Сегізінші тарау
Зұлым рухани күштерге қарсы күрес
1. Зұлым рухтардың қалай әрекет ететіні неліктен бізді ерекше қызықтырады?
КӨП АДАМДАРҒА зұлым рухтардың бар екендігі туралы пікір күлкілі болып көрінеді. Алайда бұл ешқандай да әзіл емес. Адамдар сенсін-сенбесін, зұлым рухтар шынында бар және олар әрбір адамға қысым көрсетуге тырысады. Ехобаға ғибадат етушілер де бұдан тыс қалмайды. Керісінше, олар зұлым рухтардың ең басты нысанасы болып табылады. Бұл жөнінде бізге елші Пауыл былай деп ескертеді: “Біз адам баласына қарсы емес, қазіргі қара түнектің әкімдері мен күштілеріне, дүниені билеп-төстеушілеріне — көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтарға қарсы күресудеміз” (Ефестіктерге 6:12). Әсіресе біздің уақытымызда зұлым рухтардың қысымы әлдеқайда күшті, өйткені Шайтан көктен қуылды және өз уақытының аз қалғанын білгендіктен қатты ашулы (Аян 12:12).
2. Адамнан жоғары күштермен күресте қалай жеңіп шыға аламыз?
2 Адамнан тыс рухани күштерді жеңу мүмкін бе? Иә, егерде тек Ехобаға толығымен сенім артатын болсақ. Оның айтқандарын тыңдап, Сөзіне мойынсұнуымыз керек. Осылай ететін болсақ, Шайтанның ықпалындағы адамдардай емес, біз тәніміз бен сезімімізді, рухымызды жараланудан қорғай аламыз (Жақып 4:7).
Көзге көрінбейтін дүниедегі билеп-төстеушілер
3. Шайтан кімге және қалайша қатты қарсылық көрсетуде?
3 Ехоба өзінің көктегі қолайлы орнынан дүниедегі жағдайларды көрнекі түрде сипаттайды. Ол елші Жоханға аян беріп, онда Шайтан “оттай қызыл алып айдаһар” ретінде суреттелген. Бұл айдаһар 1914 жылы көкте Мәсіхтің қолындағы Құдай Патшалығын туыла салысымен-ақ жұтып қоймақ болған. Ойындағысы іске аспаған Шайтан Патшалықтың жер бетіндегі өкілдерімен шайқасқа кірісті (Аян 12:3, 4, 13, 17). Ол бұл шайқасты қалай жүргізіп келеді? Адамдар арасынан шыққан өзінің өкілдері арқылы.
4. Адамзат үкіметтері үшін биліктің көзі кім және мұны біз қайдан білеміз?
4 Сонан соң Жоханға жеті басы, он мүйізі бар, “әрбір ру, ұлт, тіл мен нәсілдің” үстінен билік еткен айуан көрсетілген. Бұл айуан дүниежүзілік саяси жүйені білдіреді. “Айдаһар [Шайтан Ібіліс] оған өз күшін, тағын және зор бедел мен билік берді” деп айтылды Жоханға (Аян 13:1, 2, 7). Иә, адамзат үкіметтері үшін күштің де, биліктің де көзі — Шайтан. Осылайша, елші Пауыл жазғандай, нағыз ‘дүниені билеп-төстеушілер көзге көрінбейтін дүниедегі зұлым рухтар’ болып табылады. Олай болса, адамзат үкіметтерін басқарып отырған — солар. Ехобаға ғибадат еткісі келгендер мұны жақсы түсінулері қажет (Лұқа 4:5, 6).
5. Осы дүниенің басшылары қазір қайда жиналуда?
5 Көптеген басшылар қандай да бір дінді ұстанғанымен, осы дүниелік халықтардың бірде-біреуі Ехоба мен оның тағайындаған Патшасы Иса Мәсіхтің басшылығына бағынбайды. Әрқайсысы өз билігі үшін жанталасуда. Бүгінгі таңда, Аянда жазылғандай, “жын рухтарының ықпалымен айтылған сөздер” осы дүниенің күллі патшаларын Һар-Магедондағы “құдіреті шексіз Құдайдың ұлы соты күнінің шайқасына” жинап жатыр (Аян 16:13, 14, ЖД, 16; 19:17—19).
6. Шайтанның дүниесін қолдайтындардың бірі болып қалмау үшін неліктен сақ болу қажет?
