«Кіші пейілділік танытыңдар»
«Құдай тәкаппарларға қарсы тұрып, кіші пейілділерге рақымын төгеді» (1 ПЕТІР 5:5).
1, 2. Бір-біріне қарама-қайшы келетін қандай екі ой бағыты адамның мінез-құлқына қатты әсер етеді?
КИЕЛІ КІТАП көңіл аударатын ой бағыттарының ішінде бір-біріне қарама-қайшы екі бағыт бар. Ол екеуі де адамның мінез-құлқына қатты әсер етеді. Олардың біреуі «кіші пейілділік» деп аталған (1 Петір 5:5). Сөздіктерде бұл сөз «момындық, бой ұсынғыштық» сонымен қатар, «тәкаппарлыққа қарама-қайшы ізгі қасиет» деп түсіндіріледі. Кіші пейілділік сөзі момындық сөзімен мәндес, әрі Құдайға ерекше ұнайтын қасиет.
2 Кіші пейілділікке қарама-қайшы қасиет — тәкаппарлық. Бұл қасиетке «өзі жайлы тым асқақ ойда болу» және «өркөкіректік, паңдық» деген анықтама беріледі. Өркөкірек адам дарашыл келеді, өз әрекетінің басқа адамдардың мүдделеріне нұсқан келтіретінімен санаспайды, тек өзінің ғана материалдық және басқа да мүддесін көксейді. Киелі кітап өркөкіректіктің жемістерінің біріне нұсқап былай дейді: «Адам адамның үстінен оған зиян келтіріп билік етеді». Адамдар өлгенде өзімен «ештеңе алып кетпейтін» болғандықтан, олардың «арасындағы өзара қызғанышты [«бақталастықты», ЖД]» Киелі кітап «желді ұстап алуға» тырысқан адамның әрекетіне теңейді. Бұндай өркөкіректік Құдайға ұнамайды (Екклесиаст 4:4; 5:15; 8:9).
Осы дүниеде қандай рух басым?
3. Осы дүниеде қандай рух басым?
3 Осы аталып өткен ой бағыттарының қайсысы қазіргі заманға тән? Қазір қандай рух басымдау? «1996 жылғы дүние жүзіндегі әскери және әлеуметтік шығын» жарияланымында былай деп ескерілді: «Статистика бойынша айуандықпен... күш көрсету жағынан ХХ ғасырға ешбір ғасыр тең келе алмайды» («World Military and Social Expenditures 1996»). Дәл осы ғасырда — ұлттық, діни, тайпа және нәсілдік күрес сияқты саяси билік пен экономикалық билікке жету жолындағы күрес те жүз миллионнан аса адамды өмірден айырды. Жеке адамдар арасында да өзімшілдік анағұрлым басым бола бастады. «Чикаго трибюн» газетінде былай делінген болатын: «Қоғам ауруының белгісі ретінде мыналарды атап өтуге болады: мән-мағынасыз зорлық-зомбылық, балаларға қайырымсыздық таныту, некеден ажырау, ішкілікке салыну, СПИД, жас өспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы, нашақорлық, көшедегі бұзақылық, зорлау, некесіз туылған балалар, түсік жасау, көргенсіздік... жалған сөйлеу, алаяқтық, саяси коррупция... Жақсылық пен жамандықтың құлықтық концепциясы жойылған». Осыған орай «БҰҰ хабарында»: «Қоғам құлдырауда»,— деп ескеріледі.
4, 5. Киелі кітаптағы біздің уақытымызға берілген пайғамбарлық осы дүниеге тән рухты қалай дәл суреттейді?
4 Дүние жүзінде осындай жағдайлар болуда. Бұл жағдайлар Киелі кітапта біздің заманымызға байланысты алдын ала айтылған сөздерге дәл келеді: «Соңғы дәуірде қиын-қыстау күндер туады: адамдар өзімшіл, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар, өсекшіл, ата-аналарына бағынбайтын, алғысты білмейтін, қасиеттіні танымайтын, ешкімді сүймейтін, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, қатыгез, жақсылықты жек көретін, опасыз сатқын, ақылсыз қызба, кеуде көтерген... болады» (2 Тімотеге 3:1—4).
