Құдайдың сүйіспеншілігінен бізді кім айыра алады?
“Біз сүйеміз, себебі Ол бізді алдымен сүйді” (1 ЖОХАН 4:19).
1, 2. а) Біреудің бізді сүйетіндігін білгендігіміз неге біз үшін маңызды? ә) Біз әсіресе кімнің сүйіспеншілігіне мұқтажбыз?
СЕНДЕР үшін өздеріңді біреудің сүйетінін білу қаншалықты маңызды? Адам баласы әрқашан, балалық шағынан қартайғанға дейін, сүйіспеншілікке мұқтаж. Анасы мейірлене қолына алып тұрған сәбиді көргенсіңдер ме? Айналада не болып жатқанына қарамастан, сәби анасының мейірімге толы көздерін көріп тұрғанда, оның қолында өзін жайбарақат сезінеді. Немесе аумалы-төкпелі жасөспірім кездерің естеріңде ме? (1 Салониқалықтарға 2:7). Жасөспірім шағымызда кейде жанымызға не керек екенін өзіміз де білмей, тіпті бойымызды қандай сезім билеп жатқанын түсінбейтін кездер болады. Сондай кездерде ата-анамыздың бізді сүйетінін білгеніміз қалайша маңызды десеңші! Оларға кез келген мәселені немесе сұрақты іркілместен айта алатындықтарыңды білгендерің сендер үшін кезінде үлкен жеңілдік болды емес пе? Расында да бүкіл ғұмырымыздың бойында біреудің бізді сүйгеніне аса мұқтажбыз. Біреудің сүйетіндігі — біздің олар үшін бағалы екендігіміздің кепілі.
2 Ата-ананың айнымас сүйіспеншілігі адамның дұрыс дамып, байсалды болып өсуіне қажетті аса маңызды нәрсе. Бірақ рухани және ішкі дүниеміздің игілігі үшін көктегі Әкеміз Ехобаның бізді сүйетіндігіне сенімді болуымыздың маңыздылығы одан да зор. Бәлкім, осы журналдың оқырмандарының кейбіреулеріне ата-аналары ешқашан нағыз сүйіспеншілік танытпаған болар. Сен де сондай адамдардың қатарында болсаң, қамықпа. Тіпті егер сені ата-анаң сүймеген болса да немесе олар сүйіспеншілікке тым сараң болған болса да, Құдайдың шынайы сүйіспеншілігі мұның орнын толтырады.
3. Ехоба өзінің халқын сүйетіндігіне қалайша сендіреді?
3 Ехоба Ишая пайғамбар арқылы анасы емізулі сәбиін “ұмытып“ кетуі мүмкін екенін, ал Ол өзінің халқын ешқашан ұмытпайтынын айтты (Ишая 49:15). Сол іспетті Дәуіт те сенімді түрде былай деген: “Туған әкем мен анам мені тастап кетті, ал Тәңір мені қабыл алады” (Забур 26:10, СА). Неткен көңілге жұбаныш беретін сөздер десеңші! Егер сен өзіңді Ехобаға арнаған болсаң, әрі онымен тығыз қарым-қатынаста болсаң, басыңа қандай жағдай түссе де, оның сүйіспеншілігінің кез келген адамның сүйіспеншілігінен әлдеқайда жоғары екенін есте ұстағаның жөн!
Әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіңдер
4. Бірінші ғасырда өмір сүрген мәсіхшілер Құдайдың өздерін сүйетіндігін қалай білді?
4 Ехобаның сүйіспеншілігі жөнінде сен алғаш рет қашан білдің? Бәлкім, сенің жағдайың бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің жағдайына ұқсас болған болар. Пауылдың Римдіктерге жазған хатының 5-тарауында Құдайды білмейтін күнәкарлардың Ехобаның сүйіспеншілігін қалай білгені керемет суреттелген. Бесінші тармақта біз былай деп оқимыз: “Құдай сыйлаған Киелі Рухы арқылы жүрегімізді Өзінің сүйіспеншілігіне кенелтті”. Ал сегізінші тармақта болса Пауыл былай деп жалғастырады: “Әлі де күнәкар болып жүрген кезімізде біз үшін Мәсіх өмірін құрбан етті. Осы арқылы Құдай бізге Өзінің зор сүйіспеншілігін дәлелдеді”.
