Ехоба жол дайындайды
«Патшалық туралы осы Ізгі хабар... жарияланады» (МАТАЙ 24:14).
1. I және XX ғасырдағы уағыздау ісі қаншалықты табысты болды?
ЕХОБА — сүйіспеншіліктің Құдайы, сондықтан, «барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алуларын қалайды» (1 Тімотеге 2:4). Бұл үшін бүкіл дүниежүзілік уағыздау және оқыту науқаны жүру керек. Бірінші ғасырда осы уағыздау ісімен айналысқан мәсіхшілер қауымы «шындықты тірек, таяныш секілді жоғары көтеріп ұстады» (1 Тімотеге 3:15). Содан соң, ұзақ уақытқа созылған шындық жолдан таюшылық кезеңі келіп, шындықтың жарығы көмескіленді. Ал қазір, «заманның ақырының» кезінде, «білім» қайта тереңдеп, миллиондаған адамдар Киелі кітаптағы уәдеге сәйкес мәңгі құтқарылу үмітіне ие болып отыр (Даниел 12:4).
2. Ехоба уағыздау ісі үшін қандай қам жасады?
2 Шайтанның Ехобаның ниетіне кедергі жасау үшін үздіксіз күш салуына қарамастан, I ғасырда да, XX ғасырда да уағыздау ісі таң қаларлық табысқа жетті. Бұл Ишая айтқан пайғамбарлықты еске салады. Ол б. д. д. VI ғасырда тұтқыннан Иудеяға қайтып оралған иудейлер туралы былай деп жазған болатын: «Барлық сай-салалар толтырылсын, тау-төбелер аласартылсын, қисық жолдар түзетілсін, бұдыр жерлер тегістелсін!» (Ишая 40:4). Ехоба I және XX ғасырлардағы уағыздау науқаны үшін де жол дайындап, оны түзеді.
3. Ехоба өзінің алдына қойған мақсаттарын қандай жолдармен жүзеге асыра алады?
3 Бұл — Ехоба Ізгі хабарды уағыздау ісіне жәрдемдесу үшін жердегі болып жатқан нәрсенің бәріне тікелей әсер етті дегенді білдірмейді; сонымен қатар, бұл болашақтағы болуға тиісті нәрселерді егжей-тегжейлеріне шейін білу үшін Ехоба өзінің болашақты болжау қабілетін пайдаланды дегенді де білдірмейді. Әрине, ол болашақтағы оқиғаларды біле де, бағыттай да алады (Ишая 46:9—11). Бірақ, ол оқиғалардың даму барысына да байланысты іс-қимыл жасай алады. Отарын қалай бағып, қалай қорғау керек екенін білетін тәжірибелі бақташы сияқты, Ехоба өз халқына басшылық беруде. Ол өз халқын рухани қамтамасыз етеді және бүкіл дүниежүзілік ізгі хабарды уағыздау ісінің табысты болуына көмектесетін жағдайлар мен оқиғаларды пайдалануға ынталандырады. Осылайша, өзінің қызметшілерін құтқарылуға жетелейді (Забур 22:1—4).
Қиын тапсырма
4, 5. Неліктен Ізгі хабарды уағыздау оңай тапсырма емес еді?
4 Нұхтың кезіндегі кеме құрылысы сияқты, I ғасырдағы және біздің уақытымыздағы Патшалық туралы уағыздау ісі де орасан зор тапсырма еді. Жалпы алғанда, барлық халыққа қандай да бір хабарды жеткізудің өзі оңай емес, ал бұл тапсырма әлдеқайда қиын еді. I ғасырда шәкірттердің саны басқа діндегілерге қарағанда аз болды. Олардың басшысы Исаны айыптап, бүлікші есебінде өлтірген еді. Иудейлердің дінінің беделі зор болатын. Иерусалимде сәулетті ғибадатхана бар еді. Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан елдерде иудейлердің дінінен бөлек діндердің де беделі жоғары болатын. Олардың да өздерінің ғибадатханалары мен діни қызметкерлері бар еді. Сол сияқты 1914 жылы «заманның ақыры» басталған уақытта да майланған мәсіхшілер аз еді де, өздерін Құдайдың қызметшілері атаған басқа діндердің жолын ұстанушылар сансыз көп еді (Даниел 12:9).
