5-ТАРАУ
Отарды бағатын бақылаушылар
ИСА жердегі қызметі кезінде “ізгі бағушы” екенін дәлелдеді (Жох. 10:11). Соңынан ынта-ықыласпен еріп жүрген қалың жұртты көргенде, “Иса оларды аяп кетті. Өйткені олар бағушысы жоқ қойлардай азып-тозған, бейшара күйде еді” (Мат. 9:36). Исаның сүйіспеншілікпен көрсеткен қамқорлығы Петір мен басқа да елшілердің назарынан тыс қалған жоқ. Иса Исраилдің жалған бағушыларынан қатты ерекшеленді. Олардың отарға атүсті қарағаны сонша — қойлар бытырап, рухани аш жүрді! (Езек. 34:7, 8). Елшілер Исаның тәлім берудегі керемет үлгісі мен қойларға деген қамқорлығын, тіпті солар үшін өмірін қиғанын көрді. Осылай олар сенімі бар жандарға “бағушы әрі қорғаушы” Ехобаға оралуға қалай көмектесуге болатынын үйренді (Пет. 1-х. 2:25).
2 Бірде Иса Петірмен сөйлесіп, қойлардың азығын беру мен оларды бағудың маңыздылығына баса назар аударды (Жох. 21:15—17). Бұл әңгіменің Петірге қатты әсер еткені шүбәсіз. Кейінірек ол ертедегі мәсіхшілер қауымының ақсақалдарына мынадай кеңес берді: “Бақылаушылар ретінде өздеріңе тапсырылған Құдайдың отарын ықтиярсыз емес, шын көңілмен, қандай да бір пайда көздеп емес, бар ынта-жігермен бағыңдар; сондай-ақ Құдайдың меншігіне өктемдік етпей, қайта, отарға үлгі-өнеге болыңдар!” (Пет. 1-х. 5:1—3). Петірдің бұл сөздері бүгіндегі қауым бақылаушыларына да қатысы бар. Ақсақалдар Исаға еліктей отырып, қауымға үлгі-өнеге болып шын көңілмен, ынта-жігермен қызмет етеді, әрі Ехобаға деген қызметте басшылықты қолға алады (Евр. 13:7).
Ақсақалдар Исаға еліктей отырып, қауымға үлгі-өнеге болып шын көңілмен, ынта-жігермен қызмет етеді, әрі Ехобаға деген қызметте басшылықты қолға алады
3 Біз рухпен тағайындалған қауым бақылаушылары үшін ризамыз. Олардың қамқорлығы бізге көп игілік әкеледі. Мысалы, бақылаушылар қауымдағы әрбір адамға жігер беріп, жеке көңіл бөледі. Апта сайын бауырластардың сенімін нәрлендіретін қауым кездесулерін бар ынтамен өткізеді (Рим. 12:8). Олар отарға зиян келтіретін жайттардан, мысалы зұлым ниетті адамдардан, барын салып қорғайды. Соның арқасында біз қауіпсіздіктеміз (Ишая 32:2; Тит. 1:9—11). Олардың уағыз ісінде жетекшілікті қолға алғандары бізді ай сайын уағыздап отыруға талпындырады (Евр. 13:15—17). Ехоба “сый ретінде” берген осы адамдар арқылы қауымды нығайтады (Ефес. 4:8, 11, 12).
БАҚЫЛАУШЫЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР
4 Қауымға дұрыс қамқорлық көрсетілу үшін, Құдай Сөзінде бақылаушы міндетіне тағайындалатын ер кісілерге талаптар қойылған. Сол талаптарға сай келгенде ғана бақылаушы киелі рух арқылы тағайындалды деуге болады (Ел. іс. 20:28). Әрине, Жазбалардағы мәсіхші бақылаушыларға қойылған талаптар жоғары, өйткені бақылаушы болу — үлкен жауапкершілік. Бірақ Ехобаны шын жақсы көретін әрі оның ісінде пайдасын тигізгісі келетін ер бауырластар үшін аталмыш талаптар орындай алмайтындай тым жоғары емес. Бақылаушылардың Киелі кітап кеңестерін күнделікті өмірде қолданатындары бәріне анық көрініп тұру керек.
Қауымға дұрыс қамқорлық көрсетілу үшін, Құдай Сөзінде бақылаушы міндетіне тағайындалатын ер кісілерге талаптар қойылған
5 Елші Пауыл Тімөтеге жазған бірінші хаты мен Титке арнаған хатында бақылаушыларға қойылатын негізгі талаптарды атап өткен. Тімөтеге 1-хат 3:1—7 тармақтарда былай делінген: “Егер біреу бақылаушы міндетіне ұмтылса, оның игілікті істі қалағаны. Бақылаушы еш кінәратсыз, бір ғана әйелі бар, барлық жағынан байсалды, есті, іс-әрекетіне ұқыпты, қонақжай, тәлім беруге қабілетті, не маскүнем, не қатыгез емес, иліккіш болуы керек, сондай-ақ даукес те, ақшақұмар да болмауы тиіс. Сонымен қатар отбасына жақсы басшылық ететін, ал балалары мойынсұнғыш әрі тәртіпті болуы керек. (Егер адам өз отбасына басшылық етуді білмесе, қалайша Құдай қауымын қамқорлай алады?) Ол сенімді жаңа қабылдағандардан болмасын, әйтпесе кеуде көтеріп, Ібіліске шығарылған үкімге ұшырауы мүмкін. Сондай-ақ жұрт сөзіне ілікпеуі және Ібілістің торына түсіп қалмауы үшін қауымнан тысқары адамдар алдында жақсатты болуы тиіс”.
