Мәсіхтің қауымдарға арнаған сөздері
‘Бұл — оң қолында жеті жұлдыз ұстаған Иеңнен хабар’ (АЯН 2:1).
1, 2. Неге бізді Исаның Кіші Азиядағы жеті қауымға айтқан сөздері қызықтыру керек?
ЕХОБАНЫҢ жалғыз Ұлы Иса Мәсіх — мәсіхшілер қауымының Басы. Мәсіх майланған ізбасарларын таза сақтау үшін жігерлендіру және түзету арқылы оларға басшылық беріп отыр (Ефестіктерге 5:21—27). Аян кітабының 2-ші және 3-тарауларында сондай мысалдар бар. Сол тараулардан Исаның Кіші Азиядағы жеті қауымға арнаған әсерлі әрі сүйіспеншілікке толы хабарын оқуға болады.
2 Исаның жеті қауымға арнаған сөздерін бұрын, елші Жохан аянда ‘Иемізге бағышталған күнді’ көреді (Аян 1:10). Сол “күн” 1914 жылы Мәсіхтің Патшалығы орнағанда басталған. Сондықтан Исаның айтқан сөздерінің осы заманның соңғы күндері маңызы аса зор. Оның жігер беретін сөздері мен кеңестері қазіргі қиын қыстау күндері бізге көмек болады (2 Тімотеге 3:1—5).
3. Елші Жохан көрген бейнелі “жұлдыздар”, “періштелер” және “шырағдандар” нені білдіреді?
3 Жохан ‘оң қолында жеті жұлдыз ұстап, жеті шырағдан арасында жүрген’, немесе жеті қауымның арасында жүрген, Иса Мәсіхтің салтанатын көрді. ‘Жұлдыздар’ — ‘жеті қауымның періштелері’ (Аян 1:20; 2:1). Жұлдыздар кейде рухани жаратылыстарды білдіреді, бірақ Мәсіх адам баласы арқылы рухани жаратылыстарға хабар жеткізбесе керек. Сондықтан қисынды түрде ‘жұлдыздар’ киелі рухпен майланған бақылаушыларға немесе ақсақалдар кеңесіне нұсқайды деген тұжырым жасауға болады. “Періштелер” деген сөз олардың хабаршы ретінде атқаратын рөлдеріне қатысты қолданылған. Құдайдың ұйымы өсіп жатқандықтан, бүгінде “адал да саналы қызметші” Исаның “басқа қойларынан” жарамды ер кісілерді де бақылаушы етіп тағайындайды (Лұқа 12:42—44; Жохан 10:16).
4. Ақсақалдар үшін Мәсіхтің қауымдарға жолдаған сөздеріне құлақ салудың қандай пайдасы бар?
4 ‘Жұлдыздар’ Исаның оң қолында, яғни оның билігінде, бақылауында, оған ұнамды әрі оларды қорғайды. Сондықтан оның алдында жауапкершіліктері бар. Исаның әрбір қауымға айтқан сөздеріне мұқият ден қоя отырып, бүгінде ақсақалдар сол кездегіге ұқсас мәселелерді қалай шешуге болатынына үйренеді. Әрине, мәсіхшілердің бәрі де Құдай Ұлын тыңдауға тиіс (Марқа 9:7). Сонымен, Мәсіхтің қауымдарға жолдаған сөздеріне құлақ салу арқылы біз не нәрсеге үйрене аламыз?
Ефестегі періштеге
5. Ефес қандай қала болған?
5 Иса Ефестегі қауымды мақтаған да, наразылығын да білдірген (Аян 2:1—7 оқыңдар). Кіші Азияның батыс жағалауында орналасқан сауда-саттық пен діни орталық болып табылатын сол бай қалада әйел тәңір Артемидаға арналған еңселі ғибадатхана болған. Ефестің азғындыққа толы екеніне, сондай-ақ жалған тәңірлерге табынып, сиқырлықпен айналысатынына қарамастан, Құдай елші Пауыл мен өзгелердің қызметіне батасын берген (Елшілердің істері 19-тарау).
