Ехобаның көмегін қабыл аласың ба?
“Жаратқан Ие менің Қолдаушым! Мен ештеңеден қорықпаймын” (ЕВРЕЙЛЕРГЕ 13:6).
1, 2. Ехобаның көмегі мен басшылығын қабыл алғанымыз неліктен маңызды?
ТАУ үстінде соқпақ жолмен келе жатқаныңды көз алдыңа елестетіп көрші. Бірақ сен жалғыз емессің, қасыңда жақсы жол көрсетуші бар. Ол саған қарағанда әлдеқайда тәжірибелі әрі шыныққан, соған қарамастан төзімділік танытып, сені тастамай келеді. Ол сенің арагідік сүрініп келе жатқаныңды да байқайды. Жағдайыңды ойлап, ол әсіресе қауіпті жерлерге келгенде қолын береді. Сен оның көмегінен бас тартар ма едің? Әрине, жоқ! Онсыз өміріңе қауіп төніп тұр ғой.
2 Біз, мәсіхшілер, қиын жолмен келе жатырмыз. Бұл тар жолда жалғыз жүруіміз керек пе? (Матай 7:14). Жоқ, Киелі кітапта әлемдегі ең жақсы Жол көрсетуші Ехоба Құдай адамдардың өзімен бірге жүруіне жол беретіні айтылады (Жаратылыс 5:24; 6:9). Ехоба қызметшілеріне көмектесе ме? Ол былай дейді: “Мен, сиынатын Құдай Иең, сені оң қолыңнан сүйемелдеймін. Қорықпа, Мен сені қолдап қорғаймын!” — деп саған берік уәде беремін” (Ишая 41:13). Келтірілген мысалдағы жол көрсетуші сияқты Ехоба өзімен бірге жүргісі келгендерге қайырымдылықпен көмекке қолын созып, дос болуды ұсынады. Ешқайсымыздың да оның көмегінен бас тартқымыз келмейтіні анық!
3. Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 Алдыңғы мақалада Ехобаның ежелгі уақыттағы қызметшілеріне көмектесуінің төрт жолын қарастырдық. Ол бүгінгі халқына тап солай көмектесе ме? Мұндай көмекті қабыл алып жатқанымызға қалай сенімді бола аламыз? Осы сұрақтарды қарастырып көрейік. Сонда Ехобаның шын Көмекшіміз екеніне көзіміз жете түседі (Еврейлерге 13:6).
Періштелердің көмегі
4. Неге Құдайдың бүгінгі қызметшілері періштелердің қолдау көрсететініне сенімді бола алады?
4 Періштелер Ехобаның бүгінгі қызметшілеріне көмектесе ме? Иә. Бірақ олар көзге көрініп келмейді. Тіпті Киелі кітап жазылған уақытта да, періштелердің көзге көрінетін кездері өте сирек болған. Тап бүгінгідей олардың істерінің көбісін адамдар көрмеген. Дегенмен періштелердің қолдау көрсететінін білген Құдайдың қызметшілері қатты жігерленген (Патшалықтар 4-жазба 6:14—17). Бізде де періштелердің көмегіне үміт артуға негіз бар.
5. Киелі кітапта бүгінгі уағыздау ісіне періштелердің атсалысатыны қалай көрсетілген?
5 Ехобаның періштелері бізге тікелей қатысы бар ерекше іске әсіресе қызығушылық білдіреді. Бұл қандай іс? Бұл сұрақтың жауабын Аян 14:6-дан табуға болады: ‘Мұнан кейін мен аспанда, шыңырау биікте ұшып бара жатқан ерекше бір періштені көрдім. Ол жер бетінде Құдайға мойынсұнбай тұратындарға — әрбір халыққа, руға, тілге және ұлтқа қарсы Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялауда’. Бұл ‘мәңгілік Ізгі хабар’ осы дүниенің ақыры келгенге дейін “барлық ұлттарға паш етілу” керек деп Иса алдын ала айтқан ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабармен’ тығыз байланысты екені сөзсіз (Матай 24:14). Әрине, періштелер тікелей өздері уағыздамайды. Бұл маңызды істі Иса адамдарға тапсырған (Матай 28:19, 20). Осы тапсырманы орындауымызға қасиетті періштелердің, дана да құдіретті рухани жаратылыстардың, көмектесетінін білгеніміз жігерлендірмей ме?
6, 7. а) Періштелердің уағыздау ісімізге қолдау көрсететіні неден көрінеді? ә) Ехобаның періштелерінің қолдауына ие болатынымызға қалай сенімді бола аламыз?
