Исаның көрсеткен үлгісін берік ұстан
“Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп, үлгі көрсеттім” (ЖОХАН 13:15, 16).
1. Иса мәсіхшілер үшін неліктен еліктеуге лайықты үлгі болып табылады?
АДАМЗАТТЫҢ бүкіл тарихында, бір-ақ адам өмір бойы күнәсіз болып өткен. Бұл Иса болатын. Исадан басқа “күнә жасамайтын адам жоқ” (Патшалықтар 3-жазба 8:46; Римдіктерге 3:23). Сол себепті шынайы мәсіхшілер Исаны еліктеуге лайықты кемелді үлгі ретінде қарастырады. Исаның өзі де б. з. 33 жылы 14 нисан күні, өлер алдында, ізбасарларына өзіне еліктеу керектігін айтқан болатын. Ол былай деген: “Мен сендерге қалай қызмет етсем, сендер де солай етсін деп, үлгі көрсеттім” (Жохан 13:15, 16). Сол кеште Иса мәсіхшілердің өзіне қалай еліктеу керектігінің бірнеше жолдарын айтып өткен болатын. Бұл мақалада осылардың кейбірін қарастыратын боламыз.
Кішіпейіл болу қажет
2, 3. Иса кішіпейілділіктің кемелді үлгісін қалай көрсетті?
2 Иса шәкірттерін өзінің үлгісіне еліктеуге талпындырғанда, кішіпейілділікке ерекше көңіл бөлген. Ол бірнеше рет шәкірттеріне момын болуға кеңес берген, сондай-ақ 14 нисан күні кешке олардың аяқтарын жуу арқылы өзінің кішіпейіл екенін көрсетті. Содан кейін Иса былай деді: “Егер Мен Иелерің және Ұстаздарың бола тұра, аяқтарыңды жусам, сендер де бір-біріңе сондай қызмет көрсетуге тиіссіңдер!” (Жохан 13:14). Осылайша ол елшілерін өзі көрсеткен үлгіге еліктеуге шақырды. Кішіпейілділіктің неткен тамаша үлгісі!
3 Елші Пауыл Исаның жерге келмес бұрын “Құдайлық болмысы” болғандығын айтады. Сөйтсе де, ол одан өз еркімен бас тартып, қарапайым адам болды. Бұдан зоры, ол “өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып, өлімге, тіпті айқыштағы [“азап шегу бөренесіндегі”, ЖД] өлімге дейін бойсұнды” (Філіпіліктерге 2:6—8). Осы турасында ой жүгіртіп көрші. Дәрежесі жағынан ғаламдағы екінші тұлға болып табылатын Иса періштелерден төмен болуға, дәрменсіз сәби болып дүниеге келуге, кемелсіз әке-шешеге бағынуға, сондай-ақ, ақыр соңында, жек көрінішті қылмыскер сияқты өлуге келісті (Қолостықтарға 1:15, 16; Еврейлерге 2:6, 7). Неткен кішіпейілділік десеңші! Осы ой-қалыпқа еліктеп, дәл сондай кішіпейілділікті дамыту мүмкін бе? (Філіпіліктерге 2:3—5). Иә, бірақ бұл оңай емес.
4. Қандай нәрселер адамды менмен етеді, бірақ менмендік неге қауіпті?
4 Менмендік кішіпейілділікке қарама-қарсы болып табылады (Нақыл сөздер 6:16—19). Менмендік Шайтанның масқаралықпен күйреуіне әкеліп соқты (Тімотеге 1-хат 3:6). Мұның адам жүрегінде өсіп-дамуы оп-оңай, ал оны жою қиынның қиыны. Адамдардың менмен болу себептері: олардың тұратын елі, нәсілі, білімі, дүние-мүлкі, жетістіктері, қоғамдағы дәрежесі, келбеті, спортқа қабілеттілігі, сондай-ақ көптеген тағы басқа нәрселер. Десе де, бұл нәрселердің ешқайсысы да Ехоба үшін маңызды емес (Қорынттықтарға 1-хат 4:7). Егер осылар менмен болуымызға негіз болса, бұл біздің Ехобамен қарым-қатынасымызға залал келтіреді. “Жаратқан Ие жоғарыда. Ол кішіпейілділерді де көреді, өр көкіректерді де алыстан таниды” (Забур 137:6; Нақыл сөздер 8:13).