6. Бүгіндегі адал мәсіхшілер қай жағынан ертедегі ефестіктерге ұқсайды?
6 Мәсіх Ефестегі қауымды былай мақтады: “Мен сенің істеріңді білемін: сен еңбек етіп, шыдамды болып келесің, ал арам адамдарға төзе алмай, өздеріне Құдайдың елшілері деген атақты таңатындарды сынап, өтірікшілер екенін анықтадың”. Бүгіндегі Исаның шынайы ізбасарларының қауымы да игі іс-әрекетімен, ауыр еңбек ететінімен, шыдамдылығымен белгілі. Олар өздерін елші ретінде көрсеткісі келетін жалған бауырластарға көндікпейді (2 Қорынттықтарға 11:13, 26). Ефестегі бауырластар сияқты олар да ‘арам адамдарға төзе алмайды’. Адал мәсіхшілер Ехобаға деген ғибадатты таза сақтап, қауымды қорғайды, сондықтан қасарысқан жолдан таюшылармен араласпайды (Ғалаттықтарға 2:4, 5; 2 Жохан 8—11).
7, 8. Ефестегі қауымның қандай үлкен проблемасы болған және солардікіне ұқсас мәселені қалай шешуімізге болады?
7 Сөйткенмен де Ефестегі мәсіхшілердің үлкен проблемасы бар еді. Иса: “Саған айтар наразылығым мынау: сен алғашқы сенген кездегі сүйіспеншілігіңді жоғалтып алдың”,— деді. Қауым мүшелері Ехобаға деген алғашқы сүйіспеншіліктерін қайта жандандырулары керек еді (Марқа 12:28—30; Ефестіктерге 2:4; 5:1, 2). Бәріміз де Құдайға деген алғашқы сүйіспеншілігімізді жоғалтып алудан сақ болуға тиіспіз (3 Жохан 3). Байлыққа қызығу немесе көңіл көтерудің соңына түсу сияқты нәрселер өмірімізде бірінші орынға шығып кетсе ше? (1 Тімотеге 4:8; 6:9, 10). Ондай жағдайда олардың орнына Ехобаға деген зор сүйіспеншілік пен оның өзі және Ұлының біз үшін істеген бар игілігіне деген ризашылық дамыту үшін көмек сұрап, бар көңілімізбен дұға еткеніміз абзал (1 Жохан 4:10, 16).
8 Иса ефестіктерді: “Қандай биіктіктен құлдырағаныңды ойлашы! Өкініп, теріс жолыңнан қайтып, алғашқыдағы игі істеріңді жасай бер!” — деп шақырған. Олай етпесе ше? “Әйтпесе саған жуырда келемін де, шырағданыңды орнынан алып тастаймын”,— деді Иса. Мәсіхшілердің барлығы алғашқы сүйіспеншіліктерін жоғалтып алса, ‘шырағдан’, яки қауым, құрып кетер еді. Сондықтан қауымымыз рухани нұр шашып тұру үшін құлшынысты мәсіхшілер ретінде қолымыздан келгеннің бәрін істейік (Матай 5:14—16).
9. Сектанттыққа қалай қарауымыз керек?
9 Ефестіктердің “николаиттардың істерін” жек көргені мақтауға тұрарлық еді. Сол сектаның пайда болуы, ілімі мен іс-әрекеттері жөнінде Аян кітабында ештеңе айтылмаған. Алайда Иса сол сектаға ергендерге наразы болған, сол себепті ефестіктер іспетті біз де сектанттықты жек көруіміз керек (Матай 23:10).
10. Рухтың айтқандарын тыңдайтындарды не күтіп тұр?
