21-ТАРАУ
“Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ”
Пауылдың қызметтегі құлшынысы мен ақсақалдарға берген кеңесі
Елшілердің істері 20:1—38 негізделген
1—3. а) Еутіх қандай жағдайда мерт болды? ә) Пауыл не істеді және бұдан ол туралы не білеміз?
ПАУЫЛ Троядағы бір үйдің жоғарғы бөлмесінде бауырластармен бас қосып отыр. Олармен соңғы рет кездесіп тұрғандықтан, ұзақ баяндама айтты. Түннің бір уағы болып қалды. Бөлмеде жанып тұрған бірнеше шамның түтінінен ауа тымырсықтанып кетті. Терезеде Еутіх есімді бір жас жігіт отырған еді. Пауыл сөз сөйлеп тұрғанда, Еутіх ұйықтап кетіп, үшінші қабаттан құлап түсті!
2 Дәрігер болғандықтан Лұқа жас жігітке бірінші болып жүгіріп барса керек. Бірақ ол түк істей алмады: Еутіх “мерт болыпты” (Ел. іс. 20:9). Алайда бір керемет орын алды. Пауыл төмен түсіп, жігіттің үстіне жатып, құшақтады да, жұртқа: “Шуламаңдар, ол тірі”,— деді. Осылай Пауыл Еутіхті өмірге қайтарды! (Ел. іс. 20:10).
3 Бұл жағдайдан Құдайдың киелі рухының құдіреті алақанға салғандай айқын көрінеді. Әрине, Еутіхтің өліміне Пауылдың еш кінәсі жоқ еді. Сонда да ол бұл маңызды кештен бауырластардың көңілдері түсіп немесе сенімдері шайқалып қайтқанын қаламады. Сондықтан Еутіхті қайта тірілтуімен ол қауымды жұбатты әрі қызметтерін үлкен ынтамен атқаруға қайраттандырды. Иә, Пауыл өзгелердің өмірін өте қымбат көрген. Мұны оның: “Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ”,— деген сөздерінен байқаймыз (Ел. іс. 20:26). Қазір Пауылдың үлгісін қарастыра отырып, біз де өмірді бағалауды үйренейік.
“Македонияға қарай бет алды” (Ел. іс. 20:1, 2)
4. Пауыл Ефесте қандай ауыр сынаққа кезікті?
4 Алдыңғы тараудан білгеніміздей, Пауыл Ефесте ауыр сынаққа кезікті. Оның уағызынан жұрт ашуға булығып, дүрліккен еді. Бұл толқуды бастаған Артемида тәңірінің мүсіндерін жасап күн көретін күміс зергерлері болатын. Елшілердің істері 20:1-де айтылғандай, “толқу басылғаннан кейін, Пауыл шәкірттерді шақыртты. Оларды жігерлендірген соң, қош айтысып, Македонияға қарай бет алды”.
5, 6. а) Пауыл Македонияда қанша уақыт болды және онда не істеді? ә) Пауыл бауырластарына қалай қараған?
5 Македонияға барар жолда Пауыл портты қала Трояға тоқтап, сонда біраз уақыт болды. Осы жерде ол Қорынтқа жіберген Титпен кездесемін деп үміттенеді (Қор. 2-х. 2:12, 13). Бірақ Титтің келмейтіні белгілі болғанда, Пауыл Македонияға жол тартып, ол жерде бір жылдай жүріп, “шәкірттерді көптеген сөздермен нығайтты”a (Ел. іс. 20:2). Кейін Тит Пауылға Македонияда қосылды. Ол Пауылдың бірінші хатын қорынттықтар жақсы қабылдағанын айтып келді (Қор. 2-х. 7:5—7). Бұны естігенде Пауыл оларға екінші рет хат жазуды ұйғарды. Бүгінде біз оны Қорынттықтарға арналған екінші хат деп білеміз.