6 Адамзат отбасын жік-жікке бөлетін саяси, әлеуметтік, экономикалық және діни қақтығыстар адамдарға күнделікті ықпалын тигізуде. Әдетте мұндай қақтығыстарда адамдардың сөз жүзінде немесе іс жүзінде болсын, өз нәсілін, тайпасын, ұлтын немесе әлеуметтік табын жақтауы қалыптасқан жайт. Тіпті адамдар мұндай қақтығыстарға тікелей қатыспаса да, олар жиі қақтығысып жатқандардың бірін қолдайды. Алайда қандай адамды не қандай да бір ағымды қолдамасын, шын мәнінде олар кімнің жағында? Киелі кітап: “Бүкіл дүниеге шайтан билігін жүргізіп отыр”,— деп ашық айтады (1 Жохан 5:19). Өзгелер сияқты алданып қалмау үшін не істеу керек? Құдай Патшалығын толығымен қолдап, осы дүниенің қақтығыстарына мүлдем араласпай, бейтараптықты ұстануымыз керек (Жохан 17:15, 16).
Шайтанның зұлым тәсілдері
7. Шайтан шеберлікпен жалған дінді қолданады деп неліктен айта аламыз?
7 Ғасырлар бойы Шайтан қудалаудың әр түрлі жолымен адамдарды шынайы ғибадаттан аластатуға тырысты. Оның бұдан да өткен тәсілдері бар. Бұлар айлалы іс-әрекеттер мен тәсілдер. Ол шеберлікпен адамдардың көпшілігін жалған діннің түнегінде ұстап отырғандықтан, олар Құдайға қызмет етіп жатырмыз деген ойда. Мұндай адамдардың Құдай туралы білімі мен шындыққа деген сүйіспеншіліктері жеткіліксіз болғандықтан, бәлкім, оларды жұмбақ бір түсініктерге, сезімге негізделген діни қызметтер немесе олардың ‘зор күш-қуаты’ қызықтырар (2 Салониқалықтарға 2:9, 10). Алайда Киелі кітап тіпті шынайы ғибадатты ұстанып жүргендердің ‘кейбіреулері сенімдерінен бас тартып, жалған рухтарға құлақ салып, жындар үйреткен ілімдерге еретіндіктерін’ ескертеді (1 Тімотеге 4:1). Бұл қалай болуы мүмкін?
8. Ехобаға ғибадат етсек те, Шайтан қалайша жалған діннің құрығына іліндіруі мүмкін?
8 Шайтан қулықпен біздің әлсіз тұстарымызды қолданады. Бізде әлі де адамдар алдындағы қорқыныш бар ма? Қорқатын болсақ, онда туысқандарымыздың немесе көршілеріміздің қысымынан жалған діннің әдет-ғұрыптарына араласып кетуіміз ғажап емес. Өр көкірекпіз бе? Олай болса, әлдекім кеңес бергенде немесе біздің қандай да бір пікірімізді өзгелер қолдамаса, өкпелеп қалуымыз әбден мүмкін (Нақыл сөздер 15:10; 29:25; 1 Тімотеге 6:3, 4). Ой-қалпымызды өзгертіп, Мәсіхтің үлгісіне еліктеудің орнына, Киелі кітапты жай ғана оқып, жөні түзу адам болып жүрсең жеткілікті деп ‘құлағымызға жағатындарды айтатындардың’ соңынан еріп кетуіміз мүмкін (2 Тімотеге 4:3). Қандай да бір діни топқа қосыламыз ба, әлде өзіміздің діни көзқарастарымызды ұстанамыз ба, Шайтанға бәрібір. Оның қалайтыны — Ехобаға оның Сөзі және ұйымы арқылы үйретіп жатқанындай етіп ғибадат етпесек болғаны.
9. Шайтан өз мақсатына жету үшін жыныстық қатынас туралы қандай бұрыс түсінікті қолданады?
9 Шайтанның тағы бір айласы — адамдарды табиғи қалауларын бұрыс жолмен қанағаттандыруға итермелеу. Мысал ретінде жыныстық қатынасты алайық. Осы дүниедегілердің көпшілігі Киелі кітаптағы өнегеліліктен бас тартып, некеде тұрмаған адамдар арасындағы жыныстық қатынасты көңіл көтерудің немесе өздерінің ержеткендіктерін көрсетудің жолы деп есептейді. Ал некедегілер туралы не деуге болады? Олардың көпшілігі неке адалдығын бұзады. Тіпті бұған бармаса да, көбісі өзге біреумен өмір сүру үшін ажырасып немесе бөлек тұруға дейін барады. Шайтанның зұлым тәсілі — адамдарға өмірдің рақатын қазір алып қалуға түрткі болып, мұның соңы өздеріне және өзгелерге ғана емес, Құдаймен және оның Ұлымен қарым-қатынасына қалай әсер ететінін де ойландырмау (1 Қорынттықтарға 6:9, 10; Ғалаттықтарға 6:7, 8).
10. Шайтан азғындық пен зорлық-зомбылыққа қатысты көзқарасымызды қалайша бұзуға тырысады?
