“Өміріміз бен қызметіміз” жұмыс дәптерінің сілтемелері
4—10 наурыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | РИМДІКТЕРГЕ 12—14
“Мәсіхшілік сүйіспеншілік таныту деген не?”
(Римдіктерге 12:10) Бір-біріңді туған бауырлардай жақсы көріңдер. Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер.
it-1 55-б.
Жақсы көру
Бауырластық сүйіспеншілікті (гр. “филаделфиа”, сөзбе-сөз “бауырын жақсы көру”) мәсіхшілер қауымының әрбір мүшесі көрсетуі керек (Рм 12:10; Ев 13:1; Пт1х 3:8 де қараңыз). Демек, қауымдағылардың өзара арақатынасы бір отбасындағыдай жақын, берік әрі ыстық болуы қажет. Қауымдағы бауырластар бір-біріне бауырластық сүйіспеншілік танытып жүрсе де, осы жағынан әрі қарай да жақсара беруге шақырылады (Сл1х 4:9, 10).
“Аяулы сезімі бар” дегенді білдіретін “филосторгос” деген грек сөзі біреумен жақын да жылы қарым-қатынастағы адамға қатысты қолданылады. Бұл біріккен сөздің бір түбірі — “стерго”. Бұл сөз жиі жақын туыстардың арасындағы бауырмалдық сезімге қатысты қолданылады. Елші Пауыл мәсіхшілерді осы қасиетке ұмтылуға шақырған (Рм 12:10). Сондай-ақ Пауыл соңғы күндері адамдар “бауырмалдықтан жұрдай” болатынын (гр. “асторгой”) әрі ондай адамдар өлімге лайық екенін айтып кеткен (Т2х 3:3; Рм 1:31, 32).
(Римдіктерге 12:17—19) Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар. Жұрт дұрыс деп есептейтінді істеуге тырысыңдар. 18 Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. 19 Сүйікті бауырластар, өздерің үшін кек алмаңдар, оны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар. Өйткені былай деп жазылған ғой: “Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын,— дейді Ехоба”.
“Барлық адамдармен тату болыңдар”
3 Римдіктерге 12:17 оқы. Пауылдың түсіндіруінше, қаскөйлікке қастықпен жауап бермеуіміз керек. Бұл кеңес, әсіресе, бір дінді ұстанбайтын отбасылары үшін маңызды. Жұбайы қаскөйлік танытқанда, мәсіхші дөрекілікпен жауап қайтаруға не қастықпен әрекет етуге тырыспайды. “Жамандыққа жамандықпен қайтару” жақсылыққа апармайды. Керісінше, жағдайды одан бетер ушықтырып жібереді.
w07 1.7. 24-б., 12-абз.—25-б., 13-абз.
“Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар!”
12 Пауыл бауырластарымызға да, сенбеушілерге де қалай қарауымыз керектігіне қатысты тағы мынадай кеңес берді: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар!” Бұл — алдында айтылған ‘жамандықтан аулақ жүр’ деген кеңесті орындаудан туындайтын жайт. Расында да, егер адам есесін қайтару үшін біреуге жамандық істейтін болса, қалайша ол жамандықтан аулақпын дей алады? Бұл ‘адал сүйіспеншілікке’ кереғар әрекет болар еді. Содан кейін Пауыл: “Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында әдепті болуына тырысыңдар”,— деді (Римдіктерге 12:9, 17). Бұны қалай істеуге болады?
13 Бұдан ертеректе, Қорынттықтарға жазған хатында, Пауыл елшілер кезіккен қуғын-сүргін туралы былай деп жазған еді: “Бүкіл әлемге — періштелер мен адамдарға масқара көрініс болдық... Бізді жамандағандарға ақ бата тілейміз, қудаласа, оған да төземіз; қаралағандарға жылы сөйлеп, ескертеміз” (Қорынттықтарға 1-хат 4:9—13). Қазіргі шынайы мәсіхшілер де осы дүниелік адамдардың көз алдында жүр. Тіпті әділетсіздікке кезіксек те, әдептілікпен әрекет ететінімізді көрген айналамыздағы адамдар ізгі хабарға жақсырақ қарауы мүмкін (Петірдің 1-хаты 2:12).
(Римдіктерге 12:20, 21) Қайта, “жауың ашықса, оны тамақтандыр; шөлдесе, ішетін су бер. Осылай етуіңмен оның басына қызып тұрған шоқ үйесің”. 21 Жамандықтан жеңілмей, оны әрдайым жақсылықпен жеңіп шық!
Бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер
13 Кейде сен өзіңе дөрекілік көрсеткен адамға мәсіхшілер ұстанатын нормаларды бағалауға көмектесе аласың. Елші Пауыл былай деген: “Жауың ашықса, оны тамақтандыр; шөлдесе, сусын бер. Себебі осылай етуіңмен оның басына қызып тұрған шоқ үйесің”. Жамандықтан жеңілмей, оны әрдайым жақсылықпен жеңіп шық!” (Рим. 12:20, 21). Өзіңе суық қабақ танытқан адамдармен ілтипатпен сөйлессең, олар көзқарастарын өзгертіп, тіпті жылы шырай танытуы мүмкін. Егер өзіңе жамандық жасаған адамға түсінушілікпен не тіпті жанашырлықпен қарайтын болсаң, оның Киелі кітап туралы білуге деген ықыласы оянуы мүмкін. Қандай болған күнде де, сенің биязы жауабың адамды үлгілі жүріс-тұрысың туралы ойлануға талпындырады (Пет. 1-х. 2:12; 3:16).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Римдіктерге 12:1) Сондықтан, бауырластар, Құдай жанашырлық танытқандықтан сендерден мынаны өтінемін: денелеріңді тірі, қасиетті, Құдайға ұнамды құрбандық ретінде ұсыныңдар. Осылай еткендерің ақыл-ойларыңды іске қосып атқарған қасиетті қызметтерің болмақ.
Ойын-сауықты ақылмен таңдаңыз
5 Біздің қалай өмір сүретініміз ғибадатымызға тікелей әсер етеді. Пауыл осыған қатысты: “Денелеріңді тірі, қасиетті, Құдайға ұнамды құрбандық ретінде ұсыныңдар”,— деген (Римдіктерге 12:1). Ал Иса: “Құдайың Ехобаны бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен және бар күш-қуатыңмен сүй”,— деген (Марқа 12:30). Біз Ехобаға бар жақсымызды бергіміз келеді. Ежелгі Исраилде Ехобаға арнап құрбандыққа мал шалғанда, халық еш міні жоқ сау мал әкелу керек еді. Ал қандай да бір кемістігі болған жағдайда, Ехоба құрбандықтарын қабылдамайтын (Мұсаның 3-жазбасы 22:18—20). Сол сияқты біздің де ғибадатымыз Ехобаға ұнамсыз болып қалуы әбден мүмкін. Қай кезде?
6 Ехоба бізге: “Киелі болыңдар, себебі мен киелімін”,— дейді (Петірдің 1-хаты 1:14—16; Петірдің 2-хаты 3:11). Ехобаға біздің тек киелі, яғни таза ғибадатымыз ғана ұнамды (Мұсаның 5-жазбасы 15:21). Ехоба жек көретін істермен, яғни жыныстық өнегесіздікпен, қатыгездікпен не тылсым күштермен байланысы бар істермен айналысатын болсақ, ғибадатымыз таза болудан қалады (Римдіктерге 6:12—14; 8:13). Осындай нәрселерді жай ғана қызықтайтын болсақ, бұл да Ехобаға ұнамсыз. Бұндай әрекетіміз ғибадатымызды арамдап, оны жарамсыз етеді. Сондай-ақ Құдаймен достығымызға айтарлықтай кесірін тигізеді.
(Римдіктерге 13:1) Әрбір адам билік басындағыларға бағынсын, өйткені биліктің бәрі Құдайдан. Қазіргі билік иелерінің әрқайсысының Құдай белгілеген орны бар.
Римдіктерге арналған хаттағы көңіл бұрарлық ойлар
13:1. “Мемлекеттік биліктің бәрі негізінде Құдайдан” деп қай мағынада айтылған? Мемлекеттік биліктің бәріне Құдай жол беріп отыр және Ол кейбір билік иелері жайында алдын ала білген. Мұны олар туралы Киелі кітаптағы кейбір пайғамбарлықтардан байқауға болады.
Киелі кітапты оқу
(Римдіктерге 13:1—14) Әрбір адам билік басындағыларға бағынсын, өйткені биліктің бәрі Құдайдан. Қазіргі билік иелерінің әрқайсысының Құдай белгілеген орны бар. 2 Сондықтан билікке қарсы шыққан адам Құдай орнатқан құрылымға қарсы шығады. Ал бұл құрылымға қарсы шыққандар жазаға тартылады. 3 Билік иелерінен жақсылық істейтіндер емес, жамандық істейтіндер қорқуы тиіс. Олардан қорықпай жүргің келе ме? Онда жақсылық істей бер, сонда олардан мақтау аласың. 4 Өйткені билік иесі — сенің игілігің үшін қойылған Құдайдың қызметшісі. Ал жамандық жасап жүрсең, одан қорыққаның жөн. Ол семсерін бекерге асынып жүрген жоқ. Билік иесі — Құдайдың қызметшісі, яғни жамандық жасаушыларды оның қаһарына ұшырататын кек алушы. 5 Олай болса, оған Құдайдың қаһарына ұшыраудан қорыққандықтан ғана емес, ар-ұждандарың таза болу үшін де бағынуларың қажет. 6 Сондықтан да сендер алым-салық төлеп жүрсіңдер. Өйткені билік иелері — елдің игілігі үшін қойылған Құдайдың қызметшілері, әрі олар үнемі осы мақсатта қызмет етеді. 7 Әркімге тиістісін беріңдер: салық талап еткендерге салық, алым талап еткендерге алым төлеңдер, қорқу керек кісіден қорқыңдар, құрмет көрсету керек кісіге құрмет көрсетіңдер. 8 Өзара сүйіспеншіліктен басқа ешкімге ештеңе қарыз болмаңдар. Себебі адамның өзгені сүйгені — заңды орындағаны. 9 Өйткені Заңдағы “Неке адалдығын бұзба! Кісі өлтірме! Ұрлық жасама! Сұқтанба!” деген және тағы басқа заңдар былай деп тұжырымдалған: “Өзге адамды өзіңді сүйгендей сүй”. 10 Өзгені сүйетін адам оған жамандық істемейді. Сондықтан сүйіспеншілік таныту — заңды орындау. 11 Осылай істеңдер, өйткені қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды білесіңдер. Міне, ұйқыдан оянатын уақыт келді. Себебі Мәсіхке сене бастаған кезімізге қарағанда, құтқарылатын кезіміз қазір жақынырақ. 12 Түн бітуге таяды, ал күн жақындап қалды. Сондықтан түнектің істерін тастап, жарықтың қаруын асынайық. 13 Ырду-дырду той-думан құрудан, маскүнемдік, азғындық, өрескелдік, ұрыс-жанжал мен күншілдіктен аулақ болып, күндізгі уақыттағыдай әдеппен жүріп-тұрайық. 14 Иеміз Иса Мәсіхтің қасиеттеріне еліктеңдер; тән құмарлығын қанағаттандырудың жолын ойластырмаңдар.
