Ехобаның Сөзі тірі
Қорынттықтарға арналған хаттардағы көңіл бұрарлық ойлар
ЕЛШІ Пауылды Қорынттағы қауымның рухани күйі қатты ойландырады. Ол ондағы бауырластардың арасында келіспеушіліктер болып жатқанын және азғындыққа көз жұмып жүргендерін естиді. Қауымдағылар да кейбір мәселелері туралы Пауылға хат жазып жібереді. Сондықтан да ол шамамен б. з. 55 жылы, Ефес қаласында үшінші миссионерлік сапарда жүргенде, қорынттықтарға алғашқы хатын жазады.
Көп ұзамай жазған оның екінші хаты осы бірінші хатының жалғасы болса керек. Сол кездегі қауымдағы және дүниедегі жағдай біздің күндеріміздегідей болғандықтан, Пауылдың қорынттықтарға жазған екі хатының да біз үшін маңызы зор (Евр. 4:12).
‘САҚ БОЛЫҢДАР, БЕРІК ӘРІ КҮШТІ ТҰРЫҢДАР!’
‘Ауызбірлікті сақтаңдар’,— деді Пауыл (Қор. 1-х. 1:10). Мәсіхшілерге тән қасиеттерді Иса Мәсіхтен басқа ешқандай “негіздің” үстіне салуға болмайды (Қор. 1-х. 3:11—13). Азғындық жасап жүрген қауымдағы адамдарға қатысты Пауыл: “Зұлымдық жасайтынды орталарыңнан шығарыңдар!”— деді (Қор. 1-х. 5:13). Ол “адамның денесі нәпсі үшін емес, Иеміз үшін қызмет етуге тиіс” екенін айтты (Қор. 1-х. 6:13).
Қорынттықтардың өзіне ‘жазғандарына тоқталып’, Пауыл некеге және салт бастылыққа қатысты пайдалы кеңес берді (Қор. 1-х. 7:1). Мәсіхшілердің басшылық принципін, кездесулердегі тәртібін және қайта тірілу міндетті түрде болатынын түсіндіріп болған соң, ол: “Сақ болыңдар, сенімдеріңде берік, ер жүрек, әрі күшті тұрыңдар!”— деді (Қор. 1-х. 16:13).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
5:5 (ЖД). “[Зұлым] адамды ескі тәнін жою үшін шайтанның қолына тапсыру керек. Осылайша рух құтқарылсын”,— деген нені білдіреді? Ауыр күнә жасап, онысына өкінбеген адамды қауымнан шығарғанда, ол қайтадан Шайтан дүниесінің бөлігіне айналады (Жох. 1-х. 5:19). Сондықтан ол Шайтанның қолына тапсырылғандай болады. Мұндай адам қауымнан аластатылғандықтан, қауымға зиянды ықпал еткен нәрселер жойылады және ондағы басым көзқарас, немесе рух, сақталады (Тім. 2-х. 4:22).
7:33, 34. Некедегі еркек не әйел қам жейтін “бұ дүниелік істерге” не жатады? Бұл жерде Пауыл некедегі мәсіхшілердің қам жеуі керек тұрмыстық істер жайлы айтқан. Бұған мәсіхшілер аулақ жүруі керек жаман істер емес, тамақ, киім-кешек және үй шаруасына қатысты істер жатады (Жох. 1-х. 2:15—17).
11:26. Исаның өлімін қанша уақыт сайын және қашанға дейін атап өту керек? Пауыл Исаның өлімін жиі атап өту керектігін айтпаған. Ол майланған мәсіхшілер Еске алу кешінің рәміздерінен жылына бір рет, яғни 14 нисан күні, дәм татып, “[Исаның] құрбандық өлімін жариялай” беру керектігін айтқан. Мұны Иса “қайтып келгенше”, яғни ол оларды көктегі өмірге қайта тірілткенше солай ете берулері керек еді (Сал. 1-х. 4:14—17).
