Үйренгендеріңді іске асырыңдар
“Менен үйреніп, қабылдаған тәлімді, әрі өмірімнен көріп, естігендеріңді іске асыра беріңдер! Сонда тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 4:9).
1, 2. Өздерін діндар адамдардың қатарына жатқызатындардың өміріне Киелі кітап әсер ете ме? Түсіндіріңдер.
“АДАМДАР діндар болып барады, бірақ құлықтылық құлдырауда”. Құрама Штаттарда жүргізілген сауал-сұрауды бір ақпараттық бюллетеньдегі тақырыпша осылай қорытындылаған еді (Emerging Trends). Бұл елде шіркеуге баратын, дін өмірімізде маңызды орын алады дейтін адамдардың саны көбейіп кетсе керек. Алайда аталмыш бюллетеньде айтылғандай, “[сенушілердің] саны көбейгеніне қарамастан, американдықтардың көбісі діннің адамдардың жеке өміріне де, жалпы қоғамға да әсер ететініне күмәнданады”.
2 Бұл бір елге ғана тән жағдай емес. Дүние жүзі бойынша көптеген адамдар өздерін діндар адамдардың қатарына жатқызып, Киелі кітапта жазылғандармен келісетінін айтады. Сөйте тұра, Киелі жазбалар өмірлеріне әсер ету үшін еш нәрсе істемейді (2 Тімотеге 3:5). Бір зерттеушілер тобының жетекшісі: “Киелі кітапты жұрт әлі де қатты сыйлайды, бірақ оны оқу, зерттеу мен [ондағы мәліметті] іс жүзінде қолдану — өткеннің ісі”,— деп ескерді.
3. а) Шынайы мәсіхшілердің қатарына қосылғандарға Киелі кітап қалай әсер етеді? ә) Қалай Исаның ізбасарлары Пауылдың Філіпіліктерге 4:9-да жазған кеңесіне құлақ асады?
3 Алайда шынайы мәсіхшілер жөнінде олай деуге болмайды. Құдай Сөзіндегі кеңестерді қолданудың арқасында олар ой-қалпы мен мінез-құлықтарын өзгерткен. Олардың жаңа болмысқа ие болғандары өзгелерге бірден байқалады (Қолостықтарға 3:5—10). Исаның ізбасарларының Киелі кітаптары шаң басып сөреде жатпайды. Елші Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерге мынадай кеңес берген: “Менен үйреніп, қабылдаған тәлімді, әрі өмірімнен көріп, естігендеріңді іске асыра беріңдер! Сонда тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады” (Філіпіліктерге 4:9). Мәсіхшілер Құдай Сөзіндегі шындықты қабылдап қана қоймайды, олар Киелі кітаптың кеңестерін отбасында, жұмыс орнында, қауымда, сондай-ақ өмірлерінің басқа да салаларында қолданып, білгендеріне сәйкес әрекет етеді.
4. Неге Құдайдың заңдарын қолдану оңай емес?
4 Құдайдың заңдары мен принциптерін іс жүзінде қолдану оңай нәрсе емес. Біз Киелі кітапта “осы күнәкар дүниенің “тәңірі” деп аталатын Шайтан Ібіліс билік етіп отырған дүниеде өмір сүріп жатырмыз (2 Қорынттықтарға 4:4; 1 Жохан 5:19). Сондықтан Ехобаның көз алдында таза болуымызға кедергі болатын нәрселердің бәрінен аулақ болуымыз керек. Мұны қалай жүзеге асыруға болады?
‘Дұрыс ілімнің үлгісін’ берік ұстаныңдар
5. Исаның “үнемі менің жолыммен жүрсін” деген сөздері нені білдіреді?
5 Егер біз білгендерімізді іс жүзінде қолданар болсақ, шындықты қабылдамайтындардың қарсылықтарына қарамастан, шынайы ғибадатты адал қорғайтын боламыз. Бұл үшін төзімділік қажет, ал төзімді болу күш салуды талап етеді. Иса: “Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып [“үнемі”, ЖД] Менің жолыммен жүрсін!” — деген (Матай 16:24). Иса біздің оның жолымен бір апта, бір ай немесе бір жыл ғана жүру керек екендігіміз жөнінде айтпаған. Керісінше: “Үнемі менің жолыммен жүрсін!” — деген. Исаның сөздері оның шәкірті болу деген уақытша, бүгін не ертең ғана, діндарсуды білдірмейтіндігін көрсетеді. Шынайы ғибадатты адал қорғау — қалай болған күнде де таңдаған жолымыздан таймауды білдіреді. Қалайша таңдаған жолымыздан таймауымызға болады?
6. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің Пауылдан үйренген дұрыс ілімнің үлгісі деген не?
6 Елші Пауыл қызметтесі Тімотені: “Менен естігендеріңді дұрыс ілімнің үлгісі ретінде Иса Мәсіхке деген сеніммен және сүйіспеншілікпен берік ұстан!” — деп шақырған (2 Тімотеге 1:13). Мұнымен Пауыл не айтқысы келген? Мұндағы ‘үлгі’ деп аударылған грек сөзінің сөзбе-сөз мағынасы суретшінің алғашқы нұсқасын білдіреді. Мұндай суретке әлі де көп нәрселер жетіспейді, бірақ әдетте оның анық нобайы болады, сондықтан қырағы адам суреттің жалпы көрінісін анықтай алады. Сол іспетті Тімоте мен басқаларға Пауыл үйреткен шындықтың нұсқасы тууы мүмкін сұрақтардың бәріне жауап бермейтін. Сол ілімдердің жиынтығы алғашқы нұсқа сияқты нақты емес, жалпы басшылық береді, бірақ ниеті таза адамдарға Ехобаның не талап ететінін түсіну үшін осының өзі жеткілікті. Сөйтсе де Құдайға ұнамды болу үшін, әрине олар оқып білгендерін іс жүзінде қолданып, дұрыс ілімнің үлгісін ұстанулары керек.
7. Қалай мәсіхшілер дұрыс ілімнің үлгісін ұстанады?
7 Бірінші ғасырда Хименей, Ескендір, Філет сияқты адамдар ‘дұрыс ілімнің үлгісіне’ қайшы келетін ілімдерді жақтайтын (1 Тімотеге 1:18—20; 2 Тімотеге 2:16, 17). Қалай ертедегі мәсіхшілердің жолдан таюшылардың ықпалынан аулақ болуларына болар еді? Киелі жазбаларды мұқият зерттеу және өмірлерінде қолдану арқылы. Пауылдан және басқа да адал мәсіхшілерден көрген үлгіге сай әрекет ететіндер өздері үйренген дұрыс ілімнің үлгісін ажыратып, ал оған қайшы келетіндерінен бас тарта алатын (Філіпіліктерге 3:17; Еврейлерге 5:14). Олар ‘сөздер туралы айтыс-тартысқа деген зиянды құмарлықпен ауыратындарға’ қосылмай, қайта, Құдайға шын берілгендік таныту жолынан таймаған (1 Тімотеге 6:3—6). Өзіміз білген нәрселерді іс жүзінде қолданғанда, біз де солай етеміз. Дүние жүзі бойынша Ехобаға қызмет етіп жүрген миллиондаған адамдардың өздері білген Киелі кітаптағы дұрыс ілімді берік ұстанып жүргені қалайша сенімімізді нығайтады десеңші! (1 Салониқалықтарға 1:2—5).
‘Бос аңыздардан’ аулақ болыңдар
8. а) Қалайша Шайтан біздің сенімімізді шайқалтқысы келеді? ә) Пауыл 2 Тімотеге 4:3, 4-тармақтарда нені ескерткен?
8 Шайтан үйренген нәрсеміздің дұрыстығына қатысты көңілімізге күмән сеуіп, тура жолдан тайдырғысы келеді. Бірінші ғасырдағыдай қазір де жолдан тайғандар мен өзгелер аңғал бауырластардың сенімдерін шайқалтудың жолын іздейді (Ғалаттықтарға 2:4; 5:7, 8). Кейде олар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Ехобаның қызметкерлеріне және олардың қандай мақсатты көздейтіндеріне қатысты бұрмаланған немесе анық жалған мәлімет таратады. Кейбіреулердің шындық жолынан бас тартатынын Пауыл о баста айтып кеткен. Ол былай деп жазды: “Адамдар дұрыс тәлімді еш қабылдамайтын уақыт та туады. Олар жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп, құлақтарына жағатындарды айтатын мұғалімдерді көптеп шақырып, соларды тыңдайтын болады. Сөйтіп шындыққа құлақ салмай, бос аңыздарға назар аудармақ” (2 Тімотеге 4:3, 4).
9. Пауыл “бос аңыз” туралы айтқанда не дегісі келген?
