Тату болуға ұмтылыңдар
“Өзара тату болуға ықпал ететіннің бәріне ұмтылайық” (РИМ. 14:19).
1, 2. Неліктен Ехоба куәгерлерінің арасында татулық орнаған?
ҚАЗІРГІ дүниеде нағыз татулыққа қол жеткізу оңай емес. Тіпті бір ұлттан шыққан әрі бір тілде сөйлейтін адамдардың діни, саяси және қоғамдық көзқарастары әртүрлі болып жатады. Ал Ехоба куәгерлерінің арасында “әрбір ұлттан, рудан, халықтан, тілден шыққанына” қарамастан, керемет татулық орнаған (Аян 7:9).
2 Арамызда мұндай татулықтың болуы — жай ғана кездейсоқтық емес. Оның басты себебі мынада: біз өз Ұлының қанымен күнәларымыздан тазартқан “Құдаймен татумыз” (Рим. 5:1; Ефес. 1:7). Бұған қоса, ол адал қызметшілеріне киелі рухын беруде, ал оның жемісіне татулық та кіреді (Ғал. 5:22). Өзара ынтымақта болуымыздың тағы бір себебі — “осы дүниелік емеспіз” (Жох. 15:19). Біз саяси мәселелерде бейтараптық сақтаймыз: қылышымызды соқаға айналдырғандықтан азаматтық не халықаралық соғыстарға қатыспаймыз (Ишая 2:4).
3. Арамыздағы татулықтың арқасында не істей аламыз және осы мақалада нені қарастырамыз?
3 Біздің арамыздағы татулық тек бір-бірімізге қиянат жасамауды ғана білдірмейді. Ұйымымыздағы адамдардың нәсілі мен мәдениеті әртүрлі болғанымен, біз “бір-бірімізді сүйеміз” (Жох. 15:17). Сондай-ақ тату болғанымыздың арқасында “бәріне, әсіресе сенімі бір бауырластарға, жақсылық жасай” аламыз (Ғал. 6:10). Татулық орнаған рухани жұмағымыз біз үшін өте бағалы. Сондықтан оны мейлінше сақтап қалғымыз келеді. Ендеше қауымда қалай татулыққа ұмтылуға болатынын қарастырайық.
“Бәріміз де жиі сүрінеміз”
4. Біреуді ренжітіп қойсақ, татулық орнату үшін не істеуіміз керек?
4 Шәкірт Жақып былай деді: “Бәріміз де жиі сүрініп жатамыз. Кімде-кім сөзден сүрінбесе, ол — бүкіл денесін ауыздықтай алатын кемелді адам” (Жақ. 3:2). Сол себептен бауырластар арасында түсініспеушіліктер туындауы әбден мүмкін (Філіп. 4:2, 3). Алайда мұндай мәселелерді қауымның ынтымағын бұзбай-ақ шешуге болады. Мысалы, біреуді ренжітіп қойсақ не істеу керектігін қарастырып көрейік (Матай 5:23, 24 оқы).
5. Біреу бізді ренжітсе татулыққа ұмтылатынымызды қалай көрсетеміз?
5 Ал бізді біреу ренжітіп қойса ше? Оның кешірім сұрап келгенін күтіп отыруымыз керек пе? Қорынттықтарға 1-хат 13:5-те: “[Сүйіспеншілік] кек сақтамайды”,— делінген. “Кек сақтамау” дегеніміз — ренжіткен адамды кешіріп, қылығын ұмыту (Қолостықтарға 3:13 оқы). Күнделікті ұсақ-түйек қателіктерге осылай қарасақ, бауырластармен татулық сақтаймыз, әрі жан-дүниемізде тыныштық болады. Бір нақыл сөзде: “Қатені кешіру... құрмет болар”,— делінген (Нақ. с. 19:11).
6. Өзімізге қарсы жасалған қылықты ұмыта алмасақ не істегеніміз жөн?
6 Өзімізге қарсы жасалған қандай да бір қылықты ұмыта алмасақ ше? Болған жайтты әлемге әйгілі ету дұрыс болмас еді. Бұлай сөз таратқанымыз қауымның ынтымағын бұзады. Мәселені ың-шыңсыз шешу үшін не істеу керек? Матай 18:15-те былай делінген: “Бауырласың саған қарсы күнә жасаса, бар да, бұны оңашада өзіне айт. Егер ол айтқаныңа құлақ асса, онда бауырласыңды дұрыс жолға қайтарғаның”. Матай 18:15—17 тармақтарда айтылған сөздер ауыр күнәға қатысты болғанмен, 15-тармақтағы сөздердің астарындағы принципке сай, ренжіткен адаммен оңаша жолығып, қарым-қатынасымызды қалпына келтіруге тырысқанымыз жөнa.
