Ехобаның шыдамдылығына еліктеңдер
“Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда” (ПЕТІРДІҢ 2-ХАТЫ 3:9).
1. Ехоба адамзатқа қандай теңдесі жоқ сый ұсынып отыр?
ЕХОБА бізге басқа ешкім де ұсына алмайтын нәрсені ұсынып отыр. Бұл — аса тартымды әрі өте құнды нәрсе, оны сатып та, еңбегімізді сіңіріп те ала алмаймыз. Құдайдың ұсынып отырғаны — мәңгілік өмір сыйы. Көпшілігіміз үшін бұл жер бетіндегі жұмақта мәңгі бақи өмір сүруді білдіреді (Жохан 3:16). Бұл қандай қуанышты кез болады десеңші! Ол кезде осыншама қайғы-қасіретке себеп болып отырған ұрыс-керіс, зорлық-зомбылық, жоқшылық, қылмыс пен ауру, тіпті өлім де болмайды. Құдай Патшалығы сүйіспеншілікпен билік жүргізген кезде, адамдар бір-бірімен өте тату-тәтті әрі бірлікте өмір сүреді. Сол Жұмақты қалай тағатсыздана күтеміз десеңдерші! (Ишая 9:6, 7; Аян 21:4, 5)
2. Неге Ехоба Шайтанның зұлым дүниесін жоймай отыр?
2 Жер бетінде Жұмақ орнататын уақытты Ехобаның өзі де асыға күтуде. Өйткені ол — “әділдік пен туралықты” сүйетін Құдай ғой (Забур 33:5, ЖД [32:5]). Өзінің әділ принциптерін елемей, тіпті жек көріп, сондай-ақ билігін мүлдем мойындамай, қызметшілерін қудалап жатқаны Ехобаға да ұнамайды. Дегенмен де оның Шайтанның зұлым дүниесін әлі де жоймай отырғандығының келелі себептері бар. Соның бірі — бүкіләлемдік билікпен байланысты дұрыс пен бұрысқа қатысты мәселе. Ехоба сол даулы мәселелерді шешуде бүгінде көп адамдардың бойынан табыла бермейтін әрі ерекше тартымды шыдамдылық қасиетін танытуда.
3. а) Киелі кітапта “шыдамдылық” деп аударылған грек және еврей сөздерінің мағынасы қандай? ә) Қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз?
3 “Жаңа дүние аудармасында” үш рет “шыдамдылық” деп аударылған бір грек сөзі бар. Ол сөзбе-сөз “рухтың ұзақтығы” дегенді білдіреді. Сондықтан бұл сөз жиі “асқан шыдамдылық” деп, ал бір рет “төзімділік таныту” деп аударылған. “Шыдамдылық” деп аударылған еврей және грек сөздерінің мағынасы ұстамды, ашуға баяу деген ұғымдармен ұштасып жатыр. Ал Ехобаның шыдамдылық танытқанының бізге қандай пайдасы бар? Ехоба мен оның адал қызметшілерінің шыдамдылығы мен төзімділігінен не нәрсеге үйренеміз? Ехобаның шыдамының шегі бар екенін қайдан білеміз? Қазір осы сұрақтарды қарастырып көрейік.
Ехобаның шыдамдылығы
4. Елші Пауыл Ехобаның шыдамдылығы жайлы не деп жазды?
4 Ехобаның шыдамдылығы жайлы елші Пауыл: “Қымбатты бауырластар, Жаратқан Иенің алдында бір күн мың жылдай, ал “мың жыл бір күндей” екенін жақсылап ұғып алыңдар. Кейбіреулер “Ол кешігіп, келмей қалды” деп санағанмен, Иеміз уәдесін орындауын кешіктірмейді! Керісінше, Ол бізге төзімділік танытуда: ешкімнің де тозаққа түсуін емес, барлық адамдардың теріс жолдан қайтып, күнәларына өкініп, арылуын қалайды!”— деп жазды (Петірдің 2-хаты 3:8, 9). Ехобаның шыдамдылық танытуын түсінуімізге көмектесетін осы тармақтардағы екі жайтқа назар аударыңдаршы.
5. Ехобаның уақытқа деген көзқарасы іс-әрекетіне қалай әсер етеді?