13:13 (Тт). Неге сүйіспеншілік сенім мен үміттен артық? ‘Үміттенгеніміз жүзеге асқанда’ және ‘күмәнданбай’ күткеніміз орындалғанда, әрі қарай сенім мен үміттің қажеті болмай қалады (Евр. 11:1). Ал сүйіспеншілік мәңгі қалады, сондықтан ол олардан артық.
15:29 (ЖД). ‘Өлі болу үшін шомылдыру рәсімінен өту’ деген нені білдіреді? Пауыл мұнда майланған мәсіхшілердің жаңа өмір жолына түсуі жайлы айтқан еді. Бұл өмір олар үшін адалдық сақтап өліп, кейін рухани өмірге қайта тірілуді білдіреді.
Біз үшін сабақ:
1:26—31; 3:3—9; 4:7. Өзімізді емес, кішіпейілділікпен Ехобаны мақтан тұтқанымыз қауымның бірлігіне септігін тигізеді.
2:3—5. Пауыл грек пәлсапасы мен білім орталығы болып табылатын Қорынт қаласында уағыздап жүргенде, тыңдаушыларының көзін жеткізе аламын ба деп уайымдаған болу керек. Алайда ол әлсіздіктің немесе қорқыныштың Құдайдан алған қызметін атқаруға кедергі болуына жол бермеді. Біз де қиын жағдайлардың Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялауға тосқауыл болуына жол бермеуіміз керек. Пауыл сияқты Ехобаның көмек беретініне сенімді бола аламыз.
2:16. ‘Мәсіхтің ой-ниетіне’ ие болу дегенге оның ойлау қалпын білу әрі солай ойлау, сондай-ақ оның қандай тұлға болғанын толығымен түсіну әрі оған еліктеу жатады (Пет. 1-х. 2:21; 4:1). Олай болса, Исаның өмірі мен қызметін мұқият зерттеу өте маңызды.
3:10—15; 4:17. Үйрету мен шәкірт дайындау қабілетімізді тексеріп, оны жақсартуымыз керек (Мат. 28:19, 20). Егер біз жақсы үйрете алмайтын болсақ, оқытқан адамымыз сенім сынағынан өте алмай қалуы мүмкін. Бұдан көретін жан азабымыз күшті болатыны соншалық, “оттан өтіп” құтқарылғандай боламыз.
6:18. ‘Азғындықтан аулақ болу’ деген порни́а (грекше) болып табылатын істерді жасамау дегенді ғана емес, оған түрткі болатын азғын бейнелерді көру, әдепсіз қылықтар, жыныстық қатынасты қиялдау, қылымсу не қырындау сияқты кез келген істен аулақ болуды білдіреді (Мат. 5:28; Жақ. 3:17).
7:29. Ерлі-зайыптылар бір-біріне тым көп көңіл бөліп, Патшалықтың мүддесін өмірлерінде екінші орынға ысырып жіберуден сақ болулары керек.
10:8—11. Исраилдіктер Мұса мен Һаронға қарсы күңкілдеуімен Ехобаны қорлады. Біздің де күңкілдеуді әдетке айналдырудан аулақ болғанымыз жөн.
16:2. Садақаны алдын ала жоспарлап, жүйелі түрде беретін болсақ, Патшалықтың мүддесін үнемі қолдайтын боламыз.
“ТҮЗЕЛЕ БЕРІҢДЕР”
Пауыл Қорынттағы бауырластарға сөгіс алғаннан кейін күнәсіне өкінгендерді ‘кешіріп, жігерлендіру’ керектігін айтқан. Бірінші хаты қапаландырса да, Пауыл олардың “опық жеп қайғырып, теріс жолдан қайта” оралғандары үшін қуанған (Қор. 2-х. 2:6, 7; 7:8, 9).
