Иса Мәсіхтің ізімен жүріңдер
“Онымен [Құдаймен] қатынаста тұрмын дейтін кісі Иса Мәсіх қалай өмір сүрген болса, солай өмір сүруге тиіс” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 2:6).
1, 2. Исаға бар назарымызды аударуға не жатады?
ЕЛШІ Пауыл басқа жаққа мойын бұрмай, бастапқы сенім жолын салған Исаға бар назарымызды аудара отырып, алдымыздағы “жарысты” қажырлылықпен аяқтау керектігін жазған (Еврейлерге 12:1, 2). Адалдық жолымен жүру үшін ешқайда мойын бұрмай, Иса Мәсіхке бар назарымызды аударуымыз керек.
2 Түпнұсқада “басқа жаққа мойын бұрмай, бар назарымызды аудару” деген тіркес “басқа нәрсеге алаңдамау”, “бір нәрсеге қадалып қарау” дегенді де білдіреді. Бір анықтамалықта: “Алаңдағы грек жүгірушісі жолынан не мақсатынан бір сәтке көңілін бөліп, жиналған тобырға қарағанының өзі жылдамдығын бәсеңдетеді. Мәсіхшілер жайлы да осылай деуге болады”,— делінген. Көңіліміздің басқа нәрсеге ауғаны рухани өсуімізге кедергі жасайды. Сондықтан бар назарымызды Иса Мәсіхке аударуға тиіспіз. Ал осы ‘бастапқы сенім жолын салушыдан’ не іздейміз? ‘Жол салушы’ деп аударылған грек сөзі “кез келген нәрседе басшылықты қолына алатын әрі осылай үлгі көрсететін басшыны” білдіреді. Исаға бар назарымызды аудару үшін, оның үлгісіне еліктеуіміз керек.
3, 4. а) Иса Мәсіх сияқты өмір сүру үшін, біздің тарапымыздан не қажет? ә) Қандай сұрақтар көңіл қоюға тұрарлық?
3 Киелі кітапта: “[Құдаймен] қатынаста тұрмын дейтін кісі Иса Мәсіх қалай өмір сүрген болса, солай өмір сүруге тиіс”,— делінген (Жоханның 1-хаты 2:6). Иса Әкесінің өсиеттерін орындағанындай, біз де Исаның өсиеттерін орындай отырып, Құдаймен қатынаста, не бірлікте, болып қала беруіміз керек (Жохан 15:10).
4 Демек, Иса сияқты өмір сүру үшін, оны Басшымыз ретінде жақынырақ бақылап, сондай-ақ оның соңынан ізбе-із жүруіміз қажет. Онда мынадай маңызды сұрақтар туындайды: Мәсіх бізге қалай басшылық етуде? Оның өмір жолына еліктегеніміз бізге қалай әсер ету керек? Иса Мәсіхтің үлгісіне еліктегеніміздің қандай пайдасы бар?
Исаның ізбасарларына басшылық етуі
5. Иса көкке көтерілер алдында ізбасарларына нені уәде етті?
5 Қайта тірілген Иса Мәсіх көкке көтерілер алдында елшілеріне көрініп, оларға маңызды іс тапсырады. Ол: ‘Сондықтан күллі халықтарға барыңдар! Оларды Менің шәкірттерім етіңдер’,— дейді. Сол жолы Басшы бұл тапсырманы орындауда солармен бірге болатынын уәде етіп, былай деген: “Естеріңде болсын: Мен бұл дүниенің ақыр соңына дейін әр күні өздеріңмен бірге болып, сендерге жар боламын!” (Матай 28:19, 20) Қалай Иса Мәсіх бұл дүниенің ақырында ізбасарларымен бірге болады?
6, 7. Иса киелі рух арқылы бізге қалай басшылық етеді?
6 “Әкем Менің атымнан Қамқоршыларың — Киелі Рухты жібереді. Ол Менің сендерге айтқан сөздерімнің бәрін естеріңе салып, рухани өмірлеріңе керектің бәрін үйретеді”,— деді Иса (Жохан 14:26). Исаның атынан жіберілген киелі рух бүгінде бізге басшылық береді, әрі нығайтады. Ол рухани көзімізді ашып, сондай-ақ ‘Құдайдың терең ой-мақсаттарын’ түсінуге көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 2:10). Сонымен қатар “сүйіспеншілік, қуаныш, тыныштық, шыдамдылық, қайырымдылық, кеңпейілділік, сенімділік, ілтипаттылық, ұстамдылық” деген қасиеттер де киелі рухтың “жемісі” болып табылады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Киелі рухтың көмегімен осы қасиеттерді дамыта аламыз.