10 “Құлағы барлар Киелі Рухтың қауымдарға айтқандарын жақсылап тыңдап алсын!” — деді Мәсіх. Жерде болған кезінде, Иса киелі рухтың жетелеуімен сөйлеген (Ишая 61:1; Лұқа 4:16—21). Сол себепті бүгінгі күні де біз Құдайдың киелі рух арқылы айтып жатқандарына құлақ салуымыз керек. Киелі рухтың жетелеуімен Иса: “Жеңіп шыққан әркімге Мен Құдайдың пейіш бағында өсетін, мәңгілік өмірді сыйлайтын ағаштың жемісінен жегіземін”,— деп уәде еткен. Бұл рухтың айтқандарын тыңдайтын майланғандарға көктегі ‘Құдайдың пейіш бағында’, немесе Ехобаның өзі мекендейтін жерде, өлместікке ие болуды білдіреді. Ал рухтың айтқандарын тыңдайтын “өте үлкен тобыр” жер бетінде өмір кешіп, ‘өмір суының өзенінен’ ішіп, оның жағасында өсіп тұрған ‘өмір сыйлайтын ағаштың жемісін’ жеп, сауығатын болады (Аян 7:9; 22:1, 2; Лұқа 23:43).
11. Қалай Ехобаға деген сүйіспеншілігімізді арттыра аламыз?
11 Ефестіктер алғашқы сүйіспеншіліктерін жоғалтып алған. Алайда қазіргі қауымда да сондай жағдай бет алып келе жатқан болса ше? Ехобаның көрсеткен сүйіспеншілігі жөнінде өзгелермен сөйлесу арқылы әрқайсысымыз сүйіспеншіліктің арта беруіне үлес қоса берейік. Құдайдың қымбатты Ұлын азаттық төлемі ретінде беру арқылы танытқан сүйіспеншілігіне де ризашылық білдіруімізге болады (Жохан 3:16; Римдіктерге 5:8). Түсініктеме бергенде немесе кездесудің бағдарламасына қатысатын болсақ, орынды болған жағдайда, Құдайдың сүйіспеншілігі жөнінде ескере кетуімізге де болады. Сонымен қатар Ехобаны сүйетінімізді уағыздау қызметінде оның есімін мадақтау арқылы көрсетеміз (Забур 144:10—13). Иә, біздің сөзіміз бен іс-әрекетіміз қауымның алғашқы сүйіспеншілігін қайта жандандыруда зор үлес қосуы мүмкін.
Ізмірдегі періштеге
12. Тарихтан Ізмір мен ондағы діни жоралар жөнінде не білуге болды?
12 Ізмірдегі қауым “бір кезде өлген, ал қазір тірі “Алғашқы және Соңғыдан”, яғни Иса Мәсіхтен, мақтау алған (Аян 2:8—11 оқыңдар). Ізмір Кіші Азияның батыс жағалауында орналасқан. Бұл гректер қоныс тепкен қала болатын, алайда б. з. б. 580 жылы оны лидиялықтар күйретеді. Бірақ Ескендір Зұлһарнайынның орнын басқандар Ізмірді басқа жерден қайта тұрғызады. Содан ол атақты қоғамдық ғимараттары бар Рим облысына жататын Азиядағы өркендеген сауда-саттық қаласына айналады. Ондағы Тібери Цезарьдің ғибататханасы Ізмірді императорға табыну орталығына айналдырған. Оған табынушылар бір шымшым ладанды түтетіп, “Цезарь — Иеміз” деп айтуға тиіс еді. Ал мәсіхшілер Иеміз деп Исаны ғана мойындайтын болғандықтан, бұлай ете алмайтын, сол себепті қасірет те шегіп жататын (Римдіктерге 10:9, ЖД).
13. Ізмірдегі мәсіхшілер материалдық жағынан кедей болғанмен, қай жағынан бай болған?
13 Сондай қасірет шегіп жүргендеріне қоса, Ізмірдегі мәсіхшілер кедейлікті бастан кешірген. Олардың жоқшылыққа ұшырауының себебі императорға табынғылары келмегендіктен болса керек. Ехобаның бүгіндегі қызметшілері де сондай қиыншылықтарға кездеседі (Аян 13:16, 17). Алайда Ізмірдегі мәсіхшілер іспетті материалдық жағынан кедейлер рухани жағынан бай әрі бұл анағұрлым маңыздырақ (Нақыл сөздер 10:22; 3 Жохан 2).
