Ехобаға құрбандықтарды жан-тәнімізбен ұсынайық
“Қандай іс болмасын, оны адамдар үшін емес, Ехоба үшін істегендей жан-тәндеріңмен істеңдер” (ҚОЛ. 3:23).
1-3. а) Иса төлем құрбандығын ұсынған соң, Ехоба қызметшілерінен құрбандықтар әкелуді талап етпейтін болды ма? Түсіндір. ә) Бүгінде мәсіхшілерде құрбандықтарға қатысты қандай сұрақ туындайды?
БІРІНШІ ҒАСЫРДА Ехоба өз халқына Исаның төлем құрбандығы Таурат заңының күшін жойғанын айқын етті (Қол. 2:13, 14). Яһудилер жүздеген жылдар бойы ұсынған құрбандықтар енді талап етілмейтін. Заң “Мәсіхке әкелетін қамқоршы” ретіндегі міндетін атқарып болды (Ғал. 3:24).
2 Бірақ бұл бізге енді құрбандықтар ұсыну қажет емес дегенді білдірмейді. Қайта, елші Пауыл айтқандай, мәсіхшілер “Құдайға ұнамды рухани құрбандықтар” әкелуге тиіс (Пет. 1-х. 2:5). Сонымен қатар Пауыл мәсіхшілік өміріміздің әр саласы Құдайға арнаған “құрбандығымыз” болып табылатынын анық көрсетті (Рим. 12:1).
3 Бүгінде мәсіхшілер қолындағы игіліктерін арнау арқылы немесе әлденеден бас тарту арқылы Ехобаға құрбандықтар алып келеді. Ендеше, исраилдіктерге құрбандық шалуға қатысты қойылған талаптарды ескере отырып, Ехобаға тек лайықты құрбандықтар ұсыну үшін не істей алатынымызды қарастырайық.
КҮНДЕЛІКТІ ҰСЫНАТЫН ҚҰРБАНДЫҚТАРЫМЫЗ
4. Күнделікті істерге қатысты нені есте ұстауымыз қажет?
4 Бәлкім, бізге үй тірлігімен айналысу, сабақ оқу, жұмыс істеу және дүкенге бару сияқты күнделікті істеріміздің Ехобаға құрбандық әкелумен еш байланысы жоқ сияқты көрінуі мүмкін. Алайда егер өміріңді Ехобаға бағыштаған болсаң я жақын арада солай етуді мақсат етсең, күнделікті істеріңді қалай атқарып жүргенің өте маңызды. Біз тәулігіне 24 сағат мәсіхшіміз. Сол себепті Киелі кітап принциптерін өміріміздің әр саласында ұстануымыз қажет. Елші Пауыл бізді: “Қандай іс болмасын, оны адамдар үшін емес, Ехоба үшін істегендей жан-тәндеріңмен істеңдер”,— деп шақырады (Қолостықтарға 3:18—24 оқы).
5, 6. Жүріс-тұрысымыз бен сырт көрінісімізге қатысты шешім қабылдағанда нені ескеруіміз керек?
5 Мәсіхшілердің күн сайын атқаратын істері қасиетті қызметке жатпайды. Десе де Пауылдың барлық істі “Ехоба үшін істегендей жан-тәндеріңмен істеңдер” деген сөздері өмір салтымыз жайлы ойлануға талпындырады. Бұл кеңеске қалай құлақ аса аламыз? Мәселен, іс-әрекетіміз бен киім киісіміз әрдайым мәсіхшілерге лайық па? Жоқ әлде күнделікті іс-әрекетіміз бен киіміміз лайықсыз болғандықтан, Ехоба куәгері екенімізді айтуға ұялатын кездеріміз бола ма? Ехобаның қызметшілері ретінде оның есіміне кір келтіргіміз келмейтіні сөзсіз (Ишая 43:10; Қор. 2-х. 6:3, 4, 9).
6 Күнделікті өмірімізде бәрін “Ехоба үшін істегендей жан-тәнімізбен істеуге” ықыласты болғанымыз ойымыз бен істерімізге қалай әсер ететінін талқылайық. Талқылау барысында Ехобаның исраилдіктерден тек мүлтіксіз құрбандықтар қабыл алғанын ұмытпайық (Мыс. ш. 23:19).