5 Бұл сөздер осы дүниеде басым болып отырған рухты дәл суреттейді. Бұл — өзімшілдік рухы. Жеке адамдар арасындағы бақталастық халықтар арасындағы қырғиқабақтыққа әсер ететіні байқалады. Осылайша спорт ойындарына қатысушылардың көпшілігі, басқаларға қандай эмоциялық немесе тәндік нұсқан келтіретінін ойланбастан, бірінші орында болуға тырысады. Осы өзімшілдік рухы балаларға да дарып, өсе келе олар бұл рухты өз өмірлерінде жан-жақты танытуда. Ал бұның нәтижесі «қаскөйлік, ұрыс-керіс, қызғаныш, ашу-ыза, жеке бастың абыройын ойлау, ала ауыздық туғызу, жік салу» болып отыр (Ғалаттықтарға 5:19—21).
6. Өзімшілдікке түрткі болатын кім және Ехобаның өзімшілдікке деген көзқарасы қандай?
6 Киелі кітап, «ібіліс деп аталатын, бүкіл әлемді азғырушы, үлкен айдаһардың» рухы осы дүниенің өзімшіл рухынан байқалатынын көрсетіп отыр. Осы соңғы дәуірдегі қиын-қыстау күндері өмір сүріп жатқан адамдарға Шайтанның қалай әсер ететіндігі туралы Киелі кітап былай пайғамбарлық еткен: «Жерде... өмір сүрушілерге қайғы-қасірет келді, өйткені, өзіне аз уақыт қалғанын біліп, ібіліс сендерге қатты ашумен түсті» (Аян 12:9—12). Сонымен, қазіргі уақытта Шайтан мен оның жын-перілері адамдардың ой-пікірін өзімшілдікке бағыттау үшін бар күшін салуда. Өзімшілдікке деген Ехобаның көзқарасы қандай? Оның Сөзінде былай делінген: «Жүрегіне тәкаппарлық ұялаған әрбір адамға Құдай жеркенішпен қарайды» (Нақыл сөздер 16:5).
Ехоба кіші пейілділермен бірге
7. Ехобаның кіші пейілділерге деген көзқарасы қандай және ол оларды неге үйретеді?
7 Ал кіші пейілділерге Ехоба батасын береді. Дәуіт Ехобаға арнап былай деп ән салған: «Сен езілген адамдарды [«кіші пейілділерді», ЖД] сақтайсың, ал тәкаппарларды Өз назарыңмен жер қыласың» (2 Патшалық 22:1, 28). Сондықтан Құдай Сөзі мынаған шақырады: «...жер бетіндегі бүкіл момындар — Тәңірді іздеңдер; ақиқатты іздеңдер, кіші пейілділікті іздеңдер; мүмкін сонда сендер Тәңірдің қаһары қайнаған күні аман қаларсыңдар» (Софония 2:3). Ехоба, өзін кіші пейілділікпен іздегендерді, осы дүниеге тән емес, мүлдем басқа рухқа бөленуге үйретеді. Ехоба «момындарды Өзінің ақ жолына үйретеді» (Забур 25:9; Ишая 54:13). Бұл жерде әңгіме сүйіспеншілік жолы жөнінде болып отыр. Сүйіспеншілік жолы Ехобаның көзқарасы бойынша дұрыс болып есептелетін нәрсеге негізделеді. Киелі кітапта жазылған сөздерге қарағанда, бұл принциптерге негізделген сүйіспеншілік «мақтанбайды, паңданбайды... өзімшіл... емес» (1 Қорынттықтарға 13:1—8). Кіші пейілділіктен де осындай сүйіспеншілік байқалады.
8, 9. а) Принциптерге негізделген сүйіспеншіліктің қайнар көзі неде? ә) Иса танытқан сүйіспеншілік пен кішіпейілділікке еліктеудің маңызы қандай ?
