Ехобадан қорқып, оның өсиеттерін орында
“Құдайдан қорқып, Оның өсиеттерін орында, өйткені адамға керектінің барлығы осында” (ЕККЛЕСИАСТ 12:13, СА).
1, 2. а) Қалайша қорқыныш тәнімізді зақымдаудан сақтап қала алады? ә) Неге парасатты ата-аналар балаларының көкейіне орынды қорқыныш ұялатуға тырысады?
ЛЕОНАРДО да Винчи: “Өжеттілік адамның өміріне қауіп төндіреді, ал қорқыныш оны қорғайды”,— деп ескерген. Көзсіз өжеттік адамды қауіп алдында соқыр етеді, ал қорқыныш болса мұқият болуға көмектеседі. Мысалы, шыңыраудың шетінде тұрып, қандай биіктіктен құлап кетуіміз мүмкін екенін көрсек, көпшілігіміз қалай кейін шегінгенімізді өзіміз де байқамай қалармыз. Тап сол сияқты орынды қорқыныш та, алдыңғы мақаладан білгеніміздей, Құдаймен жақсы қарым-қатынаста болуға ықпал етіп қана қоймайды, қауіп-қатерден аулақ болуымызға да көмектеседі.
2 Алайда біз қазіргі дүниенің қауіп-қатерінен қорқуды үйренуіміз керек. Мысалы, жас балалар электр тогының немесе қала жолдарының қаншалықты қауіпті екендігін біле бермейді, сол себепті бақытсыз жағдайларға оп-оңай ұшырап қалуы мүмкінa. Парасатты ата-аналар балаларының көкейіне орынды қорқыныш ұялатуға тырысып, қауіп-қатер жөнінде қайта-қайта айтып отырады. Ата-аналар мұндай қорқыныштың балаларының өмірін сақтап қалатынын біледі.
3. Не үшін және қалай Ехоба бізді рухани қауіп-қатерден сақтандырады?
3 Ехоба да біздің игілігіміз үшін қам жейді. Ол сүйіспеншілікке толы Әке іспетті біздің пайдамыз үшін Өзінің Сөзі мен ұйымы арқылы тәлім беріп отырады (Ишая 48:17). Құдайдың тәлімі біздің рухани қауіп-қатерге ұшырап қалмай, орынды қорқыныш дамытуымыз үшін “қайта-қайта” ескерту жасаудан тұрады (2 Шежірелер 36:15; 2 Петір 3:1). Егер адамдардың ‘жүректері Құдайдан қорқып, әрқашан Оның өсиеттерін орындап’ жүргенде, тарих бойында болған көптеген рухани жағынан қайғылы оқиғаларға ұшыраудан және олардың қасіретінен аулақ болуға болар еді (Заңды қайталау 5:29, СА). Қалайша біз қазіргі “қиын-қыстау күндерде” жүрегімізде Құдай алдында қорқыныш дамытып, рухани қауіп-қатерден аулақ бола аламыз? (2 Тімотеге 3:1).
Жамандықтан аулақ болыңдар
4. а) Мәсіхшілер бойларында қандай жеккөрушілік дамытулары керек? ә) Күнәкар әрекетке деген Ехобаның көзқарасы қандай? (Сілтемені қараңдар.)
4 Киелі кітапта: “Жаратқанды қастерлеп [“Тәңірден қорқып”, СА], мойынсұнушы — жамандық атаулыны жек көруші”,— деп түсіндіріледі (Нақыл сөздер 8:13). Бір Киелі кітап сөздігінде мұндай жеккөрушілік “жақтырмайтын, жеркеніп, онымен ешқандай байланыста болғысы келмей, жексұрын көретін адамға не затқа қатысты эмоциялық әсер” деп түсіндірілген. Демек, Құдай алдындағы қорқыныш Ехобаға ұнамайтын нәрседен барынша жиіркеніп, оны жексұрын көруді де білдіредіb (Забур 96:10). Шыңыраудың шетінде тұрғанда қорқыныштың бізді кейін шегінуге мәжбүр ететініндей, Құдай алдындағы қорқыныш бізді жаман нәрседен аулақ болуға талпындырады. Киелі кітапта: “Тәңір алдындағы қорқыныш жамандықтан аулақ етеді”,— делінген (Нақыл сөздер 16:6, СА).