9 Кейбіреулер дұрыс ілімнің үлгісін ұстанудың орнына “бос аңыздарға” елігіп кеткен. Ол қандай ‘бос аңыздар’? Сірә, Пауыл Киелі кітап канонына енбейтін Товиттің кітабындағыдай адам сенбейтін аңыздар туралы айтса керекa. Сондай-ақ аңыздарға ел естімеген тосын хабар мен лақап сөз де жататын. Ал өзге біреулер “жеке құмарлықтарының жетегінде кетіп”, Құдайдың нормаларына үстіртін қарайтындардың немесе қауым жетекшілерін сынап-мінейтіндердің ықпалына түсулері мүмкін (3 Жохан 9, 10; Яһуда 4). Не нәрсе кедергі болса да, кейбіреулердің Құдай Сөзіндегі шындықтан гөрі ойдан шығарылған нәрселерге сенуді дұрыс көргендері анық. Көп ұзамай олар білгендерін іс жүзінде қолдануды қойып, өздеріне рухани жағынан нұқсан келтірген (2 Петір 3:15, 16).
10. Бүгінде қандай бос аңыздар бар және Жохан абай болуымыз керек екендігін қалай көрсетті?
10 Егер не оқып, не тыңдау керектігін мұқият таңдар болсақ, қазіргі күнгі бос аңыздардың ықпалынан сақ боламыз. Мысалы, бұқаралық ақпарат құралдарында жиі әдепсіз жыныстық қатынас насихатталады. Көп адамдар агностиканы немесе тіпті атеизмді жақтайды. Киелі кітап сыншылары Киелі жазбалар Құдай рухының жетелеуімен жазылған деген ойды мазақ етеді. Ал бүгіндегі жолдан таюшылар мәсіхшілердің көңілдеріне күмән себу үшін қайтпастан түрлі әрекеттер істеуде. Бірінші ғасырда жалған пайғамбарлардан туған осыған ұқсас қауіп жөнінде елші Жохан: “Сүйікті бауырластарым, кез келген рухтарға сене бермеңдер, олар Құдайдан келген бе, жоқ па — алдымен соны анықтаңдар! Өйткені көптеген жалған пайғамбарлар жер жүзіне тарады”,— деп ескерткен (1 Жохан 4:1). Сондықтан абай болуымыз керек.
11. Сенім жолымен жүрген-жүрмегенімізді тексерудің бір жолы қандай?
11 Осыған қатысты Пауыл: “Шынында да сенім жолымен жүрсіңдер ме, жоқ па, соларыңды тексеріңдер”,— деп жазған (2 Қорынттықтарға 13:5). Осы сөздерімен елші мәсіхшілердің ілімін толықтай ұстанып жүрген-жүрмегенімізді анықтау үшін өзімізді тексеруге шақырады. Егер біз үнемі ештеңе жақпайтын адамдардың сөздеріне құлақ салуға бейім болсақ, дұға етіп, өз-өзімізге үңіле қарағанымыз дұрыс (Забур 138:23, 24). Ехобаның халқынан кемшілік іздейміз бе? Іздейтін болсақ, неге олай етеміз? Біреулердің сөздері мен әрекеттерін лезде көңілімізге аламыз ба? Солай етер болсақ, болған жағдайды дұрыс бағалай аламыз ба? Осы дүниедегі басымызға түсіп жатқан қиыншылықтардың барлығы өткінші (2 Қорынттықтарға 4:17). Тіпті қауымның өзінде қиыншылықтарға кезігіп жүрген болсақ та, сол үшін Құдайға қызмет етуді доғаруымыз керек пе? Егер бізді әлдебір нәрсе толғантып жүрген болса, проблеманы шешу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп, сосын Ехобаға арқа сүйегеніміз дұрыс емес пе? (Забур 4:5; Нақыл сөздер 3:5, 6; Ефестіктерге 4:26).
12. Не нәрседе береялықтар бізге жақсы үлгі қалдырған?
12 Сыншыл болудан аулақ болып, жеке зерттеу барысында және қауым кездесулерінде білгендерімізге қатысты рухани дұрыс көзқараста болайық (1 Қорынттықтарға 2:14, 15). Ал Құдай Сөзіне күмән келтірудің орнына, бірінші ғасырдағы Жазбаларды мұқият зерттеген береялықтарға ұқсағанымыз қандай даналық болар еді! (Елшілердің істері 17:10, 11). Сондықтан бос аңыздардан аулақ болып, шындықты берік ұстану арқылы оқып білгенімізді іс жүзінде қолдана берейік.
13. Қалай өзіміз аңдамай лақап сөздің таралуына атсалысып кетуіміз мүмкін?