8 Пауыл және сол сияқты бірінші ғасырда өмір сүрген басқа да мәсіхшілер, Исаның шәкірттерінің арқасында осындай сүйіспеншілікке бөленуді үйренген. Ал Иса болса бұндай сүйіспеншілікті өзінің Әкесі Ехобадан үйренген. Киелі кітапта: «Құдай сүйіспеншілік»,— делінеді (1 Жохан 4:8). Иса, Құдайдың еркі — сүйіспеншілік заңы бойынша өмір сүруді талап ететінін білген, әрі соған сәйкес өмір сүрген де (Жохан 6:38). Міне дәл осы себептен ол езілгендерге, жарлы-жақыбайларға, күнәкарларға жанашырлық танытқан (Матай 9:36). Иса оларға былай деді: «Әй, тырысып шаршап шалдыққандар, ауыртпалық басқандар, бәрің де Маған келіңдер! Мен сендерді рақаттандырамын. Мойынтұрығымды киіп алып, Менен үйреніңдер; Мен момын және кіші пейілдімін» (Матай 11:28, 29).
9 Иса, өзінің шәкірттеріне: «Менің шәкірттерім екендіктеріңді елдің бәрі өзара сүйіспеншіліктеріңнен білетін болады»,— дегенде, Иса өзіне еліктеп сүйіспеншілік пен кіші пейілділік танытудың маңызы өте зор екенін көрсетті (Жохан 13:35). Оның шәкірттері осы өзімшіл дүниенің арасында ерекше көзге түсулері керек еді. Сондықтан Иса өзінің ізбасарлары туралы: «Бұлар да сондай емес [«осы дүниелік емес», СА]»,— деді (Жохан 17:14). Жоқ, олар Шайтанның дүниесінің тәкаппар, өзімшіл рухына еліктемейді. Керісінше, олар Иса танытқан сүйіспеншілік пен кіші пейілділік рухына еліктейді.
10. Қазіргі уақытта кіші пейіл адамдар үшін Ехоба не істеуде?
10 Осы дәуірдің соңғы күндерінде кіші пейіл адамдардың, сүйіспеншілік пен кіші пейілділік принциптеріне негізделген дүниежүзілік қауымға бірігетіндігі Киелі кітапта пайғамбарлық етілген болатын. Сондықтан, Ехоба Куәгерлері бүгінгі таңда күннен-күнге асқақтап тәкәппар болып бара жатқан осы дүниенің адамдарындай емес, кіші пейілділік танытуда. Олар былай деуде: «Тәңірдің тауына [жоғары тұрған шынайы мінәжатқа] шығайық, Ол бізді Өз жолына үйретеді; Ол көрсеткен жолмен жүретін боламыз» (Ишая 2:2, 3). Осы аталмыш Ехобаның жолымен жүрген дүниежүзілік қауымды Ехоба Куәгерлері құрайды. Олардың қатарында «әрбір ұлттан, халықтан, тілден» «адам баласы санай алмайтындай өте үлкен тобыр...» бар (Аян 7:9). Бүгінгі күні бұл ұлы жамағат миллиондаған адамдардан тұрады. Ехоба оларды кіші пейіл болуға қалай үйретіп жатыр?
Кіші пейілділікке үйрену
11, 12. Құдайдың қызметшілерінің кіші пейілділігі неден байқалады?
11 Өзінің халқына әсер етіп отырған Құдайдың рухының арқасында, Ехобаның қызметкерлері осы дүниенің жағымсыз рухын жеңуді және Құдай рухының игілікті жемісін танытуды үйренуде. Бұл игілікті жеміс «сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кең пейілділік, сенімділік, мейірбандық, ұстамдылық» көрсеткенде байқалады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Өздерінің бойларында осы аталып өткен қасиеттерді тәрбиелеу үшін Құдайдың қызметшілеріне «жеке басын қастерлеп, бір-бірін ашуландырып, күндеуге жол бермеуге» кеңес беріледі (Ғалаттықтарға 5:26). Сонымен қатар, елші Пауыл былай деп жазған болатын: «Әрбіреулеріңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар» (Римдіктерге 12:3).