5. а) Қалай біз Құдай алдындағы қорқыныш пен жаман нәрсеге деген жеккөрушілікті күшейте аламыз? ә) Осыған қатысты Исраил халқының тарихынан біз не нәрсеге үйренеміз?
5 Күнәнің қандай зиянды нәрселерге душар ететіндігінің үстінен ой жүгіртер болсақ, бойымызда жаман нәрсе жасауға деген орынды қорқыныш сезімі мен оларды жек көру сезімі күшті болады. Киелі кітапта біздің — тәнге болсын не рухқа болсын — не ексек соны оратынымыз айтылған (Ғалаттықтарға 6:7, 8). Сол себепті Ехоба Өзінің өсиеттерінен, сондай-ақ шынайы мінажаттан бас тартудың ақыры неге әкеліп соғатынын көркем суреттеген. Құдай қорғамағанда азғантай әрі әлсіз Исраил халқының тағдыры қатыгез, күшті көршілерінің қолында болар еді (Заңды қайталау 28:15, 45—48). Киелі кітапта Исраил халқының мойынсұнбаушылығының өкінішті нәтижесі бізге “ескерту ретінде” егжей-тегжейлі жазып қалдырылған. Біз бұдан сабақ алып, Құдайдан қорқуды үйренуіміз керек (1 Қорынттықтарға 10:11).
6. Құдайдан қорқуды үйрену үшін Жазбалардағы қандай мысалдардың үстінен ой жүгіртуге болады? (Сілтемеге қараңдар.)
6 Киелі кітапта бүкіл Исраил халқының тарихы ғана емес, іші тарлық, азғындық, ашкөздік немесе өркөкіректіктің жетегінде кеткен жеке адамдардың басынан өткен оқиғалар да суреттелгенc. Олардың кейбіреулері көп жылдар бойы Ехобаға қызмет етіп, бірақ өмірінің қандай да бір шешуші кезеңінде Құдай алдындағы қорқынышы берік болмай, опық жеген. Сондай мысалдардың үстінен ой жүгірткеніміз солардың қателіктерін қайталамауға деген шешімімізді нығайтады. Бақытсыздыққа ұшырап қалған соң ғана Құдайдың берген кеңесін бар көңілімізбен қабылдағанымыз қандай өкінішті болар еді! Көпшілік ойлағандай, тәжірибе — әсіресе ойымызға келгенді істеу “тәжірибесі” — жақсы тәлімгер емес (Забур 18:8).
7. Ехоба өзінің “тұрағына” кімді шақырады?
7 Құдайдың алдында қорқыныш дамытудың тағы бір келелі себебі — Құдаймен қарым-қатынасымызды сақтап қалуға деген ынтамыз. Біз Ехобаға ұнамсыз болып қалудан қорқамыз, өйткені онымен достық қарым-қатынасымызды бағалаймыз. Ехоба кімді өзінің досы деп есептеп, өзінің “тұрағына” шақырады екен? “Мінсіз жүріп, әділеттілік жасайтындарды” ғана (Забур 14:1, 2, СА). Егер біз Жаратушымызбен қарым-қатынасымызды бағалайтын болсақ, оның көз алдында мінсіз жүру үшін бар күшімізді салатын боламыз.
8. Малахияның заманында өмір сүрген кейбір исраилдіктер Құдаймен достық қарым-қатынастарын бағаламайтынын қалай көрсеткен?
