“Барлық адамдармен тату болыңдар”
“Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар” (РИМ. 12:18).
1, 2. а) Иса ізбасарларына нені ескертті? ә) Қарсылықтарды қалай қабылдау керектігімізге қатысты кеңесті қайдан табамыз?
ИСА шәкірттеріне осы дүниелік адамдардың тарапынан қарсылықтарға кезігетіндерін ескертті және өлерінің алдындағы кеште мұның себебін түсіндірді. Ол елшілерге былай деді: “Егер де осы дүниелік болсаңдар, ол сендерді өз адамдары ретінде жақсы көрер еді. Бірақ осы дүниелік емессіңдер, керісінше, Мен сендерді күнәкар дүниенің ішінен таңдап, айырып алдым. Сондықтан да ол сендерді жек көреді” (Жох. 15:19).
2 Исаның бұл сөздерінің растығын елші Пауыл өз тәжірибесінен білді. Жас серігі Тімотеге жазған екінші хатында ол: “Сен маған еріп, менің ілімім, жүріс-тұрысым мен өмірдегі мақсатымды үлгі тұтып, сенімім, төзімділігім және сүйіспеншілігімді, әрі қуғындалып, азап шеккен кездерімде көрсеткен табандылығымды өз көзіңмен көрдің”,— деді. Одан кейін ол: “Мәсіх Исамен жүріп, Құдайға ұнамды өмір сүргісі келетіндердің бәрі де қуғындалатын болады”,— деп қосты (Тім. 2-х. 3:10—12). Римдегі мәсіхшілерге жазған хатында Пауыл оларға қарсылықтарды қалай қабылдау керектігіне қатысты дана кеңестер берді. Оның сөздері соңғы күндері өмір сүріп жатқан бізге де басшылық болып табылады.
Іс-әрекеттерің әдепті болсын
3, 4. Римдіктерге 12:17-дегі кеңесті а) бір дінді ұстанбайтын отбасында, ә) маңайымыздағылармен қарым-қатынасымызда қалай қолдануға болады?
3 Римдіктерге 12:17 оқы. Пауылдың түсіндіруінше, қаскөйлікке қастықпен жауап бермеуіміз керек. Бұл кеңес, әсіресе, бір дінді ұстанбайтын отбасылары үшін маңызды. Жұбайы қаскөйлік танытқанда, мәсіхші дөрекілікпен жауап қайтаруға не қастықпен әрекет етуге тырыспайды. “Жамандыққа жамандықпен қайтару” жақсылыққа апармайды. Керісінше, жағдайды одан бетер ушықтырып жібереді.
4 Пауыл әлдеқайда жақсы жолды көрсетті. Ол: “Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында әдепті болуына тырысыңдар”,— деді. Нанымдарына қатысты жағымсыз сөздер айтқан күйеуіне шынайы қайырымдылық көрсету арқылы мәсіхші әйел тұтанайын деп тұрған отты басуы мүмкін (Нақ. с. 31:12). Қазір Бетелде қызмет ететін Карлос анасы сабырлы күйін жоғалтпай, үй шаруасына жақсы қарағанының арқасында әкелерінің қатты қарсылығын жеңе алғаны туралы әңгімелейді. Ол былай дейді: “Анам біздерді әкемізге үнемі құрметпен қарауға талпындыратын. Ол өзіме ұнамайтын ойынды әкеммен бірге ойнауды талап ететін. Ал әкеме бірге ойнағанымыз қатты ұнайтын”. Сөйтіп, ақыр аяғында Карлостың әкесі Киелі кітапты зерттеуді бастап, кейіннен шомылдыру рәсімінен өтеді. ‘Іс-әрекеттері жұрт алдында әдепті болуына’ тырысқандықтан, Ехоба куәгерлері табиғи апаттардан зардап шеккен маңайындағы адамдарға көмек көрсету арқылы өздері туралы жаңсақ пікірлерді жоққа шығарған.
Жанып тұрған көмірді үю арқылы қарсылықтарды жеңу
5, 6. а) Жанып тұрған көмірді жауымыздың басына үю деген нені білдіреді? ә) Римдіктерге 12:20-дағы кеңесті ұстанғанның жақсы нәтиже бергені туралы мысал айтып беріңдер.