Бауырластар арасындағы кішіпейілділік
5. Ақсақалдар үшін кішіпейіл болу неліктен өте маңызды?
5 Тіпті Ехобаның ісіне қосқан үлесіміз бен жетістіктеріміз, сондай-ақ қауымдағы жүктелген жауапкершілігіміз де бізді менмен етпеу керек (Шежірелер 1-жазба 29:14; Тімотеге 1-хат 6:17, 18). Шындығына келгенде, жауапкершілік қаншалықты көп жүктелсе, соншалықты кішіпейіл болуымыз керек. Елші Петір ақсақалдарды ‘Тәңірдің меншікті қауымдарына өктемдік жүргізбей, қайта, рухани “отарға” үлгі-өнеге болуға’ шақырған (Петірдің 1-хаты 5:3). Ақсақалдар билік етіп, өктемдік жүргізу үшін емес, қызмет етіп, үлгі көрсету үшін тағайындалған (Лұқа 22:24—26; Қорынттықтарға 2-хат 1:24).
6. Қандай жағдайларда мәсіхшілерге кішіпейілділік қажет?
6 Кішіпейілділік таныту тек ақсақалдарға ғана қажет емес. Бәлкім, жас бауырлас ойы ұшқыр және өзінен үлкендерге қарағанда мықтырақ болғандықтан, менмендік танытатын шығар, оларға Петір былай жазды: — Ара-қатынастарыңда әрдайым кішіпейілділік танытыңдар! “Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, Ал кіші пейілділерге рақымын шашады” делінген ғой (Петірдің 1-хаты 5:5). Иә, Мәсіхке тән кішіпейілділік таныту барлығына да маңызды. Ізгі хабарды уағыздау үшін де, әсіресе немқұрайдылық танытып не қарсылық көрсетілгенде, кішіпейілділік қажет. Берілген кеңесті қабылдау не уағызға көбірек атсалысу мақсатымен қарапайым өмір кешу үшін де кішіпейілділік қажет. Бұған қоса, жалған мәліметтің, заң тарапынан айыптаудың не қатты қуғын-сүргінге ұшырағанда батылдық әрі сенім көрсету үшін де кішіпейілділік қажет (Петірдің 1-хаты 5:6).
7, 8. Кішіпейілділікті дамытудың кейбір жолдары қандай?
7 Қалай менмендікті жеңіп, ‘кіші пейіл болып, басқаларды өзімізден жоғары қоя’ аламыз? (Філіпіліктерге 2:3). Өзімізге Ехобаның көзқарасымен қарауымыз қажет. Өзімізге дұрыс көзқараспен қарау жайында Иса былай деп түсіндірген: “Сендер де солай, өздеріңе бұйырғандардың бәрін орындағаннан кейін: — Біз небары түкке тұрғысыз малаймыз, міндетімізді ғана атқардық деңдер!” (Лұқа 17:10). Біздің қолымыздан келетін істер Исаның істегендерімен салыстыруға да келмейді. Соған қарамастан Иса кішіпейіл болған.
8 Сонымен қатар өзімізге дұрыс көзқарас дамыту үшін Ехобадан көмек сұрауымызға болады. Біз забур жыршысы сияқты: “Мені үйрете гөр дұрыс түсінік пен білімге, себебі сенемін Сенің өсиеттеріңе”,— деп дұға айтуымызға болады (Забур 118:66). Ехоба өзімізге деген байсалды да байыпты көзқарас дамытуға көмектеседі, әрі кішіпейілділік танытқанымыз үшін батасын береді (Нақыл сөздер 18:12). Иса былай деген: “Себебі өзін-өзі жоғарылатқан әркім төмендетіледі, ал өзін төмен ұстаған жоғарылатылады” (Матай 23:12).