7. Неге түсініспеушіліктерді тез арада шешуіміз керек?
7 Елші Пауыл: “Ашуланғанда, күнә жасамаңдар. Күн батпай тұрып, ашуларыңды басыңдар. Ібілістің өздеріңе әсер етуіне жол бермеңдер!”— деп жазды (Ефес. 4:26, 27). Ал Иса: “Сотқа бара жатқан жолда айыптаушыңмен мәселеңді тезірек шеш”,— деген (Мат. 5:25). Ендеше татулық сақтау үшін түсініспеушіліктерді тез арада шешу керек. Неге? Бұлай етпесек, мәселе емделмеген жара іспетті “қабынып” кетуі мүмкін. Олай болса, өркөкіректік пен көреалмаушылықтың не дүние-мүлікке тым көп мән берудің түсініспеушілікті тез арада шешуге кедергі болуына жол бермейік (Жақ. 4:1—6).
Бірнеше адам арасында түсініспеушілік туса
8, 9. а) Бірінші ғасырдағы Римдегі қауым мүшелерінің арасында қандай түсініспеушілік болды? ә) Пауыл оларға қандай кеңес берді?
8 Кейде түсініспеушілік қауымдағы екі емес, бірнеше адамның арасында болуы мүмкін. Осындай жағдай Римдегі яһуди және басқа ұлттан шыққан мәсіхшілердің арасында орын алған еді. Сол қауымның кейбір мүшелері ар-ұждандары әлсіз, не тым талапшыл, бауырластарға жоғарыдан қарағанға ұқсайды. Ал ар-ұждандары тым талапшыл бауырластар оларды айыптаса керек. Бірақ олардың арасындағы кикілжің, негізінде, жеке бастың мәселесіне қатысты болған. Сонымен, Пауыл оларға қандай кеңес берді? (Рим. 14:1—6).
9 Пауыл екі жаққа да кеңес берген. Ол Мұса заңын ұстанудың қажеті жоқ екенін түсінетін бауырластарды өзгелерге менсінбей қарамауға талпындырды (Рим. 14:2, 10). Олардың мұнысы Мұса заңы тыйым салатын тағамдарды жемейтін бауырластарды сүріндіретін еді. Пауыл оларға мынадай нұсқау берді: “Жейтін тағамға бола Құдайдың ісін құртуды доғар!.. Ет жемегенің, не шарап ішпегенің, не бауырласыңды сүріндіретін басқа да нәрселерді істемегенің жақсы” (Рим. 14:14, 15, 20, 21). Бұған қоса, ар-ұждандары тым талапшыл мәсіхшілерге де осы мәселеде басқа көзқарасты ұстанатын бауырластардың адалдықтарына шек келтіріп, айыптамауға кеңес берді (Рим. 14:13). Сондай-ақ Пауыл оларды “өздері туралы тиістісінен артық ойламауға” талпындырды (Рим. 12:3). Осылайша екі жақты да түзетіп: “Олай болса, өзара тату болуға және бір-бірімізді нығайтуға ықпал ететіннің бәріне ұмтылайық”,— деп жазды (Рим. 14:19).
10. Бірінші ғасырдағы римдік мәсіхшілер сияқты, бүгінде түсініспеушілікті шешу үшін не істеу керек?
10 Римдегі қауым мүшелері Пауылдың кеңесіне құлақ асып, қажетті өзгерістер жасағаны шүбәсіз. Сол сияқты, Жазбалардағы кеңесті ұстанар болсақ, біз де арамызда туындайтын кикілжіңді сүйіспеншілік таныта отырып шеше аламыз. Римдегі мәсіхшілер сияқты, бүгінде де “өзара татулық сақтау” үшін араларында түсініспеушілік туындаған екі жақтың да өзгеріс жасауы қажет болу мүмкін (Мар. 9:50).
Әлдекім көмек сұраса
11. Қандай да бір мәсіхші бауырласымен түсініспеушілік туындағаны жөнінде бөліссе, ақсақал не істеу керек?