13 Абай болуымыз керек бос аңыздардың тағы бір түрі бар: электронды пошта арқылы жіберілетін ел естімеген тосын ақпарат. Мұндай ақпараттарға қатысты абай болған абзал, әсіресе оның қайдан бастау алғанын білмейтін болсақ. Тіпті сондай ақпарат беделді бауырластан келген болса да, сірә, ол болған жайтты не суреттелген оқиғаны өз көзімен көрмесе керек. Сондықтан растығы тексерілмеген оқиғаны таратудан абай болған жөн. Әрине, біз ‘бос аңыздарды’ немесе “Құдайға ұнамсыз аңыздарды” қайталағымыз келмейді (1 Тімотеге 4:7; New International Version). Біздің міндетіміз — бір-бірімізге шындықты айту. Сондықтан, мейлі өзіміз аңдамай болсын, лақап сөздің таралуына атсалысып кетуіміз мүмкін істерден аулақ болған дұрыс (Ефестіктерге 4:25).
Шындықты қолданғанның пайдасы
14. Құдай Сөзінен білгендерімізді іс жүзінде қолданғанымыздың қандай пайдасы бар?
14 Жеке зерттеу мен қауым кездесулерінде білгендерімізді іс жүзінде қолданғанның пайдасы зор. Мысалы, ‘сенімі бір бауырластарымызбен’ қарым-қатынасымыз жақсара түскенін байқаймыз (Ғалаттықтарға 6:10). Киелі кітаптағы принциптерді қолданғанның арқасында анағұрлым жайдары боламыз (Забур 18:9). Сонымен қатар білген нәрселерімізді іс жүзінде қолдану арқылы ‘Құдайдың ілімін көркейтеміз’, әрі соның арқасында өзгелерді шындық жолы қызықтыруы да мүмкін (Титке 2:6—10).
15. а) Қалай бір жас қыз мектепте куәлік ету үшін батылдық танытқан? ә) Осы мысалдан сендер не нәрсеге үйрендіңдер?
15 Ехоба Куәгерлерінің арасында Киелі кітапты жеке зерттеу, мәсіхшілердің басылымдарын оқу және қауым кездесулеріне үзбей қатысу арқылы білгендерін іс жүзінде қолданатын жастар көп. Олар жүріс-тұрыстары мен тәртіптерінің мінсіздігімен мұғалімдері мен сыныптастарына жақсы үлгі көрсетуде (1 Петір 2:12). Құрама Штаттарда тұратын 13 жасар Леслимен болған жағдайды қарастырып көрейікші. Өзі мойындағандай, бұрын оған сыныптастарымен сенімі жөнінде сөйлесу қиын болған екен. Бірақ бір оқиға жағдайды түбегейлі өзгертіпті. Ол былай деп әңгімеледі: “Біз сабақта сатушылардың қояр да қоймай заттарын алғызуға тырысатыны туралы әңгімелесіп жатқанбыз. Бір қыз қолын көтерді де, мысал ретінде Ехоба Куәгерлерін келтірді”. Леслиге бұл қалай әсер етті екен, өйткені ол да Ехоба Куәгері ғой? Ол әңгімесін былай деп жалғады: “Мен өз дінімді қорғадым. Менің бұлай еткенім барлығын қайран қалдырса керек, өйткені әдетте мектепте мен қойдан жуас болатынмын”. Оның батылдық танытқанының нәтижесі қандай болды екен? “Мен жаңағы қызға брошюра мен трактат бердім, өйткені оның сұрақтары бар-тын”,— дейді Лесли. Алған білімдерін іс жүзінде қолданып, мектепте куәлік ету үшін, батылдық танытып жүрген жастар Ехобаны қалайша қуанышқа бөлейді десеңші! (Нақыл сөздер 27:11; Еврейлерге 6:10).
16. Қалай бір жас Куәгер қыз Теократиялық қызмет мектебінің пайдасын көрген?
16 Енді Элизабетпен болған жағдайды қарастырайық. Жеті жасынан бастап, мектепте оқыған уақытының барлығында Элизабет Теократиялық қызмет мектебінде тапсырмасы болған сайын мұғалімдерін Патшалық Сарайына шақыратын. Егер мұғалімдерінің бірі келе алмай қалса, сабақтан кейін қалып, оған өзінің тапсырмасын орындап беретін. Элизабет соңғы сыныпта оқып жүргенде, Теократиялық қызмет мектебінің пайдасы туралы он беттік баяндама жасап, төрт мұғалімнен тұратын коммисияның алдында оқып береді. Сондай-ақ олар Теократиялық қызмет мектебінің қалай өтетінін көрсетіп беруді өтінгенде, Элизабет “Неге Құдай қайғы-қасіретке жол беруде?” деген тақырыпты таңдап алады. Элизабет Ехоба Куәгерлерінің Теократиялық қызмет мектебі арқылы өткізетін ағарту бағдарламасының пайдасын көрген. Бұл — жастардың Құдай Сөзінен білгендерін іс жүзінде қолданып, Ехобаны мадақтап жүргендерін көрсететін бір ғана мысал.
