Ехобаның сөзі тірі
Ғалаттықтарға, ефестіктерге, філіпіліктерге және қолостықтарға арналған хаттардағы көңіл бұрарлық ойлар
ИУДАИЗМНІҢ уағыздаушылары кейбір мәсіхшілерді таза ғибадаттан тайдырғанын естіп, елші Пауыл “Ғалатия өлкесіндегі сенушілер қауымдарына” хат жібереді (Ғал. 1:1). Шамамен б. з. 50—52 жылдары жазылған бұл хатта нақты кеңестер мен пәрменді ескертулер бар.
Шамамен он жылдан кейін Римде ‘Иемізге қызмет еткеніне бола түрмеде жатқан’ Пауыл Ефестегі, Філіпідегі және Қолостағы қауымдарға хаттар жазып, ондағы бауырластарға жақсы кеңестер береді және сүйіспеншілікпен жігерлендіреді (Ефес. 4:1). Бүгінде біздің де бұл хаттарға көңіл бөлгеніміз пайдалы болады (Евр. 4:12).
АДАМДАР ҚҰДАЙ АЛДЫНДА ҚАЛАЙ АҚТАЛАДЫ?
Иудаизмді уағыздаушылар қулықпен Пауылдың беделін түсіруге тырысады. Сондықтан ол Мәсіхтің елшісі екенін дәлелдеу үшін, өмірінде болған нақты бір жайттарды баяндайды (Ғал. 1:11—2:14). Олардың жалған ілімдерін жоққа шығарып, Пауыл: ‘Адамдар Таурат заңын ұстану арқылы емес, тек Иса Мәсіхке деген сенімдерімен ғана Құдай алдында ақталады’,— деді (Ғал. 2:16).
Елші Пауыл Мәсіх “заңға бағынғандарды босатып”, оларға азаттық берді. Сосын, ол ғалаттықтарды: “Табанды болып, құлдықтың қамытын қайта кимеңдер!”— деп мықтап ескертті (Ғал. 4:4, 5; 5:1).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
3:16—18, 28, 29. Ыбырайыммен жасалған келісім әлі де күшінде ме? Иә, күшінде. Таурат заңы Құдайдың Ыбырайыммен жасаған келісімін ауыстырған жоқ, оған қосымша болды. Сондықтан Таурат заңы ‘күшінен айырылған’ кейін де, Ыбырайыммен жасалған келісім күшінде қала берді (Ефес. 2:15). Ондағы уәделер Ыбырайымның нағыз “ұрпағына” — біріншіден Иса Мәсіхке, сосын ‘Мәсіхтікі болғандарға’ — қатысты орындалады.
6:2 (сілт.). Мәсіхтің заңы деген не? Бұл заң Исаның барлық тәлімі мен өсиетінен тұрады. Оған, әсіресе, “біріңді бірің жақсы көріңдер” деген өсиеті кіреді (Жох. 13:34).
6:8. ‘Құдай Рухына қызмет ету’ деген нені білдіреді? Бұл Құдай рухы бізге әсер ете алатындай етіп өмір сүруді білдіреді. Сондай-ақ бұған киелі рухтың төгілуіне жол ашатын істерге шын жүректен атсалысу кіреді.
Біз үшін сабақ:
1:6—9. Мәсіхшілер қауымында проблемалар туындағанда, ақсақалдар шұғыл түрде әрекет етулері керек. Жазбаларды қолданып әрі қисынды дәлел келтіре отырып, олар теріс пікірлерді жоққа шығара алады.
2:20. Төлем — Құдайдың жеке әрқайсымызға берген сыйы. Біз оны осылай қарастыруды үйренуіміз керек (Жох. 3:16).
5:7—9. Жаман ортаның ‘жолымызға бөгеу болып, бізді шындыққа бағындырмай’ қоюға күші бар. Одан аулақ болғанымыз даналыққа жатады.
6:1, 2, 5. Рухани толысқан бауырластар ауыр жүгімізді, мысалы шалыс қадам басқанымыздың салдарынан туындаған қиындықтарымызды көтерісе алады. Ал рухани міндеттерімізді өзіміз атқаруымыз керек.
