Мұсаның 5-жазбасы
1 Мұса Иорданның маңындағы шөл далада, яғни Сұптың тұсындағы шөл дала мен Паран, Топел, Лабан, Хазерот пен Дизахабтың арасында тұрып, бүкіл Исраил халқына сөзін арнады. 2 (Сейір таулы өңіріне апаратын жолмен жүргенде, Хорибтен Қадеш-Барниға+ дейін он бір күндік жол.) 3 Қырқыншы жылдың+ он бірінші айының бірінші күні Мұса Ехобаның* айт деген сөздерінің бәрін исраилдіктерге жеткізді. 4 Мұны ол Хешбонда тұратын аморлықтардың патшасы Сихонды+ және Едрейдегі Аштаротта тұратын Башан патшасы Огты жеңгеннен+ кейін айтты. 5 Мұса Иорданның маңындағы Моаб жерінде Заңды+ түсіндіруге кірісіп, былай деді:
6 “Ехоба Құдайымыз Хорибте бізге: —Осы таулы өңірде+ тұрғандарыңа көп болды. 7 Енді жолға жиналып, аморлықтардың таулы жері+ мен барлық көршілес елдеріне: Араба+ таулы аймағына, Шефелаға, Негевке және теңіз жағалауындағы аймаққа+ — аттаныңдар. Осылай қанахандықтардың жеріне барыңдар, сондай-ақ Ливан*+ мен ұлы өзен Евфратқа+ дейін жетіңдер. 8 Міне, мен сол жерді сендерге бергелі тұрмын. Барыңдар да, Ехоба ата-бабаларың Ыбырайымға, Ысқақ+ пен Жақыпқа+ және олардың ұрпақтарына беруге уәде еткен жерді иемденіңдер+,— деді.
9 Сол кезде мен сендерге: —Жалғыз өзім сендерді алып жүре алмаймын+. 10 Ехоба Құдайларың сендерді көбейтті. Міне, қазір аспандағы жұлдыздардай көпсіңдер+. 11 Ата-бабаларың сиынған Ехоба Құдай сендерді тағы да мың есе көбейтіп+, өзі уәде еткендей, батасын берсін+. 12 Жалғыз өзім сендердің ауыртпалықтарыңды қалай көтермекпін, қиыншылықтарың мен дау-жанжалдарыңды қалай шешпекпін+? 13 Сондықтан өз руларыңның ішінен ақылды да парасатты, тәжірибелі ер адамдарды таңдаңдар, мен оларды сендерге басшы етіп тағайындайын+,— деген едім. 14 Сонда сендер: —Айтқаныңыз дұрыс,— деп келістіңдер. 15 Сөйтіп, мен ақылды да тәжірибелі ру басшыларды үстеріңнен мыңбасы, жүзбасы, елубасы, онбасы және ру жетекшілері етіп тағайындадым+.
16 Сол кезде билеріңе нұсқау беріп: —Бауырларыңның немесе бауырың мен жатжерліктің арасындағы+ дау-жанжалға төрелік айтқанда, әділ болыңдар+. 17 Сотта ешкімді алаламаңдар+. Қарапайымның да, беделдінің де уәжін бірдей тыңдаңдар+. Адамнан қаймықпаңдар+, өйткені сендер Құдай сотын жүргізіп жатырсыңдар+. Егер қандай да бір мәселе сендер үшін тым қиын болса, оны маған айтыңдар, мен тыңдаймын+,— деген едім. 18 Сол кезде мен орындауларың керек істің бәріне қатысты нұсқау бергенмін.
19 Содан кейін Хорибтен шығып, Ехоба Құдайымыз бұйырғандай, аморлықтардың таулы өңіріне+ алып баратын жолда, өздерің көргендей, ұлан-ғайыр әрі қорқынышты шөлмен өттік+. Ақыр соңында, Қадеш-Барниға келдік+. 20 Мен сол жерде сендерге: —Ехоба Құдайымыз бізге беремін деп уәде еткен аморлықтардың таулы өңіріне келдіңдер. 21 Міне, Ехоба Құдайларың сол жерді сендерге беріп отыр. Тұрыңдар да, ата-бабаларың сиынған Ехоба Құдай айтқандай, оны иемденіңдер+. Еш қорықпаңдар, үрейлерің ұшпасын,— дегенмін.