11—17 наурыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | РИМДІКТЕРГЕ 15, 16
“Ехобадан табандылық пен жұбаныш сұраңыз”
(Римдіктерге 15:4) Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз.
“Қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар”
11 Елазар қайтыс болғанда Исаның қатты қайғырғаны туралы оқиға — Жазбалардағы жұбаныш сыйлайтын көптеген тармақтардың бірі ғана. Иә, мұндай жазба орындары көп болуы да керек, өйткені “бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз” (Римдіктерге 15:4). Егер сіз жақыныңызды жоқтап жүрген болсаңыз, мына жазба орындары көңіліңізге медеу бола алады:
▪ “Жүрегі жаралы жанға Ехоба жақын тұрады, Сағы сынғандарды құтқарады” (Зәбүр 34:18, 19).
▪ “Сарыуайымға салынғанымда, Сен [Ехоба] мені жұбатып, жаныма жай бердің” (Зәбүр 94:19).
▪ “Бізді сүйіп, рақымымен мәңгілік жұбаныш әрі берік үміт берген Құдай Әкеміз және Иеміз Иса Мәсіхтің өзі сендерді жұбатып... нығайтсын” (Салоникалықтарға 2-хат 2:16, 17).
(Римдіктерге 15:5) Табандылық пен жұбаныш беретін Құдай бәріңе Мәсіх Исаның ой қалпын сыйласын!
“Табандылықтарың толығымен көрсетілсін”
5 Ехобадан күш сұрайық. Ехоба — “табандылық пен жұбаныш беретін Құдай” (Римдіктерге 15:5). Тек Ехоба ғана біздің жағдайымыз бен сезімдерімізді және шыққан ортамыздың бізге қалай әсер ететінін толық түсінеді. Сондықтан ол табанды болуымыз үшін бізге не қажет екенін жақсы біледі. Киелі кітапта: “Ол өзінен қорқатындардың тілегін орындайды, Көмек сұраған үндерін естіп, аман сақтайды”,— делінген (Зәбүр 145:19). Табанды болу үшін күш сұрағанымызда, Құдай қалай жауап береді?
(Римдіктерге 15:13) Киелі рухтың құдіретімен үміттерің молая түсу үшін, үмітіміздің бастауы — Құдай сенімдерің арқылы сендерге зор қуаныш пен тыныштық сыйласын!
“Ехоба Құдайыңды сүй!”
11 Ехоба мәңгі өмір сүру үмітін берді (Рим. 15:13). Осы үміт бізге сын сағаттарда сенімімізде берік болып қалуға көмектеседі. Соңғы демі біткенше адалдығын сақтаған майланған бауырластар көкте мәңгі өмір сүретін болады (Аян 2:10). Ал жерде өмір сүруге үміті бар адал жандар күллі жерде орнайтын жұмақта ғұмыр кешеді (Лұқа 23:43). Осындай үміт бізге қандай сезімдер сыйлайды? Ехобаның “игі де кемелді” сыйлары оған деген сүйіспеншілігімізді арттырады әрі жан дүниемізді қуаныш пен тыныштыққа бөлейді! (Жақ. 1:17).
Асыл тастарды іздеп табайық
(Римдіктерге 15:27) Иә, басқа ұлттар мұны қуана істеді. Негізінде олар қасиеттілердің алдында қарыздар, өйткені рухани игіліктерінен үлес алған. Сондықтан олар да Иерусалимдегі қасиеттілермен қолда бар игіліктерімен бөлісуге міндетті.
w89 1.12. 24-б., 3-абз.
“Сүйіспеншіліктеріңнің шынайылығын сынау”
Басқа ұлттан шыққан бауырластар Иерусалимдегі мәсіхшілерге қуана-қуана қол ұшын берулері керек еді. Олар кезінде дәл осы Иерусалимдегі бауырластардан ізгі хабарды естіген болатын. Сондықтан өзге ұлттың бауырластары оларға “қарыздар” еді. Олар Иерусалимдегі қасиеттілердің рухани игіліктерінен үлес алғандықтан, “қолда бар игіліктерімен бөлісуге міндетті” деп санады Пауыл (Римдіктерге 15:27).