11 Ал қандай да бір мәсіхші туысымен не бауырласымен туындаған қиындық жайлы ақсақалмен бөліссе, ол не істеу керек? Нақыл сөздер 21:13-те: “Жарлының зарына құлағын жабатын таппас өз зарына құлақ асатын”,— делінген. Әрине, ақсақал өзіне жолыққан бауырластың зарына құлағын жаппайды. Алайда басқа бір нақыл сөзде: “Бірінші боп дауласқандікі жөн көрінер, Ал қарсыласы келіп, сауал қойып тексерер”,— деген ескерту жазылған (Нақ. с. 18:17). Демек, ақсақал бауырластың айтқанын тыңдағанымен, оған жақтасудан сақ болу керек. Бауырласты тыңдап болған соң, ақсақал оның өзін ренжіткен адаммен сөйлескен-сөйлеспегенін сұрайтын шығар. Сондай-ақ Жазбалардағы қандай кеңестердің татулық орнатуға көмектесетінін көрсетсе болады.
12. Асығыс шешім қабылдау қауіпті екенін көрсететін мысалдар келтір.
12 Бауырластар арасында түсініспеушілік туындағанда бір жақтың айтқанына қарап, асығыс шешім қабылдау қауіпті. Киелі кітаптағы үш мысалды қарастырайық. Потифар әйелінің Жүсіп мені зорламақ болды деген сөзіне сеніп қалады да, ашуға мініп, оны түрмеге жаптыртады (Жар. 39:19, 20). Сиба қожайыны Мепібосетке жала жауып, Дәуіттің жауларының жағына шыққанын айтқанда, Дәуіт патша бұған иланып қалады. Содан асығыс шешім қабылдап, Мепібосеттің бар мал-мүлкін қызметшісі Сибаға береді (Пат. 2-ж. 16:4; 19:25—27). Артаксеркс патшаға Иерусалимнің қабырғасын қалпына келтіріп жатқан яһудилер Парсы империясына қарсы бүлік шығарғалы жатыр деген хабар жетеді. Сонда жалған сөзге иланған патша құрылыстың тоқтатылуына қатысты қаулы шығарады. Осылайша ғибадатхананың құрылыс жұмыстары тоқтап қалады (Езра 4:11—13, 23, 24). Қауым ақсақалдары Пауылдың Тімөтеге берген кеңесіне құлақ асып, бауырластарға қатысты алдын ала тон пішуден аулақ (Тімөтеге 1-хат 5:21 оқы).
13, 14. а) Дауласқан екі тарапқа төрелік айту керек болса, нені есте ұстаған жөн? ә) Дұрыс төрелік етуге ақсақалдарға не көмектеседі?
13 Тіпті екі жақты да тыңдап, мәселенің анық-қанығына жеттік деп ойласақ та, мына жайтты мойындаған дұрыс: “біреу бірдеңені білемін деп ойлағанымен, оны әлі тиісті деңгейде білмейді” (Қор. 1-х. 8:2). Түсініспеушіліктің туындауының себебін, шынымен де, бүге-шігесіне дейін білеміз бе? Дауласқан адамдардың тәлім-тәрбиесі, тұрмыс жағдайы, болмысы сияқты жайттардан хабардармыз ба? Төрелік айтатын ақсақалдардың өтірікке, қулық-сұмдыққа не алып-қашпа сөзге алданып қалмағаны қаншалықты маңызды десеңші! Құдай тағайындаған Соттаушы Иса Мәсіх әділ төрелік етеді, ол “тек көрген сырт пішінге, ұзын құлақтан естігеніне ғана сүйеніп үкім шығармайды” (Ишая 11:3, 4). Иса Ехобаның рухының басшылығымен әрекет етеді. Ақсақалдар да солай етулері тиіс.
14 Олар қандай да бір мәселеге қатысты кесімдерін айтпас бұрын Ехобадан киелі рух сұрап дұға етулері, сондай-ақ Құдай Сөзінен және адал да ақылды құлдың әдебиеттерінен басшылық іздеулері керек (Мат. 24:45).
Қайткен күнде де татулық сақтап қалу керек пе?
15. Біреудің күнә жасап қойғанын білсек, мұны қандай жағдайда ақсақалдарға айтуымыз керек?
15 Мәсіхші болғандықтан біз татулыққа ұмтылуымыз керек. Алайда Киелі кітапта: “Көктен келген даналық ең алдымен таза, сосын, тату”,— делінген (Жақ. 3:17). Демек, біз алдымен таза болуымыз, яғни Құдайдың әділ талаптарына сай өмір сүруіміз керек. Егер мәсіхші қандай да бір бауырластың ауыр күнә жасап қойғанын білсе, оны ақсақалдарға барып күнәсін мойындауға талпындыруы тиіс (Қор. 1-х. 6:9, 10; Жақ. 5:14—16). Ол бұған құлақ аспаса, әлгі бауырлас мұны ақсақалдарға өзі айтуы керек. Ал егер ол татулық сақтаймын деген жаңсақ оймен бұлай етпейтін болса, күнәкардың ісіне ортақтас болады (Леу. 5:1; Нақыл сөздер 29:24 оқы).
