Еркек пен әйел — әрқайсысының маңызды рөлі бар
ЕХОБА Құдай алдымен Адам атаны, сосын, Хауа ананы жаратты. Хауа жаратылмас бұрын, Адам өмірден біраз тәжірибе жинақтаған еді. Сол уақытта Ехоба оған белгілі бір нұсқаулар берген болатын (Жаратылыс 2:15—20). Құдайдың өкілі ретінде Адам осы нұсқауларды әйеліне жеткізу керек еді. Демек, ғибадатқа қатысты мәселенің бәрінде оның басшылықты қолға алғаны қисынды.
Бүгінде мәсіхшілер қауымында да осы іспетті шара қарастырылған. Оны қарастырғанымыз бізге пайдалы. Елші Пауыл: “Олардың [әйелдердің] (Құдайдың ілімі жайлы) тәлім беріп, ер адамдарға билік жүргізулеріне жол бермеймін; олар тыныш болсын. Алдымен Адам ата, содан кейін Хауа ана жаратылған”,— деп жазды (Тімотеге 1-хат 2:12, 13). Бұл әйел мәсіхшілер кездесуінде мүлдем ауыз ашпасын дегенді емес, ер адаммен дауласпауы керек дегенді білдіреді. Ол ер кісіге берілген дәрежені төмендетпеуі немесе қауымға тәлім беруге ұмтылмауы керек. Ер адамдарға қауымға басшылық ету мен тәлім беру міндеті жүктелген. Ал әйелдер болса мәсіхшілер кездесулеріне түрлі жолдармен атсалыса отырып, өз тарапынан көп үлес қосады.
Ерлер мен әйелдердің Құдай құрылымындағы лайықты орындарын көрсете отырып, елші Пауыл былай деп жазды: “Құдай еркекті әйелден емес, қайта, алғашқы әйелді еркектің сүйегінен пайда қылды... Иемізбен байланысымызда әйел еркектен, еркек әйелден тәуелсіз емес. Алғашқы әйел еркектің сүйегінен жаратылса да, еркек әйелден туады, ал екеуін де жаратқан — Құдай” (Қорынттықтарға 1-хат 11:8—12).
Әйелдерге керемет міндеттер сеніп тапсырылған
Құдайдың Исраилге берген заңының аясында әйелдерге көптеген міндеттер сеніп тапсырылған, әрі оларды өз еріктерінше атқара алатын. Мысалы, Нақыл сөздер 31:10—31 дейінгі тармақтарда жақсы маталар сатып алып, үй ішіне керемет киімдер тігіп беретін “еңбекқор, жақсы әйел” жайлы айтылады. Ол тіпті “бәтестен жапқыш тігіп, сатады” (13, 21—24 тармақтар). “Жер шарлаған саудагер кемесі секілді” бұл жақсы әйел де тіпті алыстан болса да азық-түлігін әкеледі (14-тармақ). Ол “жер танабын қарап, ойланып, сатып алады” да, “жүзім отырғызады” (16-тармақ). ‘Ісі өнімді болатындықтан’, еңбегі зая кетпейді (18-тармақ). ‘Үй шаруасын мұқият бақылаумен’ қатар, Ехобаны қастерлейтін бұл еңбекқор әйел риясыздықпен басқаларға да қол ұшын береді (20, 27-тармақтар). Ендеше, оның мақтауға тұратыны сөзсіз (31-тармақ).
Ехобаның Мұса арқылы берген заңдары әйелдерге рухани өсуге зор мүмкіндік берді. Мысалы, Ешуа 8:35-тен былай деп оқимыз: “Мұсаның Иисусқа [Ешуаға] өсиет еткендерінің бәрінен Исраилдың түгел бас қосуы алдында, еркектер мен әйелдердің, балалардың және олардың арасында болған келгіндердің алдында Иисус [Ешуа] оқымаған бірде-бір сөз болған жоқ”. Ал дін қызметкері Езра туралы Киелі кітапта былай делінген: “[Ол] еркектер мен әйелдер жиналысының алдына, барлық түсіне алатындар [алдына], жетінші айдың бірінші күні, заңды алып келді. Сөйтіп Су қақпасы алдындағы алаңда, таң атқаннан түске дейін, еркектер мен әйелдердің және түсіне алатындардың алдында одан [заң] оқыды, сонда күллі халықтың құлағы заң кітабына түрілді” (Нехемия 8:2, 3). Заңның осылай оқылуының пайдасын әйелдер де көрді. Сонымен қатар олар діни мейрамдарды тойлаған (Заңды қайталау 12:12, 18; 16:11, 14). Ал, ең маңыздысы, ежелгі Исраил әйелдері Ехоба Құдаймен жеке қарым-қатынаста болып, оған жеке дұға ете алған (Патшалықтар 1-жазба 1:10).