5 Бірінші жайт — Ехобаның уақытқа деген көзқарасы біздікінен мүлдем басқаша. Мәңгі жасайтын Құдай үшін мың жыл бір күндей. Ол уақытқа тәуелді не оның қыспағында емес, десе де кешіктірмей, дер кезінде шара қолданады. Шексіз даналықтың иесі Ехоба адамдардың игілігі үшін қай уақытта әрекет етудің жақсы екенін анық біледі, әрі сол уақытты шыдап күтіп отыр. Алайда сол уақыт келгенге дейін қызметшілерінің бастан кешуі мүмкін қайғы-қасіреті Ехобаны қызықтырмайды деп ой түймеуіміз керек. Ол — рақымы мол, сүйіспеншіліктің бейнесі болып табылатын Құдай (Лұқа 1:78; Жоханның 1-хаты 4:8). Осы уақытша жол беріп отырған қайғы-қасіреттің салдарынан болған кез келген залалды біржолата жойып, орнын толтыра алады (Забур 36:10).
6. Құдай туралы қандай қорытынды жасамауымыз керек және неліктен?
6 Әрине, адамға қатты қалаған нәрсесін сарыла күту оңай емес (Нақыл сөздер 13:12). Сол себепті де адам берген уәделерін тез арада орындай қоймаса, басқалар ол уәделерін орындайтын ниеті жоқ деген қорытындыға келуі мүмкін. Ал Құдай туралы осылай ойлау қандай ақымақтық болар еді! Егер Құдайдың шыдамдылығын қателесіп, асықпағандық деп қарастыратын болсақ, уақыт өте келе күмәндануымыздың да, ұнжырғамыздың түсуі де оңай болады. Тіпті рухани қалғып кетуіміз де мүмкін. Ал ең жаманы — Петір ертеректе ескерткен сенімі жоқ келемеждеуші адамдарға алданып қалуымыз мүмкін. Мұндай адамдар келеке етіп: “Оның қайтып келетіні жөніндегі уәдесімен не болды, ә? Аталарымыз қайтыс болғаннан кейін де барлық жайттар еш өзгеріссіз, жаратылыстың басталуынан бергі қалпында қалып келеді”,— дейді (Петірдің 2-хаты 3:4).
7. Ехобаның шыдамдылығы адамдардың күнәсына өкінгенін қалауымен қалай қатысты?
7 Петірдің сөздерінен байқайтын екінші жайт — Ехоба барлық адамдардың күнәларына өкінгенін қалағандықтан да шыдамдылық танытуда. Қиқарланып теріс жолдарынан қайтқысы келмейтіндер Ехобаның жазасына ілігеді. Бірақ Ехоба зұлымдардың өліміне қуанбайды. Қайта, адамдардың күнәларына өкініп, теріс жолдарынан қайтып, аман қалғанын көруге қуанышты болады (Езекиел 33:11). Міне, сол үшін де ол шыдамдылық танытуда әрі адамдардың өмір сүруге мүмкіндігі болу үшін бүкіл жер жүзіне ізгі хабарды жариялатуда.
8. Исраил халқымен қарым-қатынасынан Құдайдың шыдамдылығы қалай көрінеді?
8 Құдайдың шыдамдылығы Исраил халқымен қарым-қатынасынан да көрінеді. Ғасырлар бойы ол исраилдіктердің тілазарлығына төзіп келді. Пайғамбарлар арқылы: “Зұлым жолдарыңнан қайтыңдар және әкелеріңе өсиет еткен, сондай-ақ Өзімнің құлдарым пайғамбарлар арқылы берген барлық іліміме сай Менің өсиеттерімді, жарлықтарымды ұстаныңдар”,— деп қайта-қайта шақырды. Мұның нәтижесі қандай болды? Өкінішке қарай, халық “құлақ аспады” (Патшалықтар 4-жазба 17:13, 14).
9. Иса Әкесінікі сияқты шыдамдылықты қалай көрсетті?
