Ехоба сені нағыз азаттыққа жеткізсін
“Азаттыққа жеткізетін кемелді заңға үңіле қара” (ЖАҚ. 1:25).
ТҮСІНДІРІП БЕРЕ АЛАСЫҢ БА?
Қандай заң нағыз азаттыққа жеткізеді және бұл заңның игілігін кімдер көруде?
Нағыз азаттықтың сыры неде?
Құдайға мойынсұнатындардың бәрін қандай азаттық күтіп тұр?
1, 2. а) Бүгінде адамдарды еркін деуге бола ма? Түсіндір. ә) Ехобаның қызметшілері қандай бостандыққа жетуге үміттенеді?
БҮГІНДЕ біз ашкөздік, қатыгездік пен заңсыздық жайлаған дүниеде өмір сүріп жатырмыз (Тім. 2-х. 3:1—5). Сол себепті үкімет басындағылар көптеп заңдар шығарады, полиция қызметін күшейтеді, бейнебақылау камераларын орнатады. Ал кейбір елдерде адамдар жеке басының қауіпсіздігі үшін есіктеріне бірнеше құлып қояды, күзет дабылдамасын орнатады, тіпті үйлерінің қоршауына электр тоғын жүргізіп қояды. Көптеген адамдар түнде көшеге шығуға қорқады, ал балаларына кешкісін түгілі, күндіз де сыртта қараусыз ойнауға рұқсат етпейді. Көріп отырғанымыздай, бүгінде қалағаныңша еркін өмір сүру мүмкін емес, әрі жағдайдың жақсаратын түрі де жоқ.
2 Шайтан Едем бағында нағыз азаттыққа қол жеткізу үшін адам Ехобадан тәуелсіз болу керек деп айтқан. Алайда бұл қып-қызыл өтірік еді! Мұны тарих дәлелдеп отыр. Құдайдың талаптарына немкетті қарайтын адамдар көбейген сайын, бүкіл қоғамның қасіреті де көбеюде. Бұл жағдай Ехобаға қызмет ететін біздерді де айналып өтпейді. Бірақ күндердің күнінде адамзат күнә мен өлімнің құлдығынан босап, “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді” деп үміттенеміз (Рим. 8:21). Ехоба қазірдің өзінде өз қызметшілерін сол бостандыққа жетелеуде. Қалайша?
3. Ехоба мәсіхшілерге қандай заң берген және біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Киелі кітапты жазған кісілердің бірі Жақып “азаттыққа жеткізетін кемелді заң” туралы айтқан. Ехоба өз Ұлының ізбасарларын бостандыққа жетелеу үшін осы заңды қолданады (Жақып 1:25 оқы). Әдетте адамдар заңды еркіндікпен емес, қайта, шектеулермен байланыстырады. Олай болса, “азаттыққа жеткізетін кемелді заң” деген не? Бұл заң бізді қалай азат етеді?
АЗАТТЫҚҚА ЖЕТКІЗЕТІН ЗАҢ
4. “Азаттыққа жеткізетін кемелді заң” деген не және оның игілігін кімдер көруде?
4 “Азаттыққа жеткізетін кемелді заң” дегеніміз Таурат заңы емес. Бұл заң күнәні айқын ету үшін берілген, әрі Мәсіх оны толықтай орындап шықты (Мат. 5:17; Ғал. 3:19). Олай болса, Жақып қандай заң туралы айтты? Ол “Мәсіхтің заңы” туралы айтқан. Бұл заң “сенімді талап ететін заң”, “азат халықтың заңы” деп те аталады (Ғал. 6:2; Рим. 3:27; Жақ. 2:12). Ендеше “кемелді заңға” Ехобаның бізге қоятын талаптарының барлығы жатады. Майланғандар да, басқа қойлар да осы заңның игілігін көріп жатыр (Жох. 10:16).
5. Неліктен азаттық заңы ауыртпалық түсірмейді?
5 “Кемелді заң” көптеген елдердің заңдары сияқты күрделі емес, ауыртпалық та түсірмейді. Қайта, ол қарапайым нұсқаулар мен негізгі принциптерден тұрады (Жох. 1-х. 5:3). Иса: “Мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл”,— деген (Мат. 11:29, 30). Оның үстіне, “кемелді заңға” сай өмір сүру үшін ережелердің ұзын сонар тізімі қажет емес, себебі ол сүйіспеншілікке негізделген әрі тас тақташаларға емес, адамдардың жүрегі мен санасына жазылған (Еврейлерге 8:6, 10 оқы).
“КЕМЕЛДІ ЗАҢ” АЗАТТЫҚҚА ҚАЛАЙ ЖЕТКІЗЕДІ?
6, 7. Ехобаның талаптары жөнінде не деуге болады және азаттық заңымен жүрсек не істей аламыз?