6 Уағыздау ісіне періштелердің қолдау көрсетіп жатқанын байқамау мүмкін емес. Мысалы, біз Ехоба Куәгерлерінің қызмет етіп жүріп, алдында ғана Құдайдан шындықты табуға көмектесуін сұраған адамдармен кездескендері туралы жиі естіп жатамыз. Мұндай оқиғалар тым жиі кездесетіндіктен, оларды жай ғана кездейсоқтық деп айтуға келмейді. Періштелердің осындай көмегінің арқасында, ‘шыңырау биікте ұшып бара жатқан періштенің’: “Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер!” — деген сөздеріне сәйкес әрекет етуді үйреніп жатқан адамдар күн санап өсуде (Аян 14:7).
7 Ехобаның қуатты періштелерінің қолдау көрсеткенін қалайсың ба? Олай болса, қызметке бар күшіңді сал (Қорынттықтарға 1-хат 15:58). Ехобаның ерекше тапсырмасын атқаруға дайын болсақ, оның періштелерінің көмектесетініне сенімді болуымызға болады.
Бас періштенің көмегі
8. Исаның көктегі дәрежесі қандай және неге бұл бізге сенімділік береді?
8 Сондай-ақ Ехоба бізге періште арқылы басқа да жолмен көмектеседі. Аян 10:1-де ‘беті күндей жарқыраған’, ‘күшті періште’ сипатталады. Аяндағы бұл періште көктегі билігіне ие болған сән-салтанатындағы Иса Мәсіх болу керек (Аян 1:13, 16). Исаның періште екені рас па? Қандай да бір мағынада рас, себебі ол — бас періште (Салониқалықтарға 1-хат 4:16). Иса — Ехобаның рухани ұлдарының ішіндегі ең қуаттысы. Ехоба періштелерден құралған әскерін оның қарамағына берген. Бұл бас періште — нағыз көмектің керемет көзі. Бұл қандай көмек?
9, 10. а) Қалай Иса күнә жасап қойсақ, қорғаушымыз болады? ә) Исаның үлгісі бізге қалай көмектеседі?
9 Жасы келген елші Жохан: “Егер біреуің күнә жасап қойсаң, Әкенің алдында әділ Қорғаушымыз бар — Иса Мәсіх”,— деп жазған (Жоханның 1-хаты 2:1). Неге Жохан Исаны әсіресе біз ‘күнә жасап қойғанда’ “Қорғаушымыз” болады деп айтқан? Біз күнәні күнде жасаймыз, ал күнә болса өлімге әкеледі (Шежірелер 2-жазба 6:36; Римдіктерге 6:23). Алайда Иса біздің күнәларымыз үшін өз өмірін құрбандыққа берген. Сондықтан ол бізді қорғап сөйлеу үшін рақымы мол Әкеміздің жанында отыр. Мұндай көмекке қай-қайсымыз болсақ та мұқтажбыз. Бірақ бұл көмекті қалай алуға болады? Ол үшін күнәларымызға өкініп, Исаның құрбандығы арқылы Құдайдан кешірім сұрауымыз керек. Сонымен қатар күнәларымызды қайталамауға күш салуымыз керек.
10 Өз өмірін қиюмен қатар, Иса біз үшін кемелді үлгі қалдырған (Петірдің 1-хаты 2:21). Оның үлгісі бізге басшылық болады және ауыр күнәдан бойымызды аулақ ұстап, Ехоба Құдайға ұнамды болуға көмектеседі. Осындай көмек алып жатқанымызға қуанышты емеспіз бе? Иса ізбасарларына басқа да көмекшінің немесе қамқоршының берілетінін уәде еткен.
Киелі рухтың көмегі
11, 12. Ехобаның рухы деген не, ол қаншалықты қуатты және неге бүгін оны қажет етеміз?
11 Иса: “Мен көктегі Әкемнен сендермен мәңгі бірге болатын Қамқоршыны [“көмекшіні”, ЖД] жіберуін өтінемін, Ол — шындықты білдіретін Киелі Рух [“киелі рух”, ЖД]. Күнәкар дүние Киелі Рухты [“киелі рухты”, ЖД] қабылдай алмайды”,— деп уәде еткен (Жохан 14:16, 17). Осы шындықты білдіретін киелі рух — тұлға емес, Ехобаның әрекет етуші күші. Оның қуатында шек жоқ. Бұл — Ехобаның Әлемді жаратқандағы, әсерлі кереметтер жасағандағы және өз еркін аяндар арқылы көрсеткендегі пайдаланған күші. Ехоба бүгінде өз рухын осылай ерекше түрде пайдаланбағандықтан, бізге оның қажеті жоқ деп айтуға бола ма?