8 Өкінішке орай, Малахияның заманында өмір сүрген кейбір исраилдіктер Құдаймен достық қарым-қатынасын бағаламаған. Ехобадан қорқып, оны құрметтеудің орнына, олар оның құрбандық шалатын орнына ауру-сырқау, ақсақ-тоқсақ мал әкеліп шалған. Олардың Құдайдан қорықпайтындықтары некеге деген көзқарастарынан да байқалатын. Олар жастау әйелдерге үйлену үшін, болар-болмас нәрселерді сылтауратып жастық шағында қосылған әйелдерімен ажырасатын. Малахия исраилдіктерге Ехобаның “ажырасқанды” (ЖД) жек көретінін, әрі мұндай опасыздықтары оларды Құдайдан алыстататынын айтқан болатын. Құрбандық шалатын орын көз жасқа — күйеулері тастап кеткен әйелдердің ащы жасына — толы болған уақытта, Ехобаға олардың құрбандықтары қалайша ұнамды болмақ? Құдайдың талаптарына деген осындай асқан сыйламаушылық Ехобаны: “Мені қастерлеп қорқу қайда?” — деп сұрауға мәжбүр еткен (Малахия 1:6—8, СА; 2:13—16).
9, 10. Біз Құдаймен достық қарым-қатынасымызды бағалайтынымызды қалай көрсетуімізге болады?
9 Бүгінде Ехоба күйеулер мен әкелердің, тіпті әйелдер мен аналардың қара бастарының қамын ойлап, азғындыққа салынуынан қаншама жазықсыз жұбайлар мен балалардың жапа шегіп жүргенін көріп отыр. Әрине, Ехобаны бұл қатты ренжітеді. Құдайдың досы барлық нәрсеге Құдайдың көзқарасындай көзқараста болып, некесін баянды етуге барынша күш салады. Ол некеге деген осы дүниенің немкетті көзқарасынан және ‘азғындықтан аулақ болады’ (1 Қорынттықтарға 6:18).
10 Егер біз некеге қатысты, сондай-ақ өміріміздің басқа салаларында да Ехобаға ұнамайтын нәрселердің бәрін жек көріп, онымен достық қарым-қатынасымызды барынша бағалайтын болсақ, Ехоба бізге рақымын жаудырады, әрі оған ұнамды боламыз. Елші Петір сенімділікпен былай деген: “Құдайдың адамның бет-жүзіне қарамайтынын енді шынымен біліп алдым. Ол әр ұлттың Өзін қастерлеп, әділетке сай әрекет ететіндерін қабылдайды” (Елшілердің істері 10:34, 35). Жазбаларда Құдай алдындағы қорқыныштың адамдарды әр түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуге талпындырғаны туралы көптеген мысалдар бар.
Құдайдан қорыққан үш адам
11. Қандай оқиғадан кейін Ыбырайым жөнінде ол “Құдайдан қорқады” делінді?
11 Киелі кітапта Құдай өзі досым деп атаған бір кісі жөнінде әңгімеленеді, ол — патриарх Ыбырайым (Ишая 41:8, сілтемені қара). Ысқақ арқылы Ехобаның Ыбырайымның ұрпағынан үлкен халық өрбітемін деген уәдесі орындалуы керек еді. Ехоба енді сол жалғыз ұлы Ысқақты құрбандыққа шалуы керек екенін айтқанда, Ыбырайымның Құдай алдындағы қорқынышы сыналған болатын. (Жаратылыс 12:2, 3; 17:19). “Құдайдың досы” мұндай ауыр сынаққа төтеп бере алар ма екен? (Жақып 2:23). Ыбырайым Ысқақты бауыздау үшін пышағын көтере бергенде, Ехобаның періштесі оған: “Балаңа қол көтерме, оған тиіспе! Құдай былай дейді: енді сенің Өзімді құрметтейтініңе [“Құдайдан қорқатыныңа”, ЖД] көзім жетті, Менен өзіңнің жалғыз ұлыңды да аямадың”,— дейді (Жаратылыс 22:10—12).
12. Ыбырайымды Құдайдан қорқуға талпындырған не және қалай біз де сондай рух таныта аламыз?