6 Ехобаның қойған шектеулері саналы жаратылыстарына игілік әкеледі әрі қорғайды. Мысалы, энергия мен материяны реттейтін тартылыс заңы сияқты физикалық заңдылықтарды алайық. Біз бұл заңдарды ауыртпалық деп қарастырмаймыз, қайта, олар үшін ризамыз. Себебі осы заңдарды ұстанғанымыз өзіміз үшін пайдалы екенін түсінеміз. Сол сияқты Ехобаның талаптарынан тұратын Мәсіхтің “кемелді заңы” да адамдардың игілігі үшін берілген.
7 Сондай-ақ азаттық заңымен жүрсек, өзімізге зиян тигізбей және өзгелердің құқықтары мен еркіндігіне қол сұқпай, орынды қалауларымыздың кез келгенін қанағаттандыра аламыз. Ендеше нағыз азаттықтың сыры — дұрыс нәрселерді, яғни Ехобаға ұнамды әрі талаптарына сай нәрселерді қалауда. Басқаша айтқанда, біз Ехоба жақсы көретінді жақсы көруді, ал ол жек көретінді жек көруді үйренуіміз керек. Азаттыққа жеткізетін заң осылай етуге көмектеседі (Амос 5:15).
8, 9. Азаттық заңына бағынудың қандай пайдасы бар? Мысал келтір.
8 Кемелсіз болғандықтан бұрыс қалауларымызды тізгіндеу үшін көп күш салуымыз қажет. Десе де азаттық заңын бұлжытпай орындасақ, қазірдің өзінде нағыз еркіндіктің дәмін тата аламыз. Темекіге құмар болған Джей есімді жігіттің мысалын қарастырайық. Киелі кітапты зерттей бастағанда, ол мұндай әдеттің Құдайға ұнамайтынын білді. Оған бір шешімге келу керек еді. Джей тәнінің жетегінде жүруді таңдай ма, әлде Ехобаға бойсұнады ма? Темекіні тастау тән азабына салғанмен, ол ақылға жеңдіріп, Ехобаға қызмет етуді таңдады. Жаман әдетінен арылғаннан кейін, ол өзін қалай сезінді екен? “Мен өзімді ерекше еркін сезіндім, ал бойымды шаттық биледі”,— деді Джей.
9 Джейдің жағдайынан мынаны көреміз: осы дүние ұсынатын еркіндік адамның өз құмарлықтарын қанағаттандыруына мүмкіндік беретіндей көрінгенімен, шындығына келгенде, күнәнің құлына айналдырады. Ал Құдайдың азаттық заңына бағынатындар киелі рухтың басшылығымен өмір сүреді, бұл болса еркіндікке, “өмір мен татулыққа” жеткізеді (Рим. 8:5, 6). Джей темекіні қалай тастады? Ол жаман әдетін өзінің емес, Құдайдың күшімен жеңді. Джей: “Мен үзбей Киелі кітапты зерттедім, киелі рух сұрап дұға еттім, қауымдағы бауырластардың көмегіне жүгіндім, олар да қолынан келгендерін аямады”,— деді. Осы айтылғандар бәрімізге де нағыз азаттыққа жетуге көмектесе алады. Енді осыған көңіл бөліп көрейік.
ҚҰДАЙ СӨЗІНЕ ҮҢІЛЕ ҚАРА
10. Құдай заңына “үңіле қарау” деген нені білдіреді?
10 Жақып 1:25-те былай делінген: “Азаттыққа жеткізетін кемелді заңға үңіле қарап, оны ұстанатын адам... істі жүзеге асырушы болып, бұдан бақыт табады”. “Үңіле қарау” деп аударылған грек сөзі “анық көру үшін еңкею” дегенді білдіреді, ал бұл күш салуды талап етеді. Егер азаттыққа жеткізетін заң санамыз бен жүрегімізге әсер етсін десек, Киелі кітапты мұқият зерттеп, оқығанымыз туралы ой жүгіртуге күш салуымыз қажет (Тім. 1-х. 4:15).
11, 12. а) Шындықты өмір жолымыз етуіміз керектігіне Иса қалай баса назар аударған? ә) Жоғарыдағы мысалдан көрінетіндей, жастар үшін қандай қауіп бар?
11 Оның үстіне, Құдай Сөзін үнемі “ұстанып”, шындықты өмірлік жолымыз етуіміз керек. Иса да өзіне сенген адамдарға осыған ұқсас ой айтып: “Егер менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер, әрі шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді”,— деген (Жох. 8:31, 32). Бір еңбекте мұндағы “білу” сөзі “білген нәрсесі адам үшін бағалы немесе маңызды” болғандықтан риза болу дегенді де білдіретіні айтылған. Демек, шындықты өмір жолымыз етсек қана оны толық мағынада “білеміз”. Сонда көктегі Әкемізге көбірек ұқсай түсуіміз үшін “Құдай сөзі” бізге “күшті әсер етіп”, болмысымызды қалыптастырып жатыр дей аламыз (Сал. 1-х. 2:13).