9 Ақыр соңында, Ехоба өз Ұлын жіберді. Ол яһудилерді Құдаймен татуласуға тынбай шақырумен болды. Сөйтіп, кемелді түрде дәл Әкесінікі сияқты шыдамдылық танытты. Жақында өлтірілетінін жақсы білген ол: “Ей, Иерусалим, пайғамбарлардың көзін құртып, Тәңір жіберген хабаршыларды тас лақтырып өлтіретін Иерусалим-ай! Балапандарын қанатының астына алған құс сияқты, Мен де сенің халқыңды қанша рет жинамақшы болдым, бірақ сендер одан бас тарттыңдар!”— деп күңіренді (Матай 23:37). Бұл — әсерлі сөздер әлдекімді қатты жазалағысы келген адамның қатаң сөздері емес, қайта, шыдамдылық танытып, жақсы көретін достың сөздері. Көктегі Әкесі сияқты Иса да адамдардың күнәларына өкініп, қатал жазаға ұшырамағандарын қалады. Кейбіреулер Исаның ескертуіне құлақ асып, б. з. 70 жылы Иерусалимге төнген жан түршігерлік апаттан аман қалды (Лұқа 21:20—22).
10. Құдайдың шыдамдылығының біз үшін қандай пайдасы бар?
10 Құдайдың шыдамдылығы, шынында да, керемет емес пе?! Қаншама адам өзіне мойынсұнбай отырғанына қарамастан, Ехоба бізге, сондай-ақ миллиондаған басқа адамдарға өзін танып-білуге және құтқарылу үмітіне ие болуға мүмкіндік беріп отыр. “Біздің Жаратқан Иеміздің шыдамын құтқару деп санаңдар”,— деп жазды Петір мәсіхшілерге (Петірдің 2-хаты 3:15, “Таурат”). Олай болса, Ехобаның шыдамдылығының арқасында құтқарылуымызға жол ашылып отырғанына риза емеспіз бе?! Сондай-ақ Ехобаға күн сайын қызмет ете жүріп, әрі қарай да шыдамдылық таныта беруін өтініп дұға етуіміз керек емес пе? (Матай 6:12)
11. Ехобаның шыдамдылық танытуын түсінгеніміз не істеуге талпындырады?
11 Ехобаның неге шыдамдылық танытып отырғанын түсінгеніміз ол уәделерін орындауға асықпайды деп қорытынды жасамай, құтқаратын күнін шыдамдылықпен күтуге көмектеседі (Еремияның зары 3:26). Құдай Патшалығы келсін деп үнемі дұға етсек те, осы дұғаға қай уақытта жауап берген дұрыс екенін Ехобаның өзі білетініне сенеміз. Оның үстіне, бауырластарға және уағыздайтын адамдарға шыдамдылық таныта отырып, Ехобаға еліктеуге талпынамыз. Біз де ешкімнің жойылып кетуін қаламаймыз. Олардың күнәларына өкініп, біз сияқты мәңгі өмір сүру үмітіне ие болғанын көргіміз келеді (Тімотеге 1-хат 2:3, 4).
Пайғамбарлардың танытқан шыдамдылығы
12, 13. Жақып 5:10-ға сай, Ишая пайғамбар қалай шыдамдылық таныта білді?
12 Ехобаның шыдамдылығын қарастырғанымыз осы қасиетті жоғары бағалауымызға және оны бойымызда дамытуымызға көмектеседі. Әрине, кемелсіз адамдарға шыдамды болу оңай емес, бірақ бұл мүмкін. Біз ертедегі Құдайдың қызметшілерінен үйрене аламыз. Шәкірт Жақып: “Қасірет шегу мен шыдам үлгісі ретінде, бауырларым, Жаратқан Ехоба атымен сөйлеген пайғамбарларды алыңдар”,— деп жазған (Жақып 5:10, “Таурат”). Басқалардың біздікіне ұқсас қиындықтарды жеңе алғанын білгеніміз жанға жұбаныш әрі жігер береді.
13 Мысалы, Ишая пайғамбарға тапсырмасын орындау үшін шыдамдылық қажет болғаны сөзсіз. Ехоба мұны келесі сөздерімен көрсетті: “Осы халыққа барып, мына хабарды жеткіз:— Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! Осы халықтың жүректерін қасарысқан сезімсіз, құлақтарын керең, көздерін соқыр қыл! Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтып, рухани дертінен сауығар еді” (Ишая 6:9, 10). Халықтың құлақ аспағанына қарамастан, Ишая Ехобаның ескерту ретіндегі хабарын шыдамдылықпен, кем дегенде, 46 жыл жариялады! Дәл сол сияқты шыдамдылық танытқанымыз бізге де ізгі хабарды уағыздауды, тіпті адамдар оны қабыл алмаса да, тоқтатпауға көмектеседі.
