14-Тарау
Қандай билікті мойындауың керек?
1, 2. Биліктің барлығы зиян келтіре ме? Түсіндір.
“БИЛІК”. Бұл сөз көп адамда өте жағымсыз сезім тудырады. Мұны түсінуге болады, өйткені жұмыс орнында да, отбасында да, билеуші топтардың арасында да билікті пайдаланып, жиі қиянат етеді ғой. Киелі кітап: “Адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етеді”,— деп тікелей айтады (Екклесиаст 8:9). Иә, көпшілігі басқалардың үстінен қатал әрі өзімшілдікпен үстемдік етеді.
2 Алайда биліктің бәрі бірдей зиян келтірмейді. Мысалы, ағзамыз өзіміздің үстімізден билік етеді деп айтуға болады. Ол тыныс алуға, ас-су ішуге, ұйықтауға “бұйрық береді”. Бұл бізге қысым көрсете ме? Жоқ. Бұл талаптарға бағыну бізге тек пайда әкеледі. Өзіміздің табиғи талаптарымызға ойланбастан бойсұнғанымызбен бізден саналы түрде бойсұнуды талап ететін биліктің түрлері де бар. Кейбір мысалдарды қарастырып көрейік.
ЕҢ ЖОҒАРҒЫ БИЛІК
3. Неліктен Ехоба “Ең Жоғарғы” деп аталуға құқылы?
3 Ехоба Киелі кітапта 300 реттен аса “Ең Жоғарғы” деп аталады. Ең Жоғарғы деген — бәрінен де жоғарғы биліктің иесі. Неге Ехоба мұндай дәрежеге ие болуға құқылы? Бұл сұрақтың жауабы Аян 4:11-де беріледі: “Құдай Иеміз! Сен ұлылық, құрмет пен билікке лайықсың. Өйткені бүкіл әлемді жаратқан Өзіңсің; Сенің еркіңмен ол жаратылды және бола да береді”.
4. Ехоба өз билігін қалай жүзеге асырады?
4 Ехоба — Жаратушы. Демек, ол өз дегенімен билік жүргізуге құқы бар. Құдайдың “құдіреті сонша зор” екенін ескеретін болсақ, қорқыныш тудыруы мүмкін. Ол ‘құдіреті шексіз Құдай’ деп аталады. Бұл тіркес еврей мәтінінде жеңілмес күш деген ойды береді (Ишая 40:26; Жаратылыс 17:1). Дегенмен Ехоба осындай күшін көрсете отырып, қайырымды Құдай болып қалады, өйткені оның басты қасиеті — сүйіспеншілік (Жоханның 1-хаты 4:16).
5. Неге Ехобаның билігіне мойынсұну қиын емес?
5 Ехоба тәубаға келмеген күнәкарларды жазалайтынын ескерткенмен, Мұса Ехобаны “Оны сүйгендер мен парыздарын орындағандар үшін ниеті мен қайырымдылығын сақтайтын, уәделеріне берік Құдай” ретінде таныған (Заңды қайталау 7:9). Ойлап қарашы, әлемдегі ең жоғары биліктің Иесі өзіне қызмет етуге бізді мәжбүрлемейді. Керісінше, бізге Ол сүйіспеншілігімен тартымды (Римдіктерге 2:4; 5:8). Ехобаның билігіне бойсұну қуанышқа бөлейді, өйткені оның заңдары біз үшін тек пайдалы (Забур 18:8, 9).
6. Едем бағында билікке қатысты сұрақ қалай көтерілді және мұның нәтижесі не болды?
6 Біздің түп атамыз бен анамыз Құдайдың билігінен бас тартты. Олар ненің жақсы, ненің жаман екендігін өздері шешуді қалады (Жаратылыс 3:4—6). Мұның нәтижесі олардың жұмақ үйінен қуылуы болды. Кейінірек Ехоба адамдарға кемелсіз болса да, ұйымдасқан қоғамда өмір сүруге мүмкіндік беретін билік орнатуға жол берді. Осындай биліктердің кейбір түрлері қандай және Құдайға ұнамды болу үшін оларға қаншалықты бағынуымыз керек?
