“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
1—7 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҚОЛОСТЫҚТАРҒА 1—4
“Ескіні тастап, жаңаны киіп алайық”
(Қолостықтарға 3:5—9) Сондықтан топырақтан жаралған дене мүшелеріңнен туындайтын азғындық, арам істер, нәпсіқұмарлық, зиянды құмарлық және пұтқа табынушылық болып табылатын ашкөздік сияқты бейімділіктеріңді өлтіріңдер. 6 Өйткені осылар үшін Құдайдың қаһары төніп тұр. 7 Кезінде сендер де осындай істермен айналыстыңдар. 8 Ал енді ашу, ызақорлық, жамандық, қорлық сөздер сияқты нәрсенің бәрінен арылыңдар. Ауыздарыңнан әдепсіз сөз де шықпасын. 9 Бір-біріңе өтірік айтпаңдар! Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылып,
Осы дүниенің емес, Құдайдан келген рухты қабылда
12 Менің болмысымнан қандай рух танытып жүргенімді көруге болады? (Қолостықтарға 3:8—10, 13 оқы). Осы дүниенің рухы тән қалауын қоздырады (Ғал. 5:19—21). Бізге қандай рухтың әсер етіп жатқаны бәрі ойдағыдай кезде емес, қайта, қандай да бір бауырластың бізді елемей қоюы, ренжітуі не тіпті бізге қарсы күнә жасауы сияқты қиын жағдайларда шындап тексеріледі. Бұған қоса, бұл үйімізде оңаша қалғанда көрінеді. Осы орайда өзімізді тексергеніміз абзал. Өзіңнен: “Соңғы алты ай ішінде Мәсіхке көбірек ұқсай түстім бе, жоқ әлде бірте-бірте бұрынғы жүріс-тұрысым мен сөйлеу әдетіме көшудемін бе?”— деп сұра.
13 Құдай рухы “ескі болмысымыздан іс-әрекеттерімен қоса арылып”, “жаңа болмысқа” ие болуға көмектеседі. Ал бұл сүйіспеншілікке толы әрі мейірімді болуымызға септігін тигізеді. Тіпті ренжуге негіз бар болып көрінсе де, кешірімшіл боламыз. Ал әділетсіздікке кезіксек, оны “өшпенділік, ашу, ыза, айқайласу, қорлық сөздермен” қабылдамаймыз, керісінше, “барынша жанашыр” болу үшін күш саламыз (Ефес. 4:31, 32).
(Қолостықтарға 3:10—14) тура білім арқылы Жаратушының кейпіне сай жаңарып жатқан жаңа болмысқа ие болыңдар. 11 Бұл жерде грек не яһуди, сүндеттелген не сүндеттелмеген, жатжерлік не скиф, құл не ерікті адам деген жоқ, қайта, барлығы және бәрінде — Мәсіх. 12 Сондықтан Құдай таңдаған, қасиетті де сүйікті адамдар ретінде жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер. 13 Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер. 14 Бұған қоса, сүйіспеншілікке бөленіңдер, өйткені ол адамдарды толықтай біріктіреді.
Сен түбегейлі өзгердің бе?
18 Құдай Сөзі бізге түбегейлі өзгеруге көмектесу үшін оны үзбей оқығанымыз әрі одан тәлім алғанымыз жеткіліксіз. Көп адам Киелі кітапты оқып тұратындықтан, оның мазмұнымен таныс. Бәлкім, қызметте сондай адамдарды кездестірген де шығарсың. Біреулер тіпті кейбір Киелі кітап тармақтарын жатқа айта алады. Алайда бұл олардың ой қалпы мен өмір салттарына айтарлықтай әсер етпейді. Неге? Құдай Сөзі бізге әсер етіп, түбегейлі өзгеруге талпындыру үшін ол біздің жүрегімізге терең ену керек. Сондықтан да оқығандарымыз жайлы ой жүгірткеніміз аса маңызды. Мысалы, былай ойлансақ болады: “Мұның артында діни ілімнен де көп нәрсе жатқанын түсінемін бе? Мұның шындық екеніне көзім жетті ме? Үйренгендерімді өмірімде қолдануға тырысамын ба, әлде оларды тек басқаларға үйрететін тәлім ретінде ғана қарастырамын ба? Ехобаның жеке маған сөйлеп жатқанын сеземін бе?” Өзімізге осындай сұрақтарды қойып, ой жүгіртсек, Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз артып, оған жақындай түсеміз. Иә, Киелі кітаптан білгендеріміз жүрегімізге жеткенде, Құдайға ұнамды өзгерістер жасауға талпынамыз (Нақ. с. 4:23; Лұқа 6:45).
19 Құдай Сөзін жүйелі түрде оқып, білгендеріміз жайлы ой жүгірткеніміздің арқасында Пауылдың кеңесін әрі қарай да орындай беруге талпынамыз. Ол былай деген: “Ескі болмыстарыңнан іс-әрекеттерімен қоса арылып, тура білім арқылы Жаратушының кейпіне сай жаңарып жатқан жаңа болмысқа ие болыңдар” (Қол. 3:9, 10). Құдай Сөзін жете түсініп, білгендерімізді өмірімізде қолдансақ, жаңа болмысқа ие болып, Шайтанның тұзақтарынан сақ боламыз.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Қолостықтарға 1:13, 14) Ол бізді түнектің билігінен құтқарып, сүйікті Ұлының патшалығына енгізді. 14 Біз оның Ұлының төлемі арқылы азат етілдік, яғни күнәларымыз кешірілді.
it-2 169-б., 3—5 абз.
Құдай Патшалығы
“Сүйікті Ұлының патшалығы”. Иса көкке көтерілгеннен он күн өткен соң, б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамында ол шәкірттеріне киелі рухты төкті. Осылайша олар Исаның “Құдайдың оң жағына отырғанын” анық білді (Е.і 1:8, 9; 2:1—4, 29—33). Сол кезде олармен жасалған “жаңа келісім” күшіне енді де, олар алғашқы болып рухани Исраил деп аталатын жаңа “қасиетті халықтың” негізін қалады (Ев 12:22—24; Пт1х 2:9, 10; Ғл 6:16).