14, 15. Аян 2:10 тармағында майланғандарға арналған жұбаныш беретін қандай сөздер бар?
14 Ізмірдегі яһудилердің көбісі “шайтанның мәжілісханасы” еді, өйткені Жазбаларға негізделмеген салт-жораларды ұстанатын, Құдай Ұлын қабылдамайтын және оның рухтан туған ізбасарларын қорлайтын (Римдіктерге 2:28, 29). Соған қарамастан, Мәсіхтің келесі сөздері майланғандарға зор жұбаныш берген. “Болашақта басыңнан кешетіндеріңнен қорықпа! Рас, шайтан кейбіреулеріңді түрмеге салып, сынамақ, ал көретін азаптарың он күнге ғана созылады. Өлуге тура келсе де, Маған адал бол, сонда “мәңгілік өмір тәжін” сыйлаймын” (Аян 2:10).
15 Иса Ехобаның билігін қолдаушы ретінде өлуге қорықпаған (Філіпіліктерге 2:5—8). Қазір Шайтан майланған тамтыққа қарсы шайқасып жатқанымен, олар топ ретінде бастарынан өткерулері тиіс жайттардан, яғни қиыншылықтар мен түрмеге жабылудан немесе азаптап өлтірілуден, қорықпайды (Аян 12:17). Олар осы дүниені жеңіп шығады. Мәсіх қайта тірілген майланған мәсіхшілерге жалған тәңірге табынушылардың ойындарында жеңіпаздарға берілетін гүлден жасалған солып қалатын тәж емес, көктегі өлмейтін жаратылыстарға арналған ‘өмір тәжін” беруді уәде етті. Неткен теңдесі жоқ сый!
16. Ертедегі Ізмірдегі мәсіхшілер сияқты қауыммен қатынаста болсақ, қандай мәселеге ерекше ден қоюымыз керек?
16 Үмітіміздің жерде не көкте екеніне қарамастан, ертедегі Ізмірдегі мәсіхшілер сияқты қауыммен қатынаста болсақ не істегеніміз жөн? Құдайдың қудалауға неліктен жол беріп отырғанының басты себебіне, яғни билік жөніндегі даулы мәселеге, бауырластарымыздың ерекше ден қоюларына көмектесейік. Адалдығын сақтайтын әрбір Ехоба куәгері Шайтанның өтірікші екенін дәлелдейді, сондай-ақ қуғындалып жүргеніне қарамастан, адам баласы Құдайдың Әлемнің Әміршісі ретінде билік етуге құқылы екендігінің берік қорғаушысы бола алады (Нақыл сөздер 27:11). Өзге мәсіхшілерді қудалауға төтеп беруге жігерлендірейік, соның нәтижесінде Ехоба “[өзіне] еш алаңсыз қызмет етіп, көз алдында қасиетті де әділ өмір сүруге мәңгі мүмкіндік беретін болады” (Лұқа 1:68, 69, 74, 75).
Перғамдағы періштеге
17, 18. Перғам қандай ғибадаттың орталығы болған және бұтқа табынудан бас тартудың нәтижесі қандай болған болар еді?
17 Перғамдағы қауымға мақтау сөздері де айтылған, түзеу үшін кеңес те берілген (Аян 2:12—17 оқыңдар). Перғам Ізмірдің теріскей бетінде 80 шақырымға жуық арақашықтықта орналасқан жалған тәңірлерге табынушылыққа белшесінен батқан қала болатын. Халдей сиқыршылары (жұлдызнамашылары) онда Бабылдан қашып келгенге ұқсайды. Ауырған-сырқағандар Перғамдағы емшілік пен дәрігерліктің жалған тәңірі аты шулы Асклепийдің ғибадатханасына ағылып келетін. Сондай-ақ Август Цезарьға табынуға арналған ғибадатханасы бар Перғам қаласы “империя құралған алғашқы жылдары императорға табыну салт-жораларын ұстанатын басты орталық” деп те аталатын (“Британ энциклопедиясы”, 1 959, 17 том, 507-бет).