10 Тағы басқа қажеттіліктерімізге демалу мен көңіл көтеру де жатады. Жақсы демалыс жан-жақты пайдалы: ол тәнімізді, жан дүниемізді және сана-сезімімізді сергітеді. Алайда Шайтан көңіл көтеруді қолданып, Құдайдың көзқарасына еліктеуімізге кедергі жасауға тырысқанда не істейміз? Мысалы, біз Ехобаның азғындық пен зорлық-зомбылықты жек көретінін білеміз. Осыларды кинофильмдерде, телехабар немесе театр ойын-сауықтарында көрсетіп жатса, оларды көруді әрі қарай жалғастыра береміз бе? Есте ұстау керек тағы да бір жай: түпсіз тұңғиыққа тасталатынын білгендіктен, Шайтан жағдайды шиеленістіре түсуге барынша тырысады, сол себепті де “қара ниеттілер мен алаяқтар бұрынғыдан бетер жамандық жасап, өздері де алданып, өзгелерді де алдай бермек” (2 Тімотеге 3:13; Аян 20:1—3). Сондықтан да Шайтанның құрығына түсіп қалмау үшін, үнемі сақ болуымыз керек (Жаратылыс 6:13; Забур 10:5; Римдіктерге 1:24—32).
11. Ақиқатты білетін адамның өзі сақ болмаса, қалайша спиритизмнің құрығына түсіп қалуы мүмкін?
11 Біз сонымен қатар спиритизмнің кез келген түрімен — бал ашу, сиқырлық, аруақтарды шақырумен — айналысудың Құдайдың көз алдында жиіркенішті екенін білеміз (Заңды қайталау 18:10—12). Осыны есте ұстай отырып, спиритизмдік делдалмен кеңесіп, өз өнерлерін көрсетсін деп, үйімізге оны әрине шақыра қоймаспыз. Алайда көгілдір экранда немесе Интернетке қосылған компьютерде оларды көрсетіп жатса, тыңдар ма едік? Бақсы-балгерге, тәуіптерге барып қаралмасақ та, “тіл-көзден” сақтау үшін нәрестелердің киіміне үкі немесе көз моншақ тағамыз ба? Киелі кітапта арбаушылардың, немесе дуа жасаушылардың, іс-әрекеті айыпталатынын біле тұра, көзарбауға (гипноз) берілеміз бе?
12. а) Жаман ойларды ойлауымызға әндер қалай әсер етуі мүмкін? ә) Адамның киімі, шаш қою үлгісі немесе сөйлеу мәнері, оның өмір-салттары Ехобаға ұнамайтын адамдарға қатты қызығатынын қалай көрсетеді? б) Шайтанның жауыз тәсілдерінің құрбаны болып қалмау үшін не істеуіміз керек?
12 Киелі кітапта неке адалдығын бұзу, сондай-ақ әр қилы азғындықтың тіпті аттары (дұрыс емес оймен) аталмасын делінген (Ефестіктерге 5:3—5). Ал егер мұндай тақырыптар сазды, оңай есте қаларлықтай немесе билеуге келетін тез ырғақты әндерде кезіксе ше? Некеден тыс жыныстық қатынас, есірткі және өзге де күнәкар қылықтар жайында айтылған әндердің сөздерін қайталап айтамыз ба? Осындай істермен айналысатын адамдарға еліктемеу керектігін білсек те, олардың киім кию мен шаш қою үлгісіне, сөйлеу мәнеріне еліктеп жүрген жоқпыз ба? Адамдарды арбау үшін және олардың санасын өзінікіндей арам ету үшін Шайтан қаншалықты жауыз тәсілдер қолданады десеңші! (2 Қорынттықтарға 4:3, 4). Оның зұлымдығының құрбаны болып қалмас үшін, біз осы дүниенің ағынымен ақпауымыз керек. ‘Қара түнекті... дүниенің билеп-төстеушілері’ кім екенін ешқашан есімізден шығармай, оларға қарсы тұруға белді бекем бууымыз керек (1 Петір 5:8).
Жеңімпаз болу үшін “рухани қару-жарақты” асыну
13. Әрқайсысымыз кемелсіздігімізге қарамастан, Шайтанның билігіндегі дүниені қалайша жеңе аламыз?