‘МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІГІ БАРЛАР’
7. Мемлекеттік билік Құдайдың билігіне қарағанда қандай орынға ие?
7 Елші Пауыл былай деп жазды: “Әрқайсың мемлекеттік билігі барларға бағыныңдар! Себебі мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан”. Пауыл бұл сөздерінде адамдардың орнатқан билігіне көңіл аударды (Римдіктерге 13:1—7; Титке 3:1). Ехоба бұл биліктерді орнатқан жоқ, бірақ олардың құрылуына жол берді. Сондықтан Пауыл былай деп жазған: “Қазіргі билікті де Құдай орнатқан”. Бұл сөздер адамдар орнатқан билік туралы не айтады? Олар Құдайдың билігіне тәуелді немесе одан төмен (Жохан 19:10, 11). Сондықтан адамдардың заңы мен Құдайдың заңы қарама-қайшы келгенде, мәсіхшілер Киелі кітап бойынша тәрбиеленген ар-ұждандарын басшылыққа алулары керек. “Адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдау керек!” (Елшілердің істері 5:29).
8. Билігі барлар бізге қандай пайда әкеледі және оларға мойынсұнатынымызды қалай көрсете аламыз?
8 Алайда мемлекеттік билігі барлар көбінесе ‘біздің мүддеміз үшін Құдайға қызмет етеді’ (Римдіктерге 13:4). Қалайша? Билігі барлардың біз үшін атқаратын қызметі туралы ойланып көрші, мысалы: пошта байланысы, полиция және өрттен қорғау қызметі, су құбыры мен канализация жүйесі, сондай-ақ білім беру саласы. “Сондықтан да алым-салық төлеп тұрыңдар, себебі билік иелері — Құдайдың қызметіндегілер, олар ел басқарумен үздіксіз айналысуда”— деп жазды Пауыл (Римдіктерге 13:6). Алым-салыққа немесе басқа да заңды міндеттерімізге байланысты ‘барлық жағдайда да адал жүруге ұмтылуымыз’ керек (Еврейлерге 13:18).
9, 10. а) Билігі барлар Құдайдың құрылымында қандай рөл атқарады? ә) Неге билігі барларға қарсыласу дұрыс болмас еді?
9 Кейде билігі барлардың билікті теріс пайдаланатыны рас. Бұл бізді оларға бойсұну жауапкершілігінен босата ма? Жоқ. Ехоба олардың әділетсіз іс-әрекеттерін көріп тұр (Нақыл сөздер 15:3). Оның адам билігіне жол беріп, шыдамдылық көрсетуі сыбайлас жемқорлыққа көз жұмып отырғандығын білдірмейді. Сондай-ақ ол бізден де мұны күтпейді. Шын мәнінде, Құдай жақында “барлық патшалықтарды қиратып, талқандайды” да, өзінің әділетті үкіметін орнатады (Даниял 2:44). Ал әзірше билігі барлар қандай да бір шамада пайдасын тигізуде.
10 Пауыл былай деп түсіндірді: “Билікке қарсы шыққандар Құдайдың орнатқан тәртібіне қарсы тұрады” (Римдіктерге 13:2). Мемлекеттік билігі барлар Құдайдың ‘орнатқан тәртібіне’ бағынышты, олар қандай да бір тәртіпті сақтауда, олар болмаса дүниені ретсіздік пен тәртіпсіздік жайлаған болар еді. Мемлекеттік билігі барларға мойынсұнбау — Киелі кітаптың көзқарасына қайшы әрі ақылсыздық. Мысалы, саған ота жасап, кескен жеріңді тігіп қойды делік. Тігілген жіп ағза үшін бөгде зат болғанмен, қандай да бір уақыт белгілі мақсат үшін қызмет атқарады. Егер сен жіпті мезгілінен бұрын алып тастасаң, онда өзіңе зиян келтірген болар едің. Тап солай адамдардың билік етуі Құдайдың бастапқы ниетінің бөлігі болмаған. Әйткенмен, әзірше оның Патшалығы жер бетінде толық билік етпегендіктен, адамдардың билік етуі Құдай берген рөлді орындап, қоғамды қорғап отыр. Сондықтан, ең алдымен, Құдайдың заңы мен билігін мойындағанымызбен, билігі барларға да бойсұнуымыз керек.
