Римдіктерге
15 Сондықтан сенімі берік біздер өзімізге ұнайтынды істемей+, әлсіздердің ауыртпалықтарын көтеруге тиіспіз+. 2 Әрқайсысымыз өзгеге ұнайтынды, яғни оны рухани нығайтатын нәрсені істейік+. 3 Өйткені Мәсіх те өзіне ұнайтынды істеген жоқ+. Бұл туралы: “Сені қорлағандардың ғайбат сөздері маған тиді”+,— делінген. 4 Бұрын жазылғандардың бәрі бізге тәлім болсын деп жазылған+. Осылайша табандылығымыз+ арқылы және Жазбалардан алған жұбанышымыз арқылы үмітке ие бола аламыз+. 5 Табандылық пен жұбаныш беретін Құдай бәріңе Мәсіх Исаның ой қалпын сыйласын! 6 Сонда Иеміз Иса Мәсіхтің Құдайын әрі Әкесін бірігіп+, бірауыздан мадақтайсыңдар.
7 Құдай мадақталу үшін, Мәсіх бізді қалай қабылдаған болса+, сендер де бір-біріңді солай қабылдаңдар+. 8 Сендерге айтамын, Құдайдың шыншыл екенін дәлелдеу үшін Мәсіх сүндеттелгендердің қызметшісі болып+, олардың ата-бабаларына берілген уәделердің өз күшінде екенін растады+. 9 Сондай-ақ басқа ұлттардың өздеріне көрсеткен мейірімі+ үшін Құдайды мадақтауына себепші болды. Бұл туралы: “Сені ұлттар арасында мадақтайын, атыңды әнге қосып даңқтайын”+,— деп жазылған. 10 Сондай-ақ былай делінген: “Халықтар, оның халқымен бірге қуаныңдар!”+ 11 Тағы былай делінген: “Барлық ұлттар, Ехобаны мадақтаңдар! Күллі халықтар да оны мадақтасын!”+ 12 Ишая пайғамбар да: “Есейдің тамырынан ұрпақ шығып+, ұлттарға билік етеді+. Ұлттар оған үміт артады+”,— деген. 13 Киелі рухтың құдіретімен+ үміттерің молая түсу үшін, үмітіміздің бастауы — Құдай сенімдерің арқылы сендерге зор қуаныш пен тыныштық сыйласын!
14 Бауырластарым, толық білім алғандықтан, сендердің ізгі істерге бай екендеріңе, сондай-ақ бір-біріңе ақыл-кеңес бере алатындарыңа сенімдімін. 15 Алайда кейбір жайттарды қайтадан естеріңе салу үшін, Құдай маған рақым көрсеткендіктен едәуір ашық жазып отырмын. 16 Бұл рақым маған басқа ұлттар үшін Мәсіх Исаның қызметшісі болып+, Құдайдың ізгі хабарын жариялауым үшін көрсетілді+. Бұл қасиетті іске қатысуымның мақсаты — ұсынған құрбандығымның, яғни басқа ұлттардың, киелі рух арқылы қасиетті әрі Құдайға ұнамды болуы.
17 Сондықтан Құдайға деген қызметімде Мәсіх Исаның ізбасары ретінде қуануыма себеп бар. 18 Басқа ұлттар мойынсұнғыш болу үшін Мәсіхтің мен арқылы әрекет еткенін айтуға ғана батылым жетіп отыр. Мәсіх менің сөздерім мен істерім, 19 сондай-ақ белгілер, кереметтер+ және Құдай рухының күші арқылы әрекет етті. Сөйтіп, мен Иерусалимнен Иллирияға дейінгі аумақты аралап, Мәсіх туралы ізгі хабарды түбегейлі уағыздадым+. 20 Осылайша басқа біреу салған іргетасқа тұрғызбау үшін, Мәсіхтің атын естіген жерлерде ізгі хабарды жарияламауды мақсат еттім. 21 Өйткені былай деп жазылған: “Ол туралы хабар жетпеген адамдар оны көреді, естімегендер түсінеді+”.
22 Сендерге баруыма қайта-қайта бөгет болған да осы еді. 23 Ал енді бұл өлкеде мен уағыздамаған жер қалмады. Оның үстіне, көп* жылдан бері сендерге баруды аңсап жүрмін. 24 Сондықтан Испанияға барар жолда сендерді көріп, өздеріңмен біраз уақыт бірге болып, мауқымды басқаннан кейін, мені солай қарай кішкене шығарып саларсыңдар деп үміттенемін. 25 Бірақ қазір қасиеттілерге қызмет ету үшін Иерусалимге жол жүрмекпін+. 26 Себебі Македония мен Ахаядағы бауырластар барларымен қуана бөлісіп, Иерусалимдегі қасиеттілердің арасындағы мұқтаждық көріп жүргендеріне көмек жіберді+. 27 Иә, басқа ұлттар мұны қуана істеді. Негізінде олар қасиеттілердің алдында қарыздар, өйткені рухани игіліктерінен үлес алған. Сондықтан олар да Иерусалимдегі қасиеттілермен қолда бар игіліктерімен бөлісуге міндетті+. 28 Бұл істі бітіріп, жиналған садақаны аман-есен жеткізгеннен кейін, Испанияға барар жолда өздеріңе соғамын. 29 Сол кезде Мәсіхтің баталарын молынан ала келетініме күмәнім жоқ.
30 Бауырластар, Иеміз Иса Мәсіхтің атынан және рухтың сүйіспеншілігімен мынаған шақырамын: менімен бірге Құдайға талмай дұға етіп, мен үшін сиынып+, 31 Яһудеядағы Мәсіхке сенбейтіндердің қолына түспесін+ және көрсеткен қызметім Иерусалимдегі қасиеттілерге+ ұнамды болсын деп тілеңдер. 32 Осылай Құдайдың қалауымен өздеріңе қуанышпен келгенімде, сендермен бірге көңілім сергитін болады. 33 Тыныштық сыйлайтын Құдай бәріңе де жар болсын+! Аумин.