Құдай Патшалығы жүзеге асыратын нәрселер
“Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің көкте орындалғандай, жер бетінде де орындала берсін!” (МАТАЙ 6:10).
1. Құдай Патшалығының орнауы нені білдіреді?
ИСА шәкірттеріне Құдай Патшалығының орнауын сұрап дұға етуді үйреткен кезде, осы Патшалық орнағанда адамзаттың мыңдаған жылдар бойы Құдайдан тәуелсіз билік еткен уақытының аяқталатынын ол білген. Осы уақыт аралығының бәрінде жалпы алғанда Құдайдың еркі жер бетінде орындалған жоқ (Забур 147:8, 9). Бірақ көкте Патшалық орнағаннан кейін Құдайдың еркі барлық жерде орындалатын болады. Адамдардың басшылығы Құдайдың көктегі Патшалығының басшылығына алмасатын уақыт зымырап жақындап келеді.
2. Адамдардың басшылығының Құдай Патшалығының басшылығына алмасуы қалай белгілі болады?
2 Бұл алмасу Иса “әлем жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін еш болмаған және қайтып болмайтын қиын-қыстау кезең” деп атаған мезгіл ретінде белгілі болады (Матай 24:21). Киелі кітапта бұл кезеңнің қанша уақытқа созылатыны айтылмаған, бірақ сол кезде бұрын-соңды адам баласы көріп-білмеген қиямет болады. Қиын-қыстау кезеңнің басында жер бетіндегі адамдардың көпшілігін қайран қалдыратын бір оқиға болады — бүкіл жалған дін атаулы жойылады. Алайда бұл оқиға Ехоба Куәгерлерін қайран қалдырмайды, өйткені олар мұны ілгеріден бері күтуде (Аян 17:1, 15—17; 18:1—24). Киын-қыстау кезең Құдай Патшалығы Шайтанның күнәкар дүниесін жойғанда Һар-Магедонмен тамамдалады (Даниел 2:44; Аян 16:14, 16).
3. Тілазарлардың неге ұшырайтынын Еремия қалай суреттеген?
3 Исаның қолына берілген Патшалық туралы ‘ізгі хабарға құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендер’ үшін бұл нені білдірер екен? (2 Салониқалықтарға 1:6—9). Киелі кітаптағы пайғамбарлықта былай делінген: “Міне, халықтан халыққа пәлекет тарап, жердің қиыр шеттерінен үлкен құйын көтеріледі. Сол күні жердің бір шетінен екіншісіне дейін Құдайдың қолынан қырғынға ұшырағандар жайлайды; оларға жоқтау айтылмайды; өліктері жиналмайды да, көмілмейді де, олар жер бетінде қи болып жата береді” (Еремия 25:32, 33).
Зұлымдықтың жойылуы
4. Неге Ехобаның осы зұлым заманды жойып жіберуге қақы бар?
4 Ехоба зұлымдықтың болып жатқанына мыңдаған жылдар бойы шыдап келеді; адам баласының басшылығының қаншалықты қасірет әкелетініне ақ жүректі адамдардың көздері жету үшін осы уақыт та жеткілікті. Мысалы, бір мәлімет көзіне сәйкес, тек XX ғасырдың өзінде соғыстар, революциялар және тәртіпсіздіктердің салдарынан 150 миллионға жуық адам қаза болған екен. Адамдардың қатыгездігі әсіресе екінші дүниежүзілік соғыста анық байқалды; бұл соғыста 50 миллионға жуық адам қаза тапты, әрі олардың көпшілігі жай өліммен емес, нацистік концлагерьлерде жан түршігерлік өліммен өлген. Киелі кітапта айтылғандай, біздің уақытымызда ‘қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасауда’ (2 Тімотеге 3:1—5, 13). Бүгінгі күні азғындық, қылмыс, жемқорлық және Құдай заңдарын сыйламау кеңінен етек алған. Сондықтан Ехобаның осы зұлым дүниені жойып жіберуге толық қақы бар.