12 Бұған дейін де Ыбырайым Құдайдан қорқатынын іс жүзінде дәлелдеп жүрсе де, осы жолы ол мұны ерекше түрде паш етті. Ыбырайымның ұлы Ысқақты құрбандыққа беруге даяр болуы құрмет тұтып мойынсұнудан әлдеқайда көп нәрсені білдіретін. Ыбырайымды бұлай әрекет етуге Көктегі Әкенің, қажет деп тапса, Ысқақты қайта тірілтіп, уәдесін орындайтынына толықтай сенімді болғандығы талпындырған. Пауыл жазғандай, Ыбырайым ‘Тәңірдің өз уәдесін орындай алатынына қалтқысыз сенген’ (Римдіктерге 4:16—21). Біз ше, Құдайдың еркін орындау үлкен құрбандықтарды талап ететін болса да, оны орындауға дайынбыз ба? Біз Ехобаның “Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтынына” және оған барынша мойынсұнудың мәңгілік пайдасы болатынына толықтай сенеміз бе? (Еврейлерге 11:6). Құдай алдындағы нағыз қорқыныш, міне, осы болып табылады (Забур 113:19).
13. Неге Жүсіптің ‘Құдайды қастерлейтін адаммын’ деуге құқы бар еді?
13 Енді Құдайдан қорқатындығын іс жүзінде көрсеткен Жүсіптің мысалын қарастырып көрейік. Потифардың сарайында қызметші болып жүрген Жүсіпке күнде зинақорлық жасауға ұсыныс жасалатын. Жүсіптің азғындық жасауға қайтпай ұсыныс жасай беретін қожайынының әйелімен жүздеспеуге еш мүмкіндігі болмаған болса керек. Ақырында бір күні әйел оны ‘ұстай алғанда’, Жүсіп “сыртқа қаша жөнеледі”. Оны күнәдан аулақ болуға талпындырған не нәрсе болды екен? Құдай алдындағы қорқынышы, немесе ‘сондай ауыр қылмыс жасап, Құдайдың көз алдында күнәға батудан’ аулақ болуға деген ынтасы, екендігінде күмән жоқ (Жаратылыс 39:7—12). Расында да Жүсіп: ‘Құдайды қастерлейтін адаммын’,— деуге құқылы еді (Жаратылыс 42:18).
14. Қалайша Жүсіптің мейірімділігінен Құдай алдында нағыз қорқынышы бар екені көрінеді?
14 Біраз жылдар өткен соң Жүсіп өзін қатыгездікпен құлдыққа сатып жіберген бауырларымен бетпе-бет кездеседі. Бауырларының азыққа мұқтаж екенін пайдаланып, жасаған қателіктері үшін Жүсіптің өш алуына әбден болар еді. Алайда адамдарға зәбір көрсету Құдайдан қорыққандықтың белгісі емес (Леуіліктер 25:43). Сол себепті бауырларының өзгергендігіне көз жеткізген соң, Жүсіп мейірімділік танытып, оларды кешіреді. Егер Құдайдан қорқатын болсақ, біз де Жүсіп сияқты, жамандықты жақсылықпен жеңіп, азғырылғанда берік боламыз (Жаратылыс 45:1—11; Забур 129:3, 4; Римдіктерге 12:17—21).
15. Неге Әйүптің мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы Ехобаның жүрегін қуантқан?
15 Құдайдан қорқатын адамдардың тағы бір керемет үлгісін Әйүп көрсеткен. Ехоба Ібіліске: “Қызметшім Әйүпке көңіл бөлдің бе? Жер бетінде тап ол сияқты адам жоқ: мінсіз, адал, Құдайдан қорқып, жамандықтан аулақ жүреді”,— деген (Әйүп 1:8, СА). Әйүптің мінсіз мінез-құлқы мен жүріс-тұрысы көп жылдар бойы көктегі Әкесінің жүрегін қуанышқа бөлеген. Әйүп Құдайдан қорыққан, өйткені ол мұның дұрыс, әрі игілікті екенін білген. “Міне, Тәңірден қорқу — нағыз даналық,— деп дауыстады Әйүп.— Жамандықтан аулақ жүру — ақылдылық” (Әйүп 28:28, СА). Әйүптің әйелі бар болатын, сондықтан ол жас келіншектерге орынсыз көңіл бөлмеген, әрі жүрегінде азғын ойлар ұялатпаған. Ол дәулетті кісі болса да, байлығына арқа сүйемеген, сондай-ақ жалған тәңірлерге табынудың кез келген түрінен аулақ жүрген (Әйүп 31:1, 9—11, 24—28).