Жақсылық пен жамандыққа деген дұрыс көзқарас
9. Исаның жақсылық пен жамандыққа деген көзқарасы қандай болған?
9 Кемелсіз адамдардың арасында 33 жасқа дейін өмір сүргеніне қарамастан, Иса “ешқашан күнә жасаған жоқ” (Еврейлерге 4:15). Мәсіх туралы пайғамбарлық айтқанда, забур жыршысы: “Әділетсіздікті жек көріп, сүйесің Сен әділдік”,— деген (Забур 44:8; Еврейлерге 1:9). Осы жағынан да мәсіхшілер Исаға еліктеуге тырысады. Олар жақсылық пен жамандықты айырып қана қоймайды; жамандықты жек көреді, ал жақсылықты сүйеді (Амос 5:15). Бұл олардың күнәкар бейімділіктеріне қарсы күресулеріне көмек береді (Жаратылыс 8:21; Римдіктерге 7:21—25).
10. Егер біз күнәмізге өкінбей, “жамандық істесек”, қандай көзқараста екендігімізді көрсетеміз?
10 Иса парызшыл Нікөдемге: “Жамандық істеген әркім Нұрды жек көріп, жасаған істері әшкереленбес үшін Оған жоламайды. Ал шындыққа сай өмір сүретін әркім өз істерінің Құдайдың көмегімен жасалғандығы көрініп тұрсын деп Нұрға шығады”,— деп айтқан (Жохан 3:20, 21). Назар аударшы, Жохан Исаны “әр адамға сәулесін түсіретін шынайы Нұр” деп атаған (Жохан 1:9, 10). Бірақ Иса егер біз ‘жамандық істейтін’, яғни Құдайға жақпайтын бұрыс нәрселерді жасайтын болсақ, нұрды жек көретінімізді айтқан. Исаны және оның нормаларын жек көру дегенді көз алдыңа елестете аласың ба? Десе де, күнәларына өкінбей жүргендер осындай көзқарас танытуда. Бәлкім, олар Исаны және оның нормаларын жек көрмейміз деп ойлайтын шығар, бірақ Исаның олар туралы осындай ойда екендігі айдан анық.
Исаның жақсылық пен жамандыққа деген көзқарасын дамытамыз
11. Исаның жақсы мен жаман нәрсеге қатысты көзқарасын дамытқанымыз неге маңызды?
11 Бізге Ехобаның нені жақсы, нені жаман деп қарайтынын анық түсініп алу қажет. Біз мұны тек Құдай Сөзі Киелі кітапты зерттеу арқылы ғана түсіне аламыз. Осындай зерттеумен айналысқанда, забур жыршысы іспетті: “Уа, Тәңір, маған жолдарыңды көрсетіп, Өзіңнің ақ жолыңмен жүруді үйретші”,— деп дұға айтқан дұрыс (Забур 24:4). Бірақ Шайтанның өтірікші екендігін де есіңде ұста (Қорынттықтарға 2-хат 11:14). Ол сақ жүрмейтін мәсіхшілерге жаман нәрсені жағымды етіп көрсете алады. Сол себепті не үйреніп жүргеніміз жайында терең ой жүгіртіп және ‘адал да ақылды құлдың’ кеңестеріне мұқият болуымыз қажет (Матай 24:45—47, ЖД). Жеке зерттеу, дұға әрі не үйреніп жүргеніміз туралы ой жүгірту біздің рухани өсуімізге, сондай-ақ ‘түйсіну қабілетін жақсы мен жаманды айыруға үйреткендермен’ бірге болуға көмектеседі (Еврейлерге 5:14, ЖД). Сөйтіп, жаман нәрсені жек көруге және жақсы нәрсені сүюге бейім боламыз.