5 Иса өзінің шәкірттеріне олардың қуғынға ұшырайтынын ескертті. Ол: «Сендерді қинауға ұстап береді де өлтіреді. Менің атыма бола барлық халықтар сендерді жек көреді»,— деді (Матай 24:9). Сонымен қатар, әсіресе «соңғы дәуірде» мәсіхшілерді «қиын-қыстау күндер» күтіп тұрды (2 Тімотеге 3:1). Жұмыс кең көлемді болғандықтан, әрі алда қуғын және қиын-қыстау күндер күтіп тұрғандықтан, уағыздау ісі өте күрделі тапсырма болар еді. Оны орындау үшін өте күшті сенім қажет еді.
6. Ехоба өз халқын уағыздау ісінің нәтижелі болатындығына қалай сендірді?
6 Ехоба қиыншылықтардың болатынын, бірақ ешқандай да кедергінің жұмысты тоқтата алмайтындығын білді. Істің нәтижелі болатындығы I ғасырда да, XX ғасырда да керемет түрде орындалған көпшілікке танымал пайғамбарлықта алдын ала айтылған: «Патшалық туралы осы Ізгі хабар бүкіл жер бетінде жарияланады» (Матай 24:14).
7. I ғасырда уағыздау ісі қандай көлемде жүрді?
7 Сенім мен киелі рухқа бөленген Құдайдың қызметшілері I ғасырда оларға берілген тапсырманы батылдықпен орындады. Ехоба олармен бірге болды, сондықтан да олар өздері күтпеген жетістіктерге жетті. Пауыл қолостықтарға хат жазған уақытта, яғни шамамен Иса өлгеннен кейін 27 жыл өткен соң, ізгі хабар «аспан астындағы барлық адамзатқа дерлік жарияланып келді» деп айта алды (Қолостықтарға 1:23). Ал қазір, XX ғасырдың соңында, ізгі хабар 233 елде уағыздалуда.
8. Көп адамдар ізгі хабарды қандай жағдайларда қабыл алды? Мысал келтіріңдер.
8 Соңғы онжылдықтарда ізгі хабарды миллиондаған адамдар қабылдады. Көбісі қолайсыз жағдайларда: соғыс уақытында, уағыздауға тыйым салынған уақытта және қудалау кезеңдерінде қабылдады. I ғасырда да осылай болған еді. Бір жолы Пауыл мен Сыйласты қатты сабап, түрмеге тастады. Бұндай жағдай шәкірттер дайындауға тіпті қолайсыз болып көрінді. Бірақ, Ехоба бұл жағдайды осы істі алға бастыруға пайдаланды. Пауыл мен Сыйлас бостандыққа шығып, түрме бастығы үй ішімен бірге Иеміздің жолына түсті (Елшілердің істері 16:19—33). Осы сияқты жағдайлар шындықтың жауларының ізгі хабардың таралуына еш кедергі жасай алмайтынын көрсетеді (Ишая 54:17). Алайда мәсіхшілердің тарихында ауыртпалық пен қудалау ғана болған жоқ. I және XX ғасырда ізгі хабарды уағыздау ісінің табысты болуы үшін жолды түзетуге көмектескен қолайлы жағдайларға көңіл аударайықшы.
Діни жағдай
9, 10. I және XX ғасырларда ізгі хабарды уағыздау алдында Ехобаның пайғамбарлықтарына байланысты адамдар қандай оқиғаларды үлкен үмітпен күтуде еді?
9 Дүниежүзілік уағыздау науқандарының қандай уақытта өріс алғанын қарастырайық. I ғасырдағы жағдайды алатын болсақ, Даниел 9:24—27 де жазылған әр күні бір жылға тең 70 апта туралы пайғамбарлық Мәсіх пайда болатын уақытты, яғни б. д. 29 жылын тура көрсетті. Бірінші ғасырда өмір сүрген иудейлер пайғамбарлықты толық түсінбегенімен де, үмітпен қандай да бір оқиғаны — Мәсіхтің келуін күткен еді (Лұқа 3:15). Францияның «Киелі кітап анықтамасында» былай деп айтылады: «Халық Даниел белгілеген әр күні бір жылға тең 70 аптаның аяқталып қалғанын білді; Шомылдырушы Жақия Құдай патшалығының жақындап қалғанын жариялағанда ешкім оған таңданбады» («Manuel Biblique»).