Мәсіх енді Әкесінің оң жағына отырып, қауымның Басы болды (Еф 5:23; Ев 1:3; Фп 2:9—11). Жазбалардан көрінетіндей, б. з. 33 жылғы Елуінші күн мейрамынан бастап, Иса шәкірттерінің үстінен билік жүргізіп келеді. Елші Пауыл І ғасырдағы қолостық мәсіхшілерге: “[Құдай] бізді түнектің билігінен құтқарып, сүйікті Ұлының патшалығына енгізді”,— деп жазған. Осылай ол сол кездің өзінде Иса Мәсіхтің патшалығы бар болғанын көрсеткен (Қл 1:13; Е.і 17:6, 7 салыстырыңыз).
Біздің заманымыздың 33 жылғы Елуінші күн мейрамынан бастап билік ететін Мәсіхтің бұл патшалығы — рухани патшалық. Бұл патшалық рухани Исраилге, яғни Құдайдың рухани балалары болу үшін рухтан туылған мәсіхшілерге билік жүргізеді (Жх 3:3, 5, 6). Көктегі сыйларын алғанда, рухтан туылған мәсіхшілер бұдан былай Мәсіхтің рухани патшалығына бағынышты жердегі азаматтар болмайды. Өйткені олар көкте Мәсіхпен бірге патша болады (Аян 5:9, 10).
(Қолостықтарға 2:8) Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен әрі бос, алдамшы ойларымен, Мәсіх туралы емес, осы дүниенің қағидаларына негізделген ілімдерімен торға түсіріп алмасын.
Ғалаттықтарға, ефестіктерге, філіпіліктерге және қолостықтарға арналған хаттардағы көңіл бұрарлық ойлар
2:8. Пауыл ескерткен ‘осы дүниелік қарапайым ережелерге’ не жатады? Бұған Шайтан дүниесіндегі нәрселер — оны құрайтын, жетелейтін немесе оның қозғаушы күші болып табылатын негізгі нәрселер не принциптер — жатады (Жох. 1-х. 2:16). Олардың ішінде пәлсапа, материализм және осы дүниенің жалған діндері бар.
Киелі кітапты оқу
(Қолостықтарға 1:1—20) Құдайдың еркімен Мәсіх Исаның елшісі болған Пауыл және бауырласымыз Тімөте 2 Мәсіх Исамен байланыста жүрген Қолостағы қасиетті де адал бауырластарға жазып отыр. Құдай Әкеміз сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын! 3 Сендер үшін дұға еткен сайын, Иеміз Иса Мәсіхтің Әкесі Құдайға үнемі алғыс айтамыз. 4 Сендердің Мәсіх Исаның ізбасарлары ретіндегі сенімдерің мен барлық қасиеттілерге деген сүйіспеншіліктерің жайлы естідік. 5 Ал бұл сенімдерің мен сүйіспеншіліктерің өздерің үшін көкте сақтаулы тұрған үмітке негізделген. Осы үміт жайлы сендер ізгі хабардың шынайы сөздерін естігенде білдіңдер. 6 Өздеріңе жеткен осы ізгі хабар бүкіл дүниеде қалай жеміс беріп, қалай таралып жатқан болса, Құдайдың рақымы туралы шындықты естіген және сол жайлы тура білім алғаннан бері сендердің араларыңда да тап солай болуда. 7 Бұл рақым жайында сендер өзіміз сияқты құл, сүйікті Епафрастан білдіңдер. Ол — біздің орнымызға өздеріңе қызмет етіп жүрген Мәсіхтің адал қызметшісі. 8 Рух арқылы дамытқан сүйіспеншіліктеріңді бізге сол айтып жеткізді. 9 Сондықтан да бұл туралы естіген күннен бастап, сендер үшін Құдайға үнемі дұға етіп, оның еркі жайлы тура білімдерің арта берсін, әрі даналық пен киелі рух беретін түсінікке ие болсын деп сұраймыз. 10 Біз Ехобаның есіміне лайықты өмір сүріп, оған барлық жағынан ұнамды әрі әрбір игі істе жемісті болсаңдар екен, сондай-ақ Құдай жайлы тура білімдерің тереңдей түссе екен дейміз. 11 Сендер оның ұлы құдіретінен қажетті күш алып, бәріне шыдамдылықпен және қуанышпен төзсін 12 әрі жарықтағы қасиеттілердің мұрасына ортақтасуға өздеріңді лайық еткен Әкеге әрдайым алғыс айтсын деп дұға етудеміз. 13 Ол бізді түнектің билігінен құтқарып, сүйікті Ұлының патшалығына енгізді. 14 Біз оның Ұлының төлемі арқылы азат етілдік, яғни күнәларымыз кешірілді. 15 Ол — көзге көрінбейтін Құдайдың кейпі, жаратылыс атаулының тұңғышы. 16 Өйткені көктегі мен жердегінің, көзге көрінетін мен көрінбейтіннің — тақтар, билеушілер, үкіметтер мен басшылардың — бәрі сол арқылы жаратылды. Барлығы сол арқылы және сол үшін жаратылды. 17 Сондай-ақ ол барлық нәрседен бұрын бар болған, әрі басқа нәрселердің бәрі сол арқылы жаратылған. 18 Ол — дененің, яғни қауымның басы. Барлық нәрсенің алғашқысы болу үшін ол бәрінің бастамасы және өлімнен қайта тірілгендердің тұңғышы болды. 19 Өйткені Құдай барлық нәрсенің оның бойында толық болғанын, 20 сондай-ақ оның азап бағанасында төгілген қаны арқылы жердегі мен көктегінің бәрін өзімен татуластыруды жөн көрді.
8—14 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | САЛОНИКАЛЫҚТАРҒА 1-ХАТ 1—5
“Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүріңдер”
(Салоникалықтарға 1-хат 5:11—13) Сондықтан бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер. 12 Бауырластар, сендерден сұрайтынымыз — араларыңда ауыр еңбектеніп, Иеміздің ісінде жетекшілік етіп, ақыл-кеңес беріп жүргендерді қадірлеңдер. 13 Оларды еңбектері үшін айрықша құрметтеп, жақсы көріңдер. Өзара тату болыңдар.
“Араларыңда ауыр еңбектеніп жүргендерді қадірлеңдер”
12 Қауымға “жетекшілік ету” тәлім беруден көп нәрсені қамтиды. Осыған ұқсас тіркес Тімөтеге 1-хат 3:4-те кездеседі. Пауыл: “[Бақылаушы] отбасына жақсы басшылық ететін, ал балалары мойынсұнғыш әрі тәртіпті болуы керек”,— деді. Бұл сөздерге сай, жетекшілік ету тәлім берумен ғана шектелмейді, бұған отбасында басшылықты қолға алу мен “балалардың мойынсұнғыш болуы” да кіреді. Иә, ақсақалдар жетекшілік етіп, қауымдағылардың бәріне Ехобаға мойынсұнуға көмектеседі (Тім. 1-х. 3:5).
