Ұмытшақ тыңдаушы болып кетпеңдер
“Құр естіп қана қоймай, іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар” (ЖАҚЫП 1:22).
1. Ертедегі Исраил халқы қандай кереметтерді өз көздерімен көрді?
“ҰМЫТЫЛМАС НӘРСЕ”. Бұл тіркес әсіресе Ехобаның ежелгі Мысырда жасаған кереметтерін суреттеуге өте лайықты. Он жазаның әрқайсысының өзінше әсерлі болғаны сөзсіз. Осы жазалардан кейін Исраил халқы суы қақ жарылған Қызыл теңізден өтіп керемет түрде азат етілді (Заңды қайталау 34:10—12). Егер сендер сол оқиғаларды өз көздеріңмен көргенде осының бәрін істеген Тұлғаны ешқашан ұмытпаған болар едіңдер деген үміттеміз. Алайда Забур жыршысы былай деп жырлаған: “[Исраилдіктер] Мысырда ұлы, Хам жерінде таңғажайып, Қызыл теңізде қорқынышты істер жасаған Құдайды, өздерінің Құтқарушысын, ұмытып кетті” (Забур 105:21, 22, СА).
2. Исраилдіктердің Құдайға деген ризашылықтарының ұзаққа созылмағаны неден көрінеді?
2 Қызыл теңізден өткеннен кейін исраилдіктер ‘Тәңір Иеден қорқып, қастерлеп, Оған... сенді’ (Мысырдан шығу 14:31). Исраилдің ер кісілері Мұсаға қосылып жеңіс жырын айтты, ал Мәриям мен өзге әйелдер даңғыраларда ойнап, би биледі (Мысырдан шығу 15:1, 20). Иә, Құдайдың халқы Ехобаның құдіретті істеріне таң-тамаша болған еді. Бірақ олардың осындай істерді жасаған Тұлғаға деген ризашылықтары ұзаққа созылмады. Көп ұзамай олардың көбісі есінен адасқан адамдай әрекет етті. Олар Ехобаға қарсы күңкіл шығарып, оған наразылықтарын білдірді. Ал кейбіреулері бұтқа табынушылық пен өнегесіздікке салынып кетті (Руларды санау 14:27; 25:1—9).
Ұмытшақ болып кетуіміздің себебі неде?
3. Кемелсіз болғандықтан, біз нені ұмытып кетуіміз мүмкін?
3 Исраилдіктердің неге жақсылықты жылдам ұмытып кеткенін түсіну қиын. Алайда біз де тап солай етуіміз мүмкін. Рас, біз Құдайдың кереметтерін өз көзімізбен көрген жоқпыз. Десе де, Құдаймен қарым-қатынасымыз дами бастаған уақыттан бері біздің рухани өмірімізде ұмытылмас жағдайлардың болғаны сөзсіз. Киелі кітаптағы шындықты қалай қабылдағанымыз кейбіріміздің есімізде болар. Басқа да қуанышты кезеңдерді еске алуға болады, мысалы, өзімізді Ехобаға арнаған кезде айтқан дұғамыз, шынайы мәсіхші ретінде суға шомылдыру рәсімінен өткен кезіміз. Басқа уақытта да көпшілігіміз Ехобаның көмегін сезінгенбіз (Забур 117:15). Ал ең бастысы — Құдайдың жалғыз Ұлы Иса Мәсіхтің құрбан ретінде өлгенінің арқасында біз аман қалуға үміт алдық (Жохан 3:16). Алайда бұрыс қылық жасауға құштарлық пайда болса немесе өмірдің қиыншылықтарына кезіксек, кемелсіз болғандықтан біз Ехобаның жасаған игі істерін оп-оңай ұмытып кетуіміз мүмкін.
4, 5. а) Ұмытшақ тыңдаушы болып кету қаупі жөнінде Жақып қалай ескертті? ә) Жақыптың адам мен айнаға қатысты мысалын қалай қолдануымызға болады?