5, 6. Ежелгі Қанаханның азғындыққа толы әрекеттерін суреттеп беріңдерші.
5 Бүгінгі күні болып жатқан жағдай шамамен 3 500 жыл бұрынғы Қанахандағы жағдайға ұқсайды. Киелі кітапта былай делінген: “Тәңірге жеркенішті, Оның жек көретін нәрселерінің бәрін олар өз құдайларына істейді: олар өздерінің ұлдарын да, қыздарын да құдайларына арнап өртейді” (Заңды қайталау 12:31). Исраил халқына Ехоба мынадай мәлімет берген болатын: “Осы халықтардың азғындығы үшін, Тәңір сенің Құдайың оларды көз алдыңнан қуып жатыр” (Заңды қайталау 9:5). Киелі кітап тарихшысы Генри Геллей былай деп ескерді: “Бағалға, Аштарға және қанахандықтардың басқа да құдайларына құлшылық ету асқан бейбастақтықтан тұратын, және бұл [сол құдайларға арналған] ғибадатханалар азғындық атаулының ордасы болатын”.
6 Геллей қанахандықтардың күнә жасауда қалайша алысқа кеткенін көрсетті. Осындай көп орындардың бірінде археологтар “Бағалға арнап құрбан етілген балалардың сүйегі салынған көптеген құмыраларды тапты”. Геллей былай деді: “Бұл аймақ түгелімен жас нәрестелердің мүрдесіне айналған еді... Қанахандықтар жалған тәңірлеріне арналған азғындыққа толы салт-жораларын осылайша атқаратын және құдайларына тұңғыш балаларын құрбан ететін. Қанахан жерінің көп аймақтары бүкіл ұлтты қамтитын кең көлемдегі Содом мен Ғомораға айналғанға ұқсайды... Осындай жексұрын, әбден құлдыраған мәдениеттің әрі қарай да тіршілік ете беруіне қақы бар ма еді?.. Қанаханда қазба жұмыстарын жүргізген археологтар Құдайдың бұл халықты неге бұрынырақ жойып жібермегеніне таң қалады”.
Жерді мұра ететіндер
7, 8. Құдай жерді қалай тазартады?
7 Қанаханды тазартқанындай, жақын арада Құдай бүкіл жер бетін тазартып, оны өзінің еркін орындаушыларға береді. “Жерде әділдер өмір сүреді, онда мінсіздер қалады, ал заңды бұзушылар жер бетінен жойылып, опасыздар түп-тамырымен жоқ болады” (Нақыл сөздер 2:21, 22). “Енді азғана уақыттан кейін құдайсыздар болмайды... Ал момындар жерді мұра етеді, және олар бейбітшіліктің көптігімен рақаттанады” (Забур 36:10, 11). Сондай-ақ “енді қайтып мың жыл өткенше халықтарды алдай алмауы үшін” Шайтан аластатылады (Аян 20:1—3). Иә, “осы дүние мен оның ләззаты өткінші, ал Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (1 Жохан 2:17).
8 Жер бетінде мәңгі-бақи өмір сүргісі келетіндердің керемет үмітін Иса қысқаша былай суреттеген: “Кіші пейілділер бақытты: олар жерді иемденетін болады!” (Матай 5:5). Ол алдын ала айтылған Забур 36:29-дағы сөздерге жүгінген болса керек, онда былай делінген: “Әділдер жерді мұра етіп, онда мәңгілік өмір сүреді”. Ақ жүректі адамдардың жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруі Құдайдың ниетіне сай екенін Иса білетін. Ехоба былай деген: “Мен жерді, жер бетіндегі адамдар мен жан-жануарларды... асқан құдіретіммен жаратып, кім маған ұнамды болса, оны соған бердім” (Еремия 27:5).
Таңғажайып жаңа дүние
9. Құдай Патшалығы қандай дүниеге жол ашады?
