Шын көңілден кешір
«Егер сендердің әрбірің бауырыңның күнәсын шын көңілдеріңнен кешірмесеңдер, Менің аспандағы Әкем де сендерге солай істейді» (МАТАЙ 18:35).
1, 2. а) Жаман атағы шыққан әйел өзінің Исаға деген ризашылығын қалай танытты? ә) Шимонға қарап сөйлеген кезде Иса не айтты?
ШЫН мәнінде ол жезөкше әйел болса керек. Құдайға сенетін адамның үйінде бұндай адамды кездестіру ешкімнің ойына кіріп те шықпаған. Кейбіреулерді бұл әйелдің осында келгенінің өзі таңырқатса, оның істеген ісінен адамның зығырданы қайнайды деуге болады. Ол ең жоғары құлықты адамға барды да, оның аяғын көз жасымен жуып, шашымен сүрту арқылы оның істеген істеріне өзінің ризашылығын білдірді.
2 Бұл адам Иса Мәсіх болатын. Ол «қалада тұратын... күнәкар» әйелден бұрылып теріс қараған жоқ. Бірақ, бұл жағдай үй иесі парызшыл Шимонды бейжай күйге түсірді. Бұны көрген Иса, қарыздар болған екі адам жайлы әңгімелеп берді. Біреуінің қарызының көптігі соншалық, екі жыл жұмыс істеуді қажет ететін. Ал екіншісінің қарызы біріншісінікінен он есе аз болатын, оның үш айдан да аз уақыт жұмыс істеуі керек еді. Екеуі де қарыздарын өтей алмаған соң, қарыз берген кісі «екеуінің де қарызын кешіпті». Қарызы көп болған адамның қатты риза болып, ерекше сүйіспеншілік танытатыны белгілі. Әйелдің дұрыс іс-әрекетін ескере отырып, Иса: «Кімге аз кешірілсе, ол аз жақсы көреді»,— деген принципті айтты. Сосын ол әйелге: «Сенің күнәларың кешірілді!» — деді (Лұқа 7:36—48).
3. Өзіміз туралы не жайында жан-жақты ойлануымыз керек?
3 «Мен сол әйел болсам немесе мен де дәл сондай күйде болып, маған мейірімділік танытқан болса, өзгелерді кешіргім келмей қарсылық көрсеткен болар ма едім?» — деп өзіңнен сұра. «Әрине олай істемеген болар едім!» — деп жауап беруің мүмкін. Сонда да болса, өзгелерді оп-оңай кешіре алатыныңа сенімдісің бе? Бұл сенің болмысыңа тән нәрсе ме? Кешіре салу әрдайым сенің қолыңнан келе береді ме? Өзгелер сен жайында әрдайым кешіруге дайын ақ көңіл адам дей алар ма еді? Осы сұрақтар жайлы ойланып, адал да сын көзбен қарап өзімізді тексеруіміз керек. Бұның неге қажет екенін білейікші.
Кешірімге мұқтажбыз, әрі бізге кешірім жасалуда
4. Өзімізге қатысты қандай шындықты мойындауымыз керек?
4 Біз кемелсізбіз және біз бұны жақсы түсінеміз. Кемелсіз екеніңді сен мойындайтын да шығарсың, тіпті 1 Жохан 1:8-дегі: «Егер күнәсызбыз десек, онда өзімізді алдап, бізде шындықтың болмағаны»,— деген сөздер есіңе түсер (Римдіктерге 3:23; 5:12). Кейбіреулердің күнәкарлығы елдің бәріне мәлім сорақы істерінен көрінуі мүмкін. Сенің дәл сондай күнәларың жоқ болғанымен, Құдайдың нормаларын талай рет бұзған, яғни күнә жасаған кездеріңнің болғаны сөзсіз. Солай емес пе?
5. Құдайға біз не үшін риза болуымыз керек?