БҰЛ ӨМІРІМІЗГЕ ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
7. Құдайға бағышталғанымыз нені білдіреді?
7 Біз Ехобаға толықтай бағышталдық, яғни өміріміздің барлық саласында оның еркін бірінші орынға қоятынымызды уәде еттік (Еврейлерге 10:7 оқы). Бұл өміріміздегі ең дұрыс шешім болғаны сөзсіз. Қиын жағдайда басшылығын іздеп әрі соған сай әрекет еткеннің арқасында Ехобаның игі екеніне көз жеткізген боларсың (Ишая 48:17, 18). Біз қасиетті әрі бақытты халықпыз, өйткені тек пайдалыны үйрететін Құдайымызға еліктейміз (Леу. 11:44; Тім. 1-х. 1:11).
8. Исраилдіктердің әкелген құрбандықтары Ехобаның көзінде киелі болғанын есте ұстағанымыз неге маңызды?
8 Ехоба исраилдіктердің құрбандықтарын киелі деп қарастырған (Леу. 6:25; 7:1). Еврейдің “киелі” деген сөзі бөлектену немесе тек Құдайға тиесілі болу дегенді білдіреді. Құрбандықтарымыз Ехобаға ұнамды болу үшін бүлінген дүниеден бойымызды аулақ ұстап, ол жек көретін нәрселердің ешқайсысын сүймеуіміз қажет (Жоханның 1-хаты 2:15—17 оқы). Құдайдың көз алдында бізді арамдайтын кез келген ортадан не іс-әрекеттерден қашық болғанымыз жөн (Ишая 2:4; Аян 18:4). Сондай-ақ таза емес, өнегесіз нәрселерге қарап тұра бермеуіміз не ол жайлы қиялданбауымыз керек (Қол. 3:5, 6).
9. Басқаларға қалай қарайтынымыз қаншалықты маңызды және неге?
9 Пауыл бауырластарына былай деді: “Жақсылық істеуді және өзгелермен қолда барларыңмен бөлісуді ұмытпаңдар. Өйткені мұндай құрбандықтар Құдайға ұнамды” (Евр. 13:16). Мейірімділік танытып, өзгелерге жақсылық жасағанымызды Ехоба лайықты құрбандық деп қарастырады. Әрі бұл шынайы мәсіхшілер екенімізді көрсетеді (Жох. 13:34, 35; Қол. 1:10).
ҒИБАДАТТАҒЫ ҚҰРБАНДЫҒЫМЫЗ
10, 11. Ехоба біздің қызметіміз бен ғибадатымызға қалай қарайды әрі бұл бізді не істеуге талпындыруы керек?
10 Мәсіхшілер ретінде өзгелерге жасайтын игі істеріміздің бірі “үмітіміз жайлы жариялау” болып табылады. Сен уағыздаудың әр мүмкіндігін мүлт жібермей қолданып жүрсің бе? Пауыл: “Құдайға ұдайы мадақтау құрбандығын ұсынайық, яғни оның есімін жариялайтын аузымыздан шыққан сөзімізбен оны мадақтайық”,— деген (Евр. 10:23; 13:15; Ошия 14:2). Патшалық туралы ізгі хабарды жариялауға қанша уақыт жұмсайтынымыз бен оны қалай атқаратынымыз жайлы ойлануымыз керек. Қызмет кездесулерінің көп бөлігі уағызымызды жақсартуға көмектеседі. Қысқасы, уағыздау мен бейресми куәлік ету “мадақтау құрбандығы”, яғни ғибадатымыздың бір бөлігі болып табылатындықтан, оны мейлінше жақсы атқаруымыз керек. Әрқайсымыздың жағдайымыз әртүрлі болғанымен біздің қызметке қанша уақыт жұмсайтынымыз рухани нәрселерге қаншалықты риза екенімізді көрсетеді.