9 Һар-Магедоннан кейін Құдай Патшалығы “әділдік орнаған” керемет “жаңа жерге” жол ашады (2 Петір 3:13). Һар-Магедоннан аман қалып, еңсені езетін осы зұлым заманның қыспағынан босанған кезде, адамдар қандай жеңілдік сезінеді десеңші! Олар қандай қуанышқа бөленеді десеңші! Өйткені бұл адамдар көктегі Патшалық басқарып отырған әділетті жаңа дүниеге кірді, әрі оларды ғажап баталар мен мәңгі өмір күтіп тұр! (Аян 7:9—17).
10. Патшалық билік еткенде не жойылады?
10 Адамдарға соғыс, қылмыскерлік, аштық деген нәрселер қауіп төндірмейтін болады, тіпті жыртқыш аңдар да қорқыныш тудырмайды. “Сонда олармен [Өзімнің халқыммен] тыныштыққа келісім шарт жасаймын, жер бетінен жыртқыш аңдарды да қуамын... Түз ағашы жемісін беріп, жер өз өнімін шығарады; сөйтіп олар жерде қауіпсіз өмір сүреді”. “Олар семсерлерінен соқа, найзаларынан орақ соғады; халық халыққа семсер көтермейді және бұдан былай соғысуды үйренбейтін болады. Әркім өз жүзімдігі мен інжір ағашының астында отыратын болады, әрі оларды ешкім қорқытпайды” (Езекиел 34:25—28; Мика 4:3, 4).
11. Неге біз ауру-сырқау атаулының жойылатынына сенімді бола аламыз?
11 Ауру-сырқау мен қамығу болмайды, тіпті өлім де жойылады. “Тұрғындардың бірде-біреуі: “Мен аурумын”,— деп айтпайды; онда өмір сүретін адамдардың күнәлары кешіріледі” (Ишая 33:24). “Ол [Құдай] барлық көздің жастарын сүртіп тастап жұбатады. Енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Себебі бұрынғы әлем құрып, жоқ болды... Енді бәрін де жаңадан жаратамын” (Аян 21:4, 5). Иса жер бетінде болған кезінде осының барлығын Құдайдың күшімен жүзеге асыра алатынын көрсеткен болатын. Ол жүрген жерінде киелі рухтың күшімен сал болғандарды және ауру-сырқауларды айықтырып жүрді (Матай 15:30, 31).
12. Өліп кеткендер үшін қандай үміт бар?
12 Иса бұдан да көп нәрселер істеген. Ол өлгендерді қайта тірілткен. Кіші пейілді адамдарға бұл қалай әсер етті екен? Иса он екі жасар қызды қайта тірілткенде оның әке-шешесі ‘қайран қалған’ болатын (Марқа 5:42). Исаның бүкіл жер бетінде не істейтінін көрсететін бұл тағы бір мысал, өйткені Патшалық билік еткенде ‘сенушілер де, күнәкарлар да қайта тіріледі’ (Елшілердің істері 24:15). Өлілер топ-топ болып бірінен соң бірі өмірге қайта оралып, туған-туысқандарымен көріскен кезде қандай қуаныш орнайтынын көз алдарыңа елестетіп көріңдерші! Патшалықтың басшылығымен ауқымды ағарту жұмысы жүргізілері сөзсіз, соның арқасында “теңіз суға қалай толы болса, жер де Жаратқан Иенің біліміне солай толы болады” (Ишая 11:9).
Ехобаның билігі ақталды
13. Құдайдың билігінің дұрыс екендігі қалай паш етіледі?
13 Патшалықтың мың жылдық билігінің аяғына таман адам баласының ақыл-парасаты мен тәні қайтадан кемелді болады. Бүкіл жер беті Едем бағына, яғни жұмаққа, айналады. Тыныштық, бақыт және қауіпсіздік орнайды; өзара сүйіспеншілікке толы қоғам құрылады. Патшалық жүзеге асыратын нәрселерді адам баласы бұрын-соңды ешқашан көрмеген. Адамдардың мыңдаған жылдар бойы жүргізген аянышты билігі мен Құдайдың көктегі Патшалығының салтанатты Мың жылдық билігінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей болады! Құдайдың Патшалық арқылы жүргізген билігі адам баласының жүргізген билігінен барлық жағынан анағұрлым жақсырақ екендігі паш етіледі. Құдайдың басшылық етуге деген құқы — оның билігі — міндетті түрде ақталады!
