55-САБАҚ
Қауымыңызға тірек болыңыз
Әлем бойынша миллиондаған адам мыңдаған қауымда Ехобаға қуана-қуана ғибадат етіп жатыр. Сол жерде олар құнды нұсқаулар мен басшылықтар алады. Олар қауымдарға барынша қолдау көрсетіп, тірек болуға асық. Сізде де осындай ықылас бар ма?
1. Қауымға тірек болу үшін уақытымыз бен күшімізді қалай жұмсай аламыз?
Қауымға қай-қайсысымыз да тірек бола аламыз. Қалай? Мысалы, қауымыңызда қарт кісілер немесе ауырып жүргендер бар шығар. Олардың қауымға келуіне көмектесе аласыз ба? Немесе оларға азық-түлік апарып бере алатын шығарсыз, я болмаса үй шаруасына көмектесе алатын шығарсыз (Жақып 1:27 оқыңыз). Патшалық сарайын да тазалап, жөндеп тұру үшін көмек қажет болады. Әрине, бұл істерді атқаруға бізді ешкім мәжбүрлемейді. Бірақ біз Құдайды және бауырластарымызды жақсы көргендіктен осы істерге “дайын тұрамыз” (Зәбүр 110:3).
Шомылдыру рәсімінен өткен Куәгерлер үшін қауымға тірек болып, қолдау көрсетудің басқа да жолдары бар. Мысалы, Жазбалардағы талаптарға сай келетін ер бауырластар қызмет көмекшісі, ал уақыт өте келе ақсақал болып қызмет ете алады. Ер бауырластар да, әйел бауырластар да ізашар болып қызмет етіп, қауым үшін көп еңбек сіңіре алады. Кейбір Куәгерлер ғибадат орындарын соғуға қатысып жатса, кейбіреулері көмек қажет қауымдарға ауысып, қолдау көрсетіп жатады.
2. Қаражатымызбен және мүлкімізбен қауымға қалай қолдау көрсете аламыз?
Киелі кітапта: “Ехобаны құрметте құнды нәрселеріңмен”,— делінген (Нақыл сөздер 3:9). Қолдағы құнды нәрселеріміз — біздің қаражатымыз және мүлкіміз. Соларды қауымның және дүниежүзілік уағыз ісінің игілігіне жұмсауды абыройлы іс деп білеміз (Қорынттықтарға 2-хат 9:7 оқыңыз). Біздің жасаған ерікті садақаларымыз табиғи апаттан зардап шеккендерге көмектесу үшін де жұмсалады. Көбісі үнемі садақа жасап тұру үшін қаражаттарының “біразын бөлек алып қояды” (Қорынттықтарға 1-хат 16:2 оқыңыз). Біз қаржымызды ғибадат орындарындағы садақа жәшіктеріне салсақ болады немесе donate.jw.org сайты арқылы онлайн аударсақ болады. Қаражатымыз бен мүлкімізді қауымды қолдау үшін жұмсағанда, біз Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді білдіреміз.
ТЕРЕҢІРЕК ҮҢІЛІҢІЗ
Қауымға қолдау көрсетіп, тірек болудың кейбір жолдарын білейік.
3. Қаржымызды беруге дайынбыз
Ехоба да, Иса да қиналмай қуанып беретіндерді жақсы көреді. Мысалы, Иса қолындағы бар ақшасын садақаға салған бір кедей жесір әйелді мақтаған. Лұқа 21:1—4 оқып, мына сұрақтарды талқылаңыздар:
Ехобаға жағу үшін міндетті түрде көп садақа беруіміз керек пе?
Шын көңілден жасаған садақамызды Ехоба мен Иса қалай қабылдайды?
Садақаларымыздың қалай жұмсалатынын білу үшін БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер. Сосын келесі сұрақты талқылаңыздар:
Садақаларымыз дүниежүзіндегі қауымдардың игілігіне қалай жаратылады?
4. Көмегімізді аямаймыз
Киелі кітап жазылған заманда Ехобаның қызметшілері ғибадат орындарын күтіп ұстау үшін еш аянбаған. Олар ақшалай ғана көмектесіп қоймай, қара күштерін де жұмсаған. Шежірелер 2-жазба 34:9—11 оқып, мына сұрақты талқылаңыздар:
Ехобаның үйін, яғни ғибадат орнын күтіп ұстау үшін әрбір исраилдік қалай өз үлесін қосқан?
Бүгінде Ехоба куәгерлері сол исраилдіктерге қалай еліктеп жүргенін білу үшін БЕЙНЕРОЛИКТІ көріңіздер. Сосын келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
Патшалық сарайымызды таза әрі жақсы күйде ұстағанымыз неліктен маңызды?
Бұл жағынан сіз қалай көмектесе аласыз?
5. Ер бауырластар үшін жауапкершіліктер көп
Киелі жазбалар ер бауырластарды қолдан келгенше қауымға тірек болып, қолдау көрсетуге шақырады. Соның бір мысалын БЕЙНЕРОЛИКТЕН көріңіздер. Сосын төмендегі сұрақты талқылаңыздар:
Райан қауымға көбірек көмектесу үшін не істеді?
Киелі кітапта қызмет көмекшісі я ақсақал болғысы келетін ер бауырластарға қандай талаптар қойылатыны жазылған. Тімөтеге 1-хат 3:1—13 оқып, келесі сұрақтарды талқылаңыздар:
Қызмет көмекшісі және ақсақал болғысы келетін ер бауырластар қандай талаптарға сай келу керек?
Олардың отбасынан не талап етіледі? (4, 11-тармақтарды қараңыз).
Ер бауырластар осы талаптарға сай келуге бар күшін салса, қауымдағылар бұның қандай пайдасын көреді?
БІРЕУ СҰРАСА: “Ехоба куәгерлерінің ұйымы ақшаны қайдан алады?”
Сіз қалай жауап берер едіңіз?
ТҮЙІНДЕМЕ
Уақытымызды, күшіміз бен қаражатымызды қауымды қолдау үшін жұмсағанымызды Ехоба қатты бағалайды.
Қайталау
Қауымға тірек болу үшін уақытымыз бен күшімізді қалай жұмсай аламыз?
Қаражатымызбен және мүлкімізбен қауымды қалай қолдай аламыз?
Сіз қауымға қай жағынан қолдау көрсеткіңіз келер еді?
ҚОСЫМША ІЗДЕНІҢІЗ
Неге Құдай өз қызметшілерінен кірістің оннан бір бөлігін беруді талап етпейтінін оқып көріңіз.
“Оннан бір бөлік жайында Киелі кітапта не айтылған?” (jw.org сайтындағы мақала (ор.)
Киелі кітап бойынша, шомылдыру рәсімінен өткен ер адамдарға кейбір міндеттер жүктеледі. Ал егер оны шомылдыру рәсімінен өткен әйел адамға атқаруға тура келсе ше?
“Қауымдағы басшылық принципі” (“Күзет мұнарасы”, ақпан, 2021)
Бауырластарға әдебиеттерді жеткізу үшін үлкен құрбандықтарға барып жүрген қайсар Куәгерлермен танысыңыз.
“Әдебиеттер Конгоның бұрыш-бұрышына қалай жеткізіледі?” (4:25)
Біздің іс-шараларымыз басқа діни ұйымдардан мүлдем өзгеше қаржыландырылады.
“Ехоба куәгерлерінің ісі қалай қаржыландырылады?” (jw.org сайтындағы мақала)