5. Құдайдың сүйіспеншілігінің қаншалықты зор екенін түсінуіңе не көмектесті?
5 Тап сол сияқты, Құдай Сөзіндегі шындықты естіп, оған сенім таныта бастағанда, Ехобаның киелі рухы сенің жүрегіңде әрекет ете бастаған болатын. Осының арқасында Ехобаның Өзінің сүйікті Ұлын сен үшін жанын беруге жібергенін, әрі оның бұл әрекетінің қаншалықты бағалы екенін түсіне бастадың. Осылайша Ехоба өзінің адамзатқа деген сүйіспеншілігінің қаншалықты зор екенін сенің анық түсінуіңе көмектесті. Құдайды білмей күнәкар болып туылғанына қарамай, Ехоба адамзаттың әділ деп жариялануына және мәңгі өмір сүруіне мүмкіндік бергенін түсінгенде бұл сенің жүрегіңді толғантты емес пе? Бойыңды Ехобаға деген сүйіспеншілік сезімі биледі емес пе? (Римдіктерге 5:10).
6. Неге біз кейде Ехобадан алыстап кеткендей сезімде боламыз?
6 Көктегі Әке сүйіспеншілігі арқылы сені өзіне жақындатқаннан кейін, сен өміріңді Оған ұнамды болатындай өзгертіп, оны Құдайға арнадың. Қазір енді Құдаймен тату қарым-қатынастасың. Алайда, кейде сен өзіңді Ехобадан алыстап кеткендей сезінесің бе? Мұндай сезім әрқайсымызда да болып тұруы мүмкін. Бірақ Құдайдың ешқашан өзгермейтінін үнемі есте ұсталық. Жер бетіне жылу беріп нұрын шашып тұратын Күн іспетті, Оның сүйіспеншілігі де тұрақты, әрі ешқашан өзгермейді (Малахия 3:6; Жақып 1:17). Ал біз, мейлі уақытша болсын, өзгеруіміз мүмкін. Жердің айналу барысында планетаның тең жарымы қараңғылыққа енеді. Біз де сол сияқты, мейлі, болмашы ғана болсын Құдайдан бет бұрар болсақ, онымен қарым-қатынасымыздың суынып бара жатқанын сезінуіміз мүмкін. Мұндай жағдайда қалай оны қайта қалпына келтіруге болады?
7. Өзімізді тексергендігіміз әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленуімізге қалай көмектеседі?
7 Егер Құдайдың сүйіспеншілігінен алыстап бара жатқанымызды сезетін болсақ, өзімізден: “Құдайдың сүйіспеншілігін жеткілікті дәрежеде бағалап жүрмін бе? Сенімім әлсіреп, тірі, әрі сүюші Құдайдан бет бұрып бара жатқан жоқпын ба? Мен ‘киелі рухтың қалауын’ емес, ‘күнәкар болмысымның’ қалауын ойлап жүрген жоқпын ба?” — деп сұрағанымыз жөн (Римдіктерге 8:5—8; Еврейлерге 3:12). Егер біз Құдайдан алыстап кеткен болсақ, оны жөнге келтіру үшін әрекеттер жасап, онымен тығыз, әрі жақсы қарым-қатынасымызды қайта қалпына келтіруімізге болады. Жақып бізді: “Құдайға жақындаңдар, сонда Ол да сендерге жақындайды”,— деп шақырады (Жақып 4:8). Яһуданың айтқан сөздеріне құлақ түрейікші: ‘Қымбатты бауырластарым, өздерің сенетін Тәңірдің қасиетті ілімінің негізінде рухани өсіп толысуға ұмтылыңдар: Киелі Рухтың жетелеуімен сиыныңдар, әрдайым Құдайдың сүйіспеншілігіне бөленіңдер’ (Яһуда 20, 21).
