Ехобаның киелі рухын ренжітпеңдер!
“Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен “таңбаландыңдар” (ЕФЕС. 4:30).
1. Ехоба миллиондаған адам үшін не істеді және олардың енді қандай міндеті бар?
ЕХОБА ҚҰДАЙ осы қайғы-қасіретке толы дүниеде өмір сүріп жатқан миллиондаған адам үшін ерекше шара қолданды. Ол жалғыз ұлы Иса Мәсіх арқылы олардың өзіне жақындауына мүмкіндік жасады (Жох. 6:44). Егер өміріңді Құдайға бағыштап, соған сай өмір сүріп жүрсең, сен де сол адамдардың қатарында болғаның. Киелі рухтың атымен шомылдыру рәсімінен өткен адам ретінде сен сол рухтың басшылығына сай өмір сүруге міндеттісің (Мат. 28:19).
2. Бұл мақалада біз нені қарастырамыз?
2 “Құдай Рухына қызмет етуші” біздер жаңа болмысқа ие болудамыз (Ғал. 6:8; Ефес. 4:17—24). Алайда елші Пауыл бізге Құдайдың киелі рухын ренжітуден аулақ болуды ескертеді (Ефестіктерге 4:25—32 оқы). Қазір біз осы ескертуді мұқият қарастырамыз. Құдай рухын ренжітуден аулақ болыңдар дегенде Пауыл не айтқысы келді? Ехобаға бағышталған адам қалайша бұған баруы мүмкін? Сондай-ақ қалай Ехобаның рухын ренжітуден аулақ бола аламыз?
Пауылдың сөздерінің мағынасы
3. Ефестіктерге 4:30-дағы сөздерді қалай түсіндірер едіңдер?
3 Алдымен Пауылдың Ефестіктерге 4:30-дағы сөздерін қарастырайық. Ол: “Құдайдың Киелі Рухын ренжітуден аулақ болыңдар! Онымен “таңбаландыңдар”,— деп жазған. Пауыл сүйікті бауырластарының рухани күйлерін сақтағанын қалады. Олар күндердің күнінде жамандық атаулыдан азат етілетіндер ретінде Ехобаның рухымен “таңбаланғандар” еді. Құдайдың киелі рухы бүгінде де адал майланған мәсіхшілерге басылатын таңба, яғни оларға берген “уәделерінің орындалуының кепілі” болып табылады (Қор. 2-х. 1:22). Таңба бұл майланғандардың Құдайдың иелігі екендерін және көкке баратындарын көрсетеді. Құдайдың таңбасы салынғандардың саны 144 000 болмақ (Аян 7:2—4).
4. Құдай рухын ренжітуден аулақ болу неліктен маңызды?
4 Мәсіхші киелі рухты ренжітетін болса, ақырында Құдайдың әрекет етуші күші оған мүлдем әсер етпейтін халге жетуі мүмкін. Мұны Дәуіттің Барсабиямен жасаған күнәсінан кейін айтқан сөздерінен көруге болады. Ол тәубесіне келіп, Ехобаға: “Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме”,— деп жалбарынды (Заб. 50:13). Майланған мәсіхшілер өле-өлгенше адал болып қалатын болса ғана ешқашан жойылмайтын денеге ие болып, көкте өмір сүреді (Аян 2:10; Қор. 1-х. 15:53). Мінсіздіктерін сақтап, Мәсіхтің төлем құрбандығының арқасында өмір сыйына ие болу үшін жерде мәңгі өмір сүруге үміті бар мәсіхшілер де киелі рухқа мұқтаж (Жох. 3:36; Рим. 5:8; 6:23). Олай болса, барлығымыз да Ехобаның киелі рухын ренжітіп қоймау үшін сақ болуымыз керек.
Мәсіхші киелі рухты қалай ренжітуі мүмкін?
5, 6. Мәсіхшілер Ехобаның рухын қалай ренжітуі мүмкін?
5 Біз, Құдайға бағышталған мәсіхшілер, киелі рухты ренжітуден аулақ бола аламыз. Егер ‘киелі рухпен өмір сүрсек’, ескі күнәкар болмысымыздың қалауларына бой алдырмаймыз және Құдайға ұнамайтын қылықтардан аулақ боламыз (Ғал. 5:16, 25, 26). Алайда сақ болмасақ, өзіміз де байқамай, бірте-бірте Құдай Сөзінде айыпталатын әрекетке бой алдыруымыз мүмкін.