5 Римдіктерге 12:20 (Тт)a оқы. Пауыл бұл тармақтағы сөздерді таңдағанда, Нақыл сөздер 25:21, 22-дегі: “Жауың аш болса тамақтандыр, Егер шөлдесе шөлін қандыр! Мұныңмен сен басына оның Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың, Һәм Тәңір қайтарар саған қарымтасын”,— деген сөздерді ойында ұстанғандығында күмән жоқ. Римдіктерге 12-тараудағы кеңесіне қарағанда, Пауыл ыстық шоқтарды жауларымызды жазалау немесе оларды масқара ету үшін қолдануға шақырмағаны анық. Қайта, нақыл сөздердегі және Пауылдың римдіктерге жазған хатындағы сөздер ежелде металды балқыту үшін қолданылған әдіске нұсқайды. XIX ғасырда өмір сүрген ағылшын зерттеушісі Чарлз Бриджез былай деген: “Қатты металды отқа орайтын, яғни астынан ғана от қоймай, көмір шоқтарын үстіне де салатын. Сол сияқты, асқан шыдамдылық, риясыз және ыстық сүйіспеншілік танытқаннан ерімейтін тас жүректер аз ғана”.
6 Жанып тұрған көмір іспетті қайырымды істеріміз қарсыластарымыздың жүректерін жібіте алады және олар қастық іс-әрекеттерін доғаруы мүмкін. Игі істеріміз адамдардың Құдай халқына және олар уағыздап жүрген Киелі кітаптағы хабарға деген көзқарастарын өзгертуі ықтимал. Елші Петір былай деп жазды: “Құдайға мойынсұнбайтын халықтар арасында адал өмір сүріңдер! Олар сендерді жамандық жасаушылар деп айыптайды. Алайда өз көздерімен көріп жүрген игі істеріңе бола, Тәңір бізді құтқаруға келген күні олар Оны мадақтайтын болады” (Пет. 1-х. 2:12).
“Барлық адамдармен тату болыңдар”
7. Мәсіх шәкірттеріне қандай тыныштық сыйлады және бұл бізді не нәрсеге талпындыруы қажет?
7 Римдіктерге 12:18 оқы. Шәкірттерімен өткізген соңғы кеште Иса былай деді: “Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын” (Жох. 14:27). Бұл — Ехоба Құдай мен Иса өздерін жақсы көретінін және қолдайтынын білгеннен келетін шәкірттердің жан тыныштығы. Мұндай тыныштық бізді өзгелермен тату болуға талпындыруы қажет. Шынайы мәсіхшілер татуластырушы болып табылады (Мат. 5:9).
8. Отбасында және қауымда қалай татуластырушы бола аламыз?
8 Отбасында татуластырушы болудың бір жолы — келіспеушілік туындаған кезде, жағдайды ушықтырмай, мәселені мүмкіндігінше тезірек шешу (Нақ. с. 15:18; Ефес. 4:26). Қауымда да солай. Елші Петір татуластырушы болуды тілге ие болумен байланыстырған (Пет. 1-х. 3:10, 11). Жақып та тілді дұрыс пайдалануға және қызғаныш пен даугершіліктен аулақ болуға қатысты нақты кеңес берген соң, былай деп жазды: “Көктен келген даналық адамды ең алдымен пәк таза қылады, содан кейін ынтымақшыл, төзімді, ымырашыл, қайырым мен игі істер жасағыш, ешкімді алаламайтын әділ қылып, екі жүзділіктен арылтады. Татуластырушылар “тыныштық тұқымын” себушілер іспетті. Бұл тұқымның жемісі болып әділ мінез-құлық орнығады” (Жақ. 3:17, 18).
9. ‘Барлық адамдармен тату болуға’ ұмтылсақ та, не нәрсені естен шығармауымыз керек?
9 Пауылдың Римдіктерге 12:18-де жазған сөздерінен көрінетіндей, отбасында және қауымда ғана татуластырушы болмауымыз керек. Ол ‘барлық адамдармен тату болуымыз’ керектігі туралы айтқан. Олардың арасында көрші-қолаң, бірге жұмыс істейтін, оқитын және қызметте кездестіретін адамдар бар. Бірақ елші “қолдарыңнан келгенше” деуімен адамдардың бәрімен тату болу үшін ақылға қонымды әрекеттер жасағанымызбен, Құдайдың әділ принциптерінен аттап кетпеуіміз керектігін есімізге салады.
Кек алу — Ехобаның ісі
10, 11. Пауыл Римдіктерге 12:19-да қандай кеңес берген және неге ол орынды?