Жағдайдың өзгеруі Құдайдың сүйіспеншілігіне әсер етпейді
8. Өмірімізде күтпеген жерден қандай өзгерістер болуы мүмкін?
8 Осы зұлым заманда біздің өміріміз көптеген өзгерістерге ұшырауда. Сүлеймен патшаның байқауынша, “бәрі де уақыт пен кездейсоқтықтың билігінде” (Екклесиаст 9:11, СА). Қас қағым уақытта өміріміз күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Бүгін сау болсақ, ертең-ақ қатты науқастанып қалуымыз мүмкін. Бүгін тұрақты жұмысымыз бар болса, ертең одан айырылып қалуымыз ықтимал. Жақын адамымыз күтпеген жерден қаза табуы мүмкін. Кейбір елдерде мәсіхшілер қандай да бір уақыт аралығында алаңсыз бейбіт өмір кешіп жүрген болса, аяқ астынан қатты қудалауға ұшырауы мүмкін. Бәлкім, бізге жалған кінә тағып, соның салдарынан әділетсіз жапа шегіп жүрген де болармыз. Иә, бұл дүниеде тұрақтылық та, ертеңгі күнге деген сенімділік те жоқ (Жақып 4:13—15).
9. Римдіктерге арналған хаттың 8-тарауын қарастырғанымыз біз үшін неге пайдалы?
9 Күтпеген жерден бақытсыздыққа ұшырап қалсақ, жалғыз қалғандай көңіліміз құлазып, тіпті Құдай мені бұрынғыша сүймейді деген ойға да келуіміз ықтимал. Мұндай нәрсе кез келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін. Сол себепті елші Пауылдың Римдіктерге арналған хатының 8-тарауындағы жұбанышты сөздерді мұқият қарастырғанымыздың біз үшін пайдасы зор. Ондағы сөздер майланған мәсіхшілерге арналған болатын. Сөйтсе де ол сөздерді, негізінде, мәсіхшілерге дейін өмір сүрген Ыбырайым іспетті Құдайдың досы болған, әрі әділ деп жарияланған басқа қойларға да қолдануға болады (Римдіктерге 4:20—22; Жақып 2:21—23).
10, 11. а) Кейде Құдайдың халқына жаулары қандай айып тағады? ә) Неге мәсіхшілер мұндай айыптардан қорықпайды?
10 Римдіктерге 8:31—34 дейінгі тармақтарды оқылық. Пауыл: “Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?!” — деп сұрады. Әрине, бізге қарсы шығып жатқан Шайтан мен оның зұлым дүниесі. Жауларымыз бізге жалған кінә тағып, тіпті кейбір жерлерде мұндай істер сот мәжілісінде қаралуы мүмкін. Балаларын Құдайдың заңына қайшы келетін кейбір медициналық тәсілдерді қолданып емдеуге тыйым салатыны үшін немесе осы дүниенің мейрамдарына қатыстырмайтыны үшін, кейбір мәсіхші ата-аналарды өздерінің балаларына жау деп айыптайды (Елшілердің істері 15:28, 29; 2 Қорынттықтарға 6:14—16). Адал мәсіхшілердің кейбіреулеріне соғыс кезінде кісі өлтіруден немесе саясатқа араласудан бас тартқаны үшін жалған айып тағылады (Жохан 17:16). Кейбір жағдайларда қарсыластар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы лақап сөз таратып, Ехоба Куәгерлеріне қауіпті секта деген айып тағады.
