‘Балалар, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар’
“Балалар, Иеміздің еркіне мойынсұнып, әке-шешелеріңнің тілін алыңдар, өйткені осылай істегендерің дұрыс” (ЕФЕСТІКТЕРГЕ 6:1).
1. Мойынсұну бізді қалай аман сақтайды?
БӘЛКІМ, біз мойынсұнудың арқасында қазір аман-сау жүрген шығармыз, ал өзге біреулер бұлай етпегендіктен өліп кеткен болар. Не нәрсеге мойынсұнудың арқасында? Мысалы, ‘тамаша жаратылған’ тәніміздің ескертулеріне (Забур 138:14). Көзіміз қаптаған қара бұлтты көрсе, құлағымыз күннің күркірегенін естиді. Сосын, желдің күшейе түскенін сеземіз. Бұл — найзағай ойнап, бұршақ жауатын дауылдың белгілері. Сондықтан қауіпті алдын ала көре білетін адам үшін бұл ескерту болып табылады.
2. Неге балаларға ескертулер қажет және неліктен олар ата-аналарының тілін алулары керек?
2 Сендерге, жастар, қауіпті жайттардан сақтандыратын ескертулер қажет, әрі оларды ата-аналарың айтуға міндетті. Бәлкім, олардың өздеріңе былай деп айтқандары естеріңде шығар: “Пешке қолыңды тигізбе, ыстық!”, “Суға жақындама, терең”, “Көшеден өтерде жан-жағыңа қарап ал”. Өкініштісі, кейбір балалар тіл алмастан, өздерін жарақаттап алған немесе тіпті өліп кеткен. Сондықтан әке-шешелеріңе мойынсұнғандарың “дұрыс” әрі даналыққа жатады (Нақыл сөздер 8:33). Басқа бір Жазба орны мұның Иеміз Иса Мәсіхке ‘ұнайтынын’ айтады. Құдай, шынымен де, сендерге әке-шешелеріңнің тілін алуды бұйырады (Қолостықтарға 3:20; Қорынттықтарға 1-хат 8:6).
Тілалғыштықтың зор пайдасы
3. Басым көпшілігіміз үшін ‘шынайы өмір’ нені білдіреді және балалар оған қай кезде үміттене алады?
3 Әке-шешелеріңнің тілін алғандарың сендерге ‘осы өмірде’ қорғаныш болады, сондай-ақ ‘шынайы өмір’ деп аталатын ‘болашақ өмірге’ ие болуға көмектеседі (Тімотеге 1-хат 4:8; 6:19). Басым көпшілігіміз үшін бұл шынайы өмір — Құдайдың жаңа дүниесінде орнайтын жердегі мәңгілік өмір. Ол мұны өз өсиеттерін адал орындайтындарға уәде етеді. Ал Құдайдың осы өсиеттерінің ең бастыларының бірі мынадай: “Ата-анаңды сыйла! —Бұл, Құдайдың бір уәдемен байланыстырып берген алғашқы өсиеті: —Сонда бақытты болып, жерде ұзақ өмір сүресің”. Демек, әке-шешелеріңнің тілін алсаңдар, бақытты боласыңдар. Болашақтарың да қауіпсіз болып, жердегі жұмақта мәңгі өмір сүруге үміттерің болады (Ефестіктерге 6:2, 3).
4. Балалар қалай Құдайды құрметтей алады, әрі мұның қандай пайдасы бар?
4 Ата-аналарыңды сыйлайтын болсаңдар, онда Құдайды да құрметтегендерің. Өйткені оларға мойынсұнуды бұйырып отырған — сол ғой. Сондай-ақ өздерің де мұның пайдасын көресіңдер. Киелі кітапта: ‘Мен, Құдай Иелерің, сендерге пайдалыны үйретемін’,— делінген (Ишая 48:17; Жоханның 1-хаты 5:3). Мойынсұнудың сендерге қандай пайдасы бар? Бұл әке-шешелеріңді қуантады. Ал олар, өз тарапынан, қуаныштарын сендердің өмірлеріңді әлдеқайда бақытты етуімен көрсетеді (Нақыл сөздер 23:22—25). Бірақ, ең бастысы, олардың тілін алғандарың көктегі Әкелеріңді қуантады. Ол сендерге керемет батасын беретін болады. Қазір Ехобаның Исаға қалай батасын бергені мен қорғағанын қарастырайық. Иса өзі жайлы: ‘Мен әрқашан Оған ұнайтынды істеймін’,— деген-ді (Жохан 8:29).