4 Исаның аналас інісі Жақып бауырластарына жазған хатында ұмытшақ тыңдаушы болудың қаупі жөнінде айтқан болатын. Ол былай деп жазды: “Құдайдың айтқандарын құр естіп қана қоймай, іске асырушы болыңдар! Әйтпесе өздеріңді-өздерің алдайсыңдар. Тәңірдің хабарын естігенмен, іске асырмайтын әркім айнаға қарап, бет әлпетін көрген адамға ұқсайды: Ол өзіне байыппен қарап, былай шыға бере-ақ өз түрін ұмытып қалады” (Жақып 1:22—24). Мұнымен Жақып не дегісі келді екен?
5 Таңертең тұрған соң, әдетте біз сырт көрінісіміздің жөндеу керек жерлерін көру үшін айнаға қараймыз. Бірақ түрлі істерге араласып кеткен соң, айнадан не көргенімізді ойлауды қоямыз. Рухани нәрселерге қатысты да солай болуы мүмкін. Құдай Сөзіне қарап біз өзіміздің қандай екенімізді Ехобаның біздің қандай болғанымызды қалайтындығымен салыстырамыз. Осының нәтижесінде кемшіліктеріміз ап-айқын көрінеді. Кемшіліктерімізді көрген соң, біз өзгеруге талпынуымыз керек. Бірақ күнделікті күйбең тірлік пен жеке проблемаларымызды шешуге кірісіп кеткенде, рухани нәрселер жөнінде ойлауды қоя қоюымыз мүмкін (Матай 5:3; Лұқа 21:34). Мұндай кездерде сүйіспеншілікке толы Құдайдың біз үшін істеген істерін ұмытып кеткендей боламыз. Міне, осындай уақытта күнәлы қылықтарға бой алдырып қоямыз.
6. Қандай Жазба орындары Ехобаның сөзін ұмытпауымызға көмектеседі?
6 Қорынттықтарға арналған бірінші хатында елші Пауыл шөл далада жүрген кездегі исраилдіктердің ұмытшақтығы жөнінде айтқан. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге Пауылдың сөздері пайдалы болған, сол сияқты, оның айтқандары біздің де Ехобаның сөздерін ұмытпауымызға көмектеседі. Сонымен, 1 Қорынттықтарға 10:1—12 тармақтарды қарастырып көрелік.
Осы дүниелік құмарлықтардан бас тартыңдар
7. Не нәрсе Ехобаның исраилдіктерді сүйетіндігінің анық дәлелі болды?
7 Пауылдың исраилдіктер жөнінде жазған нәрселері мәсіхшілер үшін ескерту болып табылады. Өзге нәрселермен қоса, ол былай деп жазды: “Бауырластар, сендерді төмендегілер туралы хабарсыз қалдырғым келмейді: халқымыздың күллі ата-бабалары Мысырдан шыққан кезде нұрлы бұлттың жетелеуімен жүріп, бәрі де теңізден өтіп шығып, Тәңірдің құдіретін көрді. Олардың барлығы да Мұсаның соңынан ергендер ретінде бұлтта және теңізде шомылдыру рәсімінен өткендей болды” (1 Қорынттықтарға 10:1—4). Мұсаның кезінде Исраил халқы Құдайдың зор құдіретінің паш етілуін көрген-ді, сонымен қатар олар өздерін күндіз жол көрсетіп алып жүрген және Қызыл теңіздің ортасымен өтіп қашып кетулеріне көмектескен бағана іспетті бұлтты көрген болатын (Мысырдан шығу 13:21; 14:21, 22). Иә, мұның бәрі исраилдіктер үшін Ехобаның оларды сүйетіндігінің бұлтартпас дәлелі болды.
8. Исраилдіктердің рухани ұмытшақтықтары неге әкеп соқты?