11 Мәсіхшілер жеке не қауым болып жүйелі түрде ғибадат етеді. Бұл — Ехобаның талабы. Біз Демалыс күніне, не Иерусалимде өткен мейрамдарға қатысты заңдарға бағынышты болмасақ та, олардан үйренеріміз бар. Құдай бізден де өлі істерден бас тартып, оның Сөзін зерттеуге, дұға етуге және қауым кездесулеріне баруға уақыт бөледі деп күтеді. Сонымен қатар отағалары үй ішіндегілермен отбасылық ғибадатты өткізуге тиіс (Сал. 1-х. 5:17; Евр. 10:24, 25). Әрқайсымыз өзімізден: “Құдайға деген ғибадатымды жақсарта аламын ба?”— деп сұрағанымыз жөн.
12. а) Ежелдегі хош иісті тартуларды бүгінде немен салыстыруға болады? ә) Мұны білгеніміз дұғамыздың сапасына қалай әсер ету керек?
12 Дәуіт патша Ехобаға: “Дұғам алдыңа жетсін жұпар тартудай”,— деп жырлаған (Заб. 140:2). Бір сәтке тоқтап, не жайында және қаншалықты жүйелі дұға ететініңді ойлап көрші. Аян кітабында “қасиеттілердің дұғалары” хош иісті затқа теңеліп, Ехобаға ұнамды екені көрсетілген (Аян 5:8). Ежелгі Исраилде Ехобаға арнап түтетілген хош иісті заттар мұқият әрі арнайы әдіспен дайындалу керек еді. Ехоба тек басшылығына сай дайындалған тартуларды ғана қабылдайтын (Мыс. ш. 30:34—37; Леу. 10:1, 2). Сол тәрізді біздің дұғаларымыз ойластырылып айтылатын болса, олар Ехобаға ұнамды болады.
БІЗ БЕРЕМІЗ ӘРІ ЕХОБА БІЗГЕ БЕРЕДІ
13, 14. а) Епафродит және Філіпідегі қауым Пауыл үшін не істеді және елші мұны қалай қабылдады? ә) Епафродит пен філіпіліктердің үлгісіне қалай еліктей аламыз?
13 Дүниежүзілік уағыздау ісін қолымыздан келгенше қаржылай қолдағанымыз да құрбандық болып табылады (Мар. 12:41—44). Бірінші ғасырда Філіпі қаласындағы қауым Пауылға көмек көрсету үшін Епафродитті Римге жіберген. Епафродит қауымның атынан оған ақшалай сыйлық берді. Бұдан бұрын да філіпіліктер Пауылға жомарттық танытқан болатын. Олар Пауыл қаржы жағынан қысылмай, өз қызметін алаңсыз атқара бергенін қалады. Пауыл мұны қалай қабылдады? Оның айтуынша, бұл тарту ол үшін “хош иісті, Құдайға ұнамды әрі жағымды құрбандық іспетті” болды (Філіпіліктерге 4:15—19 оқы). Пауыл філіпіліктердің жомарттықтарына шын жүректен риза болды, бұл Ехобаға да ұнамды еді.
14 Бүгінгі күні де біздің дүниежүзілік іске беріп жатқан садақаларымызға Ехоба дән риза. Егер біз Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюды жалғастыра берсек, ол рухани және тәндік қажеттіліктерімізді қамсыздандыратынын уәде етеді (Мат. 6:33; Лұқа 6:38).
РИЗАШЫЛЫҒЫҢДЫ КӨРСЕТ
15. Сен Ехобаға не себепті ризасың?
15 Ехобаға риза болудың себептерін санамалайтын болсақ, сан жетпейді. Бізге өмір сыйлағаны үшін күн сайын ризашылық білдіргіміз келеді емес пе?! Ол бізге өмірге қажеттінің бәрін — ішер ас, киер киім, баспана және дем алатын ауа — беріп отыр. Сондай-ақ тура білімге негізделген сенім бізге үміт сыйлайды. Ехоба өмірге қажеттінің бәрін беретін Жаратушымыз. Осының өзі оған ғибадат етіп, мадақтау құрбандықтарын ұсынуға келелі себеп болып табылмай ма?! (Аян 4:11 оқы).
16. Мәсіхтің құрбандығына деген ризашылығымызды қалай білдіре аламыз?
