Ехоба біздің көмекшіміз
“Көк пен жерді жаратқан Тәңір Ием маған жар” (ЗАБУР 120:2).
1, 2. а) Неге бәріміздің де көмекті қажет ететін кездеріміз болады деп айтуға болады? ә) Ехоба қандай көмекші?
ҚАЙСЫМЫЗ көмекті ешқашан керек қылған емеспін деп айта аламыз? Бәріміздің де үлкен қиындыққа, қайғыға және ауыр сынаққа төтеп бере алу үшін көмекті қажет ететін кездеріміз болады. Бұл — өмір шындығы. Көмек керек болғанда, адамдар жиі жанашыр достарын іздейді. Осындай достармен қайғысын бөліскенде, оған төтеп беру оңайырақ болады. Бірақ достардың беретін көмегі шектеулі. Оның үстіне, көмек керек болғанда жақындарымыз қол ұшын бере алмаулары мүмкін.
2 Алайда құдіреті мен мүмкіндігі шексіз Көмекші бар. Оның үстіне, ол бізді ешқашан тастамайтынын айтады. Ол туралы забур жыршысы толық сеніммен: “Тәңір Ием маған жар”,— деп жырлаған (Забур 120:2). Неге забур жыршысы Ехобаның оған көмектесетініне сенімді болған? Бұл сұраққа жауап беру үшін 120-шы Забур жырын қарастырайық. Сонда неліктен біздің де Ехобаға көмекшіміз ретінде қарауымызға негіз бар екенін көреміз.
Көмектің Қайнар көзі
3. Забур жыршысы қандай тауларға көз тіккен болуы мүмкін және неге?
3 Забур жыршысының алғашқы сөздерінен Ехоба Жаратушы болғандықтан, оған сенім артуға негіз бар екені көрінеді. “Тауға көзді қадаймын: Қайдан жәрдем келер? — деп. Көк пен жерді жаратқан Тәңір Ием маған жар” (Забур 120:1, 2). Забур жыршысы көзін кез келген тауға қадаған жоқ. Бұл сөздер жазылған уақытта Ехобаның ғибадатханасы Иерусалимде болатын. Яһуди тауларының биігінде орналасқан бұл қала Ехобаның бейнелі тұрағы болған (Забур 134:21). Забур жыршысы Ехобаның көмегіне сеніммен үміт арта отырып, Құдайдың ғибадатханасы орналасқан Иерусалим тауларына көз тіккен болу керек. Неге забур жыршысы Ехобаның көмектесетініне сонша сенімді болған? Себебі ол “көк пен жерді жаратқан”. Басқаша айтқанда, забур жыршысы: “Құдіреті күшті Жаратушының маған көмектесетініне ештеңе де кедергі бола алмайды!” — деген (Ишая 40:26).
4. Забур жыршысы Ехобаның өз халқының қажеттіліктерін ешқашан назарынан тыс қалдырмайтынын қалай көрсетті және неге бұл жұбаныш береді?
4 Одан соң забур жыршысы Ехоба өз қызметшілерінің қажеттіліктерін ешқашан назарынан тыс қалдырмайтынын түсіндіреді: “Тайдырмайды Ол табаныңды, ұйықтамайды Қорғаушың, Исраилді Қолдап-қорғаушы қалғымайды да, ұйықтамайды” (Забур 120:3, 4). Құдайдың өзіне сенім артқандардың табандарының таюына немесе қайта тұра алмайтындай болып құлауына жол беруі мүмкін емес (Нақыл сөздер 24:16). Неге? Себебі Ехоба қойларын күзетіп отырған сергек бақташыға ұқсайды. Бұл жұбаныш береді емес пе? Ол бір сәт мүлгіместен, халқының қажеттіліктерін назарында ұстайды. Оларға бас-көз болып, күні-түні қадағалауда.
5. Неге Ехоба ‘оң жағымызда’ тұрады деп айтылған?
5 Ехобаның өз халқының адал Қорғаушысы екеніне сенімді забур жыршысы: “Қорғаушың — Жаратқан Ие, қасыңда [“оң жағыңда”, ЖД] саяң боп жүреді, күндіз күннің, түнде айдың тимесін деп сәулелері”,— деп жазған (Забур 120:5, 6). Таяу Шығыста сая немесе көлеңке — жаяу жолаушы үшін шыжып тұрған күннен қорғаныш болатын қалаулы орын. Ехоба халқы үшін қасіреттің қайнаған ыстығынан қорғайтын көлеңке сияқты. Байқасаңдар, Ехоба ‘оң жағымызда’ болады деп айтылған. Ежелгі шайқастарда сарбаз қалқанды сол қолында ұстағандықтан, оң жағын толық қалқалай алмаған. Берілген досы сарбазды қорғау үшін оның оң жағында тұрып шайқасқан. Ехоба осындай дос сияқты таймастан өз қызметшілерінің жанында әрқашан көмек беруге дайын тұрады.