6 Көңіл қоятын жайт, Лұқаның айтуынша, Пауылдың сапары Ефестегі және Македониядағы бауырластарды шынымен де “жігерлендіріп”, “нығайтқан”. Бұл сөздерден Пауылдың бауырластарын қаншалықты жақсы көргенін аңғарамыз! Ол өзгелерді адам құрлы көрмейтін парызшылдарға ұқсамаған. Қайта, бауырластарын Құдайға бірге қызмет ететін үзеңгілестері деп санаған (Жох. 7:47—49; Қор. 1-х. 3:9). Оларға қатаң кеңес беруге тура келгенде де, ол өзін олардан жоғары қоймаған (Қор. 2-х. 2:4).
7. Мәсіхші бақылаушылар Пауылға қалай еліктесе болады?
7 Бүгінде ақсақалдар мен аудандық бақылаушылар Пауылды үлгі тұтады. Олар сөгістің өзін адамның жігерін жасытпай беруге тырысады. Бақылаушылар адамды айыптауды емес, қайта, жанын түсініп, қолтығынан демеуді көздейді. Бір тәжірибелі аудандық бақылаушы: “Бауырластардың көбісі дұрыс нәрсені істегісі-ақ келеді, бірақ түңіліп, қорқынышқа бой алдырғандықтан, өздерін дәрменсіз сезінгендіктен, оны істеуге күштері болмай жатады”,— деді. Осындайда бақылаушылар оларға күш беріп, жігерін қамшылай алады (Евр. 12:12, 13).
Оған “қарсы зымиян жоспар құрды” (Ел. іс. 20:3, 4)
8, 9. а) Пауылдың Сирияға барамын деген жоспары неге бұзылды? ә) Яһудилер Пауылға не себепті өшіксе керек?
8 Пауыл Македониядан Қорынтқа аттандыb. Онда үш ай болған соң, ол Кенхреяға барып, сол жерден Сирияға қарай жүзіп кеткісі келді. Ал Сириядан Иерусалимге жол жүріп, мұқтаждық көрген бауырластарға садақаны жеткізе алар едіc (Ел. іс. 24:17; Рим. 15:25, 26). Бірақ күтпеген жерден жоспары өзгеріп кетті. Неге екені Елшілердің істері 20:3-те түсіндіріледі. Ол жерде “яһудилердің оған қарсы зымиян жоспар құрғаны” айтылады.
9 Яһудилердің Пауылға өлердей өшіккені таңғалдырмайды, өйткені ол яһуди дінінен бас тартқан болатын. Осыдан біраз уақыт бұрын Пауыл Қорынтта уағыздағанда, мәжілісхана жетекшісі Крисіп мәсіхші болған еді (Ел. іс. 18:7, 8; Қор. 1-х. 1:14). Тағы бірде Қорынттағы яһудилер Пауылға айып тағып, оны Ахая аймақ әміршісі Галлионға алып барған-тын. Бірақ Галлион олардың айыптарын негізсіз санап, таратып жібергенде, жауларының қаны басына шапқан болатын (Ел. іс. 18:12—17). Қорынттағы яһудилер Пауылдың жақын арада Кенхреядан жүзіп кететінін біліп қойса керек. Сондықтан тасадан тап беріп, оны өлтіруді ойластырды. Пауыл енді не істемек?
10. Пауылдың Кенхреяға бармағаны дұрыс болды ма? Түсіндіріңіз.
10 Пауыл өз басының амандығы үшін және бауырластар сеніп тапсырған садақаны аман-есен жеткізу үшін Кенхреяға бармай, Македония арқылы жүруді жөн көрді. Құрлықпен сапар шегудің де өз қиындықтары бар еді. Ежелгі уақытта жолда тонаушылар тап беретін. Тіпті қонақүйлердің өзі қауіпсіз болмаған. Бірақ Пауыл үшін осылай сапар шегу Кенхреяға қарағанда қауіпсіздеу көрінді. Қуанышқа орай, Пауыл жалғыз емес-тін. Қасында серіктері болды. Олар: Арыстарқ, Гай, Секунд, Сопатер, Тімөте, Тихик және Трофим (Ел. іс. 20:3, 4).
11. Бүгінде мәсіхшілер қалай қауіпсіздіктерін ойлайды және бұған қатысты Иса қандай үлгі қалдырған?
