12-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ
Қай кез сөйлейтін кез?
“Әр нәрсенің өз уақыты бар,... Үндемейтін уақыт, сөйлейтін уақыт” (УАҒ. 3:1, 7).
124-ӘН Әрдайым адалдық танытайық
АҢДАТПАa
1. Уағыздаушы 3:1, 7-ден не білеміз?
КЕЙБІРІМІЗ көп сөйлесек, кейбіріміз үндемегенді ұнатамыз. Бірақ мақаланың негізгі тармағында айтылғандай, сөйлейтін де, үндемейтін де уақыт бар (Уағыздаушы 3:1, 7 оқыңыз). Әйтсе де кейбір бауырластардың көбірек сөйлегенін, ал өзге бауырластардың азырақ сөйлегенін қалайтын шығармыз.
2. Қашан және қалай сөйлеуге қатысты нұсқауларды беруге кім құқылы?
2 Сөйлеу қабілеті — Ехобаның берген сыйы (Мұс. 2-ж. 4:10, 11; Аян 4:11). Бұл сыйды дұрыс қолдануды ол Сөзі арқылы үйретеді. Бұл мақалада қай кезде сөйлеп, қай кезде үндемеу керектігін анықтауға көмектесетін Киелі кітап мысалдарын қарастырамыз. Сонымен қатар өзгелерге не айтатынымызға Ехобаның қалай қарайтынын да білеміз. Алдымен, қай кезде сөйлеуіміз керектігін талқылайық.
ҚАЙ КЕЗДЕ СӨЙЛЕУІМІЗ КЕРЕК?
3. Римдіктерге 10:14-ке сай, қай кезде сөйлеуіміз керек?
3 Біз Ехоба мен оның Патшалығы жайлы айтуға әрдайым дайын болуымыз керек (Мат. 24:14; Римдіктерге 10:14 оқыңыз). Осылай Исаға еліктейміз. Оның жерге келуінің басты себептерінің бірі өзгелерге Әкесі жайлы шындықты айту еді (Жох. 18:37). Алайда қалай сөйлейтініміз де маңызды екенін ұмытпауымыз керек. Өзгелерге Ехоба жайлы айтқанда, мұны “жұмсақтықпен әрі зор құрметпен істеуіміз” керек, сондай-ақ өзге адамның сезімі мен наным-сенімін сыйлайтынымызды көрсетуіміз қажет (Пет. 1-х. 3:15). Осылай біз ол адаммен жай ғана сөйлеспейміз, оған тәлім береміз. Бәлкім, адамның жүрегіне жол тауып қалармыз.
4. Нақыл сөздер 9:9-ға сай, ақсақалдардың айтқандары өзгелерге қалай көмектесе алады?
4 Ақсақалдар қандай да бір бауырласқа кеңес қажет екенін байқаса, үндемей қалмаулары қажет. Әрине, олар бауырласты ыңғайсыз жағдайға қалдырмау үшін онымен сөйлесуге қолайлы уақытты таңдайды. Бәлкім, олар бауырласпен жеке сөйлесе алатын кезді күтетін шығар. Ақсақалдар әрдайым адамның қадір-қасиетін түсірмейтіндей етіп сөйлеуге тырысады. Десе де олар өзгелерге даналықпен әрекет етуге көмектесетін Киелі кітап принциптерін айтудан тартынбайды (Нақыл сөздер 9:9 оқыңыз). Неліктен сөйлеу керек жерде сөйлеу үшін батылдық қажет? Қазір бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі оқиғаны қарастырып көрейік: бір әкеге ұлдарын түзету керек болса, бір әйелге болашақ патшаға шешімінің дұрыс емес екенін айту қажет болды.
5. Бас діни қызметкер Ели қалайша сөйлеуі керек кезде үндемей қалды?
5 Бас діни қызметкер Елидің екі ұлы бар еді, ол ұлдарын қатты жақсы көретін. Бірақ ұлдары Ехобаны мүлдем қадір тұтпайтын. Олар киелі шатырда діни қызметкер болып, өте жауапты қызмет атқаратын. Алайда олар қызметтерін теріс пайдаланып, Ехобаға ұсынылған құрбандықтарды аяқасты етті және ашықтан-ашық жыныстық азғындық жасады (Сам. 1-ж. 2:12—17, 22). Мұса Заңы бойынша, Елидің ұлдары өлімге лайық еді. Бірақ Ели оларға жай ғана қойыңдар деп, киелі шатырда қызмет ете берулеріне жол берді (Мұс. 5-ж. 21:18—21). Елидің бұл әрекетіне Ехоба қалай қарады? Ол Елиге: “Неге сен ұлдарыңды менен артық көресің?”— деді. Содан бұл екі зұлым кісіні өлімге кесуді шешті (Сам. 1-ж. 2:29, 34).