12. Киелі кітаптағы қандай кеңес бізге заңсыз істерді жасамауға көмектеседі?
12 Егер біз жаман нәрсені жек көретін болсақ, жүрегімізде жамандыққа деген құмарлықтың өсіп-дамуына жол бермейміз. Исаның өлімінен көп жыл өткеннен кейін, елші Жохан: “Осы күнәкар дүниені және ондағы еш нәрсені сүймеңдер! Осы дүниені сүйгендердің Әкеге сүйіспеншілігі жоқ. Себебі осы дүниеге тән нәрселердің бәрі: күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы Әкеден емес, осы дүниеден бастау алған”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 2:15, 16).
13, 14. а) Неліктен осы дүниедегі нәрселерді сүю мәсіхшілер үшін қауіпті? ә) Осы дүниедегі нәрселерге сүйіспеншілік дамытудан қалай аулақ жүреміз?
13 Кейбіреулер осы дүниедегінің бәрі жаман емес деп ойлайтын шығар. Сөйтсе де, осы дүние мен оның ләззаты бізді Ехобаға деген қызметімізден оп-оңай бұрып әкете алады. Сондай-ақ осы дүниенің ұсынып отырғандарының ешбірі де бізді Ехобаға жақынырақ ете алмайды. Демек, егер біз осы дүниедегі нәрселерді жақсы көре бастасақ, тіпті олар жаман болып есептелмейтін болса да, алған бағытымыз бәрібір қауіпті болады (Тімотеге 1-хат 6:9, 10). Бұдан басқа, осы дүниедегі нәрселердің көбісі шынымен жаман, сондай-ақ бұзылып кетуімізге ықпал ете алады. Егерде зұлымдыққа, дүниеқұмарлыққа, я болмаса азғындыққа толы фильмдер не теледидар бағдарламаларын көретін болсақ, осының бәріне етіміз үйреніп кетеді де, бізге тұзақ болады. Егер өз өмірін жақсартуды ең басты орынға қоятын не іскерлік жұмыстарын кеңейтуге талпынатын адамдармен қарым-қатынас жасасақ, мұның бәрі біздің өмірімізде де ең басты орын ала бастайды (Матай 6:24; Қорынттықтарға 1-хат 15:33).
14 Ал басқа жағынан, егер Ехобаның Сөзінен рақат табатын болсақ, “күнәкар адамның құмарлықтары, көзінің қомағайлығы, мал-мүлікке мастануы” әсер етіп, тәнті етпейтін болады. Сондай-ақ Құдай Патшалығының мүддесін бірінші орынға қойып жүргендермен қарым-қатынас жасасақ, олар нені жақсы көрсе, соны жақсы көріп және олар неден аулақ жүрсе, содан аулақ жүріп, солар сияқты бола аламыз (Забур 14:4; Нақыл сөздер 13:20).
15. Исамен болған жағдай сияқты әділдікті жақсы көріп, заңсыздықты жек көргеніміз бізді қалай нығайтады?
15 Заңсыздықты жек көру мен әділдікті жақсы көру Исаға ‘күтіп тұрған зор қуанышты’ көз алдында ұстауына көмек берген (Еврейлерге 12:2). Біз де дәл солай ете аламыз. Біз “осы дүние мен оның ләззаты өткінші” екенін білеміз. Осы дүние ұсынып отырғанның бәрі уақытша ғана. Бірақ “Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді” (Жоханның 1-хаты 2:17). Өйткені Иса Құдайдың еркін орындау арқылы адамзаттың мәңгілік өмір сүруіне жол ашты (Жоханның 1-хаты 5:13). Бәріміз де Исаға еліктейік, сонда біз оның мінсіздігін сақтағандығының арқасында мәңгілік өмірге жете аламыз.