14, 15. Еремияның басына түскен қиындықтарға төтеп беруіне және еңсесін көтеруіне не көмектесті?
14 Әрине, пайғамбарлар қызметтерін атқару барысында адамдардың немқұрайдылығын ғана көріп қойған жоқ, оларға қудалауларды да бастан кешуге тура келді. Мысалы, Еремия пайғамбардың аяқ-қолына бұғау салынды, “зынданға” жабылды және батпақты шұңқырға тасталды (Еремия 20:2; 37:15; 38:6). Ол мұндай қорлықты өзі көмектескісі келген адамдардан көрді. Алайда Еремия бұған қатуланған да, есесін қайтарған да жоқ. Ол ондаған жылдар бойы шыдап бақты.
15 Қудалау мен келеке-мазақ Еремияның аузына қақпақ бола алмады, олар біздің де аузымызды жаба алмайды. Әрине, кейде еңсеміз түсуі мүмкін. Еремия да осындай күйді басынан кешкен. Ол: “Тәңірдің сөзі маған лағынет болып, күн сайын күлкіге қалдырды. Сонда:— Мен Ол туралы ескертпеймін де, Оның аты үшін енді сөйлемеймін де,— деп ойладым”,— деп жазды. Бірақ содан соң не болды? Еремия уағыздауын доғарды ма? Ол сөзін былай деп жалғастырды: “[Құдай сөзі] менің жүрегімде, менің сүйектерімнің ішінде, жанып жатқан от секілді болды, оны өшіремін деп шаршадым, өшіре алмадым” (Еремия 20:8, 9). Байқасаңдар, Еремия адамдардың келеке-мазақ еткеніне мән беріп, көңіл аударғанда, қуанышын жоғалтып алды. Ал айтып жатқан хабарының қаншалықты тартымды әрі маңызды екеніне назар аударғанда, қуанышқа қайта кенелді. Оның үстіне, Ехоба “ер жүрек жауынгер секілді” Еремиямен бірге болып, оны Құдай сөзін құлшыныспен әрі батылдықпен жариялауға нығайтып отырды (Еремия 20:11).
16. Ізгі хабарды жариялау ісінде қалай қуанышымызды жоғалтпауымызға болады?
16 Еремия қызметінен қуаныш алды ма? Әлбетте! Ол Ехобаға: “Сенің сөзіңе ие болдым да, оны жеп қойдым; сөйтіп, Сенің сөзің мені қуанышқа бөледі, жүрегіме шаттық берді; өйткені мен Сенің атыңмен аталдым, о, Тәңір”,— деген болатын (Еремия 15:16). Еремия шынайы Құдайдың өкілі болу мен оның ісін жариялау мәртебесіне қуанған. Біз де осындай мәртебеміз үшін қуануымызға болады. Сонымен қатар көктегі періштелер сияқты, дүние жүзінде соншама көп адамның Патшалық туралы хабарды қабыл алып, теріс жолдарынан қайтып, мәңгілік өмір жолына түсіп жатқандарын көріп қуанамыз (Лұқа 15:10).
Әйүп пайғамбардың төзімділігі
17, 18. Әйүптің не нәрсеге төзуіне тура келді және мұның нәтижесі қандай болды?
17 Ежелгі пайғамбарлар жайлы айтып болған соң, шәкірт Жақып: “Сендер Иов [Әйүп] пайғамбардың төзімі туралы естідіңдер және оның Жаратқан Иеден қалай аяқталғанын көрдіңдер, өйткені Жаратқан Ие өте мейірлі және сезімтал”,— деп жазды (Жақып 5:11, “Таурат”). Мұндағы “төзім” деп аударылған грек сөзі Жақыптың алдыңғы тармақта қолданған “шыдам” сөзімен мағыналас. Бұл екеуінің арасындағы айырмашылықты көрсетіп, бір ғалым: “Шыдам” деп аударылған грек сөзі адамдар бізге қорлық көрсеткенде танылатын қасиетті білдірсе, “төзім” деп аударылған грек сөзі басымызға қиын жағдайлар түскенде, соларға батылдықпен төтеп беруді білдіреді”,— деп жазды.
