Осы аумалы-төкпелі заманда Құдаймен тығыз байланыста жүріңдер
“Енох Құдаймен тығыз байланыста жүрді. Кейін Ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді” (ЖАРАТЫЛЫС 5:24).
1. Өмір сүріп отырған қиын заманымыздың кейбір ерекшеліктері қандай?
АУМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ заман! Бұл сөздер Мәсіхтің Патшалығы дүниеге келген 1914 жылдан бері, адамзаттың бастан өткізіп жатқан дүрбелеңге толы, зорлық-зомбылық жайлаған жылдарын дәл сипаттайды. Сол уақыттан бері адамдар “соңғы дәуірде” өмір сүруде. Олар бұрын-соңды болмаған көлемде ашаршылық, індеттер, соғыстар мен жер сілкіністері сияқты апаттарды бастан кешіп отыр (Тімотеге 2-хат 3:1; Аян 6:1—8). Ехобаға ғибадат етушілер де бұдан шет қалмайды. Азды-көпті болсын, бәрімізге де бүгінгі күннің ауыртпалықтары мен тұрақсыздығына кезігуге тура келеді. Экономикалық қиындықтар, саяси тұрақсыздық пен аурулар да өмірді қиындатып жіберді.
2. Ехобаның қызметшілері қандай қиындықтарға кезігуде?
2 Бұған қоса, Ехобаның қызметшілерінің көбісі толассыз қатты қудалауларға төтеп беруде, өйткені “Құдайдың бұйрықтарына бағынып, Исаның шынайы хабарына адал болып жүргендермен” Шайтан әлі шайқасуда (Аян 12:17). Бәріміз бірдей тікелей қудалауға кезікпесек те, шынайы мәсіхшілердің барлығына да Шайтан Ібіліс пен оның осы дүниеде тудырып отырған рухына қарсы күресуге тура келеді (Ефестіктерге 2:2; 6:12). Сол рухтың ықпалына беріліп қалмау үшін үнемі қырағы болуымыз керек. Өйткені жұмыста, мектепте және басқа да жерлерде бізге таза ғибадатқа еш қызықпайтын адамдардың арасында болуға тура келеді.
Құдайсыз халықтармен емес, Құдаймен тығыз байланыста жүріңдер
3, 4. Мәсіхшілер осы дүниеден қай жағынан ерекшеленеді?
3 Бірінші ғасырда мәсіхшілер осы дүниенің рухына қарсы тынбай күрескен болатын, әрі мұнысы оларды мәсіхшілер қауымына жатпайтындардан ерекше еткен. Пауыл бұл ерекшелікті былай деп жазған: “Иеміздің атынан сендерге мықтап айтып ескертемін: бұдан былай құдайсыз халықтардың түкке тұрғысыз ойларына сай өмір сүрмеңдер! Олардың санасын қараңғылық басып, жүректері шындықты білгілері келмей жақсылық атаулыға қасарысқан, сөйтіп Құдай беретін шынайы өмірден құр қалған. Мұндайлар ұяттан әбден безіп, жүгенсіздікке салынып, тойымсыз нәпсіқұмарлықпен әр түрлі азғындық істей береді” (Ефестіктерге 4:17—19).
4 Бұл сөздер Пауылдың күндері мен біздің күніміздегі осы дүниенің тас қараңғы рухани күйі мен құлықтылық жағынан әбден құлдырағанын қалай дәл суреттейді десеңші! Бірінші ғасырдағылар секілді бүгінгі мәсіхшілер де ‘құдайсыз халықтар’ сияқты ‘өмір сүрмейді’. Керісінше, Құдаймен тығыз байланыста жүру оларды қуантады. Рас, кейбіреулер: “Құдайдың жанында тым төмен әрі кемелсіз адамдардың Онымен бірге жүре алуы мүмкін бе?”— деп сұрайтын шығар. Бірақ Киелі кітап бұл мүмкін екенін көрсетеді. Ехоба осылай етеді деп күтеді де. Б. з. б. VIII ғасырда рухтың жетелеуімен Миха пайғамбар келесі сөздерді жазған болатын: “Тәңірдің сенен нені талап ететіні айтылған: әділ әрекет ету, мейірімділікті сүю және Құдайдың алдында кішіпейілділікпен жүру” (Миха 6:8).