8 “Алайда,— деді әрі қарай Пауыл,— олардың басым көпшілігі Құдайға жақпай, айдалада құрып кетті” (1 Қорынттықтарға 10:5). Өкінішті-ақ! Мысырдан шыққан исраилдіктердің көпшілігі Уәде етілген жерге кіруге лайықсыз болып шықты. Олар сенімсіздіктері үшін Құдайдың қолдауынан айырылып, шөл далада өлім құшты (Еврейлерге 3:16—19). Бұдан біз не нәрсеге үйренеміз? Пауыл: “Осы оқиғалар бізді ата-бабаларымыздай жамандыққа құмар болудан сақтандырып, үлгі болып тұр”,— деген болатын (1 Қорынттықтарға 10:6).
9. Ехоба өзінің халқының қажеттіліктерін қалай қанағаттандырды, ал исраилдіктер мұны қалай қабылдады?
9 Исраилдіктердің шөл далада рухани нәрселерді көзден таса етіп алмаулары үшін қажетті жайттар жеткілікті болатын. Олар Ехобамен келісім жасап, өздерін оған арнаған халық болатын. Оларға діни қызметкерлер және шынайы мінажаттың орталығы болып табылатын киелі шатыр берілген болатын, сондай-ақ оларға арналып Ехобаға құрбандық ұсыну үшін тәртіп орнатылған еді. Осындай рухани сыйларға қуанудың орнына, тәндік қажеттіліктері үшін Құдайдың беріп жатқан нәрселеріне олар нысапсыздық танытқан (Руларды санау 11:4—6).
10. Неге біз Құдайды әрқашан есте үстауымыз керек?
10 Бүгінгі күнгі Ехобаның халқы шөл даладағы исраилдіктердей емес, олар Құдайға ұнамды. Алайда жеке әрқайсымыздың Құдайды әрқашан есте ұстағанымыздың маңызы зор. Бұлай етуіміз рухани көзімізді көмескілейтін жеке бастың қалауларын қанағаттандыруға деген талпыныстардан аулақ болуға көмектеседі. Біз “ұнамсыз қылықтар мен күнәкар дүниелік құмарлықтардан бас тартып, қазіргі заманда байыпты, әділ, әрі Құдайға ұнамды өмір сүруге” белімізді бекем бууымыз керек (Титке 2:12). Арамыздағы бала күнінен мәсіхшілер қауымында болғандар қандай да бір жақсы нәрседен құр қалдық деп ойламаулары керек. Көңілімізге осындай ойлар келер болса, Ехоба жайлы және оның бізге дайындап қойған баталары жайлы ойлағанымыз жөн (Еврейлерге 12:2, 3).
Ехобаға толықтай мойынсұну
11, 12. Қалайша адам мүсінге табынбаса да, жалған тәңірге табынушы болуы мүмкін?
11 Пауыл тағы бір қауіптің бар екенін ескертеді: “Солардың кейбіреулері іспетті жалған тәңірге құлшылық етпеңдер! “Халық жайғасып отырып, құрбандықтан ішіп-жеді; біраздан кейін азғын ойындар ойнау үшін орындарынан тұрды”,— деп жазылған” (1 Қорынттықтарға 10:7). Бұл жерде Пауыл исраилдіктердің Һаронды алтыннан жас бұқаның мүсінін жасауға көндіргені туралы айтқан (Мысырдан шығу 32:1—4). Қайсыбіріміздің ашықтан-ашық пұтқа табынушылыққа салынып кетуіміз екіталай, алайда жеке басымыздың қалауларының Ехобаға жан-тәнімізбен қызмет етуімізге кедергі етуіне жол берер болсақ, жалған тәңірлерге табынушылардың қатарына қосылған болар едік (Қолостықтарға 3:5).