11 Алайда елшілер өмір сүрген уақытта да адамдардың ‘осы алған бағытқа [“сектаға”, ЖД] қай жерде де қарсы сөйлеушілер бар’ дегенін ұмытпалық (Елшілердің істері 28:22). Жалған айыптар бізге әсер етуі керек пе? Шынайы мәсіхшілерді Мәсіхтің құрбандығына деген сенімдерін негізге ала отырып әділ деп жариялайтын Құдай ғой. Өзінің қызметшілеріне аса бағалы сый — өзінің жалғыз сүйікті Ұлын — бере тұра, қалайша Ехоба оларды сүймей қояды? (1 Жохан 4:10). Қазір, Мәсіх қайта тірілтіліп Құдайдың оң жағына отырған соң, Иса мәсіхшілерді белсенділікпен қорғауда. Мәсіх өзінің ізбасарларын қорғап алуға дәрменсіз дегенді кім дәлелдеп бере алады, әрі Құдайдың әділ адамдарға қатысты шығарған шешімін кім жоққа шығара алады? Бұлай ету ешкімнің қолынан келмейді! (Ишая 50:8, 9; Еврейлерге 4:15, 16).
12, 13. а) Не нәрсе бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды? ә) Бізді қиыншылықтарға ұшыратудағы Ібілістің мақсаты не? б) Неге мәсіхшілер әрқашан жеңімпаз болады?
12 Римдіктерге 8:35—37 дейінгі тармақтарды оқылық. Бізді Ехоба мен оның Ұлы Мәсіх Исаның сүйіспеншілігінен өзімізден басқа кім немесе не айыра алады? Шайтан өзінің жердегі қызметшілерін қолданып мәсіхшілерді үлкен қиыншылықтарға ұшыратуы мүмкін. Өткен ғасырда көптеген елдерде біздің мәсіхші бауырластарымыздың көпшілігі қатты қуғындалған болатын. Бүгінгі күні кейбір жерлердегі бауырластарымыз күнделікті экономикалық қиыншылықтарға кезігуде. Кейбіреулерінің ішерге тамағы, киерге киімі жоқ. Осындай қиыншылықтардың болуына ықпал етудегі Ібілістің мақсаты не? Оның мақсаттарының бірі — Ехобаға деген шынайы ғибадатқа кесірін тигізу. Шайтан бізді Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігі суып кетті дегенге сендіргісі келеді. Алайда мұндай тұжырым жасауға негіз бар ма?
13 Забур 43:23-тен үзінді келтірген Пауыл іспетті, біз де Құдай Сөзін зерттейміз. Біз, яғни Құдайдың ‘қойлары’, өзіміздің мұндай жағдайларға Оның есімі үшін ұшырап жүргенімізді түсінеміз. Осы арқылы Құдайдың есімінің киелі тұтылуы және оның бүкіләлемдік билігінің ақталуы жөніндегі мәселелер шешілуде. Құдай қайғы-қасіреттің болуына бізді сүймейтіндіктен емес, осы мәселелердің шешілуі керек болғандықтан жол беріп отыр. Жағдай қаншалықты ауыр болмасын, Құдайдың өз халқына, әрі жеке-жеке олардың әрқайсысына деген сүйіспеншілігінен айнымағанына сенімдіміз. Егер біз адалдығымызды сақтайтын болсақ, жеңіліске ұшырайтындай болып көрінген кез келген жағдайда да жеңімпаз болып шығатын боламыз. Құдайдың бізді өзінің мызғымас сүйіспеншілігіне сендіруі бізге күш беріп, нығайта түседі.
14. Неге Пауыл мәсіхшілердің басына түскен қиыншылықтарға қарамай, Құдайдың оларды сүйетіндігіне сенімді болған?
14 Римдіктерге 8:38, 39-ды оқылық. Неге Пауыл Құдайдың сүйіспеншілігінен мәсіхшілерді еш нәрсе айыра алмайтындығына сенімді болған? Құдайдың бізге деген сүйіспеншілігіне қиыншылықтардың әсер ете алмайтынына деген Пауылдың сенімінің күшейе түсуіне, қызмет барысында болған жағдайлардың ықпал еткендігі сөзсіз (2 Қорынттықтарға 11:23—27; Філіпіліктерге 4:13). Сонымен қатар Пауыл Ехобаның мәңгі ниетін, сондай-ақ Оның өз халқына бұрынғы уақыттарда қалай қарағанын білген. Ал өлім ше, Құдайдың өзіне адал қызмет етіп жүргендерге деген сүйіспеншілігінен оның күшті болуы мүмкін бе? Жоқ, мүмкін емес! Құдайдың адал қызметшілері тіпті өмірден өтсе де, Оның кемелді жадында сақтаулы болады, әрі мезгілі келгенде ол оларды қайта тірілтіп алады (Лұқа 20:37, 38; 1 Қорынттықтарға 15:22—26).