6 Ал Титке Пауыл былай деп жазды: “Мен сені Критте сондағы олқылықтарды түзетсін, қалаларда ақсақалдар тағайындасын деп қалдырдым. Менің мына нұсқауларымды ұстан: ақсақал етіп еш айыбы жоқ әрі бір ғана әйелге үйленген кісіні тағайында. Ал балалары жүгенсіз, бетімен кеткен емес, сенуші болсын. Бақылаушы Құдай тағайындаған басқарушы ретінде еш айыбы жоқ болуы тиіс. Ол өз дегенін істететін, қызба, маскүнем, қатыгез болмауы, сондай-ақ ашкөздікпен арам олжа іздемеуі керек. Қайта, қонақжай, ізгілік атаулыны жақсы көретін, есті, әділ әрі адал, ұстамды болуы тиіс. Ол дұрыс ілім арқылы жігерлендіре алу үшін және осы ілімге қайшы сөйлейтіндерді әшкерелей алу үшін тәлім бергенде, шынайы сөздерден ауытқымау керек” (Тит. 1:5—9).
7 Жазбалардағы бақылаушыларға қойылатын талаптар қиын болып көрінуі мүмкін, бірақ ер бауырластар бұл міндетке ұмтылудан тартыншақтамау керек. Олар мәсіхшілерге тән керемет қасиеттерді танытса, қауымдағылар оларға еліктеуге талпынады. Пауыл Ехобаның “сый ретінде адамдарды” қандай мақсатпен бергенін былай түсіндірген: “Олар қасиеттілерді түзету, өзгелерге қызмет көрсету және Мәсіхтің денесін нығайту үшін берілді. Мұны олар сенім жағынан да, Құдай Ұлы туралы тура білім жағынан да бәріміз бірлікке жеткенге дейін, сондай-ақ Мәсіхтің кемеліне сай келетін толысқан адам болғанымызға дейін істемек” (Ефес. 4:8, 12, 13).
8 Бақылаушылар тым жас немесе сенімді жаңа қабылдағандардың қатарынан болмауы тиіс. Олар мәсіхшілік өмірде тәжірибесі бар, Киелі кітап жайлы білімі мол, Жазбаларға қатысты түсінігі терең әрі қауымды шын жақсы көретін адамдар. Олар күнә жасаған адамдармен сөйлесіп, түзетуден қорықпайды, осылайша қойларды өз мақсатына пайдаланғысы келетін кез келген адамнан қорғайды (Ишая 32:2). Қауымдағылардың бәрі оларды Құдайдың отарын қамқорлайтын рухани толысқан ер кісілер деп біледі.
9 Бақылаушы міндетіне сай келетін бауырластар даналықты іс жүзінде танытады. Бақылаушы үйленген болса, Киелі кітаптағы некеге қатысты талапты ұстанады, атап айтқанда, оның бір ғана әйелі болу керек және отбасына жақсы басшылық етуі тиіс. Егер бақылаушының балалары сенуші, мойынсұнғыш әрі тәртіпті болса, сондай-ақ жүгенсіз емес, бетімен кетпеген болса, қауымдағылар одан отбасылық және мәсіхшілік өмірге қатысты кеңесті емін-еркін сұрай алады. Бұған қоса, бақылаушы еш кінәратсыз әрі оның еш айыбы жоқ, ол тіпті тысқары адамдар алдында да жақсатты болуы тиіс. Қауымның атына кір келмес үшін, оның жүріс-тұрысы үлгілі болу қажет, сонда ешкім оны айыптай алмайды. Ол жуырда ауыр күнәсі үшін сөгіс алмаған болуы тиіс. Қауымдағы бауырластар оның керемет үлгісіне еліктеуге талпынады, әрі өздерінің рухани күйін оның қамқорына сеніп тапсыра алады (Қор. 1-х. 11:1; 16:15, 16).
10 Талаптарға сай келетін мұндай ер бауырластар мәсіхшілердің қауымында ежелгі Исраилдегі ақсақалдар сияқты қызмет ете алады. Ежелдегі сол кісілер “ақылды да парасатты, тәжірибелі” деп сипатталған (Мұс. 5-ж. 1:13). Әрине, мәсіхші ақсақалдар күнәсіз емес, бірақ олар қауымда және жұрт алдында адал әрі Құдайдан қорқатын адам ретінде танымал. Олар біршама уақыт аралығында Құдайдың принциптеріне сай өмір сүріп жатқан болуы тиіс. Мінсіздігінің арқасында олар қауым алдында сөз еркіндігіне ие (Рим. 3:23).
11 Бақылаушы міндетіне жеке істерінде де, өзгелермен қарым-қатынасында да байсалды ер адам тағайындалады. Олар фанатик емес. Қайта, олардың өмірлерінен тепе-теңдік пен ұстамдылық көрініп тұру керек. Олардың байсалдылығы ішіп-жеу, демалу, хоббимен айналысу және көңіл көтеру сияқты істерден көрінеді. Алкогольді ішімдіктер ішкенде де байсалдылық танытады, басқалардың оны маскүнем деп айыптауына негіз бермейді. Ішімдіктің салдарынан санасы тұманданған адамның ұстамдылықты жоғалтуы оп-оңай, ал мұндай адам қауымның рухани мүддесіне бас-көз бола алмайды.