6 Ал егер киелі рухтың басшылығына қарсы әрекет етуді әдетке айналдырсақ, оны және оның иесі Ехоба Құдайды ренжітеміз. Ефестіктерге 4:25—32 тармақтарды қарастырғанымыз Құдай рухын ренжітпеу үшін қалай әрекет етуіміз керек екенін түсінуге көмектеседі.
Құдай рухын ренжітпейік
7, 8. Неліктен шыншыл болуымыз керек?
7 Біз шыншыл болуымыз керек. Ефестіктерге 4:25-ке сай Пауыл: “Өтірікті тастап, әрқайсың басқаларға шындықты айтыңдар! Бірігіп бір рухани дененің мүшелеріміз ғой”,— деген. Біз бір рухани дененің мүшелері болғандықтан бауырластарымызбен қарым-қатынасымызда қулық-сұмдыққа бармаймыз, өйткені бұл өтірік айтумен бара-бар. Егер кім де кім үнемі осылай ететін болса, Құдаймен қарым-қатынасынан мүлдем айырылады (Нақыл сөздер 6:16, 17 оқы).
8 Жалған сөз бен алдамшы әрекет қауымның ынтымағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті біз Даниял пайғамбар сияқты мінсіз болуымыз керек (Дан. 6:4). Сондай-ақ Пауылдың көкте өмір сүруге үміті бар мәсіхшілерге жазған кеңесін есте ұстағанымыз жөн. Ол Мәсіхтің майланған ізбасарларын бір дененің мүшелері ретінде өзара бірлікте тұруға шақырған (Ефес. 4:11, 12). Жұмақ орнаған жерде өмір сүруге үміті барлар да, бір-біріне шындықты айтулары керек. Сонда олар дүниежүзілік бауырластығымыздың ынтымағына үлестерін қоса алады.
9. Ефестіктерге 4:26, 27-ге сай әрекет ету неліктен маңызды?
9 Шайтанға қарсы тұрып, рухани күйімізге нұқсан келтіруіне жол бермеуіміз керек (Жақ. 4:7). Киелі рухтың көмегімен Шайтанға қарсы тұра аламыз. Мұның бір жолы — ашу-ызаға берілмеу. Пауыл былай деген: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар” деп жазылған: күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар, сөйтіп шайтанның жамандыққа түрткі салуына жол бермеңдер!” (Ефес. 4:26, 27). Ашуланатындай жағдай болса, бірден іштей дұға еткеніміз байсалдылық сақтап, Құдай рухын ренжітуден аулақ болуға көмектеседі (Нақ. с. 17:27). Сонымен, ашуды бірден басып, Шайтанның жамандық жасауымызға түрткі болуына жол бермейік (Заб. 36:8, 9). Мұның бір жолы — Исаның кеңесіне сай келіспеушілікті тездетіп шешу (Мат. 5:23, 24; 18:15—17).
10, 11. Неліктен ұрлық жасамай адал болғанымыз жөн?
10 Біз ұрлық жасамай, әрқашан адал жүруіміз керек. Елші Пауыл: “Ұры болған енді ұрламасын, керісінше, адал еңбек етіп, тапқан табысынан мұқтаждарға үлестірсін”,— деп жазған (Ефес. 4:28). Құдайға бағышталған адам ұрлық жасайтын болса, Құдайдың ‘киелі атына кір келтіреді’ (Нақ. с. 30:7—9). Құдайды және маңайындағыларын жақсы көретін адам ұрлықты ешқашан ақтауға болмайтынын біледі. Тіпті кедейлік те ұрлық жасауға себеп болмау керек (Мар. 12:28—31).
11 Пауыл нені істемеу керектігін ғана емес, нені істеуге тиіс екенімізді де айтқан. Егер киелі рухтың басшылығымен өмір сүретін болсақ, отбасымыздың қамы үшін аянбай еңбек етеміз әрі мұқтаждарға көмектесе аламыз (Тім. 1-х. 5:8). Иса мен оның елшілері кедейлерге арнап ортақ қаржы жинайтын, ал Яһуда Исқариот сол ақшаға қол сұғып жүрді (Жох. 12:4—6). Оның киелі рухқа қарсы әрекет еткені анық. Құдай рухының басшылығымен жүрген біздер Пауыл сияқты “барлық жағдайда да адал жүруге ұмтыламыз” (Евр. 13:18). Осылайша біз Ехобаның рухын ренжітуден аулақпыз.