Құдаймен тығыз байланыста жүру: қалай және неліктен?
5. Кемелсіз адамдар қалай Құдаймен тығыз байланыста жүре алады?
5 Қалай біз көзге көрінбейтін Құдіретті Құдаймен тығыз байланыста жүре аламыз? Әрине, Онымен адамдармен байланыста жүргендей жүре алмаймыз. Киелі кітаптың “жүру” деген сөзі “белгілі бір жолды ұстану” дегенді білдіредіa. Осыны ескерер болсақ, Құдаймен тығыз байланыста жүрген адам Құдайдың өзі көрсеткен және Оған ұнамды болатын өмір жолымен жүреді. Осындай жолға түсу бізді айналамыздағы адамдардан өзгеше етеді. Сөйтсе де бұл мәсіхшілер үшін жалғыз тура шешім болып табылады. Неге? Мұның себебі көп.
6, 7. Неге Құдаймен тығыз байланыста жүру ең жақсы жол болып табылады?
6 Біріншіден, Ехоба — біздің Жаратушымыз, өміріміздің Қайнар көзі әрі ол тіршілік етуіміз үшін қажеттінің барлығын беріп отыр (Аян 4:11). Сол себепті қалай жүруіміз керектігін айтуға тек соның ғана құқы бар. Оның үстіне, Құдаймен тығыз байланыста жүргеннен артық ештеңе жоқ, тек осындай өмір жолы ғана бізге зор пайда әкеледі. Ехоба өзімен тығыз байланыста жүретіндердің күнәларын кешірудің қамын жасап, оларға мәңгілік өмірге деген берік үміт сыйлап отыр. Сонымен қатар көктегі сүйіспеншілікке толы Әкеміз өзімен тығыз байланыста жүретіндерге кемелсіздігі мен Шайтанның билігіндегі дүниеде өмір сүріп жатқандарына қарамастан, қазірдің өзінде өмірде табысты болуға көмектесетін дана кеңестер беруде (Жохан 3:16; Тімотеге 2-хат 3:15, 16; Жоханның 1-хаты 1:8; 2:25; 5:19). Құдаймен тығыз байланыста жүрудің тағы бір себебі — осылай етуге даяр болсақ, бұл қауымның ынтымағы мен бірлігіне ықпал етеді (Қолостықтарға 3:15, 16).
7 Соңғы әрі ең маңызды себебі — біз Құдаймен тығыз байланыста жүрсек, сонау Едем бағында билікке қатысты көтерілген даулы сұрақта кімнің жағында екенімізді көрсетеміз (Жаратылыс 3:1—6). Өзіміздің өмір салтымызбен толығымен Ехобаның жағына шығатынымызды көрсетеміз, сондай-ақ тек соның ғана Әлемнің құқылы Әміршісі екенін батылдықпен жариялаймыз (Забур 82:19). Осылай Құдайдың есімі қастерлене берсін және оның еркі орындалсын деген дұғамызға сай әрекет етеміз (Матай 6:9, 10). Құдаймен тығыз байланыста жүруді шешкен адамдар — қандай дана адамдар! Олар дұрыс жолмен келе жатқанына күмәнданбаса да болады, өйткені Ехоба — “даналықтың бірден-бір Иесі”. Ол ешқашан қателеспейді (Римдіктерге 16:27).
8. Енох пен Нұхтың заманы біздікіне қай жағынан ұқсас болған?
8 Алайда осы аумалы-төкпелі заманда, сондай-ақ адамдардың көбісі Ехобаға қызмет ету жайлы ойына еш кіріп-шықпайтын уақытта мәсіхшілер ретінде өмір сүру қалайша мүмкін? Бұған жауапты қиын-қыстау кезде адалдықтарын сақтап қалған ертедегі ер кісілердің мысалын қарастырғанда табамыз. Олардың екеуі Енох пен Нұх болатын. Екеуі де біз өмір сүріп жатқан уақытқа өте ұқсас заманда өмір сүрген. Зұлымдық кең етек жайған болатын. Нұхтың күнінде жер беті зорлық-зомбылық пен азғындыққа толған еді. Алайда Енох пен Нұх сол дүниенің рухына қарсы тұрып, Ехобамен тығыз байланыста өмір сүрген. Бұған қалай күштері жетті? Бұл сұраққа жауап беру үшін осы мақалада Енохтың, ал келесі мақалада Нұхтың мысалын қарастырамыз.
