Жаңа дүние. Сендер онда өмір сүресіңдер ме?
“Олар үшін шаттанып, өмірлерінде игі істер жасағаннан артық еш нәрсе жоқ екенін білдім. Және қандай да бір адам ішіп-жеп, өзінің әр еңбегінің рақатын көретін болса, бұл — Құдайдың сыйы” (ЕККЛЕСИАСТ 3:12, 13).
1. Неліктен болашаққа сеніммен қарай аламыз?
Көп адамдар Құдіретті Құдайды қатал да мейірімсіз деп ойлайды. Бірақ оның Сөзінен жоғарыда келтірілген шындық сөздерді табуға болады. Бұл сөздер оның “бақытты Құдай” екендігімен және алғашқы жұпты жердегі жұмаққа қоныстандырғанымен сәйкес келеді (1 Тімотеге 1:11, ЖД; Жаратылыс 2:7—9). Құдай өзінің халқына уәде еткен болашаққа көз жіберген кезде, шексіз қуанышқа бөлейтін жағдайларға таңырқаудың қажеті жоқ.
2. Болашақта бізді күтіп тұрған кейбір жағдайлар қандай?
2 Өткен мақалада “жаңа аспан мен жаңа жер” туралы Киелі кітапта алдын ала айтылған төрт жердің үшеуін қарастырдық (Ишая 65:17). Ол сенімді пайғамбарлықтардың бірі Аян 21:1-де жазылған. Келесі тармақтарында Құдіретті Құдайдың жер бетіндегі жағдайларды жақсартып, түпкілікті өзгертетін уақыты жайында жазылған. Ол қайғыдан туатын көз жасты сүртеді. Бұдан былай адамдар қартайғандықтан, аурудан немесе қайғылы оқиғаның салдарынан қайтыс болмайды. Қайғы, жылау және зарлау енді болмайды. Қандай керемет болашақ десеңші! Бірақ оның келетініне сенімді болуға бола ма және бұндай үміт қазірдің өзінде бізге қалай әсер етуі керек?
Сенімді болудың себебі
3. Киелі кітаптың болашақ жөніндегі уәделеріне неліктен сенімді бола аламыз?
3 Аян 21:5-те жазылған сөздерге көңіл бұрайықшы. Бұл тармақта аспандағы тағында отырған Құдайдың: “Міне, барлығын жаңадан жаратып жатырмын”,— деген сөздері келтірілген. Құдайдың бұл уәдесі тәуелсіздік туралы мемлекеттік декларацияның, бүгінгі күнгі құқық туралы заңдардың немесе адамдардың болашаққа артқан үміттерінің қайсысынан да болсын артық. Бұл толық сенуге тұрарлық сөздер. Оның авторы туралы Киелі кітапта “жалған сөйлемейтін” деп айтылған (Титке 1:2). Түсінікті себептермен, жеткілікті білім алдым, енді осы керемет болашаққа қуанып, Құдайға сенім артсам болғаны деп ойлауларың мүмкін. Бірақ осыны ғана қанағат етіп қоя салмау керек. Болашақ туралы білетін нәрсе бұл ғана емес.
4, 5. Алдында қарастырылған қандай Киелі кітаптың пайғамбарлықтары болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді?
4 Өткен мақалада Киелі кітаптың жаңа аспан мен жаңа жер жайлы уәделері туралы не айтылғанын еске түсірейікші. Ишая осындай жаңа дүние туралы алдын ала айтқан болатын және оның пайғамбарлығы иудейлер туған жеріне қайта оралып, шынайы мінажатты қалпына келтірген кезде орындалған еді (Езра 1:1—3; 2:1, 2; 3:12, 13). Бірақ Ишая алдын ала осы оқиғаны ғана айтқан ба еді? Әрине жоқ! Оның пайғамбарлығы көп уақыт өткен соң кең көлемде орындалуы керек еді. Не себепті олай дейміз? Өйткені 2 Петір 3:13 пен Аян 21:1—5 тармақтарда жазылған игілік әкелетін жаңа аспан мен жаңа жер туралы пайғамбарлық бүкіл дүние жүзіндегі мәсіхшілерге қатысты.
5 Жоғарыда айтып өткендей, “жаңа аспан мен жаңа жер” деген сөздер Киелі кітапта төрт мәрте кездеседі. Біз олардың үшеуін қарастырып, үміт оятатын тұжырымға келдік. Иә, Киелі кітапта Құдайдың зұлымдық пен қайғы әкелетін өзге де себептерді жоятыны және уәде етілген жаңа дүниеде адамзатқа батасын төгуді жалғастыратыны айтылғаны анық.
