‘Алғашқы қайта тірілу’ қазір болып жатыр!
“Ең алдымен Мәсіхке сеніп бұ дүниеден кеткендер қайта тіріледі” (САЛОНИҚАЛЫҚТАРҒА 1-хат 4:16).
1, 2. а) Өлгендер үшін қандай үміт бар? ә) Қайта тірілуге сенуге сенде қандай негіз бар? (Сілтемені қараңдар).
“ТІРІЛЕР өлетінін біледі”. Адам ата күнә жасағаннан бері, бұл сөздер шындыққа айналып отыр. Тарих бойына жарық дүниеге келген әрбір адам түбінде өлетінін білген. Сондықтан көп адамдарда: “Одан кейін не болады? Өлгендер қандай күйде?”— деген сұрақтар туындаған. Бұған Киелі кітап: “Марқұмдар ештеңені білмейді”,— деп жауап береді (Екклесиаст 9:5, ЖД).
2 Онда өлген адамдар үшін қандай да бір үміт бар ма? Иә, бар. Құдайдың адамзатқа қатысты о бастағы ниеті жүзеге асу үшін үміт те болу керек. Ғасырлар бойы Құдайдың адал қызметшілері Шайтан мен оның келтірген залалын жоятын Ұрпақ жайлы айтқан Ехобаның уәдесіне сенген (Жаратылыс 3:15). Олардың басым көпшілігі дүниеден өтті. Бірақ олар Ехобаның сол уәдесі мен басқа да уәделерінің орындалғанын көру үшін қайта тірілулері қажет (Еврейлерге 11:13). Бұл мүмкін бе? Әрине. Елші Пауыл: “Құдай қиямет күні сенушілерді де, күнәкарларды да қайта тірілтеді”,— деген (Елшілердің істері 24:15). Ол бірде үшінші қабаттың терезесінен құлап өлген Еутіх есімді жас жігітті қайта тірілтті. Бұл Киелі кітапта айтылған тоғыз қайта тірілудің соңғысы болатын (Елшілердің істері 20:7—12)a.
3. Исаның Жохан 5:28, 29-да айтылған сөздерінен жеке өзің қандай жұбаныш аласың және неліктен?
3 Қайта тірілу жайлы тоғыз оқиға Пауылдың сөздеріне сенуге негіз береді. Олар Исаның: “Қабірдегілердің бәрі Құдайдың рухани Ұлының даусын еститін уақыт болады”,— деген сөздеріне сенімділігімізді нығайта түседі (Жохан 5:28, 29). Қандай жүрекке жылы тиетін сөздер! Сондай-ақ жақындары өлім ұйқысында жатқан миллиондаған адамдар үшін бұл неткен зор жұбаныш!
4, 5. Киелі кітапта қайта тірілудің қандай түрлері айтылған және осы мақалада қайсысы қарастырылады?
4 Қайта тірілгендердің көбісі Құдай Патшалығының тұсында тыныштық орнаған жер бетіне қайта оралады (Забур 36:10, 11, 29; Ишая 11:6—9; 35:5, 6; 65:21—23). Алайда бұған дейін қайта тірілудің басқа түрлері болу керек. Алдымен, Иса Мәсіх құрбандығының құнын Әкесіне ұсыну үшін қайта тірілу керек еді. Ол өліп, б. з. 33 жылы тірілді.
5 Екіншіден, ‘Құдайдың рухани Исраил халқының’ майланған мүшелері көкте ұлылыққа бөленген Иеміз Иса Мәсіхке қосылулары керек. Сөйтіп, онда ‘мәңгі-бақи Иемізбен бірге болады’ (Ғалаттықтарға 6:16; Салониқалықтарға 1-хат 4:17). Бұл ‘алғашқы қайта тірілу’ деп аталады (Аян 20:6). Осы қайта тірілу аяқталғаннан кейін, жердегі Жұмақта мәңгі бақи өмір сүруге үміті бар миллиондаған адамдар қайта тірілетін уақыт болады. Олай болса, көкте не жерде өмір сүруге үміттенсек те, бізді ‘алғашқы қайта тірілу’ қатты қызықтырады. Бұл қандай қайта тірілу? Ол қашан болады?