10 Римдіктерге 12:19 оқы. Біз ісімізге және хабарымызға ‘қарсы’ адамдарға, олардың ішінде тікелей қарсылық білдіретіндер де бар, ‘сабырлық’ сақтап, ‘ілтипаттылық’ танытамыз (Тім. 2-х. 2:23—25). Пауыл мәсіхшілерге ‘кек алуды Құдайдың қаһарына қалдыруға’ кеңес берген. Мәсіхшілер кек алу адамның ісі емес екенін біледі. Забур жыршысы: “Ашу-ызаңнан қайт, бас қаһарыңды, Сұмдыққа өршітпесін олар жаныңды”,— деп айтқан (Заб. 36:8). Сүлеймен болса: “Зұлымдықтың кегін қайтарам деме, Тәңірге тапсыр, Ол қолдайды сені”,— деген (Нақ. с. 20:22).
11 Егер қарсыластарымыз бізге зиян келтірсе, оларды жазалауды Ехобаға қалдырған даналық болады. Дұрыс деп тапса, Құдай оларды өз уақытында жазалайды. Ехобаның қаһарын ойында тұтқан Пауыл былай деп қосты: “Жаратқан Иенің: “Кек алу — Менің ісім, есесін Мен қайтарамын” дегені жазылған ғой” (Заңды қайталау 32:35 салыстыр). Егер өзіміз кек алуға тырысатын болсақ, Ехоба өзіне қалдырған іске қол сұғып, өзімшілдікпен әрекет еткеніміз болар еді. Оның үстіне, Ехобаның “есесін Мен қайтарамын” деген уәдесіне сенбейтінімізді көрсетер едік.
12. Ехоба қаһарын қашан және қалай білдіреді?
12 Римдіктерге жазған хатының басында Пауыл былай деген: “Құдай көктен адамдардың барлық азғындығы мен әділетсіздігіне қарсы өз қаһарын білдіреді. Себебі олар әділетсіз істері арқылы шындықты аяққа басады” (Рим. 1:18). Ехоба қаһарын “ауыр азап” кезінде Ұлы арқылы көктен білдіреді (Аян 7:14). Пауыл рухтың жетелеуімен жазған өзге бір хатында былай дейді: “Бұның бәрі Құдайдың барлық адамдарды әділ соттайтынын көрсетеді: Ол Өзінің Патшалығы үшін азап шеккен сендерді соған кіруге лайықтысыңдар деп есептейді. Сендерді қинағандарды Құдай қинамақ, ал қиыншылық көріп жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық бермек. Құдайдың әділдігі осындай. Бұл, Иеміз Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен түсіп келгенде болады. Сонда Ол Өзінің Ізгі хабарына құлақ аспай, Құдайды танымай жүргендерді жазаламақ” (Сал. 2-х. 1:5—8).
Жамандықты Құдаймен бірге жеңіңдер
13, 14. а) Қарсылыққа кезігіп жатсақ, неге бұған таңғалмаймыз? ә) Бізді қудалағандарға қалай бата тілей аламыз?
13 Римдіктерге 12:14, 21 оқы. Ехоба өзінің ниетін жүзеге асыратынына сенімді болғандықтан, біз бар ықыласымызды өзімізге тапсырылған ‘Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды барлық ұлттарға паш ету’ ісіне аударамыз (Мат. 24:14). Бұл іс жауларымыздың ызасын келтіретінін білеміз, өйткені Иса былай деп ескерткен болатын: “Менің атымды мойындағандарыңа бола барлық ұлттар сендерді жек көретін болады” (Мат. 24:9). Сол себепті қарсылыққа кезіккенде таңғалмаймыз және еңсеміз де түспейді. Елші Петір былай деп жазды: “Қымбатты бауырластарым, өздеріңнің “от кешіп” ауыр азап шегіп, сыналғандарыңды оғаш нәрсе деп ойламаңдар. Қайта, неғұрлым көбірек Мәсіх секілді азап шексеңдер, соғұрлым көбірек қуаныңдар” (Пет. 1-х. 4:12, 13).
14 Қудалаушыларымызды жау көрудің орнына, білім беруге тырысамыз, өйткені олардың кейбірі білмегендіктен осылай әрекет ететінін түсінеміз (Қор. 2-х. 4:4). Біз Пауылдың: “Өздеріңді қудалағандарға Құдайдан жақсылық тілеңдер, оларды қарғамай, ақ баталарыңды беріңдер!”— деген кеңесін ұстануға бар күшімізді саламыз (Рим. 12:14). Қарсыластарымызға бата берудің бір жолы — олар үшін дұға ету. Таудағы уағызында Иса: “Жауларыңды жақсы көріңдер! Өздеріңді жек көретіндерге жақсылық жасап, қарғайтындарға игілік тілеп, өкпелететіндер үшін Тәңір Иеге сиынып мінажат етіңдер!”— деген (Лұқа 6:27, 28). Қудалаушы адам уақыт өте келе Мәсіхтің адал шәкірті және Ехобаның құлшынысы мол қызметшісі болуы мүмкін екенін елші Пауыл өз тәжірибесінен білген (Ғал. 1:13—16, 23). Өзге бір хатында Пауыл былай деген: “Бізді жамандағандарға ақ бата тілейміз, қудаласа, оған да төземіз; қаралағандарға жылы сөйлеп, ескертеміз” (Қор. 1-х. 4:12, 13).