6, 7. а) Забур жыршысы Ехобаның өз халқына көмектесуін ешқашан доғармайтынына қалай көзімізді жеткізеді? ә) Неге біз де забур жыршысындай сенімді бола аламыз?
6 Ехоба өз халқына көмектесуін доғаруы мүмкін бе? Жоқ, бұл мүмкін емес! Забур жыршысы жырын былай деп аяқтаған: “Жамандықтың барлығынан Жаратқан Ие сені сақтайды, Жаныңды Ол қорғап-қолдайды. Бүгіннен бастап мәңгі-бақи Иеміз қорғайтын болады барып-келу сапарыңды” (Забур 120:7, 8). Бесінші тармақта забур жыршысы осы шақты қолданған: “Қорғаушың — Жаратқан Ие”. Ал бұл тармақтарда ол: “Бүгіннен бастап мәңгі-бақи Иеміз қорғайтын болады”,— деп болашаққа қатысты айтып отыр. Бұл тармақтар шынайы ғибадат етушілерге Ехобаның болашақта да көмектесетініне сенімділік береді. Олар қайда барса да, қандай қасіретке кезіксе де, Құдайдың көмегінсіз қалмайды (Нақыл сөздер 1:33).
7 120-шы Забур жырының құрастырушысы, шынында да, Құдіретті Жаратушының өз қызметшілерін қамқор бақташыдай және сергек күзетшідей қадағалап отырғанына сенімді болған. Забур жыршысы сияқты біз де сенімдіміз, себебі Ехоба өзгермейді (Ишая 46:4). Бұл деген біз тәндік жағынан ешқандай да зиян көрмейміз дегенді білдіре ме? Жоқ, бірақ Құдайға көмекшіміз ретінде қарайтын болсақ, ол да бізді рухани зиян тигізетін нәрсенің бәрінен қорғайтын болады. Олай болса: “Ехоба бізге қалай көмектесіп жатыр?” — деген орынды сұрақ туындайды. Оның бізге көмек көрсететін төрт жолын қарастырайық. Бұл мақалада оның Киелі кітап жазылған уақытта қызметшілеріне қалай көмектескенін әңгіме етеміз. Ал келесі мақалада оның бүгінгі халқына қалай көмектесіп жатқанын қарастырамыз.
Періштелердің көмегі
8. Неге періштелер Құдайдың жердегі қызметшілерінің жағдайын барынша ойлайтындарына таңғалмаса да болады?
8 Ехобаның қол астында жүздеген миллион періштелер бар (Даниял 7:9, 10). Бұл рухани жаратылыстар Құдайға адал қызмет етеді (Забур 102:20). Олар Ехобаның жердегі қызметшілерін қатты жақсы көретінін және оларға көмектескісі келетінін жақсы біледі. Сондықтан періштелер Құдайдың жердегі қызметшілерінің жағдайын барынша ойлайтындарына таңғалмаса да болады (Лұқа 15:10). Олай болса, Ехоба адамдарға көмектесу үшін өздерін қолданып отырғанына періштелер қатты қуанатын болу керек. Ехоба ежелгі кезде жердегі қызметшілеріне періштелер арқылы қалай көмектесті екен?
9. Періштелердің адал адамдарды қорғағанын көрсететін мысал келтіріңдер.
9 Періштелерге Құдай адал адамдарды қорғап, құтқарып отыруды тапсырған. Екі періште Лут пен оның қыздарына Содом мен Ғомора жойылғанда қашып құтылуларына көмектескен (Жаратылыс 19:1, 15—17). Бір періште Ассирияның Иерусалимге қауіп төндірген 185 000 сарбазын қырып салған (Патшалықтар 4-жазба 19:35). Даниял арыстандар жатқан орға тасталғанда, Ехоба ‘періштесін жіберіп, арыстандардың аузын жауып қойған’ (Даниял 6:22). Тағы бірде періште елші Петірді түрмеден босатқан (Елшілердің істері 12:6—11). Киелі кітапта періштенің Құдай қызметшілерін қорғағаны туралы басқа да көптеген оқиға жазылған, бұның бәрі Забур 33:8-дегі: “Жаратқан Иеден қорқатындарды Оның періштесі қоршап алып, құтқарады”,— деген сөздердің растығын дәлелдейді.