7 Жазбаларды зерттеп, білгендерімізді өмірімізде қолдануға тырысқанда, Ехобаның рухы даналығымыздың, біліміміздің, ақыл-парасатымыздың, әділдік пен дұрыс түсінігіміздің арта түсуіне көмектеседі (Нақыл сөздер 2:1—11). Сондай-ақ ол азғырулар мен сынақтарға төтеп беруімізге көмектеседі (Қорынттықтарға 1-хат 10:13; Қорынттықтарға 2-хат 4:7; Філіпіліктерге 4:13). Мәсіхшілер ‘тәндері мен рухтарын арамдайтын барлық нәрселерден тазаруға’ шақырылады (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Ал Киелі рухтың көмегінсіз Құдайдың қасиетті, яки таза, болуға қатысты талабына сай келе алмаймыз. Олай болса, Ехобаның Исаға берген киелі рухы оның бізге басшылық ету үшін қолданатын құралдарының бірі болып отыр (Матай 28:18).
8, 9. Мәсіх басшылық ету үшін “адал да ақылды құлды” қалай қолданады?
8 Мәсіхтің бүгінде қауымға басшылық ету үшін қолданатын тағы бір құралын қарастырайық. Өзінің патшалық таққа келіп отырғандығы мен осы заманның ақыры жайлы айта келе, Иса: “Қожайыны өз үй ішіндегілерінің үстінен ас-суларын уақытында беріп отыруға тағайындаған адал да ақылды құл шын мәнінде кім? Қожайыны оралып келгенде оның өз міндетін атқарып жүргенін көрсе, сол қызметші бақытты! Сендерге шындығын айтайын: оны бүкіл меншігін қараушы етіп тағайындамақ”,— деді (Матай 24:3, 45, ЖД, 46, 47).
9 ‘Қожайын’ — Иса Мәсіх. Ал “құл” — жердегі майланған мәсіхшілер тобы. Бұл құл табына Исаның жердегі істерін атқару мен уақтылы ас-сумен қамтамасыз ету сеніп тапсырылған. “Адал да ақылды құл” табына кіретін қабілетті бақылаушылардың кішкене тобы Басқарушы кеңесті құрайды, әрі құл табының өкілі ретінде қызмет етеді. Олар дүниежүзілік Патшалықты уағыздау ісі мен уақтылы рухани ас-сумен қамтамасыз етуді қолға алуда. Осылай Иса қауымға майланған мәсіхшілерден тұратын “адал да ақылды құл” және Басқарушы кеңес арқылы басшылық етеді.
10. Ақсақалдарға қалай қарауымыз керек және неліктен?
10 Мәсіхтің басшылығы “адам кейпіндегі тартулар”, яғни мәсіхші ақсақалдар, немесе бақылаушылар, арқылы да көрінеді. Олар “қасиеттілерді түзету, қызмет ету және Мәсіхтің рухани денесін өсіру үшін” тағайындалған (Ефестіктерге 4:8, 11, 12, ЖД). Олар жайлы Еврейлерге 13:7-де: “Араларыңдағы басшылықты қолға алушыларды, өздеріңе Құдай сөзін айтқандарды, ұмытпаңдар және олардың жүріс-тұрыстарының жемісі жайында ой жүгіртіп, сенімдерін үлгі етіңдер”,— делінген. Ақсақалдар қауымда басшылықты қолға алады. Олар Иса Мәсіхтен үлгі алатындықтан, сенімдері де еліктеуге тұрарлық (Қорынттықтарға 1-хат 11:1). Ақсақалдарға деген ризашылығымызды осы ‘адам кейпіндегі тартуларға’ құлақ асуымызбен және оларға мойынсұнуымызбен көрсете аламыз (Еврейлерге 13:17).
11. Иса ізбасарларына қалай басшылық етуде және ол сияқты өмір сүруге не жатады?