6. Елидің әрекетінен не үйренеміз?
6 Елидің әрекетінен маңызды сабақ аламыз. Досымыз не туысымыз Құдай заңын бұзғанын білсек, оларға Ехобаның нормаларын айтып, ескертуіміз керек. Содан кейін оның Ехоба тағайындаған адамдардан тиісті көмек алып жатқанына көз жеткізуіміз қажет (Жақ. 5:14). Ешқашан Ели сияқты, досымызды не туысымызды Ехобадан артық көргіміз келмейді. Біреуді түзету үшін батылдық қажет екені рас, бірақ бұл соған тұрады. Ал қазір Әбигел деген исраилдік әйелдің Елиге қарағанда мүлдем басқаша әрекет еткеніне тоқталайық.
7. Әбигел Дәуітпен не үшін сөйлесті?
7 Әбигел Набал есімді дәулетті кісінің әйелі болған. Дәуіт пен оның адамдары Саул патшадан қашып жүргенде, біраз уақыт Набалдың шопандарының қасында жүріп, оның отарын ұрылардан қорғап жүреді. Бұған Набал риза болды ма? Жоқ. Дәуіт одан өзі мен адамдары үшін кішкене тамақ пен су сұратқанда, Набал ашуға мініп, айқайлап қорлық сөздер айтты (Сам. 1-ж. 25:5—8, 10—12, 14). Сонда Дәуіт Набалдың үйіндегі бірде-бір ер адамды қалдырмай қыруға бел байлады (Сам. 1-ж. 25:13, 22). Мұндай қайғылы оқиғаның алдын алу мүмкін болды ма? Әбигел бұл кез сөйлейтін уақыт екенін түсініп, батылдықпен аш және ашуға мінген 400 қарулы ер адамның алдынан шығып, Дәуітпен сөйлесті.
8. Әбигелден не үйренеміз?
8 Әбигел Дәуітпен кездескен кезде құрмет көрсетіп, батыл да сендіре сөйледі. Болған жағдайға кінәлі болмаса да, ол Дәуіттен кешірім сұрады, оның жақсы адам екеніне және дұрыс әрекет ететініне сенетінін айтты (Сам. 1-ж. 25:24, 26, 28, 33, 34). Біреудің шалыс қадам жасап жатқанын байқасақ, онымен сөйлесу үшін Әбигел сияқты батыл болуымыз қажет (Зәб. 141:5). Батыл, сөйте тұра құрметпен сөйлеуіміз керек. Адамға мейіріммен кеңес берсек, шын дос екенімізді дәлелдейміз (Нақ. с. 27:17).
9, 10. Ақсақалдар кеңес бергенде нені есте ұстаулары қажет?
9 Әсіресе ақсақалдар қауымда шалыс қадам жасаған адаммен сөйлесу үшін батыл болулары қажет (Ғал. 6:1). Ақсақалдар өздерінің де кемелсіз екендерін әрі кеңеске мұқтаж болатындарын кішіпейілділікпен мойындайды. Бірақ бұл түзетуді қажет ететін адамға кеңес берулеріне кедергі болмауы тиіс (Тім. 2-х. 4:2; Тит. 1:9). Кеңес бергенде олар сөйлеу қабілеттерін шеберлікпен әрі шыдаммен тәлім беру үшін қолдануға тырысады. Олар бауырластарын жақсы көреді, әрі бұл сүйіспеншіліктері көмек қолын созуға талпындырады (Нақ. с. 13:24). Бірақ ақсақалдардың басты мақсаты — Ехобаның нормаларын ұстану арқылы оны құрметтеу және қауымды қатерден қорғау (Ел. іс. 20:28).
10 Біз қай кезде сөйлеуіміз керектігін талқыладық. Алайда үндемеуіміз керек кез де болады. Сондай кезде қандай қиындықтар болуы мүмкін?
