“Құдай — сүйіспеншілік”
“Сүймейтін кісі Құдайды білмейді, өйткені Құдай — сүйіспеншілік” (1 ЖОХАН 4:8).
1—3. а) Киелі кітапта Ехобаның сүйіспеншілігі жөнінде не айтылған және осы сөз қалайша бірегей айтылған? ә) Неліктен Киелі кітапта “Құдай — сүйіспеншілік” деп айтылады?
ЕХОБАҒА тән қасиеттердің барлығы да кемелді, керемет және тартымды. Алайда Ехобаның қасиеттерінің ішіндегі ең кереметі — сүйіспеншілік. Міне, тап осы сүйіспеншілік қасиеті бізді Ехобаға қатты жақындатады. Бақытымызға орай, сүйіспеншілік — Құдайдың ең негізгі қасиеті. Біз мұны қайдан білеміз?
2 Киелі кітапта сүйіспеншілік жөнінде көбірек айтылған, Ехобаның басқа негізгі қасиеттері туралы еш бұлай айтылмайды. Жазбаның еш жерінде Құдай — күш, Құдай — әділдік, Құдай даналық деп айтылмайды. Осы үш қасиеттің қайнар көзі де, иесі де Оның өзі. Бірақ 1 Жохан 4:8-тармағында сүйіспеншілік жөнінде таңғаларлық нәрсе айтылған: “Құдай — сүйіспеншілік”. Иә, сүйіспеншілік — Ехобаның нақ болмысы. Жалпы алғанда, мұны біз өзімізге шамамен былай деп түсіндіруімізге болады: Ехоба өз күшінің арқасында іс-әрекеттер жасайды; Ол әділдігі мен даналығын басшылыққа алады; ал сүйіспеншілігі Оны әрекет етуге талпындырады. Ол өзге қасиеттерін қолданғанда, әрдайым сүйіспеншілік танытады.
3 Ехобаның болмысы сүйіспеншіліктің нақ өзі екендігін жиі естиміз. Демек, сүйіспеншіліктің не екендігін білуді қаласақ, бізге Ехоба туралы көбірек білу қажет. Олай болса, Ехобаның тең келмейтін сүйіспеншілігінің кейбір қырларын қарастырып көрейік.
Ең үлкен сүйіспеншілік
4, 5. а) Әлем тарихында көрсетілген ең үлкен сүйіспеншілік не болып табылады? ә) Неліктен Ехоба мен оның Ұлының байланыстары өте тығыз болған деп айтуға болады?
4 Ехоба сүйіспеншілігінің арқасында бізді көптеген сыйға бөлеген, бірақ сондай сыйларының бірі бәрінен де асып түседі. Бұл қандай сый болды екен? Ол өзінің Ұлын азап шегіп және біз үшін өлімге қиылсын деп жер бетіне жіберді. Ендеше, бұл сыйды әлем тарихында көрсетілген ең үлкен сүйіспеншілік деп сенімділікпен айта аламыз. Неліктен бұлай айтуға болады?
5 Киелі кітапта Иса ‘жаратылыс атаулыдан бұрын бар болатын’ делінген (Қолостықтарға 1:15, сілтемені қара). Ехобаның Ұлы әлем пайда болмай тұрып жаратылғаны жөнінде ойланып көрші! Ұлы Әкесімен қанша уақыт бірге болды екен? Ғалымдардың берген кейбір есептеріне қарағанда, Жарық дүниенің пайда болғанына шамамен 13 миллиардтай жыл болған. Ғалымдардың бұл есеп берулері тіпті дұрыс болғанның өзінде де, мұндай есептеумен бәрібір Ехобаның тұңғыш Ұлының қанша жыл өмір сүргенін сипаттап беру қиын! Осы уақыт аралығында ол не істеді екен? Ұлы өз Әкесінің “шебер жұмысшысы” болып қуанышпен қызмет атқарған (Нақыл сөздер 8:30, ЖД; Жохан 1:3). Ехоба тіршілік атаулының бәрін жаратқанда, өзінің Ұлымен бірігіп еңбек еткен. Сол кезеңдер қандай көңіл толқытарлық, қуанышқа толы болды десеңші! Осындай ойға сыймайтын уақыт аралығында, араларындағы сүйіспеншілік қарым-қатынастың соншалықты тығыз болғандығын кім көз алдына елестете алар еді? Ехоба Құдай мен оның Ұлының арасындағы байланыстың өте тығыз болғаны сөзсіз.