11 Бүгінде мәсіхшілер Пауыл сияқты қызметте өз қауіпсіздіктерін ойлайды. Кейбір жерлерде бауырластар жалғыз емес, топ болып немесе, кем дегенде, екі адам болып уағыздайды. Ал қуғын-сүргін кезінде қалай сақ бола аламыз? Әлбетте, қуғын-сүргін бізді айналып өтпейтінін түсінеміз (Жох. 15:20; Тім. 2-х. 3:12). Бірақ әдейі басымызды қауіп-қатерге тікпейміз. Мысалға Исаны алайық. Бірде Иерусалимде қарсыластары оны таспен атқыламақ болғанда, “ол жасырынып, ғибадатханадан шығып кетті” (Жох. 8:59). Ал кейінірек яһудилер оны өлтіруді ойластырғанда, “бұдан былай яһудилер алдында ашық жүрмей, шөл далаға жақын орналасқан қалаға кетіп қалды” (Жох. 11:54). Иса Құдай еркіне қайшы келмеген жағдайдың бәрінде естілік танытып, өз қауіпсіздігін ойлаған. Мәсіхшілер бүгінде дәл солай әрекет етеді (Мат. 10:16).
“Бәріне зор жұбаныш берді” (Ел. іс. 20:5—12)
12, 13. а) Еутіхтің қайта тірілгені қауымға қалай әсер етті? ә) Жақынын жоғалтқандар үшін Киелі кітапта қандай үміт бар?
12 Пауыл серіктерімен бірге Македонияға жетіп, олар сол жерде бөлініп кеткенге ұқсайды. Сосын Трояда қайтадан бастары қосылған көрінедіd. Елшілердің істерінен “Трояға бес күнде жеттік” деген мәліметті оқимызe (Ел. іс. 20:6). Осы тараудың басында айтылғандай, Пауыл Еутіх деген жас жігітті дәл осы Трояда тірілткен. Еутіх қайта тірілгенде, бауырластардың жүректері атша тулады! Киелі кітапта айтылғандай, бұл “бәріне зор жұбаныш берді” (Ел. іс. 20:12).
13 Біздің уақытымызда мұндай кереметтер болмайды, әрине. Десе де жақынын жоғалтқандарға Киелі кітаптағы қайта тірілу үміті “зор жұбаныш береді” (Жох. 5:28, 29). Еутіхті алсақ, ол кемелсіз болғандықтан, кейін қайтадан бәрібір көз жұмды (Рим. 6:23). Ал жаңа дүниеде қайта тірілетіндердің мәңгі өмір сүруге мүмкіндіктері болады! Көкте Исамен бірге билік ету үшін тірілетіндер болса өлместікке ие болады (Қор. 1-х. 15:51—53). Демек, майланғандар да, “басқа қойларға” жататындар да, қайта тірілу үмітінен “зор жұбаныш” таба алады (Жох. 10:16).
“Ел алдында және үйден үйге” (Ел. іс. 20:13—24)
14. Пауыл Милетте Ефес ақсақалдарымен кездескенде оларға не деді?
14 Пауыл серіктерімен бірге Троядан Асқа, одан Митиленге, Хиосқа, Самос пен Милетке барды. Ол Иерусалимге Елуінші күн мейрамына дейін жетіп алғысы келді. Сондықтан сол жаққа тезірек жету үшін Ефеске соқпайтын кемеге отырды. Алайда ол Ефестегі ақсақалдармен кездескісі келіп, оларды Милетке шақыртты (Ел. іс. 20:13—17). Олар келген соң, Пауыл былай деді: “Азия аймағына аяқ басқан күннен бастап араларыңда жүріп не істегенімді сендер жақсы білесіңдер. Яһудилер мені өлтіргісі келгендіктен, көп сынаққа кезіктім, көз жасымды төгіп, мейлінше кішіпейіл болып Иемізге құл сияқты қызмет еттім. Ел алдында және үйден үйге жүріп тәлім беруден әрі пайдалы болатын нәрсенің бәрін айтудан еш тартынбадым. Яһудилер мен гректерге өкініп, Құдайға бет бұрулары және Иеміз Исаға сенулері керектігін айтып, түбегейлі куәлік бердім” (Ел. іс. 20:18—21).