16. а) Қандай жағдайда Әйүп мейірімділік танытқан? ә) Әйүп кешірімшіл екендігін қалай көрсеткен?
16 Алайда Құдайдан қорқу жамандықтан аулақ жүруді ғана емес, жақсылық істеуді де білдіреді. Сол себепті Әйүп соқырларға, ақсақтар мен жарлы-жақыбайларға мейірімділік танытқан (Леуіліктер 19:14; Әйүп 29:15, 16). Ол “әлемнің Иесінің алдында қорқынышын жоғалтпаған болса, жәбір көрген адамға досы мейірімді болуы керек” екенін түсінетін (Әйүп 6:14, СА). Мейірімсіз адам кешіргісі келмейді немесе кек сақтайды. Құдайдың бұйрығы бойынша, Әйүп өзін соншама қайғыға батырған үш досы үшін дұға етеді (Әйүп 42:7—10). Біз де, тап сондай рух танытып, өзімізді ренжіткен бауырласымызға кешірімшіл бола алар ма едік? Өзімізді ренжіткен бауырласымыз үшін шын жүректен дұға еткеніміз, ашу-ызадан арылуымызға көмектеседі. Әйүптің Құдайдан қорыққаны үшін алған баталары Ехобаның ’Өзінен қорқатындар үшін сақтап отырған игі істерінің’ қандай болатынын түсінуімізге көмектеседі (Забур 30:20, СА; Жақып 5:11).
Құдайдан қорқудың адамнан қорқудан айырмашылығы
17. Адамдардың алдындағы қорқыныш бізге қалай әсер етеді және неге бұл қырағылыққа жатпайды?
17 Құдай алдындағы қорқыныш бізді дұрыс әрекет етуге талпындырады, ал адамдар алдындағы қорқыныш сенімімізді шайқалтады. Сондықтан Иса елшілерін ізгі хабарды құлшына уағыздауға шақырып, былай деген: “Тәнді өлтірсе де жанды өлтіре алмайтындардан қорықпаңдар! Одан гөрі жанды да, тәнді де тозақта [“геенада”, СА] құрта алатын Құдайдан қорқып, Оны терең қастерлеңдер!” (Матай 10:28). Иса түсіндіргендей, адамдардың алдындағы қорқыныш қырағылыққа жатпайды, өйткені адамдар бізді болашаққа деген үмітімізден айыра алмайды. Оның үстіне, қастерлеу сезімін оятатын Құдайдың құдіретті күшін мойындап, біз одан қорқамыз, ал күллі халықтардың күш-қуаты онымен салыстырғанда түкке тұрғысыз (Ишая 40:15). Біз Ыбырайым іспетті, Ехобаның өзінің адал қызметшілерін қайта тірілте алатынына қалтқысыз сенеміз (Аян 2:10). Сол себепті сенімділікпен: “Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?!” — дей аламыз (Римдіктерге 8:31).
18. Өзінен қорқатындарға Ехоба қандай сый береді?
18 Бізге кім қарсы шықса да, мейлі, жақын туысымыз не мектептегі бұзақы болсын, біз ‘Тәңір алдындағы қорқыныштың берік үміт’ беретінін көреміз (Нақыл сөздер 14:26, СА). Құдайдың бізді еститінін біліп, одан күш сұрап дұға етуімізге болады (Забур 144:19). Ехоба Өзінен қорқатындарды ешқашан ұмыт қалдырмайды. Ол Малахия пайғамбар арқылы былай дейді: “Құдайдан қорқатындар бір-біріне былай дейді: “Тәңір зейін салады, әрі естиді, Оның алдында Өзінен қорқатын және Оның есімін құрметтейтіндер жайында естелік кітабы жазылуда” (Малахия 3:16, СА).