14. Мың жыл аяқталған кезде бүлікшілерге не болады?
14 Мыңжылдықтың ақырында Ехоба кемелді адамдарға өздерінің ерік бостандығын іс жүзінде көрсетулеріне және кімге қызмет етуді қалайтындықтарын білдірулеріне мүмкіндік береді. Киелі кітапта ‘шайтанның зынданнан босатылатыны’ айтылған. Ол тағы да адамдарды адастыруға тырысып бағады, кейбіреулер Құдайдан тәуелсіз болуды таңдайды да. Сосын “пәлекет қайта бас көтермеуі үшін” Ехоба Шайтанды да, оның жын-перілерін де, сондай-ақ Құдайдың билігіне қарсы шыққандардың барлығын жойып жібереді. Сол уақытта мәңгіге жойылған адамдар жөнінде олар үшін дұрыс талғам жасауға мүмкіндік болған жоқ немесе олар кемелсіздіктің кесірінен сондай талғам жасады деп ешкім айта алмайтын болады. Өйткені ол кезде олар, Ехобаның әділетті билігіне саналы түрде қарсы шыққан Адам мен Хауа қандай кемелді болған болса, сондай кемелді болады (Аян 20:7—10; Нағұм 1:9).
15. Адал адамдар Ехобамен қандай қарым-қатынаста болады?
15 Сөйтсе де адамдардың көпшілігі Ехобаның билігінің жағында болады деп сенуге болады. Бүлікшілердің бәрі жойылғаннан кейін, соңғы сынақтан өткен әділдер Ехобаның алдында тұратын болады. Сосын Ехоба сол адал адамдарды өзінің ұл-қыздары ретінде қабыл алады. Яғни, бүлік жасағанға дейін Адам мен Хауаның Құдаймен қарым-қатынасы қандай болған болса, олардікі де сондай болады. Сол кезде Римдіктерге 8:21-дегі сөздер орындалады: “Жаратылыс та [адамзат] өткіншіліктің құлдығынан босатылып, Құдайдың рухани балаларының салтанатты ұлылығы мен бостандығына жетеді”. Ишая пайғамбар алдын ала былай деген: “[Құдай] өлімді мәңгілікке жоқ қылып, Жаратқан Ие барлық адамдардың жүздеріндегі жасты сүртеді” (Ишая 25:8).
Мәңгі өмір сүруге деген үміт
16. Неге мәңгілік өмірді сыйға алуға үміттенген орынды?
16 Құдай әділ адамдарға рухани және материалдық игіліктерді мәңгі-бақи молынан беріп отыратын болады. Оларды қандай керемет болашақ күтіп тұр десеңші! Забур жыршысы: “Алақаныңды ашып, бар тіршілік иесін қалағаныңша тойдырасың”,— деп орынды айтқан (Забур 144:16). Ехоба, Жерде өмір сүретін таптың Жұмақта өмір сүруге деген үміті Оған деген сенімдерімен сабақтасып жатқанын қалайды. Ехобаның билігіне қатысты мәселенің маңызы аса зор екенінде сөз жоқ, сөйтсе де Құдай өзінің халқынан ешқандай сый күтпестен қызмет етуді талап етпейді. Бүкіл Киелі кітапта Құдайға деген адалдық пен мәңгі өмір сүруге деген үміт мәсіхшінің Құдайға деген сенімінің ажырамас бөлігі ретінде бір-бірімен тығыз байланысып жатыр. “Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес. Оған келген әркім Оның бар екеніне сенуге және Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді Құдайдың жарылқайтынына илануға тиіс” (Еврейлерге 11:6).
17. Үмітімізден күш алған дұрыс екенін Иса қалай көрсетті?