15. Үйден үйге жүріп уағыздаудың қандай артықшылықтары бар?
15 Бүгінде адамдарға ізгі хабарды уағыздаудың жолы көп. Пауыл сияқты біз адам бар жердің бәрінде — аялдамаларда, көшелер мен базарларда уағыздауға тырысамыз. Алайда үйден үйге уағыздау Ехоба куәгерлерінің негізгі тәсілі болып қала береді. Неге олай дейміз? Оның бір себебі — үйден үйге жүргеннің арқасында барлық адамның Патшалық жайлы хабарды жүйелі түрде естуіне мүмкіндік береміз. Осылай Құдайдың ешкімді алаламайтынын көрсетеміз. Мұның тағы бір себебі — әрбір ақпейіл адамға жеке көңіл бөліп, қажетіне қарай рухани көмек көрсете аламыз. Сонымен қатар үйден үйге жүріп уағыздағанда, өз сенімімізді қайрап, табандылығымызды шыңдаймыз. Шынымен де, “ел алдында және үйден үйге жүріп” уағыздау шынайы мәсіхшілерді елден ерекше етеді.
16, 17. Пауыл қалай батылдық танытты және бүгінде мәсіхшілер оған қалай еліктейді?
16 Пауыл Ефес ақсақалдарына Иерусалимде өзін қандай қиындықтар күтіп тұрғанын білмейтінін айтты. “Бірақ мен өз жанымды ойламаймын. Құдайдың рақымы туралы ізгі хабарды жариялау арқылы түбегейлі куәлік беріп, Иеміз Иса тапсырған қызметімді ақырына дейін атқарсам және жарысымды аяқтасам болғаны”, — деді ол (Ел. іс. 20:24). Арыстан жүректі Пауыл еш нәрсеге — нашар денсаулығына, аяусыз қарсылықтарға қарамастан, қызметін соңына дейін атқаруға тастүйін бекінді.
17 Қазіргі таңда мәсіхшілер де сан түрлі қиындықтарды бастан өткеруде. Кейбірі үкімет тыйым салған жерлерде қуғын-сүргін көріп жатыр. Өзгелері ауру-сырқаумен алысса, тағы біреулері эмоциялық жағынан қиналып жүр. Ал жастарымыз мектепте құрдастарының тарапынан қысым көруде. Бірақ Ехоба куәгерлері, мейлі қандай жағдайға кезікпесін, Пауыл сияқты қаққан қазықтай тұрып, “түбегейлі куәлік беруге” бекінген.
“Өздеріңе де, бүкіл отарға да мұқият болыңдар” (Ел. іс. 20:25—38)
18. Пауыл ешкімнің қанын мойнына жүктемес үшін не істеді және Ефестегі ақсақалдар оған қалай еліктей алар еді?
18 Сонан соң Пауыл Ефестегі ақсақалдарды қауымды қамқорлауға қатысты өз үлгісіне еліктеуге шақырып, ашық кеңес берді. Алдымен, ол өзін соңғы рет көріп тұрғандарын айтып өтті. Сосын: “Менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ, өйткені сендерге Құдай еркін түгел айтудан тартынбадым”,— деді. Ефестегі ақсақалдар Пауылға еліктеп, ешкімнің қанын мойындарына жүктемеу үшін не істей алар еді? Пауыл оларға: “Өздеріңе де, бүкіл отарға да мұқият болыңдар,— деп ескертті.— Құдайдың өз Ұлының қанымен сатып алған қауымын бағу үшін киелі рух сендерді отарға бақылаушы етіп тағайындады” (Ел. іс. 20:26—28). Сондай-ақ Пауыл отарға “зұлым қасқырлар” кіріп, “шәкірттерді өздерімен әкету үшін жалған ілімдерді тарататындардың шығатынын” ескертті. Ақсақалдар не істеулері керек еді? “Сергек болыңдар және менің күн-түн демей үш жыл бойы әрбіріңді үйретіп, көз жасымды көл еткенімді ұмытпаңдар”,— деді Пауыл (Ел. іс. 20:29—31).