(Римдіктерге 16:25) Құдай сендерді мен жариялап жүрген ізгі хабар және Иса Мәсіх туралы уағыз арқылы нығайта алады. Бұл хабар Құдайдың қасиетті құпияға қатысты ашқандарымен үйлеседі. Қасиетті құпия болса ұзақ уақыттан бері ашылмай келген еді.
it-1 858-б., 5-абз.
Алдын ала білу; Алдын ала белгілеу
Уәде етілген Ұрпақ Мәсіх болуы керек еді. Ол арқылы жер бетіндегі барлық халықтардан шыққан әділ адамдар жарылқанбақ (Ғл 3:8, 14). “Ұрпақ” жайлы бірінші рет Едем бағында бүлік шыққаннан кейін, Әбіл туылмай тұрып айтылды (М1ж 3:15). Содан шамамен 4000 жылдан кейін ғана “қасиетті құпия” ашылып, Мәсіх болатын “ұрпақтың” кім екені белгілі болды. Расында да, бұл құпия “ұзақ уақыттан бері ашылмай келді” (Рм 16:25—27; Еф 1:8—10; 3:4—11).
Киелі кітапты оқу
(Римдіктерге 15:1—16) Сондықтан сенімі берік біздер өзімізге ұнайтынды істемей, әлсіздердің ауыртпалықтарын көтеруге тиіспіз. 2 Әрқайсысымыз өзгеге ұнайтынды, яғни оны рухани нығайтатын нәрсені істейік. 3 Өйткені Мәсіх те өзіне ұнайтынды істеген жоқ. Бұл туралы: “Сені қорлағандардың ғайбат сөздері маған тиді”,— делінген. 4 Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған. Осылайша табандылығымыз арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз. 5 Табандылық пен жұбаныш беретін Құдай бәріңе Мәсіх Исаның ой қалпын сыйласын! 6 Сонда Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайын әрі Әкесін бірігіп, бірауыздан мадақтайсыңдар. 7 Құдай мадақталу үшін, Мәсіх бізді қалай қабылдаған болса, сендер де бір-біріңді солай қабылдаңдар. 8 Сендерге айтамын, Құдайдың шыншыл екенін дәлелдеу үшін Мәсіх сүндеттелгендердің қызметшісі болып, олардың ата-бабаларына берілген уәделердің өз күшінде екенін растады. 9 Сондай-ақ басқа ұлттардың өздеріне көрсеткен мейірімі үшін Құдайды мадақтауына себепші болды. Бұл туралы: “Сені ұлттар арасында мадақтайын, атыңды әнге қосып даңқтайын”,— деп жазылған. 10 Сондай-ақ былай делінген: “Халықтар, оның халқымен бірге қуаныңдар!” 11 Тағы былай делінген: “Барлық ұлттар, Ехобаны мадақтаңдар! Күллі халықтар да оны мадақтасын!” 12 Ишая пайғамбар да: “Есейдің тамырынан ұрпақ шығып, ұлттарға билік етеді. Ұлттар оған үміт артады”,— деген. 13 Киелі рухтың құдіретімен үміттерің молая түсу үшін, үмітіміздің бастауы — Құдай сенімдерің арқылы сендерге зор қуаныш пен тыныштық сыйласын! 14 Бауырластарым, толық білім алғандықтан, сендердің ізгі істерге бай екендеріңе, сондай-ақ бір-біріңе ақыл-кеңес бере алатындарыңа сенімдімін. 15 Алайда кейбір жайттарды қайтадан естеріңе салу үшін, Құдай маған рақым көрсеткендіктен едәуір ашық жазып отырмын. 16 Бұл рақым маған басқа ұлттар үшін Мәсіх Исаның қызметшісі болып, Құдайдың ізгі хабарын жариялауым үшін көрсетілді. Бұл қасиетті іске қатысуымның мақсаты — ұсынған құрбандығымның, яғни басқа ұлттардың, киелі рух арқылы қасиетті әрі Құдайға ұнамды болуы.
18—24 наурыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 1—3
“Сіз тәндік адамсыз ба, әлде рухани ма?”
(Қорынттықтарға 1-хат 2:14) Бірақ тәндік көзқарастағы адам Құдай рухы ашқан нәрселерді қабылдамайды, себебі ақымақтық деп есептейді, танып-біле де алмайды, өйткені бұларға баға беру үшін Құдай рухы қажет.
Рухани адам болу деген нені білдіреді?
4 Тәндік адамның ой қалпы қандай? Ол өзімшіл қалауларды қанағаттандыруға бағытталған осы дүниелік көзқарасты ұстанады. Пауыл мұндай көзқарасты “тілазар адамдарға әсер етіп жатқан рух” деп сипаттаған (Ефестіктерге 2:2). Мұндай көзқарас адамдардың басым бөлігін жұрт не істесе, соны істеуге итермелейді. Олар Құдай талаптарын еш елемей, өздері дұрыс деп есептейтінді ғана істейді. Тәндік адам көбіне тәндік нәрселер жайлы ойлайды, сондай-ақ өз дәрежесін, ақшаны не өз құқықтарын бәрінен де маңызды санайды.