6. “Жаңа аспан мен жаңа жер” туралы төртінші пайғамбарлықта не айтылады?
6 Ал енді “жаңа аспан мен жаңа жер” деген сөздер кездесетін соңғы жер — Ишая 66:22—24 қарастырайық: “Мен жарататын жаңа аспан мен жаңа жердің әрқашан Менің алдымда болатыны сияқты, дейді Тәңір, сендердің ұрпақтарың мен есімдерің де солай болады. Сол уақытта ай сайын және діни демалыс күні сайын әрбір адам мінажат ету үшін Менің алдыма келетін болады, дейді Тәңір. Және сыртқа шығып, Менен бас тартқан адамдардың өліктерін көретін болады: өйткені оларды жеген құрттар өлмейді, өртеген от та өшпейді; сөйтіп олар барлық адамдарға жиіркенішті болады”.
7. Неліктен Ишая 66:22—24 болашақта орындалады деп айтуға болады?
7 Бұл пайғамбарлық өз елдеріне қайта оралған иудейлерде орындалды, бірақ тағы бір мәрте орындалуы керек. Екінші рет ол Петірдің 2-хаты мен Аян кітабы жазылып болған соң көп жылдар өткен соң орындалады, өйткені оларда болашақтағы “жаңа аспан мен жаңа жер” жайында жазылған. Бұл пайғамбарлықтың кең көлемде және толығымен жаңа дүниеде орындалуын күтуімізге болады. Қуанышпен күтуге болатын жағдайлардың кейбіреуін қарастырып көрейікші.
8, 9. а) Қай мағынада Құдай халқы “әрқашан болады”? ә) Ехобаның қызметшілері оған әр жаңа ай туғанда және әр діни демалыс күні мінажат ететін болады деген пайғамбарлықтың мағынасы неде?
8 Аян 21:4-те өлімнің енді болмайтындығы айтылған. Ишая 66-тарауында да осы айтылады. Біз 22-тармақтан Ехобаның жаңа аспан мен жаңа жердің уақытша болмайтынын білетінін көреміз. Оның халқы да ешқашан жойылмайды, бұл халық “әрқашан” Құдайдың алдында болады. Құдайдың таңдап алған халқына осы уақытқа дейін істеген істері біздің сенімді болуымызға көмектеседі. Шынайы мәсіхшілерді қатаң қудалаған, тіпті оларды жойып жібергісі келген фанатиктер де болған (Жохан 16:2; Елшілердің істері 8:1). Бірақ Рим императоры Нерон мен Адольф Гитлер сияқты Құдай халқының құдіретті жаулары да оның есімімен аталатын Құдайдың шын берілген қызметшілерін жойып жібере алмады. Ехоба өз халқын осы уақытқа дейін сақтады және мәңгі сақтай алатынына сенімді бола аламыз.
9 Құдайға шын берілген жеке адамдар да жаңа жердің, яғни жаңа дүниеде өмір сүретін шынайы мінажат ететін адамзат қоғамының мүшесі ретінде “әрқашан... болады”, өйткені олар барлық тіршіліктің Жаратушысына шынайы мінажат ететін болады. Олар арагідік немесе кей кезде ғана мінажат етіп қоймайды. Мұса арқылы берілген Құдайдың Заңы бойынша исраилдіктер әр айда (жаңа ай туғанда) және әр аптаның діни демалыс күні мінажатқа қатысу керек еді (Леуі 24:5—9; Санақ 10:10; 28:9, 10; 2 Шежіре 2:4). Сонымен Ишая 66:23-те адамдардың Құдайға үнемі және үздіксіз — апта сайын, ай сайын — мінажат ететіні айтылған. Ол кезде атеизм мен діни екіжүзділік болмайды. Ехобаға “әрбір адам мінажат ету үшін... келетін болады”.
10. Жаңа дүниеде зұлым адамдардың зиян келтіруіне жол берілмейтініне неліктен сенімді бола аламыз?
10 Ишая 66:24 жаңа жердегі бейбітшілік пен әділдік үшін ешқандай қауіптің болмайтынын айтады. Арам ниетті адамдар жаңа жерді бүлдірмейді. 2 Петір 3:7-де алдымызда “сот күнінде... әділетсіз адамдардың жойылатын уақыты” екені айтылғанын есімізге түсірейікші. Иә, тек құдайсыз адамдар ғана жойылады. Адамдардың арасындағы қақтығыстарда көбінесе әскери адамдардан гөрі бейбіт адамдар көп өледі. Ал Құдайдың соты күні кінәсыз адамдар еш зиян шекпейді. Ұлы Би өзінің күні келгенде тек құдайсыздар жойылатынына кепілдік береді.