5 Сондықтан, Пауылдың келесі сөздерінде сен жайлы да айтылған болуы әбден мүмкін: «Сендер Құдайдың бұйрықтарын бұзып, „рухани сүндеттелмеген“ яғни күнәкар болмыстарыңа тәуелді болып, рухани өлі едіңдер. Алайда Құдай сендерді Мәсіхпен бірге рухани тірілтіп алды. Ол күллі күнәларымызды кешірді» (Қолостықтарға 2:13; Ефестіктерге 2:1—3). «Күллі күнәларымызды кешірді» деген сөйлемге көңіл аударшы. Бұған көп нәрсе кіреді. «Менің күнәм өте көп, сондықтан өзіңнің Есімің үшін кешірші мені, Тәңірім»,— деген Дәуіт сияқты, біздің әрқайсымыз Құдайға барынша жалбарынатындай күйдеміз (Забур 24:11).
6. Ехоба жайлы және кешірімділік жайлы сөз болғанда біздің нендей нәрсеге сенімді болуымызға болады?
6 Сен (немесе біздің әрқайсымыз) кешірімге қалай ие бола аласың? Бұның кілті — Ехобаның кешіруге дайын екендігінде. Бұл оның болмысына тән ерекшелік (Мысырдан көшу 34:6, 7; Забур 85:5). Біздің өзіне дұға етіп, кешірім сұрағанымызды Құдайдың күтетіні түсінікті (2 Шежіре 6:21; Забур 102:3, 10, 14). Сондай-ақ Ол Исаның бостандық төлемі арқылы кешірімнің заңды болуын қамтамасыз етті (Римдіктерге 3:24; 1 Петір 1:18, 19; 1 Жохан 4:9, 14).
7. Ехобадан қандай үлгі алуың керек?
7 Ехобаның кешіруге дайын екендігінен өзгелерге қалай қарау керек екендігінің үлгісін көруге болады. Пауыл бұған мынадай сөздермен назар аударды: «Бір-біріңе мейірімді де жанашыр болыңдар; Мәсіхтің арқасында өздеріңді Құдай кешіргендей, сендер де өзара кешірімді болыңдар!» (Ефестіктерге 4:32). Біз Құдайдан үйренуіміз керек. Пауылдың бұл жерде дәл осыны айтып отырғаны айдан анық, себебі осы ойды келесі тармақ былай деп жалғастырады: «Сонымен, сүйікті рухани баласы ретінде Құдайдан үлгі алыңдар» (Ефестіктерге 5:1). Байланыс көріп тұрсың ба? Пауыл бұлтартпайтын дәлел келтіріп отыр: Ехоба сені кешіргендіктен, оған еліктеп жанашыр болуың керек, яғни өзгелерді кешіруің керек. Бірақ сен өзіңнен былай деп сұра: Мен дәл осылай істеп жүрмін бе? Егер осылай істеу мен үшін оңайға соқпай жүрсе, Құдайдың кешіре алатындығына шындап еліктеуге тырысып, күш салып жүрмін бе?
Кешіре білуді үйрене беру керек
8. Қауымдағы адамдарға байланысты біз нені түсінуіміз керек?
8 Кешіруді қажет ететін жағдайлар мәсіхшілер қауымында анда-санда ғана болатын болса тамаша болған болар еді. Алайда, іс жүзінде бәрі басқаша. Әрине, біздің бауырластарымыз сүйіспеншілік көрсетудегі Исаның үлгісіне еліктеуге тырысуда (Жохан 13:35; 15:12, 13; Ғалаттықтарға 6:2). Осы зұлым дүниеге тән ойдан, сөйлеу мәнерінен және жүріс-тұрыстан арылу үшін олар бұрыннан бері әрекет етіп келеді, әрі әлі де күш салуда. Жаңа тұлғаның қасиеттерін олар шынымен танытқысы келеді (Қолостықтарға 3:9, 10). Дегенмен, дүниежүзілік қауымның және әрбір жеке қауымның кемелсіз адамдардан тұратынын мойындамау мүмкін емес. Жалпы алып қарайтын болсақ, бұрынғыға қарағанда бауырластарымыздың жақсарып жатқанында сөз жоқ, бірақ олар бұрынғыша кемелсіз күйінде қалуда.
9, 10. Бауырластардың арасында түсініспеушіліктердің болатынына біз неге таң қалмауымыз керек?
9 Жиналыста, яғни бауырластарымыздың арасында кемелсіздіктің жемісі көрінуі мүмкін екенін Құдай өз сөзінде анық ескертіп отыр. Мысал ретінде Қолостықтарға 3:13-те жазылған Пауылдың сөздерін алайық: «Өзара төзімді болыңдар, егер қайсыбіреуіңе реніш сақтап, тағатын кінәларың болса, кешірімді болыңдар: сендерді Иеміз Мәсіх [«Ехоба», ЖД] қалай кешірсе, сендер де солай етіңдер!».