16 Алдыңғы мақаладан көргеніміздей, Мәсіхтің құрбандығы Құдайдың адамзат үшін берген ең керемет сыйы әрі бізге деген сүйіспеншілігінің ең зор көрінісі болып табылады (Жох. 1-х. 4:10). Оған деген ризашылығымызды қалай көрсете аламыз? Пауыл былай деген: “Бізді талпындырушы күш — Мәсіхтің сүйіспеншілігі. Өйткені мынадай қорытындыға келдік: бір адам бәрінің игілігі үшін өлді... Оның бәрі үшін өлгендегі мақсаты — өмір сүріп жатқандар енді өздері үшін емес, өздерінің игілігі үшін өліп, қайта тірілген Мәсіх үшін өмір сүрулері” (Қор. 2-х. 5:14, 15). Пауылдың айтуынша, егер біз Құдай рақымына разы болсақ, оны және оның ұлын мадақтау үшін өмір сүретін боламыз. Құдайға және Мәсіхке деген ризашылығымызды өсиеттерін орындай жүріп, уағыздау және шәкірт дайындау ісіне шын жүректен атсалысу арқылы көрсетеміз (Тім. 1-х. 2:3, 4; Жох. 1-х. 5:3).
17, 18. Кейбіреулер Ехобаға көбірек мадақтау құрбандықтарын әкелу үшін не істеді? Мысал келтір.
17 Құдайға әкелетін мадақтау құрбандықтарыңды жақсарта аласың ба? Ехобаның беріп жатқан бар игіліктері туралы ойланып, кей бауырластар Патшалықты жариялауға я басқа да теократиялық істерге көбірек атсалысу үшін өмірлерінде өзгерістер жасады. Кейбіреулер жылына бір не бірнеше ай қосалқы ізашар болып қызмет етсе, басқалары жалпы ізашарлардың қатарына қосылды. Ал тағы біреулері ғибадат етуге қолданылатын ғимараттарды соғуға қатысып жүр. Мұның бәрі Құдайға ризашылық білдірудің керемет жолдары емес пе? Қасиетті қызметімізге жататын бұл істерді дұрыс ниетпен, яғни ризашылық білдіру үшін жасайтын болсақ, әкелген құрбандығымыз Құдайға ұнамды болады.
18 Көптеген мәсіхшілер Құдайға ризашылықтарын білдіруге талпынған. Сондай бауырластың бірі — Морена. Ол көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын католик шіркеуінен және шығыс пәлсапасынан іздеген. Бірақ ешқайсысынан қанағаттандырарлық жауап таба алмады. Тек Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастағанда ғана Морена рухани шөлін қандырды. Жаңадан алған білімі оның жүрегін ризашылыққа толтырып, жантыныштығына бөледі. Сол себепті ол жан-тәнімен Құдайға қызмет етуге бел буды. Шомылдыру рәсімінен өте салысымен Морена қосалқы ізашар болды. Ал мүмкіндігі болғанда бірден жалпы ізашарлық қызметті бастап кетті. Қазір оның толық уақытты қызметін атқарып жүргеніне 30 жыл болды.
19. Ехобаға құрбандықтарды қалай көбірек әкеле аласың?
19 Әрине, Ехобаның адал қызметшілерінің бәрі бірдей ізашар ретінде қызмет ете алмайды. Алайда әрқайсымыз да Ехобаға ұнамды рухани құрбандықтар ұсына аламыз. Біз тәулігіне 24 сағат Ехобаның қызметшісі екенімізді есте ұстай отырып, әділ принциптері бойынша жүріп-тұрамыз. Құдай өз ниеттерін жүзеге асыратынына толықтай сенім артамыз. Ізгі хабарды жариялау арқылы игі істер жасаймыз. Біз Ехобаға шын жүректен ризамыз. Ендеше, жан-тәнімізбен құрбандықтар әкелуді тоқтатпайық.
[25-беттегі сөздер]
Ехобаның рақымы сені мадақтау құрбандығын көбірек әкелуге талпындыра ма?
[23-беттегі сурет]
Куәлік етудің мүмкіндігін қалт жібермей қолданып жүрсің бе?