10. Даниял пайғамбарды жігерлендіру үшін Ехоба періштесін қалай пайдаланған?
10 Кейде періштелерді Ехоба адал адамдарды жігерлендіріп, нығайтуға жіберетін. Даниял кітабының 10-тарауында осының жан тебірентерлік мысалы жазылған. Ол кезде Даниялдың жасы жүзге таяп қалған болу керек. Пайғамбардың көңілі қатты жабырқаулы еді, ол Иерусалимнің қираған күйі мен ғибадатхананы қайта қалпына келтіру жұмысының тым баяу жүріп жатқанын уайымдаған болу керек. Сонымен қатар қорқынышты аян көрген пайғамбар не істерін білмей есі шығып қалады (Даниял 10:2, 3, 8). Құдай сүйіспеншілік танытып, оны жігерлендіру үшін періштесін жібереді. Періште бірнеше рет Даниялдың есіне оның Құдайдың қалаулы адамы екенін салады. Бұл қарт пайғамбарға қалай әсер етеді? Ол періштеге: “Сен мені нығайттың”,— дейді (Даниял 10:11, 19).
11. Ехобаның ізгі хабардың уағыздалуына періште арқылы басшылық жасағаны қандай мысалдардан көрінеді?
11 Сондай-ақ Ехоба періштелерді уағыздау ісіне басшылық ету үшін қолданған. Мысалы, періште Філіптің эфиопиялық уәзірге Мәсіх туралы уағыздауына басшылық етеді де, ол артынан шомылдыру рәсімінен өтеді (Елшілердің істері 8:26, 27, 36, 38). Осыдан кейін көп ұзамай, Құдайдың еркімен ізгі хабар сүндеттелмеген басқа ұлт адамдарына да уағыздалады. Құдайдан қорқатын басқа ұлт адамы Корнелге аянда періште келіп, елші Петірге кісі жіберуін айтады. Корнелдің хабаршылары Петірді тауып алғанда, оған: ‘Корнелге Құдайдың періштесі: — Петірді үйіңе шақыр, не айтады екен, соны тыңда! — деп бұйырды’,— дейді. Петір Корнелге баруға келіседі де, сүндеттелмеген ең бірінші басқа ұлт адамдары мәсіхшілер қауымына қосылады (Елшілердің істері 10:22, 44—48). Періште мәңгі өмір сүруге ыңғай танытқан адамға жолығуыңа көмектессе, қандай күйге бөленер едің!?
Киелі рух арқылы келетін көмек
12, 13. а) Неге Исаның елшілерінде киелі рухтың көмектесетініне сенетін негіз бар еді? ә) Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерді киелі рух қалай қолдаған?
12 Өлерінен аз уақыт бұрын Иса елшілеріне көмексіз қалдырмайтынын айтқан. Көктегі Әкелері оларға ‘Қамқоршылары — Киелі Рухты’ береді (Жохан 14:26). Елшілерде киелі рухтың көмектесетініне сенетін негіз бар еді. Себебі Киелі жазбада Ехоба халқына Әлемдегі ең қуатты күші киелі рух арқылы қалай көмектескенін көрсететін мысалдар көп қой.
13 Көп жағдайларда Ехоба киелі рух арқылы адамдарға өз еркін орындауға күш берген. Киелі рух арқылы билер Исраилді құтқарған (Билер 3:9, 10; 6:34). Осы рух бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге ешқандай қарсылықтарға қарамастан, батылдықпен уағыздай беруге күш берген (Елшілердің істері 1:8; 4:31). Олардың қызметте жеткен жетістіктері киелі рухтың әсер еткенін анық көрсетеді. Әйтпесе “арнайы діни даярлықтан өтпеген қарапайым” адамдардың Құдай Патшалығы туралы хабарды сол кезде белгілі болған аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жариялағанын басқаша қалай түсіндіруге болады? (Елшілердің істері 4:13; Қолостықтарға 1:23).
14. Ехоба өз халқына еркін тереңірек түсіндіру үшін киелі рухты қалай қолданған?