ҚАЙ КЕЗДЕ ҮНДЕМЕГЕН ДҰРЫС?
11. Жақып қандай мысал келтірді және неге бұл мысал орынды болды?
11 Кейде сөзімізді қадағалау қиын болуы мүмкін. Киелі кітап жазушысы Жақып мұны жақсы сипаттаған. Ол былай жазған: “Кімде-кім сөзден сүрінбесе, ол — бүкіл денесін ауыздықтай алатын кемелді адам” (Жақ. 3:2, 3). Ауыздық не жүген жылқының басы мен аузына салынады. Тізгінді тарту арқылы салт атты жылқыны басқара да, тоқтата да алады. Егер ол тізгінді ұстай алмаса, жылқы асауланып, өзіне де, иесіне де зақым келтіруі мүмкін. Сол сияқты тілімізді қадағаламасақ, бұның салдары жаман болуы ықтимал. Қазір тілімізді “ауыздықтайтын”, яғни үндемеу керек болатын жағдайларды қарастырайық.
12. Қай кезде тілімізді “ауыздықтап”, үндемеуіміз керек?
12 Егер бір бауырлас құпия мәліметті білетін болса, не істейсіз? Мысалы, ісімізге тыйым салынған жерде тұратын бауырласпен көрістіңіз делік. Сонда сол елдегі ісіміздің қалай жүріп жатқаны жайлы бүге-шүгесіне дейін білгіңіз келе ме? Әрине, ниетіңіз түзу. Өйткені біз бауырластарымызды жақсы көреміз, олармен не болып жатқанынан хабардар болғымыз келеді. Олар үшін нақты дұға еткіміз де келеді. Бірақ бұл — тілімізді “ауыздықтайтын” кез. Егер құпия мәліметті білетін адамға қысым жасасақ, онда сол адамның өзіне де, оған сеніп отырған бауырластарға да сүйіспеншілік танытпағанымыз. Оның үстіне, ешқайсысымыз да ісімізге тыйым салынған елдерде тұратын бауырластардың қиындықтарына қиындық қосқымыз келмейді. Ал егер тыйым салынған елде қызмет ететін болсақ, сол елдегі Куәгерлердің қызметі мен іс-шараларына қатысты егжей-тегжейлі мәлімет бергіміз келмес еді.
13. Нақыл сөздер 11:13-ке сай, ақсақалдар не істеулері керек және неге?
13 Ақсақалдар Нақыл сөздер 11:13-те (оқыңыз) жазылған принципті мықтап ұстанып, мәліметті құпия сақтаулары тиіс. Бұл оңай болмауы мүмкін, әсіресе ақсақал үйленген болса. Ерлі-зайыптылар жиі әңгімелесу арқылы және бір-біріне ішкі ойлары мен сезімдерін, уайымдарын айту арқылы қарым-қатынастарын берік етеді. Бірақ ақсақал қауымдағылар жайлы “құпия” мәліметтерді әйеліне айтпау керектігін түсінеді. Егер айтатын болса, өзгелердің сенімінен айырылады, абыройына нұқсан келеді. Қауымда жауапкершілік алған бауырластар “екіжүзді” болмаулары керек (Тім. 1-х. 3:8). Бұл деген — олар жасандылық танытпаулары я өсекке жақын болмаулары керек деген сөз. Егер ақсақал әйелін сүйетін болса, ол білмеуі керек мәліметті айтып оған ауыр жүк артпайды.
14. Ақсақалдың әйелі оған абыройын сақтап қалуға қалай көмектесе алады?
14 Құпия мәліметтерді айтуды сұрап, күйеуіне қысым жасамаса, әйелі оның жақсы абыройын сақтап қалуға көмектесе алады. Осылайша ол тек күйеуіне қолдау көрсетіп қана қоймай, оған құпияларын сеніп айтқан адамдарға да құрмет көрсетеді. Ең бастысы, ол Ехобаны қуантады, өйткені қауымның тыныштығы мен бірлігіне үлес қосады (Рим. 14:19).
АЙТАТЫН СӨЗІМІЗГЕ ЕХОБА ҚАЛАЙ ҚАРАЙДЫ?
15. Әйүптің үш досына Ехоба қалай қарады және неге?