18 Перғамда Зевске бағышталған құрбандық шалатын орын болған. Сонымен қатар Ібілістің әсер етуімен қалада адамға табыну кең етек алған. Сондықтан ондағы қауымның “шайтанның тағы” орналасқан жерде тұрғаны туралы айтылғаны таңқаларлық емес. Ехобаның билігін қолдайтындар үшін императорға құлшылық етуден бас тарту өлімді білдіруі мүмкін еді. Осы дүние әлі де Шайтанның билігінде, сондай-ақ ұлттық рәміздерге әлі де табынуда (1 Жохан 5:19). Мәсіхтің ‘адал хабаршым Антипа сенің қасыңда өлтірілген’ дегеніндей, бірінші ғасырдан бері қазіргі уақытқа дейін көптеген адал мәсіхшілер азап шеккен. Десе де, адал қызметшілерінің Ехоба Құдай мен Иса Мәсіхтің жадында болатыны сөзсіз (1 Жохан 5:21).
19. Балағам не істеді және мәсіхшілердің бәрі неден сақ болуға тиіс?
19 Иса ‘Балағамның ілімі’ туралы да айтқан. Пайда көздеген жалған пайғамбар Балағам Исраилді қарғағысы келген. Құдай оның қарғысын батаға айналдырғанда, Балағам моабтық патша Балақпен бірігіп, көп исраилдіктерді жалған тәңірлерге құлшылық етуге үйретеді, әрі азғындық жасатады. Мәсіхші ақсақалдар Балағамның әрекетіне қарсы тұрған Пінехес сияқты, әділдікті берік ұстанулары керек (Руларды санау 22:1-25:15; 2 Петір 2:15, 16; Яһуда 11). Негізінде мәсіхшілердің бәрі де жалған тәңірлерге құлшылық етуден және қауымға азғындықтың еніп кетуінен сақ болуға тиіс (Яһуда 3, 4).
20. Жолдан таюшылардың көзқарастарын қабылдай бастаған әрбір мәсіхшінің не істегені абзал?
20 Перғамдағы қауым үшін үлкен қауіп бар еді, өйткені ‘іштерінде николаиттардың... ілімін [“берік”, ЖД] ұстанушылар’ бар болатын. Мәсіх қауымға былай деді: “Өкініп, теріс жолдан қайтыңдар! Әйтпесе саған жуырда келемін де, олармен аузымдағы семсеріммен соғысамын”. Сектанттар мәсіхшілерді рухани жағынан әлсіреткісі, араларына жік салғысы келетін. Олар Құдай Патшалығын мұра етпейді (Римдіктерге 16:17, 18; 1 Қорынттықтарға 1:10; Ғалаттықтарға 5:19—21). Жолдан таюшылардың көзқарастарын қабылдап, оларды таратқысы келетін әрбір мәсіхші Исаның ескертуіне құлақ ассын! Ондай адам өзін құрып кетуден сақтап, өкініп, қауым ақсақалдарынан рухани көмек сұрағаны абзал (Жақып 5:13—18). Кідіртпестен әрекет еткеннің маңызы зор, өйткені Иса сот үкімін орындау үшін жуырда келеді.
21, 22. ‘Жасырылған маннадан’ кім жейді және бұл нені бейнелейді?
21 Майланған адал мәсіхшілер мен олардың серіктеріне алдағы соттан қорқудың қажеті жоқ. Исаның кеңесіне құлақ асып, Құдайдың киелі рухының басшылығын қабылдағандардың барлығын зор баталар күтіп тұр. Мысалы, осы дүниені жеңіп шыққан майланған мәсіхшілер ‘жасырылған маннаны’ жеуге шақырылады, оларға “жаңа есім” жазылған ‘ақ тас’ та беріледі.