“Денелері қандай болмақ?”
6, 7. а) Майланған мәсіхшілер көкке бара алулары үшін, не болу керек? ә) Олар қандай денемен қайта тіріледі?
6 Қорынттықтарға жазған хатында Пауыл алғашқы қайта тірілуге қатысты мынадай сұрақ қояды: “Өлгендер қалайша қайта тіріледі, тірілген денелері қандай болмақ?” Сонан соң былай деп жауап қатады: “Жерге еккен дәнің көктеп, жаңа өмір шығарғанда өзі жойылады... Ал Құдай өз қалауынша әрбір тұқымды түріне қарай өзіндік денемен қамтамасыз етеді... Жердегіден басқа аспандағылардың да денелері бар, бұлардың сұлулығы мен салтанаты жердегілердікінен өзгеше” (Қорынттықтарға 1-хат 15:35—40).
7 Пауылдың сөздері киелі рухпен майланған мәсіхшілер көктегі сыйларын алмас бұрын, өлу керектігін көрсетеді. Өлгенде, олардың денелері топыраққа айналады (Жаратылыс 3:19). Ал Құдай белгілеген уақытта олар көкте өмір сүре алатын денемен тіріледі (Жоханның 1-хаты 3:2). Сондай-ақ Құдай оларға өлместік сыйлайды. Бұл туылғанда беріліп, өлгенде соңғы деммен шығып кетеді деп есептелетін өлмес жан емес. Пауыл: “Өлетін өлмейтінге айналуы тиіс”,— деді. Өлместік — Құдайдың сыйы, әрі ол алғашқы қайта тірілетіндерге беріледі (Қорынттықтарға 1-хат 15:50, 53, Тт; Жаратылыс 2:7; Қорынттықтарға 2-хат 5:1, 2, 8).
8. Құдай 144 000 адамды әр түрлі дін мүшелерінің арасынан таңдамайтынын қайдан білеміз?
8 Алғашқы қайта тірілетіндер 144 000 адам ғана. Ехоба оларды б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан бастап, яғни Иса қайта тірілген соң көп ұзамай, таңдап ала бастады. Олардың бәрінің “маңдайларында Тоқтының [Исаның] және Оның Әкесінің аттары жазылған” (Аян 14:1, 3). Олай болса, олар әр түрлі дін мүшелерінен таңдап алынбаған. Бәрі — Мәсіхтің ізбасарлары және де Әкелері Ехобаның есімі маңдайларына жазылғанын мақтаныш тұтады. Олар қайта тірілгеннен кейін көкте белгілі бір тапсырмалар алады. Құдайға осылай тікелей қызмет ету мүмкіндігі оларды қатты қуантады.
Қазір болып жатыр ма?
9. Аян 12:7 мен 17:14 тармақтар алғашқы қайта тірілудің басталған уақытын жобалап анықтауға қалай көмектеседі?
9 Алғашқы қайта тірілу қашан болады? Оның қазір болып жатқанына келелі дәлел бар. Мысалы, Аян кітабының екі тарауын салыстырып көрейік. Алдымен, 12-тарауды қарайық. Ол жерден таққа жаңа отырған Иса Мәсіх өзінің киелі періштелерімен бірге Шайтан мен оның жын-перілеріне қарсы соғысқанын оқимыз (Аян 12:7—9). Осы журналда жиі көрсетілетіндей, сол соғыс 1914 жылы басталдыb. Алайда, байқасақ, сол көктегі соғыста Мәсіхтің майланған ізбасарларының ешқайсысы да Исамен бірге болды делінбеген. Енді Аян кітабының 17-тарауын қарайық. Онда “ұлы Бабыл” жойылған соң, Тоқты халықтарды жеңіп шығатынын оқимыз. Сонан соң: “Оның қасындағылары — шақырылып, таңдалған, адал ізбасарлары”,— делінген (Аян 17:5, 14). “Шақырылып, таңдалған, адал ізбасарлары” Шайтанның дүниесі біржолата жойылғанда, Исамен бірге болатын болса, соған дейін қайта тіріліп қоюлары керек. Онда Һар-Магедонға дейін өлген майланған мәсіхшілер 1914 жыл мен Һар-Магедонға дейінгі аралықта қайта тіріледі деу ақылға қонымды емес пе?