18 Әйүп ауыр жағдайларды бастан кешті. Ол қаржы-қаражатынан, балаларынан айырылды, сондай-ақ өте ауыр дертке шалдықты. Сонымен қатар ол Ехоба өзін жазалап жатыр деген жаңсақ ойлармен күресті. Әйүп қасірет шеккен кезінде іштен тынып қоя салған жоқ. Ол басына түскен жағдайға зар илеп, тіпті өзін Құдайдан да әділдеумін дегенге меңзеді (Әйүп 35:2). Бірақ ол ешқашан сенімін жоғалтқан да, мінсіздігінен тайған да емес. Шайтан Әйүп Құдайға қарғыс айтады деген болатын, бірақ Әйүп олай етпеді (Әйүп 1:11, 21). Мұның нәтижесі қандай болды? Ехоба “Әйүптің соңғы күндерін бұрынғы күндеріне қарағанда молынан жарылқады” (Әйүп 42:12). Ехоба оның денсаулығын түзетті, байлығын екі есе көбейтіп, жақын адамдарының ортасында қанағатқа толы, бақытты өмір сыйлады. Сонымен қатар Әйүптің адалдықпен төзе білгені оған Ехобаның қандай екенін жақсырақ түсінуіне көмектесті.
19. Әйүптің шыдамдылықпен төзе білгенінен не нәрсеге үйрене аламыз?
19 Әйүптің төзімділігінен не нәрсеге үйрене аламыз? Әйүп сияқты біз де дертке шалдығып немесе басқа да ауыртпалықтар көріп жатқан шығармыз. Бәлкім, қандай да бір сынаққа Ехоба неге жол беріп отырғанын толық түсінбейтін болармыз. Әйтсе де мынаған сенімді болуымызға болады: егер Құдайға адал болып қалсақ, ол батасын береді. Ехоба өзін іздегендерді сөзсіз жарылқайды (Еврейлерге 11:6). Иса: “Ақырына дейін табандылық танытқан әркім құтқарылады”,— деген (Матай 10:22; 24:13).
“Ехобаның күні келеді”
20. Ехобаның күні келетініне неге сенімді бола аламыз?
20 Ехоба шыдамды Құдай болғанымен, ол әділетті және зұлымдыққа мәңгі бақи төзіп отыра бермейді. Оның шыдамының де шегі бар. Елші Петір: “Тәңір ежелгі дүниені де аямады’,— деп жазды. Нұх пен оның отбасы аман қалды да, ал Құдайсыз дүние топан сумен жойылды. Ехоба сондай-ақ Содом мен Ғомораға шығарған үкімін де жүзеге асырып, олардың күл-талқанын шығарды. Солардың “мысалымен болашақтағы зұлымдардың неге ұшырайтынын көрсетті”. Онда біз “Ехобаның күні келеді” дегенге сенімді болуымызға болады (Петірдің 2-хаты 2:5, 6; 3:10, ЖД).
21. Қалай шыдамдылық пен төзімділік таныта аламыз және келесі мақалада нені қарастырамыз?
21 Олай болса, құтқарыла алулары үшін басқалардың күнәларына өкінуіне көмектесу арқылы Ехобаның шыдамдылығына еліктейік. Сондай-ақ уағыздаған адамдарының құлақ салмағандарына қарамастан, шыдамдылықпен ізгі хабарды жариялаған пайғамбарларға еліктейік. Сонымен қатар Әйүп сияқты сынақтарға төзе білсек және мінсіздігімізді сақтайтын болсақ, Ехоба бізге де молынан батасын беретініне сенімді болуымызға болады. Ехоба өз халқының дүние жүзіне ізгі хабарды уағыздау үшін жасап жатқан әрекеттеріне қалай молынан батасын төгіп жатқанын білгенде, қызметіміз үшін қуануға бізде барлық негіз бар екенін көреміз. Ал Ехобаның уағыздау ісіне қалай батасын беріп жатқанын келесі мақалада қарастырамыз.
Естеріңде ме?
• Ехоба неге шыдамдылық танытады?
• Пайғамбарлардың шыдамдылық танытқанынан қандай сабақ аламыз?
• Әйүп қалай төзімділік танытты және мұның нәтижесі қандай болды?
• Ехобаның шыдамының шегі бар екенін қайдан білеміз?
[22-беттегі суреттер]
Ехоба Еремияны шыдамдылық танытқаны үшін қалай жарылқады?