Әйелдер, күйеулеріңді терең құрметтеңдер
‘Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар’ (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 5:22).
1. Неге күйеулерді құрметтеу көбінесе оңайға соқпайды?
КӨП ЕЛДЕ екі жас үйленгенде, қалыңдық күйеуін терең құрметтеймін деп ант береді. Алайда осы антты орындау қиынға соға ма, жоқ әлде жеңіл бола ма, бұл күйеулердің әйелдеріне қалай қарайтынына байланысты. Негізінде, некенің бастамасы керемет болатын. Құдай алғашқы еркек Адам атаның бір қабырғасын алып, одан әйел жасады. Сонда Адам: “Міне, бұл — өз сүйегімнен шыққан сүйек, Өз етімнен шыққан ет!”— деп риза болды (Жаратылыс 2:19—23).
2. Соңғы уақытта әйелдердің некеге деген көзқарасы мен некедегі рөлі қалай өзгерді?
2 Некенің бастамасы керемет болса да, 1960 жылдардың басында Құрама Штаттарында әйелдер ерлердің билігінен босануға әрекеттеніп, әйелдер азаттығы делінген қозғалыс орын алды. Сол уақытта отбасын тастап кеткен әйел саны біреу болса, еркек саны үш жүз болған. Ал 1960 жылдың соңына таман әйелдер саны 3 есе өсті. Бүгінде әйелдердің де еркектер сияқты балағат сөздер айтып, ішімдік ішіп, темекі шегіп, азғындыққа баратынын көріп жүрміз. Бұдан әйелдер өздерін әлдеқайда бақытты сезінетін болды ма? Жоқ. Кей елдерде үйленгендердің жартысы түбінде ажырасып жатады. Кейбір әйелдердің некені нығайтуға тырысқандары жағдайды жақсартты ма, әлде одан бетер ушықтырды ма? (Тімотеге 2-хат 3:1—5)
3. Некеде қиындықтың болуының басты себебі неде?
3 Мұндай қиындықтың басты себебі неде? Бұған қандай да бір шамада Хауа бүлікші періштеге, ‘әзәзіл, әрі шайтан есімді, ежелден бері келе жатқан абжыланға’, алданып қалғаннан бері орын алып отырған жайт себеп болып отыр (Аян 12:9; Тімотеге 1-хат 2:13, 14). Шайтан Құдай сөзінің беделін түсіруге тырысты. Мысалы, некені алсақ, Ібіліс оны аяққа түскен тұсаудай көрсетеді. Өзі билеп отырған осы дүниедегі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізетін оның үгіт-насихаты Құдайдың нұсқауларын әділетсіз, ескірген етіп көрсетуге бағытталған (Қорынттықтарға 2-хат 4:3, 4). Алайда некедегі әйелдің рөліне қатысты Құдайдың не айтқанын шындыққа тура қарап зерттейтін болсақ, Құдай Сөзінің қаншалықты дана әрі өмірде пайдалы екенін көреміз.
Некеге тұрғалы жатқандарға ескерту
4, 5. а) Тұрмысқа шығу жайлы ойланғанда, әйел адам нені ескеруі керек? ә) Тұрмысқа шығуға келіспес бұрын, ол не істеуі керек?
4 Киелі кітап осы Шайтан басқарып тұрған дүниеде баянды некедегілердің өзі “көп ауыртпалық” көретінін ескертеді. Демек, неке — Құдайдың құрылымы болғанымен, Киелі кітап некеге тұрғалы жатқандарға ескерту айтады. Оның бір жазушысы күйеуі қайтыс болған және некеге қайта тұруға ерікті әйелге қатысты: “Ең қолайлысы қайтадан тұрмыс құрмау”,— деп айтқан. Иса да салт басты бола алатындарға солай болып қала беруді ұсынды. Ал егер кімде-кім некеге тұруды ойласа, онда ‘Иемізбен тығыз байланыста тұрған’ адаммен, дәлірек айтқанда, Құдайға бағышталған және шомылдыру рәсімінен өткен бауырласпен, некелесуі керек (Қорынттықтарға 1-хат 7:28, 36—40; Матай 19:10—12).