10 Есіңде болсын, Киелі кітап бұл жерде Құдайдың бізді кешіргені мен біздің өз тарапымыздан өзгелерді кешіруге дайын болуға деген міндетіміздің арасындағы байланысты есімізге салып отыр. Бұның күш жұмсауды талап етуінің себебі неде? Себебі, Пауылдың ескеруінше, әлдекімнің өзгеге «реніш сақтап, тағатын кінәлары» болуы мүмкін. Осындай жағдайлардың болатынын Пауыл түсінген. Бұндай нәрсе тіпті I ғасырдағы «көкте дайындалған игіліктерге» ие болуға үміттенген «Мәсіхпен тығыз байланыста жүргендердің [қасиеттілердің]» арасында да болған болуы керек (Қолостықтарға 1:2, 5). Ендеше, шынайы мәсіхшілердің көпшілігін «Құдай... сүйіп, өз халқым [қасиеттім] деп таңдап алғанын Киелі рух растамайтын болса, біз бауырластарымыздан қазір басқа нәрсені күте аламыз ба? (Қолостықтарға 3:12). Сондықтан, қауымдағы бауырластардың арасында шынымен болған жағдайдың немесе ойдан шығарылған нәрсенің кесірінен реніш сақтап, кінә тағатын кездер болып жатса, мүлдем дұрыс емес нәрсе болып жатыр деген тұжырымға келмеуіміз керек.
11. Жақып деген шәкірт бізге не жайлы ескерту жасады?
11 Исаның бауыры Жақыптың сөздері тағы мынаны көрсетіп отыр: бауырластарымызды кешіру керек болатын жағдайларға ең болмағанда анда-санда кезігетінімізге біз дайын болуымыз керек. «Араларыңдағы қайсың парасатты да саналысың? Онысын үлгілі мінез-құлқымен, парасатты инабаттылығымен көрсетсін. Ал егер жүректерің удай қызғанышқа толы, жанжалқұмар болсаңдар, онда мақтанып, шындыққа қарсы жалған сөйлемеңдер» (Жақып 3:13, 14). Шынайы мәсіхшілердің жүрегі «удай қызғанышқа толы» ма? Иә, I ғасырдағы қауымның мәсіхшілерінде осындай сезімдердің болғанын, сондай-ақ қазір де бұндай нәрсенің болатынын Жақыптың сөздері айқын көрсетіп отыр.
12. Філіпі қаласындағы жиналыста қандай қиыншылық туды?
12 Осындай оқиғалардың бірін Пауылмен қызметтес болу арқылы тамаша абыройға ие болған, киелі рухпен майланған екі мәсіхші әйел бастарынан кешкен. Мүмкін, Філіпі қаласындағы қауымда қызмет еткен Еуодия мен Сүнтүхе жайлы сен оқыған боларсың. Егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп жазылмағанымен, Філіпіліктерге 4:2, 3-тен олардың арасында әйтеуір бір дау-жанжалдың болғаны көрінеді. Бұл дау-жанжал ойланбай айтылған сөзден, қатаң ескертуден, туысқанға жасалған қорлық сияқты қабылданған қимыл-әрекеттен, немесе қызғаныштан не бақталастықтан басталды ма? Неден басталса да, әйтеуір дау-жанжалдың шиеленіскені соншалық, бұл жайлы Пауыл тіпті Римде жүріп естіді. Бұл екі әйелдің бір-бірімен сөйлескісі келмей, қауым жиналысына барғанда бір-бірінен қашқақтап немесе жолдастарымен әңгімеде бір-бірін ғайбаттаған болуы ықтимал.
13. Еуодия мен Сүнтүхенің қандай әрекет жасаған болуы әбден мүмкін және біз бұдан қандай үлгі аламыз?