12 Бақылаушылық қызмет мәсіхшіден ұқыпты болуды талап етеді. Оның жақсы әдеттері сырт көрінісінен, үйінен және күнделікті істерінен көрінеді. Мұндай ұқыпты адам жұмысты кейінге ысыра бермейді, не істеу қажет екенін көріп, соған сай жоспар құрады. Ол Құдайдың принциптерін берік ұстанады.
13 Бақылаушы иліккіш болу керек. Ол ақсақалдар кеңесінің басқа да мүшелерімен бірлікте қызметтесе білуі тиіс. Өзіне қатысты байсалды көзқарас танытып, өзгелерден тым көп нәрсені талап етпеу қажет. Иліккіш бақылаушы өз ой-пікірін өзге ақсақалдардікінен артық деп санамайды. Өзгелер қасиеттері мен қабілеттері жағынан одан жақсырақ болуы мүмкін. Иліккіш ақсақал өз тұжырымдарын Жазбаларға негіздейді және Иса Мәсіхтің үлгісіне еліктеуге ұмтылады (Філіп. 2:2—8). Ақсақал даукес не қатыгез емес, керісінше, өзгелерді өзінен жоғары санап, орынды құрмет танытады. Ол әрқашан өз пікірін алға тартып, өз дегенін істетпейді. Қызба да емес, қайта, өзгелермен арақатынасында татулық сақтайды.
14 Қауым бақылаушысы есті болуы тиіс. Есті бақылаушы кез келген жағдайда сабырлық сақтап, дұрыс ой түзе біледі. Ол Ехобаның принциптерін және олардың қолданылуын жақсы түсінеді. Есті адам кеңес пен нұсқауларға құлақ асуға дайын тұрады. Ол екіжүзді емес.
15 Пауыл бақылаушының ізгілік атаулыны жақсы көруі керек екенін Титтің есіне салған. Ол әділ де адал болу қажет. Оның бұл қасиеттері өзгелермен қарым-қатынасынан және дұрыс та игі нәрсені берік ұстанатынынан көрініп тұру керек. Ол — Ехобаға мызғымастай шын берілген адам, әрі оның әділ принциптерін әр кез ұстанады. Құпиялылықты сақтай біледі. Бұған қоса, ол өзгелердің игілігі үшін өзін және өзінде барын аямай, шынайы қонақжайлылық танытады (Ел. іс. 20:33—35).
16 Қызметі жемісті болу үшін бақылаушы тәлім беруге қабілетті болу керек. Пауылдың Титке жазған сөздеріне сай, бақылаушы “дұрыс ілім арқылы жігерлендіре алу үшін және осы ілімге қайшы сөйлейтіндерді әшкерелей алу үшін тәлім бергенде, шынайы сөздерден ауытқымау керек” (Тит. 1:9). Өзгелердің көзін жеткізіп, сенімдерін нығайту үшін, ол ой түзе біледі, дәлелдер келтіре алады, қарсы пікірді жеңе біледі және Жазбаларды дұрыс қолданады. Ол қолайлы уақытта да, қиын уақытта да тәлім береді (Тім. 2-х. 4:2). Шыдамдылық пен жұмсақтық таныта отырып, қажет кезде адамды жөнге салады, сондай-ақ күмәні бар адамның көзін жеткізіп, сенім дамытуға және соның негізінде игі істер істеуге талпындырады. Көпшілік алдында немесе адаммен жеке сөйлескенде тәлім бере алса, бақылаушы осы маңызды талапқа сай келетінін көрсетеді.
17 Ақсақалдардың уағызға деген құлшынысы күшті болғаны маңызды. Бұл істе де олардың Исаға еліктеуге тырысатыны көрініп тұру қажет. Иса үшін ізгі хабарды уағыздау басты іс болған. Ол шәкірттеріне шебер уағыздаушы болуға көмектескен (Мар. 1:38; Лұқа 8:1). Ақсақалдар істері көп болса да, уағыздауға деген шешімдеріне берік, ал олардың бұл үлгісі қауымдағы барлық бауырластардың да құлшынысын арттырады. Ақсақалдар отбасымен және қауымдағы бауырластармен бірге уағыздағанда, бәрі “өзара жігерленеді” (Рим. 1:11, 12).
18 Бақылаушыларға қойылатын талаптар әлдекімге тым жоғары болып көрінуі мүмкін. Әрине, ешбір бақылаушы Киелі кітапта жазылған бұл жоғары талаптарды кемелді түрде орындай алмайды. Бірақ ешбір ақсақал аталып өткен қасиеттердің қайсыбірін мүлдем дерлік танытпай қойып, үлкен олқылыққа жол бермеу керек. Кей ақсақалдар белгілі бір қасиеттерді тамаша танытса, өзгелері басқа қырынан басымырақ болып келеді. Осылайша ақсақалдар кеңесінде Құдайдың қауымына бас-көз болуға қажетті барлық тамаша қасиеттер тоғысады.
