Кімнің нормаларына сенім артуға болады?
Африкаға бірінші рет барған бір кісіні бір жағдай таңғалдырады: жолдың шетінде қасқайып бір кісі тұр. Жолаушы бірнеше минут сайын әлгі кісінің бір аяғынан екіншісіне ауысып сәл ғана жылжып, қайтадан қасқайып тіп-тік тұрғанын байқайды. Тек біраз уақыттан кейін ғана жолаушы ол кісінің неге солай қызық-қызық жылжып отырғанын түсінеді: ол телеграф бағанасының көлеңкесін паналағысы келген екен. Тал түсте бағананың көлеңкесі күнмен бірге баяу жылжып отырған.
ЖЫЛЖЫП отыратын көлеңке сияқты, адамзат қоғамы мен оның нормалары тұрақсыз әрі үнемі өзгеріп отырады. Ал бұған қарама-қайшы “нұр шашқан аспан денелерін жаратқан” Ехоба Құдай өзгермейді. Шәкірт Жақып жазғандай, “өзгеріп отыратын көлеңке сияқты емес, [Құдайда] ешқандай тұрақсыздық жоқ” (Жақып 1:17, ЖД). Еврейден шыққан Малахия пайғамбар Ехобаның өзінің: “Өйткені Мен — Тәңір, Мен өзгермеймін”,— деген сөздерін жазған болатын (Малахия 3:6, СА). Ишая пайғамбар өмір сүрген уақытта Құдай Исраил халқына былай деген: “Сендер қартайған шақта да Мен өзгермеймін, шаштарың ағарған кезде де қолдай беремін. Мен осылай істеп келдім.” (Ишая 46:4, сілтемені қара.) Сондықтан уақыттың өткеніне қарамастан, Құдай Тағаланың берген уәдесі өзгермейді, біз бұған сенімдіміз.
Мұсаның заңынан алар өнеге
Ехобаның уәделері қалай сенімді әрі өзгермейтін болса, тап солай, оның жақсылық пен жамандыққа қатысты нормалары да сенімді әрі өзгермейді. Егер сатушының таразысының екі комплект гір тасы бар болып, бірақ олардың біреуі ғана дұрыс салмақты көрсететін болса, оған сенер ме едіңдер? Әрине сенбейсіңдер. Тап солай Киелі кітапта да “тура емес таразы — Тәңір алдында жеркенішті, ал салмақтың дұрыс болғаны оған ұнамды” делінген (Нақыл сөздер 11:1; 20:10, СА). Ехобаның Мұса арқылы берген заңында мынадай өсиет бар болатын: “Төрелік еткенде, өлшеген кезде, салмақ пен сұйықтық өлшегенде әділетсіздік жасамаңдар. Таразыларың мен гірлерің тура болсын, ефаларың мен гиндерің де тура болсын. Мен сендерді Мысырдан алып шыққан Тәңір Құдайларыңмын” (Леуіліктер 19:35, 36, СА).
Исраилдіктердің Құдайдың осы талабына құлақ асуы оларға молынан бақ-дәулет берер еді. Сол сияқты, тек салмақ пен өлшемге қатыстыларын ғана емес, Ехобаның өзгермейтін заңдарының барлығын да өмірдің кез келген саласында ұстану Оған сенім артатындарға батасын береді. Құдай былай деген: “Мен Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретіп, түзу жолмен бастап алып жүремін” (Ишая 48:17).
Неге бүгінгі күні қоғамдық сана құлдырауда?
Киелі кітапта бүгінгі күнгі қоғамдық сананың құлдырауының себебі түсіндіріледі. Киелі кітаптың соңғы кітабы Аян кітабында адамдардың өміріне әлі күнге дейін әсер етіп отырған аспанда болған соғыс суреттелген. Елші Жохан былай деп жазды: “Көкте соғыс бұрқ ете түсті. Михаил мен оның қол астындағы періштелері айдаһарға қарсы аттанды. Айдаһар өз нөкерлерімен бірге оларға қарсы шайқасты, бірақ төтеп бере алмады. Бұдан былай соларға көктен орын берілмеді. Осылайша үлкен айдаһар — бүкіл әлемді алдап келген әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжылан көктен қуылып, бүкіл нөкерлерімен қоса жер бетіне лақтырылды” (Аян 12:7—9).
Ол соғыстың нәтижесі қандай болды екен? Жохан былай деп жалғастырды: “Қуаныңдар, көк және оны мекендегендердің бәрі де! Алайда жер мен теңізде тұратындарға қасірет! Себебі әзәзіл төменге, сендердің қастарыңа түсті. Ол өзі уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы” (Аян 12:12).
“Жерде тұратындарға қасірет” 1914 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда келді және бүгінгі күнгіден мүлдем ерекше сол уақыттағы қоғам санасын құлдыратты. Тарихшы Барбара Тукман: “1914—1918 жылдардағы сұрапыл соғыс кеше мен бүгіннің арасында отты шекара болды,— деп ескерді.— Бұл соғыс — кейініректе үлкен жетістіктерге жетуі мүмкін талай адамдардың өмірін қиды, сондай-ақ сенімнен айырды, көзқарастарды өзгертті, жанға орындалмаған арманның жазылмас жарасын салды, осылайша екі дәуірдің арасына тура мағынадағы және психологиялық тұңғиық жасады”. Ерик Хабсбам деген басқа бір тарихшы осыған ұқсас тұжырым жасады: “Бір кездері дамыған елдерде берік орныққан өнегелілік нормаларының 1914 жылдан бастап едәуір төмендегені байқалады... ХІХ ғасырда өмір сүрген ата-бабаларымыз жабайылық деп атаған нәрсеге адамзаттың қайтадан, өкінішке орай қатты екпінмен, оралғанын, сондай-ақ оның қаншалықты терең орнығып алғанын түсіну оңай емес”.