13 Осы сияқты нәрсе сен барып жүрген жиналыста немесе сенің жеке басыңда болды ма? Мүмкін, осы сияқты проблемалар қазір де болып жатқан шығар. Бұндай кезде не істеу керек? Пауыл ол екі әйелді «Иемізбен жүргендер ретінде» ойлануға шақырды. Олар бір-бірімен сөйлесуге келісіп, түсініспеушілікті жоюға, әрі бірін-бірі кешіруге даяр екенін көрсетулері арқылы Ехобаның кешірімшілдігіне еліктеген болса керек. Еуодия мен Сүнтүхенің осылай істегеніне күмәнданатын ештеңе жоқ, және біздің де дәл осылай істеуімізге болады. Кешіруге даяр болудың жемісін бүгінгі күні де көруге болады.
Татуласу үшін кешіріңдер
14. Жеке қарым-қатынастағы түсініспеушіліктерге көңіл аудармай-ақ қойғанның көп жағдайда бәрінен де дұрыс болуының себебі неде?
14 Бір сенімдегі бауырласымызбен ара-қатынасымызда қиындық туған жағдайда не істеуіміз керек? Шындығын айтқанда, барлық жағдайға бірдей арналған ереже жоқ, дегенмен Киелі кітапта пайдасы бар мысалдар мен іс жүзінде қолдануға болатын кеңестер бар. Ең басты кеңес — бұған көніп, іс жүзінде қолдану оңай болмаса да — болған жайды ұмытып, кешіре білу. Көбінесе, Еуодия мен Сүнтүхенің басында болғандай жағдай туған кезде, екі жақ та бірін-бірі кінәлайды немесе өзінікінен гөрі екінші адамның кінәсы көптеу деген ойда болады. Ол адамның кінәсы да, саған жасаған қиянаты да көбірек болып көрінуі мүмкін. Алайда сен, осындай жағдайға қарамай оны кешіріп, оған деген өкпеңді ұмыта аласың ба? Егер кінәсы көбірек болса немесе бар кінә соның мойнында болса (олай болуы екіталай), оны кешіріп, бұл істі әрі қарай созбай, шиеленіскен жағдайды жақсылап шешудің мүмкіндігі сенің қолыңда екенін түсінуің керек.
15, 16. а) Мика Ехоба жайлы не айтты? ә) Ехоба «күнәларының жанынан өтеді» деген сөздер нені білдіреді?
15 Құдай біз үшін кешірімді болудың үлгісі екенін естен шығармайық (Ефестіктерге 4:32—5:1). Біздің қателіктерімізге Оның мейірімділікпен қарайтыны жайлы Мика пайғамбар жазған болатын: «Қателікті кешіретін және Өзің мұра етіп қалдырған қалдықтың жасаған күнәларының жанынан өтетін дәл Сендей Құдай бар ма? Мейірімділікті жақсы көретін болғандықтан, Ол ұдайы ашулана бермейді (Мика 7:18, ЖД).
16 Киелі кітаптың Ехоба жайлы «күнәларының жанынан өтеді» дегені — оның ұмытып қалатын кездері болады, ол қателіктерді есіне түсіре алмайды дегенді білдірмейді. Үлкен күнә жасаған Самсон мен Дәуітті еске алайықшы. Олардың күнәсын Құдай ұзақ уақыт бойы есінен шығарған жоқ; олардың кейбіреуі тіпті бізге белгілі, себебі бұлардың Киелі кітапқа жазылуы үшін Ехоба бұйрық берген болатын. Оның үстіне, кешіруге дайын Құдайымыз, олардың сенімін бізге үлгі ету арқылы осы екі адамға мейірімділік жасады (Еврейлерге 11:32; 12:1).
17. а) Адамдардың жасаған қателіктерінен немесе бізді ренжіткен іс-әрекеттерінен биікте тұруымызға қандай көзқарас көмек болады? ә) Егер осылай істеуге талпынатын болсақ, бұл біздің Ехобаға қай жағынан еліктегеніміз? (Сілтемеге қараңдар.)