10, 11. а) 24 ақсақал кімдер және оның бірі Жоханға нені ашты? ә) Бұдан қандай түйін жасай аламыз?
10 Алғашқы қайта тірілудің басталған уақытын дәлірек айта аламыз ба? Қызықты мәліметті Аян 7:9—15 дейінгі тармақтардан табуға болады. Ол жерде елші Жохан “ешбір адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобырды” суреттеген. Сол өте үлкен тобырдың кім екенін Жоханға 24 ақсақалдың бірі ашты. Ал бұл ақсақалдар Мәсіхпен бірге көктегі ұлылықты бөлісетін 144 000-ды бейнелейдіc (Лұқа 22:28—30; Аян 4:4). Жоханның да көкте өмір сүруге үміті болған. Алайда әлгі ақсақал онымен сөйлескенде Жохан әлі жер бетінде еді. Сондықтан аянда ол көктегі сыйларын әлі алмаған жердегі майланған мәсіхшілерді бейнелеген болу керек.
11 Сонымен 24 ақсақалдың бірі Жоханға өте үлкен тобырдың кім екенін айтқан жағдайдан қандай түйін жасай аламыз? Одан 24 ақсақал тобының қайта тірілген мүшелері бүгінде Құдайдың шындықтарын жеткізуге атсалысуы мүмкін екені көрінеді. Мұның қандай маңызы бар? Өйткені өте үлкен тобырдың кімдер екені Құдайдың жердегі майланған қызметшілеріне 1935 жылы ашылған болатын. Егер әлгі ақсақалдардың бірі сол маңызды шындықты жеткізген болса, онда ол 1935 жылы не оған дейін көкке қайта тірілуі керек еді. Ал бұл алғашқы қайта тірілудің 1914 пен 1935 жылдар аралығында басталғанын көрсетеді. Бұдан да нақтылай түсуге бола ма?
12. Неге алғашқы қайта тірілу 1918 жылдың көктемінде басталуы мүмкін екенін түсіндіріңдер.
12 Бұл үшін Киелі кітаптағы келесі бір ұқсас жайт болуы мүмкін нәрсені қарастырғанымыз пайдалы. Иса Мәсіх Құдай Патшалығының Патшасы ретінде б. з. 29 жылының күзінде майланған болатын. Үш жарым жылдан соң, б. з. 33 жылының көктемінде, ол құдіретті рухани тұлға ретінде қайта тірілді. Бұдан Иса 1914 жылдың күзінде таққа отырған болса, адал майланған ізбасарларының қайта тірілуі үш жарым жылдан соң, яғни 1918 жылдың көктемінде басталды деп ой түзуге болмас па екен? Бұл көңіл қоярлық болжам. Мұны Киелі кітаппен тікелей растай алмасақ та, бұл алғашқы қайта тірілудің Мәсіх Патшалық билікке келгеннен кейін көп ұзамай басталғанын көрсететін басқа Жазба орындарына қайшы келмейді.
13. Қалайша Салониқалықтарға 1-хат 4:15—17 дейінгі тармақтар алғашқы қайта тірілу Мәсіхтің Патшалық билікке келуінің басында басталатынына меңзейді?