5 Әйел адам кімге тұрмысқа шығатынына аса мән беруі қажет. Мұның себебі — Киелі кітап: ‘Күйеуге шыққан әйел заңмен оған қосақталған’,— деп ескертеді. Күйеуі қайтыс болса немесе көзіне шөп салып, екеуі ажырасқан болса ғана әйелі ‘оның заңынан азат болады’ (Римдіктерге 7:2, 3, ЖД). Бір көргеннен ғашық болу романтикалық қатынас үшін жеткілікті шығар, бірақ бақытты неке үшін айтарлықтай негіз емес. Сондықтан салт басты әйел адам өзінен: “Сол еркекпен некеге тұрып, ‘оның заңына’ бағынуға дайынмын ба?”— деп сұрағаны жөн. Бұл сұрақты тұрмысқа шыққаннан кейін емес, шығар алдында қою керек.
6. Бүгінде әйел затының көбісі қандай шешім қабылдай алады және бұл шешім қаншалықты маңызды?
6 Бүгінде көп елде әйел адам тұрмысқа шығу жайлы ұсынысты қабыл алу-алмауды өзі шеше алады. Алайда жақын адамының болуын және біреудің сүйіктісі болуды қатты қалайтындықтан, оған дана шешім қабылдау өте қиын болуы мүмкін. Бір жазушы “бір нәрсені, мейлі некеге тұру немесе тауға шығу болсын, қатты қалаған сайын, көп нәрсенің анық-қанығына жете бермей, естігіміз келген жайтқа ғана көңіл қоюымыз әбден мүмкін екенін” айтқан. Альпинистің ақылға салмай қабылдаған шешімі өміріне қатер тудыруы мүмкін, сол сияқты өмірлік жарды ақылмен таңдамау да қауіпті.
7. Өмірлік жарды іздеуге қатысты қандай дана кеңестер бар?
7 Әйел адам өзіне ұсыныс жасаған ер кісінің заңына бағыну дегенге не жататынын жақсылап түсінуі керек. Бір үнді қызы кішіпейілдікпен: “Ата-анамыздың бізге қарағанда тәжірибесі де, ақылы да көп. Олар біз сияқты тез алданып қалмайды... Ал өзім оп-оңай қателесуім мүмкін еді”,— деп мойындайды. Иә, ата-ана мен өзге адамдардың көмегі маңызды-ақ. Бір дана кеңесші көп жылдар бойы жастарды болашақ жарының ата-анасы жайлы білуге, сондай-ақ оның әке-шешесімен және басқа да туысқандарымен қалай қарым-қатынас жасайтынын байқауға шақырған.
Иса қалай мойынсұнған?
8, 9. а) Иса Құдайға мойынсұнуға қатысты қандай көзқараста болған? ә) Мойынсұнудың қандай пайдасы бар?
8 Күйеуге мойынсұну оңай болмағанымен, әйелдер мұны құрметке лайық міндет деп қарастыруларына болады. Тіпті Иса да осылай еткен. Құдайға мойынсұну үшін оған қасірет шегуге, тіпті азап бағанасында өлуге тура келсе де, мойынсұну оған қуаныш әкелген (Лұқа 22:41—44; Еврейлерге 5:7, 8; 12:3). Әйелдер Исаға еліктесе болады. Өйткені Киелі кітапта: “Әйелдің басы — күйеуі, ал Мәсіхтің басы — Құдай”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 11:3). Алайда, айта кетерлік жайт, бұл әйелдер тұрмысқа шыққанда, күйеулерінің басшылығына ғана мойынсұнулары керек дегенді білдірмейді.
9 Киелі кітапта әйелдердің, тұрмыстағы не салт басты болсын, мәсіхшілер қауымын бақылайтын рухани жетілген ер кісілердің басшылығына мойынсұнулары керектігі түсіндіріледі (Тімотеге 1-хат 2:12, 13; Еврейлерге 13:17). Егер әйелдер Құдайдың осы нұсқауын орындайтын болса, Оның ұйымдасқан құрылымындағы періштелерге де үлгі көрсетеді (Қорынттықтарға 1-хат 11:8—10). Сонымен қатар жасы үлкен әйелдер өздерінің жақсы үлгісімен және пайдалы кеңестерімен жас келіншектерді ‘күйеулеріне мойынсұнуға үйретеді’ (Титке 2:3—5).
10. Иса мойынсұнудың үлгісін қалай көрсетті?