6. Иса суға шомылдыру рәсімінен өткенде, Ехоба Ұлына деген сезімін қалай білдірді?
6 Осыған қарамастан Ехоба оны адам сияқты болып туылсын деп, жер бетіне жіберді. Бұл Ехобаның бірнеше онжылдыққа өзінің сүйікті Ұлымен тығыз қарым-қатынастан бас тартуына тура келді дегенді білдірді. Ол Исаның қалай өсіп, кемелді адам болып жетілгенін көктен мұқият бақылап отырды. Шамамен 30 жасқа келгенде, Иса шомылдыру рәсімінен өтеді. Сол кезде Әкесінің өзі көктен былай деп куәлік еткен: “Бұл Менің сүйікті рухани Ұлым, Оған толықтай ризамын!” (Матай 3:17). Исаның өзіне қатысты айтылған пайғамбарлықтың бәрін адалдықпен орындағанын және жүктелген барлық тапсырмасын жақсы атқарғанын көрген Әкесі шаттанып, қуанышқа бөленеді (Жохан 5:36; 17:4).
7, 8. а) Б. з. 33 жылы 14 нисан күні Иса нені басынан өткізуіне тура келді және сол кезде көктегі Әкесі қандай сезімде болды? ә) Неліктен Ехоба Ұлының азап шегуіне және өлуіне жол берген?
7 Бірақ б. з. 33 жылы 14 нисан күні Исаға опасыздық жасалғанда және ашулы топ оны тұтқынға алғанда; олар Исаны келеке етіп мазақтағанда; бетіне түкіріп, жұдырықтап ұрғанда; оны қамшымен сабап жазалағанда, арқасы осылып, жараның терең орны қалғанда; сондай-ақ ағаш бағанаға аяқ-қолын шегелеп, жәбірлеушілердің көз алдында оны бағанамен жоғары көтерген кезде, Ехоба қандай сезімде болды екен? Сүйікті Ұлы өлер алдында жан азабын тартып, қиналып оған жалбарынғанда, Әкесі қандай күй кешті екен? Әсіресе, Иса жан тәсілім еткенде, сонау жаратылған күннен бері өзінің тіршілік етуін алғаш рет доғарған заматта, Ехоба нендей сезімде болды екен? (Матай 26:14—16, 46, 47, 56, 59, 67; 27:26, 38—44, 46; Жохан 19:1).
8 Ехобаның сезімінің күштілігі соншалық, Ұлының өлімінен тартқан сол бір ауыр қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ сөзбен айтып жеткізуге болатын жайт — Ехобаның бұған не себепті жол бергендігі. Сонымен мұндай азапқа өзін душар етуіне Әкесін не талпындырды екен? Ехоба Жохан 3:16-тармағында таңғаларлықтай нәрсені ашады. Бұл тармақтың маңыздылығы соншалық, мұны “Ізгі хабардың түйіні” деп атайды. Онда былай айтылған: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады”. Иә, Құдайды осыған талпындырған күш — сүйіспеншілік болатын. Мұндай асқан сүйіспеншілікті ешкім ешқашан да танытқан емес.
Ехоба бізді сүйетіндігіне қалай нандырады
9. Шайтан Ехобаның көзқарасына қатысты бізді не нәрсеге иландырғысы келеді, бірақ Ехоба бізді неге сендіреді?
9 Алайда осыған байланысты өте маңызды сұрақ туындайды: Құдай бізді жеке-жеке алғанда сүйеді ме? Кейбіреулер Жохан 3:16 айтылғандай Құдай жалпы алғанда адамдарды сүйеді дегенімен келіседі. Десе де, оларда мынадай ой туындауы мүмкін: “Құдай мына мені ешқашан сүймейді”. Шайтан Ібіліс Құдай бізді сүймейді де, бағаламайды да деп нандырғысы келеді. Басқа жағынан, біз қаншалықты оның сүйіспеншілігіне өзімізді лайықсыз сезініп, жарамсыз санағанымызбен, Ехоба әрбір өзінің адал қызметшілерін бағалайтындығына сендіреді.
10, 11. Қалай Исаның торғайлар туралы айтқан көрнекі мысалы Ехобаның көз алдында біздің бағалы екендігімізді көрсетеді?