13 Мысалы, Пауыл былай деп жазды: “Иеміз қайтып келген кезде әлі тірі жүретін біздің өліп қалған бауырластарымыздан ешқандай артықшылығымыз болмайды. Өйткені Иеміздің Өзі көктен түсіп, бұйрық береді, бас періште шақырып, Құдайдың кернейі қатты дауыстайды; сонда ең алдымен Мәсіхке сеніп бұ дүниеден кеткендер қайта тіріледі. Тірі жүрген біз мұнан соң солармен бірге Иемізбен кездесу үшін бұлттың үстімен көкке көтерілеміз; содан кейін мәңгі-бақи Иемізбен бірге боламыз” (Салониқалықтарға 1-хат 4:15—17). Грек тілінен “Иеміз қайтып келген кезде” деп аударылған тіркес, негізінде, “Иеміздің билік етіп отырған кезеңін” білдіреді. Бірақ Пауыл осы кезеңнің соңында деп айтпағанын байқаңдаршы. Бұлай болса, Мәсіх Патшалық билікке келмей тұрып өлген майланған мәсіхшілер ол тақта отырған кезеңде әлі де тірі болатындардан бұрын көкке қайта тірілді. Бұл алғашқы қайта тірілу Мәсіхтің Патшалық билікке келуінің басында басталып, оның тақта отырған кезеңінде жалғасу керек дегенді білдіреді. Алғашқы қайта тірілу бір мезгілде емес, белгілі бір уақыт аралығында болады.
‘Олардың әрбіреуіне ақ шапан жапты’
14. а) Аян кітабының 6-тарауындағы оқиғалар қашаннан бері орындалуда? ә) Аян 6:9-да не суреттелген?
14 Аян кітабының 6-тарауындағы тағы бір дәлелді қарастырайық. Онда Иса атпен шауып келе жатқан жеңімпаз Патша ретінде суреттеледі (Аян 6:2). Халықтар жер-жерлерде болып жатқан соғыстарға қатысуда (Аян 6:4). Сонымен қатар жер бетін аштық жайлаған (Аян 6:5, 6). Адамзат қауіпті індеттерден қырылуда (Аян 6:8). Осы алдын ала айтылған оқиғалардың бәрі 1914 жылдан бері дүниеде болып жатқан жағдайға сай келеді. Бірақ тағы бір оқиға болу керек. Біздің назарымыз құрбандық үстеліне аударылады. Оның түбінде ‘Құдайдың хабарын жариялап, сенімдеріне адал қалғандары үшін шейіт болғандардың жандары көрінеді’ (Аян 6:9). ‘Денедегі жанның [яки өмірдің] өзегі қанда’ болғандықтан, құрбандық үстелінің түбінде жатқан, шын мәнінде, батыл да құлшына куәлік еткені үшін өлтірілген Исаның адал қызметшілерінің қанын бейнелейді (Леуіліктер 17:11).
15, 16. Аян 6:10, 11-дегі сөздер неге алғашқы қайта тірілуге нұсқайтынын түсіндіріңдер.
15 Әділ адам Әбілдің қаны сияқты өлтірілген мәсіхшілердің де қаны әділдікті талап етіп үн қатуда (Жаратылыс 4:10). ‘Олар қатты дауыспен айғайлап: — Киелі де шынайы Билеуші! Әлі де қанша уақыт жер бетіндегі адамдарды соттамай, төккен қанымыздың құнын талап етпей жүресің?— деуде’. Сонан кейін не болды? ‘Олардың әрбіреуіне (ақталу белгісі ретінде) ақ шапан жабылды да: — Сендер сияқты шейіт болуға тиісті қызметтестерің мен бауырластарыңның саны толық болғанға дейін біраз уақыт тынышталып күте тұрыңдар,— делінді’ (Аян 6:10, 11).
16 Бұл ақ шапандар құрбандық үстелінің түбінде көл боп жатқан қанға жабылды ма? Жоқ, олай емес. Бұл шапандар, бейнелеп айтқанда, қандары құрбандық үстеліне төгілген адамдарға берілді. Олар Исаның аты үшін өмірлерін құрбан етіп, енді рухани денемен қайта тірілген еді. Мұны қайдан білеміз? Аян кітабының алдыңғы тарауларынан былай деп оқимыз: ‘Жеңіп шыққан әркім солар сияқты аппақ киім киетін болады; Мен оның есімін Өмір кітабынан өшірмеймін’. Еске түсірсек, 24 ақсақал да ‘ақ киімді алтын тәж киген’ еді (Аян 3:5; 4:4). Осылайша, жер бетінде соғыс, аштық пен індеттер жайыла бастаған соң, құрбандық үстелінің түбіндегі қанмен бейнеленген 144 000-ның өлген мүшелері көкке тіріліп, бейнелі мағынадағы ақ шапан киген.