12 Құдай Сөзі шынайы мәсіхшілерге былай дейді: «Жеке басының абырой-атағын ойлайтын менмен емес, кіші пейіл болып, басқаларды өздеріңнен жоғары қойыңдар! Әркім өз мүддесін ғана емес, басқалардікін де ойлай жүрсін» (Філіпіліктерге 2:3, 4). «Әркім жеке басты мүддесін емес, басқалардың да игіліктерін ойлауы керек» (1 Қорынттықтарға 10:24). Иә, «сүйіспеншілік... жетілдіреді» немесе риясыз сөздер мен істер арқылы өзгелерді жігерлендіреді (1 Қорынттықтарға 8:1). Сүйіспеншілік күншілдікке емес, еңбектестікке шақырады. Ехобаның қызметшілерінің арасында өзімшілдік рухына орын жоқ.
13. Неге кіші пейілділікке үйрену керек және қалай үйренуге болады?
13 Сөйтсе де, кемелсіздікті мұра еткендіктен, біз кіші пейіл болып туылмаймыз (Забур 50:7). Кіші пейілділікке үйрену керек. Сондықтан, Ехобаның жолына жастайынан емес, кейінірек түскендерге, кіші пейілділікке үйрену оңайға соқпауы мүмкін. Олардың дүние танымы, мінез-құлқы мен көзқарасы осы дүниенің әсерінен белгілі нобай алып қалыптасып қалған. Сол себептен олар «бұған дейінгі өмір салттарын енді тастап... Құдайға рухани жағынан ұқсас жаратылған жаңа, шынымен әділетті де қасиетті адам болып өмір сүруге» үйренулері керек (Ефестіктерге 4:22, 24). Құдай «ұдайы жанашыр, мейірімді, кіші пейіл, ілтипатты, сабырлы болып, осы қасиеттерге бөленуді» өтінеді, ақ жүректі адамдар көктен келген көмектің арқасында бұл өтінішті орындай алады (Қолостықтарға 3:12).
14. Өзін-өзі жоғарылатуға қарсы екенін Иса қалай көрсетті?
14 Исаның елшілері де осындай болуды үйренулері керек еді. Иса елшілерді өзіне шәкірт еткен уақытта, олар ер жетіп қалған ересек адамдар болатын, сондықтан қандай да бір шамада осы дүниенің бақталастық рухының әсері оларға сіңіп қалған-ды. Екі шәкіртінің анасы өзінің ұлдарына жоғары дәрежелі орын сұрап келгенде, Иса былай деді: «Халықтарға төрелері үстемдік етіп, мырзалары да билік жүргізетінін білесіңдер ғой; бірақ сендердің араларыңда мұндай болмасын. Қайсыларың үлкен болғың келсе, ол сендерге қызметші болсын; қайсыларың бірінші болғың келсе, ол сендерге құл болсын. Өйткені Адам Ұлы [Иса] Өзіне қызмет еттіруге келмеді, керісінше — Өзі қызмет етуге және көптеген адамдардың бостандық төлемін төлеуге өз жанын беруге келді» (Матай 20:20—28).
15. Бақылаушы болуға ынтасы барлардың көзқарасы қандай болу керек?