10 Иса орынды болған жағдайда мойынсұнудың маңызды екенін білген. Бірде ол елші Петірге екеуі үшін билік басындағыларға салық төлеуді тапсырып, тіпті төлейтін ақшасын да береді. Кейінірек Петір: “Сонымен, сендер Жаратқан Иенің меншігі болғандықтан, Ол тағайындаған әрбір билік иесіне мойынсұныңдар”,— деп жазды (Петірдің 1-хаты 2:13; Матай 17:24—27). Исаның мойынсұнуға қатысты көрсеткен ең керемет үлгісі жайлы былай деп оқимыз: “Өзінің құдіреті мен салтанатты ұлылығынан Өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, Адам секілді дүниеге келіп, Кәдімгі адамға ұқсап көрінді. Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып, өлімге, тіпті айқыштағы өлімге дейін бойсұнды” (Філіпіліктерге 2:5—8).
11. Неге Петір әйелдерді тіпті сенбейтін күйеулеріне де мойынсұнуға шақырды?
11 Петір мәсіхшілерді осы дүниенің қатал да әділетсіз биліктеріне мойынсұнуға шақырғанда: “Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек”,— деп түсіндірді (Петірдің 1-хаты 2:21). Исаның қаншалықты азап шеккені мен оған қалай мойынсұнушылықпен төзгенін сипаттаған соң, Петір Ехобаға сенбейтін күйеулері бар әйелдерді мынаған шақырды: “Сол сияқты сендер, әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар. Осылайша, күйеулеріңнің кейбіреулері Құдай сөзіне құлақ аспаса да, айтқан сөздеріңмен емес, игілікті мінез-құлықтарыңмен оларды Мәсіхтің иелігіне айналдырыңдар. Олар таза да ізетті мінез-құлықтарыңды көргенде ғана осылай болмақ” (Петірдің 1-хаты 3:1, 2).
12. Исаның мойынсұнып кешкен өмірінің қандай пайдасы болды?
12 Біреулердің келеке-мазағы мен қорлық сөздеріне қарамастан, мойынсұну әлсіздіктің белгісі деп есептелуі мүмкін. Алайда Иса бұлай есептемеген. “Мәсіх Өзіне тіл тигізгендерге жаман сөз қайырмады,— деп жазды Петір,— азап көрген кезде де оларды қорқытпады” (Петірдің 1-хаты 2:23). Исаның қасіретін көргендердің кейбірі, қандай да бір шамада болсын, оған сенді. Мысалы, солардың ішінде жанындағы бағанаға шегеленген қарақшы мен үкім орындалғанда қарап тұрған жүзбасы бар (Матай 27:38—44, 54; Марқа 15:39; Лұқа 23:39—43). Сол сияқты Петір де сенбейтін күйеулердің кейбірі, тіпті қорлық көрсететіндері де, әйелдерінің мойынсұнғыш жүріс-тұрысын көргенде, мәсіхші болуы мүмкін екенін көрсетті. Бүгінде біздер мұның куәсі болып отырмыз.
Қалай әйелдер ерлерін ‘Мәсіхтің иелігіне айналдыра’ алады?
13, 14. Сенбейтін күйеулерге мойынсұнудың қандай пайдасы бар?
13 Ехоба Куәгері болған әйелдер өздерінің Мәсіхке еліктеген жүріс-тұрыстарымен күйеулерін ‘Мәсіхтің иелігіне айналдырған’. Ехоба Куәгерлерінің жуырда өткен облыстық конгресінде бір күйеу мәсіхші әйелі жайлы былай деді: “Мен оған сондай қатыгездік таныттым деп ойлаймын. Сонда да ол мені аса құрметтейтін, сондай-ақ ешқашан қадірімді түсірген емес. Маған сенімін қабылдатуға тырысқан жоқ. Ол сүйіспеншілікпен қамымды ойлады. Жиналысқа баратын кезде алдын ала тамағымды дайындап, үй тірліктерін істеп тастауға тырысатын. Оның осындай ой-қалпы менде Киелі кітапқа деген қызығушылық оята бастады. Ал енді, міне, осы жердемін!” Расында да, ол әйелінің сөзімен емес, ‘игілікті мінез-құлқымен Мәсіхтің иелігіне айналды’.