10 Мысал ретінде Матай 10:29—31 жазылған Исаның сөздерін қарастырып көрейік. Шәкірттерінің қаншалықты бағалы екендігін суреттеп, Иса былай деді: “Екі торғайды сегіз-ақ тиынға сатпай ма? Дегенмен көктегі Әкелеріңнің еркінсіз бірде-бір торғай жерге құлап түспейді. Тіпті бастарыңдағы шаштарыңның саны да Оған белгілі! Сондықтан адамдардан қорықпаңдар, сендер көптеген торғайлардан әлдеқайда қымбатсыңдар!” Исаны тыңдаған бірінші ғасырдағы адамдар үшін бұл сөздердің нені білдіргенін қарастырып көрейік.
11 Исаның күндерінде торғай тағам орнына пайдаланатын құстардың ішіндегі ең арзаны болған. Бір мардымсыз тиынға екі торғайды сатып алуға болатын еді. Алайда кейінірек Иса Лұқа 12:6, 7 атап кеткендей, егерде сатып алушы екі тиын жаратқан болса, онда төрт торғайдың орнына ол бесеуін сатып алуына болар еді. Бесінші торғайды түкке де санамай тегіннен-тегін беретін болған. Бұл торғайлар, бәлкім, адам баласының көз алдында түкке тұрғысыз болып көрінген шығар, бірақ Жаратушы оларға қалай қарады екен? Иса былай деген: “Дегенмен олардың біреуін [тіпті түкке санамай тегіннен-тегін бергенді] де Құдай ұмытпайды”. Бұл мысалмен Исаның нені көрсеткісі келгенін түсініп тұрсың ба? Егерде кәдімгі торғайдың өзі Ехобаның көз алдында қымбат болған болса, онда адамды ол қаншалықты бағалайды десеңші! Иса түсіндіріп өткендей, Ехоба біз жөнінде ұсақ-түйегімізге шейін жетік біледі. Керек десең, тіпті басымыздағы шаштардың да саны Оған белгілі!
12. Неліктен Исаның басымыздағы барлық шаштың саналғандығы туралы айтқан сөздері асыра сілтеушілік емес?
12 Әлдекімге Исаның бұл сөздері асыра сілтеу болып көрінуі мүмкін. Олай болса, қайта тірілу үміті жөнінде ойланып көрейік. Ехоба бізді дәл осылай қайта жарату үшін біз жөнінде қаншалықты жақсы білуі керек десеңші! Оның бізді бағалайтындығы соншалық, болмысымыздағы әрбір ерекшелігімізді, өте күрделі генетикалық кодымызды, сонымен қатар көптеген жылдар бойы есімізге жиналған әрі әсер қалдырған кездеріміздің барлығы дерлік оның есінде. Мұнымен салыстырғанда біздің шаштарымызды санау — ал олардың саны болса басымызда шамамен 100 мыңға жуық — Жаратушыға түкке де тұрмайды. Исаның сөздері Ехобаның бізді адам ретінде жеке-жеке қамымызды ойлайтындығына қалай сендіреді десеңші!
13. Кемелсіз болсақ та, Ехоба біздің жақсы жағымызды байқайтындығын Жосафат патшамен болған жағдай қалай көрсетеді?
13 Киелі кітап Ехобаның сүйіспеншілігіне сендіріп, тағы да бір жайтты ашып отыр; ол біздің жақсы қасиеттерімізді байқайды, әрі бағалайды да. Жақсы патша болған Жосафаттың мысалын қарастырып көрейік. Патша ақылсыз іс-әрекет жасап қойған кезде, Ехобаның пайғамбары оған былай деді: “Осы үшін саған Жаратқан Ие қаһарланды”. Қандай қорқынышты сөздер! Бірақ мұнымен Ехобаның жіберген хабары аяқталмаған еді. Пайғамбар сөзін жалғап, былай деді: “Сенен бұдан басқа, жақсылық та табылды” (2 Шежірелер 19:1—3). Сонымен Ехоба өзінің қаһарымен Жосафаттың жақсылығын көрмей қалған жоқ. Кемелсіз болсақ та, Құдайымыздың жақсы жағымызды байқайтындығын білгеніміз көңілімізге жұбаныш бермей ме?
“Кешіруге дайын” Құдай
14. Егер біз күнә жасап қойған болсақ, қандай ауыр сезімді басымыздан өткізуіміз мүмкін, бірақ қандай жағдайда біз Ехобаның кешіріміне сенім арта аламыз?