Ал б. з. І ғасырында Құдайды қастерлейтін әйелдердің Исаға қызмет ету мәртебесі болды (Лұқа 8:1—3). Бетаниядағы кешкі аста Исаның басы мен аяғына май құйған әйел адам еді (Матай 26:6—13; Жохан 12:1—7). Иса қайта тірілген соң шәкірттеріне көрінгенде, олардың ішінде әйелдер де бар болатын (Матай 28:1—10; Жохан 20:1—18). Ол көкке көтерілгеннен кейін, бірге бас қосқан 120 шақты топтың ішінде “бірнеше әйелдермен, Исаның шешесі Мәриям” болды (Елшілердің істері 1:3—15). Осы әйелдердің көбісі не бәрі де б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамында Иерусалимдегі жоғары бөлмеде болғаны сөзсіз. Сол кезде оларға киелі рух қонып, Исаның шәкірттері әр түрлі тілдерде сөйлей бастады (Елшілердің істері 2:1—12).
Алғашқы өнім мейрамында елші Петір Жоел 2:28, 29-ды келтіріп: “Осы заманның аяғында Мен [Құдай] өзімнің Рухымды бүкіл адамзаттың үстіне төгемін. Ұл-қыздарың пайғамбарлық сөз айтады... Сол күндері Мен құл-күңдерімнің үстіне Киелі Рухымды төгемін”,— деген. Осы пайғамбарлықтың орындалуын өз өмірлерінде көргендер арасында ерлер де, әйелдер де болды (Елшілердің істері 2:13—18). Б. з. 33 жылының Алғашқы өнім мейрамынан соң, көп ұзамай мәсіхші әйелдерге құнды сый — киелі рух берілді. Олар өзге тілдерде сөйлеп, пайғамбарлық етті, яғни Жазбалардағы шындықтарды айтты.
Елші Пауыл Римдегі мәсіхшілерге жазған хатында оларға “Фөбе апайды” ұсынып, ол жөнінде жылы сөздер айтты. Ол сондай-ақ Трифена мен Трифозаны да аузына алып, оларды ‘Иеміз үшін құлшына жүмыс істеп жүргендер’ деді (Римдіктерге 16:1, 2, 12). Осы әйелдердің ертедегі мәсіхшілер қауымында жауапкершіліктері болмаса да, басқа көптеген әйелдер сияқты ерекше батаға ие болды: Құдай оларды Ұлы Иса Мәсіхпен көктегі Патшалықта бірге болу үшін таңдады (Римдіктерге 8:16, 17; Ғалаттықтарға 3:28, 29).
Бүгінде Құдайға қызмет ететін әйелдердің қандай зор мәртебесі бар десеңші! “Ехобаның өзі былай дейді: ізгі хабарды айтатын әйелдер — қалың қол” (Забур 68:11, ЖД; [67:12]). Мұндай әйелдер мақтауға тұрарлық. Мысалы, олардың Киелі кітапты зерттеу сабағын шебер жүргізулерінің арқасында көп адамдар шынайы ілімдерді қабылдауда, ал бұл Құдайды қуантады. Балаларына Құдай жолымен жүруге көмектесетін әрі қауымда міндеттері көп күйеулеріне қолдау көрсететін отбасы бар мәсіхші әйелдер де мақтауға тұрарлық (Нақыл сөздер 31:10—12, 28). Салт басты әйелдердің де Құдай құрылымында қадірлі орны бар. Сондықтан мәсіхші ер кісілерге: “Егде әйелдерге — анаңа, ал қыз-келіншектерге — әпке-қарындасыңа қарағандай қарап, пәк таза болып жүр”,— деген кеңес беріледі (Тімотеге 1-хат 5:1, 2).
Ерлердің түрлі міндеттері
Мәсіхші ер бауырластың Құдай берген міндеті бар, әрі ол одан мұны орындайды деп күтеді. Пауыл: “Енді мынаны да білулеріңді қалаймын: әрбір еркектің басы — Мәсіх, әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Күйеудің де басы бар: ол — Мәсіх. Демек, күйеу Мәсіхтің, ал түбінде Құдайдың алдында жауапты. Құдай еркектен басшылығын сүйіспеншілікпен жүргізеді деп күтеді (Ефестіктерге 5:25). Бұл — адам атаулы жаратылғаннан бері келе жатқан талап.
Киелі кітаптан Құдай ер кісілерге отағасы ретінде түрлі тапсырмалар бергені көрінеді. Мысалы, Ехоба Нұхқа Топан су кезінде аман қалу үшін кеме салуды тапсырған (Жаратылыс 6:9—7:24). Ыбырайымға жер бетіндегі барлық ұлтты жарылқайтын ұрпақ уәде етілді. Оның негізгі бөлігі Иса Мәсіх болып табылады (Жаратылыс 12:3; 22:18; Ғалаттықтарға 3:8—16). Құдай Мұсаға исраилдіктерді Мысырдан алып шығуды тапсырды (Мысырдан шығу 3:9, 10, 12, 18). Ехоба Заң келісімі, не Мұса заңы, деп белгілі болған заңдарды осы Мұса арқылы берген болатын (Мысырдан шығу 24:1—18). Оның үстіне, Киелі кітаптың жазушылары да ер кісілер болған.