ОТБАСЫНДАҒЫ БИЛІК
11. Басшылық принципін қалай түсіндірер едің?
11 Отбасы — адам қоғамының негізі. Отбасында күйеуі мен әйелі тамаша достық қарым-қатынаста бола алады, ал балалары қауіпсіздікте әрі ересек өмірге дайындық ала алады (Нақыл сөздер 5:15—21; Ефестіктерге 6:1—4). Мұндай ғажап құрылымды отбасының барлық мүшелері тыныштықта әрі тату-тәтті тұратындай етіп ұйымдастыру керек. Ехоба бұл құрылымды Қорынттықтарға 1-хат 11:3-те келтірілген мынандай басшылық принципінің көмегімен ұйымдастырады: “Әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай”.
12, 13. Отбасында басшылықты кім қолға алады және Исаның басшылығынан қандай тәлім алуға болады?
12 Күйеу — отбасының басы. Бірақ оның да басы бар, ол — Иса Мәсіх. Пауыл былай деп жазды: “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды!” (Ефестіктерге 5:25). Иса қауымға үнемі қалай қараған болса, күйеуі әйеліне солай қарауымен Мәсіхке бойсұнатындығын көрсетеді (Жоханның 1-хаты 2:6). Исаға үлкен билік берілген, сөйтсе де, ол оны ерекше жұмсақтықпен, сүйіспеншілік және парасаттылықпен қолданады (Матай 20:25—28). Иса жерде өмір сүрген кезінде билігін пайдаланып қиянат еткен емес. Ол ‘жуас, кіші пейіл’ адам болған, әрі ізбасарларын “құл” емес, “достарым” деп атаған. Иса: “Жандарыңды Мен рақатқа бөлеймін!”— деп уәде етті, әрі солай істеді де (Матай 11:28, 29; Жохан 15:15).
13 Исаның үлгісі мәсіхші күйеулер басшылық еткенде, қатыгездік көрсетуге қақысы жоқ екендігін көрсетеді. Керісінше, ол ізет пен жанқияр сүйіспеншілік көрсетуге міндеттейді. Бұл әйелімен қарым-қатынасында мейлі күш көрсету, мейлі сөз арқылы болсын, дөрекілікке мүлдем жол бермейді (Ефестіктерге 4:29, 31, 32; 5:28, 29; Қолостықтарға 3:19). Егер мәсіхші әйеліне жамандық істейтін болса, онда оның басқа жақсы істері бекер болады, әрі дұғасына кедергі болуы мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 13:1—3; Петірдің 1-хаты 3:7).
14, 15. Құдайдың білімі әйелдің күйеуіне мойынсұнуына қалай көмектеседі?
14 Күйеуі Мәсіхтің үлгісіне еліктеген уақытта, оның әйеліне Ефестіктерге 5:22, 23-те жазылған: “Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар; өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы”,— деген сөздерге сай әрекет етуіне оңайырақ болады. Күйеуі Мәсіхке қалай мойынсұнса, әйелі күйеуіне солай мойынсұнуға тиіс. Сондай-ақ Киелі кітап ақылды әйелдер Құдайға ұнамды парасаттылықтары мен еңбекқорлықтары үшін құрмет пен мақтауға лайық екендіктерін анық көрсетеді (Нақыл сөздер 31:10—31).