“Араларыңда ауыр еңбектеніп жүргендерді қадірлеңдер”
19 Сен өзіңе арнап жасалған сыйлық алсаң, не істер едің? Ризашылығыңды білдіру үшін оны қолданасың ғой? Ақсақалдар Ехобаның Иса Мәсіх арқылы саған берген “сыйы” болып табылады. Бұл сый үшін ризашылығыңды білдірудің бір жолы — ақсақалдардың баяндамаларын мұқият тыңдау және олардың айтқандарын өмірде қолдануға тырысу. Сондай-ақ мұны қауымда мағыналы түсініктемелер беру арқылы да көрсете аласың. Уағыз қызметі сияқты, ақсақалдар ұйымдастыратын істерге қолдау көрсет. Ақсақалдың берген кеңесінің пайдасын көрсең, неге бұл жайлы оған айтпасқа? Неге оның отбасына да ризашылық білдірмеске? Қауымда аянбай еңбек ететін ақсақал отбасымен өткізуіне болатын уақытын құрбан етіп жүргенін ұмытпайық.
(Салоникалықтарға 1-хат 5:14) Бауырластар, өздеріңнен тағы мынаны өтінеміз: тәртіп бұзатындарға ескерту жасаңдар, жаны күйзеліп жүргендерді жұбатыңдар, әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар.
“Бір-бірімізді... іс жүзінде әрі шын жүректен сүйейік”
13 Әлсіздерді қолдап-демеңіз. Киелі кітаптың: “Әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар”,— деген талабы арқылы сүйіспеншілігіміздің шынайылығы сыналады (Салоникалықтарға 1-хат 5:14). Бір кездері әлсіз болған бауырластар кейін сенімдерінде нық тұрған. Кейбіреулері болса біздің төзімді болып, сүйіспеншілікпен көмектескенімізге мұқтаж. Оларға қалай қол ұшын берсек болады? Киелі кітапты қолданып оларды жігерлендіре аламыз, уағызға шақыра аламыз не оларды жай құлақ салып тыңдай аламыз. Сондай-ақ бауырластарды “күшті” не “әлсіз” деп бөле салмауымыз керек. Қайта, әрқайсысымыздың да күшті де, әлсіз де жақтарымыз бар екенін мойындауымыз қажет. Тіпті елші Пауыл да әлсіздіктері бар екенін мойындаған (Қорынттықтарға 2-хат 12:9, 10). Барлығымыз да өзара көмекке, жігерге зәруміз.
Исаның кішіпейілділігі мен жылулығына еліктейік
16 Жылы сөздеріміз. Жылулық бізді “жаны күйзеліп жүргендерді жұбатуға” талпындырады (Сал. 1-х. 5:14). Мұндай адамдарды жігерлендіру үшін не айтуға болады? Бар көңілімізбен қамын ойлайтынымызды айтқанымыз жабырқаған адамның рухын көтереді. Бойындағы жақсы қасиеттері мен қабілеттерін көре алуына көмектесу үшін мақтауға болады. Бәлкім, Ехоба бағалы деп есептегендіктен, оны өзіне жақындатып тартқанын есіне салармыз (Жох. 6:44). Сондай-ақ Ехоба “жүрегі жаралы”, “сағы сынған” қызметшілерінің қамын ойлайтынын жадында қайта жаңғыртармыз (Зәб. 34:18). Біздің жылы сөзіміз жұбанышқа зәру адамның жанына шипа болуы мүмкін (Нақ. с. 16:24).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Салоникалықтарға 1-хат 4:3—6) Құдай сендердің қасиетті болғандарыңды қалайды, сондықтан азғындықтан аулақ болыңдар; 4 әрқайсысың өз тәніңді қасиетті сақтап, қадірлеп, жүгендей біліңдер, 5 Құдайды білмейтін халықтар сияқты ашкөздікке, нәпсіқұмарлыққа салынбаңдар. 6 Ешкім шектен шығып, бұл мәселеде пайдакүнемдікпен бауырласына зияндық жасамасын! Себебі сендерге алдын ала айтып, қатаң ескерткеніміздей, Ехоба мұндай күнәлардың бәрі үшін жазалайды.
it-1 863, 864-б.
Азғындық
Азғындық — күнә. Бұл үшін адам мәсіхшілер қауымынан шығарылуы мүмкін (Қ1х 5:9—13; Ев 12:15, 16). Елші Пауылдың түсіндіруінше, азғындық жасаған адам өз денесіне қарсы күнә жасайды. Себебі көбею мүшелерін теріс мақсатта пайдаланады. Ол рухани күйіне оңдырмай залал келтіреді, Құдайдың қауымын арамдайды, әрі жыныстық жолмен жұғатын, түбі өлімге апаратын ауруларға шалдығуы мүмкін (Қ1х 6:18, 19). Осы сорақы қылығымен адам мәсіхші бауырластарының құқығына қол сұғады (Сл1х 4:3—7). Өйткені ол 1) қауымды былғайды әрі масқаралайды (Ев 12:15, 16); 2) кіммен азғындық жасаса, сол адамның абыройына кір келтіреді, ол әлі отау құрмаған болса, пәк неке құру мүмкіндігінен айырады; 3) өз үй ішінің абырой-беделін түсіреді; 4) сондай-ақ екінші жақтың әке-шешесін, күйеуін, қалыңдығын да жәбірлейді. Адами заңдар азғындықты айыптауы да, айыптамауы да мүмкін. Бірақ азғындық жасаған кісі адамды емес, күнәні жазасыз қалдырмайтын Құдайды елемейді (Сл1х 4:8).
(Салоникалықтарға 1-хат 4:15—17) Біз Ехобаның сөзіне сай мынаны айтамыз: Иеміз осында болатын кезде әлі тірі жүретіндеріміз өлім ұйқысына кеткендерден еш озбаймыз. 16 Себебі Иеміздің өзі көктен бас періштенің даусымен бұйрық беріп, Құдайдың кернейімен түседі, сонда Мәсіх жолында өлгендер бірінші болып тіріледі. 17 Сосын біз — тірі жүргендер — солармен бірге Иемізбен ауада кездесу үшін бұлт ішінде әкетілеміз, сөйтіп, үнемі Иемізбен бірге боламыз.
“Құтқарылуларың жақын”!