11. Ишаяның пайғамбарлығына сәйкес Құдайға және оған мінажат етуге қарсы шыққандарды не күтіп тұр?
11 Аман қалған әділ адамдар Құдайдың пайғамбарлығының ақиқат екенін көреді. 24-тармақта Ехобаның сот жүргізгенінің дәлелі — одан “бас тартқан адамдардың өліктері” болатыны алдын ала айтылған. Ишая қолданған бейнелі сөздер үрей тудыруы мүмкін. Бірақ пайғамбардың сөздері тарихи дерекке сәйкес келеді. Ежелгі Иерусалимді қоршаған дуалдың сыртында қоқыс тастайтын жер болған. Кей кездері ол жерге лайықты түрде жерлеуге тұрмайды деп есептелген қылмыскерлердің мәйітін тастайтын едіa. Құрттар мен бәрін жалмайтын от, қоқысты да, өлі денені де тез жоқ қылатын. Ишая осы бейнені Ехобаның құдайсыздарға шығарған үкімінің нәтижесін көрсету үшін қолданғаны анық.
Құдайдың уәдесі
12. Жаңа дүниедегі өмір жайында Ишая тағы не айтады?
12 Аян 21:4-те жаңа дүниеде болмайтын біраз нәрселер жөнінде айтылған. Ал сонда не болады? Өмір қандай болады? Сол жайында қандай да бір сенімді мәлімет ала аламыз ба? Иә, ала аламыз. Ишаяның кітабының 65-тарауында керемет жағдайлар суреттеледі. Біз бұндай өмірдің рахатын тек Ехоба бізді түпкі мағынадағы жаңа аспан мен жаңа жерді жаратқан кезде өмір сүруге лайықты деп шешкен жағдайда ғана көреміз. Жаңа жерде мәңгі өмір сүру батасына ие болғандар аурудан және адамдар ешқашан қашып құтыла алмаған өлімнен арылады. Ишая 65:20-да былай делінген: “Онда жас пен күндері толмаған кәрі болмайды; өйткені жүз жастағы адам жас жігіт қалпында өледі, бірақ жүз жастағы күнәкар қарғысқа ұшырайды”.
13. Құдай халқының қауіпсіздікте өмір сүретінін Ишая 65:20 қалай көрсетеді?
13 Бірінші рет иудей халқына қатысты орындалған кезде, бұл пайғамбарлық ол елдегі нәрестелердің қауіпсіздікте болғанын білдірді. Олар бір кездері өздерін жаулап алып, емшектегі балалар мен кемеліне келген ер кісілерді өлтірген бабылдықтар сияқты жаулардың шапқыншылығына ұшыраған жоқ (2 Шежіре 36:17, 20). Жаңа дүниеде адамдар қауіпсіздікте, тыныштықта бақытты өмір кешетін болады. Егер кімде-кім Құдайға қарсы шығуды ұйғарса, сол сәтте-ақ өмірінен айырылады. Құдай оны жойып жібереді. Ал егер бүлік шығарған күнәкар жүз жаста болса ше? Оның мәңгі өмір сүру мүмкіндігінің болғанын есепке алатын болсақ, “жас жігіт қалпында” өледі деп айтуға болады (1 Тімотеге 1:19, 20; 2 Тімотеге 2:16—19).
14, 15. Ишая 65:21, 22-ге сәйкес қандай жағымды жұмысты күтуімізге болады?
14 Ишая Құдайдың заңдарын әдейі бұзатындардың қалай жойылатынына көп көңіл бұрмаған, оның орнына жаңа дүниедегі өмірдің қандай болатынын суреттейді. Өздеріңді сол жаңа дүниеде елестетіп көріңдерші. Ең бірінші ойларыңа өздеріңе етене жақын заттар түсетін болар. Ишая бұл туралы 21, 22-тармақтарда айтады: “Және үйлер соғып, онда тұратын болады; жүзім отырғызып, оның жемісін жейтін болады. Біреу тұрсын деп соқпайды, біреу жесін деп екпейді; өйткені Менің халқымның күндері, ағаштың күндеріндей болады және Менің таңдаулыларым өз еңбегінің рахатын көреді”.