15. Жамандықты жақсылықпен жеңудің ең жақсы жолы қандай?
15 Шынайы мәсіхшілер Римдіктерге 12-тараудың соңғы тармағындағы: “Жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!”— деген кеңеске мойынсұнады. Жамандық атаулының түп атасы — Шайтан Ібіліс (Жох. 8:44; Жох. 1-х. 5:19). Елші Жоханға берген аянда Иса майланған бауырларының ‘“Тоқтының” өз жанын құрбан етіп, қанын төгуінің арқасында және өздерінің Ізгі хабарды қабылдап, ашық мойындауларымен [Шайтанды] жеңгенін’ көрсетті (Аян 12:11). Бұдан көрінетіндей, Шайтанды және оның бүкіл дүние жүзіне кері әсер етіп отырған ықпалын жеңудің ең жақсы жолы — Патшалық туралы ізгі хабарды уағыздауымызбен жақсылық жасау.
Үміттеніп қуаныңдар
16, 17. Римдіктерге 12-тараудан а) қалай өмір сүруіміз керектігіне ә) қауымда қалай әрекет еткіміз келетініне және б) қарсылық білдіретін адамдармен қалай қарым-қатынас жасауымыз керектігіне қатысты не үйренеміз?
16 Пауылдың Римдіктерге жазған хатының 12-тарауын қысқаша қарастырғанымыздың арқасында көп нәрсені ұқтық. Ехобаға бағышталған қызметшісі ретінде құрбандықтарға баруға дайын болуымыз керек екенін білдік. Құдай рухы жетелеген біздер осылай етуге дайынбыз, өйткені Құдайдың еркі осы екендігіне көзіміз жетті. Рухымызды жалындатып, әртүрлі сыйларымызды құлшыныспен қолданамыз. Бауырластарымызбен бірлікте болу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеп, Құдайға кішіпейілділікпен және қарапайымдылықпен қызмет етеміз. Қонақжайлылық танытып, бауырластарымыздың қуаныштары мен қайғыларына ортақ боламыз.
17 Сондай-ақ Римдіктерге 12-тарауда қарсылықтарды қалай қабылдауымыз керектігіне қатысты да көптеген кеңестер берілген. Біз жамандыққа жамандықпен жауап бермеуіміз керек. Қарсылықты қайырымдылық жасау арқылы жеңуге тиіспіз. Мүмкіндігінше, Киелі кітап принциптерін бұзбай, барлық адаммен тату болуымыз қажет. Бұл отбасына, қауымға, бірге жұмыс істейтін және оқитын әрі қызметте кездестіретін адамдарға қатысты. Тіпті ашық қаскөйлікке кезіккенде де, біз кек алу Ехобаның ісі екенін ұмытпай, жамандықты жақсылықпен жеңуге бар күшімізді саламыз.
18. Римдіктерге 12:12-де тағы қандай үш нәрсеге назар аударылған?
18 Римдіктерге 12:12 оқы. Осы дана және пайдалы кеңестермен қоса, Пауыл тағы басқа маңызды үш нәрсеге назар аударды. Жоғарыда айтылғанның бәрін Ехобаның көмегінсіз істей алмайтындықтан, елші бізді ‘Құдайға ұдайы сиынуға’ шақырады. Дұға еткеніміз ‘қиыншылыққа шыдауға’ көмектеседі. Сондай-ақ біз Құдай уәде еткен керемет болашаққа назарымызды тігіп, көктегі не жердегі мәңгі өмірге ‘үміттеніп қуануымыз’ керек.
[Сілтеме]
a Римдіктерге 12:20: “Егер сенің жауың аш болса, оны тамақтандыр; егер шөлдесе, оның шөлін қандыр: өйткені осыларды жасау арқылы оның басына жанып тұрған көмірді үйе бересің”.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Қарсылықты қалай қабылдауымыз керек?
• Қандай салаларда татуластырушы болуға тырысуымыз қажет және қалай?
• Неге кек алмауымыз керек?
[8-беттегі сурет]
Маңайымыздағыларға көмек көрсету арқылы өзіміз туралы жаңсақ пікірді жоққа шығарамыз
[9-беттегі сурет]
Қауымда татуластырушы болуға тырысып жүрсің бе?