14 Егерде біз күнә жасап қойған болсақ, түңіліп, ар-ұжданымыз мазалап және кінәлі сезінгеніміз еңсемізді түсіріп жібергендігі соншалық, Ехобаға қызмет етуге лайық емеспіз деп ойлай бастауымыз мүмкін. Бірақ Ехоба “кешіруге дайын” екендігін есімізде ұстауымыз керек (Забур 86:5, ЖД [85:5]). Иә, егерде біз жасаған күнәларымызға өкініп, сонымен қатар бар күшімізбен оларды қайталамауға тырысатын болсақ, Ехобаның кешіретініне сенім арта аламыз. Құдай сүйіспеншілігінің таңдандыратын бұл қырын Киелі кітап қалай суреттейтінін қарастырып көрейік.
15. Ехоба бізден күнәларымызды қандай қашықтыққа алыстатады?
15 Забур жыршысы Дәуіт Ехобаның қалай кешіретіндігін сипаттағанда, жүрекке жететіндей тіркестерді қолданған: “Шығыс батыстан қашық болғаны сияқты, Күнәмызды бізден шексіз қашықтатты” (Забур 102:12). Шығыс пен батыстың арасы қаншалықты қашық? Қандай да бір мағынада шығыс батыстан әрқашан шексіз қашықтықта болады; дүниенің бұл екі қарама-қарсы шеттері ешқашан бір-бірімен қосылмайды. Бір ғалымның айтуынша, бұл сөздер: “Мүмкіндігінше өте алыста; ойға кіріп шықпайтын үлкен арақашықтықта”— дегенді білдіреді. Құдай рухтандырған Дәуіттің сөздерінен көрініп тұрғандай, Ехоба кешірім жасағанда, күнәларымызды бізден ойға кіріп шықпайтын үлкен арақашықтыққа алыстатады.
16. Ехоба біздің күнәларымызды кешірген кезде, тап сол уақыттан бастап, ол бізді тап-таза деп санайтындығына неліктен сенімді бола аламыз?
16 Сенің ақ түсті матада қалып қойған дақты тазартқан кезің болған ба? Сенің жан салып тазартқаныңа қарамастан, матадағы дақ білініп қалған болса керек. Ехоба өзінің кешіру қабілетін қалай сипаттайтынын байқап қарашы: “Күнәларың ал қызыл болса да, рақым етіп, сендерді қар сияқты аппақ қылмақпын. Қылмыстарың қан қызыл болса да, сендерді кешіріп, аппақ жүндей ағартпақпын” (Ишая 1:18). Бұл жердегі “ал қызыл” деген сөз ашық қызыл түсті білдіріп тұрa. Ал “қан қызыл” деп қанық қызыл түске боялған матаны айтады. Біз қаншалықты тырыссақ та өздігімізден күнәнің дағынан тазару мүмкін емес. Дегенмен де, Ехоба біздің “ал қызыл” және “қан қызыл” күнәларымызды қар сияқты немесе боялмаған жүндей аппақ қылмақ. Сондықтан Ехоба кешірген кезде, күнәларымыз өмір бойы біздің бойымызда тазартылмайтын дақ болып өшпей қалады деген ойдан аулақ болуымыз керек.
17. Қандай мағынада Ехоба біздің күнәларымызды артқа лақтырады?
17 Өлім аузындағы ауруынан айыққан соң, Езекия ризашылығын көңіл толқытатын әнмен білдіріп, былай деген: “Сен... менің барлық күнәмді артқа лақтырдың” (Ишая 38:17). Бейнелеп айтқанда, Ехоба күнәкардың өкініш білдірген күнәларын бұдан былай көрмеуі не байқамауы үшін алады да артқа лақтырады. Бір мәліметке сәйкес, осы ойды былай жеткізуге болады: “Сен оларды [менің күнәларымды] болмағандай қылдың”. Бұл бізді жұбатады емес пе!?
18. Ехоба кешіргенде, күнәларымызды мәңгі-бақи алыстатып жіберетіндігін Миха пайғамбар қалай көрсеткен?