17. Ақ шапан алғандар қай мағынада ‘тынышталып күте тұрулары’ керек?
17 Сол жаңадан тірілгендер ‘тынышталып күте тұрулары’ керек. Олар шыдаммен Құдайдың кек алатын күнін күтулері қажет. Олардың ‘қызметтестері’, яғни әлі жер бетінде жүрген майланған мәсіхшілер, әлі де сынақтарда адалдықтарын дәлелдеулері керек. Құдайдың сот күні келгенде, ‘тынышталып күтетін’ уақыттары аяқталады (Аян 7:3). Қайта тірілгендер сол кезде Исамен бірге зұлымдарды, соның ішінде жазықсыз мәсіхшілердің қанын төккендерді де, жоюға атсалысады (Салониқалықтарға 2-хат 1:7—10).
Мұның бізге қандай қатысы бар?
18, 19. а) Не себептен алғашқы қайта тірілу қазір болып жатыр деп тұжырымдай аламыз? ә) Алғашқы қайта тірілуді түсінгенің саған қалай әсер етеді?
18 Құдай Сөзінде алғашқы қайта тірілу қашан болатындығының нақты күні айтылмаған. Бірақ оның белгілі бір уақыт аралығында, яғни Мәсіхтің билік етіп отырған кезеңінде, болатынын көрсетеді. Алдымен, Мәсіх Патшалық билікке келгенге дейін қайтыс болған майланған мәсіхшілер қайта тірілу керек. Ал Исаның Патшалық тақта отырған кезеңінде жердегі өмірлерін адал аяқтаған майланғандар “қас қағым сәтте” өзгеріп, құдіретті рухани тұлғаларға айналады (Қорынттықтарға 1-хат 15:52). Майланғандардың бәрі көктегі сыйларын Һар-Магедонға дейін ала ма? Біз мұны білмейміз. Бірақ білетініміз: Құдай белгілеген уақытта 144 000-ның бәрі көктегі Синай тауында тұратын болады.
19 Сондай-ақ 144 000-ның басым көпшілігі қазір Мәсіхпен бірге екенін білеміз. Жер бетінде олардың азғанасы ғана қалды. Бұл — Құдайдың үкімін жүзеге асыратын уақытының асығып келе жатқанының қандай зор белгісі десеңші! Жуырда Шайтанның бүкіл зұлым дүниесі жойылады. Шайтанның өзі түпсіз тұңғиыққа тасталады. Сосын, жер бетіндегі қайта тірілу басталады. Сол кезде адал адамдар Исаның төлем құрбандығының арқасында Адамның жоғалтқан кемелділігіне жете алады. Иә, Ехобаның Жаратылыс 3:15-те айтқан пайғамбарлығы керемет түрде орындалып жатыр. Осы уақытта өмір сүру неткен зор мәртебе!
[Сілтемелер]
a Қайта тірілу жайлы сегіз оқиғаны мына Жазба орындарынан оқуға болады: Патшалықтар 3-жазба 17:21—23; Патшалықтар 4-жазба 4:32—37; 13:21; Марқа 5:35, 41—43; Лұқа 7:11—17; 24:34; Жохан 11:43—45; Елшілердің істері 9:36—42.
b Исаның Патшалық таққа келіп отырғандығының Жазбаларға негізделген дәлелін “Мәңгілік өмірге алып баратын білім” кітабынан қараңдар (95—97 бет.).
c 24 ақсақалдың көктегі майланған мәсіхшілерді бейнелейтінін көрсететін мәліметті Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Аян. Оның салтанатты шарықтау шегі жақын!” (ор.) кітабының 77-бетінен қараңдар.
Түсіндіріп бере аласыңдар ма?
Келесі Жазба орындары ‘алғашқы қайта тірілудің’ басталған уақытын анықтауға қалай көмектеседі?
• Қорынттықтарға 1-хат 15:23; Салониқалықтарға 1-хат 4:15—17