14 Магог жеріндегі Гог Құдай халқына шабуылдауды бастағаннан кейін не болады? Матай мен Марқа өз кітаптарында: “[Адам Ұлы] періштелерін жіберіп, дүниенің төрт бұрышынан — аспан мен жердің о шеті мен бұ шетінен — өзінің таңдап алынғандарын жинап алады”,— деген (Мар. 13:27; Мат. 24:31). Мұндағы “жинап алады” деген сөздер майланғандарға алғашқы белгі салынғанына нұсқамайды. Мұнда олардың жердегі тамтығына шешуші белгі салынатыны жөнінде де айтылып тұрған жоқ (Мат. 13:37, 38). Өйткені шешуші белгі зор алапат басталар алдында салынады (Аян 7:1—4). Ендеше Иса не жөнінде айтқан? “Жинап алады” деген сөздер 144 000-ның тамтығы көктегі сыйларын алатын кезге нұсқайды (Сал. 1-х. 4:15—17; Аян 14:1). Бұл жайт Магог жеріндегі Гог шабуылын бастағаннан кейінгі аралықта орын алады (Езек. 38:11). Сосын Исаның: “Әділдер сол кезде Әкелерінің Патшалығында күндей жарқырайды”,— деген сөздері орындалады (Мат. 13:43).
15 Киелі кітаптан “Адам Ұлының белгісі пайда болып”, Исаның “бұлттарда келетіні” анық көрінеді (Мат. 24:30). Бұл көзге көрінбейтін жайтқа нұсқайды. Оның үстіне, “ет пен қаннан тұратын дене Құдай Патшалығын мұра ете алмайды”. Сондықтан көкке баратындар алдымен “кенеттен, қас қағым сәтте, соңғы керней тартылып жатқанда” өзгерулері керек (Қорынттықтарға 1-хат 15:50—53 оқы). Осылай майланғандардың адал тамтығы бір сәтте “жинап алынады”.
Киелі кітапты оқу
(Салоникалықтарға 1-хат 3:1—13) Сондықтан бұған әрі қарай шыдай алмай, өзіміз Афинада қалуды дұрыс көріп, 2 сендерге бауырласымыз әрі Мәсіх туралы ізгі хабарды жариялап жүрген Құдайдың қызметшісі Тімөтені сенімдерің берік болу үшін сендерді нығайтсын, жұбатсын деп жібердік. 3 Сонда осы қиындықтар ешқайсысыңды шайқалтпайды. Өйткені олардың бізді айналып өтпейтіні өздеріңе мәлім. 4 Оның үстіне, қиындыққа кезігуіміз керектігін өздеріңмен бірге болғанда айтып жүруші едік. Міне, сол айтқанымыз болды, бұны өздерің де білесіңдер. 5 Сондықтан да мен бұған әрі қарай шыдай алмай, адал болып жүрсіңдер ме, әлде Азғырушы еліктіріп әкетіп, бар еңбегіміз зая кетті ме деп уайымдап, соны білу үшін сендерге Тімөтені жіберген едім. 6 Ол жаңа ғана сендерден келіп, адалдықтарың мен сүйіспеншіліктерің туралы жақсы хабар әкелді. Сондай-ақ бізді ылғи жақсылықпен еске алып, біз сияқты, сендердің де бізді көруді аңсап жүргендеріңді айтты. 7 Бауырластар, адал болып жүргендерің мұқтаждық пен қиындық көріп жатқан біздерді жұбатты. 8 Өміріміз қайта жанданды, өйткені Иемізбен байланыстарыңда берік тұр екенсіңдер. 9 Сендер үшін, Құдайымыздың алдында бізге сыйлаған бар қуаныштарың үшін оған қалай алғыс білдірсек екен? 10 Жүздеріңді көрсек әрі сенімдеріңе не жетпесе, соны толықтырсақ екен деп, күні-түні бар ынтамызбен жалбарынудамыз. 11 Құдай Әкеміздің өзі және Иеміз Иса сендерге барар жолымызды оңғара көрсін. 12 Біздің өздеріңе деген сүйіспеншілігіміздің мол болғаны сияқты, Иеміз сендердің де бір-біріңе және барлық адамдарға деген сүйіспеншіліктеріңді арттырсын, иә, молайта берсін. 13 Сонда Иеміз Иса барлық қасиеттілерімен бірге осында болатын кезде Құдай Әкеміздің алдында жүректерің берік, мінсіз де қасиетті болады.
15—21 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | САЛОНИКАЛЫҚТАРҒА 2-ХАТ 1—3
“Күнәнің адамы аян болды”
(Салоникалықтарға 2-хат 2:6—8) Енді сендер күнәнің адамы өз уақытында аян болу үшін оны қандай күш ұстап тұрғанын білесіңдер. 7 Рас, құпия болып отырған ол қазірдің өзінде әрекет етуде, бірақ ол өзін ұстап тұрған күш жолдан кеткенше ғана құпия болмақ. 8 Содан кейін күнәнің адамы аян болады, ал Иеміз Исаның осында екені ашық көрінгенде, ол оны аузынан шыққан леппен жояды.
it-1 972, 973-б.
Құдайға шын берілгендік
Ехобаның “қасиетті құпиясына” мүлдем кереғар тағы бір құпия бар. Бұл — “құпия болып отырған күнәнің адамы”. Пауылдың күндерінде “күнәнің адамы” топ ретінде әлі толығымен құрылып, айқын болмағандықтан, ол шынайы мәсіхшілерге құпия болған. Тіпті ол құрылған күннің өзінде, оның кім екені көпшілік үшін әлі де құпия болып қала бермек еді. Өйткені “күнәнің адамы” өзінің зұлым істерін Құдайға шын берілгендіктің кейпін жамылып істейді. Шын мәнінде, бұл — Құдайға шын берілгендік емес, жолдантаюшылық. Пауылдың күндерінде мәсіхшілердің қауымында заңсыздыққа итермелеушілер пайда болғандықтан, Пауыл “күнәнің адамы” әрекет ете бастағанын айтқан. Мұның соңы жолдантаюшылар тобының құрылуына әкеп соқпақ еді. Ақырында Иса Мәсіхтің осында екені ашық көрінгенде, ол “күнәнің адамын” жояды. Шайтанның қолындағы бұл жолдан таюшы “адам” өзін “құдай деп аталатындардың және адамдар табынатын нәрселердің (гр. “себасма”) бәрінен жоғары қояды”. Шайтанның құралы болып отырған Құдайдың осы бір алып қарсыласы алдап-арбаудың қас шебері, әрі соңынан ергендердің бәрін құрдымға жетелейді. “Күнәнің адамының” жетістікке жетіп, өркендеуінің сыры — Құдайға шын берілгендей сыңай танытып, зұлымдығын іске асыруында (Сл2х 2:3—12; Мт 7:15, 21—23 салыстырыңыз).