Иса — керемет жұмысшы
5. Иса керемет жұмысшы болған деп сенуге қандай себептер бар?
5 Иса шешесі Мәриямның тұңғыш ұлы болған. Оның өкіл әкесі Жүсіп ағаш ұстасы еді. Иса да, Жүсіптен үйренген болу керек, ағаш ұстасы болды (Матай 13:55; Марқа 6:3; Лұқа 1:26—31). Иса қандай ағаш ұстасы болды деп ойлайсыңдар? Көкте болған кезінде, яғни керемет түрде қыздан туылмас бұрын, даналықтың бейнесі болған ол былай деп түсіндірді: “[Құдайдың] қасындағы шебер жұмысшысы болдым, әрі оның әрқашан да ерекше сүйіктісі едім”. Қалай ойлайсыңдар, ол жерде бала болған кезінде керемет жұмысшы, жақсы ұста, болуға да барынша тырысты ма? (Нақыл сөздер 8:30, ЖД; Қолостықтарға 1:15, 16)
6. а) Неге Иса бала кезінде үйінің тірлігін істеген болу керек деп ойлайсыңдар? ә) Балалар Исаға қалай еліктей алады?
6 Киелі кітапта айтылғандай, ежелде балалардың ойын ойнағаны сияқты, Иса да балалық шағында кейде ойнағаны анық (Зәкәрия 8:5; Матай 11:16, 17). Алайда үлкен де қарапайым отбасының ең үлкені болғандықтан, Исаның Жүсіптен ұсталыққа үйренумен қатар, басқа да тірліктері болған болу керек. Кейінірек ол уағыздаушы болып, бар уақытын қызметке арнады. Әрі бұл үшін тіпті өз жағдайын жасаудан бас тартты (Лұқа 9:58; Жохан 5:17). Исаға қалай еліктеуге болатынын байқайсыңдар ма? Ата-аналарың бөлмелеріңді жинауды немесе басқа да тірліктерді істеуді өтіне ме? Олар сендерді қауым кездесулері мен уағызға барып, Құдайға ғибадат етуге талпындыра ма? Қалай ойлайсыңдар, Иса осындай өтініштерге қалай жауап қатар еді?
Киелі кітапты ынталы зерттеуші әрі тәлімгер
7. а) Иса Құтқарылу мейрамына кімдермен бірге барған болса керек? ә) Өзгелер үйлеріне қайтып кеткенде, Иса қай жерде еді және неге онда болды?
7 Исраил отбасының ер адамдарына Ехобаға ғибадат ету үшін яһудилердің үш мейрамы кезінде ғибадатханаға бару бұйырылды (Заңды қайталау 16:16). Иса 12 жаста болғанда, Иерусалимге Құтқарылу мейрамын тойлауға үй-ішімен сапар шегеді. Олардың арасында інілері мен қарындастары да болған болар. Сонымен қатар Исаның отбасымен бірге Салома (Мәриям екеуі апалы-сіңлілі болса керек), оның күйеуі Зебедей және кейінірек елшілер қатарына қосылған ұлдары Жақып пен Жохан да болған болуы мүмкінa (Матай 4:20, 21; 13:54—56; 27:56; Марқа 15:40; Жохан 19:25). Қайтар жолда Жүсіп пен Мәриям Исаны туысқандарының арасында деп ойласа керек, өйткені алғашқыда оның жоқтығы байқалмайды. Үш күн дегенде, Мәриям мен Жүсіп Исаны іздеп тапқанда, ол ғибадатханада ‘ұстаздардың ортасында айтқандарын тыңдап, сұрақтар қойып отырған’ болатын (Лұқа 2:44—46).
8. Иса ғибадатханада не істеді және неге адамдар оған қайран қалысты?