10 Қазіргі уақытқа байланысты не деуге болады? Тарихи маңызды оқиға Исаның аспанда таққа отырып, патша ретінде басшылықты қолға алғаны болды. Киелі кітаптағы пайғамбарлық бұл оқиғаның 1914 жылы болғанын көрсетеді (Даниел 4:10—14). Осы оқиғаның болатынын білген осы кездегі кейбір діндар адамдар да оны үлкен үмітпен күтті. 1879 жылы осы журналды шығара бастаған Киелі кітапты Зерттеушілер де осы оқиғаны үмітпен күтуде болды. Ол кезде бұл журнал «Сионның Күзет мұнарасы және Исаның қатысуының хабаршысы» деп аталатын. Сонымен, бірінші ғасырдағы да, біздің уақытымыздағы да діндар адамдардың үмітпен ерекше оқиғаны күтуі ізгі хабардың таралуына жағдай жасадыa.
11. Ізгі хабарды уағыздауға көмектесу үшін қандай діни негіз қаланып қойған еді?
11 I ғасырдағы және қазіргі кездегі мәсіхшілердің ісіне көмек болған тағы бір жай — көп адамдардың Киелі Жазбалармен таныс болуы. I ғасырда иудей қауымдары айналадағы пұтқа табынушы елдердің бәріне тарап кеткен еді. Бұл қауымдардың мәжілісханалары бар еді. Онда Жазбаларды оқып, талқылағанын тыңдау үшін әрдайым адамдар жиналатын. Осының арқасында мәсіхшілер адамдардың діни білімдерін пайдаланып уағыз айта алатын (Елшілердің істері 8:28—36; 17:1, 2). Біз өмір сүріп отырған ғасырдың басында Ехобаның халқы көп елдерде тап сондай жағдайды кездестірді. Христиан әлемінде Киелі кітап көп тараған еді, әсіресе протестант дінін ұстанатын елдерде. Оны шіркеулерде оқитын және миллиондаған адамдардың жеке өзінде де бар болатын. Киелі кітап адамдардың қолында бар болғандықтан, енді оны түсіну үшін оларға көмектесу ғана керек еді.
Құқықтың көмегі
12. I ғасырда Рим азаматының құқығы көбінесе қорғаныш болды деп айтуға қандай себеп бар?
12 Көбінесе мәсіхшілердің уағыздау ісіне мемлекеттік заңдар қолайлы жағдай тудырып отырды. I ғасырда дүние жүзіне Рим империясы үстемдік жүргізді де, оның жазбаша түрдегі заңдарының адамдардың күнделікті өміріне едәуір әсері болды. Бұл заңдар адам құқығын қорғайтын, сондықтан алғашқы мәсіхшілерге көп көмегі тиді. Мысалы, Рим азаматының құқығына сүйенген елші Пауыл түрмеден босатылып, соққыдан құтылды (Елшілердің істері 16:37—39; 22:25, 29). Ефесте Рим заңдарына сүйеніп, жанжал шығарған тобырды басу мүмкін болды (Елшілердің істері 19:35—41). Бір жолы Иерусалимде Римнің азаматы болғандығы Пауылды жазадан құтқарып қалды (Елшілердің істері 23:27). Кейінірек Рим азаматының құқығы оған императордың алдында өзінің сенімін заңды түрде қорғауға мүмкіндік берді (Елшілердің істері 25:11). Кейбір императорлар қатыгездікпен басшылық жүргізгенімен де, I ғасырда заңдар көбінесе «Ізгі хабардың шындығын қорғап, нығайтуға» мүмкіндік берді (Філіпіліктерге 1:7).
13. Біздің уақытымызда заңдар көбінесе уағыздау ісіне қалай жағдай жасауда?
13 Қазіргі уақыттағы көптеген мемлекеттер туралы да солай айтуға болады. Кейбір «өзінің жарлықтарымен қиыншылықтар жасайтындар» бар болғанымен де, көптеген елдердің жазбаша түрде көрсетілген заңдары діни бостандықты негізгі құқық деп мойындайды (Забур 93:20). Ехоба Куәгерлерінің қоғамдық тәртіпке еш зияны жоқ екенін көрген көп мемлекеттер біздің ісімізді заңды тіркеуден өткізді. Құрама Штаттардың заңдары «Күзет мұнарасын» үзбей 120 жыл бойы басып шығаруға мүмкіндік берді. Куәгерлердің әдебиеттерінің көбісі осы елде басылып шығады.
Бейбітшілік пен төзімділік кезеңдері
14, 15. I ғасырдағы біршама әлеуметтік тұрақтылық уағыздау ісіне қалай көмектесті?