(Салоникалықтарға 2-хат 2:9—12) Ал күнәнің адамы Шайтанның күш беруімен осында болады, әрі түрлі кереметтер, алдамшы белгілер мен ғажайыптар көрсетеді, 10 әділетсіздік атаулыдан туатын алдамшылықты да қолданады. Мұның бәрі жойылып бара жатқандар тиісті жазасын алу үшін жасалады. Өйткені олар өздерін құтқаратын шындықты сүйгілері келмеді. 11 Сондықтан Құдай олардың өтірікке иланып, алдамшылықтың ықпалына түсуіне жол беріп отыр. 12 Ол мұны шындыққа сенбей, әділетсіздіктен рақат тапқандардың бәрі сотталу үшін істеп отыр.
it-2 245-б., 7-абз.
Өтірік
Ехоба жалғандықты сүйетін адамдардың Иса Мәсіх жайлы ізгі хабарға емес, “өтірікке иланып, алдамшылықтың ықпалына түсуіне жол береді” (Сл2х 2:9—12). Мұның бір дәлелі — ежелдегі Исраил патшасы Ахабпен болған жағдай. Пайғамбарлар Ахабқа өтірік айтып, Рамот-Ғалақатпен соғыста жеңіске жетесің десе, Ехобаның пайғамбары Михая оның қасіретке душар болатынын айтты. Михая көрген аянда Ехоба бір періштесіне Ахабтың пайғамбарларының аузындағы “алдамшы рух” болуға рұқсат етеді. Демек, бұл періште өзінің құдіретімен әлгі пайғамбарларға ықпал етті де, олар шындықты емес, өздері айтқысы келген әрі Ахабтың құлағына жағатын нәрсені айтты. Ахабқа алдын ала ескертілсе де, ол солардың өтірігіне сенуді жөн көрді. Сол үшін де өмірінен айырылды (П1ж 22:1—38; Ш2ж 18).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Салоникалықтарға 2-хат 1:7, 8) Ал қиыншылық көріп жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық береді. Бұл Иеміз Иса құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен ашық көрінгенде болады. 8 Сол кезде Құдайды білмейтіндер мен Иеміз Иса туралы ізгі хабарға мойынсұнбайтындардан кек алынады.
it-1 834-б., 5-абз.
От
Петір “қазіргі аспан мен жер... отпен жойылу үшін” сақталып отырғанын жазған. Мәнмәтіннен және басқа тармақтардан көрінетіндей, бұл тура мағынадағы отты емес, мәңгілікке жойылуды білдіреді. Нұхтың күндерінде жерді топан су басқанда, тура мағынадағы аспан мен жер емес, құдайсыз адамдар жойылды. Сол сияқты, Иса Мәсіх құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен ашық көрінгенде де, ол тек осы зұлым дүние мен ондағы құдайсыз адамдарды мәңгілікке жояды (Пт2х 3:5—7, 10—13; Сл2х 1:6—10; Иш 66:15, 16, 22, 24 салыстырыңыз).
(Салоникалықтарға 2-хат 2:2) қандай да бір пайғамбарлықтарды немесе біз айтыпты не хатта жазыпты-мыс деген сөздерді естіп, Ехобаның күні келіп қалды екен деп бірден ақыл-парасаттарыңнан айырылып, абыржып жүрмеңдер.
it-1 1206-б., 4-абз.
Рухтың әсері
Тура және жалған “пайғамбарлықтар”. Елшілердің кейбір жазбаларында гректің “пнеума” (рух) деген сөзі өзгеше мағынада қолданылған. Мысалы, Салоникалықтарға 2-хат 2:2-де Пауыл Салоникадағы бауырластарды: “Қандай да бір пайғамбарлықтарды [сөзбе-сөз “рухты”] немесе біз айтыпты не хатта жазыпты-мыс деген сөздерді естіп, Ехобаның күні келіп қалды екен деп бірден ақыл-парасаттарыңнан айырылып, абыржып жүрмеңдер”,— деп ескерткен. Бұл жерде Пауыл “пнеума” (рух) сөзін “айтыпты” не “хатта жазыпты” деген сөздермен қатар қойғанына қарағанда, ол “пнеума” сөзін ақпарат жеткізу әдісі ретінде қолданғаны анық. Сол себепті осыған қатысты бір еңбекте былай делінген: “Мұнда елші рухтан келгендей көрінетін хабарға, жалған жорамалға, пайғамбардың айтқан сөзіне меңзеген” (Lange J. P. “Commentary on the Holy Scriptures”, аударған: Ф. Шафф, 1976, 126-б.). Басқа бір еңбекте: “Рухты” дегеніміз мәсіхшілер қауымында жүрген кейбіреулердің Құдайдан аян алдық деп айтқан пайғамбарлықтарын білдіреді”,— делінген (Vincent M. R. “Word Studies in the New Testament”, 1957, 4-том, 63-б.). Сондықтан да кейбір аудармаларда “пнеума” деген сөз “рух” деп тікелей аударылса, өзге аудармаларда “рухтың хабары” (“The Bible—An American Translation”), “жорамал” (“The Jerusalem Bible”), “аян” (“Жаңа өмір” баспасы), “пайғамбарлық” (“Жаңа дүние аудармасы”) деп аударылған.