Аумалы-төкпелі заманда Енох Құдаймен тығыз байланыста жүрді
9. Бізде Енох туралы қандай мәлімет бар?
9 Енох Жазбаларда Құдаймен тығыз байланыста жүрген ең бірінші адам ретінде айтылады. Киелі кітапта: ‘Мәтусала дүниеге келген соң, Енох үш жүз жыл бойы Құдаймен тығыз байланыста болды’,— делінген (Жаратылыс 5:22). Әрі қарай оның қанша жыл өмір сүргені айтылады: оның өмірі біздікінен ұзақ, бірақ сол уақыттағымен салыстырғанда қысқа болған. Сонан соң: “Енох Құдаймен тығыз байланыста жүрді. Кейін Ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді”,— делінген (Жаратылыс 5:24). Сірә, Ехоба Енохты қарсыластарының қолынан жазым болмау үшін тірілер арасынан әкетіп, өлім ұйқысына батырған болу керек (Еврейлерге 11:5, 13). Енох жайлы Киелі кітапта осы азғана тармақтардан басқа онша ештеңе айтылмайды. Дегенмен де қолымызда бар мәліметтер Енохтың заманы аласапыран заман болған деп тұжырымдауымызға көмектеседі.
10, 11. а) Адам мен Хауаның бүлігінен кейін адамзат қаншалықты тез құлдырады? ә) Енох қандай пайғамбарлық айтты және оған адамдар қалай қарады?
10 Мысалы, Адам атаның күнәсынан кейін адамдардың қалай тез бұзылып кеткенін қарастырайықшы. Киелі кітапта Адамның тұңғыш ұлы Қабыл інісі Әбілді өлтіріп, ең алғашқы кісі өлтіруші болғандығы айтылады (Жаратылыс 4:8—10). Әбілдің қиянат өлімінен кейін Адам мен Хауаның тағы бір ұлы туылады да, оның есімін Сет деп қояды. Ол туралы былай деп оқимыз: “Сет те ұлды болып, атын Енос деп қойды. Сол кезде [олар] Жаратқан Иенің атын [атап] шақыра бастады” (Жаратылыс 4:25, 26 (ә) “Таурат” қазақ және ағылшын тілдерінде). Өкінішке орай, адамдардың Ехобаның атын шақыруы жолдан таюшылықпен байланысты едіb. Енос туылғаннан кейін көп жыл өткен соң, Қабылдың ұрпағы Ләмех екі әйеліне арнап жыр жырлап, өзін жаралағаны үшін бір жас жігітті өлтіргені туралы айтады. Сондай-ақ ол жырында: “Қабыл үшін жеті есе кек алынатын болса, Ләмех үшін жетпіс жеті есе кек алынатын болады”,— деп ескертеді (Жаратылыс 4:10, 19, 23, 24).
11 Адамзаттың бұзылуына Едем бағында Шайтан түрткі болған. Жоғарыда айтылған қысқа деректер осының кесірінен Адам ұрпақтарының арасында зұлымдықтың тез етек жайғанын көрсетеді. Міне, осындай дүниеде Енох Ехобаның пайғамбары болды, әрі оның рухтың жетелеуімен айтқан құдіретті сөздерінің тіпті бүгінгі күні де мәнісі зор. Яһуда Енохтың айтқан пайғамбарлығы жайлы былай дейді: “Тыңдаңдар, Иеміз Өзінің он мыңдаған қасиетті нөкерлерін ертіп көктен түспек! Ол бәрін де соттап, әділетсіздердің зұлымдықпен істеген барлық жаман істерін де, арсыз күнәкарлардың Оған қарсы айтқан бүкіл кәрлі сөздерін де әшкерелеп, жазаларын тартқызатын болады” (Яһуда 14, 15). Бұл сөздер Һар-Магедонда толық жүзеге аспақ (Аян 16:14, 16). Тіпті Енохтың күндерінде де оның пайғамбарлық сөздеріне ызаланған “арсыз күнәкарлардың” көп болғанына күмәнданбасақ та болады. Ехобаның Енохты олардың арасынан алып кеткені қандай жақсы болған!