11 Иә, бүгінде Иса Мәсіх ізбасарларына киелі рух, “адал да ақылды құл” және қауым ақсақалдары арқылы басшылық етуде. Мәсіх сияқты өмір сүру үшін, оның қалай басшылық ететінін түсінуіміз және соған бағынуымыз керек. Сондай-ақ бұл оның өмір жолына еліктегенімізді де талап етеді. “Ол сендерді сол үшін де шақырды. Мәсіхтің Өзі бізге бола азап шегіп, үлгі қалдырды, сондықтан Оның ізімен жүруіміз керек”,— деп жазды елші Петір (Петірдің 1-хаты 2:21). Исаның кемелді үлгісіне еліктегеніміз бізге қалайша әсер ету керек?
Билікті парасаттылықпен қолдану
12. Қауымдағы ақсақалдар Мәсіхтен әсіресе қай жағынан үлгі алады?
12 Иса Әкесінен теңдесі жоқ билікті алса да, ол мұны парасаттылықпен қолданған. Қауымдағылардың бәрінің де, әсіресе бақылаушылардың, ‘кіші пейіл [“парасатты”, ЖД] екендерін елдің бәрі көре алуы’ керек (Філіпіліктерге 4:5; Тімотеге 1-хат 3:2, 3 ЖД). Ақсақалдардың қауымда қандай да бір дәрежеде билігі болғандықтан, оны қолдануда Мәсіхке еліктегендері өте маңызды.
13, 14. Ақсақалдар өзгелерді Құдайға қызмет етуге талпындырғанда, Исаға қалайша еліктей алады?
13 Иса шәкірттерінің мүмкіндіктерінің шектеулі екенін ескерген. Олардан шамалары келмейтін нәрселерді талап етпеген (Жохан 16:12). Иса ізбасарларына қандай да бір қысым жасамай, оларды Құдайдың еркін орындау үшін ‘барынша тырмысуға’ талпындырған (Лұқа 13:24). Мұны ол басшылық беру және жүректеріне әсер ету арқылы істеген. Сол секілді бүгінгі мәсіхші ақсақалдар да өзгелерді Құдайға ұялтып не кінәлап қызмет етуге мәжбүрлемейді. Қайта, оларды Ехобаға деген қызметтерін Құдайға, Исаға, сондай-ақ маңайындағыларына деген сүйіспеншілікпен атқаруға талпындырады (Матай 22:37—39).
14 Иса өзіне сеніп тапсырылған билікті бұрыс қолданып, адамдарға өз дегенін істетуге тырысқан жоқ. Оларға орындау мүмкін емес нормаларды не сансыз көп ережелерді беріп тастаған жоқ. Оның қолданған әдісі Мұса заңының астарында жатқан принциптерді адамдардың жүрегіне жеткізу арқылы іс-әрекетке талпындыру болған (Матай 5:27, 28). Ақсақалдар өз қалауы бойынша ережелер ойлап шығарудан не өз көзқарастарын қатып ұстанудан аулақ болуларымен Иса Мәсіхке еліктейді. Олар киім мен сырт көрініс, демалу не көңіл көтеруге қатысты мәселелерде Құдай сөзіндегі принциптерді адамның жүрегіне жеткізуге тырысады. Мұндай принциптерді, мысалы, мынадай Жазба орындарынан табуға болады: Миха 6:8; Қорынттықтарға 1-хат 10:31—33; Тімотеге 1-хат 2:9, 10.
Жанашыр әрі кешірімшіл болу
15. Иса шәкірттерінің кемшіліктеріне қалай қараған?