12 Басқа бір жағдайда Пауыл рухани нәрселерден гөрі материалдық нәрселерді көбірек уайымдайтындар жөнінде жазған болатын. Осылайша ‘Мәсіхтің айқыштағы құрбандығына қас болып жүргендер’ жөнінде Пауыл былай деп жазды: “Бұлардың ақыры — тозаққа түсу [“жойылу”, ЖД], құдайлары — өз құлқыны” (Філіпіліктерге 3:18, 19). Олардың жалған тәңірлері мүсін емес, тәндік материалдық заттардың соңына түсу еді. Әрине, тілек-қалауларымыздың бәрін дұрыс емес деуге болмайды. Ехоба бізді белгілі қажеттіліктермен және сан түрлі нәрселерден қанағат алу қабілетімен жаратқан. Алайда қайткен күнде де өз қажеттіліктерін қанағаттандыруды ойлап, оны Ехобамен қарым-қатынасынан жоғары қоятындарды жалған тәңірлерге табынушылар деуге болады (2 Тімотеге 3:1—5).
13. Алтыннан жасалған жас бұқаға қатысты оқиғадан біз не нәрсеге үйренеміз?
13 Мысырдан шыққаннан кейін исраилдіктер табыну үшін алтыннан жас бұқаның мүсінін жасап алды. Осы оқиға жөніндегі әңгімеде жалған тәңірге табынушылыққа салынбау керек екендігі туралы ескертуден басқа тағы бір маңызы зор сабақ бар. Исраилдіктер Ехобаның ап-анық етіп айтқан нұсқауына бой ұсынбады (Мысырдан шығу 20:4—6). Алайда олар Ехобадан Құдайлары ретінде бас тартқысы келмеген еді. Олар жас бұқаның мүсініне арнап құрбандықтар шалып, мұны “Жаратқан Иеге [“Ехобаға”, ЖД] арналған мейрам” деп атады. Исраилдіктер Құдай олардың тілазарлығына көз жұма салады деп өздерін-өздері алдады. Бұнысымен олар Ехобаны қорлап, қатты ашуландырды (Мысырдан шығу 32:5, 7—10; Забур 105:19, 20).
14, 15. а) Неге исраилдіктер ұмытшақ тыңдаушы болып кеткендері үшін ақтала алмады? ә) Ұмытшақ тыңдаушы болмауға белімізді бекем буған болсақ, Ехобаның талаптарына қатысты қалай әрекет етуіміз керек?
14 Әрине, Ехоба Куәгерлерінің бірінің жалған дінмен байланысуы әдеттен тыс нәрсе болған болар еді. Алайда қауымда жүріп-ақ кейбіреулер Ехобаның талаптарына қайшы әрекет етуі мүмкін. Исраилдіктер ұмытшақ тыңдаушыға айналғандары үшін ақтала алмады. Өйткені олар Құдайдың Мұса арқылы: “Күміс, алтыннан тәңір бейнелерін жасап алып, Менімен қосарламаңдар”,— деп бұйырғанын және Он өсиетін естіген болатын (Мысырдан шығу 20:18, 19, 22, 23). Осыған қарамастан, исраилдіктер алтыннан жасалған жас бұқаның мүсініне табынды.
15 Ұмытшақ тыңдаушы болып кетер болсақ, біз де ақтала алмаймыз. Киелі жазбаларда өміріміздің сан алуан салаларына қатысты Құдайдың талаптары бар. Мысалы, Құдай Сөзінде қарыз алып, қайтармай қою тікелей айыпталады (Забур 36:21). Балаларға ата-аналарының тілін алу, ал әкелерге балаларын ‘Иемізбен жүргендерге лайықты тәрбиелеу’ бұйырылған (Ефестіктерге 6:1—4). Әлі некеге тұрмаған мәсіхшілерге тек “Иемізбен тығыз байланыста” жүргендермен отау тігуге кеңес берілген, ал отбасы бар Құдайдың қызметшілеріне былай делінген: “Некеге барлығың да құрметпен қарап, жар төсегін былғамаңдар! Азғындар және неке адалдығын бұзғандар Құдай сотына түспек” (1 Қорынттықтарға 7:39; Еврейлерге 13:4). Ұмытшақ тыңдаушы болмауға белімізді бекем буған болсақ, біз Құдайдың осы және басқа да басшылықтарына барынша байыппен қарап, соларға сәйкес әрекет ететін боламыз.
16. Алтыннан жасалған жас бұқаның мүсініне табынудың ақыры неге әкеп соқты?