Енохтың Құдаймен тығыз байланыста жүруіне не көмектесті?
12. Енохты замандастарынан ерекше еткен не?
12 Едем бағында Адам мен Хауа Шайтанды тыңдап, Адам Құдайға қарсы шыққан еді (Жаратылыс 3:1—6). Ал олардың ұлы Әбіл басқаша өмір кешіп, Ехобаға ұнамды болды (Жаратылыс 4:3, 4). Өкінішке орай, Адам ұрпағының басым көпшілігі Әбілдің үлгісімен жүрмеді. Бірақ одан жүздеген жылдардан кейін туылған Енох Әбіл сияқты болды. Оның Адамның көптеген басқа ұрпақтарынан қандай айырмашылығы болды? Бұл сұраққа елші Пауыл былай деп жауап қатқан: “Енох Құдайға сенгені үшін ажалға жолықтырылмай бұ дүниеден әкетілді. “Ол жер бетінен ғайып болды, себебі Құдай оны Өзіне алып кеткен еді”. Енохтың бұған дейінгі өмірінің Құдайға ұнамды болғаны туралы да Киелі жазбада айтылған” (Еврейлерге 11:5). Енох ‘бұлт секілді қоршап тұрған [мәсіхшілерге дейінгі] сенушілер тобырының’ қатарында болған (Еврейлерге 12:1, сілтемені қараңдар). Осы сенімінің арқасында Енох өмір бойы әділ болып қалған, ал ол 300-ден аса жыл, яғни басым көпшілігіміздің өмір жасымыздан үш есе көп жыл өмір сүрген.
13. Енохтың сенімі қандай болған?
13 Пауыл Енох пен өзге де куәгерлердің сенімін былай сипаттап жазған: “Ал сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асатынына күмәнданбау, әлі де көрінбей тұрған уәденің орындалуына шүбәсіз илану” (Еврейлерге 11:1). Иә, сенім — үміттенген нәрсеміздің орындалатынын сенімділікпен күту әрі күткенде де негізсіз күтпеу. Бұл сондай-ақ өмірімізде нені бірінші орынға қоятынымызға әсер ететіндей қатты күтуді білдіреді. Дәл осындай сенім Енохқа, айналасындағыларда мұндай сенім жоқ болса да, Құдаймен тығыз байланыста жүруіне көмектескен.
14. Енохтың сенімі қандай тура білімге негізделген болуы мүмкін?
14 Шынайы сенім тура білімге негізделеді. Енохтың қандай білімі болған? (Римдіктерге 10:14, 17; Тімотеге 1-хат 2:4) Әрине, ол Едемде болған оқиға жайында хабардар болған. Сонымен қатар Едем бағында қандай өмір болғандығы жайлы да естіген болуы керек. Адамдардың кіруіне жол жабық болғанымен, Едем бағы ол кезде әлі бар болса керек (Жаратылыс 3:23, 24). Ол сондай-ақ Адамның ұрпағы жер бетін толтырып, бүкіл жер шары бастапқы Жұмақ сияқты болады деген Құдайдың ниетін білген (Жаратылыс 1:28). Оның үстіне, Шайтанның басын мыжитын және оның алдауының қайғылы зардаптарын жоятын Ұрпақтың келетіндігі жайлы Ехобаның уәдесі Енох үшін қымбат болғанында сөз жоқ (Жаратылыс 3:15). Шындығында да, Енохтың Яһуда кітабында жазылған пайғамбарлығында Шайтанның ұрпағы жойылатыны туралы айтылады. Енохта сенім болған, олай болса, ол Ехобаға ‘Өзін іздеп, жақыннан танығысы келгендерді жарылқайтын’ Құдай ретінде ғибадат еткен (Еврейлерге 11:6). Енохтың білімі біздікі сияқты толық болмағанымен, берік сенім қалауы үшін жеткілікті болған. Осындай сенімнің арқасында ол аумалы-төкпелі заманда адалдығын сақтаған.
Енохтың үлгісіне еліктеңдер
15, 16. Енохтың өмір салтына қалай еліктей аламыз?