Мәсіхшілер қауымының басы ретінде Иса “адамдар [кейпінде] тартулар жасады” (Ефестіктерге 1:22; 4:7, 8, ЖД; 9—13). Бақылаушыларға арналған талаптарды Пауыл ер кісілерге нұсқап айтқан (Тімотеге 1-хат 3:1—7; Титке 1:5—9). Сондықтан Ехоба Куәгерлерінің қауымында бақылаушы, не ақсақал, сондай-ақ қызмет көмекшісі сияқты қызметтерді ер кісілер атқарады (Філіпіліктерге 1:1, 2; Тімотеге 1-хат 3:8—10, 12). Тек ер кісілер ғана мәсіхші қауымында бақташы болу керек (Петірдің 1-хаты 5:1—4). Десе де, жоғарыда айтылғандай, әйелдердің де керемет, Құдай сеніп тапсырған міндеттері бар.
Өз рөлдерін атқарудан бақытты сезінеді
Ерлер мен әйелдер Құдайдың берген рөлін атқарудан өздерін бақытты сезінеді. Олар Мәсіх пен оның қауымына еліктейтін болса, некелері де бақытты болады. Пауыл: “Күйеулер, Мәсіх қауымды қалай сүйсе, сендер де әйелдеріңді солай сүйіңдер: Мәсіх қауым үшін жанын қиды... Әрқайсың әйеліңді өзіңдей сүюге тиістісің”,— деп жазды (Ефестіктерге 5:25—33). Демек, күйеулерден өзімшілдікпен емес, сүйіспеншілікпен басшылық ету талап етіледі. Мәсіхтің қауымы кемелсіз адамдардан тұрады. Сөйтсе де Иса оны жақсы көреді және қамын ойлайды. Тап солай мәсіхші күйеулер де әйелдерін сүйіп, қамын ойлаулары керек.
Ал мәсіхші әйел “күйеуін құрметтеуге міндетті” (Ефестіктерге 5:33). Бұл жағынан ол қауымнан үлгі алуына болады. Ефестіктерге 5:21—24 дейінгі тармақтарда былай делінген: “Сендер Мәсіхті қастерлейтіндіктен, бір-біріңе мойынсұныңдар! Әйелдер, Иемізге мойынсұнғандай, күйеулеріңе де мойынсұныңдар; өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы”. Мәсіх сенушілерді құтқарып алды, енді қауым — Оның рухани денесі. Қауымның Мәсіхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнуға тиіс”. Әйелге кейде күйеуіне мойынсұну оңай болмаса да, ‘Иемізбен байланыстағының осылай істегені жөн’ (Қолостықтарға 3:18). Күйеуіне мойынсұнғаны Иеміз Иса Мәсіхке ұнамды екенін есте ұстаса, әйелге еріне мойынсұну әлдеқайда жеңіл болады.
Мәсіхші әйел күйеуі Ехобаға сенбейтін болса да, оның басшылығына мойынсұнуы керек. Елші Петір былай деген: “Сендер, әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулеріңнің кейбіреулері Құдай сөзіне құлақ аспаса да, айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен оларды Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ” (Петірдің 1-хаты 3:1, 2). Күйеуі Ыбырайымды сыйлаған Сара дүниеге Ысқақты әкеліп, содан Иса Мәсіхтің түп анасы болу мәртебесіне ие болды (Еврейлерге 11:11, 12; Петірдің 1-хаты 3:5, 6). Сараға еліктейтін әйелдер Құдай өздерін жарылқайтындарына сенімді болса болады.
Ер мен әйел Құдай берген рөлдерін атқаратын болса, татулық пен үйлесімдік болады. Ал бұл қанағат пен бақытқа бөлейді. Оның үстіне, Жазбалардағы талаптарды орындау әрқайсысына өз қадір-қасиетін сезінуге көмектеседі.
[7-беттегі қоршау]
Олар отбасы құрылымындағы орнына қалай қарайды?
“Менің күйеуім басшылығын сүйіспеншілікпен әрі мейіріммен жүргізеді”,— дейді Сьюзан. “Біз әдетте қандай шешім қабылдайтынымызды талқылаймыз. Сосын, ол не істеп, не істемейтінімізді шешкенде, мұнысы біздің игілігіміз үшін екенін білемін. Ехобаның мәсіхші әйелдер үшін қарастырған шарасы мені, шын мәнінде, бақытты, ал некемізді берік етеді. Жолдасым екеуміз өте жақынбыз, сондай-ақ рухани мақсаттарға бірге қол жеткізуге тырысамыз”.
Ал Минди атты бір әйел былай дейді: “Ехобаның әйел бауырластарға беріп отырған орны оның бізге деген сүйіспеншілігін дәлелдейді. Күйеуімді құрметтеп, қауымдағы міндеттерін атқарғанда қолдау көрсетуді Ехобаға осы құрылымы үшін ризашылық білдірудің жолы деп білем”.
[5-беттегі суреттер]
Отағасы ретінде Нұхқа, Ыбырайым мен Мұсаға Құдай әр түрлі тапсырмалар берді
[7-беттегі сурет]
“Ізгі хабарды айтатын әйелдер — қалың қол”