12 Өзіңе келесі сұрақтарды қойып көрші: “Мен шындықты білемін дей аламын ба? Оны өмірлік жолым еттім бе? Жоқ әлде әлі де осы дүние ұсынатын “еркіндікті” аңсаймын ба?” Мәсіхшілер отбасында өскен бір қыз бауырлас жастық шағын былай деп еске алды: “Егер сен шындықта тәрбиеленіп жатсаң, Ехоба бар екенін әрқашан білесің. Бірақ мен оны ешқашан шындап білген емеспін. Мен ол жек көретінді жек көруді үйренген жоқпын. Менің не істеп, не қойғаным оны қызықтырады дегенге де сенбейтінмін. Ал қиындыққа кезіккенде оның басшылығына жүгінудің орнына, оны өз білгенімше шешетінмін. Қазір мұның ақымақтық болғанын түсінемін, себебі мен түк те білмейтін едім”. Қуанышқа орай, кейінірек бұл бауырлас ой қалпының дұрыс емес екенін түсініп, өмірінде үлкен өзгерістер жасады. Ол тіпті жалпы ізашар ретінде қызмет ете бастады.
ЕХОБАНЫҢ РУХЫ АЗАТТЫҚҚА ЖЕТУІҢЕ КӨМЕКТЕСЕДІ
13. Құдай рухы азаттыққа жетуімізге қалай көмектеседі?
13 Қорынттықтарға 2-хат 3:17-де: “Ехобаның рухы бар жерде азаттық бар”,— делінген. Азаттыққа жетуімізге киелі рух қалай көмектеседі? Киелі рух бойымызда азат болуымызға қажетті “сүйіспеншілік, қуаныш, татулық, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, жұмсақтық, ұстамдылық” сияқты қасиеттер дамытуға көмектеседі (Ғал. 5:22, 23). Осы қасиеттерсіз, әсіресе сүйіспеншіліксіз, ешбір қоғам нағыз азаттыққа жете алмайды. Мұның растығын осы дүниеден көріп отырмыз. Бір көңіл қоярлық жайт — елші Пауыл рухтың жемісін құрайтын қасиеттерді атап өткеннен кейін: “Бұларға қарсы еш заң жоқ”,— деп қосқан. Мұнымен ол не айтқысы келді? Құдай рухының жемісін құрайтын қасиеттердің бойымызда өсіп-дамуына тосқауыл болатын ешбір заң жоқ (Ғал. 5:18). Оның үстіне, мұндай заңның мәні болар ма еді? Өйткені Ехоба біздің Мәсіхке тән қасиеттерді мәңгілік бойы дамытып, еш тосқауылсыз таныта бергенімізді қалайды.
14. Осы дүниенің рухының жетегінде жүргендер қалай құлға айналады?
14 Осы дүниенің рухының жетегінде жүргендер және қалағандарынша тән құмарлықтарын қанағаттандырып жүргендер өздерін еркінбіз деп есептейтін шығар (Петірдің 2-хаты 2:18, 19 оқы). Алайда, шындығына келгенде, бәрі керісінше. Осындай адамдардың құмарлықтары мен жүріс-тұрысын жүгендеу үшін, үкімет басындағылар көптеген заңдар шығаруға мәжбүр. Пауыл: “Заң әділдер үшін емес, заңсыздар, бүлікшілер, арсыздар үшін”,— деп жазған (Тім. 1-х. 1:9, 10). Сонымен қатар азаттық заңына бағынбайтындар күнәнің құлы, себебі тән қалуының жетегінде жүр. Ал тән — қатыгез қожайын (Ефес. 2:1—3). Мұндай адамдар қандай да бір мағынада бал құйылған ыдысқа жорғалап бара жатқан жәндікке ұқсайды. Құлқындарының жетегіндегі олар көп ұзамай-ақ балға батып кетеді (Жақ. 1:14, 15).
МӘСІХШІЛЕР ҚАУЫМЫНДАҒЫ АЗАТТЫҚ
15, 16. Қауыммен араласқанымыз қаншалықты маңызды және біз қандай еркіндікті сезінеміз?