15 Енох сияқты біз де қазіргі аумалы-төкпелі заманда Құдайға ұнамды болғымыз келеді, сондықтан да оның үлгісіне еліктеуіміз керек. Ехоба мен оның ниеттері жайлы тура білім алып, оны есте сақтап жүруіміз керек. Бірақ бұл жеткіліксіз. Сол тура білімді өмірімізде басшылыққа алуымыз керек (Забур 118:101; Петірдің 2-хаты 1:19). Сонымен қатар Ехобаның ой-қалпына ие болып, барлық уақытта әрбір ойымыз бен істеріміз арқылы оған ұнамды болуға тырысуымыз қажет.
16 Енохтың заманында тағы кімнің Ехобаға қызмет еткенін білмейміз, бірақ Енохтың жалғыз өзі не Құдайға қызмет еткен аз ғана адамның бірі болғаны анық. Қазіргі дүниеде біз де азбыз, бірақ бұл бізді шошындырмайды. Бізге кім қарсы шықпасын, Ехоба бізді қолдайды (Римдіктерге 8:31). Енох құдайсыздарға төніп келе жатқан жойылу туралы батылдықпен ескерткен. Біз де күлкі-мазаққа, қарсылықтар мен қудалауларға қарамастан, ‘Құдай Патшалығы туралы Ізгі хабарды’ батылдықпен жариялаймыз (Матай 24:14). Енох замандастары сияқты ұзақ өмір сүрген жоқ. Сөйткенмен де ол сол дүниеге үміт артқан жоқ. Ол назарын әлдеқайда маңызды нәрсеге тікті (Еврейлерге 11:10, 35). Біз де назарымызды Ехобаның ниеттерінің орындалуына тігеміз. Сондықтан осы дүниеге тым беріліп кетпейміз (Қорынттықтарға 1-хат 7:31). Қайта, күш-қуатымыз бен қолымызда барды бірінші кезекте Ехобаның қызметіне жұмсаймыз.
17. Бізде Енохта болмаған қандай білім бар, сондықтан не істеуіміз керек?
17 Енох уәде етілген Ұрпақ Құдайдың белгілеген уақытында келетініне сенген. Сол Ұрпақтың, Иса Мәсіхтің, келгеніне, азаттық төлемін өтеп, біздің және Енох сияқты ежелгі куәгерлердің мәңгілік өмірді иемденуі үшін жол ашып қойғанына, міне, қазір 2 000 жылдай болды. Қазір Құдай Патшалығының Патшасы болған сол Ұрпақ Шайтанды көктен жер бетіне лақтырды. Біз соның айналамызда болып жатқан қайғылы салдарын көріп отырмыз (Аян 12:12). Шынында да, Енохқа қарағанда біздің әлдеқайда көп біліміміз бар. Олай болса, Енох сияқты берік сенімге ие болайық. Ал Ехобаның уәделерінің орындалатынына сенімді болғанымыз әрбір ісімізге әсер етсін. Осындай аумалы-төкпелі заманда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, Енох сияқты біз де Құдаймен тығыз байланыста жүрелік.
[Сілтемелер]
a Ехоба Куәгерлері басып шығарған “Киелі жазбаларды түсіну” кітабын қараңдар (I-том, 220-бет, 6-абз., ағ.).
b Еностың күндеріне дейін Ехоба Адаммен сөйлескен болатын. Әбілдің де тартуын қабыл алған. Қызғаныштан ашуланып кісі өлтіргенге дейін, Құдай тіпті Қабылмен де сөйлескен. Онда адамдардың ‘Жаратқан Иенің есімін шақыра бастаулары’ таза ғибадатқа қатысы жоқ, өзгеше бір жолмен болса керек.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Құдаймен тығыз байланыста жүру деген нені білдіреді?
• Неге Құдаймен тығыз байланыста жүру ең жақсы жол болып табылады?
• Аумалы-төкпелі заманда Енохтың Құдаймен тығыз байланыста жүруіне не көмектесті?
• Енохтың үлгісіне қалай еліктей аламыз?
[25-беттегі сурет]
Сенімінің арқасында “Енох Құдаймен тығыз байланыста жүрді”
[27-беттегі сурет]
Ехобаның уәделері жүзеге асатынына нық сенеміз
[23-беттегі түпдерек]
Woman, far right: FAO photo/B. Imevbore; collapsing building: San Hong R-C Picture Company