19 Ақсақалдар кеңесі ер кісілерді бақылаушы міндетіне ұсынып жатқанда, елші Пауылдың келесі сөздерін жадында ұстауға тырысады: “Әрбіріңе мынаны айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар. Қайта, есті болып, Құдай әрқайсысыңа берген сенімнің мөлшеріне сай ойлаңдар” (Рим. 12:3). Әр ақсақал өзін кіші тұту керек. Бауырластың талаптарға сай келетінін қарастырып жатқанда, ешкім “тым әділ болмауы” тиіс (Уағ. 7:16). Ақсақалдар кеңесі Жазбалардағы бақылаушыларға қойылған талаптарды есте нық ұстай отырып, қарастырылып жатқан ер бауырластың сол талаптарға ақылға қонымды деңгейде сай келетінін анықтау керек. Бұл орайда ақсақалдар адам кемелсіздігін ескеріп, алалаушылық пен екіжүзділікке бой алдырмайды, Ехобаның әділ талаптарына құрмет көрсете отырып, қауымның игілігін ойлайды. Бауырластарды қарастырғанда, ақсақалдар киелі рух сұрап дұға етеді және Жазбалардағы талаптарды олардың қаншалықты орындап жүргенін мұқият саралайды. Бұл — ақсақалдарға жүктелген үлкен жауапкершіліктердің бірі. Сондықтан олар Пауылдың мына ескертуіне сай әрекет етеді: “Біреудің үстіне қол қойып тағайындауда асығыстық жасама” (Тім. 1-х. 5:21, 22).
КИЕЛІ РУХТЫҢ ЖЕМІСІ
20 Рухани толысқан ер кісілер киелі рухтың нұсқауымен жүріп-тұратынын және өмірінде соның жемісін танытатынын көрсетеді. Пауыл рух жемісінің тоғыз қырын атап өткен: “Сүйіспеншілік, қуаныш, татулық, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, жұмсақтық, ұстамдылық” (Ғал. 5:22, 23). Мұндай бақылаушылар бауырластардың жанын сергітеді, әрі қауымға қасиетті қызметті біріге атқаруға көмектеседі. Олардың жүріс-тұрысы мен еңбектерінің жемісі киелі рух арқылы тағайындалғанын паш етеді (Ел. іс. 20:28).
БІРЛІКТІҢ НЫҒАЮЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗЕТІН ЕР КІСІЛЕР
21 Ақсақалдардың бәрі қауым бірлігін нығайтуға үлес қосқандары өте маңызды. Олардың болмыстары бір-біріне мүлдем ұқсамауы мүмкін. Бірақ талқыланып жатқан мәселеде өзгенің пікірімен келіспесе де, бір-бірін құрметпен тыңдай отырып, ақсақалдар кеңесінің бірлігін сақтайды. Киелі кітап принципі аяқасты етілмесе, ақсақалдар кеңесі қабылдаған соңғы шешіммен әрбір ақсақал келісуге және оны қолдауға міндетті. Шешіммен келісуге дайын болғаны адамның “көктен келген даналығы” бар екенін көрсетеді, ал мұндай даналық “тату” да “иліккіш” (Жақ. 3:17, 18). Ешбір ақсақал өзін басқа ақсақалдан жоғарымын деп ойламау керек. Ешбір ақсақал басқалардан үстем болуға тырыспау керек. Егер ақсақалдар қауымның игілігі үшін бір дене іспетті бір-бірімен қызметтесер болса, мұнысы Ехобамен қызметтескенмен тең болады (Қор. 1-х. 12-тар.; Қол. 2:19).
БАҚЫЛАУШЫ МІНДЕТІНЕ ҰМТЫЛУ
22 Толысқан ер бауырластар бақылаушы болуға ұмтылу керек (Тім. 1-х. 3:1). Алайда ақсақалдық қызмет ауыр еңбек пен жанкештілікті талап етеді, өйткені мұндай адам бауырластардың мүддесі мен рухани саулықтары үшін қызмет етуге дайын болу керек болады. Бақылаушы міндетіне ұмтылу дегеніміз Жазбалардағы талаптарға сай келуге тырысуды білдіреді.
ЖЕКЕ БАСТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ӨЗГЕРУІ МҮМКІН
23 Ұзақ уақыт бойы адал қызмет етіп келе жатқан ер бауырлас дертке шалдыққандықтан, жасы ұлғайғандықтан не басқа да себеппен бақылаушы міндетін атқаруға шамасы жетпеуі мүмкін. Бірақ ол мұндай кезде де ақсақал болып қалады, әрі тиісті құрметке лайық. Тағайындалуы өз күшінде болған уақыттың бәрінде осылай болуы тиіс. Мүмкіндіктерінің шектеулі болғанына бола оған ақсақалдық қызметінен бас тартудың қажеті жоқ. Отарды бағу үшін қолынан келгеннің бәрін істеп жүрген барлық ақсақалдар іспетті ол да екі есе құрметке лайық.
24 Ал егер ақсақал қызмет етуін шектеп жатқан жағдайына байланысты бақылаушылық қызметінен бас тартамын деп шешсе — өз еркі (Пет. 1-х. 5:2). Ол бұдан кейін де құрметтелуі тиіс. Ақсақалдарға жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді атқара алмаса да, оның қауымға тигізер пайдасы зор.
ҚАУЫМДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕРІ
25 Қауымда ақсақалдардың әртүрлі жауапкершіліктері бар. Мысалы, олардың бірі — ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі, бірі — хатшы, бірі — қызмет бақылаушысы, тағы бірі — “Күзет мұнарасының” жүргізушісі, ал бірі — “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің бақылаушысы. Көп ақсақалдар топ бақылаушысы болып қызмет етеді. Бұл міндеттердің белгілі бір мерзімі жоқ. Әрине, егер ақсақал басқа жаққа көшіп кетсе я денсаулығына байланысты жауапкершіліктерін атқара алмаса, я болмаса Жазбалардағы талаптарға сай болмай қалса, оның міндеті басқа ақсақалға тапсырылады. Бақылаушылар аз қауымдарда басқа ер бауырластар ақсақал болуға лайық болмайынша, бір ақсақалға бірнеше міндетті атқаруға тура келуі мүмкін.
26 Ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі ақсақалдар кеңесінің кездесулерінде төраға қызметін атқарады. Ол кішіпейілділік таныта отырып, Құдайдың отарын бағатын басқа да ақсақалдармен бірге қызметтеседі (Рим. 12:10; Пет. 1-х. 5:2, 3). Ол жақсы ұйымдастырушы болуы және бар ынтасымен төрағалық етуі тиіс (Рим. 12:8).
27 Хатшы қауымның жазбаларын реттейді және басқа ақсақалдарға маңызды мәліметтерді жеткізіп отырады. Егер қажет болса, оған жәрдемдесетін басқа бір ақсақалды я қабілетті қызмет көмекшісін тағайындауға болады.
28 Уағыз ісіне қатысты шаралар мен қызметпен байланысы бар басқа да істер қызмет бақылаушысының нұсқауымен атқарылады. Қызмет бақылаушысы уағыздау топтарының бәріне жүйелі түрде сапармен барады. Ол әр айдың бір демалыс күнінде кезекті топқа баруды жоспарлайды. Уағыздау топтары аз кішігірім қауымдарда қызмет бақылаушысы бір топқа жылына екі рет бара алады. Сол сапар барысында ол уағызға арналған кездесуді жүргізеді, топпен бірге қызметтеседі және жариялаушыларға қайта бару ісі мен зерттеу сабақтарын өткізуге жәрдем береді.
ТОП БАҚЫЛАУШЫЛАРЫ
29 Қауымдағы аса мәртебелі қызметтің бірі — топ бақылаушысы болу. Оның міндетіне мыналар кіреді: 1) уағыздау тобындағы әр жариялаушының рухани күйін ойлау; 2) топтағы әр адамға жүйелі түрде уағыздауға, қызметте құлшынысты әрі қуанышты болуға көмектесу; 3) топтағы қызмет көмекшілерін үйретіп, көбірек жауапкершілік алуға және соған лайықты болуға көмектесу. Бұл қызметке ақсақалдар кеңесі аталмыш міндеттерді жақсы атқара алатын ер бауырластарды таңдайды.
30 Топ бақылаушысының міндетіне не кіретінін ескерсек, бұл қызметке мүмкіндігінше ақсақал тағайындалу керек. Ал ақсақал болмай жатса, бұл міндетті қабілетті қызмет көмекшісі атқарса болады. Бірақ ол қауым бақылаушысы болмағандықтан, топ қызметшісі деп аталады. Ол осы қызметті ақсақалдардың нұсқауымен атқарады.
31 Топ бақылаушысының маңызды бір міндеті — уағыз қызметінде жетекшілікті қолға алу. Оның жүйелі түрде уағыздайтыны, құлшынысы мен шабыты тобындағы бауырластарға жігер береді. Топ жариялаушылары бір-бірімен бас қосқанда көмек пен жігер алатындықтан, уағызға арналған топ кездесуін көпшілігіне ыңғайлы уақытқа қойған жақсы (Лұқа 10:1—16). Топ бақылаушысы әрдайым учаскелердің жеткілікті болуын қадағалайды. Ол уағыздауға арналған кездесуді жүргізеді, әрі жариялаушылардың сол күнгі қызметін жоспарлайды. Өзі болмайтын кездері топтағы жариялаушыларға қажетті нұсқаулар берілу үшін, басқа ақсақалмен я қызмет көмекшісімен келісіп алуы тиіс, ал мұндай мүмкіндік болмаса, басқа қабілетті жариялаушымен келісе алады.
32 Топ бақылаушысы қызмет бақылаушысының сапарына алдын ала қамданады: сол сапардың пайдасын көру үшін, ол өз тобын құлағдар етеді. Топтағылардың бәрі аталмыш шара жайлы хабардар болса, оған құлшына қатысатын болады.
33 Уағыздау топтарының әрқайсысы әдейі кішігірім болып бөлінеді. Осылайша топ бақылаушысы өзінің тобындағы жариялаушылардың бәрімен жақсы таныс болады. Сүюші бағушы ретінде олардың әрбіріне жеке көңіл бөледі. Жеке көмек көрсетуге тырысады, уағыздау қызметі мен қауым кездесулеріне атсалысуға талпындырады. Сондай-ақ тобындағы әр бауырлас рухани мықты болу үшін кез келген орынды көмегін аямайды. Ауырып қалған яки жаны күйзелген адамның үйіне кіріп-шығып, демеу көрсетеді. Кейбір жариялаушыларға жігерлендірерлік сөз айтса не кеңес берсе, олар қауымда қосымша мәртебелі міндеттерге ұмтылып, нәтижесінде бауырластарға зор жәрдем беруі мүмкін. Әрине, топ бақылаушысы көп күшін өз тобына көмек беруге жұмсайды. Бірақ ақсақал әрі бағушы болғандықтан, ол сүйіспеншілікпен қауымдағы барлық бауырластардың қамын жейді, әрі мұқтаждықта жүрген бауырластарға қол ұшын беруге даяр (Ел. іс. 20:17, 28).