22 Алайда сендер маған келіп: —Сол елді барлап келуге адамдар жіберейік. Олар қандай жолмен жүруіміз керектігін, алдымызда қандай қалалар жатқанын көріп келсін+,— дедіңдер. 23 Мен бұл ұсыныстарыңды құп көріп, әр рудан бір-бірден, барлығы 12 адам таңдап алдым+. 24 Олар таулы өңірге жол тартып+, Ешқол аңғарына* дейінгі жерді барлап шықты. 25 Сол өлкенің жемістерінен алып, қайта оралғанда: —Ехоба Құдайымыз бізге бергелі жатқан жер шұрайлы екен,— деп айтып келді+. 26 Бірақ сендер сол жаққа барғыларың келмей, Ехоба Құдайларыңның бұйрығына қарсы шықтыңдар+. 27 Шатырларыңда отырып алып, наразылық білдіріп: —Ехоба бізді жек көреді, сондықтан да бізді аморлықтардың қолымен қырып салу үшін Мысырдан алып шықты. 28 Енді қайда бара жатырмыз? Бауырларымыз “ол жердің адамдары бізден күшті және ірі, ал қалалары үлкен, бекіністері аспанмен таласқандай биік екен+, сол жақтан Енактың ұрпақтарын+ да көрдік” деп, жігерімізді жасытты+,— дедіңдер.
29 Сонда мен сендерге: —Олардан еш қорықпаңдар, зәрелерің ұшпасын+. 30 Ехоба Құдайларың алдарыңда жүріп отырады. Ол Мысырда көз алдарыңда сендер үшін қалай шайқасса, бұл жолы да солай шайқасады+. 31 Шөл даладан осы жерге жеткенше, Ехоба Құдайларың, баласын көтеріп жүрген әкедей, сендерге жол бойы қамқор болғанын өздерің көрдіңдер,— дедім. 32 Сонда да сендер Ехоба Құдайларыңа сенбедіңдер+. 33 Ал ол қос тігетін жерлеріңді көрсету үшін алдарыңда жүріп отырды. Түнде от, күндіз бұлт болып, жүретін жолдарыңды көрсетті+.
34 Ехоба сендердің айтқан сөздеріңнің бәрін естігенде, ашуы келді. Сондықтан ол ант етіп+: 35 —Мен ата-бабаларыңа уәде еткен шұрайлы жерді осы зұлым ұрпақтың бірде-біреуі көрмейді+. 36 Тек Епунех ұлы Халеп қана көреді. Ол Ехобаға толық мойынсұнғандықтан, оның аяқ басқан жерін өзіне және үрім-бұтағына беремін+. 37 (Сендерге бола Ехоба тіпті маған да ашуланып: “Сен де сол жерге кірмейсің+. 38 Оған қасыңда жүрген Нұн ұлы Ешуа+ кіреді+. Сен оны нығайт*+, соның басшылығымен Исраил сол жерді иемденетін болады”,— деді.) 39 Жауға олжа болады деген балаларың+, жақсы мен жаманды айыра алмайтын ұлдарың, сол жерге кіреді. Мен оны солардың иелігіне беремін+. 40 Ал сендер кері бұрылып, Қызыл теңізге апаратын жолмен шөлге қарай бет алыңдар+,— деді.
41 Сонда сендер маған: —Біз Ехобаның алдында күнә жасадық. Қазір-ақ, Ехоба Құдайымыз бұйырғандай, барамыз да, шайқасамыз,— дедіңдер. Сөйтіп, әрқайсысың қару-жарағыңды асынып алып, таулы өңірге оп-оңай көтерілеміз деп ойладыңдар+. 42 Бірақ Ехоба сендерге: —Мен сендерге жар болмаймын, сондықтан ол жаққа көтерілмеңдер, шайқаспаңдар+. Әйтпесе жауларыңнан ойсырай жеңілесіңдер,— деген сөздерді маған жеткіз деді. 43 Мен осыны айтқанда, сендер тыңдамадыңдар. Ехобаның бұйрығына қарсы шықтыңдар, менмендік танытып, тау жаққа беттедіңдер. 44 Сонда сол жерде тұрып жатқан аморлықтар алдарыңнан шықты. Олар құжынаған арадай соңдарыңа түсіп, Сейірге, одан әрі Хормаға дейін қуып барды. 45 Содан сендер қайтып келіп, Ехобаның алдында зар еңіреп жыладыңдар. Бірақ Ехоба сендерге құлақ аспады, назарын да салмады. 46 Сондықтан да Қадеште ұзақ уақыт тұрып қалдыңдар.