12 Әрине, жоқ! Бұл “қиын-қыстау күндер” болғандықтан, Ехобаның рухы бұрын-соңды мұндай қажет болған емес (Тімотеге 2-хат 3:1). Киелі рух бізді сынақтарға төтеп беру үшін нығайтады. Ол Ехоба мен бауырластарымызға жақындата түсетін керемет қасиеттер дамытуымызға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Олай болса, Ехобаның осы ғажайып көмегін қалай алуымызға болады?
13, 14. а) Ехобаның өз халқына киелі рухты дайындықпен беретініне неге сенімді болуымызға болады? ә) Қандай әрекетімізбен шын мәнінде киелі рухты қабыл алмай жатқанымызды көрсетуіміз мүмкін?
13 Біріншіден, біз киелі рухты сұрап дұға етуіміз керек. Иса: “Сонымен өздерің күнәкар бола тұра балаларыңа жақсылық жасауды білесіңдер, көктегі Әкенің Өзінен сұрағандарға Киелі Рухын [“киелі рухын”, ЖД] сыйлайтыны ешбір шүбәсыз!” — деген (Лұқа 11:13). Иә, Ехоба — ең керемет Әке. Егер сеніммен әрі шын жүректен киелі рухын сұрайтын болсақ, оның бұл сыйды бермеуі мүмкін емес. Олай болса, біз оны сұрап жүрміз бе? Күнделікті дұға айтқанда осылай өтініш айтқанымыз абзал.
14 Екіншіден, киелі рухтың басшылығы бойынша әрекет етсек, оған ие боламыз. Мысалы, бір мәсіхші порнографияны көруге құмартып тұратын бейімділікпен күреседі дейік. Ол осы лас әдетінен құтылу үшін киелі рухты сұрайды. Әрі ақыл сұрап, мәсіхші ақсақалдарға жүгінеді де, олар оған табандылықпен әрекет етіп, мұндай жаман нәрседен тіпті аулақ жүруге кеңес береді (Матай 5:29). Егер ол кеңеске құлақ аспай, әрі қарай да азғырылуға жол бере берсе ше? Ол өзіне көмек беру үшін киелі рухты сұрап айтқан дұғасына сай әрекет етіп жатыр ма? Әлде оған Құдайдың рухын ренжітіп, бұл сыйдан айырылып қалу қаупі төніп тұр ма? (Ефестіктерге 4:30). Иә, бәріміз де Ехобаның осы керемет көмегін әрі қарай да алатынымызға сенімді болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
Құдай Сөзінің көмегі
15. Киелі кітапқа кәдімгі нәрсе ретінде қарамайтынымызды қалай көрсете аламыз?
15 Киелі кітап ғасырлар бойы Ехобаның адал қызметшілері үшін көмектің көзі болып келген. Жазбаларға кәдімгі нәрсе ретінде қараудың орнына, оның орасан зор пайда әкелетінін есімізден шығармауымыз керек. Бірақ бұл үшін күш салуымыз керек. Киелі кітапты оқу күн тәртібіміздің ажырамас бөлігі болу керек.
16, 17. а) Забур 1:2, 3-те Құдай заңын оқудың пайдасы қалай көрсетілген? ә) Забур 1:3-те ауыр еңбек жайлы не айтылған?
16 Забур 1:2, 3-те Құдайға ұнамды адам туралы: “Тәңір заңына қуанатын, күні-түні сол туралы ойлайтын әрбір адам қандай бақытты! Ол мерзімінде жемісін беретін, жапырақтары еш кеуіп сембейтін, су жағасындағы [“жағасына отырғызылған”, ЖД] ағашқа ұқсайды: не істесе де, табыссыз қалмайды”,— деп жазылған. Бұл сөздердің мәні неде? Мұны жай ғана өзеннің бойындағы көлеңкелі ағаш суреттелген жайбарақат көрініс ретінде қабылдауға болар еді. Түс қайта осындай жерде біраз көз шырымын алған қандай рақат! Бірақ бұл Забур жыры бізді тынығу жайында ойлауға шақырып тұрған жоқ. Керісінше, онда ауыр еңбек туралы айтылады. Бұны қайдан білеміз?