14 Петір назар аударғандай, әйелдің сөзі емес, ісі оң нәтиже береді. Мұны Киелі кітаптағы шындықты біліп, қауым кездесулеріне баруды шешкен бір әйелдің мысалынан көруге болады. “Агнес, ана есіктен аттап шығатын болсаң, қайтып үйге кірме!”— деп оның күйеуі айғайлайды. Сонда ол “ана есіктен” емес, басқа есіктен шығып кетеді. Келесі кездесу болатын кеште, күйеуі қорқытып: “Қайтып келгеніңде, мен бұл жерде болмаймын”,— дейді оған. Шынында да, күйеуі үйде болмай шығады. Ол үш күнге кетіп қалады. Қайтып келгенде, әйелі мейіріммен одан: “Бірдеңе жегің келе ме?”— деп сұрайды. Агнес Ехобаға деген адалдығынан ешқашан тайған жоқ. Ал күйеуі ақыр соңында Киелі кітапты зерттеу сабағына келіседі. Ол Құдайға өмірін бағыштап, кейінірек жауапкершіліктері көп ақсақал болып қызмет етеді.
15. Мәсіхші әйелдердің ‘көркін’ келтіретін не?
15 Елші Петір осындай әйелдердің ‘көркіне’ көңіл аударды. Бұл — ‘шашты ерекшелеп жинау’ немесе ‘көз тартарлық әдемі киімдер киюге’ көп көңіл бөлу емес. Керісінше, Петір: “Көріктерің көңілдеріңдегі көзге көрінбес ізгі қасиеттеріңнен тұрсын; мейірімді де сабырлы жан дүниелеріңнің мәңгі солмайтын көркі Құдай алдында аса бағалы”,— деді. Әйелдің мұндай жан дүниесі жанжалдасып не талап етіп емес, ізет көрсетіп сөйлеуі мен өзін ұстауынан байқалады. Осылайша мәсіхші әйел күйеуін терең құрметтейтінін көрсетеді (Петірдің 1-хаты 3:3, 4).
Үлгі аларлық мысалдар
16. Сара мәсіхші әйелдер үшін қай жағынан жақсы үлгі болып табылады?
16 Петір: “Ежелгі заманда үміттерін Құдайға артып, Оған бағышталған әйелдер [“күйеулеріне бағынып”, Тт] өздерін дәл осылайша әшекейлеген”,— деп жазды (Петірдің 1-хаты 3:5). Бұндай жандар Ехобаның кеңестеріне құлақ аса отырып, оған ұнамды болғандары отбасының бақытына ықпал етіп, түбінде мәңгілік өмірге ие болуға көмектесетінін білген. Петір Ыбырайымның сұлу әйелі Сара жайлы: “Ыбырайымның айтқандарына құлақ асып, оны қожайыным деп атайтын”,— деген. Сара жырақ жерде қызмет етуге тағайындалған Құдайды қастерлейтін күйеуіне сүйеніш болды. Жайлы өмірін тастап, тіпті өмірін қауіпке тікті (Жаратылыс 12:1, 10—13). Петір Сараны батылдықтың үлгісі ретінде келтіріп: “Егер сендер ешқандай қорқынышқа көнбей, адал өмір сүрсеңдер, Сараның рухани ұрпағы боласыңдар”,— деді (Петірдің 1-хаты 3:6).
17. Мәсіхші әйелдерге үлгі ретінде неге Петір Әбигелді де ойға тұтқан?
17 Әбигел де Құдайға үміт артқан батыл әйелдердің бірі болған. Петір оны да ойға тұтқан болса керек. Ол “өте ақылды да сымбатты әйел” еді, бірақ күйеуі Набал “қатыгез де зұлым адам болатын”. Набал Дәуіт пен оның жігіттеріне көмектесуден бас тартқанда, олар оны бүкіл үй-ішімен қоса қырып салуға әзірленеді. Бірақ Әбигел үй-ішін аман алып қалудың қамын жасайды. Ол ас-ауқатты есектерге тиеп, жолда келе жатқан Дәуіт пен оның жасағының алдынан шығады. Дәуітті көрген бойда есегінен түсіп, оның аяғына жығылып, асығыс әрекет етпеуді өтінеді. Бұл Дәуітке қатты әсер етеді. Ол: ‘Сені бүгін маған жолықтырып отырған Исраилдің сиынатын Құдай Иесіне шүкіршілік! Керемет ақылың... үшін саған да көп рақмет!’— дейді (Патшалықтар 1-жазба 25:2—33).