5 Тәндік адам Киелі кітапта айтылып кеткен “тәннің істерімен” айналысады (Ғалаттықтарға 5:19—21). Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерге жазған бірінші хатында тәндік адамдардың жасайтын басқа да істерін атап өткен. Ондай адамдар араға іріткі салады, алауыздық тудырады, басқаларды бүлікке итермелейді, бір-бірін сотқа апарады, басшылықты қолға алғандарды құрметтемейді әрі ішіп-жеуге тым көп мән береді. Сондай-ақ тәндік адам жамандық істеуге азғырылғанда, соған елігіп кетеді (Нақыл сөздер 7:21, 22). Яһуда тәндік адамның тіпті Құдай рухынан айырылып қалуы мүмкін екенін айтқан (Яһуда 18, 19).
(Қорынттықтарға 1-хат 2:15, 16) Ал Құдай рухының жетелеуімен жүретін адам барлығына баға бере алады, бірақ басқалар бұндай адамға баға бере алмайды. 16 “Ехобаға нұсқау беретіндей, оның ой-санасын кім танып-білген?” Ал бізде Мәсіхтің ой-санасы бар.
Рухани адам болу деген нені білдіреді?
6 Тәндік адамнан айырмашылығы, рухани адам Ехобамен қарым-қатынасына қатты мән береді. Ол киелі рухтың өзін жетелеуіне жол береді әрі Ехобаға еліктеуге тырысады (Ефестіктерге 5:1). Ехобаның ой қалпын білуге және барлық мәселеге ол сияқты қарауға күш салады. Ол үшін Құдай — тірі Тұлға. Тәндік адамға қарағанда, рухани адам өмірінің әр саласында Ехобаның талаптарын елеп-ескереді (Зәбүр 119:33; 143:10). Ол “тәннің істерімен” айналыспайды, қайта, “киелі рухтың жемісін” дамытуға күш салады (Ғалаттықтарға 5:22, 23). Рухани адам деген нені білдіретінін анығырақ түсінуге мынандай мысал көмектеседі: Қандай да бір бизнесті шебер жүргізетін адамды бизнестің адамы дейміз. Сол сияқты рухани істерге бар ықыласын аударатын адамды рухани адам деуге болады.
Рухани адам болу деген нені білдіреді?
15 Исаға қалай еліктесек болады? Қорынттықтарға 1-хат 2:16-да бізде “Мәсіхтің ой-санасы” болу керектігі айтылған. Ал Римдіктерге 15:5-те біз “Мәсіх Исаның ой қалпын” дамытуға шақырыламыз. Мәсіхке ұқсау үшін оның қалай ойлағанын, не сезінгенін және қалай әрекет еткенін білуіміз керек. Ол бәрінен бұрын Құдаймен қарым-қатынасын ойлаған. Демек, Исаға еліктесек, біз Ехобаға жақындай түсеміз. Сондықтан да Иса сияқты ойлануды үйренгеніміз өте маңызды.
Асыл тастарды іздеп табайық
(Қорынттықтарға 1-хат 1:20) Осы заманның данышпандары, дін мұғалімдері мен айтысқұмарлары қайда? Құдай осы дүниенің даналығы ақымақтық екенін көрсетті емес пе?
it-2 1193-б., 1-абз.
Даналық
Осы дүние өз даналығымен Құдайдың Мәсіх арқылы беріп отырған құтқару шарасын ақымақтық деп санап, бас тартты. Бәлкім, сол заманның билеушілері өте данышпан, көкірегі ояу, көзі ашық болған шығар, бірақ олар “ұлы Иемізді бағанаға” ілуден де тайынбады (Қ1х 1:18; 2:7, 8). Ал Құдай болса осы дүниенің даналығы ақымақтық екенін дәлелдеді. Ол осы дүниенің данышпандарына “ақымақтық болып көрінген ісі” және олар “ақымақ, әлсіз, түкке тұрғысыз” деп санайтын адамдар арқылы өзінің еш өзгермейтін еркін орындады. Осылайша сол данышпандарды ұятқа қалдырды (Қ1х 1:19—28). Пауыл Қорынттағы мәсіхшілерді ескертіп, “осы заман мен оның... билеушілерінің даналығы” құрып жоқ болатынын айтты. Сондықтан ол рухани тәлім бергенде бұндай “даналыққа” жүгінбеген (Қ1х 2:6, 13). Пауыл Қолостағы мәсіхшілерді де “адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапаға [“философиас”, сөзбе-сөз “даналықты жақсы көру”] әрі бос, алдамшы ойларға” алданбауды ескерткен (Қл 2:8; 2:20—23 салыст.).