Қуғын-сүргінге тап болғанда
16. Неге Иса өз ізбасарларын өзара сүйіспеншілік танытуға шақырған?
16 Иса шәкірттерінің өзіне еліктеулері керек тағы да бір жайтқа нұсқап: “Сендерге айтатын өсиетім мынау: бір-біріңді Менің өздеріңді сүйгенімдей сүйіңдер!” — деген (Жохан 15:12, 13, 17). Мәсіхшілер үшін өз бауырластарын жақсы көрулеріне көптеген себептер бар. Бұл сөздерді айтқанда, Иса ең алдымен олардың осы дүниенің тарапынан жек көрушілікке кезігетіндерін ойында ұстаған. Ол былай деген: “Күнәкар дүние сендерді жек көрсе, оның сендерден бұрын Мені жек көргенін біліңдер... “Құлдың жолы қожайыннан үлкен емес”. Күнәкар адамдар Мені қудаласа, сендерді де қудалайды” (Жохан 15:18, 20). Иә, мәсіхшілер қуғын-сүргінге ұшырағанда да Исаға еліктейді. Сондықтан осындай жек көрушілікке төтеп берулері үшін оларға өзара берік сүйіспеншілік дамытулары қажет.
17. Неліктен бұл дүние шынайы мәсіхшілерді жек көреді?
17 Неге бұл дүние мәсіхшілерді жек көру керек? Себебі олар да Иса іспетті ‘осы дүниелік емес’ (Жохан 17:14, 16). Олар әскери және саяси істерде бейтараптық сақтайды, сондай-ақ олар өмірді құрметтеп, жоғарғы құлықтылық нормаларын ұстанып, Киелі кітаптың нормаларына сай өмір сүреді (Елшілердің істері 15:28, 29; Қорынттықтарға 1-хат 6:9—11). Олар алдарына материалдық емес, рухани мақсаттар қояды. Олар осы дүниеде өмір сүреді, бірақ Пауыл жазып кеткендей, бұл дүниеге ‘тым беріліп кетпейді’ (Қорынттықтарға 1-хат 7:31). Рас, кейбіреулер Ехоба Куәгерлерінің жоғарғы құлықтылық нормаларын ұстанатындықтарына қайран қалып жатады. Бірақ Ехоба Куәгерлері жұрттың көңілінен шығу не таңғалдыру үшін олармен ымыраға келудің жолын іздемейді. Сол себепті басым көпшілік адамдар оларды түсінбейді және жек көреді.
18, 19. Мәсіхшілер Исаның үлгісіне еліктей отырып, қарсылық мен қуғын-сүргінге кезіккенде, өздерін қалай ұстайды?
18 Исаны тұтқындап, өлімге кескенде, шәкірттері бұ дүниенің оны қаншалықты жек көретінінің, сондай-ақ жек көрушілікке кезіккенде, Исаның өзін қалай ұстағанының куәсі болды. Гетсимани бағында Исаның діни қарсыластары оны тұтқындауға келеді де, Петір оны семсерімен құтқаруға тырысады, бірақ Иса Петірге: ‘Семсеріңді қынабына сал! Семсеріне сенген семсерден өлер’,— дейді (Матай 26:52; Лұқа 22:50, 51). Ертеректе исраилдіктер жауларына қарсы семсермен шайқасатын. Алайда енді жағдай басқаша еді. Құдай Патшалығы “бұл дүниелік емес”, әрі қорғайтын ешқандай мемлекеттік шекаралары да болмаған еді (Жохан 18:36). Жуырда Петір рухани халықтың, яғни азаматтығы көкте болатын халықтың, мүшелерінің бірі болмақ еді (Ғалаттықтарға 6:16; Філіпіліктерге 3:20, 21, сілтемені қараңдар). Сол уақыттан бастап Исаның шәкірттері жек көрушілік пен қуғын-сүргінге кезікпек, сол кезде олар да өздерін Иса іспетті батыл ұстаулары, сөйтсе де бейбіт болулары керек-тін. Олар жағдайдың нәтижесін Ехобаның қолына толық тапсырып және төтеп беруге күш беретініне сенім артып, оған арқа сүйеулері керек еді (Лұқа 22:42).