34 Топ бақылаушысының міндеттерінің бірі — хатшыға өз тобындағы жариялаушылардың уағыздау қызметі жөніндегі есебін жинауға жәрдемдесу. Ол есептерді жинап болған соң, қауым хатшысына береді. Әр жариялаушы тез арада өз есебін тапсырса, бұнымен өз топ бақылаушысына көмек көрсетеді. Бұл үшін олар әр айдың соңында өз есептерін топ бақылаушысының қолына ұстатады, я болмаса Патшалық сарайындағы есептерге арналған арнайы жәшікке салады.
ҚАУЫМНЫҢ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІ
35 Қауымның қызмет комитетінің құрамына ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі, хатшы және қызмет бақылаушысы кіреді. Бұл комитетке жүктелген белгілі бір міндеттер бар. Мысалы, қызмет комитеті Патшалық сарайын неке баяндамасы не жерлеу баяндамасы үшін қолдануды мақұлдайды, жариялаушыларды уағыздау топтарына бөлуге де осы комитет жауапты. Жариялаушылардың тұрақты және қосалқы ізашарлық қызметке я қызметтің басқа түріне берген өтініштерін қарастырып мақұлдайды. Қауымның қызмет комитеті ақсақалдар кеңесінің нұсқауымен қызмет атқарады.
36 Кейде қауымның қызмет комитетінің, “Күзет мұнарасын” жүргізушісінің, “Мәсіхшілік өміріміз бен қызметіміз” кездесуінің бақылаушысы мен ақсақалдар кеңесін құрайтын бауырластардың белгілі бір міндеттерін филиал түсіндіріп жатады.
37 Ақсақалдар кеңесі қауымның рухани өсімімен байланысты мәселелерді қарастыру үшін арагідік бас қосып отырады. Аудандық бақылаушының сапары кезінде өткізілетін кездесуден бөлек, сол сапардан шамамен үш ай өткен соң, ақсақалдар кездесу өткізеді. Әрине, қажет болса, ақсақалдар басқа уақытта да жинала алады.
БАҚЫЛАУШЫЛАРҒА БАҒЫНУ
38 Бақылаушылар кемелсіз адамдар болса да, қауымдағы барлық бауырластар оларға бағыну керек. Өйткені бұл — Ехоба орнатқан шара. Бақылаушылар өз іс-әрекеттері үшін Ехобаның алдында жауап береді. Олар Ехобаның өкілдері, солар арқылы Құдай теократиялық билігін жүргізеді. Еврейлерге 13:17-де былай делінген: “Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар. Себебі олар үнемі сендердің қамдарыңды ойлайды, әрі бұл үшін есеп береді. Олар күрсініп емес, қуана қамдарыңды ойлау үшін солай етіңдер, әйтпесе бұдан өздерің зиян көресіңдер”. Ехобаның киелі рухы арқылы тағайындалған бақылаушы киелі рух жемісін танытуды қойса және өмірі салты Жазбалардағы талаптарға сай келмейтін болса, Ехоба сол киелі рухы арқылы оны қызметінен босатады.
39 Қауым бақылаушыларының ауыр еңбегі мен керемет үлгісі үшін ризашылығымыз шексіз, солай емес пе? Салоникадағы қауымға жазған хатында Пауыл бауырластарды мынаған талпындырған: “Бауырластар, сендерден сұрайтынымыз — араларыңда ауыр еңбектеніп, Иеміздің ісінде жетекшілік етіп, ақыл-кеңес беріп жүргендерді қадірлеңдер. Оларды еңбектері үшін айрықша құрметтеп, жақсы көріңдер” (Сал. 1-х. 5:12, 13). Бақылаушылардың жасап жатқан ауыр еңбегінің арқасында Құдайға деген қызметіміз қиын емес, әрі бізді қуанышқа бөлейді. Сондай-ақ Пауыл Тімөтеге жазған бірінші хатында қауымдағылардың бақылаушыларға қандай көзқарас дамыту керектігіне қатысты былай деген: “Жақсы басшылық ететін ақсақалдар, әсіресе Құдай сөзін айтып, тәлім беруде аянбай еңбек ететіндер, екі есе құрметке лайық” (Тім. 1-х. 5:17).
ҰЙЫМДАҒЫ БАСҚА ДА ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕР
40 Кейде кейбір ақсақалдар “Науқастарға көмек көрсету топтарының” мүшесі болып тағайындалады. Ал кейбіреулері Ауруханалармен байланыс комитеттерінде қызмет атқарады, яғни түрлі ауруханаларға барып, дәрігерлермен Ехоба куәгерлерін қансыз емдеу жайлы сөйлеседі. Сондай-ақ Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларын соғуға көмектесіп, конгресс комитеттерінде қызмет етіп, Патшалықтың мүддесін алға жылжытып жүрген бақылаушылар да бар. Осы бауырластардың ауыр еңбегі мен дайындық рухы үшін ұйымдағы барлық бауырластар дән риза! Иә, біз “мұндай адамдарды құрметтейміз” (Філіп. 2:29).