(Қорынттықтарға 1-хат 2:3—5) Мен өздеріңе әлсіз күйде, қатты жүрексініп, қалтырап бардым. 4 Сөздерім мен уағызымды адамды сендіретіндей даналықпен емес, Құдайдың рухы мен құдіреті көрінетіндей етіп айттым. 5 Осылайша сенімдерің адамның даналығына емес, Құдайдың құдіретіне негізделсе екен дедім.
Қорынттықтарға арналған хаттардағы көңіл бұрарлық ойлар
2:3—5. Пауыл грек пәлсапасы мен білім орталығы болып табылатын Қорынт қаласында уағыздап жүргенде, тыңдаушыларының көзін жеткізе аламын ба деп уайымдаған болу керек. Алайда ол әлсіздіктің немесе қорқыныштың Құдайдан алған қызметін атқаруға кедергі болуына жол бермеді. Біз де қиын жағдайлардың Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды жариялауға тосқауыл болуына жол бермеуіміз керек. Пауыл сияқты Ехобаның көмек беретініне сенімді бола аламыз.
Киелі кітапты оқу
(Қорынттықтарға 1-хат 1:1—17) Мен, Құдайдың еркімен Иса Мәсіхтің елшісі болуға шақырылған Пауыл, қасымда Состен бауырлас бар, 2 Қорынт қаласындағы Құдайдың қауымына жазып отырмын. Құдай Мәсіх Исамен байланыстағы сендерді қасиетті етті және бәріміздің Иеміз Иса Мәсіхті барлық жерде мойындап жүргендермен бірге сендерді де қасиетті болуға шақырды. 3 Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын! 4 Құдай сендерге Мәсіх Иса арқылы рақымын сыйлағаны үшін, әрдайым оған алғыс айтамын. 5 Өйткені сендер Мәсіхпен байланыста болғандықтан, Құдай сөзін уағыздау қабілеті мен толық білімді қоса алғанда, барлығына молынан ие болдыңдар. 6 Себебі Мәсіх туралы куәлік сендерде берік орнықты. 7 Осылайша Иеміз Иса Мәсіхтің ашық көрінуін аңсай күтіп жүрген сендер ешбір сыйдан құр қалған жоқсыңдар. 8 Сондай-ақ Иеміз Иса Мәсіхтің күнінде еш айыпсыз болуларың үшін, Құдай сендерді соңына дейін нығайтпақ. 9 Сендерді өзінің Ұлы әрі біздің Иеміз Иса Мәсіхпен байланыста болуға шақырған Құдай өз сөзіне адал. 10 Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан сендерді мынаған шақырамын: айтқандарың бір жерден шықсын, жікке бөлінбей, қайта, ойларың мен пікірлерің бірдей болып, толықтай бірлікте тұрыңдар. 11 Себебі, бауырластарым, Хылойдың үй ішіндегілерінің кейбірінен араларыңда алауыздық бар екенін естідім. 12 Менің айтып отырғаным — сендер “мен Пауылдың шәкіртімін”, “ал мен Аполлостікімін”, “мен Кефанікімін”, “ал мен Мәсіхтікімін” деп бөлінеді екенсіңдер. 13 Мәсіх жіктеліп бөлініп кетті. Сендер үшін бағанаға ілінген Пауыл ма? Жоқ әлде Пауылдың атынан шомылдыру рәсімінен өттіңдер ме? 14 Құдайға шүкір, мен Крисіп пен Гайдан басқа ешкімді шомылдыру рәсімінен өткізген жоқпын. 15 Сондықтан ешқайсысың да менің атымнан шомылдыру рәсімінен өттім дей алмайсыңдар. 16 Рас, Степанның үй ішін де өткізгенмін. Ал бұлардан басқаларды өткіздім бе, жоқ па, есімде емес. 17 Өйткені Мәсіх мені шомылдыру рәсімінен өткізуге емес, ізгі хабарды жариялауға жіберді. Ол мені данышпандықпен сөйлесін деп те жіберген жоқ, әйтпесе Мәсіхтің азап бағанасындағы өлімінің еш пайдасы болмас еді.
25—31 наурыз
ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ ЖАТҚАН ҚАЗЫНА | ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 4—6
“Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады”
(Қорынттықтарға 1-хат 5:1, 2) Маған араларыңда азғындық, тіпті басқа ұлт адамдары жасамайтын азғындық, бар деген хабар жетті: әлдекім әкесінің әйелімен тұрып жатыр екен. 2 Сендер соған мақтанып жүрсіңдер ме? Қайта, қайғырып, осындай қылық істеген адамды орталарыңнан шығарып тастауларың керек емес пе?!
(Қорынттықтарға 1-хат 5:5—8) әлгі адамның күнәкар ықпалын құрту үшін, оны Шайтанға тапсырыңдар. Сонда Иеміздің күнінде қауымның рухы сақталады. 6 Мақтанғандарың дұрыс емес. Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытатынын білмейсіңдер ме? 7 Жаңа қамыр болу үшін ескі ашытқыдан арылыңдар. Осылай араларыңда ашытатын еш нәрсе болмау керек. Себебі Құтқарылу мейрамының тоқтысы Мәсіх біз үшін құрбандыққа шалынды. 8 Ендеше мейрамды ескі ашытқымен немесе жамандық пен зұлымдықтың ашытқысымен емес, шынайылық пен адалдықтың ашымаған нанымен тойлайық.