17 Иса былай деп айтқан: “Мәңгілік өмір, бұл — жалғыз шынайы Құдайды және Өзің жерге жіберген Мені, Иса Мәсіхті, жақыннан тану” (Жохан 17:3). Құдайды жақыннан танып, оның еркін білуді Иса осы білімнің берер сыйымен байланыстырған. Мысалы, бір күнәкар Исадан өзінің Патшалығына келгенде оны есіне алғанын өтінгенде, ол: “Менімен бірге жұмақта боласың!” — деді (Лұқа 23:43). Иса бұл кісіге ешқандай сый алуды үміт етпестен сенімі болуы керек екенін айтқан жоқ. Ехобаның өзінің қызметшілерінде жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге деген үміттің болғанын және осы үміттің зұлым дүниедегі сан алуан қиындықтарға олардың төтеп беруіне көмектескенін қалайтынын ол білген. Сондықтан сыйды тосу — қиындықтарға кезіккенде мәсіхшілердің оларға төтеп беруі үшін теңдесі жоқ көмек.
Патшалықтың болашағы
18, 19. Мың жылдық басшылық түгесілгеннен кейін Патшамен және Патшалықпен не болады?
18 Патшалық — жерді кемелділікке жеткізіп, сондай-ақ оның тұрғындарын да өзімен татуластыру арқылы кемелділікке жеткізу үшін Ехобаның қолданған көмекші үкіметі болғандықтан, мың жыл өткеннен кейін Патша Иса Мәсіх пен онымен бірге патшалық ететін 144 000 патша діни қызметкерлер қандай рөл атқармақ? “Мұнан соң бәрінің ақыры болады: Мәсіх қарсы тұратын күллі билік пен күш атаулыны жойып жіберіп, өз Патшалығын Құдай Әкесіне тапсырады. Себебі Құдай “барлық жауларын аяғына жығып бергенше”, Мәсіх билік жүргізуге тиіс” (1 Қорынттықтарға 15:24, 25).
19 Мәсіх Патшалықты Құдайға тапсыратын болса, онда Патшалық мәңгі болады деген Жазба орнын қалай түсінуге болады? Патшалықтың жетістіктері мәңгіге қалады. Құдайдың билігінің ақталуындағы рөлі үшін Мәсіх әрдайым мадақталады. Алайда күнә мен өлім толықтай жойылғандықтан және адамзаттың күнәсы өтелгендіктен, Мәсіхтің Құтқарушы болуының қажеті болмайды. Оның үстіне, Мың жылдық Патшалық мерзімі табысты түгесілген соң, Ехоба мен тілалғыш адамдардың арасындағы көмекші үкіметтің қажеті болмайды. Осылайша “Құдай бүкіл әлемге толықтай билік жүргізетін болады” (1 Қорынттықтарға 15:28).
20. Мәсіхті және 144 000-ды не күтіп тұрғанын біз қалай біле аламыз?
20 Мың жыл патшалық еткеннен кейін Мәсіхтің және онымен бірге билік еткендердің атқаратын рөлі қандай болады? Бұл жөнінде Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Өзі жаратқан Әлемде орындаулары үшін Ехобаның оларға көптеген мәртебесі жоғары тапсырмалар беретініне күмәнданбасақ та болады. Біздің әрқайсымыз Ехобаның билігін қолдағаймыз және мәңгілік өмірді сыйға алып, Патшаға және онымен бірге патшалық еткен діни қызметкерлерге, сондай-ақ бүкіл ғаламға Ехобаның не дайындап қойғаны анықталатын кезге жеткейміз!
Қайталауға арналған негізгі ойлар
• Жақын арада басшылық қалай өзгермек?
• Күнәкарлар мен әділдерге Құдай қалай төрелік етеді?
• Жаңа дүниеде өмір қандай болады?
• Ехобаның билік ету құқы қалай біржолата ақталады?
[15-беттегі суреттер]
‘Сенушілер де, күнәкарлар да қайта тірілтіледі’
[16-беттегі сурет]
Адал адамдардың Ехобамен қарым-қатынасы бастапқыда қандай болуға тиіс болса, сондай болады