8 Иса ұстаздарға қай мағынада “сұрақтар қойып отырған” еді? Ол жай ғана әуесін қандыру не мәлімет алу үшін ғана сұрақ қойып отырған жоқ-тын. Бұл жерде қолданылған грек сөзі тергеу ісінде қолданылатын және сұраққа қарсы қойылатын сұрақ түріне нұсқайды. Иә, Иса жас болса да, білімді дін мұғалімдерін таңғалдырған Киелі кітап зерттеушісі болып жетілді. “Тыңдап отырғандардың бәрі Исаның ұғымталдығына және берген жауаптарына қайран қалысты”,— дейді Киелі кітап (Лұқа 2:47).
9. Киелі кітапты зерттеуде қалай Исаға еліктей аласыңдар?
9 Қалай ойлайсыңдар, Иса жас болса да, неліктен тәжірибелі ұстаздарды Киелі кітаптан алған білімімен таңғалдыра алды? Себебі Құдайдан қорқатын ата-анасы оған нәресте шағынан Құдайдың нұсқауларын бойына сіңдірген (Мысырдан шығу 12:24—27; Заңды қайталау 6:6—9; Матай 1:18—20). Жүсіп жас Исаны Жазбалардың оқылуы мен түсіндірілуін тыңдау үшін мәжілісханаға апарғанына сенімді болуымызға болады. Сендермен де ата-аналарың Киелі кітапты бірге оқып, мәсіхшілер кездесулеріне алып бара ма? Сендер де Иса сияқты әке-шешелеріңнің еңбегін бағалайсыңдар ма? Исаға ұқсап білгендеріңді өзгелермен бөлісесіңдер ме?
Иса мойынсұнғыш болған
10. а) Неге әке-шешесі Исаны қайдан табу керектігін білу керек еді? ә) Иса балаларға қандай керемет үлгі қалдырды?
10 Мәриям мен Жүсіп үшінші күн дегенде ғибадатханадан Исаны тауып алғанда, не сезінді деп ойлайсыңдар? Әрине, олардың көңілі жайына түседі. Алайда Иса өзінің қайда екенін әке-шешесінің білмегеніне таңғалады. Өйткені екеуі де Исаның керемет түрде туылғанын біледі. Сондай-ақ олар Исаның болашақта Құтқарушы және Құдай Патшалығының Билеушісі ретіндегі қызметі жайлы, бүге-шігесіне дейін болмаса да, кейбір жайттарды білулері керек еді (Матай 1:21; Лұқа 1:32—35; 2:11). Сондықтан Иса олардан: “Мені неге іздедіңіздер? Менің Әкемнің ісімен шұғылданғаным жөн, әлде мұны білмейсіздер ме?”— деп сұрады. Дегенмен де ол мойынсұнушылықпен әке-шешесіне еріп, Назареттегі үйіне қайтады. Киелі кітапта: “[Иса] оларға мойынсұнып жүрді”,— делінген. Ал “осы сөздердің бәрін шешесі көңіліне түйіп алды” (Лұқа 2:48—51).
11. Исадан мойынсұнуға қатысты неге үйрене аласыңдар?
11 Исаға еліктеп, үнемі ата-аналарыңа мойынсұну сендер үшін оңай ма? Әлде олар қазіргі заманды түсіне бермейді, оларға қарағанда өзіміз көбірек білеміз деген ойдасыңдар ма? Рас, бәлкім, кейбір нәрселер жөнінде, мысалы ұялы телефонды, компьютер немесе басқа да жаңа құрылғыларды қолдану жайында, көбірек білетін шығарсыңдар. Бірақ тәжірибелі ұстаздарды ‘ұғымталдығы мен берген жауаптарымен’ қайран қалдырған Исаны еске алыңдаршы. Онымен салыстырғанда, өте аз білетіндеріңмен келісерсіңдер. Иса сонда да ата-анасына бағынған. Әрине, бұл міндетті түрде Иса әрдайым олардың шешімдерімен келіскен дегенді білдірмейді. Сөйтсе де жасөспірім шағында “оларға мойынсұнып жүрді”. Исаның үлгісінен неге үйрене аласыңдар? (Заңды қайталау 5:16, 29)
Мойынсұну оңай болмауы мүмкін
12. Мойынсұну өмірді қалай сақтайды?