18 Миха пайғамбар қайта тұрғызылу туралы пайғамбарлық еткенде, күнәсін мойындаған халқын кешіруге Ехобаның дайын екендігіне сенімділік танытқан: “Өзіңнің меншікті халқыңның тамтығының күнәларын мойнына артпайтын Сендей Құдай бар ма..? Сен күнәларымыздың бәрін теңіз тұңғиығына лақтырасың” (Миха 7:18, 19). Киелі кітап жазылған уақытта өмір сүрген адамдар үшін бұл сөздердің нені білдіргендігі жөнінде ойланып көрші. “Теңіз тұңғиығына” тасталған нәрсеге қол жеткізу мүмкін бе? Миханың сөздері көрсетіп отырғандай Ехоба кешірген кезінде күнәларымызды мәңгі-бақи алыстатып жібереді.
Құдайымыздың зор жанашырлығы
19, 20. а) Еврейдің раха́м етістігі қандай мағынаны береді? ә) Киелі кітапта Ехобаның жанашырлық сезімі балалы ананың сезімімен қалай сипатталады?
19 Ехобаның сүйіспеншілігінің тағы бір қыры — жанашырлық. Жанашырлық деген не? Киелі кітапта жанашырлық пен аяушылықтың арасы өте тығыз байланысты екендігі көрінеді. Еврейдің және гректің бірнеше сөздері жанашырлық деген ойды береді. Мысалы, еврейдің жиі “мейірімділік”, “аяушылық”, “жанашырлық” деп аударылатын раха́м етістігін қарастырып көрейік. Ехобаның өзіне қолданатын бұл еврей сөзі “құрсақ” деген сөзбен тығыз байланысы бар, сонымен қатар “ананың аяушылығын” білдіреді.
20 Киелі кітап Ехобаның жанашырлық сезімін сәбиі бар ананың сезімімен байланыстырып суреттейді. Ишая 49:15-те былай айтылады: “Әлде әйел өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай ма [раха́м]?! Анасы ұмытып кеткен күнде де Мен сені ешқашан ұмытпаймын”. Ананың емшектегі баласын тамақтандыруды не болмаса оның қамын ойлауды ұмытып кеткенін елестету өте қиын. Ол күндіз де, түнде де ананың қамқорлығын не көңіл аударғанын мұқтаж етеді, өйткені ол дәрменсіз сәби ғой. Бірақ өкінішке орай кейбір аналардың тас жүрек болып кеткендіктері жөнінде жиі айтылады. Мұны әсіресе осы біздің ‘қиын-қыстау күндерімізде’ ерекше байқауға болады (2 Тімотеге 3:1, 3). Дегенмен де, Ехоба былай деп сендіреді: “Мен сені ешқашан ұмытпаймын”. Ехобаның өз ғибадат етушілеріне білдірген терең жанашырлық сезімі — ананың жанашырлық сезімінен де күшті — ол адамға тән барлық күшті сезімдерден де асып түседі.
21, 22. Исраилдіктер Ежелгі Мысырда нені бастарынан өткізді және олардың көмек сұрап қинала айқайлағандарына Ехоба қалай жауап қайтарды?
21 Сүюші Әкеміз Ехоба жанашырлығын қалай танытады? Бұл қасиетті оның ежелгі Исраилді қалай алып жүргендігінен айқын көруге болады. Б. з. б. 16-шы ғасырдың соңына таман миллиондаған исраилдіктер Ежелгі Мысырда құлдыққа алынады. Олар өте қатты қысым көреді (Мысырдан шығу 1:11, 14). Жәбір көргендіктен исраилдіктер Ехобаға дұға айтып, жалбарынып көмек сұрайды. Жанашырлықтың Құдайы қалай жауап қайтарды екен?
22 Бұл Ехобаның жүрегін елжіретіп, жан дүниесін толқытып жібереді. Ол былай деген: “Мен халқымның Мысырдағы мүшкіл халіне назар аударып, олардың... қинала айқайлағандарына құлақ салып, шеккен азаптарын түгел білемін” (Мысырдан шығу 3:7). Ехоба өз халқының қайғысына қол қусырып, не болмаса олардың зарын немқұрайдылықпен тыңдап отыра берген жоқ. Ехоба — біреудің жан қайғысын түсіне білетін Құдай. Бұл қасиеттің жанашырлықпен тығыз байланысы бар. Алайда Ехоба өз халқының қайғысына жай ғана ортақтасып қана қоя салған жоқ, оларды қорғау үшін әрекет ететіндігін көрсетті. Ишая 63:9-да былай делінеді: ‘Тәңіріміз сүйіспеншілігімен және мол қайырымдылығымен [“жанашырлығымен”, ЖД] халқын құтқарып алды’. Ехоба “Құдіретті қолымен” Мысырдан исраилдіктерді бостандыққа алып шықты (Заңды қайталау 4:34). Содан кейін Ол керемет жасап, оларды тамақтандырды, сонымен қатар шұрайлы жерді мұра ретінде берді.