17 Байқасаңдар, бұл — жай ғана өзеннің бойында кездейсоқ өсіп тұрған көлеңкелі ағаш емес. Бұл — таңдалған орынға әдейі әкеліп “отырғызылған” жемісі мол ағаш. Ал су жөнінде не деуге болады? Әдетте жеміс бағының иелері бағалы ағаштарына суды жеткізу үшін жиі арық жүргізетін. Бұл біраз тер төгуді талап ететін. Енді бәрі де түсінікті болды. Егер рухани мағынада біз осы ағаш сияқты өркендеп жатсақ, бұл біз үшін көп жұмыс жасалғанының арқасында. Біз шындықтың таза суын тура өзімізге бұрып әкелетін ұйымның мүшелеріміз, бірақ өз тарапымыздан да күш салуымыз керек. Құдай Сөзіндегі шындықты миымыз бен жүрегімізге жеткізу үшін ой жүгіртіп, зерттеуіміз керек. Сонда біз де жақсы жеміс беретін боламыз.
18. Киелі кітаптан сұрақтарымыздың жауаптарын табу үшін не істеуіміз керек?
18 Сөреде жабулы күйінде жатса, Киелі кітаптан келер пайда жоқ. Ол сиқырлы кітап та емес, яғни көзімізді жұмып тұрып кез келген бетін ашып қалсақ, сұрағымыздың жауабы шыға келеді деп күте алмаймыз. Шешім қабылдарда “Құдай жайлы білімді” алу үшін көмулі қазына іздегендей бар күшімізді салуымыз керек (Нақыл сөздер 2:1—5). Өз жағдайымызға байланысты Жазбаларға негізделген кеңесті табу үшін жиі бар ынтамызбен әрі мұқият түрде зерттеу жасауымыз керек болады. Ізденіс жүргізуімізге көмектесетін Киелі кітапқа негізделген әдебиеттер көп. Құдай Сөзіндегі асыл тастарға ұқсайтын даналықты алу үшін осы әдебиеттерді барынша пайдаланатын болсақ, Ехобаның өзінен көмек алып жатқанымыз.
Бауырластар арқылы келетін көмек
19. а) Неге “Күзет мұнарасы” мен “Ояныңдар!” журналдарын бауырластар арқылы берілген көмек ретінде қарастыруға болады? ә) Біздің журналдардың қандай да бір мақаласының көмектескен кездері болды ма?
19 Ехобаның жердегі қызметшілері әрқашан бір-біріне көмек көрсеткен. Бұл жағына келгенде, Ехоба өзгерді ме? Әрине, жоқ. Әрқайсымыздың да бауырластардан керек уақытында дәл өзіміз қажет еткен көмекті алған кездеріміз болған. Мысалы, “Күзет мұнарасы” немесе “Ояныңдар!” журналдарының қажет кезінде жұбаныш берген, қиыншылықтарыңды шешуге немесе сенімдерің сыналған кезде көмектескен мақалаларын естеріңе түсіре аласыңдар ма? Ехоба бізге бұл көмекті ‘ас-суды уақтылы беруге тағайындалған’ “адал да ақылды құл” арқылы беріп отыр (Матай 24:45—47, ЖД).
20. Қалайша мәсіхші ақсақалдар “тартулар” бола алады?
20 Алайда көмекті біз жиі тікелей бауырластардың өздерінен аламыз. Мәсіхші ақсақалдың терең әсер қалдыратын баяндамалар айтуы, қиналған кезімізде көмектесетін бақташылық сапар жасауы немесе қайырымдылықпен әлсіздігімізді байқауға әрі оны жеңуге көмектесетін кеңес беруі мүмкін. Ақсақалдың көмегіне риза болған бір мәсіхші былай деп жазады: “Қызметте жүргенде, ол маған ішімдегіні ақтарып шығаруыма уақыт бөлді. Алдыңғы күннің кешінде ғана Ехобаға дұға етіп, көңілімдегіні айтатын бір адамды жіберуін сұраған едім. Ертесіне-ақ осы бауырлас менімен жанашырлықпен әңгімелесті. Ол Ехобаның маған көп жылдар бойы қол ұшын беріп келгенін көруіме көмектесті. Ехобаның маған осы ақсақалды жібергеніне ризамын”. Осындай жағдайлардың бәрінде мәсіхші ақсақалдар өмір жолында қалуымызға көмектесу үшін Ехобаның Иса Мәсіх арқылы беріп отырған “тартулары” екендіктерін көрсетеді (Ефестіктерге 4:8).
