Жақында орындалатын пайғамбарлықтар
ЕЛШІ ПЕТІР адамзат пен Жердің келешегі жайлы: “Құдайдың уәдесіне сай әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жердің пайда болуын күтудеміз”,— деп жазған (Петірдің 2-хаты 3:13). “Жаңа аспан мен жаңа жер” жайлы уәде алғашқыда Ишая пайғамбар арқылы берілген болатын (Ишая 65:17; 66:22). Осы сөздерді келтіруімен Петір бұл уәденің сол кезде әлі толық орындалмағанын көрсетті.
Кейінірек, шамамен б. з. 96 жылы, елші Жоханға берілген аяннан “жаңа жердің” Құдай Патшалығының баталарымен байланысты екені белгілі болды (Аян 21:1—4). Патшалық Құдай еркін жерде орындаудың алдындағы кезеңге қатысты Иса мен елші Пауылдың айтқан пайғамбарлықтары қазір орындалып жатыр. Олай болса, Патшалық жақында жаңа дүние орнатады деп күтуге болады. Жаңа дүние қандай болады? Мұны Ишая кітабынан білеміз.
Жаңа дүниедегі баталар
Дүниежүзілік бейбітшілік және жалғыз ғибадат. “Халықтар енді қайтып ешқашан да Бір-біріне қарсы қару көтермейді, Олар соғысуды тіптен үйренбейді” (Ишая 2:2—4).
Адам мен жан-жануарлар арасындағы татулық. “Сол заманда қасқыр қозымен тату-тәтті тұрып, қабылан лақпен бірге тынығады. Бұзау, қарулы жас арыстан және бордақы өгіз де қатарласып бірге жататын болады. Бәрін бір жас бала айдап, баға алады. Сиыр мен аю қатар жайылып, бұзаулары мен қонжықтары бірге тынығып, арыстан өгіз сияқты сабан, шөп жейді... Бүкіл қасиетті тауымда ешқандай зұлымдық пен қиянат жасалмайтын болады” (Ишая 11:6—9).
Азық-ауқаттың молшылығы. “Жаратушы Ие Саваоф сол таудың үстінде барлық халықтар үшін майлы тамақ береді, таза шараптардан, жануардың сүйек майларынан және ең таза шараптардан дастархан мәзірін жасайды” (Ишая 25:6).
Өлім болмайды. “Өлім ғұмыр бақи құрдымға кетіп жоғалады, сөйтіп, Жаратушы Ие барлық адамдардың бет-жүзіндегі жас тамшысын тыяды, әрі бүкіл жер бетіндегі өз халқынан масқарашылықты алып тастайды; өйткені Жаратушы Ие солай дейді” (Ишая 25:8).
Өлгендер қайта тіріледі. “Сенің өліктерің тіріледі, өлі мүрделер орындарынан тұрады! Күлге айналғандар сілкініңдер және қуаныңдар ...жер өлі мүрделерді өз қойнынан аластап тастайды” (Ишая 26:19).
Мәсіхтің әділ билігі. “Патша тек көрген сырт пішінге, ұзын құлақтан естігеніне ғана сүйеніп үкім шығармайды. Қайта, жарлыларға әділдікпен төрелік айтып, жердің жапа шеккендерінің заңды мүдделерін қорғайды” (Ишая 11:3, 4).
Зағиптар мен саңыраулардың сауығуы. “Сол кезде соқырлардың көздері ашылады, және саңыраулар еститін болады” (Ишая 35:5).
Шөл даланың құнарлы жерге айналуы. “Шөлді аймақ пен шөліркеген даланы қуанышты көңіл-күй кернейді, сөйтіп елсіз жатқан мекен дала нарцисс гүлі сияқты құлпырып шыға келеді; Гүлдер әдемі болып бүр жарады, қуаныш орнығады, салтанат пен шаттық орнайды” (Ишая 35:1, 2).
Жаңа жер. “Мен жаңа аспан мен жаңа жерді [көктегі жаңа үкімет пен жердегі жаңа әділ қоғамды] жаратпақпын. Бұрынғылар енді еске алынбай, ойға да келмейтін болады. Сонда сендер жасағандарыма мәңгі-бақи мәз болып шаттанасыңдар... Халқым [Құдай уәде еткен жаңа дүниедегі адамдар] үй салса, сонда өзі тұратын, жүзімдік отырғызса, соның жемісін өзі жейтін болады. Енді қайтып олардың үйлерінде бөтен кісілер тұрмайды, жүзімдіктерінің жемісін де жаулары жемейді. Халқым мықты ағаш сияқты ұзақ өмір сүретін болады. Менің таңдап алғандарым жұмыстарының өнімдерін ұзақ уақыт пайдаланып, бейнеттерінің зейнетін көреді. Олар бекерге еңбек етпейді де, апатқа ұшырайтын балалар тумайды да. Себебі өздері мен ұрпақтары Өзім жарылқаған үрім-бұтақ болады. Маған сиынбастан бұрын Мен оларға жауап беремін, олар әлі сөйлеп жатқанда-ақ Мен өтініштеріне құлақ саламын”. “Мен жарататын жаңа аспан мен жаңа жердің көз алдымда мәңгі жойылмайтынындай, сендердің есімдерің де өшпей үрім-бұтақтарың мәңгі-бақи көз алдымда болады” (Ишая 65:17—25; 66:22).
Алдын ала айтылған керемет болашақ
Болашақта болатын баталар туралы Ишая пайғамбар ғана айтпаған. Киелі кітаптың басқа да жазушылары Құдайдың Мәсіх басқарған Патшалығы арқылы жасайтын керемет істері жайлы пайғамбарлықтар жазғанa. Жұмақ орнаған жерде өмір сүргің келе ме? Бұл әбден мүмкін. Құдайдың болашаққа қатысты керемет ниеті туралы Киелі кітаптың шынымен неге үйрететінін және оның баталарына қалай ие бола алатыныңды біліп ал. Ехоба куәгерлері саған қуана-қуана көмектеседі.
[Сілтеме]
a Құдай Патшалығы мен оның болашақта атқаратын істері жайлы көбірек мәліметті Ехоба куәгерлері басып шығарған “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 76—85 беттерінен табуға болады.
[8-беттегі сурет]
Адамдар өзара да, жан-жануарлармен де тату өмір сүреді
[9-беттегі сурет]
Өлгендер қайта өмір сүреді
[10-беттегі сурет]
Жер жүзі жұмаққа айналады