Қорынттықтарда ‘бәрі ағыл-тегіл мол’ болғандықтан, Пауыл оларды ‘игілікті істі молынан атқаруға’ талпындырған. Қарсыластарына жауап қайтарған соң, ол: “Қош-сау болыңдар! Түзеле беріңдер, жігерленіңдер, бір ниеттес, тату болыңдар!”— деген соңғы кеңесін берді (Қор. 2-х. 8:7; 13:11).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:15, 16. Қай мағынада біз “Мәсіхтің хош иісі іспеттіміз”? Біз Киелі кітапқа құлақ асып, ондағы хабарды жариялағанда, ‘Мәсіхтің хош иісі іспетті’ боламыз. Бұл иіс әділетсіздерге жағымсыз болғанмен, Ехобаға және ақжүректі адамдар үшін жұпар иіс іспетті.
5:16. Қалайша майланған мәсіхшілер ‘ешкімге адам тұрғысынан қарамайды’? Олар адамдарды байлығына, нәсіліне не ұлтына қарап алаламайды. Олар үшін ең маңыздысы — рухани бауырластармен қарым-қатынастары.
11:1, 16; 12:11. Неге Пауыл қорынттықтарға ‘ақымақ болып көрінген’? Пауыл елші екенін ашық түрде қорғап сөйлеуге мәжбүр болған, мұнысы кейбіреулер үшін мақтаншақтық және ақымақтық болып көрінген.
12:1—4. ‘Жұмаққа апарылған’ кім? Киелі кітапта Пауылдан кейін ешкімнің мұндай аян көргені және елші екенін қорғағаны айтылмаған. Соған қарағанда бұл Пауылдың өз басынан өткен жағдайы болса керек. Елші аянда ‘соңғы мерзімдегі’ мәсіхшілер қауымының арасында болатын рухани жұмақты көрген болуы мүмкін (Дан. 12:4).
Біз үшін сабақ:
3:5. Осы тармақтан көрінетіндей, Ехоба мәсіхшілерді қызметке, негізінен, өзінің Сөзі, киелі рухы, ұйымының жердегі бөлігі арқылы қабілетті етеді (Жох. 16:7; Тім. 2-х. 3:16, 17). Сондықтан Киелі кітап пен оған негізделген әдебиеттерді мұқият зерттегеніміз, Құдайдан киелі рух сұрап, табандылықпен дұға еткеніміз, сондай-ақ қауым кездесулеріне үзбей келіп, оған қатысқанымыз жөн (Заб. 1:1—3; Лұқа 11:10—13; Евр. 10:24, 25).
4:16. Ехоба жан дүниемізді ‘күн сайын жаңарта түсуде’. Сондықтан оның рухани шараларының толық пайдасын көруіміз керек. Бұл үшін күн сайын рухани нәрселер жайлы ой жүгіртейік.
4:17, 18. Азаптарымыздың “уақытша” әрі “жеңіл” екенін есте ұстағанымыз қиын сәттерде Ехобаға адал болып қалуға көмектеседі.
5:1—5. Пауыл майланған мәсіхшілердің көктегі өмірге деген үміті жайлы сезімдерін әдемі сөздермен қалай суреттеген десеңші!
10:13. Егер бізді қажеттілік бар жерге арнайы тағайындамаған болса, негізінен, қауымымыз тағайындалған аумақта қызмет етуіміз керек.
13:5. ‘Шынында да сенім жолымен жүрміз бе, жоқ па’, соны тексеру үшін жүріс-тұрысымызды Киелі кітаптан білгендерімізбен салыстыруымыз керек. ‘Әрқайсымыз жеке басымызды сынау’ үшін, ‘түйсіну қабілетіміз’ (ЖД) бен сенімімізді көрсететін істерді қоса алғанда, рухани күйімізге баға беруіміз керек (Евр. 5:14; Жақ. 1:22—25). Пауылдың осы пайдалы кеңесіне құлақ асу арқылы біз шындық жолынан таймай, жүре аламыз.
[26, 27-беттердегі сурет]
“Нан жеп, тостағаннан ішкен сайын” деген сөздер нені білдіреді? (Қор. 1-х. 11:26).