15 Иса шәкірттерінің кемшіліктері мен әлсіздіктеріне қалай қарағандығымен де бізге үлгі қалдырды. Мысалы, оның жер бетіндегі соңғы түнінде болған екі оқиғаны қарастырып көрейік. Гетсимани бағына келген соң, Иса “Петір, Жақып пен Жоханды Өзімен бірге ала кетіп”, оларға: “Ұйықтамай сергек болыңдар!”— дейді. Сөйтіп, әрірек барады да, жерге жығылып, мінажат етеді. Кейін қайтып келгенде, ол “шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді”. Иса бұған қалай қарады? Ол: “Рух дайын болғанмен, тән осал”,— деді (Марқа 14:32—38). Оларды жазғырмай, қайта, түсінушілікпен жанашырлық танытты. Сол күні түнде Петір Исадан үш рет танады (Марқа 14:66—72). Бұдан кейін Иса Петірге қалай қарады? Киелі кітапта: “Иеміз шынында да қайта тіріліп, Шимонға [Петірге] көрінді!” “Ол Кефаға (яғни Петірге), содан кейін он екі елшінің бәріне көрінді”,— делінген (Қорынттықтарға 1-хат 15:5). Иса Петірге ыза болудың орнына, өкініш білдірген елшісін кешіріп, нығайтады. Кейінірек оған үлкен жауапкершіліктерді сеніп тапсырады (Елшілердің істері 2:14; 8:14—17; 10:44, 45).
16. Бір сенімдегілер көңілімізді қалдырып, яки қандай да бір әділетсіздік жасағанда, Исаға қалай еліктей аламыз?
16 Бір сенімдегілер кемелсіздіктен көңілімізді қалдырып, яки қандай да бір әділетсіздік жасаған болса, біз де Иса сияқты жанашыр әрі кешірімшіл болуымыз керек емес пе? Петір бір сенімдегілерді: “Бәрің де өзара ниеттес, қуаныш пен қайғыға ортақтас, бір-біріңді туған бауырлардай сүйетін, қайырымды да кіші пейіл болыңдар. Жамандыққа жамандықпен, қорлыққа қорлықпен емес, ақ батамен жауап беріңдер”,— деп шақырған (Петірдің 1-хаты 3:8, 9). Ал егер өзге біреу бізге Иса сияқты жанашыр да кешірімшіл болғысы келмесе ше? Бұлай болған күнде де, біз Исаға еліктеп, сол сияқты әрекет етуге міндеттіміз (Жоханның 1-хаты 3:16).
Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойыңдар
17. Құдайдың еркін орындау Исаның өмірінде бірінші орында тұрғанын неден көреміз?
17 Иса сияқты өмір сүрудің тағы бір жолы бар. Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялау Исаның өмірінде ең маңызды орында тұрған. Ол Самариядағы Сихар қаласының маңында бір самариялық әйелге уағыздаған соң, шәкірттеріне: “Өзімді Жібергеннің еркін іске асырып, Оның тапсырғанын толық орындау Маған нәр болады”,— деді (Жохан 4:34). Әкесінің еркін орындау Исаға қуат берген. Бұл оған тамақ сияқты нәр беріп, қанағат әкелген, сондай-ақ жан сергітерлік болған. Үнемі Құдайдың еркін орындауды көздеп, Исаға еліктегеннен алатынымыз — тек мағыналы да қанағаттанарлық өмір.
18. Балаларды толық уақытты қызметке талпындыру қандай баталар әкеледі?
18 Ата-аналар балаларын толық уақытты қызметке талпындыратын болса, бұдан өздері де, балалары да мол батаға кенеледі. Бір егіз ұлдың әкесі оларға ізашарлық қызметті сонау бала кездерінен мақсат етіп қойғызады. Оқуларын бітірген соң, олар ізашар болады. Бұған қатты қуанған әкелері қуанышын жасыра алмай, былай деп жазды: — Балаларымыз үмітімізді ақтады. Біз “Ұлдар — игілік Жаратқан Иеден келген”,— деп ризашылықпен айта аламыз (Забур 126:3). Балалардың толық уақытты қызметке ұмтылуының қандай пайдасы бар? Бес балалы бір ана: “Ізашарлық қызмет балаларымның бәріне Ехобамен әлдеқайда тығыз қарым-қатынас дамытуға көмектесті, жеке зерттеулерін жақсартты, сондай-ақ уақыттарын қалай дұрыс жұмсау мен өмірлерінде рухани істерді бірінші орынға қоюды үйренуге көмектесті. Бәріне де өмірлерінде көптеген өзгерістер жасауға тура келсе де, ешқайсысы да таңдаған жолдарына еш өкінбейді”,— деді.
19. Жастардың келешекке қандай жоспар құрғандары жөн?