15 Исаның шынайы ізбасары өзінің бауырластарына — қызметші тіпті құл (Ғалаттықтарға 5:13). Әсіресе бұл, қауым жиналысындағы бақылаушыларға қойылған талаптарға сәйкес келуді қалайтындарға тікелей қатысты. Оларға жоғары дәреже үшін немесе билік үшін таласуға болмайды, бұндай адамдар «Құдайдың халқына үстемдік етпей, отарға үлгі көрсетулері» керек (1 Петір 5:3). Оның үстіне, өзімшілдік рухын танытатын адам, бақылаушы ретінде қызмет ете алмайды. Мұндай адам қауым жиналысына тек нұсқан келтіріп отыратын болады. «Қауым басқарушысы болуға ынталану», дұрыс әрі игілікті іс екендігінде сөз жоқ, бірақ бұндай ынта өзге мәсіхшілерге қызмет етуге деген талапқа негізделуі керек. Бақылаушы болу дәрежелі орынға ие болып, билікті қолға алуды білдірмейді. Қауымды бақылау міндеті тапсырылған адам, қауым арасындағы ең кіші пейілділердің бірі болуы керек (1 Тімотеге 3:1, 6).
16. Құдай Сөзінде Диотреф не үшін айыпталады?
16 Елші Жохан: «Мен қауымға жазып жібердім, бірақ олардың басшысы болуға тырысып жүрген Диотреф бізді мойындамайды»,— деген сөздермен бұрыс көзқараста болған адамға көңіл аударады. Бұл адам басқаларға дөрекілік танытып жоғары дәрежеге жетуге тырысқан. Бірақ, өзімшілдігі үшін Диотреф айыпталды, әрі бұл мәліметті киелі рухтың жетелеуімен Жохан Киелі кітапқа жазды (3 Жохан 9, 10).
Дұрыс ой бағыты
17. Қалай Петір, Пауыл және Барнаба кіші пейілділік танытты?
17 Киелі кітапта дұрыс ой бағытын, яғни кіші пейілділік танытқан адамдар туралы мәлімет аз емес. Үйіне Петір келгенде, Корнел оның «аяғына жығылды». Алайда бұндай сый-құрметті қабыл алудың орнына, «Петір: „Түрегеліңіз, мен де сіз сияқты пендемін“,— деп, оны тұрғызып алды» (Елшілердің істері 10:25, 26). Пауыл мен Барнаба Листра қаласында жүргенде, сал болып туған адамды айықтырады. Сонда халық оларды құдайға теңейді. Бірақ Пауыл мен Барнаба «киімдерін жыртып, наразылықтарын білдіреді. Көпшіліктің арасына жүгіріп барып, қатты дауыспен былай дейді: „Ей, азаматтар, неге бұлай істейсіңдер? Біз де сендер сияқты пенделерміз“» (Елшілердің істері 14:8—15). Бұл кіші пейіл мәсіхшілер өздерін адамдардың даңқтағанын қаламайды.
18. Құдіретті күштің иесі, сонымен қатар, кіші пейіл періште Жоханға не деді?
18 Жохан «Иса Мәсіхке тапсырылған аянды» періште арқылы көрді (Аян 1:1). Періштелердің қандай күштің иесі екенін, сондай-ақ, жалғыз періштенің бір түннің ішінде жүз сексен бес мың Ассирия әскерін қырып жібергенін ескерер болсақ, Жоханның дірілдеп, қатты қорыққанын түсінуге болады (4 Патшалық 19:35). Жохан былай әңгімелейді: «Естіп, көріп жатқан кезде мен оларды көрсеткен періштенің аяғына бас ұрмақ болып жығылдым. Алайда ол: „Бұлай істеме! Мен өзіңмен, саған бауырластармен... бірге қызмет етушімін. Құдайға бас ұрып ғибадат ет!“ — деді» (Аян 22:8, 9). Құдіретті күштің иесі болып отырған періште қандай кіші пейілділік танытты десеңші!
19, 20. Римнің жеңімпаз қолбасшыларының паңдығын Исаның кіші пейілділігімен салыстыршы?
