Ехобаның сөзі тірі
Титке, Філимонға және Еврейлерге арналған хаттардағы көңіл бұрарлық ойлар
РИМДЕГІ түрмеден шыққан соң біраз уақыт өте б. з. 61 жылы елші Пауыл Крит аралына барады. Ол мұндағы мәсіхшілердің рухани күйін көріп, оларды нығайту үшін Титті қалдырып кетеді. Кейін, Македониядан болса керек, Пауыл Титке жауапкершіліктері жөнінде басшылық беріп, өзгелерге елші ретінде оны қолдайтынын көрсету үшін хат жазады.
Б. з. 61 жылы түрмеден шығардан аз уақыт бұрын Пауыл Қолоста тұратын Філимонға хат жазады. Онда Пауылдың досына айтқан жеке өтініші жазылған.
Сондай-ақ шамамен б. з. 61 жылы Пауыл Яһудеядағы еврей мәсіхшілерге хат жазып, мәсіхшіліктің яһуди жүйесінен әлдеқайда артық екеніне назар аударады. Осы үш хатта жазылған кеңестер біз үшін де пайдалы (Евр. 4:12).
ДҰРЫС СЕНІМДІ ҰСТАНЫҢДАР
Пауыл Титке “әрбір қаладағы қауымға жетекшілер тағайындау” туралы басшылық берген соң, бағынбайтындарға ‘дұрыс сенімді ұстануды’ мықтап ескертуге кеңес береді. Ол Криттегі қауымдардың бәрін ‘ұнамсыз қылықтардан бас тартып, байыпты өмір сүруге’ шақырады (Тит. 1:5, 10—13; 2:12).
Пауыл ондағы бауырластарға рухани мықты болып қала берулері үшін басқа да кеңестер айтады. Ол Титке ‘мәнсіз айтыстар мен Таурат заңы туралы дау-тартыстарға жол бермеуді’ ескертеді (Тит. 3:9).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:15. Қалайша “көңілі тазаларға бәрі де таза, ал күнәға былғанып, сенбейтіндер үшін еш нәрсе де таза емес”? Мұның жауабын түсіну үшін, алдымен, Пауылдың “бәрі” деп нені айтқысы келгенін түсінуіміз керек. Ол Құдай Сөзінде тікелей айыпталатын нәрселер жөнінде емес, мәсіхшілердің ар-ұжданына қатысты мәселелер туралы айтқан. Ой қалпы Құдайдың талаптарына сай келетін адам үшін ар-ұждан мәселелері таза, ал ойы бұзылған және ар-ұжданы былғанған адамға олар таза емес болып табыладыa.
3:5. Қалай Құдай майланған мәсіхшілерді “күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты”? Құдай оларды Исаның төлем құрбандығы ретінде төгілген қанымен күнәдан тазартты. Майланған мәсіхшілер Құдай ұлдары ретінде “жаңа жаратылыс” болды. Құдай оларды осы мағынада киелі рух арқылы рухани қайта туғызып жаңартты (Қор. 2-х. 5:17 ЖД).
Біз үшін сабақ:
1:10—13; 2:15. Қауым бақылаушылары қауымдағы бұрыс істерді батылдықпен түзетулері керек.
2:3—5. Бірінші ғасырдағыдай бүгінгі рухани толысқан әйел бауырластар ‘жүріс-тұрыстары Құдайға бағышталған әйелдерге лайықты болуы қажет: ешкімге жала жаппай, арақ-шарапқа салынбай, қайта, басқаларды жақсылыққа үйретулері керек’. Сонда олар қауымдағы ‘қыз-келіншектерге’ де оңашада жақсы ақыл-кеңес бере алады.
3:8, 14. ‘Өзімізді жақсылық жасауға арнағанымыз ізгілікті де пайдалы’. Себебі бұл жемісті қызмет етуге және осы зұлым дүниеге қосылмауға көмектеседі.
“СҮЙІСПЕНШІЛІККЕ НЕГІЗДЕЛЕ ОТЫРЫП” ӨТІНУ
Пауыл Філимонды сенімімен және сүйіспеншілігімен үлгі болғаны үшін мақтады. Філимон бауырластардың жүректерін орнықтыратын. Бұл Пауылды ‘зор қуаныш пен жұбанышқа’ бөлеген (Флм. 4, 5, 7).