15 Мәсіхші әйелдің күйеуіне мойынсұнуының шегі бар. Бұл дегеніміз — күйеуіне мойынсұну қандай да бір істе Құдайдың заңына қайшы келетін болса, онда адамды емес, Құдайды көбірек тыңдаған дұрыс. Тіпті мұндай жағдайда да әйелі табандылығын ‘мейірімді де сабырлы жан дүниесімен’ мейлінше жұмсарту керек. Құдай туралы білімнің арқасында жақсы әйел ретінде өзгергендігі айқын көрінуге тиіс (Петірдің 1-хаты 3:1—4). Әйелі сенбейтін мәсіхші ер кісі туралы да осыны айтуға болады. Киелі кітап принциптерін қолданғандығынан оның жақсы күйеу екендігі көріну керек.
16. Иса жасөспірім шағында балаларға қандай үлгі көрсетті?
16 Ефестіктерге 6:1-де балаларға ерекше көңіл аударылады: “Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс”. Мәсіхші балалар Исаның үлгісіне еліктейді: ол ержеткенше ата-анасына мойынсұнған. Тіл алғыш бала ретінде “Исаның ойы да, бойы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта түсті” (Лұқа 2:51, 52).
17. Ата-аналардың өз міндеттерін орындауы балаларына қалай әсер етеді?
17 Балалардың билікке мойынсұнуы не қарсыласуы ата-аналардың өз міндеттеріне қалай қарайтындықтарына байланысты (Нақыл сөздер 22:6). Сондықтан ата-аналар өздеріне мынадай сұрақ қойғандары жөн: мен билігімді қалай қолданамын, қатаң ба, әлде сүйіспеншілікпен бе? Мен тым жұмсақтық жасап жүрген жоқпын ба? Құдайдан қорқатын ата-аналардан сүюші, қамқор, сондай-ақ Құдайға ұнамды принциптерге қатысты берік болады деп күтіледі. Дәл осы туралы Пауыл былай деп жазды: “Ал ата-аналар, балаларыңа шектен тыс ұрыспаңдар [шамасы келмейтін талап қойып, ашуландырмай], керісінше, ақылмен жөн сілтеп, Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеңдер!” (Ефестіктерге 6:4, сілтемені қара; Қолостықтарға 3:21).
18. Ата-аналар балаларын қалай тәрбиелеу керек?
18 Ата-аналар балаларының тіл алғыштығынан қуаныш алғысы келсе, тәлім беру әдістерін тексеріп көрулері керек (Нақыл сөздер 23:24, 25). Киелі кітапта тәрбие беру деген, ең алдымен, өсиет беруді білдіреді (Нақыл сөздер 4:1; 8:33). Өсиет ашумен, дөрекі түрде емес, сүйіспеншілікпен әрі жұмсақ түрде беріледі. Сондықтан мәсіхші ата-аналар балаларын жазалаған уақытта ақылмен әрекет етіп, ұстамды болу керек (Нақыл сөздер 1:7).
ҚАУЫМДАҒЫ БИЛІК
19. Құдай мәсіхшілер қауымында жақсы тәртіптің болуына қандай қам жасаған?
19 Ехоба тәртіптің Құдайы болғандықтан, өзінің халқы үшін сенімді де жақсы ұйымдастырылған басшылықты қарастырып қойған деп ойлау орынды. Иә, ол Исаны мәсіхшілер қауымының Басы етіп тағайындады (Қорынттықтарға 1-хат 14:33, 40; Ефестіктерге 1:20—23). Құдай Мәсіхтің көзге көрінбейтін басшылық құрылымын ендірді, осындай құрылымның арқасында әрбір қауымдағы тағайындалған ақсақалдар қойларды ынта-жігермен, шын көңілден әрі сүйіспеншілікпен бағады (Петірдің 1-хаты 5:2, 3). Оларға қызмет көмекшілері қауымда бағалы қызмет атқаруларымен қолғабыс болуда (Філіпіліктерге 1:1).
20. Неге тағайындалған мәсіхші ақсақалдарға мойынсұнуымыз керек және неге бұл пайдалы?