17 Дәуіт өтініп сұрағанда Ехоба бірнеше рет оның күнәларының «жанынан өтіп»a кете алды (2 Патшалық 12:13; 24:10). Кемелсіз болғандықтан бауырластарымыз бізге немкетті қараған немесе бізді ренжіткен кезінде, Құдайға еліктеп көңіл аудармай қоя салу біздің қолымыздан келеді ме? Өзіңді жылдамдығын күшейтіп ұшуға бет алған реактивті ұшақтың ішінде отырғандай қылып елестетші. Терезеден сен ұшу алаңында тұрған бір таныс әйелді көрдің. Ол саған қарап бет-аузын қисаңдатып, кішкентай бала сияқты тілін шығарып тұр. Оның бір нәрсеге көңілі толмай саған өкпелеп жүргенін білесің. Мүмкін, ол, бұл қылығын тіпті саған істеп тұрмаған болар. Қалай болған күнде де, ұшақ жерден көтеріліп, сені биікке алып кеткен кезде, бұл әйел сенің көзіңде кішірейіп, әншейін нүктеге айналады. Бір сағаттан кейін сен ол әйелден жүздеген шақырымдай қашықтықта боласың да, оның бет-аузын қисаңдатып жасаған қорлығының барлығы артта қалады. Егер Ехобаға еліктеп, реніштердің «жанынан өту» арқылы ақылдылық танытатын болсақ, көп жағдайда бізге кешіру оңай болады (Нақыл сөздер 19:11). Бұл реніш он жылдан кейін немесе Мыңжылдық басшылық басталғаннан кейінгі екі жүз жылдан соң түкке тұрғысыз болып қалмайды ма? Мүмкін, бұған көңіл аудармай-ақ қою керек шығар?
18. Кешіру қиын болған жағдайда қандай кеңесті іс жүзінде қолдануға болады?
18 Алайда, кешіргің-ақ келіп Ехобаға дұға еткен болсаң да, біреудің қателігін кешіре алмайтын сияқты кейде қиналуың мүмкін. Бұндай кезде не істеу керек? Иса бізді жанжалдасқан адамға барып, онымен оңаша сөйлесу арқылы арадағы түсініспеушілікті жойып, татуласуға шақырады. «Егерде сен сыйлығыңды Құдай жолына құрбан ететін орынға әкелсең, ал бауырыңның саған өкпелі екендігі сол жерде есіңе түссе, сыйлығыңды сонда қалдырып, әуелі бауырыңа барып онымен татулас! Сонан соң қайтып келіп, сыйлығыңды Құдай жолына құрбан ет» (Матай 5:23, 24).
19. Егер бауырласымызбен татуласқымыз келетін болса, біздің қандай көзқараста болуымыз керек және қандай көзқарастан аулақ болғанымыз дұрыс?
19 Бір көңіл аударатын нәрсе — Иса бұл жерде өзінің дұрыс, ал бауырының кінәлы екенін айтуды көздеп баруға шақырған жоқ. Мүмкін ол дұрыс істемеген де шығар. Әйтсе де, екі адамның да кінәсі болуы әбден мүмкін. Қалай болған күнде де, адамды не кемсітейін не кінәлі екенін мойындатайын деген мақсат болмауы керек. Бұндай көзқарас ешқашан да жақсылыққа апармайды. Сондай-ақ, шын мәнінде болған немесе тек сен өзің солай деп ойлайтын реніштің себептерін егжей-тегжейіне жетіп талқылауға тырысудың қажеті жоқ. Мәсіхшілерге тән сүйіспеншіліктің рухымен жүзеге асып жатқан әңгіме барысында дау-жанжалға әкеліп соқтырған, әттеген-ай дегізетін түсініспеушіліктің болғаны анықталса, оны жоюға екеуіңнің де талпынуыңа болады. Бірақ, сөйлескен кезде толық келісімге келе алмасаңдар да, барлық уақытта толық келісімге қол жеткізу керек деген мақсатты көздеу керек пе? Одан да, екеуіңнің де кешірімшіл Құдайға шын жүректен қызмет еткілерің келетінімен келіскендерің артық емес пе? Егер осыны жете түсінсеңдер, екеуіңнің де шын жүректен: «Біздің кемелсіздігіміздің кесірінен осындай түсініспеушіліктің туғаны менің жаныма қатты батады. Болған жайды ұмытайықшы»,— деулерің оңай болады.
20. Елшілерден нендей нәрсеге үйренуімізге болады?