14 Сондай-ақ Ехоба киелі рухын өз халқына еркін тереңірек түсіндіру үшін қолданған. Құдай рухының көмегімен Жүсіп перғауынның пайғамбарлық түстерінің мәнін түсіндіріп бере алды (Жаратылыс 41:16, 38, 39). Киелі рухы арқылы Ехоба өзінің еркін момындарға білдірді де, көкіректерден жасырды (Матай 11:25). Ехобаның “Өзін сүйетіндерге” беріп отырған нәрселері жайында елші Пауыл: “Бұны Құдай біздерге Өзінің Киелі Рухы арқылы анық білдірді”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 2:7—10). Адам киелі рухтың арқасында ғана Құдайдың еркін толық түсіне алады.
Құдай Сөзінің көмегі
15, 16. Ешуа парасатты әрекет ету үшін не істеу керек еді?
15 Ехобаның Сөзі ‘тәлім беру үшін тиімді’ және Құдайдың қызметшілеріне “барша игі іске дайындалып, толықтай даяр” бола алуларына көмектеседі (Тімотеге 2-хат 3:16, 17). Киелі кітапта Құдайдың ежелгі қызметшілері сол уақытта бар Жазбалардың көмегін көрген көптеген мысалдар жазылған.
16 Құдайдың қызметшілеріне Жазбалар сенімді басшылық берген. Ешуаға Исраилді бастап жүру ісі тапсырылғанда, Ехоба оған: “Бұл [Мұса жазған] заң кітабы аузыңнан кетпесін; қайта, ондағы жазылғанның бәрін дәл орындау үшін одан күні-түні үйрен. Сонда жолдарыңда табысты боласың және парасатты әрекет етесің”,— деп айтқан. Байқасаңдар, Құдай Ешуаға даналықты қандай да бір керемет жолмен беруді уәде еткен жоқ. Ешуа егер ‘заң кітабын’ оқып, ол туралы ой жүгіртетін болса ғана парасатты әрекет етер еді (Ешуа 1:8; Забур 1:1—3).
17. Сол уақытта бар Жазбалардың Даниял мен Жосия патшаға қандай көмегі тиген?
17 Ехоба жазылған Сөзін өзінің еркі мен ниетін білдіру үшін де қолданған. Мысалы, Еремияның жазбаларынан Даниял Иерусалимнің қанша уақыт бос жататынын білген (Еремия 25:11; Даниял 9:2). Сондай-ақ Яһуда патшасы Жосия басқарып тұрған кезінде не болғанын да қарастырайық. Ол кезде халық Ехобадан теріс айналып кеткен еді және патша Заңның жеке көшірмесін жасап, оны орындамаған болу керек (Заңды қайталау 17:18—20). Алайда ғибадатхананы жөндеп жатқанда, Мұса жазған жазбалар болуы керек, “заң кітабы” табылады. Бұл 800 жыл бұрын жазылған түпнұсқаның өзі болса керек. Онда не жазылғанын естіген кезде, Жосия Ехобаның заңдарынан халықтың қаншалықты алшақтап кеткенін көреді және ондағы өсиеттерді орындау үшін батыл әрекеттер жасайды (Патшалықтар 4-жазба 22:8; 23:1—7). Құдайдың қызметшілеріне сол уақытта бар Жазбалардың көмегі тигені анық көрініп тұрған жоқ па?
Бауырластар арқылы келетін көмек
18. Неге Құдайдың қызметшілерінің бір-біріне көмек көрсетіп жатқаны Ехобаның арқасында деп айтуға болады?
18 Ехоба көмекті жиі бауырластар арқылы береді. Құдайдың қызметшілері бір-біріне көмек көрсетіп жатса, мұның бәрі Құдайдың арқасында. Неге бұлай деуге болады? Оның екі себебі бар. Біріншіден, Құдайдың киелі рухы әсер етеді. Киелі рухтың өздеріне әсер етуіне күш салатын адамдардың бойында осы рух сүйіспеншілік және кеңпейілділік сияқты жемістер тудырады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Сондықтан Құдайдың қызметшілері бір-біріне көмек көрсетуге талпынса, бұл — киелі рухтың әсер етіп жатқанының белгісі. Екіншіден, біз Құдайға ұқсас етіп жаратылғанбыз (Жаратылыс 1:26). Сондықтан біз қайырымдылық пен жанашырлықты қоса алғанда, оның қасиеттерін көрсете аламыз. Демек, Құдайдың қызметшілері бір-біріне көмек көрсетіп жатса, мұның бәрі олар ұқсас етіп жаратылған Тұлғаның арқасында болады.
19. Киелі кітапқа сай, Ехоба бір сенімдегілер арқылы қалай көмек көрсеткен?