Киелі рухты ренжітпеу үшін тағы не істеуге болады?
12, 13. а) Ефестіктерге 4:29-ға сай аузымыздан қандай сөз шықпау керек? ә) Сөйлеген сөзіміз қандай болуға тиіс?
12 Қалай сөйлейтінімізге мұқият болуымыз керек. Пауыл: “Ауыздарыңнан жаман сөз емес, жақсы сөз ғана шығып, тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік сепсін”,— деген (Ефес. 4:29). Бұл жерде де Пауыл не істемеуіміз керектігін ғана емес, не істеуге тиіс екендігімізді де айтқан. Құдай рухының әсер етуіне жол берсек, біз ‘тыңдап тұрғандардың сенімдерін жетілдіріп, игілік себеміз’. Сонымен қатар аузымыздан ‘жаман сөздің’ шығуына жол бермейміз. “Жаман” деп аударылған грек сөзі бұзылып кеткен жеміске, балыққа не етке қатысты қолданылған. Мұндай тағамнан жеркенетініміз сияқты, Ехобаға ұнамайтын сөздерді де жек көруіміз керек.
13 Біздің сөздеріміз әдепті де мейірімді әрі “дәмді” болу керек (Қол. 3:8—10; 4:6). Қалай сөйлейтінімізден айналамыздағылардан ерекше екеніміз байқала ма? Ол үшін өзгелерге игілік әкелетіндей сөйлегеніміз жөн. Сондай-ақ ниетіміз забур жыршысынікіндей болсын. Ол былай деген: “Лайым менің аузымдағы сөздерім әрі жан дүниемдегі ой-ниеттерім ұнамды болсын саған, о, Жаратқаным. Өзіңсің жартастай мықты Қорғаным һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием” (Заб. 18:15).
14. Ефестіктерге 4:30, 31-ге сәйкес неден арылуымыз керек?
14 Біз кекшілдік, ашу-ыза, қорлау және тағы басқа жаман нәрселерден арылғанымыз жөн. Киелі рухты ренжітуден аулақ болу туралы жазған соң, Пауыл: “Әр қилы кекшілдік, ашу-ыза, айқай-шу, қорлау, тағы басқа барлық жаман нәрселерден арылыңдар”,— деді (Ефес. 4:30, 31). Кемелсіз болғандықтан бәрімізге де ұстамдылық таныту үшін көп күш салу керек. Егер кекшілдік пен ашу-ызаға бой алдырсақ, Құдай рухын ренжітеміз. Сондай-ақ өзгелердің бізге қарсы жасаған қателіктерін жіпке тізсек, ренжігіш болсақ және ымыраға келуден бас тартсақ солай болады. Киелі кітаптағы кеңестерге немқұрайды қарай бастасақ, бойымызда киелі рухқа қарсы күнә жасауға итермелейтін бейімділік пайда болып, қатты зардап шегуіміз мүмкін.
15. Бізге жамандық жасалғанда қалай әрекет еткеніміз дұрыс?
15 Біз мейірімді, жанашыр және кешірімді болуымыз керек. Пауыл былай деді: “Бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!” (Ефес. 4:32). Біреудің қылығы жанымызға қатты батса да, Құдай сияқты кешірімді болайық (Лұқа 11:4). Мысалы, бауырласымыз біз туралы жағымсыз бір нәрсе айтты делік. Біз жағдайдың анық-қанығына жету үшін оған келіп сөйлесеміз. Сонда ол шын жүректен өкініп, кешірім сұрайды да, біз оны кешіреміз. Бірақ біз мұнымен шектелмеуіміз керек. Леуіліктер 19:18-де былай делінген: “Өз халқыңның ұлдарына кектенбе және өшікпе, оның орнына жақыныңды өзіңді өзің қастерлегендей сүйе біл. Мен Жаратушымын”.
Қырағылық қажет
16. Ехобаның рухын ренжітпеу үшін қандай өзгерістер жасауымыз керек болуы мүмкін?