19 Иса, кіші пейілділік танытуда зор үлгі көрсеткен. Ол Құдайдың жалғыз Ұлы, әрі Құдай Патшалығының болашақ Патшасы болды. Өзін жұрт алдында осы қасиетінде танытқанда, ол римнің жеңімпаз қолбасшыларына мүлдем ұқсамайтын. Бұндай қолбасшыларға арнап парадтар немесе шерулер өткізілетін; олар алтынмен, піл сүйегімен безендіріліп, ақ атқа, ал кейде тіпті пілдерге, арыстандарға немесе жолбарыстарға жегілген арбаларға мініп өтетін. Сонымен қатар бұл шеруге жеңіс өлеңін айтып жүретін музыканттар қатысатын, соғыстан түскен олжаға толы пәуескелер және жылжымалы жайдақ тұғырдың үстіне құрылған сахнада соғыстың үзінділері көрсетілетін. Тұтқынға алынған патшаларды, билер мен қолбасшыларды үй-ішімен қоса жұрттың алдынан алып өтетін; көбінесе, оларды келеке етіп, қорлау үшін көпшіліктің алдына тырдай жалаңаш шығаратын. Осының барлығынан тәкаппарлық пен паңдықтың желі есетін.
20 Осы көріністі Исаның өзін қалай ұстағанымен салыстыршы. Ол: «Патшаң саған келе жатыр! Кіші пейілділікпен есекке мініп, Тайқардың — жүк таситын жас малдың үстінде отыр»,— деп жазылған өзі туралы пайғамбарлықты кіші пейілділікпен орындауға даяр еді. Ол, маңғаз шеру аттарына жегілген арбамен емес, теңдеп жүк артылған жануарға мініп келді, бұдан да оның кіші пейілділігі байқалады (Зәкәрия 9:9; Матай 21:4, 5). Жаңа дүниеде Ехоба тағайындаған — нағыз кіші пейіл, момын, сүйіспеншілікке толы, жанашыр әрі қайырымды Патшаның, яғни Исаның жер бетіне билік жүргізетініне кіші пейіл адамдар қандай қуанышты десеңші! (Ишая 9:6, 7; Філіпіліктерге 2:5—8).
21. Кіші пейілділік ненің нышаны емес?
21 Кіші пейілділік — әлсіздіктің нышаны деген ойды, Киелі кітап жазылып жатқан уақыттағы Иса, Петір, Пауыл және сенім танытқан басқа да еркектер мен әйелдердің кіші пейілділігі жоққа шығарады. Керісінше, ол мінездің қажырлылығын көрсетеді, өйткені аталмыш адамдар ер жүрек әрі ынталы болған ғой. Олар сынақтарға төзіп, сонысымен рухани немесе рухының күшті екенін көрсетті (Еврейлерге 11 тарау). Құдай момындарды құдіретті киелі рухымен қолдап отырғандықтан, бүгінгі күні Ехобаның қызметкерлері кіші пейілділік танытқанда, алғашқы мәсіхшілердей рухының күштілігін көрсетеді. Сондықтан Құдай Сөзі бізді: «Әрдайым кіші пейілділік танытыңдар! „Құдай тәкаппарларға қарсы тұрады, Ал кіші пейілділерге рақымын төгеді“ делінген ғой. Сонымен, Құдайдың құдіретті қолының астына бой ұсыныңдар; Өзі белгілеген уақыты жеткенде сендерді жоғарылатпақ»,— деп жігерлендіреді (1 Петір 5:5, 6; 2 Қорынттықтарға 4:7).
22. Келесі мақалада не талқыланады?
22 Құдайдың қызметшілерінің өміріне әсер етуге тиіс кіші пейілділіктің тағы бір жағы бар. Ол қауымдағы сүйіспеншілік рухы мен қызметтестікке қатты әсер етеді. Керек десең, бұл — кіші пейілділіктің маңызды бөлігі. Бұл жөнінде келесі мақалада талқыланады.
Қайталау
◻ Осы дүниеде басым болып отырған рухты суреттеші?
◻ Ехоба кіші пейілділерге қалай рақымдылық танытады?
◻ Неге кіші пейілділікке үйрену қажет?
◻ Кіші пейілділік танытқан адамдар туралы Киелі кітапта қандай мысалдар бар?
[25-беттегі сурет]
Періште Жоханға: «Бұлай істеме! Мен өзіңмен... бірге қызмет етушімін»,— деді.