(Қорынттықтарға 1-хат 5:13) Ал одан тыс адамдарды Құдай соттайды. “Зұлым адамды араларыңнан аластатыңдар”.
it-2 230-б.
Ашытқы
Қорынттағы қауымға араларындағы азғын адамды қауымнан шығаруды тапсырғанда, Пауыл ашытқыны астарлы мағынада қолданған. “Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытатынын білмейсіңдер ме? Жаңа қамыр болу үшін ескі ашытқыдан арылыңдар. Осылай араларыңда ашытатын еш нәрсе болмау керек. Себебі Құтқарылу мейрамының тоқтысы Мәсіх біз үшін құрбандыққа шалынды”,— деді ол. Сосын “ашытқы” деп неге меңзегенін ашып айтып: “Ендеше мейрамды ескі ашытқымен немесе жамандық пен зұлымдықтың ашытқысымен емес, шынайылық пен адалдықтың ашымаған нанымен тойлайық”,— деді (Қ1х 5:6—8). Пауыл осылайша Құтқарылу мейрамынан кейін тойланатын Ашымаған нан мейрамының бейнелі мағынасына нұсқаған. Азғана ашытқы тез арада бүкіл қамырды ашытып жіберетініндей, араларындағы азғын адамның ықпалын жоймайтын болса, бүкіл қауым Ехобаның көз алдында арамданып кетер еді. Аталмыш мейрам кезінде ешбір исраилдік үйінде ашытқы ұстамайтынындай, олар да осы “ашытқыдан” арылуы тиіс еді.
it-2 869, 870-б.
Шайтан
“Адамның күнәкар ықпалын құрту үшін, оны Шайтанға тапсыру” деген нені білдіреді?
Әкесінің әйелімен тұрып, өрескелдікпен азғындық жасап жүрген Қорынттағы қауым мүшесіне Пауыл шара қолдану керектігін айтқан. Ол: “Әлгі адамның күнәкар ықпалын құрту үшін, оны Шайтанға тапсырыңдар”,— деп бұйырған (Қ1х 5:5). Олар әлгі адамды қауымнан шығаруға және ешкім онымен араласпауға тиіс еді (Қ1х 5:13). Ол адамды Шайтанға тапсыру деген оны қауымнан аластатуды әрі құдайы да, билеушісі де Шайтан болып табылатын мына дүниеге қалдыруды білдірген. Қауымның ішінде жүрген әлгі адамның “күнәкар ықпалы” үлкен қамырдың ішіндегі “азғана ашытқы” сияқты болған. Сол “күнәкар ықпалды құрту” үшін, рухани ой-сананы сақтайтын қауым әлгі азғын адамды араларынан шығарып тастау керек еді (Қ1х 5:6, 7). Пауыл Именей мен Ескендірді де дәл солай Шайтанға тапсырған, себебі олар сенімдері мен таза ар-ұждандарынан безген әрі сенімдері апатқа ұшыраған кеме сияқты қираған еді (Т1х 1:20).
(Қорынттықтарға 1-хат 5:9—11) Сендерге жазған хатымда азғындармен араласпау керектігін айтқанмын. 10 Бірақ мен осы дүниелік азғын, ашкөз, тонаушы не пұтқа табынушы адамдар жөнінде айтқан жоқ едім. Әйтпесе осы дүниеден безіп кетулерің керек болар еді. 11 Ал енді сендерге мынаны жазып отырмын: бауырлас аталғанмен, азғын, ашкөз, пұтқа табынушы, балағатшыл, маскүнем не тонаушы болып жүргендермен араласуды доғарыңдар, ондайлармен тіпті дастарқандас та болмаңдар.
Қауымнан шығару
Ауыр күнә жасап, онысына өкінбейтін, сондай-ақ Ехобаның нормаларымен жүруден бас тартатын адам қауымның мүшесі бола алмайды. Ол қауымнан шығарылу керек. Біз қауымнан шығарылған адаммен қарым-қатынасымызды үзіп, мүлдем сөйлеспейміз (Қорынттықтарға 1-хат 5:11; Жоханның 2-хаты 9—11). Қауымнан шығару шарасы Ехобаның есіміне кір келтіруден сақтап, қауымды қорғайды (Қорынттықтарға 1-хат 5:6). Сондай-ақ бұл шара адамды жөнге салады, соның арқасында ол ісіне өкініп, Ехобаға қайта оралуы мүмкін (Лұқа 15:17).
▸3-тарау, 19-абзац
Асыл тастарды іздеп табайық
(Қорынттықтарға 1-хат 4:9) Меніңше, Құдай бізді, елшілерді, өлімге кесілгендер ретінде сахнаға ең соңында шығарды: біз осы дүние үшін, періштелер мен адамдар үшін сахналық көрініс сияқты болдық.