15 Қалай және қай кезде сөйлеуімізге қатысты Киелі жазбалардағы Әйүп кітабынан үйренеріміз көп. Әйүп көптеген қайғылы оқиғаны бастан кешіргеннен кейін, оны жұбатуға әрі кеңес беруге төрт кісі келеді. Олар бірталай уақыт үнсіз отырады. Елифаз, Билдад және Сопардың кейінгі айтқан сөздерінен осы уақыт аралығында олар “Әйүпке қалай көмектессек екен” деп ойланбағандары анық көрінеді. Қайта, олар Әйүптің бұрыс әрекетін қалай дәлелдесек екен деп ойлаған. Айтқандарының кейбірі дұрыс болса да, олар Әйүп пен Ехоба жайлы ащы әрі жалған сөйледі. Олар Әйүпті аяусыз айыптады (Әйүп 32:1—3). Бұған Ехоба қалай қарады? Сол үш кісіге Ехобаның қаһары қайнады. Ехоба оларды ақымақ деп атап, Әйүпке барып өздері үшін дұға етуді өтінуді айтты (Әйүп 42:7—9).
16. Елифаз, Билдад пен Сопардың мысалынан қандай сабақ аламыз?
16 Елифаз, Билдад пен Сопардың мысалынан алар сабағымыз көп. Біріншіден, бауырластарымызды соттамауымыз қажет (Мат. 7:1—5). Қайта, сөйлер алдында оларды мұқият тыңдауымыз керек. Сол кезде ғана біз олардың жағдайын түсіне аламыз (Пет. 1-х. 3:8). Екіншіден, тура әрі мейіріммен сөйлеп жатқанымызға көз жеткізуіміз керек (Ефес. 4:25). Үшіншіден, бір-бірімізге не айтып жатқанымызға Ехоба мұқият ден қояды.
17. Елихуден қандай үлгі аламыз?
17 Әйүпке келген төртінші адам Ыбырайымның туысы Елиху еді. Ол Әйүп пен әлгі үш кісінің әңгімесін басынан аяғына дейін мұқият тыңдады. Осының арқасында ол Әйүпке мейіріммен бірақ тіке кеңес беріп, оған ой қалпын түзеуге көмектесті (Әйүп 33:1, 6, 17). Елиху үшін ең бастысы өзін не өзге адамды емес, Ехобаны мадақтау болды (Әйүп 32:21, 22; 37:23, 24). Елихуден алар сабағымыз — үндемейтін әрі тыңдайтын уақыт бар (Жақ. 1:19). Сондай-ақ біреуге кеңес бергенде басты мақсатымыз өзімізді емес, Ехобаны мадақтау екенін білдік.
18. Сөйлеу қабілетін бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз?
18 Қашан және қалай сөйлеуге қатысты Киелі кітап кеңесіне құлақ ассақ, Құдайдың сыйын, яғни сөйлеу қабілетін бағалайтынымызды көрсетеміз. Дана патша Сүлеймен киелі рухтың жетелеуімен: “Уақытында айтылған сөз Күміс табаққа салынған алтын алмадай”,— деп жазған (Нақ. с. 25:11). Өзгелердің сөзін мұқият тыңдасақ және сөйлер алдында ойланып алсақ, сөздеріміз сол әдемі әрі бағалы алтын алмаға ұқсайтын болады. Сонда аз не көп сөйлесек те, сөздеріміз өзгелерді жігерлендіреді және Ехоба бізді мақтан тұтатын болады (Нақ. с. 23:15; Ефес. 4:29). Құдайдың берген сыйына ризашылық білдірудің бұдан асқан жолы бар ма?!
82-ӘН “Сендердегі жарық жарқырап тұрсын”
a Құдай Сөзінде қай кезде сөйлеп, қай кезде үндемеу керектігіне қатысты принциптер бар. Киелі кітапта жазылғандарды біліп, қолданатын болсақ, сөздеріміз Ехобаға ұнамды болады.
b СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Қыз бауырлас өзге бауырласқа кеңес беріп жатыр.
c СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ер бауырлас тазалыққа қатысты кеңестер беріп жатыр.
d СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Әбигел Дәуітпен дер кезінде сөйлесті, әрі бұның нәтижесі жақсы болды.
e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ерлі-зайыпты бауырластар тыйым салынған жердегі қызмет жайлы егжей-тегжейлі айтпай тұр.
f СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ақсақал қауымдағы құпия мәліметтердің естілмеуіне қам жасап жатыр.