‘БӘРІН ДЕ БІРІКТІРІП МӘСІХТІҢ БИЛІГІНЕ ТАПСЫРУ’
Ефестіктерге арнаған хатында мәсіхшілердің ынтымағына назар аударып, Пауыл Құдайдың ‘белгілі уақыты жеткенде, бүкіл әлемді, көк пен жердегінің бәрін де біріктіріп, Бастығы ретінде Мәсіхтің билігіне тапсыратынын’ айтты. Мәсіх шәкірттерінің ‘бәрі бірге сену’ үшін, оларға “адам кейпіндегі тартулар” (ЖД) берді (Ефес. 1:10; 4:8, 13).
Мәсіхшілер Құдайды дәріптеп, ынтымақтары арта беруі үшін, ‘жаңа адам болып өмір сүрулері’ және ‘Мәсіхті қастерлейтіндіктен, бір-біріне мойынсұнулары’ керек. Сондай-ақ ‘шайтанның қастық іс-әрекетіне тойтарыс бере алулары үшін, олар Құдай берген “рухани қару-жарақпен” түгел жабдықталу’ қажет (Ефес. 4:24; 5:21; 6:11).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:4—7. Қалайша майланған мәсіхшілер дүниеге келмес бұрын алдын ала белгіленіп қойған? Олар әрқайсысы жеке емес, топ ретінде алдын ала, яғни күнәкар дүние пайда болмас бұрын белгіленіп қойған. Жаратылыс 3:15-тегі сөздер алғашқы күнәкар адам Хауаның құрсағында пайда болмас бұрын айтылған. Бұл пайғамбарлық Мәсіхпен бірге көкте оның кейбір ізбасарлары да билік ететініне қатысты Құдайдың ниетін қамтиды (Ғал. 3:16, 29).
2:2. Осы дүниенің рухы неге ауаға теңелген және оның күші қандай? Осы дүниенің тәуелсіздік пен тілазарлық рухы кең жайлағандықтан, оны ауа іспетті қоршап тұр деуге болады (Қор. 1-х. 2:12). Ол өз дегеніне сендіре алады, табандылықпен әрі тынымсыз ықпал етеді.
2:6. Жерде өмір сүріп жатқан майланған мәсіхшілер қалайша “көкте” отыр? Мұндағы “көкте” сөзі майланғандарға уәде етілген көктегі өмірге нұсқамайды. Бұл уәде етілген киелі рухтың оларға белгі салуының нәтижесінде ие болған жоғары рухани дәрежелерін көрсетеді (Ефес. 1:13, 14).
Біз үшін сабақ:
4:8 ЖД, 11—15. Иса Мәсіх “тұтқындарды алып кетті”, яғни Шайтанның қол астынан ер адамдарды босатып, оларды мәсіхшілер қауымын нығайтатын ‘адамдар кейпіндегі тартулар’ етіп берді. Біз жетекшілерімізге мойынсұнып, айтқандарын тыңдау және қауым шараларын қолдау арқылы “Иса Мәсіхпен тығыз байланысымызда жан-жақты өсіп жетілеміз” (Евр. 13:7, 17).
5:22—24, 33. Әйел күйеуіне мойынсұнып қана қоймай, оны құрметтеуі керек. Ол мұны “мейірімді де сабырлы” болу және күйеуі жайлы жақсы сөздер айтып, абыройын арттыруға ұмтылу, сондай-ақ шешімдерін барынша қолдау арқылы көрсетеді (Пет. 1-х. 3:3, 4; Тит. 2:3—5).
5:25, 28, 29. Күйеу өз тәніне “нәр” беретініндей, әйелінің тәндік, эмоционалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға тиіс. Сондай-ақ онымен жеткілікті уақыт өткізуі және сөзімен де, іс-әрекетімен де жұмсақтық танытып, оны аялауы керек.
6:10—13. Жын-перілерге қарсы тұра алу үшін, біз Құдай берген “рухани қару-жарақпен” барынша жабдықталуымыз қажет.
‘ӘРІ ҚАРАЙ ДА ТӘРТІПКЕ САЙ ӘРЕКЕТ ЕТЕЛІК’
Пауыл філіпіліктерге жазған хатында сүйіспеншілікке баса назар аударған. Ол: “Мен [Құдайға] сиынып, сүйіспеншіліктеріңмен қатар жан-жақты рухани білімдерің мен көрегендіктерің бұдан да арта берсін... деп тілеп отырмын”,— деді. Сондай-ақ філіпіліктер өздеріне тым сенімді болудың тұзағына түсіп қалмауы үшін, ол былай деп кеңес берді: ‘Құтқарылуларыңа сай іс-әрекет жасап, соны толығымен жүзеге асыруға ұмтылыңдар; Құдайды терең қастерлеңдер’ (Філіп. 1:9, 10; 2:12).