15, 16. Құдайдың адал қызметшілеріне деген сүйіспеншілігін ешқашан суыта алмайтын кейбір нәрселерді атаңдар.
15 Бүгінгі күні басымызға қандай қиыншылық түспесін — мейлі, ол күтпеген жерден апатқа ұшырау болсын, беті қайтпайтын ауру немесе күн көрудің ауыртпалығы болсын — Құдайдың өз халқына деген сүйіспеншілігін еш нәрсе жоя алмайды. Шайтанға айналған тілазар періште іспетті күшті періштелер Ехобаның оның адал қызметшілеріне деген сүйіспеншілігіне әсер ете алмайды (Әйүп 2:3). Үкімет Құдайдың қызметшілерінің ісіне тыйым салуы, оларды түрмеге жабуы, қастық жасауы немесе “нон грат персонасы” (яки жағымсыз тұлға) деп жариялауы мүмкін (1 Қорынттықтарға 4:13). Халықтардың тарапынан әділетсіз жасалған мұндай қастық әрекеттер адамдарды бізге қарсы қоюы мүмкін, бірақ мұндай әрекеттер Әлемнің Әміршісін бізден бас тартқыза алмайды.
16 Мәсіхші ретінде біз Пауыл “бүгінгі күн” деп атаған нәрсе де, яғни қазіргі зұлым заманда болып жатқан жағдайлар мен оқиғалар, сондай-ақ “болашақта” болатындары да Құдайдың өз халқына деген адалдығын бұзады деп қорықпауымыз керек. Жердегі және көктегі күштер бізге қарсы күресіп жатқанымен, Құдайдың шынайы сүйіспеншілігі бізді әрдайым қолдайды. Пауыл ерекше атап өткендей, “не үстіміздегі, не астымыздағы” ешбір нәрсе бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды. Иә, қамықтыратын немесе бізге әсер ететін нәрселердің ешқайсысы, мейлі, ол бізге тіптен қатты әсер етсін, бізді Құдайдың сүйіспеншілігінен айыра алмайды. Жаратушы мен оның адал қызметшілерінің арасындағы қарым-қатынасты ешқандай өзге жаратылыс бұза алмайды. Құдайдың сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайды, ол — мәңгі (1 Қорынттықтарға 13:8).
Құдайдың мейірімділігін мәңгі бағалаңдар
17. а) Неге Құдайдың сүйіспеншілігі “өмірден де артық”? ә) Біз Құдайдың мейірімділігін бағалайтынымызды қалай көрсетеміз?
17 Құдайдың сүйгені сендер үшін қаншалықты маңызды? Сендер де: “Өйткені Сенің мейірімің өмірден де артық. Аузым Сені дәріптейді. Сені осылайша даңқтаймын; Сенің есіміңді атап, қолымды көтеремін”,— деп жазған Дәуіт іспетті сезімдесіңдер ме? (Забур 62:4, 5, СА). Расында да мына дүниеде Құдайдың сүйіспеншілігі мен адал достығынан артық не бар?! Мысалы, осы дүниедегі табысты жұмыс Құдаймен тығыз қарым-қатынаста болудың арқасында көңіліміз тоқ болып, бақытты болғаннан артық па? (Лұқа 12:15). Кейбір мәсіхшілер не Ехобадан бас тартуды, не өлімді таңдаулары керек болған жағдайларды басынан өткерген. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистердің концлагерьлерінде болған көптеген Ехоба Куәгерлері мұндай жағдайларға жиі ұшырап отырған. Бауырластарымыздың бірен-сарандарынан басқасы өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, бойларында Құдайдың сүйіспеншілігін сақтап қалған. Бойларында Құдайдың сүйіспеншілігін сақтап қалғандар осы зұлым дүние бере алмайтын мәңгі болашақты Құдайдың беретініне сенімді болуына болады (Марқа 8:34—36). Бірақ әңгіме тек мәңгілік өмір жөнінде ғана болып отырған жоқ.