14 Сонымен қатар уағыздау ісіне біршама бейбіт кезеңдер де көмектесті. Иса алдын ала өткен кезеңде де, қазіргі кезеңде де «ұлт ұлтқа қарсы... аттанады» деп тура айтты, бірақ арада Патшалық туралы уағыздау ісін қарқынды түрде жүргізуге мүмкіндік берген тыныштық кезеңдері де болып тұрды (Матай 24:7). I ғасырдағы мәсіхшілер «Pax Romana» немесе римнің бейбітшілік заманында өмір сүрді. Бір тарихшы былай деп жазды: «Жерорта теңізі халықтарын Римнің толық билеп алғаны соншалық, Рим олардың ғасырлар бойы үздіксіз дерлік болып отырған соғыстарын тоқтатты». Бұл тыныштық кезең алғашқы мәсіхшілерге Рим империясын біршама қауіпсіз аралауға мүмкіндік берді.
15 Рим империясы халықтарды өзінің қуатты үстемдігінің астына біріктіргісі келді. Бұл саясат тек жиһан кезуге, ұлтаралық төзімділікке және пікір алмасуға ғана қолайлы болған жоқ, сонымен қатар халықаралық бауырластық көзқарастың дамуына да жағдай жасады. Бір тарихи кітапта былай делінеді: «[Рим басқарған] Империядағы бірлік [мәсіхшілердің уағызына] қолайлы жағдай жасады. Ұлтаралық кедергілер жойылды. Рим азаматы дүние жүзінің азаматы болып есептелді... Оған қоса, бүкіл дүние жүзілік азаматтық туралы ойды дамытып отырған мемлекетте бауырластыққа үйрететін дін түсінікті болды» («On the Road to Civilization») (Елшілердің істері 10:34, 35; 1 Петір 2:17, салыстыр).
16, 17. Біздің уақытымызда бейбітшілік үшін күресуге ынталандырып отырған не және көп адамдар қандай пікірге келді?
16 Ал біздің уақытымызда ше? XX ғасыр тарихтағы ең жойқын соғыстарды көрді, ал кейбір елдерде жер үшін тартыстар әлі де жалындауда (Аян 6:4). Сөйтсе де біршама бейбіт кезеңдер де болды. Алдыңғы қатарлы дүниежүзілік ірі мемлекеттердің жаппай қырғын соғыста бір-бірімен қақтығыспағанына, міне, 50 жылдан асты. Бұндай жағдай бұл елдерде ізгі хабарды уағыздау ісіне көп көмек болды.
17 XX ғасырдағы қарулы қақтығыстардың сұмдығы көп адамдардың дүниежүзілік үкіметтің қажет екендігін сезінуіне себеп болды. Дүниежүзілік соғыстың басталып кетуінен қорыққандықтан, халықтар Ұлттар Лигасы мен Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды (Аян 13:14). Екі ұйымның да ресми түрде жариялаған негізгі мақсаты — халықаралық ынтымақтастық пен бейбітшілікке жол ашу. Осындай қажеттілікті сезінетін адамдар көбінесе шынайы және баянды бейбітшілік әкелетін дүниежүзілік үкімет — Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды тыңдауда.
18. Дінге деген қандай көзқарас уағыздау ісіне қолайлы жағдай тудырды?
18 Кей кездерде мәсіхшілерді қатал қудалағанмен, I ғасырда да, XX ғасырда да діни ағымдарға төзімділікпен қараған кезеңдер болып тұрды (Жохан 15:20; Елшілердің істері 9:31). Римдіктер өздері жаулап алған халықтардың құдайлары мен әйел құдайларын оп-оңай қабылдап, мінажат ете беретін. Профессор Родни Старк былай деп жазды: «Көп жағынан Рим, тіпті Америка революциясынан кейін қол жеткізген деңгейден де жоғары дәрежедегі діни бостандықтың жағдайын жасады». Қазіргі кезде көп елдердің халықтары жаңа көзқарастарға ден қояды, сондықтан олар Ехоба Куәгерлері әкелетін Киелі кітаптың хабарын да тыңдауға әзір.
Техникалық жетістіктердің рөлі
19. Алғашқы мәсіхшілер кодексті қалай қолданды?