Киелі кітапты оқу
(Салоникалықтарға 2-хат 1:1—12) Мен, Пауыл, қасымда Силуан мен Тімөте бар, Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіхпен бірліктегі салоникалықтардың қауымына жазып отырмын. 2 Құдай Әке және Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын! 3 Бауырластар, сендер үшін Құдайға үнемі алғыс білдіруге міндеттіміз, бұл дұрыс та, өйткені сенімдерің барынша нығаюда, сондай-ақ жеке әрқайсысыңның және бәріңнің бір-біріңе деген сүйіспеншіліктерің де артып келеді. 4 Сондықтан бастарыңа түскен қудалау мен қиыншылықтарда көрсеткен табандылықтарың мен сенімдерің жайлы Құдайдың өзге қауымдарында айтып, мақтан етіп жүрміз. 5 Мұның бәрі — Құдайдың әділ соттайтындығының дәлелі. Сондықтан Құдай Патшалығы үшін азап шегіп жатқан сендерді ол соған кіруге лайық деп есептейді. 6 Құдайдың әділдігі мынада: ол сендерді қинағандарды қинап, қарымтасын қайтарады. 7 Ал қиыншылық көріп жүрген сендерге бізбен бірге тыныштық береді. Бұл Иеміз Иса құдіретті періштелерімен жалындаған отпен көктен ашық көрінгенде болады. 8 Сол кезде Құдайды білмейтіндер мен Иеміз Иса туралы ізгі хабарға мойынсұнбайтындардан кек алынады. 9 Олар жазаланады да, мәңгіге жойылып, Иеміздің алдынан және оның ұлы құдіретінен аластатылады. 10 Сол кезде ол қасиеттілерімен бірге ұлылыққа бөлену үшін келеді және сенгендердің бәрі сол күні оған таңғалады. Біз берген куәлікке сенгендіктен, сендер де солардың арасында боласыңдар. 11 Сондықтан сендер үшін үнемі дұға етіп, мынаны сұраймыз: Құдайымыз сендерді шақыруына лайық деп тапсын, құдіретті күшімен өзіне ұнамды игіліктердің бәрін толығымен жүзеге асырып, сенімдеріңнің талпындыруымен атқарып жүрген істі аяғына дейін жеткізсін. 12 Сонда сендер арқылы Иеміз Исаның есімі даңқталады, онымен бірліктегі сендер де даңққа бөленесіңдер. Бұл Құдайымыз бен Иеміз Иса Мәсіхтің рақымының арқасында жүзеге асады.
22—28 шілде
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ТІМӨТЕГЕ 1-ХАТ 1—3
“Игілікті іске ұмтыл”
(Тімөтеге 1-хат 3:1) Мына сөздер тура айтылған: егер біреу бақылаушы міндетіне ұмтылса, оның игілікті істі қалағаны.
Рухани алға басасыз ба?
3 Тімөтеге 1-хат 3:1 оқыңыз. Елші Пауыл “бақылаушы міндетіне ұмтылатын” бауырластарды мақтаған. Мұндағы “ұмтылу” деп аударылған грек сөзі алыста тұрған нәрсені ұстау үшін қол созу дегенді білдіреді. Бұл сөзді қолдануымен елші Пауыл рухани алға басу үшін күш салу керектігіне баса назар аударған. Айталық, ер бауырлас қызмет көмекшісі болғысы келеді. Бұл үшін ол бойында мәсіхшіге тән қасиеттер дамытуға барынша күш салу керектігін түсінеді. Кейін қызмет көмекшісі болған соң, ол ақсақалдарға қойылатын талаптарға сай келу үшін әрі қарай да күш сала береді.
(Тімөтеге 1-хат 3:13) Өйткені қызметін жақсы атқаратындар жақсатқа ие болады және мәсіхшілердің сенімі жөнінде барынша еркін сөйлейді.
km 9.78. 4-б., 7-абз.
“Жақсатқа ие болғандар”
7 Пауыл қызмет көмекшілерінің “жақсатқа ие болатынын” айтқан. Бұл, кейбіреулер ойлағандай, олардың дәрежесі шіркеудегідей сатылай көтерілетінін білдірмейді. Қайта, “қызметін жақсы атқаратын” бұл ер бауырластарға Ехоба мен Иса батасын төгеді, ал бүкіл қауым оларды құрметтеп, қолдайды. Олар “мәсіхшілердің сенімі жөнінде барынша еркін сөйлеуге” расында да лайық. Өздерінің қызметіне адал болғандықтан, олардың ерен еңбегі аса бағалы. Сенімдерін тастай берік еткен олар өзгелердің алдында өз сенімдерін жариялағанда батыл сөйлейді және біреулердің тағатын кінәсінан қорықпайды.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Тімөтеге 1-хат 1:4) аңыздар мен шежірелерге көп көңіл бөлетіндерге тыйым сал. Мұндай нәрселердің еш пайдасы жоқ, тек түрлі болжамдар тудырады. Бұлар Құдайдың сенімді нығайту үшін беріп жатқан нәрселеріне жатпайды.
it-1 914, 915-б.
Шежіре
Шежірені зерттеп, талқыға салудың еш мәні болмады. Әсіресе Пауыл Тімөтеге хат жазған уақыттары мұның түк пайдасы болмаған. Бұдан былай Құдай мәсіхшілер қауымында біреуді яһуди, біреуді басқа ұлттан шыққан деп бөліп-жармайтындықтан, оларға өздерінің ата-тегін дәлелдеу үшін шежіре жазбасын сақтаудың қажеті жоқ еді (Ғл 3:28). Мәсіх Дәуіттің ұрпағынан шыққаны да шежіре жазбалары арқылы дәлелденіп қойылған еді. Оның үстіне, Пауыл осы ескертуін жазғаннан кейін көп ұзамай Иерусалим қаласымен бірге ондағы яһудилердің шежіре жазбалары да жойылып кетті. Құдай оларды сақтап қалмады. Сондықтан да Пауыл Тімөтенің немесе қауымдағылардың басқа нәрсеге алаңдап, өздерінің ата-тегін зерттеуге, талас-тартысқа уақыттарын сарп еткендерін қаламады. Өйткені мәсіхшілердің сеніміне бұдан келіп-кетер еш пайда жоқ. Мәсіхшілер үшін ең маңызды мәселе Мәсіхтің шежіресі еді. Ал Киелі кітаптағы шежіре жазбасы Исаның Мәсіх екенін толықтай дәлелдейді. Ондағы басқа шежірелер болса, Жазбалардағы мәліметтің тарихи тұрғыдан тура екенін нақты дәлелдейді.
(Тімөтеге 1-хат 1:17) Мәңгілік Патша, еш құрымайтын, көзге көрінбейтін, жалғыз Құдай мәңгі бақи құрметтеліп, дәріптеле берсін! Аумин.
“Ол, біздің Құдайымыз”
15 Тек Ехобаға ғана қатысты қолданылатын тағы бір лауазым — “Мәңгілік Патша” (Тімотеге 1-хат 1:17). Ол нені білдіреді? Түсіну қабілетіміз шектеулі болғандықтан, мұның мәніне терең бойлау қиын болғанмен, Ехоба мәңгі, яғни оның өткен кезеңі де, болашағы да шексіз. Аян 1:8-де былай делінген: “Бүкіл әлемнің Иесі — әрдайым бар, мәңгі болып келген”. Сонымен, Ехобаның тіршілік етуді бастаған кезі болмаған, ол әрдайым бар болған. Ол ‘Көне қарт’ деп орынды аталған, өйткені ол әлемдегі кез келген тірі жан мен жансыз денелер пайда болмас бұрын мәңгілік бойы тіршілік еткен (Даниял 7:9, 13, 22). Кім оның Әлемнің Әміршісі болуға құқылы екендігіне негізі бар дау айта алады?