18. Егер өзге біреу ғашық болып, көңіл бөлген жағдайда әйелдерге қай мысалдың үстінен ой жүгіртуге болады және неліктен?
18 Жас суламдық қыз да әйел адамдар үшін керемет үлгі болып табылады. Ол тұрмысқа шығуға уәде берген кішіпейіл қойшы жігітіне адал болып қалады. Байлығы асып-тасыған патшаның өлердей ғашық болғанына қарамастан, оның жігітке деген махаббаты айнымастай болып қала береді. Жас қойшы жігітке сезімін айтқысы келіп, ол: ‘Мені мөр сияқты жүрегіңе бас, сақина секілді саусағыңа кигіз; өйткені махаббат өлімнен де күшті... Үлкен сулар махаббат отын сөндіре алмайды, және өзендер де оған су қаптата алмайды’,— дейді (Таңдаулы әндер 8:6, 7). Некеге тұруды шешкен әрбір әйел заты да болашақта күйеулеріне адал болып қалуға және оларды терең құрметтей беруге бел бусын.
Құдайдың басқа да кеңестері
19, 20. а) Әйелдер не себептен күйеулеріне мойынсұнулары керек? ә) Әйелдер үшін еліктейтін қандай үлгі бар?
19 Енді ‘Әйелдер, күйеулеріңе мойынсұныңдар’ деген негізгі тармақтың мәнмәтінін қарайық (Ефестіктерге 5:22). Неге әйелдер күйеулеріне мойынсұнулары керек? Келесі тармақта былай делінген: “Өйткені Мәсіхтің сенушілер қауымының Басы болғаны сияқты, еркек — әйелдің “басы”. Сондықтан әйелдер: “Қауымның Мәсіхке мойынсұнғанындай, әйелдер де барлық істе күйеулеріне мойынсұнуға тиіс”,— деп шақырылады (Ефестіктерге 5:23, 24, 33).
20 Бұл өсиетке құлақ асу үшін әйелдер майланған мәсіхшілерден тұратын Мәсіхтің қауымының үлгісін зерттеп, сосын, оған еліктеулері қажет. Қорынттықтарға 2-хат 11:23—28 дейінгі тармақтарды оқып, қауымның бір мүшесі болған елші Пауылдың Басы Иса Мәсіхке адал болуда небір нәрсеге төзуге тура келгенін байқаңдаршы. Пауыл іспетті әйелдер де, қауымның басқа мүшелері де Исаға адалдықпен мойынсұнып жүрулері керек. Әйелдер мұны күйеулеріне мойынсұнуларымен көрсетеді.
21. Әйелдерге күйеулеріне үнемі мойынсұнуға не қозғау салады?
21 Бүгінде көп әйелдер күйеуге мойынсұну дегеннен ат тондарын ала қашса, ақылды әйел мұның пайдалы екенін көреді. Мысалы, Құдайдың заңдары мен принциптеріне қайшы келмейтін жағдайлардың бәрінде әйелі күйеуіне мойынсұнғанының арқасында керемет батаға ие болуы, яғни ‘күйеуін құтқаруға алып келуі’, әбден мүмкін (Қорынттықтарға 1-хат 7:13, 16). Бұған қоса, ол Ехобаға өзінің өмір жолы ұнайтынын, сондай-ақ аяулы Ұлына еліктегені үшін мол батасын беретінін білуден қанағат сезінеді.
Естеріңде ме?
• Неге әйелге күйеуін құрметтеу оңай болмауы мүмкін?
• Неке құруға қатысты ұсынысты қабыл алуға неге жауапкершілікпен қарау керек?
• Иса әйелдерге қай жағынан үлгі көрсетті және оның үлгісіне еліктеудің қандай пайдасы бар?
[15-беттегі сурет]
Неке құруға қатысты ұсынысты қабыл алу-алмауды шешу неге үлкен жауапкершілік?
[17-беттегі сурет]
Әйелдер Әбигел сияқты Киелі кітап кейіпкерлерінің үлгісінен неге үйрене алады?