20 Мәсіхші ақсақалдарға қатысты Пауыл былай деп жазды: “Жетекшілеріңе мойынсұнып, айтқандарын тыңдаңдар. Олар ұдайы рухани өмірлеріңнің қамын жеп, сол қызметтері туралы есеп беруге тиісті. Мұны қинала емес, қуана атқарулары үшін оларға бағыныңдар. Олай етпесеңдер, өздерің зиян көресіңдер” (Еврейлерге 13:17). Құдай өзіне тән даналығымен мәсіхші бақылаушыларға қауымның рухани қажеттіліктерінің қамын ойлауды тапсырды. Бұл ақсақалдар дінбасылар тобын құрмайды. Олар Ұстазымыз Иса Мәсіх сияқты бір сенімдегілердің қажеттіліктерінің қамын ойлайтын Құдайдың қызметшілері мен құлдары (Жохан 10:14, 15). Киелі кітаптың талаптарына сай болған ер кісілердің біздің жетістіктеріміз бен рухани өсуімізге жауапты екендіктерін ескере отырып, олармен қызметтес боламыз, әрі оларға мойынсұнуға талпынамыз (Қорынттықтарға 1-хат 16:16).
21. Тағайындалған мәсіхші ақсақалдар қандай рухани көмек көрсетуге ұмтылуда?
21 Кейде қойлар отардан адасып қалады, я болмаса оларға осы дүниенің қаупі төнуі мүмкін. Басты Бағушының басшылығымен ақсақалдар өздеріне сеніп тапсырылғандардың қажеттіліктеріне көңіл қойып және қойларға жеке зейін қоюға тырысады (Петірдің 1-хаты 5:4). Олар қауым мүшелеріне барып, оларды жігерлендіріп отырады. Ібіліс Құдай халқының арасындағы татулықты бұзуға тырысып бағуда екендігін білгендіктен, ақсақалдар көктен келетін даналықпен түрлі мәселелерді шешуде (Жақып 3:17, 18). Иса ауызбірлік пен сенімдері бірдей мақсат пен пікірде болулары туралы дұға еткен, қауым ақсақалдары осыны сақтауға бар күштерін салуда (Жохан 17:20—22; Қорынттықтарға 1-хат 1:10).
22. Біреу күнә жасап қойса, ақсақалдар қандай көмек көрсетеді?
22 Ал егер мәсіхші қандай да бір себеппен қиналып немесе істеген күнәсі үшін еңсесі түсіп жүрген болса ше? Ақсақалдардың Киелі кітапқа негізделген жұбаныш беретін кеңесі мен шын жүректен айтылған дұғалары оның рухани денсаулығын қалпына келтіруге көмек болады (Жақып 5:13—15). Бұл ер кісілер киелі рухпен тағайындалған, сондай-ақ оларға күнәкар жолмен жүріп, қауымның рухани және құлықтылық тазалығына қауіп төндіретіндердің кез келгеніне түзету шаралары мен сөгіс беру міндеті жүктелген (Елшілердің істері 20:28; Титке 1:9; 2:15). Қауымды таза сақтап қалу үшін, мүмкін, ауыр күнәлар туралы хабарлауға тура келетін болар (Леуіліктер 5:1). Егер ауыр күнә жасаған мәсіхші Киелі кітапқа негізделген түзету шаралары мен сөгістерді қабыл алуымен қатар шын өкінгендігін білдірсе, оған көмек көрсетіледі. Ал қасарысатын, тәубаға келмеген Құдайдың заңын бұзушылар қауымнан шығарылады (Қорынттықтарға 1-хат 5:9—13).
23. Қауым игілігі үшін мәсіхші бақылаушылар не істейді?