12 Мойынсұну барлық уақытта оңайға соқпайды. Мұны келесі мысалдан көруге болады. Осыдан біраз жыл бұрын екі жас қыз арғы бетке жүргіншілерге арналған көпірмен өтпей, алты жолақты үлкен тас жолмен өтпекші болады. Көпірге бет алған жолдасына олар: “Джон, кеттік. Сен бізбен бірге барасың ғой, иә?”— дейді. Ол тартыншақтаған кезде қыздардың бірі мазақтап: “Өй, өзің қоян жүрек екенсің ғой”,— деп айтады. Қорқып тұрмаса да, Джон: “Мен анамның айтқанын тыңдауым керек”,— деп жауап қатады. Жаяу жолмен өтіп бара жатып, Джон шиқылдап тоқтаған көлік даусын естиді. Төмен қараса, қыздарды көлік қағып кетіпті! Олардың біреуі өліп кетеді, ал екіншісі ауыр жарақат алып, аяғын кесіп тастауға тура келеді. Қыздарына жаяу жолмен жүруді айтқан шешесі кейінірек Джонның анасына: “Олар да сіздің ұлыңыз сияқты тілалғыш болғанда ғой”,— деп өкінішін білдіреді (Ефестіктерге 6:1).
13. а) Неге әке-шешелеріңнің тілін алуларың керек? ә) Қай кезде бала әке-шешесінің айтқанын істемегені жөн?
13 Неге Құдай: “Балалар... әке-шешелеріңнің тілін алыңдар”,— деп айтқан? Ата-аналарыңның тілін алуларыңмен сендер Құдайға мойынсұнасыңдар. Оның үстіне, сендерге қарағанда, ата-аналарыңның өмірлік тәжірибесі әлдеқайда мол. Мысалы, жоғарыда айтылған апаттан бес жыл бұрын, Джонның анасының құрбысының ұлы дәл сол жолдан өтем деп қаза болған еді! Рас, ата-ананың тілін алу барлық уақытта оңай болмауы мүмкін, бірақ Құдай солай етулерің керек дейді. Ал егер ата-аналарың, немесе басқа біреулер, өтірік айт, ұрла немесе Құдайға ұнамайтын басқа бірдеңені істе десе, ‘адамдарды емес, Құдайды көбірек тыңдауларың керек’. Міне, сондықтан да Киелі кітапта “Әке-шешелеріңнің тілін алыңдар” дегенге “Иеміздің еркіне мойынсұнып” деген сөздер қосылған. Бұл ата-аналарыңа Құдайдың заңдарына қайшы келмейтін жайттардың бәрінде мойынсұнуды білдіреді (Елшілердің істері 5:29).
14. Неге кемелді адам үшін мойынсұну әлдеқайда жеңіл, десе де неге ондай адамға мойынсұнуды үйрену қажет?
14 Егер кемелді болсаңдар — дәлірек айтқанда, Иса сияқты ‘кіршіксіз, күнәкарлардан аластатылған’ болсаңдар — ата-аналарыңа мойынсұну әрқашан оңай болар еді деп ойлайсыңдар ма? (Еврейлерге 7:26) Рас, егер кемелді болсаңдар, қазіргідей жамандыққа бейім болмас едіңдер (Жаратылыс 8:21; Забур 50:7). Алайда Исаға да мойынсұнуға қатысты бір нәрсеге үйренуге тура келді. Киелі кітапта: “Құдайдың рухани Ұлы бола тұра, Мәсіх ауыр азаптар шеккен кезінде де Әкесіне мойынсұнуға үйренді”,— делінген (Еврейлерге 5:8). Азап шеккенде Иса мойынсұнуды, яғни көкте ешқашан үйренуге тура келмеген нәрсені, қалай үйренді?
15, 16. Иса мойынсұнуды қалай үйренді?
15 Ехобаның басшылығымен Жүсіп пен Мәриям Исаны бала кезінде қауіп-қатерден қорғады (Матай 2:7—23). Алайда Құдай ақыр соңында Исаны кереметтің күшімен қорғамай қойды. Исаның тартқан жан азабы мен тән азабының ауыр болғаны сонша — Киелі кітап оның ‘қатты дауыстап сиынып, көз жасын төгіп жалбарынғанын’ айтады (Еврейлерге 5:7). Бұл қашан болған еді?