16 Жеке қалғанда біз Құдайға ұнамсыз әлдене жасауға азғырылуымыз мүмкін. Мысалы, бір бауырлас мәсіхшілерге жат әуен тыңдады делік. Адал да ақылды құлдың Киелі кітапқа негізделген кеңесіне құлақ аспағандықтан оны ар-ұжданы мазалай бастайды (Мат. 24:45). Ол осы жайлы дұға етіп, Ефестіктерге 4:30-дағы сөздерді есіне түсіреді. Содан Құдай рухын ренжітуі мүмкін ештеңе жасамауға бел буып, бұдан былай жаман әуендерді тыңдамауды шешеді. Сол үшін Ехоба бұл бауырласты жарылқайды. Иә, Құдай рухын ренжітуден аулақ болғанымыз өте маңызды.
17. Қырағы болып, үнемі дұға ету неге маңызды?
17 Егер үнемі дұға етіп, қырағылық сақтамасақ, киелі рухты ренжітетін таза емес істерге бой алдырып қоюымыз ықтимал. Киелі рух көктегі Әкеміз Ехобаның еркіне сай әрекет ететіндіктен, оны ренжіту — Ехобаны ренжітумен бара-бар. Әрине, біз ешқашан олай еткіміз келмейді (Ефес. 4:30). I ғасырдағы дін мұғалімдері кереметтерді Шайтанның күшімен жасады деп, Исаға жала жапты (Марқа 3:22—30 оқы). Осылайша олар ‘Киелі Рухты қорлады’, яғни кешірілмес күнә жасады. Біз ешқашан ондай жағдайға тап болмайық!
18. Кешірілмес күнә жасамағанымызға қалай сенімді бола аламыз?
18 Біз кешірілмес күнәға жататын істерге тіпті жақындағымыз келмес еді. Сол себепті Пауылдың киелі рухты ренжітуге қатысты айтқан сөздерін әрдайым есте ұстайық. Алайда ауыр күнә жасап қойсақ ше? Ондай жағдайда шын жүректен өкініп, ақсақалдардың көмегін алсақ, Құдайдың кешіргеніне әрі киелі рухқа қарсы күнә жасамағанымызға сенімді болсақ болады. Ал Құдайдың көмегімен киелі рухты енді қайтып ренжітуден аулақ бола аламыз.
19, 20. а) Аулақ болуымыз қажет кейбір нәрселерді ата. ә) Не істеуге белімізді бекем буғанымыз жөн?
19 Киелі рух арқылы Құдай өз халқының арасында сүйіспеншілік, қуаныш пен ынтымақтың болуын қамтамасыз етіп отыр (Заб. 132:1—3). Сол себепті өсек таратып немесе киелі рух арқылы тағайындалған бағушылардың беделін түсіріп, Құдай рухын ренжітуден аулақ болуымыз керек (Ел. іс. 20:28; Яһд. 8). Оның орнына қауымда ынтымақ пен сыйластықтың болуына үлесімізді қосқанымыз жөн. Сондай-ақ өзгелерден бөлектеніп, ерекше топ құрмағанымыз дұрыс. Пауыл былай деген: “Бауырластар, сендерге Иеміз Иса Мәсіхтің атынан ескертемін: ауызбірлікті сақтап, жікке бөлінбеңдер, қайта, бірдей мақсат пен пікірде болып, бірлікте тұрыңдар!” (Қор. 1-х. 1:10).
20 Ехоба бізге киелі рухты ренжітуден аулақ болуға көмектескісі келеді және көмектесе алады да. Олай болса, үнемі киелі рухын өтініп Құдайға дұға етейік және оны ренжітпеуге белімізді бекем буалық. Бар ынтамызбен рухтың басшылығын қазір және мәңгі іздеп, ‘киелі рухқа қызмет ете берелік’.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдай рухын ренжіту деген не?
• Ехобаға бағышталған адам қалай оның рухын ренжітуі мүмкін?
• Киелі рухты ренжітпеу үшін не істеуіміз керек?
[30-беттегі сурет]
Келіспеушілікті тезірек шешіңдер
[31-беттегі сурет]
Аузыңнан шығатын сөзіңді қай жеміске теңеуге болады?