23 Киелі кітапта Патша Иса Мәсіхтің билігінің астында рухани толысқан ер кісілер жұбаныш беріп, қорғайды, әрі Құдайдың халқын нығайту үшін тағайындалады деп пайғамбарлық етілген (Ишая 32:1, 2). Олар уағыздаушы, бағушы, оқытушы ретінде, әрі қауымның рухани өсуін қолдаудағы басшылықты өз қолдарына алулары керек (Ефестіктерге 4:11, 12, 16). Мәсіхші бақылаушылар кейде сөгіс беріп, сақтандырып немесе бауырластарға ескерту жасаса да, ақсақалдардың Құдай Сөзіне негізделген дұрыс тәлімдері бәріне өмір жолында қалуға көмектеседі (Нақыл сөздер 3:11, 12; 6:23; Титке 2:1).
ЕХОБАНЫҢ БИЛІККЕ ДЕГЕН КӨЗҚАРАСЫН ҚАБЫЛ АЛ
24. Күнделікті қандай сынаққа кезігеміз?
24 Алғашқы еркек пен әйелдің билікке мойынсұнушылықтары сыналды. Біздің де мұндай сынаққа күнделікті кезігіп отыратынымыз ғажап емес. Шайтан Ібіліс адамдардың арасында бүлікшіл рухты қолдайды (Ефестіктерге 2:2). Тәуелсіздік жолы мойынсұну жолына қарағанда анағұрлым тартымды болып көрінеді.
25. Неге осы дүниенің бүлікшіл рухын қабылдамай, Құдай қолданып отырған, немесе жол беріп отырған үкімет басшыларына мойынсұнған пайдалы?
25 Алайда біз бұл дүниенің бүлікшіл рухын қабылдамауымыз керек. Осылай ете отырып, Құдайға ұнамды мойынсұну үлкен сый әкелетіндігін көреміз. Мысалы, үкімет басшыларымен қақтығысудың нәтижесінде болатын абыржу мен реніштен аулақ боламыз. Біз көптеген отбасыларында дағдыға айналған келіспеушілікті азайтамыз. Сондай-ақ мәсіхшілер арасындағы кең пейілділік пен сүйіспеншілікке толы қарым-қатынастан рақат аламыз. Ал, ең бастысы, Құдайға ұнамды мойынсұну ең жоғары биліктің Иесі Ехобамен қарым-қатынасымызды жақсарта түседі.
БІЛІМІҢДІ ТЕКСЕР
Ехоба өз билігін қалай қолданады?
‘Мемлекеттік билігі барларға’ қалай мойынсұнуымыз керек?
Басшылық принципі отбасының әрбір мүшесіне қандай жауапкершілік жүктейді?
Біз мәсіхшілер қауымында қалай мойынсұнушылық таныта аламыз?
[134-беттегі сурет]
БИЛІККЕ ЗИЯН КЕЛТІРУШІЛЕР ЕМЕС, МОЙЫНСҰНУШЫЛАР
Ехоба Куәгерлері ашық уағыздау қызметін атқара отырып, нағыз бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалайтын адамдар үшін жалғыз үміт Құдай Патшалығы екендігін нұсқайды. Бірақ Құдай Патшалығының белсенді жариялаушылары өздері өмір сүріп жатқан үкіметке еш уақытта зиян келтіріп, беделін түсірмейді. Керісінше, Куәгерлер — ең сыйлы әрі заңға бағынушы азаматтар. “Егер барлық діни топтар Ехоба Куәгерлері сияқты болатын болса, кісі өлтіру, тонаушылық, кәмелетке толмай түрмеге қамалып жатқан қылмыскерлер, сондай-ақ атом бомбалары болмаған болар еді. Адамдарға есіктерін құлыптаудың да қажеті болмас еді”,— дейді Африка елінің бір мемлекет қызметкері.
Осыны бағалай отырып, көптеген елдерде үкімет орындары Куәгерлерге кедергісіз уағыздау жұмыстарын жүргізуге рұқсат береді. Ал басқа елдерде үкімет басшылары Ехоба Куәгерлері адамдардың жақсаруына көмек көрсететінін түсінгендіктен, оларға тыйым салу мен шек қоюды тоқтатты. Елші Пауыл билікке мойынсұну туралы жазғанындай: “Жақсылық істей бер, сонда одан мақтау аласың” (Римдіктерге 13:1, 3).