19 Жастар, келешекке деген жоспарларың қандай? Қандай да бір керемет мамандық иесі болып, өзгелерден асып түсуді көздеудесіңдер ме, жоқ әлде толық уақытты қызметті өмір жолдарың етуге әрекеттенудесіңдер ме? “Парасатсыз емес, парасатты өмір сүруге ерекше ден қойыңдар. Өздеріңе қолайлы уақыттың құнын өтеп алыңдар, өйткені бұл күндер зұлымдыққа толы”,— деп кеңес берді Пауыл. Кейін ол: “Сондықтан ақымақ болмай, Құдайдың еркін біліп алыңдар”,— деп қосты (Ефестіктерге 5:15, 16, ЖД, 17).
Адал болу
20, 21. Иса қалайша адал болған және оның адалдығына қалай еліктеуімізге болады?
20 Иса сияқты өмір сүру үшін, оның адалдығына еліктеуіміз керек. Исаның адалдығы жайлы Киелі кітапта былай делінген: “Құдайлық болмысы бола тұра, ол онысына жармасқан жоқ, қайта, Өзінің құдіреті мен салтанатты ұлылығынан өз еркімен бас тартып, құлдың кейпін қабылдап, адам секілді дүниеге келіп, кәдімгі адамға ұқсап көрінді. Өзін төмен тұтып, Құдайға мойынсұнып, өлімге, тіпті айқыштағы өлімге дейін бойсұнды”. Иса Құдайдың өзіне қатысты еркіне мойынсұнуымен Ехобаның билігін адал қолдады. Ол азап бағанасында қиналып өлгенге дейін, оған бойсұнды. Бізге де Иса Мәсіхтікі сияқты ой-қалып таныту және Құдайдың еркін орындау үшін Оған адалдықпен бағыну керек (Філіпіліктерге 2:5—8).
21 Иса өзінің сенімді елшілеріне де адал болған. Әлсіздіктері мен кемелсіздіктеріне қарамастан, оларға “сүйіспеншілігін ақырына дейін” көрсетті (Жохан 13:1). Сол сияқты бауырластарымыздың кемелсіздігі біздің сынап-мінегіш болып кетуімізге ықпал етуіне жол бермеуіміз керек.
Исаның қалдырған үлгісін ұстанайық
22, 23. Исаның қалдырған үлгісін ұстанғанымыздың қандай пайдасы бар?
22 Әрине, кемелсіз болғандықтан, кемелді Үлгі көрсетушіміздің ізімен дәлме-дәл жүре алмаймыз. Дегенмен де мүмкіндігінше ізбе-із жүруге күш салуымызға болады. Бұл үшін Исаның қалай басшылық ететінін түсінуіміз және қалдырған үлгісін берік ұстануымыз қажет.
23 Исаға еліктегеніміздің арқасында мол батаға кенелеміз. Өзіміздің емес, Құдайдың еркін орындауға көңіл қоятындықтан, өміріміз әлдеқайда мағыналы әрі қанағатқа толы болады (Жохан 5:30; 6:38). Сондай-ақ таза ар-ұжданға ие болып, өмір сүру қалпымыз өзгелерге үлгі тұтарлықтай болады. Иса шаршап-шалдыққандар мен еңселерін тым ауыр жүк басқандардың бәрін өзіне келіп, жандарын сергітіп, тыныштық табуға шақырған (Матай 11:28—30). Исаның үлгісіне еліктегенде, өзімізбен араласқан адамдарды сергіте аламыз. Олай болса, әрі қарай да Иса сияқты өмір сүре берейік.
Естеріңде ме?
• Бүгінде Мәсіх ізбасарларына қалай басшылық етуде?
• Ақсақалдар Құдайдан алған биліктерін қолдануда Исаның басшылығына қалай еліктей алады?
• Өзгелердің кемшіліктерін көргенде, Исаның үлгісіне қалай еліктей аламыз?
• Жастар Патшалықтың мүддесін қалай бірінші орынға қоя алады?
[19-беттегі сурет]
Мәсіхші ақсақалдар Мәсіхтің басшылығын ұстануымызға көмектеседі
[20-беттегі суреттер]
Жастар, мол батаға кенеліп, мәсіхші ретінде өмір кешу үшін қандай жоспарлар құрудасыңдар?