21, 22. а) Қауымдағылардың Філіпіліктерге 2:4-тегі кеңесті қолданғандарының нәтижесі қандай болады? ә) Неге қайырымдылықпен жасалған кішігірім әрекеттің өзі маңызды?
21 Ақсақалдармен қатар әрбір адал мәсіхші киелі рухтың жетелеуімен жазылған “әркім өз мүддесін ғана емес, басқалардікін де ойлай жүрсін” деген кеңесті орындағысы келеді (Філіпіліктерге 2:4). Қауымдағылар осы кеңесті қолданғанда, қайырымдылықпен жасалған керемет әрекеттер байқалады. Мысалы, бір отбасы күтпеген жерден қайғылы жағдайға тап болады. Әкесі кішкентай қызымен дүкеннен қайтып келе жатып, жол апатына ұшырайды. Қыз қайтыс болады да, әкесі ауыр жарақат алады. Ауруханадан шыққан кезде, оның дәрменсіз болғандығы сонша, өзі күшімен еш нәрсе істей алмай қалады. Оның қайғыдан есеңгіреп қалған әйелі оған жалғыз қарауға әлі жетпейді. Сондықтан қауымдағы бір жұбайлар қайғыға батқан ерлі-зайыптыларды үйлеріне алып, оларға бірнеше апта бойы қарайласады.
22 Әрине, қайырымды әрекеттердің бәрі мұндай қайғының нәтижесінен болмайды және үнемі үлкен құрбандықты қажет етпейді. Кейде кішігірім ғана көмек аламыз. Бірақ біз бәрібір ризамыз, солай емес пе? Бауырластардың жылы сөзінен немесе қамқор әрекетінен дәл өзің қажет еткен көмек алған кездерің болды ма? Ехоба бізге қамқорлығын жиі осындай жолмен көрсетеді (Нақыл сөздер 17:17; 18:24).
23. Бір-бірімізге көмектесуге тырысып жатқанымызға Ехоба қалай қарайды?
23 Ехобаның өзіңді басқаларға көмектесу үшін қолданғанын қалайсың ба? Сенде мұндай мүмкіндік бар. Ехоба мұндай талпынысыңды бағалайды. Оның Сөзінде: “Жарлыны қамқорлаған — Жаратқанға қарыз бергені, игі істерінің есесін Жаратқан қайтарып береді”,— деп жазылған (Нақыл сөздер 19:17). Бауырластардың мүддесіне қызмет еткеніміз үлкен қуаныш әкеледі (Елшілердің істері 20:35). Ешкімге қосылмай, саяқ жүретін адам мұндай көмекті беру арқылы да, алу арқылы да сезінетін қуаныштан құр қалады (Нақыл сөздер 18:1). Сондықтан бір-бірімізді жігерлендіре алу үшін мәсіхшілер қауымында әрқашан бас қосып отырайық (Еврейлерге 10:24, 25).
24. Ехобаның әсерлі кереметтерін көрмегеніміз үшін неге өзімізді бір нәрседен құр алақан қалғандай сезінбеуіміз керек?
24 Ехобаның бізге қалай көмектесіп жатқаны жайлы ой жүгірткен жақсы емес пе? Ехобаның өз ниетін іске асыру үшін әсерлі кереметтер жасайтын уақытта өмір сүріп жатпағанымызбен, өзімізді бір нәрседен құр алақан қалғандай сезінбеуіміз керек. Ехобадан алатын нәрселердің ең маңыздысы, адалдығымызды сақтап қалу үшін қажеттінің бәрін беріп жатқаны болып табылады. Егер бәріміз бірігіп, берік сеніммен ақырына дейін нық тұрар болсақ, Ехобаның тарихтағы ең әсерлі және салтанатты істерін көретін боламыз! Сондықтан Ехобаның сүйіспеншілікпен берген көмегін қабыл алып, оны барынша пайдалануға белімізді бекем буайық. Осылайша 2005 жылға арналған тармақтағы: ‘Маған көмек Ехобадан келеді’,— деген сөздерге қосыла аламыз (Забур 121:2, ЖД; [120:2]).
Қалай ойлайсыңдар?
Бүгінде қажет ететін көмекті Ехоба...
• періштелер арқылы...
• киелі рухы арқылы...
• өзінің Сөзі арқылы...
• бауырластар арқылы қалай береді?
[14-беттегі сурет]
Періштелердің уағыздау ісіне қолдау көрсетіп жатқанын білгеніміз жігерлендіреді
[17-беттегі сурет]
Ехоба бауырластардың бірі арқылы біз қажет еткен жұбанышты бере алады