АУДАНДЫҚ БАҚЫЛАУШЫ
41 Басқарушы кеңес кейбір лайықты ақсақалдарды аудандық бақылаушы етіп тағайындайды. Аудандық бақылаушылар филиалдың тапсырысымен өз ауданындағы қауымдарға жылына екі рет барады. Олар арагідік шалғай аумақтарда қызмет ететін ізашарларға да барып тұрады. Аудандық бақылаушы өз сапарының кестесін құрады, ал бауырластар сапардың пайдасын көру үшін әр қауымды алдын ала хабардар етеді.
42 Аудандық бақылаушының сапары барлық бауырластарды рухани сергіту үшін, ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі сапармен байланысы бар істерді ұйымдастырады (Рим. 1:11, 12). Сапар жайлы хабарлама мен аудандық бақылаушының (үйленген болса әйелінің де) жеке қажеттіліктері жайлы мәлімет алған соң, ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі басқа бауырластардың көмегіне жүгіне отырып, баспана мен басқа да қажетті заттарды дайындайды. Осы жоспар жайлы ол тиісті адамдардың бәрін және аудандық бақылаушыны да хабардар етеді.
43 Аудандық бақылаушы ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісімен хабарласып, уағыздауға арналған кездесулер мен басқа да кездесулердің кестесін талқылап алады. Бұл кестелер аудандық бақылаушының ұсынысына және филиалдан келген басшылыққа негізделіп құрылады. Бауырластарға қауым кездесулері, ізашарлармен кездесу, ақсақалдармен және қызмет көмекшілерімен кездесу, уағыздауға арналған кездесулердің өтетін уақыты мен орнын мәлімдеу керек.
44 Сейсенбі түстен кейін аудандық бақылаушы жариялаушылардың есеп карточкаларын, қауымға келушілердің санын, учаскелер жөніндегі жазбаны және қауым қаржысын қарап шығады. Осының арқасында ол қауымның кейбір қажеттіліктерін көре біледі, әрі сол құжаттарға жауапты бауырластарға көмек бере алады. Аудандық бақылаушы бұл құжаттарды дер кезінде алу үшін, ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі алдын ала қам жасайды.
45 Аудандық бақылаушы сапар барысында шамасына қарай қауым кездесулерінде, уағыз қызметінде, түскі ас кезінде және тағы басқа уақыттарда бауырластарға жеке көңіл бөлуге тырысады. Бұған қоса, ол ақсақалдармен және қызмет көмекшілерімен кездесіп, Жазбаларға негізделген орынды кеңестер, ұсыныстар мен жігерлі сөздер айтады. Бұнысы бауырластарға отарды бағу жауапкершілігін жақсы атқаруға көмектеседі (Нақ. с. 27:23; Ел. іс. 20:26—32; Тім. 1-х. 4:11—16). Ол ізашарлармен де кездесіп, оларды жігерлендіреді және қызметтегі қиындықтарын шешуде жеке көмек көрсетеді.
46 Егер көңіл бөлуді талап ететін басқа да мәселелер болса, аудандық бақылаушы мүмкіндігінше сапар барысында жәрдем береді. Егер бұл мәселелерді сапар аптасында шешіп бітпесе, аудандық бақылаушы ақсақалдарға не сол мәселеге қатысы бар адамдарға Жазбалардан қажетті басшылықты табу үшін ізденіс жүргізуге көмектесе алады. Егер филиал тарапынан қосымша әрекет қажет болса, аудандық бақылаушы мен ақсақалдар бұл мәселені бүге-шігесіне дейін филиалға жазып жібереді.
47 Аудандық бақылаушы қауымға сапармен келгенде қауым кездесулеріне қатысады. Кездесулердің кестесі филиалдан келген басшылықтарға сай ара-тұра өзгеріп тұруы мүмкін. Аудандық бақылаушы қауымды жігерлендіру, талпындыру, үйрету және нығайту мақсатында баяндамалар айтады. Ол бауырластардың Ехобаға, Исаға және ұйымға деген сүйіспеншіліктерін арттыруға тырысады.
48 Аудандық бақылаушының сапарының бір мақсаты — бауырластарды қызметте құлшынысты болуға талпындырып, бұған қатысты тиімді кеңестер айту. Қауымдағы бауырластар сапар аптасында уағыз ісіне толық атсалысу үшін өз кестелеріне өзгеріс енгізсе болады. Бәлкім, сапар аптасы түсетін айда қосалқы ізашар болып қызмет етуді жоспарлайтын шығар. Аудандық бақылаушымен не оның әйелімен уағызға шыққысы келетін кез келген бауырлас алдын ала жазылып қойса болады. Оларды Киелі кітапты зерттеу сабақтарына не қайта баруларға апарсақ, пайдасы көбірек болады. Аудандық бақылаушының бір апталық сапарының осы бөлігіне толық қолдау көрсетуге ұмтылып жатқаныңыз аса бағалы! (Нақ. с. 27:17).