16. Иқумен болған оқиғадан қандай сабақ алуға болады?
16 Иқумен болған оқиғадан Құдайдың әділ талаптарын ұстану татулық сақтаудан маңыздырақ екені көрінеді. Құдай Иқуға Ахаб патшаның үй ішіне шығарылған үкімді жүзеге асыруды тапсырады. Ахаб пен Езабелдің баласы зұлым патша Жорам арбасына мініп, Иқудың алдынан шығады да, татулықпен келді ме, жоқ па — соны сұрайды. Иқу қалай жауап берді екен? Ол Езабелдің азғындығы мен сиқырлығы басынан асып жатқанда татулық болуы мүмкін емес екенін айтады да, садағын алып, Жорамды қақ жүрегінен атады (Пат. 4-ж. 9:22). Ақсақалдар да татулық сақтап қалу үшін ғана күнәға көз жұмбайды. Қайта, әдейі, еш өкінбестен күнә жасай беретіндерге қатысты шара қолданады. Олар қауым мүшелерінің Құдаймен татулығы бұзылмау үшін, күнәсіна өкінбейтіндерді қауымнан шығарады (Қор. 1-х. 5:1, 2, 11—13).
17. Қауымда татулық болу үшін әрбір мәсіхші қалай өз үлесін қоса алады?
17 Бауырластар арасындағы түсініспеушілік әрқашан сот комитетін құруды талап ете бермейді. Сондықтан сүйіспеншілік танытып, өзгелердің қателіктерін кешіргеніміз жақсы. Құдай Сөзінде: “Қатені кешіретін достықты нығайтар, Ал оны айта беретін досынан айырылар”,— делінген (Нақ. с. 17:9). Осы сөздерге сай әрекет еткеніміз бәрімізге де қауымның ынтымағын сақтауға және Ехобамен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектеседі (Мат. 6:14, 15).
Құдай татулыққа ұмтылатындарға батасын береді
18, 19. Татулыққа ұмтылу қандай баталар әкеледі?
18 “Өзара тату болуға ықпал ететін” нәрселерге ұмтылғанымыз көл-көсір бата әкеледі. Ехобаға еліктесек, онымен тығыз қарым-қатынаста боламыз, әрі рухани жұмағымыздағы ынтымақтың бұзылмауына ықпал етеміз. Ал бұл өзіміз “татулық туралы ізгі хабарды уағыздайтын” адамдармен де тату болуға көмектеседі (Ефес. 6:15). Осылайша біз “бәріне мейірбан, тәлім беруге қабілетті және жамандыққа кезіккенде, ұстамды болуға” барынша даяр боламыз (Тім. 2-х. 2:24).
19 Сонымен қатар “Құдайдың әділдерді де, әділетсіздерді де қайта тірілтетінін” ұмытпалық (Ел. іс. 24:15). Осы сөздер жүзеге асқанда, “дүниенің негізі қаланғаннан бері” тарихтың әр кезеңінде өмір сүрген әрі шыққан тегі де, мінез-құлқы мен болмысы да сан алуан миллиондаған адам қайта тіріледі (Лұқа 11:50, 51). Оларға татулықты сүюді үйрету неткен мәртебе! Бүгінде татуластырушы болуды үйреніп жатқанымыздың сол кезде зор көмегі тимек.
[Сілтеме]
a Жала жабу мен алаяқтық сияқты ауыр күнә жасалғанда қалай әрекет ету керектігіне қатысты басшылықты 2000 жылғы “Күзет мұнарасының” 1 ақпандағы санының 14—19 беттерін қара.
Не білдіңдер?
• Біз біреуді ренжітіп қойсақ, қалай татулық сақтай аламыз?
• Бізді біреу ренжітіп қойса, татулық сақтау үшін не істеуге болады?
• Дауласқан екі тарапқа төрелік айту керек болса, нені есте ұстаған дұрыс?
• Неліктен Құдайдың әділ талаптарын ұстану татулық сақтаудан маңыздырақ екенін түсіндір.
[29-беттегі суреттер]
Ехоба өзгелерді кешіруге дайын адамдарды жақсы көреді