13 Өлімінің алдында Иса шәкірттеріне: “Батыл болыңдар; Мен осы дүниені жеңіп шықтым”,— деген болатын (Жохан 16:33). Олар да жеңімпаз бола алар еді. Шамамен 60 жылдан соң, Жохан мынадай сөздер жазды: “Кім күнәкар дүниені жеңе алады? Исаны Құдайдың рухани Ұлы деп сенген кісі ғана” (1 Жохан 5:5). Сеніміміздің осындай екенін Исаның айтқандарын орындап, Иса сияқты Құдай Сөзіне сенім арту арқылы көрсетеміз. Тағы да не қажет? Иса басқарып отырған қауыммен тығыз байланыста болуымыз керек. Егер қандай да бір күнә жасап қойсақ, онда шын жүректен өкініп, Исаның құрбандығын негіз етіп, Құдайдан кешірім сұрауымыз қажет. Осылайша, кемелсіздігіміз бен қателіктерімізге қарамастан, біз де жеңімпаз бола аламыз (Забур 129:3, 4).
14. Ефестіктерге 6:13—17 оқып, сұрақтардың және абзацта келтірілген тармақтардың көмегімен әрбір қару-жарақтың қандай пайдасы бар екендігін айтып беріңдер.
14 Жеңіске жетуіміз үшін “Құдай берген рухани қару-жарақтың” бірде-біреуін ұмытпай асынуымыз керек. Киелі кітаптан Ефестіктерге 6:13—17 ашып, бұл қандай қару-жарақтар екенін оқып көріңдерші. Сонан соң төменде келтірілген сұрақтарға жауап бере отырып, олардың әрбірі бізді қалай қорғайтындығы жөнінде ой жүгіртіңдер.
“Шындықпен ‘белді бекем буу’”
Шындықты білетіндігімізге қарамастан, Киелі кітапты үнемі оқығанымыз, ондағы шындықтардың үстінен ой жүгірткеніміз, сондай-ақ қауым кездесулерін қалдырмағанымыз бізді қалай қорғайды? (1 Қорынттықтарға 10:12, 13; 2 Қорынттықтарға 13:5; Філіпіліктерге 4:8, 9).
‘Әділдікті сауыт қылып кию’
Әділдік нормаларын кім орнатады? (Аян 15:3).
Ехобаның әділ жолдарынан ауытқу адамның рухани күйіне зақым келтіретінін мысалмен көрсетіңдер (Заңды қайталау 7:3, 4; 1 Патшалықтар 15:22, 23).
‘Аяқ киім киіп, татуласу туралы Ізгі хабарды таратуға дайын болу’
Адамдарға барып, татуласуға септігін тигізетін Құдайдың шаралары жайлы айтқанымыз бізді қалай қорғайды? (Забур 72:2, 3; Римдіктерге 10:15; 1 Тімотеге 5:13).
‘Сенімді қалқан қылу’
Егер сеніміміз берік болса, әлдекімнің бойымызда күмән немесе қорқыныш тудырғысы келген әрекеттерін қалай қабылдаймыз? (4 Патшалықтар 6:15—17; 2 Тімотеге 1:12).
‘Құтқарылуды дулыға етіп кию’
Құтқарылуға деген үмітіміз материалдық игіліктер жайлы шамадан тыс уайымдамауға қалай көмектеседі? (1 Тімотеге 6:7—10, 19).
“Рухани семсер”
Өзіміздің немесе өзгелердің рухани күйіне қауіп төндіріп отырған нәрселермен күресе отырып, барлық уақытта не нәрсеге сенімді болуымыз керек? (Забур 118:98; Нақыл сөздер 3:5, 6; Матай 4:3, 4).
Рухани күресте жеңілмеу үшін тағы не нәрсе маңызды? Оны қаншалықты жиі айтуымыз керек? Сондай-ақ кімдерді естен шығармауымыз керек? (Ефестіктерге 6:18, 19).
15. Рухани күрес жүргізе отырып, қалай шабуылға көше аламыз?
15 Мәсіхтің сарбаздары ретінде біз рухани күрес жүргізудеміз. Біз жалғыз емеспіз, үлкен әскердің бір мүшесіміз. Егер сергек болып, Құдайдың берген рухани қару-жарақтарын дұрыс қолданар болсақ, бұл күресте жеңілмейміз. Керісінше, өзімізбен бірге Құдайға қызмет етіп жүргендерге жақсы қолдау көрсете аламыз. Мәсіхтің қолындағы Құдай Патшалығы, яғни Шайтан қатты қарсыласып жатқан көктегі үкімет туралы ізгі хабарды өзгелермен бөлісе отырып, шабуылға көшуге барлық уақытта дайын боламыз.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Ехобаға ғибадат ететіндер неліктен осы дүниенің қақтығыстарына мүлдем араласпай, бейтараптықты ұстанады?
• Шайтанның рухани күйімізді зақымдау үшін қолданатын кейбір зұлым тәсілдері қандай?
• Құдайдың берген қару-жарақтары рухани күресте бізді қалай қорғайды?
[76-беттегі сурет]
Осы дүниелік халықтар Һар-Магедонға жиналуда