15 Мәсіхшілер қауымына сен өздігіңнен емес, Ехоба жақындатып тартқандықтан келдің (Жох. 6:44). Ол сені неге таңдады, Құдайдан қорқатын әділ адам деп тапқандықтан ба? Бәлкім, сен: “Әрине, жоқ!”— дерсің. Онда не үшін таңдады? Ехоба жүрегіңді көріп, сені өзінің азаттық заңы мен игі басшылығына мойынсұнады деп тапқан. Ал қауымға қосылғаныңнан бері ол сені жалған ілімдер мен ырымшылдықтан босатты, жүрегіңе рухани нәр беруде, әрі Мәсіхке еліктеуді үйретуде (Ефестіктерге 4:22—24 оқы). Осының арқасында сен қазіргі дүниедегі нағыз азат халықтың арасында жүру мәртебесіне ие болдың (Жақ. 2:12).
16 Өзің ойлап көрші: Ехобаны шын жүректен сүйетін адамдардың арасында жүргенде сен қорқасың ба? Айналаңа қарап, алаңдайсың ба? Патшалық сарайында бауырластармен әңгімелесіп тұрғанда, заттарыңды біреу алып кетпеу үшін қолыңда ұстап тұрасың ба? Әлбетте, жоқ! Сен өзіңді еркін, жайбарақат сезінесің. Ал осы дүниелік жиындарда солай сезіне алар ма едің? Сезіне алмайтының сөзсіз! Құдай халқының арасындағы өзің сезініп жүрген азаттық болашақтағы азаттықпен салыстыруға да келмейді.
“ҚҰДАЙ БАЛАЛАРЫНЫҢ САЛТАНАТТЫ БОСТАНДЫҒЫ”
17. “Құдай балаларының ұлылығының паш етілуі” мен адамзаттың бостандыққа жетуінің қандай байланысы бар?
17 Ехобаның жердегі қызметшілеріне беретін бостандығы жөнінде айта келе Пауыл былай деген: “Бүкіл жаратылыс Құдай балаларының ұлылығының паш етілуін асыға күтуде”. Сосын ол: “Жаратылыс та күнә мен өлімнің құлдығынан босап, Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді”,— деп қосты (Рим. 8:19—21). Мұндағы “жаратылыс” жерде өмір сүруге үміті бар адамдарды білдіреді. Рухпен майланған Құдай балаларының “ұлылығы паш етілгенде”, олар соның игілігін көреді. Құдай “балаларының” ұлылығы паш етілетін кез олар Мәсіхпен бірге жер бетін зұлымдықтан тазартып, “ұлы жамағатты” жаңа дүниеге алып кіргенде басталады (Аян 7:9, 14).
18. Адамзат азаттыққа қалай жеткізіледі және ақыр соңында олар қандай азаттыққа жетеді?
18 Жаңа дүниеде адамзат бұрын-соңды сезініп көрмеген азаттық сезінеді: олар Шайтан мен жын-перілердің ықпалынан босайды (Аян 20:1—3). Бұл неткен еркіндік болмақ десеңші! Мәсіхпен бірге билік құратын 144 000 патша әрі діни қызметкер бұдан кейін де адамзатты азаттыққа жеткізуді жалғастыра береді. Олар төлем құрбандығының құнын қолданып, адамзатты бірте-бірте Адам атаның күнәсінің әсері мен кемелсіздіктен толығымен арылтады (Аян 5:9, 10). Ал сенімдері сыналған соң мойынсұнғыш адамдар Ехоба өздеріне о бастан дайындап қойған нағыз бостандыққа, яғни “Құдай балаларының салтанатты бостандығына” жетеді. Ойлап көрші, тұла бойың кемелді, ал болмысың толығымен Құдайдың болмысына сай болғандықтан, енді қайтып оған ұнамдыны істеу үшін күресудің қажеті болмайды!
19. “Құдай балаларының салтанатты бостандығына” жету үшін не істеуді жалғастыра беруіміз қажет?
19 Сен “Құдай балаларының салтанатты бостандығына” жетуді аңсайсың ба? Олай болса, “азаттыққа жеткізетін кемелді заңның” санаң мен жүрегіңе әсер етуіне мүмкіндік бер. Киелі кітапты мұқият әрі жүйелі түрде зертте. Шындықты өмірлік жолың ет. Киелі рух сұрап дұға айт. Мәсіхшілер қауымы мен Ехоба беріп отырған рухани азықтың барынша игілігін көр. Құдайдың талаптары тым қатаң деген Шайтанның өтірігіне Хауа ана сияқты иланып қалма. Ібілістің өте қу әрі айлакер екені рас. Бірақ келесі мақаладан көретініміздей, біз оған қарсы тұра аламыз, өйткені “оның айла-амалдарын жақсы білеміз” (Қор. 2-х. 2:11).
[9-беттегі суреттер]
Мен әлі де осы дүние ұсынатын “еркіндікті” аңсаймын ба?
[9-беттегі суреттер]
Мен шындықты өмір жолым еттім бе?