15 Егер құрылыспен және бақ өсірумен айналыспаған болсаңдар, Ишаяның пайғамбарлығынан көрініп тұрғандай оған үйренетін боласыңдар. Бірақ сендер тәжірибелі адамдардан, мысалы қуана-қуана көмектесетін мейірбан көршілеріңнен, үйренуге дайын боласыңдар ма? Үйлеріңнің терезесі қандай болады: терезе жапқыштан жағымды тропиктік самал есіп тұруы үшін әйнексіз терезе бола ма, жоқ әлде жыл мезгілдерінің ауысқанын бақылау үшін әйнектелген терезе бола ма? Ишая ол туралы айтпайды. Жауын мен қардың суы ағып кетуі үшін үйдің төбесі көлбеу болғанын жоспарлайсыңдар ма? Әлде жергілікті климат, Таяу Шығыстағыдай отбасымен бірге жиналып, дәмді тамақ жеп, әңгімелесіп отыруға болатын жазық болуына мүмкіндік бере ме? (Заңды қайталау 22:8; Нехемия 8:16).
16. Неліктен жаңа дүниедегі өмір үнемі қанағаттандырады деп күтуге болады?
16 Бәрін егжей-тегжейлі білгің келеді, әрине. Дегенмен ең бастысы — өз үйлерің болады. Ол сендердікі болады. Қазіргі уақыттағы сияқты, үйді біреу үшін қиналып соқпайтын боласыңдар. Сонымен бірге, Ишая 65:21-де отырғызған нәрселеріңнің өнімін өздерің жейтін боласыңдар делінген. Бұл жерде жалпы жағдайдың суреттелгені айқын. Еңбектерің мен оның жемісі толық қанағаттандыратын болады. “Ағаштың күндеріндей” ұзақ өмір бойы осылай болады. Шындығында қандай “барлығы да жаңа” керемет нәрселердің суреттемесі десеңші! (Забур 92:12—14).
17. Қандай уәде ата-аналарды ерекше қуанышқа бөлейді?
17 Егер балаларың бар болса, келесі сөздер сендер үшін өте әсерлі болады: “Босқа еңбектеніп, балаларын қайғыға тумайтын болады; өйткені өздері де, балалары да Тәңір батасын берген ұрпақ болады. Және өтініш етпей тұрып, Мен жауап беретін боламын; олар әлі айтып болмай жатып, тілектері құлағыма жететін болады” (Ишая 65:23, 24). ‘Балалар қайғыға туғаннан’ туындайтын ауыр сезіммен таныс шығарсыңдар? Ата-аналары мен өзгелерді қайғы-мұңға салатын балаларға қатысты қиыншылықтар айтпаса да белгілі. Сондай-ақ мансап қуудан, жеке бастарының қамынан немесе көңіл көтеруден балаларына дұрыстап уақыт бөлуге қолы тимейтін ата-аналардың барын бәріміз білеміз. Ал Ехоба, керісінше, біздің өтініштерімізге құлақ түріп, жауап беретінін, тіпті оларды алдын ала біліп тұратынын айтады.
18. Неліктен жаңа дүниеде жануарлар қуанышқа бөлейтін болады деп күтуге болады?
18 Жаңа дүниеде қуанышқа бөлейтін нәрселер жайында ойлап, Құдайдың пайғамбарлық сөзінде суреттелген жағдайды көздеріңе елестетіңдерші: “Қасқыр мен қозы бірге жайылып, арыстан да өгіз сияқты сабан жейтін болады, ал жылан үшін топырақ қорек болады: олар бүкіл Менің киелі тауымда жамандық жасап, зиян келтірмейтін болады дейді Тәңір” (Ишая 65:25). Суретшілер осы жағдайды бейнелеуге тырысып бағуда, бірақ бұл жай суретшілердің қиялынан шыққан нәрсе ғана емес. Бұл іс жүзінде болатын жағдай. Адамдардың арасында ғана емес, адамдар мен жануарлардың арасында да бейбітшілік орнайды. Көптеген биологтар мен жануарларды жақсы көретін адамдар өмірінің ең жақсы шағын жануарлардың бірнеше түрін, болмаса бір ғана түрін немесе тұқымын зерттеуге жұмсайды. Ал енді жануарлар адамдардан қорқып қашпайтын болған кезде олар туралы қаншалықты біле алатындарыңды ойлаңдаршы. Ол кезде құстарға да, ормандар мен джунглидің кішкентай тұрғындарына да жақындай алатын боласыңдар. Иә, оларды бақылап, қызықтайтын боласыңдар (Аюп 12:7—9). Және бұл мүлдем қауіпсіз болады, адамдар да, жануарлар да қауіп төндірмейтін болады. Ехоба былай дейді: “Бүкіл Менің киелі тауымда жамандық пен зияндық жасамайтын болады”. Бұның бәрі қазіргі уақытта күнделікті көріп, бастан кешіріп жүрген жағдайдан қаншалықты өзгеше десеңші!