23. а) Забур жыршысының сөздері Ехоба мейірімділікпен біздің әрбіріміздің жеке-жеке қамымызды ойлайтындығына қалай сендіреді? ә) Қандай жолдармен Ехоба бізге көмек береді?
23 Ехоба рақымын өзінің халқына топ ретінде жалпылай ғана көрсетіп қоймайды. Біздің сүюші Әкеміз мейірімділікпен әрбіріміздің қамымызды ойлайды. Ол кезігіп жүрген қайғы-қасіретіміздің бәрін түсінеді. Забур жыршысы былай деген: “Тәңірдің көзі әділдерде және Оның құлағы олардың қинала айқайлаған дауыстарында. Тәңір жүрегі жаралыларға жақын әрі кішіпейілдерді құтқарады” (Забур 33:16, 19). Ехоба әрбірімізге жеке-жеке қандай көмек көрсетуде? Ол қайғы-қасіретіміздің себебінен міндетті түрде арылтпайды. Бірақ Ехобаның өзінен көмек сұрағандарға демеу болуға мүмкіншілігі өте зор. Оның Сөзі Киелі кітапта бізге дұрыс шешімдер қабылдауға көмек беретін ақылға қонымды, пайдалы кеңестер бар. Ол қауымда бір сенімдегі бауырластарды рухани нығайта отырып, Құдайың жанашырлығына еліктеуге тырысатын жетілген ер бауырластарды тағайындаған (Жақып 5:14, 15). Ехоба ‘дұғаларды тыңдаушы’ ретінде “Өзінен сұрағандарға Киелі рухын сыйлайтыны ешбір шүбәсіз!” (Забур 64:3; Лұқа 11:13). Мұның бәрі дерлік ‘Құдайымыздың зор жанашырлығын’ білдіретін белгі болып табылады (Лұқа 1:78, ЖД).
24. Ехобаның сүйіспеншілігіне жауап ретінде не істей алар едің?
24 Көктегі Әкеміздің сүйіспеншілігі жөнінде ойланған қандай әсерлі десеңші! Біз алдыңғы мақалада Ехоба біздің пайдамыз үшін өзінің күшін, әділдігін, даналығын сүйіспеншілікпен көрсететінін есімізге түсірдік. Ал осы мақалада біз Ехобаның қандай таңғаларлық жолмен адамдардың бәріне, сонымен қатар әрбірімізге жеке-жеке сүйіспеншілік танытатынын қарастырдық. Енді әрбіріміз өзімізге былай деп сұрақ қойғанымыз орынды: “Мен Ехобаның көрсеткен сүйіспеншілігіне жауап ретінде не істей аламын?” Оны шын жүректен, бүкіл жан дүниеңмен, барлық ақыл-ойыңмен, бар күш-қуатыңмен сүй (Марқа 12:29, 30). Сондықтан әрбір өмір сүрген күнің Ехобаға жақындауға өте ыстық ықыласыңның бар екендігін көрсетсін. Ендеше, Ехоба — сүйіспеншілік болып табылатын Құдай — одан сайын саған жақындай түссін және мәңгі-бақи сенің досың болып қала берсін! (Жақып 4:8).
[Сілтемелер]
a Бір ғалымның айтуынша, ал қызыл бояу “өте шыдамды, әрі бояуы жуғанда оңбайтын болған. Мұндай түске боялған мата шық пен жауында түсі оңып кетпеген және көп қолданса да өңін жоғалтпаған”.
Естеріңде ме?
• Ехобаның ең негізгі қасиеті сүйіспеншілік екенін біз қайдан білеміз?
• Неліктен Ехобаның өз Ұлын азап шегіп және біз үшін өлуге жібергендігі ең үлкен сүйіспеншілік болып табылады?
• Ехоба біздің әрқайсысымызды жеке-жеке сүйетіндігіне қалай сендіреді?
• Киелі кітап Ехобаның жанашырлығын бейнелі түрде қалай жүрекке жетерліктей етіп суреттейді?