18. Неге біз бар көңілімізбен мәңгі өмір сүруді қалаймыз?
18 Ехобасыз мәңгі өмір сүру мүмкін емес, сөйтсе де Жаратушысыз мәңгі өмірдің қандай болатынын елестетіп көріңдерші. Өмір мән-мағынасыз болар еді. Ехоба өзінің халқына осы соңғы күндері орындау үшін қанағаттандырарлық жұмыс беріп отыр. Сол себепті Ехобаның, Өз ниетін Орындаушының, бізге беретін мәңгілік өмірінде біз танып-білетін, біз айналысатын таңғажайып нәрселерге толы болатынына сенімді бола аламыз (Екклесиаст 3:11). Мың жыл аралығында қаншама нәрселерді зерттегенмен, біз ешқашан ‘Құдайдың бай даналығы мен терең білік-парасатының’ түбіне жете алмаймыз (Римдіктерге 11:33).
Көктегі Әкелерің сендерді бағалайды
19. Қоштасарында Иса Мәсіх шәкірттерін неменеге сендірді?
19 Б. з. 33 жылының 14 нисанында, өзінің он бір адал елшісімен өткізген соңғы кешінде, Иса оларды болашақта болатын оқиғалардың алдында жігерлендіретін көп нәрселер айтады. Елшілері Иса қиыншылыққа ұшыраған кездерде онымен бірге болды, әрі олардың әрқайсысы Исаның өздеріне деген сүйіспеншілігін сезінді (Лұқа 22:28, 30; Жохан 1:16; 13:1). Сол себепті Иса оларды: “Әкенің Өзі сендерді сүйеді”,— деп сендірді (Жохан 16:27). Бұл сөздер шәкірттердің көктегі Әкенің оларға деген сезімінің қандай нәзік екенін түсінулеріне қалайша көмектесті десеңші!
20. Сендер не нәрсеге ұмтыласыңдар және не нәрсеге сенімдісіңдер?
20 Қазіргі уақытта Ехобаның көптеген қызметшілері ондаған жылдар бойы адал қызмет етіп келеді. Осы зұлым заманның ақыры келгенге дейін біздің әлі де көптеген қиыншылықтарға ұшырайтынымыз сөзсіз. Мұндай қиыншылықтардың Құдайдың өздеріңе деген шынайы сүйіспеншілігіне күмән тудыруына ешқашан жол бермеңдер. Ехоба үшін сендер бағалысыңдар, бұл — асыра сілтеп айтылған сөз емес (Жақып 5:11, ЖД). Сол себепті әрқайсымыз өз тарапымыздан Құдайдың өсиеттерін адал орындай берелік (Жохан 15:8—10). Оның есімін дәріптеу үшін әрбір мүмкіндікті пайдаланайық. Дұға арқылы және Құдай Сөзін зерттеу арқылы Ехобаға жақындауға деген ұмтылысымызды бәсеңдетпейік. Ертеңгі күн бізге не әкелмесін, Ехобаға ұнамды болу үшін бар күшімізді салар болсақ, көңілімізде тыныштық орнайды, әрі Құдайдың сүйіспеншілігінің сарқылмайтындығына деген сеніміміз берік болады (2 Петір 3:14).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Рухани күйіміз бен жан дүниемізді бір қалыпты сақтау үшін біз әсіресе кімнің сүйіспеншілігіне мұқтажбыз?
• Не нәрселер Ехобаның өз қызметшілеріне деген сүйіспеншілігіне ешқашан кедергі бола алмайды?
• Не себепті Ехобаның сүйіспеншілігі “өмірден де артық”?
[18-беттегі сурет]
Пауыл не себепті қуғындалып жүргенін түсінген
[19-беттегі суреттер]
Егер Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылып қалғандай сезінер болсақ, мұны түзету үшін әрекеттер жасауымыз керек