19 Қалай Киелі кітап жазылып жатқан уақытта Ехоба бір сенімдегілер арқылы көмек көрсеткен? Ехоба Еремияның Варухқа өмірін сақтап қалатын кеңес бергені сияқты, қызметшілерін жиі бір-біріне кеңес беруге талпындырған (Еремия 45:1—5). Кейде Құдайдың қызметшілері бір сенімдегілеріне материалдық жағынан көмек көрсеткен. Мысалы, Македония мен Ахаядағы мәсіхшілер Иерусалимдегі бауырластарға белсене көмек көрсеткен. Елші Пауыл мұндай жомарттық үшін адамдар әділ түрде ‘Құдайға шүкірлік ететінін’ айтқан (Қорынттықтарға 2-хат 9:11).
20, 21. Қалай Римдегі бауырластар елші Пауылды нығайтқан?
20 Ехобаның қызметшілері бірін-бірі нығайтып, жігерлендіруге күш салғандары жайында оқу әсіресе тебірентеді. Елші Пауылдың басынан өткен оқиғаны қарастырайық. Тұтқын ретінде Римге бара жатқан жолында Пауыл Аппи жолы деп аталатын римдіктер соққан үлкен жолмен өтеді. Бұл сапардың соңғы бөлігі әсіресе жағымсыз болған, себебі жолаушылардың ойлы, батпақты жерлерден өтулеріне тура келгенa. Ал Римдегі бауырластар Пауылдың келе жатқанын білген. Олар не істеді екен? Пауыл өзі келіп, оларға сәлем бергенше, қаладағы жайлы үйлерінде күтіп жатты ма?
21 Пауылға еріп жүрген Киелі кітап жазушысы Лұқа не болғанын былай деп баяндайды: “Ол жақтағы [Римдегі] бауырластар біз туралы хабар алып, Аппи базары мен Үш қонақ үй деген жерлерге дейін келіп, алдымыздан қарсылап шықты”. Осы оқиғаны көз алдарыңа елестете аласыңдар ма? Пауылдың келе жатқанын білген соң, бауырластар Римнен оны қарсы алуға шығады. Олардың біразы Пауылды Римнен 74 шақырым жерде орналасқан Аппи базарында, кеңінен танымал пошта стансасында, күткен. Ал қалғандары қаланың сыртында 58 шақырым жердегі Үш қонақ үй деген жерде күтеді. Бұл Пауылға қалай әсер етті? Лұқа былай дейді: “Пауыл оларды көргенде Құдайға шүкірлік айтып, жігерленіп қалды” (Елшілердің істері 28:15). Ойлап көріңдерші, осындай жолды жүріп өтуге дайындық білдірген сол бауырластарды көргеннің өзі Пауылды едәуір нығайтып тастаған! Ол осындай қолдауға ие болғаны үшін ризашылығын кімге білдірген? Осының бәріне себепші болған Ехоба Құдайға.
22. 2005 жылға арналған тармақ қандай және келесі мақалада не қарастырылады?
22 Шынында да, Киелі кітапта жазылған Құдайдың істері оның Көмекші екенін көрсетеді. Оған тең келетін Көмекші жоқ. Сондықтан Ехоба Куәгерлерінің 2005 жылға арналған тармағы ретінде Забур 120:2-дегі (ЖД): ‘Маған көмек Ехобадан келеді’,— деген сөздерін алғаны өте орынды. Бірақ Ехоба бүгінде қалай көмектеседі? Бұл туралы келесі мақалада қарастырылады.
[Сілтеме]
a Осы жолмен жүріп өткен Рим ақыны Гораций (Б. з. б. 65 жыл — б. з. б. 8 жыл) осы жолдың соңғы бөлігінің қандай қолайсыз болғанын сипаттаған. Гораций Аппи базарын “қайықшылар мен арамза асхана иелеріне толы” деп суреттейді. Ол “қарғыс атқыр масалар мен бақаларға” және “жеркенішті” суға наразылығын білдіреді.
Естеріңде ме?
Ехоба...
• періштелер арқылы...
• киелі рух арқылы...
• Сөзі арқылы...
• бір сенімдегілер арқылы қалай көмектеседі?
[9-беттегі сөздер]
2005 жылға арналған тармақ: ‘Маған көмек Ехобадан келеді’ (Забур 120:2, ЖД).
[10-беттегі сурет]
Пауыл Римдегі бауырластар арқылы көмек алғаны үшін Құдайға ризашылығын білдірген