19, 20. Құдай халқы неліктен бүгін көптеген адамдардан мүлдем ерекше?
19 Жоғарыда айтылғандай, жаңа мыңжылдық қаншалықты ойландырғанымен адамзат болашақты тура болжай алмайды. Сондықтан көптеген адамдар көңілі қалып, абыржиды немесе оларды үмітсіздік сезім билейді. Канададағы бір университеттің ректоры Питер Эмберли былай деп жазды: “Көптеген адамдар [үлкен кісілер] ақыр аяғында келесі сұрақтарға жауап іздей бастайды: Мен кіммін? Не үшін өмір сүріп жатырмын? Келесі ұрпаққа өзімнен кейін не қалдырамын? Орта жасқа келгенде олар өміріне тірек және мағына іздей бастайды”.
20 Неліктен көп адамдардың осындай сұрақтар қоятыны түсінікті нәрсе. Көпшілігі өмірдің қызығын сүйікті ісімен шұғылдану мен демалысты қызықты өткізуден іздеуі мүмкін. Бірақ, олар болашақта не болатынын білмейді, сондықтан олардың өмірінде мән, белгілі бір жүйе мен нағыз мағына жетіспейді. Енді жоғарыда айтылғандарды есте ұстап, олардың өмірге деген көзқарасын өзіміздікімен салыстырайықшы. Ехоба уәде еткен жаңа аспан мен жаңа жер орнаған кезде жан-жағымызға қарап, шын жүректен: “Иә, Құдай барлығын жаңадан жаратты!” — деп айта алатынымызды білеміз. Сол кезде біз қандай бақытты боламыз десеңші!
21. Ишая 65:25 пен Ишая 11:9-дан қандай ортақ сөздер табамыз?
21 Өзіңді Ехобаның жаңа дүниесінде елестету менмендікті білдірмейді. Құдайдың өзі бізді қазірдің өзінде Өзіне шындықта мінажат етуге және оның киелі тауында “жамандық пен зияндық жасамайтын” уақыт келген кезде өмір сүруге дайындалуға шақырады, тіпті талпындырады да (Ишая 65:25). Ишаяның осындай сөздерді ертеректе де, жаңа дүниедегі өмірдің қуанышты болуы үшін қажет маңызды нәрсе ретінде қолданғанын білесіңдер ме? Ишая 11:9-да былай делінген: “Бүкіл Менің киелі тауымда жамандық пен зияндық жасамайтын болады, өйткені судың теңізді толтырғанындай, жер беті Тәңірдің біліміне толады”.
22. Киелі кітаптағы төрт пайғамбарлықты қарастырғанымыз бізді не нәрсеге көңіл қоюға талпындыруы керек?
22 “Тәңірдің білімі”! Құдай барлығын жаңадан жаратқан кезде, жердің тұрғындары ол туралы және оның еркі туралы тура білімге ие болады. Бұған жануарларды бақылап үйренгеннен әлдеқайда көп нәрсе жатады. Білімнің көзі — Құдай Сөзі. Мысалы үшін “жаңа аспан мен жаңа жер” туралы айтылған тек төрт қана пайғамбарлықтың өзінен қаншама көп нәрсе білгенімізді ойлаңдаршы (Ишая 65:17; 66:22; 2 Петір 3:13; Аян 21:1). Киелі кітапты күнделікті оқуымыз үшін маңызды себептер бар. Оған күнделікті уақыт бөлесіңдер ме? Егер бөлмей жүрген болсаңдар Құдайдың айтқысы келгенін күнделікті оқу үшін не шара қолдана аласыңдар? Күнделікті оқитын болсаңдар жаңа дүниедегі бақытты өмірді күтіп қана қоймай, забур жыршысы сияқты қазірдің өзінде қуанышқа кенелесіңдер (Забур 1:1, 2).
[Сілтеме]
a Күзет Мұнарасы Қоғамы басып шығарған “Киелі Жазбаларды түсіну” энциклопедиясын қараңдар, 1-том, 906-бет (ағ.).
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неліктен Ишая 66:22—24 болашақ жайлы айтылған деп айта аламыз?
• Ишая 66:22—24 және Ишая 65:20—25 жазылғандардың қайсысын ерекше күтесіңдер?
• Болашағымызға сенімді болуға қандай себептер бар?
[15-беттегі суреттер]
Ишая, Петір, Жохандардың пайғамбарлықтарында “жаңа аспан мен жаңа жер” әр түрлі тұрғыдан суреттелген.