16 Бұл, негізінде, Исаның жердегі өмірінің соңғы сағаттарында, Шайтан оны мінсіздігінен тайдыруға барынша тырысып жатқанда, болды. Қылмыскер ретінде өлтірілгені Әкесінің беделіне кір келтіруі мүмкін деген ой оның жанын жегідей жегені соншалық — ‘Иса [Гетсимани бағында] одан бетер қатты мінажат еткенде, оның тері қан тамшыларына ұқсап жерге тамып жатты’. Сондай-ақ бірнеше сағаттан кейін, азап бағанасындағы өлімі де өте ауыр тиіп, ол ‘қатты дауыспен айқайлады’ (Лұқа 22:42—44; Марқа 15:34). Осылайша Иса “ауыр азаптар шеккен кезінде де Әкесіне мойынсұнуға үйренді” және сонысымен көктегі Әкесін қуантты. Қазір көкте отырған Иса мойынсұнуға қатысты күресте қиналатынымызды түсінеді (Нақыл сөздер 27:11; Еврейлерге 2:18; 4:15).
Мойынсұнуды үйрену
17. Түзетуге қалай қарауымыз керек?
17 Ата-анаң сені түзетіп, жөнге салып жатса, бұл олардың саған тек жақсылық тілейтіні мен сүйетіндерін көрсетеді. “Әкесі түзетпейтін бала бола ма?”— делінген Киелі кітапта. Егер ата-анаң сені онша жақсы көрмей, түзету үшін күш салып, уақыт таппай жүрсе, бұл өкінішті емес пе? Ехоба да сені жақсы көргендіктен түзетеді. “Кезінде әрбір жаза қуаныш емес, реніш туғызады. Ал соны басынан өткізіп тәрбиеленгенге ол кейінірек әділдік пен тыныштықтың игілікті жемісін береді” (Еврейлерге 12:7—11).
18. а) Түзету ненің белгісі болып табылады? ә) Осылай тәрбиеленген адамдарды білесіңдер ме?
18 Иса ежелдегі Исраил патшасының асқан даналығын атап өткен-ді. Ол патша ата-ананың баласын сүйіспеншілікпен түзетуі қажет екенін айтқан. “Жазасын тартқызбаған баласын сүймейді, Баласын сүйген жасынан тәрбиелейді”,— деп жазды Сүлеймен. Ол тіпті ата-анасының сүйіспеншілікпен түзеткеніне көнген адамның өз жанын өлімнен аман сақтауы мүмкін екенін айтқан (Нақыл сөздер 13:24; 23:13, 14; Матай 12:42). Бір мәсіхші әйел бала кезінде кездесулерде өзін дұрыс ұстамағанда, әкесі үйіне барған соң жазалаймын деп айтатынын есіне алады. Қазір ол сүйіспеншілікпен жөнге салғаны үшін әкесін ризашылықпен еске алады. Оның тәрбиесі керемет өмір жолына бағыт берді.
19. Ата-анаға мойынсұнудың басты себебі қандай?
19 Егер ата-аналарың уақыт бөліп, сендерді сүйіспеншілікпен жөнге салуымен жақсы көретіндерін көрсетіп жатса, бұған қуаныңдар. Иеміз Иса Мәсіх ата-анасы Жүсіп пен Мәриямға мойынсұнғаны сияқты, сендер де әке-шешелеріңе мойынсұныңдар. Алайда бұлай етуді, бірінші кезекте, сендерге көктегі Әкелерің Ехоба Құдай айтып отыр. Сонда мұның пайдасын өздерің көресіңдер, әрі ‘бақытты болып, жерде ұзақ өмір сүресіңдер’ (Ефестіктерге 6:2, 3).
[Сілтеме]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” кітабын қараңдар (2-том, 841-бет, ағ.).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Балалар ата-анасының тілін алатын болса, мұның қандай пайдасы бар?
• Бала кезінде Иса ата-анаға мойынсұнуға қатысты қандай үлгі қалдырды?
• Иса мойынсұнуды қалай үйренді?
[20-беттегі сурет]
12 жасар Иса Жазбаларды жақсы білген
[22-беттегі сурет]
Иса азап шеккен кезінде мойынсұнуды қалай үйренді?