19 Жылдар өте Петір былай деп жазған: “Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек... Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады, азап шеккен кезде де оларды қорқытпады. Қайта, Ол ісін әділ Соттаушыға тапсырды” (Петірдің 1-хаты 2:21—23). Иса ескерткендей, уақыт өте келе мәсіхшілер қатты қуғын-сүргінге тап болды. Бірінші ғасырдағы сияқты қазір де Исаның ізбасарлары оның үлгісіне еліктеуде. Олар адалдықпен төтеп берулерімен жақсы жағынан кеңінен танылып, бейбіт әрі тату жолмен мінсіздіктерін сақтап жүргендерін көрсетуде (Аян 2:9, 10). Жағдай талап етсе, әрқайсысымыз да осылай әрекет етуге бел буайық (Тімотеге 2-хат 3:12).
“Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етіңдер”
20—22. Қалай мәсіхшілер ‘Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етеді’?
20 Пауыл Римдегі қауымға былай деп жазған: “Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етіңдер. Ескі болмыстарыңның күнәкар құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартыңдар!” (Римдіктерге 13:14). Олар кемелсіз болғандарына қарамастан, Қожайындары Исаның қасиеттері мен іс-әрекеттеріне барынша еліктеуге тырысады (Салониқалықтарға 1-хат 1:6).
21 Егер Исаның өмірімен жақсы танысып, әрі дәл сол сияқты өмір сүруге барынша тырыссақ, ‘Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етуде’ табысқа жетеміз. Біз оның кішіпейілділігіне, әділдікті сүйетіндігіне, заңсыздықты жек көретіндігіне, бауырларын сүйгендігіне, осы дүниенің бөлігі болмағанына және сынақтарға шыдамдылықпен төтеп бергеніне еліктейміз. Біз ‘ескі болмысымыздың күнәкар құмарлықтарын қанағаттандыруды ойлаудан бас тартамыз’. Бұл осы дүниелік мақсаттарды бірінші орынға қоймауды, я болмаса тәннің қалауын қанағаттандыруға талпынбауды білдіреді. Мұның орнына, шешім қабылдағанда немесе проблемаларды шешкенде, өзімізден: “Иса не істеген болар еді? Ол менен нені күтер еді?” — деп сұрайық.
22 Сонымен қатар біз Исаның ‘ізгі хабарды уағыздауға’ белсенділік танытқан үлгісіне де еліктейміз (Матай 4:23; Қорынттықтарға 1-хат 15:58). Осындай жолмен де мәсіхшілер Исаның көрсеткен үлгісін ұстанады, сондай-ақ олар осы жағынан Исаға қалай еліктейтінін келесі мақалада қарастыратын боламыз.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
• Неге мәсіхшілердің кішіпейіл болғандары өте маңызды?
• Қалай біз жақсы мен жаманға деген дұрыс көзқарас дамыта аламыз?
• Мәсіхшілер қарсылықтар мен қуғын-сүргінге кезіккенде, Исаға қалай еліктей алады?
• Қалай ‘Иеміз Иса Мәсіхке беріле түсіп, Оны үлгі етуге’ болады?
[18-беттегі сурет]
Иса кішіпейілділіктің кемелді үлгісі
[20-беттегі сурет]
Мәсіхшілердің өмірінің әрбір саласында, уағыздау қызметін қоса алғанда, кішіпейілділік қажет
[21-беттегі сурет]
Шайтан лайықсыз көңіл көтерулерді жағымды етіп көрсете алады
[22-беттегі сурет]
Бауырластарға деген сүйіспеншілігіміз қарсылықтарға төтеп беруіміз үшін нығайтады