49 Жыл сайын әр аудан үшін екі аудандық конгресс ұйымдастырылады. Сол конгрестердің ұйымдастырылуы мен өткізілуіне аудандық бақылаушы жауапты. Ол конгресс бақылаушысы мен оның көмекшісін тағайындайды. Олар аудандық бақылаушымен конгресті ұйымдастыру мәселесінде тығыз қызметтеседі. Осының арқасында аудандық бақылаушы бар назарын конгресс бағдарламасына аудара алады. Ол сондай-ақ конгрестің әртүрлі бөліміне қабілетті ер бауырластарды тағайындайды. Әр конгрестен соң аудан қаржысының тексерілуін де ұйымдастырады. Жыл сайынғы аудандық конгрестердің біріне филиал өкілі шақырылған баяндамашы ретінде келеді. Арақашықтықтың себебінен не конгресс өтетін ғимарат кішкентай болғандықтан, кейбір аудандар бірнешеге бөлініп, әрқайсысында жеке аудандық конгресс өткізіледі.
50 Аудандық бақылаушы әр айдың соңында өзінің уағыздау қызметі жөніндегі есебін тікелей филиалға жібереді. Бақылаушының жолға, тамақ пен баспанаға, қызметін атқаруға қажетті басқа да нәрселерге кеткен азын-аулақ шығындары болады. Шығындарды қызмет еткен қауымы өтей алмаса, бақылаушы шығындар жайлы мәліметті филиалға жібереді. Бұл аралаушы өкілдер Ехобаның Патшалығының мүддесін бірінші орынға қойса, Иса уәде еткендей, керек-жарағы қосылып берілетініне сенімді (Лұқа 12:31). Қауымдар өздеріне қызмет етіп жүрген адал ақсақалдарға қонақжайлылық танытуды үлкен мәртебе санайды (Жох. 3-х. 5—8).
ФИЛИАЛ КОМИТЕТІ
51 Ехоба куәгерлерінің дүниежүзіндегі әр филиалында рухани толысқан әрі лайықты үш не одан да көп ер бауырластан тұратын филиал комитеті бар. Олар қарамағындағы бір не бірнеше елдің уағыз ісіне бас-көз болады. Комитеттің бір мүшесі филиал комитетінің үйлестірушісі болып қызмет атқарады.
52 Филиал комитетіндегі бауырластар филиалдың аумағындағы барлық қауымдарға қатысты мәселелерді шешеді. Бұл комитет Патшалық жайлы ізгі хабардың бүкіл филиал аумағына уағыздалуын қадағалайды және танаптағы қажеттіліктерді жіті бақылау үшін, қауымдар мен аудандардың дұрыс бөлінгеніне көз жеткізеді. Филиал комитеті танаптағы миссионерлер мен арнайы, тұрақты, қосалқы ізашарлардың қызметіне көңіл бөледі. Ал конгрестер кезінде “барлығы лайықты әрі тәртіппен болу” үшін арнайы шаралар жасап, тапсырмалар береді (Қор. 1-х. 14:40).
53 Филиал комитетінің қарамағына басқа ел кірсе, сол елде жергілікті комитет тағайындалады. Осының арқасында жергілікті комитет қызмет етіп жатқан елдегі уағыз ісі жақсырақ бақыланады. Жергілікті комитет Бетел үйі мен кеңселердегі мәселелерді шешеді, хат алысады, есеп береді, жалпы танаптағы іс-шараларға бас-көз болады. Патшалықтың мүддесін алға жылжыту үшін жергілікті комитет филиал комитетімен қызметтеседі.
54 Филиал комитеттері мен жергілікті комитеттердің барлық мүшесін Басқарушы кеңес тағайындайды.
БАС БАСҚАРМАНЫҢ ӨКІЛДЕРІ
55 Басқарушы кеңес ара-тұра дүниежүзіндегі әр филиалға бару үшін лайықты ер бауырластарды тағайындайды. Бұл қызметті атқаратын бауырлас бас басқарманың өкілі деген атпен белгілі. Оның негізгі міндеті — Бетел отбасын жігерлендіріп, филиал комитетіне уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қатысты туындаған қиындықтар мен мәселелерді шешуге көмектесу. Бұл бауырлас филиалдың қарамағындағы аумақта қызмет етіп жүрген кейбір аудандық бақылаушылармен және арагідік миссионерлермен кездеседі. Кездесу барысында олардың қиындықтары мен қажеттіліктері жайлы әңгімелесіп, атқарып жүрген ең маңызды істеріне, яғни уағыздау мен шәкірт дайындау ісіне қажетті жігер береді.
56 Бас басқарманың өкілі танапта қандай жетістіктер болып жатқанына, ондағы уағыз қызметі мен қауымдардың іс-шараларына баса назар аударады. Уақыты жетіп жатса, шалғай аумақтағы аударма кеңселеріне де барады. Бас басқарманың өкілі филиалға келгенде, жағдайға қарай сол жерде уағыз ісіне қатысуға тырысады.
Отарды бағуға тағайындалған бақылаушыларға бағынып жүрсек, қауымның Басы Иса Мәсіхпен қызметтесеміз
СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ ТОЛЫ БАҚЫЛАУ ІСІ
57 Біз толысқан мәсіхші ер бауырластардың ауыр еңбегі мен сүйіспеншілікке толы қамқорлығының зор игілігін көріп жүрміз. Отарды бағуға тағайындалған бақылаушыларға бағынып жүрсек, қауымның Басы Иса Мәсіхпен қызметтесеміз (Қор. 1-х. 16:15—18; Ефес. 1:22, 23). Нәтижесінде Құдай рухы дүниежүзіндегі барлық қауымдарға әсер етеді, ал Құдай Сөзі жер-жаһанда жүріп жатқан уағыз ісіне басшылық береді (Зәб. 119:105).