22 Исраилдіктер 40 жыл бойы шөл далада жүргенде, Құдайдан келген маннаны азық еткен. Сол ‘нанның’ біразы алтын құмыраға құйылып, үстінде керемет түрде жарық нұрдың сәуле шашып тұруы Ехобаның сол жерде екенін білдіретін келісім сандығына салынып, ең қасиетті бөлмеге қойылған еді (Мысырдан шығу 16:14, 15, 23, 26, 33; 26:34; Еврейлерге 9:3, 4). Жасырылған маннадан ешкімнің жеуіне рұқсат етілмейтін. Ал Исаның майланған ізбасарларының мәңгі өлмес үшін қайта тірілуі ‘жасырылған маннаны’ жеумен бейнеленеді (1 Қорынттықтарға 15:53—57).
23. ‘Ақ тас’ пен ‘жаңа есім’ нені білдіреді?
23 Рим соттарында қолданылатын қара тас айыпталуды, ал ақ тас ақталуды білдіретін. Исаның жеңімпаз майланғандарға ‘ақ тас’ беруі оларды күнәсіз, қасиетті де таза деп қарастыратынына нұсқайды. Сонымен қатар Римде тастарды маңызды оқиға болып жатқан жерге кіруге мүмкіндік беретін зат ретінде қолданылатын. ‘Ақ тас’ майланған мәсіхші үшін Тоқтының көкте болатын үйлену тойында орын алуды білдіруі мүмкін (Аян 19:7—9). Ал ‘жаңа есім’ көктегі Патшалықтың мұрагерлері ретінде Исамен бірігу мәртебесін білдірсе керек. Осының барлығы майланғандарды да, Ехобаға солармен бірге қызмет етіп жүрген жердегі жұмақта өмір сүруге үміттенетін серіктерін де қалай жігерлендіреді десеңші!
24. Жолдан таюшылыққа қатысты біз қандай көзқарасты ұстануымыз керек?
24 Перғамдағы қауымға жолдан таюшылардың қауіп тудырғанын есте ұстағанымыз даналыққа жатады. Өз қауымымыздың рухани күйіне осындай қауіп төнетін болса, жолдан таюшылықтан толығымен бас тартып, шындық жолымен жүруді жалғастыра берелік (Жохан 8:32, 44; 3 Жохан 4). Жалған тәлімгерлер немесе жолдан таюшылыққа үйрететіндер бүкіл қауымды азғыруы мүмкін. Бірақ арам ілімдердің шындыққа бойсұнуымызға кедергі болуына ешқашан жол бермей, жолдан таюшылыққа берік қарсы тұрудан таймауға тиіспіз (Ғалаттықтарға 5:7—12; 2 Жохан 8—11).
25. Келесі мақалада Исаның қай қауымдарға арналған хабары талқыланады?
25 Даңқты Мәсіхтің Кіші Азиядағы жеті қауымның үшеуіне арнаған өзіміз қарастырған мақтау сөздері мен кеңестері қалайша ойландырып тастайды десеңші! Алайда ол қалған төрт қауымға да киелі рухтың нұсқауымен көп нәрселер айтқан. Тиятир, Сард, Філаделфи және Лаудікидегі қауымдарға арналған сол хабарлар келесі мақалада талқыланады.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Неге біз Мәсіхтің қауымдарға жолдаған сөзіне құлақ асуымыз керек?
• Қалай қауымның алғашқы сүйіспеншілігін қайта жандандыра аламыз?
• Неге ертедегі Ізмір қаласының мәсіхшілері материалдық жағынан кедей болғанмен, шын мәнінде бай болған деуге болады?
• Перғамдағы қауымда болған жағдайдың үстінен ой жүгірте отырып, жолдан таюшылардың ой-пікірлеріне қалай қарауымыз керек?
[8-беттегі карта]
(Толық мәтінді басылымнан қараңдар)
КІШІ АЗИЯ
ГРЕКИЯ
Ізмір
Ефес
Перғам
Тиятир
Сард
Філаделфи
Лаудіки
[10-беттегі сурет]
“Өте үлкен тобыр” жердегі жұмақта өмір сүретін болады
[11-беттегі суреттер]
Қудаланған мәсіхшілер — осы дүниені жеңгендер