Онисымға қатысты абай болуды талап ететін мәселеде Пауыл бұйыра сөйлемеген, қайта, “сүйіспеншілікке негізделе отырып” (ЖД) өтініп сұраған. Осылайша Пауыл барлық бақылаушыларға үлгі көрсетті. Ол Філимонға: “Сен құлақ асар деп үміттеніп, айтқанымнан да артық орындайтыныңды біле отырып, осыны жаздым”,— деп айтқан (Флм. 8, 9, 21).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
10, 11, 18. Бұрын “пайдасыз” болған Онисым қалайша “пайдалы” болды? Онисым Қолостағы Філимонның үйінен Римге қашып кеткен ықылассыз құл болған. Сондай-ақ ол 1 400 шақырым жерді жүріп өту үшін қожайынынан ақша ұрлап кеткен болса керек. Расында да, Онисым Філимон үшін пайдасыз болған. Алайда Римде Пауыл оған мәсіхші болуға көмектесті. Бұрын “пайдасыз” болған құл, енді рухани бауырлас ретінде “пайдалы” адамға айналды.
15, 16. Неге Пауыл Філимоннан Онисымға бостандық беруді сұраған жоқ? Пауыл ‘Құдай Патшалығын еш бөгетсіз, батыл уағыздап, Иеміз Иса Мәсіх туралы тәлім беру’ міндетін алаңсыз орындағысы келген. Сондықтан ол құл иеленушілік сияқты қоғамдық мәселелерге араласпауды шешті (Ел. іс. 28:31).
Біз үшін сабақ:
2. Бірінші ғасырда қауым кездесулері кейбір бауырластардың үйлерінде өткен. Үйімізде уағыздауға арналған кездесулердің өтуі біз үшін зор мәртебе (Рим. 16:4, 5; Қол. 4:15).
4—7. Сенімімен және сүйіспеншілігімен үлгі көрсетіп жүрген бауырластарды мақтауымыз керек.
15, 16. Өмірдегі келеңсіз жағдайларға бола тым көп уайымға салынудың қажеті жоқ. Онисымның жағдайындағыдай, қиындықтардың арты жақсылыққа ұласуы мүмкін.
21. Пауыл Філимонның Онисымды кешіргенін қалады. Біздің де өзімізді өкпелеткен бауырласты кешіргеніміз жөн (Мат. 6:14).
ОДАН БЕТЕР ЖЕТІЛУ ҮШІН АЛҒА БАСАЙЫҚ
Исаның құрбандығына сену Таурат заңының талаптарын орындаудан артық екенін көрсету үшін, Пауыл мәсіхшіліктің негізін қалаған тұлғаның, оның діни қызметінінің, құрбандығының және жаңа келісімнің артықшылығына баса назар аударған (Евр. 3:1—3; 7:1—3, 22; 8:6; 9:11—14, 25, 26). Мұны білгендері еврей мәсіхшілерге яһудилердің құдалауларына төтеп беруге көмектескені сөзсіз. Пауыл оларды ‘одан бетер жетілу үшін алға басуға’ шақырады (Евр. 6:1).
Мәсіхшілер үшін сенім қаншалықты маңызды? Пауыл: “Ал сенім артпай Құдайға ұнау мүмкін емес”,— деп жазған. Ол еврей мәсіхшілерді: “Алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен аяқтайық!”— деп жігерлендіреді (Евр. 11:6; 12:1).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
2:14, 15. “Өлімнің әміршісі” деген сөз Шайтан кез келген адамның мезгілсіз өліп кетуіне түрткі болады дегенді білдіре ме? Жоқ. Алайда оның Едемде зұлымдықпен айтқан өтірігінің кесірінен Адам ата күнә жасап, оның ұрпақтарының бәрі де күнә мен өлімге душар болды (Рим. 5:12). Оның үстіне, Шайтанның жағына шыққан адамдар Құдайдың қызметшілерін қудалап, Исаны өлтіргені сияқты, кейбіреулерін тіпті өмірінен айырған. Алайда бұл Шайтан қалаған адамын өлтіре береді дегенді білдірмейді. Егер олай болса, ол Ехобаның қызметшілерін баяғыда-ақ жойып жіберген болар еді. Ехоба өз халқын топ ретінде қорғап, олардың жойылып кетуіне жол бермейді. Құдай қайсыбіреуіміздің Шайтанның қастығынан өліп кетуімізге жол берсе де, ол келтірген кез келген залалдың орнын толтыра алатынына сенімді болуымызға болады.