19. Қорқыныштың қандай түрлері жоқ болады, ал қайсысы мәңгілік?
19 Жер бетіндегі барлық адамдар Ехобаға ғана ғибадат ететін, ал адам алдындағы қорқыныш түп-тамырымен жоғалатын уақыт алыс емес (Ишая 11:9). Аштық, ауру, қылмыстылық пен соғыс алдындағы үрей де өткеннің ісі болады. Ал Құдай алдындағы қорқыныш мәңгілік, өйткені Құдайдың көк пен жердегі адал қызметшілері бұдан былай да Оған тиесілі құрмет көрсетіп, мойынсұнып, Оны әрі қарай да мадақтай беретін болады (Аян 15:4). Ал әзірге әрқайсымыз Құдай рухының жетелеуімен жазылған Сүлейменнің өсиетін жүрегімізбен қабыл алғаймыз: “Жүрегіңде күнәкарларға деген қызғаныш тумасын, қайта, әрқашан Құдайдан қорықсын; Өйткені алдыңда болашақ бар, үмітің де үзілген жоқ” (Нақыл сөздер 23:17, 18, СА).
[Сілтемелер]
a Үнемі өміріне қауіп төнетін жағдайларда жұмыс істейтін адамдардың қатер алдындағы қорқыныш сезімі мұқалып қалады. Бір тәжірибелі ағаш ұстасы неге ағаш ұсталарының көбісінің саусақтары жоқ деген сұраққа: “Өйткені олар электр арадан қорқудан қалады”,— деп жауап берді.
b Ехобаның өзі де осылайша жиіркенеді. Мысалы, Ефестіктерге 4:29-да (ЖД) балағат сөздер “шіріген сөз” деп аталған. “Шіріген” деген грек сөзі бұзылған жеміске, балыққа немесе етке қатысты қолданылады. Бұл сөз біздің балағат не әдепсіз сөздерден қалай жиіркенуіміз керек екендігін айқын суреттейді. Оның үстіне, “Жаңа дүние аудармасында” жалған тәңірлер жиі “қиға” теңеледі (Заңды қайталау 29:17; Езекиел 6:9). Қиға, немесе нәжіске, деген табиғи жиіркеніш сезімі Құдайдың жалған тәңірлерге табынушылықтың кез келген түріне деген сезімінің қандай екенін түсінуімізге көмектеседі.
c Киелі кітаптағы Қабыл (Жаратылыс 4:3—12); Дәуіт (2 Патшалықтар 11:2—12:14); Гехезай (4 Патшалықтар 5:20—27); және Ұзияхтың (2 Шежірелер 26:16—21) мысалдарын қарастыруға болады.
Естеріңде ме?
• Қалай біз жамандықты жек көруді үйрене аламыз?
• Малахияның заманында өмір сүрген кейбір исраилдіктер қалай Ехобамен достық қарым-қатынастарын бағаламаған?
• Ыбырайым, Жүсіп, Әйүптердің үлгісінен Құдай алдындағы қорқыныш туралы біз не білеміз?
• Қандай қорқыныш ешқашан құрып кетпейді және неге?
[13-беттегі сурет]
Парасатты ата-аналар балаларын орынды қорқынышқа үйретеді
[14-беттегі сурет]
Табиғи қорқыныш бізді қауіп-қатерден сақтайды, ал Құдай алдындағы қорқыныш жамандықтан аулақ етеді
[17-беттегі сурет]
Үш доссымағының қысым көрсеткеніне қарамастан, Әйүп Құдай алдындағы қорқынышынан айнымаған
[Түпдерек]
Vulgata Latina, 1795 аудармасынан