Киелі кітапты оқу
(Тімөтеге 1-хат 2:1—15) Ең алдымен, сендерді барлық адамдар үшін жалбарынуға, дұға етуге, өтінуге, алғыс айтуға шақырамын. 2 Сондай-ақ бұдан былай да Құдайға барынша шын беріліп, салиқалы болып, тыныш та бейбіт өмір сүруіміз үшін патшалар мен жоғары дәрежелі адамдар үшін де дұға етіңдер. 3 Бұл Құтқарушымыз Құдайдың көз алдында игілікті әрі ұнамды. 4 Ол әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды. 5 Өйткені Құдай біреу, Құдай мен адамдар арасындағы келістіруші де біреу. Ол — Мәсіх Иса. 6 Осы кісі бүкіл адамзат үшін өз өмірін төлем ретінде берді. Бұл туралы өз уақытында куәлік етілетін болады. 7 Өтірік емес, шын айтамын, мен осы жөнінде куәлік ету үшін уағыздаушы әрі елші, яғни басқа ұлттарға сенім мен шындық жайлы тәлім беруші болып тағайындалдым. 8 Сондықтан бас қосқан жерлердің бәрінде ер кісілердің ашу-ыза мен дау-дамайға берілмей, Құдайға деген адалдықпен қолдарын көтеріп, дұға еткенін қалаймын. 9 Ал әйелдер әрленіп-сәнденгенде, шаштарын ерекшелеп өруге, алтын-меруертке не өте қымбат киімге үйір болмай, қарапайым да есті болып, жарасымды киінсін. 10 Оларды игі істері көркейтсін. Бұл Құдайға шын берілгенмін дейтін әйелдерге лайық. 11 Әйел баласы толықтай бағынып, үнсіз тәлім алсын. 12 Оның тәлім беруіне, ер адамға билік етуіне жол бермеймін, ол үнсіз отырсын. 13 Себебі алдымен Адам ата, содан кейін Хауа ана жаратылған. 14 Сондай-ақ алданған Адам ата емес, қайта, Хауа ана қатты алданып, күнәға батты. 15 Бірақ әйел естілігімен қатар, сенімі, сүйіспеншілігі мен қасиеттілігінен қол үзбесе, бала тапқаны оны аман сақтайды.
29 шілде—4 тамыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ТІМӨТЕГЕ 1-ХАТ 4—6
“Байлық па, әлде Құдайға шын берілгендік пе?”
(Тімөтеге 1-хат 6:6—8) Рас, Құдайға шын берілгендік пен қолда барға қанағат ету — зор пайданың көзі. 7 Біз бұл дүниеге ештеңе әкелген жоқпыз, ештеңе алып та кете алмаймыз. 8 Ендеше ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік.
Барды қанағат етудің сыры
Пауыл барға риза болғанның арқасында бақыт пен қанағат сезінген. Бұл ең қажетті нәрселерді қанағат тұтуды білдіреді. Осыған қатысты Пауыл қызметтегі серіктесі Тімөтеге былай деген: “Рас, Құдайға шын берілгендік пен қолда барға қанағат ету — зор пайданың көзі. Біз бұл дүниеге ештеңе әкелген жоқпыз, ештеңе алып та кете алмаймыз. Ендеше ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік” (Тімөтеге 1-хат 6:6—8).
Пауыл барды қанағат етуді Құдайға шын берілгендікпен байланыстырған. Ол адамның дүние-мүлікке қол жеткізгенде емес, Құдайға шын берілгенде, яғни Құдайға қызмет етуді бірінші орынға қойғанда ғана нағыз бақытқа кенелетінін түсінді. Пауыл үшін “ішер ас пен киер киім және баспана” Құдайға шын беріліп қызмет етуге қажетті нәрселер ғана болған. Осылайша ол барға қанағат етудің кілтін тапты. Бұл — кез келген жағдайда Ехобаға арқа сүйеу.
(Тімөтеге 1-хат 6:9) Ал баюға бел буғандар азғырылады, тұзаққа түседі, әрі құрып жойылуға әкелетін көптеген ақымақ та зиянды құмарлықтарға беріледі.
g 6.07. 6-б., 2-абз.
Байлықтың соңынан қуудың кері әсері
Байлыққа жетемін дегендердің барлығы өмірлерінен айырыла бермейді, әрине. Десе де дүниенің соңынан қуып жүріп, өмірлері мән-мағынасыз өтеді де кетеді. Одан қалса, жұмысты немесе ақшаны уайымдап, адам үрейге бой алдыру, ұйқы бұзылысы, бас ауруы, асқазан жарасы сияқты өмірге қауіп төндіретін ауруларды табады. Адам өмірін өзгерту керек екенін түсінген күннің өзінде, тым кеш қалуы мүмкін. Жұбайы оған сенуден қалған, балалары эмоциялық қиындықтарға ұшыраған, ал өзінің денсаулығы мүшкіл халге жеткен болуы ғажап емес. Бәлкім, кейбір залалдың орнын толтыруға болатын шығар. Алайда бұл үшін таудай күш-қайратын сарп ету керек болады. Расында да, бұндай адамдар “көптеген қайғы-қасіретке ұшырайды” деп текке айтылмаған (Тімөтеге 1-хат 6:10).
(Тімөтеге 1-хат 6:10) Себебі ақшақұмарлық — бар жамандықтың түптамыры. Кейбіреулер соған беріліп, сенім жолынан адасты, әрі көптеген қайғы-қасіретке ұшырады.
g 11.08. 6-б., 4—6 абз.
Табысты болудың алты кілті
Бақыттың көзі байлықта деп, дүниенің соңына түсу сағым қуумен тең. Ондай адамдардың үміттері ақталмағанымен қоймай, өздерін көптеген бақытсыздыққа душар етеді. Мысалы, байлыққа қалай да жетемін деп жүргенде, жиі олардың өз отбасымен және достарымен арақатынасы алшақтап кетеді. Өзгелері жұмысқа басымен кіріп кеткендіктен, я болмаса уайымдай бергендіктен түнгі ұйқылары бұзылады. Уағыздаушы 5:12-де былай делінген: “Аз жесе де, көп жесе де, еңбектенушінің ұйқысы тәтті. Ал байдың мол дәулеті оған ұйқы бермейді”.