19. I ғасырдың соңында жолдантаюшылық қалай пайда болды және кейінгі ғасырларда бұл неге әкеп соқты?
19 Қауымда “зұлым қасқырлар” б. з. I ғасырының соңында пайда болды. Шамамен б. з. 98 жылы елші Жохан: “Қазірдің өзінде Мәсіхке қарсы шығушылар көптеп пайда болды. Олар біздің арамыздан шықты, бірақ біздікі емес еді. Егер біздікі болса, бізбен бірге қалар еді”,— деп жазған (Жох. 1-х. 2:18, 19). III ғасырға қарай жолдантаюшылық кең тарап, христиан (мәсіхші) әлемінің діни жетекшілер тобы пайда болды. Ал IV ғасырда император Константин осы “христиан” дінін ресми түрде заңдастырды. Жолдан тайған діни жетекшілер пұтқа табынушылардың салт-жораларын Киелі кітап ілімдерімен араластырып, “христиан” діні етіп көрсетті. Осылай олар “жалған ілімдерді” таратушылар болды. Сол жалған ілімдер мен салт-жораларды шіркеулер күні бүгінге дейін ұстанып келеді.
20, 21. Пауыл жанқияр екенін қалай көрсетті және бүгінде ақсақалдар оған қалай еліктейді?
20 Пауылдың өмір жолы кейінірек отарға өктемдік жасаған жолдантаюшыларға мүлдем ұқсамаған. Ол қауымға салмақ түсірмес үшін өз қолымен еңбектенген. Сондай-ақ басқаларға өз пайдасын көздеп емес, солардың қамы үшін қызмет еткен. Елші Пауыл Ефестегі ақсақалдарды өз міндеттерін жанқиярлықпен атқаруға шақырып, былай деген: “Әлсіздерге жәрдем беру керектігін және Иеміз Исаның “алғаннан гөрі берген бақытты” деген сөздерін ұмытпау қажет екенін сендерге барлық жағынан көрсеттім” (Ел. іс. 20:35).
21 Пауылға еліктеп, бүгінгі мәсіхші ақсақалдар да өз пайдасын ойламайды. Олар отарының терісін сылып, қалтасын қағып алатын діни жетекшілер сияқты емес. “Құдайдың отарын бағуға” тағайындалған бұл ақсақалдар өз міндеттерін риясыз атқарады. Мәсіхшілер қауымында менмендік пен атаққұмарлыққа жол жоқ. Ал кімде-кім менменсіп, “өзіне даңқ іздейтін” болса, түбінде абыройы айрандай төгіледі (Нақ. с. 11:2; 25:27).
22. Ефестегі ақсақалдар Пауылды не үшін жақсы көрді?
22 Пауыл бауырластарды шын сүйгендіктен, олар да оны қатты жақсы көрді. Сондықтан қоштасатын сәт келгенде, “бәрі қатты жылап, Пауылды құшақтап, елжірей сүйді” (Ел. іс. 20:37, 38). Пауыл іспетті отардың игілігі үшін уақытын да, күшін де аямайтын жанқияр бауырластарды мәсіхшілер жанындай жақсы көреді. Пауылдың керемет үлгісін қарастырған соң, “менің мойнымда ешкімнің қаны жоқ” деген сөзді Пауыл мақтанып я асыра сілтеп айтпағанын көреміз (Ел. іс. 20:26).
a “Пауылдың Македонияда жазған хаттары” деген қоршауды қараңыз.
b Пауыл Римдіктерге арналған хатын осы Қорынтқа келгенде жазса керек.
c 169-беттегі “Пауыл садақаны жеткізеді” деген қоршауды қараңыз.
d Елшілердің істері 20:5, 6-да Лұқа “бізді”, “жеттік” деп, өзін де оқиғаға қосқанына қарағанда, ол Пауылмен Філіпіде қайтадан кездессе керек. Содан біраз уақыт бұрын Пауыл оны Філіпіде қалдырып кеткен болатын (Ел. іс. 16:10—17, 40).
e Олар Філіпіден Трояға бес күнде жеткен. Бұлай ұзақ жүруінің себебі — қарсы жел соғып тұрғандықтан болар. Өйткені мұның алдында дәл осындай сапарлары екі-ақ күнге созылған еді (Ел. іс. 16:11).