16 Исраилдіктердің өз қалауынша ғибадат еткісі келгендерін Ехоба қабылдамады. Үш мың адам жойылды, бәлкім, олар халықтың алтыннан жасалған жас бұқаға табынуына қатты ықпал еткен болса керек. Күнә жасағандардың өзгелерін Ехоба індет жіберіп жазалады (Мысырдан шығу 32:28, 35). Құдай Сөзін оқып, бірақ ондағы нәрселердің қайсысына бой ұсынатынын өздері шешетіндер үшін бұл қандай сабақ десеңші!
“Азғындықтан аулақ болыңдар!”
17. 1 Қорынттықтарға 10:8-де қандай оқиға жөнінде әңгімеленген?
17 Пауылдың айтуынша, тәндік құмарлықтардың нәтижесінде пайда болатын рухани ұмытшақтықтың ақыры мынадай болуы мүмкін: “Кейбіреулері секілді азғындыққа түспейік! Сол кінәлары үшін олардың жиырма үш мыңы бір күнде өлді” (1 Қорынттықтарға 10:8). Бұл жерде Пауыл исраилдіктердің шөл даладағы қырық жылдық жиһан кезулерінің аяғына таман Моаб аңғарында болған оқиға жөнінде айтқан болатын. Осы оқиғадан біраз уақыт бұрын Ехоба исраилдіктерге Иорданның шығысындағы жерлерді жаулап алуына көмектескен еді, бірақ олардың көпшілігі ұмытшақ болып кеткендерін, әрі жақсылықты білмейтіндіктерін көрсетті. Уәде етілген жердің шекарасына келгенде, олар азғындыққа салынып, Бағал-Пеғорға арналған арамдалған мінажатқа бой ұрды. Жиырма төрт мың адам өлім құшты, олардың мыңы бүлік шығарушы болатын (Руларды санау 25:9).
18. Қандай жүріс-тұрыс азғындық жасауға түрткі болуы мүмкін?
18 Бүгінгі күні Ехобаның халқы жоғары құлықтылық нормаларды ұстанатындығымен танымал. Алайда өнегесіз қылыққа азғырылған уақытта кейбір мәсіхшілер Құдай туралы және оның прициптері туралы ойлауды тоқтата қояды. Олар ұмытшақ тыңдаушыға айналады. Ең алдымен азғындыққа бару адамның ойына да келмеуі мүмкін. Мұндай ой порнографиялық нәрселерді көру, әдепсіз қалжыңға жол беру, қылымсу немесе өнегесіз қылықтарға бейім адамдармен араласу сияқты азғырылулардан тууы мүмкін. Осындай нәрселер мәсіхшілердің күнә жасауына түрткі болған (1 Қорынттықтарға 15:33; Жақып 4:4).
19. Киелі кітаптағы қандай өсиет ‘азғындықтан аулақ болуға’ көмектеседі?
19 Өнегесіз қылыққа азғырылар болсақ, Ехоба туралы ойлауды тоқтатуға болмайды. Керісінше, Оның Сөзіндегі “ескертулерге” құлақ асуымыз керек (Забур 118:1, 2, ЖД). Мәсіхшілер ретінде көпшілігіміз ар-ұжданымызды таза сақтауға барынша тырысып бағудамыз, десе де, Құдайдың көз алдында дұрыс нәрсені істеу үздіксіз күш салуды талап етеді (1 Қорынттықтарға 9:27). Римдегі мәсіхшілерге Пауыл былай деп жазды: “Сендердің Құдайға мойынсұнғандықтарың әлемге әйгілі болды. Сондықтан сендер үшін қуаныштымын, әрі жақсылыққа дана, жамандықтан аулақ болуларыңды тілеймін” (Римдіктерге 16:19). Исраилдіктердің жиырма төрт мыңы күнәлы қылықтары үшін өлім жазасына кесілді, сол сияқты, бүгінгі күнгі зинақорларға және басқа заңды бұзушыларға да Ехобаның соты төніп тұр (Ефестіктерге 5:3—6). Сондықтан біз ұмытшақ тыңдаушы болмай, ‘азғындықтан аулақ болуды’ жалғастыра беруіміз керек (1 Қорынттықтарға 6:18).