Ақша адамды аямағанымен қоймай, оны алдап, құрығына түсіреді. Иса байлықтың “арбаушы күші” бар екенін айтқан (Марқа 4:19 сілтеме). Байлық бақытты уәде етеді де, алдап кетеді. Қайта, адамды одан бетер дүние-мүлікке құнықтырып, тойымсыз қылады. Уағыздаушы 5:10-да: “Байлықты жақсы көретін кіріске тоймас”,— деп дәл айтылған.
Қысқаша айтқанда, ақшақұмарлық адамды пәлеге душар етіп, опық жегізеді, тіпті қылмысқа да итермелеуі мүмкін (Нақыл сөздер 28:20). Ал егер адам жомарт, кешірімшіл, өнегелік тұрғыдан таза, өзгелерді сүйетін және рухани бай болса, нағыз бақыт пен табыстың кілтін табады.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Тімөтеге 1-хат 4:2) Бұл ар-ұждандары қызған темірмен күйдірілгендей сезімсіз болып қалған екіжүзді өтірікшілердің кесірінен болады.
Ар тазалығы Құдай алдында бағалы
17 Елші Петір: “Ар-ұждандарыңды таза сақтаңдар”,— деп жазған (Петірдің 1-хаты 3:16). Адам Ехобаның принциптерін бұза берсе, ар-ұжданы ақырында ескертуін мүлдем доғарады. Елші Пауыл мұндай ар-ұжданның “қызған темірмен күйдірілгендей сезімсіз болып” кететінін айтқан (Тімөтеге 1-хат 4:2). Сіздің қатты күйіп қалған кезіңіз болған ба? Әдетте терінің күйген жері тыртық болып, ештеңе сезбей қалады. Сол сияқты адам бұрыс әрекетін қоймаса, ар-ұжданы сезімсіз болып, әсер етуін доғарады.
(Тімөтеге 1-хат 4:13) Мен барғанша, өзгелердің алдында оқуды, оларға насихат айтуды, тәлім беруді бар ықыласыңмен жалғастыра бер.
it-2 714-б., 1, 2-абз.
Көпшілік алдында оқу
Мәсіхшілер қауымында. І ғасырда Киелі кітап шиыршықтары өте аз адамда болғандықтан, оларды көпшілік алдында оқудың маңызы зор еді. Елші Пауыл бауырластарға хаттарын қауым кездесулерінде өзгелер алдында оқуды тапсырған. Сонымен қатар ол қауымдарға өздеріндегі хаттарды бір-бірімен алмасып оқуды бұйырған (Қл 4:16; Сл1х 5:27). Пауыл жас бақылаушы Тімөтеге: “Өзгелердің алдында оқуды, оларға насихат айтуды, тәлім беруді бар ықыласыңмен жалғастыра бер”,— деп кеңес берген (Т1х 4:13).
Көпшілік алдында оқығанда мәліметті мүдірмей, сауатты оқу керек (Абқ 2:2). Көпшілік алдында оқу тәлім беруге жататындықтан, адам өзінің не оқып жатқанын жақсылап түсінуі, жазушының нені жеткізгісі келгенін нақты ұғынуы керек. Сондай-ақ тыңдаушылар мәліметтің артындағы ойды қате түсініп қалмауы үшін өте мұқият болған жөн. Аян 1:3-те айтылғандай, пайғамбарлықты дауыстап оқитын адам да, оны тыңдайтын әрі онда жазылғандарды орындайтындар да бақытты.
Киелі кітапты оқу
(Тімөтеге 1-хат 4:1—16) Алайда Құдай рухы мынаны анық айтады: кейбіреулер Құдайдан келгендей көрінетін алдамшы сөздерге және жындардың ілімдеріне ден қойып, сенімнен тайып кететін кез келеді. 2 Бұл ар-ұждандары қызған темірмен күйдірілгендей сезімсіз болып қалған екіжүзді өтірікшілердің кесірінен болады. 3 Олар некеге тұруға тыйым салады, қандай да бір тағамдарды жемеуді бұйырады. Ал бұл тағамдарды Құдай сенімі бар әрі шындықты жақсы білетін адамдар ризашылық білдіріп жеу үшін жаратқан. 4 Себебі Құдайдың жаратылыстарының бәрі керемет. Ризашылықпен қабылданған ешқандай тағамнан бас тартпаған дұрыс. 5 Өйткені бұндай тағамдар Құдай сөзімен және дұға арқылы қасиетті болады. 6 Бауырластарға осы кеңесті бергенде, сен Мәсіх Исаның ізгі қызметшісі, яғни сенім туралы сөздерден және өзің берік ұстанатын керемет ілімнен нәр алатын қызметші боласың. 7 Кексе әйелдердің қасиеттіні қор қылатын аңыздары іспетті әңгімелерден аулақ бол. Оның орнына, Құдайға шын берілгендік дамытуды мақсат етіп, жаттыға бер. 8 Денені жаттықтырудың пайдасы аз, ал шын берілгендік барлық жағынан пайдалы, өйткені ол қазіргі және болашақ өмірге деген уәдемен байланысты. 9 Бұл сөздер сенімді, әрі оны толық қабылдау қажет. 10 Сондықтан да біз жан сала еңбек етіп, күш салып жүрміз, себебі тірі Құдайға үміт артамыз. Ол — әртүрлі адамдардың, әсіресе адал адамдардың Құтқарушысы. 11 Осыларды ұстануды бұйыр, әрі оларды үйрете бер. 12 Ешкімнің өзіңді жассынып, менсінбей жүруіне жол берме. Қайта, адал болып жүргендерге сөзіңмен, жүріс-тұрысыңмен, сүйіспеншілігіңмен, сеніміңмен және пәк тазалығыңмен үлгі көрсет. 13 Мен барғанша, өзгелердің алдында оқуды, оларға насихат айтуды, тәлім беруді бар ықыласыңмен жалғастыра бер. 14 Ақсақалдар кеңесі үстіңе қолдарын қойып, өзің туралы пайғамбарлық еткенде алған сыйыңды елемей жүрме. 15 Осылар туралы ой жүгірт, өзіңді соларға арна, осылайша жетістіктерің жұрттың бәріне анық көрінетін болсын. 16 Өзіңе және беріп жатқан тәліміңе әрдайым ден қой. Ұдайы осыларды істей бер, сонда өзіңді де, тыңдаушыларыңды да құтқарасың.