Өзінің “Адамзат. ХХ ғасырдың өнегелілік тарихы” деген кітабында Жонатан Гловер: “Біздің заманымыздың ерекшеліктерінің бірі — өнегелілік заңдарының біртіндеп ұмыт болуы”,— деп ескерді (Humanity — A Moral History of the Twentieth Century). Батыста дін дағдарысқа ұшырап жатқандықтан, адамға жоғарыдан берілетін өнегелілік заңдарына автор сенімсіздік танытатын, десе де, ол былай деп ескертеді: “Біздің сеніміміз діни өнегелілік заңдарға негізделмесе де, олардың құлдырап бара жатқаны бізді ойландыруы керек”.
Қазіргі уақытта өмірдің әр түрлі саласында — сауда-саттықта, саясатта, дінде, адамдардың жеке қарым-қатынасында, тіпті отбасында — етек алған өзгенің сенімін алдау мен осының нәтижесінде туатын адамдардың жан күйзелісі Шайтанның жер бетінің тұрғындарын мейлінше қайғы-қасіретке ұшыратуға тырысып бағудағы залым істерінің нәтижесі. Құдайдың заңдарына сәйкес өмір сүруге тырысып жүргендердің бәрін Шайтан өзінің жолына түсіруге тырысып, ақырына дейін шайқасуға бел буған (Аян 12:17).
Кеңінен етек алған өзгенің сенімін алдаудан құтылудың жолы бар ма? Елші Петір былай деп жауап береді: “Ал біз Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз” (2 Петір 3:13). Өзінің еркін жүзеге асыруға құдірет-күші жететін болғандықтан ғана емес, осы уәдесін орындауға өзі кепілдік еткен соң да Құдайға сенім артуымызға болады. Ехобаның өзі былай дейді: “Менің аузымнан шыққан сөзім... Ол Өзіме нәтижесіз оралмайды. Қайта, Менің сөзім еркімді толық орындап, көздеген мақсаттарымды жүзеге асырады”. Нағыз сенуге тұрарлық уәде емес пе?! (Ишая 55:11; Аян 21:4, 5).
Құдайдың нормаларына сай өмір сүру
Нормалары тұрақсыз, құлдырап бара жатқан дүниеде өмір сүріп жатқан Ехоба Куәгерлері Киелі кітаптың өнегелілік нормаларына сай өмір сүруге тырысады. Осының нәтижесінде олар адамдардың көпшілігінен ерекшеленеді, сондықтан өзгелердің назарына ілігеді, тіпті оларды келеке етеді.
Лондонда өткен Ехоба Куәгерлерінің конгресінде осы ұйымның мүшелерінің бірінен теледидар тілшісі: “Ехоба Куәгерлері нағыз мәсіхшілер ме?” — деп сұрайды. Куәгер былай деп жауап береді: “Иә, тап солай, өйткені біз Исаға еліктейміз. Дүниеде өзімшілдік басым, ал біз — жол, шындық және шынайы өмір ретіндегі Иса Мәсіхке назар тігеміз. Біз оның Үшбірліктің бөлігі емес, Құдай Ұлы екендігіне сенеміз, сол себепті біздің Киелі кітапты түсінуіміз басты діндердің ілімінен ерекше”.
Осы сұхбатты ВВС телеарнасынан көрсеткеннен кейін бағдарламаны жүргізген тілші былай деді: “Мен Ехоба Куәгерлерінің неге біздің есігімізді қағатыны жөнінде анағұрлым көбірек білдім. Тап-тұйнақтай киінген әрі өздерін жақсы ұстай білетін 25 000 адамның бір жерге жиналғанын мен бұрын-соңды көрген емеспін”. Бұл — Құдайдың өзгермейтін нормаларын ұстанудың қаншалықты дұрыс екенін дәлелдейтін сырттан бақылаушының керемет куәлігі!
Әлдекімнің нормаларын ұстану барлық адамдарды қызықтыра бермейді, сөйтсе де, біз сендерді Киелі кітапты оқып, Құдайдың нормаларын білуге шақырамыз. Алайда оны ат үсті қарап шығып, соны қанағат етпеңдер. Елші Пауылдың ескертуіне құлақ асыңдар: “Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар” (Римдіктерге 12:2). Өздеріңе жақын жердегі Патшалық Сарайына барып, ондағы Куәгерлермен танысыңдар. Сендер олардың Киелі кітаптағы уәделерге сенім артып, Оның нормаларына сай өмір сүруге тырысу арқылы Құдайға деген сенімдерін көрсетіп жүрген кәдімгі адамдар екенін көресіңдер.
Құдайың өзгермейтін әрі сенім артуға тұрарлық нормаларын өмірде ұстанудың баталарға ие ететіндігі сөзсіз. Құдай өзі былай деп шақырады: “О, егер өсиеттеріме құлақ ассаңдар ғой! Сонда сендердегі амандық пен тыныштық сарқылмас өзен секілді, әділдік те теңіз толқындарындай шексіз болар еді!” (Ишая 48:18).