Ехобаның сыйларын әрқашан бағалаңдар
20. Қалай исраилдіктер Ехобаны сынады және мұның нәтижесі неге әкеп соқты?
20 Мәсіхшілердің басым көпшілігі азғындыққа салынудан аулақ жүреді. Сөйтсе де, біз күңкілдеуді әдет етпеуіміз керек, өйткені мұндай әрекет Құдайға ұнамсыз етеді. Пауыл бізге былай деп ескертеді: “Тағы [исраилдіктердің] кейбіреулеріндей Мәсіхтің [“Ехобаның”, ЖД] төзімділігін еркінсіп сынамайық! Жыландар оларды сол үшін шағып өлтірді. Кейбіреулері сияқты Құдайға қарсы күңкілдей бермеңдер! Соның жазасы ретінде оларды қырып жоюшы періште өлтіріп кетті” (1 Қорынттықтарға 10:9, 10). Исраилдіктер Мұса мен Һаронға — иә, тіпті Құдайдың өзіне — қарсы күңкіл шығарған: олар керемет түрде берілген маннаға наразы екендерін білдірді (Руларды санау 16:41; 21:5). Олардың күңкілі азғындыққа салынып Ехобаны қорлаудан кем болды ма? Киелі кітаптан күңкіл шығарушылардың көбісін жылан шағып өлтіргенін білуге болады (Руларды санау 21:6). Ал бұл оқиғадан сәл ертеректе 14 700-ден астам күңкілшіл адамдардың көзі жойылған болатын (Руларды санау 16:49). Ехобаның сыйларын бағаламай оның төзімділігін сынамалық.
21. а) Пауыл киелі рухтың жетелеуімен қандай өсиет жазып қалдырды? ә) Жақып 1:25-ке сәйкес бізді нағыз бақытқа жеткізетін не нәрсе?
21 Мәсіхшілерге арналған ескертулерін Пауыл мынадай өсиетпен аяқтады: “Солардың бастарынан кешкендері өзгелерге үлгі болып, бізге ескерту ретінде жазылып қалдырылды. Себебі осы заманның соңғы кезеңінде өмір сүрудеміз. Сондықтан сенімімде берікпін деп санайтын әркім күнәға батудан сақ болсын!” (1 Қорынттықтарға 10:11, 12). Исраилдіктер сияқты, біз де Ехобадан көптеген баталар алдық. Алайда біз Ехобаның бізге істеп жатқан игі істерін ұмытып, исраилдіктерге ұқсап кетпеуіміз керек. Өмірдің ауыртпалығы еңсемізді түсіргенде Құдай Сөзіндегі керемет уәделер жөнінде ой жүгіртейік. Ехобамен бағалы қарым-қатынаста екендігімізді үнемі есте ұстап, өзімізге тапсырылған Патшалық туралы уағыздау ісін атқара берелік (Матай 24:14; 28:19, 20). Солай етуіміз бізді нағыз бақытқа жеткізетіні сөзсіз, өйткені Киелі жазбаларда былай уәде етілген: “Ал кім кемелді тағылымға — күнәның құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға — ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес, жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде бақытты болмақ” (Жақып 1:25, сілтемені қара).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Ненің салдарынан біз ұмытшақ тыңдаушыға айналуымыз мүмкін?
• Құдайға толығымен бағынудың маңызы неге зор?
• Қалай біз ‘азғындықтан аулақ бола’ аламыз?
• Ехобаның сыйларын біз қалай қарастыруымыз керек?
[9-беттегі сурет]
Исраилдіктер өздерінің игілігі үшін жасалған Ехобаның құдіретті істерін ұмытып кетті
[10-беттегі сурет]
Ехобаның халқы жоғары құлықтылық нормаларын ұстануға белдерін бекем буған