Періштелер — адамдарға қызмет көрсететін рухтар
16 Сынаққа кезігіп жүрген мәсіхшілер періштелерге “сахналық көрініс” сияқты (Қор. 1-х. 4:9 ЖД). Періштелер біздің адалдық танытып жатқанымызды шын ықыласпен бақылайды, тіпті күнә жасағандардың өкініш білдіргенін көріп қатты қуанады (Лұқа 15:10). Мәсіхші әйелдердің Құдайға ұнамды жүріс-тұрыстары да періштелердің назарынан тыс қалмайды. Киелі кітапта: “Әйел өкілеттігінің [күйеуіне мойынсұнатынының] белгісі ретінде басын жауып, періштелер назар аударатын тәртіпті сақтауы керек”,— делінген (Қор. 1-х. 11:3, 10). Расында да, мәсіхші әйелдер мен Құдайдың басқа да қызметшілерінің теократиялық тәртіп пен басшылыққа мойынсұнғандары періштелерге ұнайды, әрі олардың да Құдайға мойынсұну керектігін естеріне салып отырады.
(Қорынттықтарға 1-хат 6:3) Біздің періштелерге де сот жүргізетінімізді білмейсіңдер ме? Онда күнделікті өмір мәселелерін де шеше алатындарың сөзсіз.
it-2 211-б.
Заң
Періштелерге арналған заң. Адамдардан жоғары тұратын періштелер Құдайдың заңдары мен бұйрықтарына бағынышты (Ев 1:7, 14; Зб 104:4). Ехоба қарсыласы Шайтанға да бұйрық беріп, шектеу қойған (Әп 1:12; 2:6). Бас періште Микайл Ібіліспен айтысып қалған кезде: “Сені Ехоба айыптасын!”— деп, Ехобаның Жоғарғы Төреші ретіндегі дәрежесін мойындап, құрметтеген (Яһ 9; Зәк 3:2 салыст.). Ехоба Құдай бүкіл періштелерді ұлылыққа бөленген Иса Мәсіхке бағындырып берген (Ев 1:6; Пт1х 3:22; Мт 13:41; 25:31; Фп 2:9—11). Осылайша Исаның бұйыруымен Жоханға бір періште жіберілген болатын (Аян 1:1). Алайда Қорынттықтарға 1-хат 6:3-те елші Пауыл Мәсіхтің рухани бауырлары періштелерге сот жүргізетінін айтқан. Осылайша олардың зұлым рухтарға үкім шығаруға атсалысатынына нұсқаған көрінеді.
Киелі кітапты оқу
(Қорынттықтарға 1-хат 6:1—14) Араларыңдағы қайсыбіріңнің өзгемен дауы болса, қасиеттілердің емес, әділетсіздердің сотына жүгінуге қалайша дәті барады? 2 Әлде қасиеттілердің адамзатқа сот жүргізетінін білмеуші ме едіңдер? Ал адамзатқа сот жүргізетін болсаңдар, ұсақ-түйек мәселелерді шешуге жарамағандарың ба? 3 Біздің періштелерге де сот жүргізетінімізді білмейсіңдер ме? Онда күнделікті өмір мәселелерін де шеше алатындарың сөзсіз. 4 Ал осындай мәселелерді шешу керек болып жатса, қауымнан тыс адамдарды төреші етпексіңдер ме? 5 Мұны сендерді ұялту үшін айтып отырмын. Араларыңда бауырластарына төрелік айтатын бірде-бір парасатты адамның болмағаны ма? 6 Бауырластардың бірі екіншісін сотқа, сот болғанда да сенбейтіндердің сотына, апаратыны қалай?! 7 Бір-біріңмен соттасқандарыңның өзі — жеңілгендерің ғой. Өйткенше неге әділетсіздікке төзбеске? Неге ақыларыңды жегізе салмасқа? 8 Ал сендер, керісінше, өздерің әділетсіздік жасайсыңдар, өзгенің ақысын жейсіңдер, әрі мұны өз бауырластарыңа істейсіңдер. 9 Жоқ әлде әділетсіздер Құдай Патшалығын мұра етпейтінін білмейсіңдер ме? Алданбаңдар: азғындар, пұтқа табынушылар, неке адалдығын бұзушылар, табиғи емес жыныстық қатынаста қолданылатын еркектер, еркекқұмар еркектер, 10 ұрылар, ашкөздер, маскүнемдер, өзгелерді балағаттайтындар, тонаушылар Құдай Патшалығын мұра етпейді. 11 Кезінде кейбіреулерің сондай болдыңдар. Бірақ тазардыңдар, қасиетті болдыңдар, әрі Иеміз Иса Мәсіхтің атымен және Құдайымыздың рухымен әділ деп жарияландыңдар. 12 Менің не істеймін десем де, қақым бар, бірақ бәрі бірдей пайдалы емес. Не істеймін десем де, қақым бар, бірақ еш нәрсеге тәуелді болуыма жол бермеймін. 13 Тамақ асқазан үшін, ал асқазан тамақ үшін, бірақ Құдай бұл екеуін де құртып жібереді. Дене болса азғындық үшін емес, Иеміз үшін қызмет етуі тиіс, ал Иеміз денеміздің қамын ойлайды. 14 Құдай өз құдіретімен Иемізді өлімнен тірілтіп алды, бізді де тірілтеді.