Пауыл рухани толысқан мәсіхшілерді ‘Құдайдың сыйына — Оның Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өміріне ие болу үшін көздеген мақсатқа’ ұмтылуға шақырды. Сосын ол: “Әрі қарай да қол жеткізген тәртіпке сай әрекет етелік”,— деді (Філіп. 3:14, 15, 16, ЖД).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:12, 13. Құдай өзіне ұнайтын істерді ‘қалауымызға’ және ‘жүзеге асыруымызға’ қалай түрткі болады? Ехобаның киелі рухы жүрегіміз бен санамызға әсер етіп, оған қызмет етуге деген ықыласымызды күшейтеді. Демек, ‘құтқарылуымызға сай іс-әрекет’ етіп жүргенде көмексіз қалмаймыз.
Біз үшін сабақ:
1:3—5. Філіпіліктер кедей тұрса да, жомарттық көрсету жағынан бізге жақсы үлгі қалдырды (Қор. 2-х. 8:1—6).
2:5—11. Исаның мысалынан көрінетіндей, кішіпейілділік — әлсіздіктің емес, моральдық күштің белгісі. Оның үстіне, Ехоба кішіпейілділердің абыройын арттырады (Нақ. с. 22:4).
3:13. ‘Өткен нәрселерге’ табысты жұмыс, бақуатты отбасындағы қауіпсіздік, сондай-ақ, өкініп әрі “тазарған” болсақ та, бұрын жасаған ауыр күнәларымыз жатады (Қор. 1-х. 6:11). Біз бұл нәрселерді ескермей, яғни олар жайлы уайымдауды қойып, ‘алдымыздағы бәйгеге қарай жан сала жүгіруіміз’ керек.
‘СЕНІМДІ МЫҚТАП ҰСТАН’
Пауыл қолостықтарға жазған хатында жалған тәлімгерлердің бұрыс көзқарастарын жоққа шығарды. Құтқарылу Заң талаптарын орындауға емес, ‘берік сенімге’ байланысты екенін көрсетті. Сондай-ақ ол қолостықтарды: ‘[Мәсіхпен] тығыз байланыста жүріңдер! Негіздерің Мәсіхте болып, терең тамыр жайып, өсе беріңдер; өздеріңе үйреткен сенімді мықтап ұстаныңдар’,— деп шақырды. Сенімді мықтап ұстанғандарының нәтижесі қандай болу керек еді? (Қол. 1:23; 2:6, 7).
Пауыл: “Барлық қасиеттердің бастысы ретінде сүйіспеншілікке бөленіңдер, ол бәріңді толықтай біріктіреді. Құдай сыйлаған тыныштық сендерге билігін жүргізсін!”— деп жазды. Сосын оларға: “Қандай жұмыс болса да, оны адам баласы үшін ғана емес, Иеміз үшін істеп жүргендей жан-тәндеріңмен атқарыңдар!”— деп кеңес берді. Ал ‘қауымнан тыс адамдармен парасатты қарым-қатынас жасауға’ шақырды (Қол. 3:14, 15, 23; 4:5).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:8 (сілт.). Пауыл ескерткен ‘осы дүниелік қарапайым ережелерге’ не жатады? Бұған Шайтан дүниесіндегі нәрселер — оны құрайтын, жетелейтін немесе оның қозғаушы күші болып табылатын негізгі нәрселер не принциптер — жатады (Жох. 1-х. 2:16). Олардың ішінде пәлсапа, материализм және осы дүниенің жалған діндері бар.
4:16. Неге Лаудікиге жазылған хат Киелі кітаптың құрамына кірмей қалған? Ол хаттағы мәліметтер қазіргі күн үшін қажеті жоқ болған шығар. Я болмаса, Киелі жазбалардың құрамына енген басқа хаттардағы мәліметтер онда қайталанған болуы мүмкін.
Біз үшін сабақ:
1:2, 20. Құдайдың бізге рақымын жаудырғаны әрі біз үшін төлем бергені ар-ұжданымызды тазартады және жан дүниемізге тыныштық сыйлайды.
2:18, 23. Адамның “орынсыз кіші пейілділік” танытқаны, яғни материалдық игіліктерден бас тартып немесе тәнін қатаң тәртіппен ұстау арқылы өзгелердің көзінше кішіпейіл болып көрінгені, оның ‘ақыл-ойын өз күнәкар болмысы билеп, кеудесін көтергенін’ білдіреді.