17, 18. а) Киелі кітапта адалдық туралы не айтылған? ә) Бір кісіге Ехоба Куәгерлерінің адалдығы қалай әсер еткен?
17 Киелі кітап мәсіхшілерді барлық жағдайда адал жүруге шақырады (Еврейлерге 13:18). Арамдық өзгелермен, ал ең маңыздысы Ехобамен қарым-қатынасымызды бұзады (Нақыл сөздер 12:22). Сонымен қатар адалдықпен әрекет ету білгендерімізді іс жүзінде қолданатындығымыздың дәлелі болып табылады. Сондай-ақ соның арқасында өзгелер Ехоба Куәгерлерін сыйлай түседі.
18 Филип деген әскери адаммен мынадай оқиға болды. Ол қол қойылған, бірақ толтырылмаған чегін жоғалтып алады да, мұнысын біреу пошта арқылы салып жібермейінше білмейді. Чекті тауып алған Ехоба Куәгерлері болып шығады. Ол чекке қоса құнды қағазды қайтарып беруге талпындырған діни сенімі екендігі жөнінде қысқаша хат жазып жібереді. Филип қайран қалады. Ол: “Менің тоғыз мың долларымды тонап кетуге болар еді!” — дейді. Бір кездері шіркеуде оның бас киімін ұрлап кетіп, ол бұған ренжіген болатын. Сірә, мұны істеген өзінің таныстарының бірі болса керек. Ал енді болса, бейтаныс біреу бірнеше мың долларды иемденіп кетуге болатын чекті қайтарып беріп отыр. Расында да адал мәсіхшілер іс-әрекеттерімен Ехоба Құдайды мадақтайды.
Білгендеріңді іс жүзінде қолдана беріңдер
19, 20. Құдай Сөзінен білген шындықты іс жүзінде қолданудың біз үшін қандай пайдасы бар?
19 Құдай Сөзінен білгендерін іс жүзінде қолданатындар мұның көп пайдасын көреді. Шәкірт Жақып былай деп жазған: “Кім кемелді тағылымға — күнәның құрсауынан азат ететін Ізгі хабарға — ұқыпты ден қойып, онысын ұдайы жалғастыра берсе, сол ұмытшақ тыңдаушы емес, жүзеге асырушы болып, іс-әрекетінде жарылқанбақ” (Жақып 1:25). Иә, егер өзіміз оқып біліп жүрген Жазбалардағы шындыққа сай әрекет етер болсақ, нағыз бақытқа бөленеміз, әрі өмірдің ауыртпалықтарын көтеру де жеңілірек болады. Ал ең бастысы, Ехобаның батасына және мәңгі өмір сүру мүмкіндігіне ие боламыз! (Нақыл сөздер 10:22; 1 Тімотеге 6:6).
20 Сондықтан бұдан былай да Құдай Сөзін мұқият зерттей беріңдер. Ехобаға ғибадат ететіндермен үнемі бас қосып, мәсіхшілердің кездесулерінде мұқият зер салып тыңдаңдар. Күн санап білгендеріңді іс жүзінде қолдана беріңдер, сонда “тыныштықтың қайнар көзі — Құдай сендерге жар болады” (Філіпіліктерге 4:9).
[Сілтеме]
a Товия деген яһуди туралы ырымшылдыққа толы Товит кітабы б. з. ІІІ ғасырында жазылған болса керек. Кітапта Товияның керемет үлкен балықтың жүрегін, өті мен бауырын қолдану арқылы ауруларды сауықтырып, жындарды қуғаны әңгімеленеді.
Естеріңде ме?
• “Дұрыс ілімнің үлгісі” деген не және қалай біз оны ұстана аламыз?
• Қандай “бос аңыздардан” аулақ болуымыз керек?
• Құдай Сөзінен білгендерімізді қолданғанымыздың біз үшін қандай пайдасы бар?
[15-беттегі сурет]
Бірінші ғасырдағы мәсіхшілердің жолдан таюшылардан қалай аулақ болуларына болар еді?
[16-беттегі суреттер]
Бұқаралық ақпарат құралдары, интернет және жолдан таюшылар арқылы көңілде күмән тууы мүмкін
[17-беттегі сурет]
Тексерілмеген ақпаратты таратпаған абзал
[18-беттегі суреттер]
Жұмыс орнында, мектепте және кез келген басқа жерлерде Ехоба Куәгерлері Құдай Сөзінен оқығандарын іс жүзінде қолданады