20 Өздерін өзгелерден жоғары қойғысы келгенде елшілердің арасында келіспеушіліктің туғаны есіңде болар (Марқа 10:35—39; Лұқа 9:46; 22:24—26). Осының кесірінен, біреуінің сезіміне қаяу түсіп немесе екінші біреуі тіпті ренжіген шығар, әйтеуір олардың қарым-қатынасы бұзыла бастады. Бірақ, олар осы келіспеушіліктерді көңілдеріне алмай әрі қарай бірге қызмет ете берді. Кейіннен, елшілердің біреуі: «Өмірді жақсы көріп, игілікпен өткізуді қалағанның аузынан шықпасын жаман сөз, жалған айтуын да доғарсын. Жамандықтан жалтарып, жасай берсін жақсылық. Тыныштыққа ұмтылып, орната берсін татулық»,— деп жазды (1 Петір 3:10, 11).
21. Кешірімге байланысты Иса қандай маңызды кеңес берді?
21 Бұған дейін біз тек бір жағын алып қарадық, яғни Құдай біздің бұрын жасаған көптеген күнәларымызды кешіргендіктен, біздің оған еліктеп өзгелерді кешіруге тиіс екендігімізді ғана қарастырдық (Забур 102:12; Ишая 43:25). Бірақ, басқа да жағы бар. Дұғаны қалай оқу керектігін шәкірттеріне айта келе Иса былай деген болатын: «Егер сендер адамдардың жасаған күнәларын кешірсеңдер, аспандағы Әкелерің сендерді де кешіреді». Бір жылдан аса уақыт өткеннен кейін, шәкірттеріне дұға етуді үйретіп жатып ол дәл осы сөздерді қайталап айтты: «Бізге кінә жасағандардың бәрін кешіргеніміздей, біздің күнәларымызды да кешіре гөр» (Матай 6:12, 14; Лұқа 11:3, 4). Ал содан кейін, өлеріне бар болғаны бірнеше күн қалғанда, Иса былай деп қосты: «Ал сендер дұға етіп тұрғандарыңда біреуге өкпелерің болса, оны кешіріңдер, сонда аспандағы Әкелерің де сендердің күнәларыңды кешіреді» (Марқа 11:25).
22, 23. Кешіруге дайын болғанымыз болашағымызға қалай әсер етеді?
22 Бұдан былайғы жерде бізді Құдайдың кешіру-кешірмеуі бауырластарымызды кешіруге біздің қаншалықты дайын болғанымызға байланысты болады. Бір сенімдегі бауырласыңмен қарым-қатынасыңда қиындық туса өзіңнен былай деп сұра: «Немкетті көзқарас танытқан болмаса мені болмашы нәрсемен ренжіткен немесе кемелсіздік танытқан бауырласымның әрекеті дұрыс емес екендігін дәлелдеуге ұмтылғаннан гөрі, Құдайдың мені кешіргені маңыздырақ емес пе?» Жауабы өзіңе белгілі.
23 Ал, егер болмашы реніш немесе келіспеушілік емес, әлдеқайда күрделі мәселе болса ше? Исаның Матай 18:15—18-де жазылған кеңесін қандай жағдайда қолдануға болады? Бұл сұрақтарды келесі мақалада талқылаймыз.
[Сілтеме]
a Бір ғалымның тұжырымдауы бойынша, Мика 7:18-де қолданылған көне еврей тілінің «жанынан өту» деген метафорасының «жиһанкездердің көңіл бөлгісі келмеген нәрселерге қарамай өтіп кететін әдетімен байланысы бар. Метафораның мағынасы Құдай күнәға мән бермейді немесе күнә болмашы ғана, көңіл қоюға тұрмайтын нәрсе деген көзқараста дегенді емес, керісінше, Құдайдың кейбір жағдайда күнәға назар аудармай жазасыз қалдыратынын; оның жазаламай, кешіретінін білдіреді» (Қазылар 3:26; 1 Патшалық 16:8, ЖД).
Естеріңде ме?
• Ехоба кешірудің қандай үлгісін көрсетіп отыр?
• Қауымның қандай адамдардан тұратынын естен шығармауымыз керек?
• Бізді өкпелеткен немесе қорлаған кезде іс көбінесе немен бітуі керек?
• Бір сенімдегі бауырласымызбен татуласу керек болған кезде біздің не істеуімізге болады?
[10-беттегі сурет]
Мәсіхшілердің бірімен араларыңда келіспеушілік туса, бұған аса көңіл бөлмеуге тырыс; біраз уақыт өткен соң ол болмашы нәрсе болып көрінеді.