18. Римде қамауда болғанда Пауыл куәлік беруді қалай жалғастырды?
18 Ал енді елші Пауылмен болған соңғы оқиғаны қарастырайық. Бұл оқиға Елшілердің істері кітабының 28-тарауында жазылған. Елші Римге жеткізіліп, Нерон патшаның алдына баруы керек еді. Ол үнемі қамауда отырды және бір күзетшімен бірге кісенделген болуы мүмкін. Сөйтсе де елшіні еш нәрсе құлшынысынан айыра алмады. Ол үнемі куәлік етудің мүмкіндігін іздеген (Елшілердің істері 28:17, 23, 24 оқы). Үш күннен кейін Пауыл куәлік беру үшін яһудилердің беделді ер кісілерін шақыртады. 23-тармақта бұл туралы былай делінген: “Олар [жергілікті яһудилер] кездесетін күнді белгілеп, оның тұрып жатқан жеріне алғашқысынан да көп болып келді. Пауыл оларды Исаға сендіру үшін, Мұса заңы мен Пайғамбарлар жазбаларын қолдана отырып, Құдай патшалығы туралы ертеден кешке дейін түбегейлі куәлік берді”.
19, 20. а) Не себепті Пауылдың қызметі тиімді болды? ә) Тыңдаушыларының бәрі бірдей хабарына құлақ аспағанын Пауыл қалай қабылдады?
19 Неліктен Пауыл тиімді қызмет ете алды? 23-тармақтан мұның бірнеше себебін көруге болады: 1) Пауыл тыңдаушыларының назарын Құдай Патшалығы мен Иса Мәсіхке аударған; 2) дәлелдер келтіріп, тыңдаушыларын “сендіруге” тырысқан; 3) Жазбаларға негізделіп пікір алысқан; 4) жанқиярлық танытып, “ертеден кешке дейін” куәлік еткен. Пауыл жақсы куәлік берсе де, оның хабарын бәрі бірдей қабыл алмады. 24-тармақта айтылғандай, “кейбіреуі айтылғандарға сенсе, өзгелері сенбеді”. Сөйтіп, олар екіге бөлініп, тарап кетті.
20 Тыңдаушыларының бәрі бірдей ізгі хабарды қабылдамағаны Пауылдың ұнжырғасын түсірді ме? Әрине, жоқ! Елшілердің істері 28:30, 31-де былай делінген: “Жалдаған үйінде ол толық екі жыл тұрып, келгендердің барлығын жылы қарсы алды. Оларға батылдықпен әрі еш бөгетсіз Құдай патшалығы туралы уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх жайлы тәлім берді”. Елшілер істері кітабы осындай жағымды сөздермен аяқталады.
21. Үйдегі қамауда болған Пауылдан біз не үйрене аламыз?
21 Пауылдың үлгісінен не нәрсеге үйренуге болады? Үйде қамауда болған кезде Пауылдың үйме-үй уағыздауға мүмкіндігі болған жоқ. Сөйтсе де ол дұрыс ой-қалып сақтап, өзіне келген адамдардың барлығына куәлік етті. Сол сияқты бүгінде көптеген мәсіхшілер сенімдері үшін түрмеде отырғандарына қарамастан, қуаныштарын жоғалтпай, уағыздауға мүмкіндік іздейді. Сондай-ақ қымбатты бауырластарымыздың кейбірі жасы ұлғайғандықтан немесе денсаулығы нашарлағандықтан үйінен шыға алмайтын шығар немесе тіпті қарттар үйінде тұрып жатқан болар. Құдай Патшалығы туралы түбегейлі куәлік етуді жан-тәндерімен қалайтын осы бауырластар дәрігерлерге, күтушілерге және келіп-кететін басқа да адамдарға уағыздауға тырысады. Бұл бауырластардың үлгісі біз үшін аса бағалы.
22. а) Елшілердің істері кітабының пайдасын көруге не көмектеседі? (Жоғарыдағы қоршауды қара). ә) Осы дүниенің соңын күте жүріп, не істеуге беліңді будың?
22 Бірінші ғасырда өмір сүрген елшілер мен өзге де мәсіхшілерден сергек болуға қатысты көп нәрсеге үйрене алатынымыз анық. Осы дүниенің соңын күте жүріп, батыл әрі құлшына қызмет ету үшін сол бауырластардың үлгісіне еліктейік. Өйткені бүгінде Құдай Патшалығы туралы “түбегейлі куәлік” етуден асқан мәртебе жоқ (Ел. іс. 28:23).
[13-беттегі қоршау]
“ЕЛШІЛЕРДІҢ ІСТЕРІ КІТАБЫ МАҒАН ЖАҢА ҚЫРЫНАН АШЫЛДЫ”
“Құдай патшалығы туралы түбегейлі куәлік ету” кітабын оқыған соң, бір аралаушы бақылаушы өз сезімдерін былай деп білдірді: “Елшілердің істері кітабы маған жаңа қырынан ашылды. Бұрын мен оны шамның астында көзіме кір-кір көзілдірік киіп оқыған екенмін. Қазір болса, күн сәулесінің жарығы түсіп, көзім ашылғандай болды”.
[12-беттегі сурет]
Періште Петірді үлкен темір қақпадан өткізді