19 Соңғы кезекте Ехобаның өзінің халқына техника жетістіктерін қолдануға қалай жол ашқанын қарастырамыз. Ертедегі мәсіхшілер техниканың қарқынды алға басу ғасырында өмір сүрмегенімен де, жаңа бір өнертабысты қолданды. Ол — кодекс немесе кітап болып тігілген парақтар. Кодекс қолдануға ыңғайсыз шиыршықтың орнын басты. «Кодекстің пайда болуы» атты кітапта былай делінеді: «Діни емес әдебиеттердің шиыршықтан кодекске ақырындап өтуіне қарағанда, христиандар кодексті лезде және жаппай қабылдады» («Birth of the Codex»). Сол анықтамада тағы былай делінген: «II ғасырда кодекстің мәсіхшілер арасында кеңінен қолданылғанына қарап, оны б. д. 100 жылдың алдында енгізді деп тұжырым жасауға болады». Кодекс шиыршыққа қарағанда ыңғайлы еді. Қажет жазба орындарын оңай табуға болатын. Бұның ертедегі мәсіхшілерге үлкен көмек болғаны сөзсіз. Пауыл сияқты, олар да Жазбаларды түсіндіріп қана қойған жоқ, Жазба орындарына сүйеніп, өздерінің үйреткен ілімдерін «дәлелдеді» (Елшілердің істері 17:2, 3).
20. Құдайдың халқы дүниежүзілік уағыздау ісінде қазіргі заман техникасын қалай қолдануда және неліктен?
20 Біз өмір сүріп отырған ғасырдағы техникалық жетістіктер таң қаларлық. Шапшаң баспа станоктары Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді бір мезгілде көп тілдерде басып шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі заман техникасы Киелі кітапты аудару жұмысын жылдамдатты. Жүк автомобильдері, поездар, кемелер мен ұшақтар Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерді планетамыздың кез келген жеріне жылдам жеткізуге мүмкіндік беруде. Телефон мен факс жылдам қатынаспен қамтамасыз етеді. Ехоба өзінің рухы арқылы ізгі хабарды бүкіл дүние жүзіне тарату үшін қызметшілерінің жаңа техниканы қолдануына ықпал етті. Олар бұл техникаларды барлық соңғы жаңалықтарды білгілері келгендіктен және қолданғылары келгендіктен пайдаланбайды. Бірінші кезекте оларды ізгі хабарды уағыздау қызметін тиімді атқаруға көмек болатын техникалар қызықтырады.
21. Қандай мәселеге байланысты күмәнданбауымызға болады?
21 «Патшалық туралы осы Ізгі хабар бүкіл жер бетінде жарияланады»,— деп Иса алдын ала айтты (Матай 24:14). Осы пайғамбарлықтың орындалғанын көрген алғашқы мәсіхшілер сияқты, біз де бүгін оның кең көлемде орындалып жатқанын байқаймыз. Тапсырманың орасан зор және қиын екеніне, уақыттың кейде қолайлы, кейде қолайсыздығына және заң мен көзқарастың өзгеріп жатқандығына қарамастан, бейбіт уақытта да, соғыс кезінде де, сондай-ақ түрлі техникалық жетістіктердің кезінде де ізгі хабар бұрын да уағыздалды және қазір де уағыздалуда. Ехобаның даналығы мен алдын ала біле алатын қабілеті аса зор құрметтеу сезімін оятпайды ма? Біз уағыздау ісінің Ехоба белгілеген уақытта аяқталып, әділдердің игілігі үшін оның сүйіспеншілікке толы ниеті жүзеге асатынына күмәнданбауымызға болады. Олар жерге иелік етіп, онда мәңгі жасайтын болады (Забур 36:29; Аввакум 2:3). Ал егер Ехобаның ниетіне сай өмір сүретін болсақ, біз де солардың арасында боламыз (1 Тімотеге 4:16).
[Сілтеме]
a Мәсіх туралы осы екі пайғамбарлықты толық түсіну үшін, Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған «Мәңгі өмірге алып баратын білім» кітабының 36, 97 және 98—107 беттерін қара.
Қайталауға арналған сұрақтар
◻ Ізгі хабарды уағыздау ісінің қиын тапсырма болуының себебі неде?
◻ Мемлекеттік заңдар мен біршама әлеуметтік тұрақтылық мәсіхшілердің ісіне қалай қолайлы жағдай жасады?
◻ Ехобаның уағыздау ісіне батасын беріп отырғанын көріп, қандай оқиғаны сеніммен күтуімізге болады?