4:9—11. Қалай біз Құдайдың тыныштығына кіре аламыз? Алты жаратылыс күнінің соңында Құдай адамзат пен жерге қатысты ниетінің орындалатынына сенімді бола отырып, жаратылыс ісімен айналысуды доғарды (Жар. 1:28; 2:2, 3). Біз бұл “шынайы тыныштыққа” өз ісіміз арқылы ақталуға тырыспай, төлем құрбандығын қабыл алу арқылы жете аламыз. Біз жеке басымыздың мүддесін ойламай, Ехобаға сеніп, оның ұлына мойынсұнатын болсақ, күнделікті өмірде жігер мен жан тыныштығын беретін баталарға ие боламыз (Мат. 11:28—30).
9:16. Жаңа келісімді қалдырған кім? Жаңа келісімді ‘қалдырған’ Иса, ал оны бекіткен — Ехоба. Иса бұл келісімнің негізін салушы немесе оның келістірушісі, ол осы келісім бекітілу үшін өмірін құрбан етті (Лұқа 22:20; Евр. 9:15).
11:10, 13—16. Ыбырайым қандай “қаланың пайда болуын” күтті? Бұл тура мағынадағы емес, бейнелі қала еді. Ыбырайым Иса Мәсіх пен онымен бірге билік ететін 144 000-нан тұратын “Көктегі Иерусалимнің” пайда болуын күткен. Көктегі салтанатқа ие болған 144 000 патша ‘қасиетті қала — жаңа Иерусалим’ деп те аталады (Евр. 12:22; Аян 14:1; 21:2). Ыбырайым Құдай Патшалығы билік ететін кездегі өмірді күткен.
12:2. Иса Өзін күтіп тұрған қандай “зор қуаныш үшін айқышқа шегеленудің қорлығын елемей, соған төзді”? Ол өзінің қызметі арқылы жүзеге асатын қуанышты жайттар туралы ойлаған. Бұл — Ехобаның есімінің даңқталуы, оның билігінің ақталуы және төлем құрбандығы арқылы адамзаттың өлімнен азат етілуі. Сондай-ақ Иса Патша әрі бас діни қызметкер болғанда, адамзатқа қандай пайда әкелетіні туралы ойлаған.
13:20. Неге жаңа келісім “мәңгілік” деп аталған? Мұның үш себебі бар: 1) Ол мәңгілік қалады, 2) оның пайдасы мәңгілік болады, 3) “басқа қойлар” оның пайдасын Һар-Магедоннан кейін де көре беретін болады (Жох. 10:16).
Біз үшін сабақ:
5:14. Құдай Сөзі Киелі кітапты бар зейінімізбен зерттеп, білгендерімізді іс жүзінде қолдануымыз керек. Басқаша жолмен ‘жақсы мен жаманды айыра білу’ мүмкін емес (Қор. 1-х. 2:10).
6:17—19. Құдайдың уәдесі мен оның антына берік негізделген үмітіміз шындық жолынан тайып кетпеуімізге көмектеседі.
12:3, 4. Болмашы қиындықтарға немесе қарсылықтарға бола ‘қажып, жігерімізді жасытпай’, рухани өсіп, қиындықтарға төтеп беруге жақсырақ дайындала берейік. Біз ‘қанымызды төгіп, жанымызды пида етуге’ де дайын болуымыз керек (Евр. 10:36—39).
12:13—15. Біз ‘улы тамырдың’, немесе қауымдағы істерге наразылық білдіре беретін әлдебіреулердің ‘түзу жолмен аяғымызды нық басып жүруге’ тосқауыл болуына жол бермеуіміз керек.
13:7, 17. Осы тармақтардағы бойсұнуға қатысты айтылған сөздерді жадымызда ұстағанымыз қауымдағылармен қызметтес болуымызға көмектеседі.
[Сілтеме]