“Сергек болыңдар!” адамзатты соттайтын уақыт туды!
“Сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер!” (МАТАЙ 24:42)
1, 2. Иса өзінің келуін орынды түрде немен салыстырды?
ЕГЕР ұрының көршіңнің үйін тонамақшы болып аңдып жүргенін білсең, не істер едің? Онда өзіңнің жақын адамдарың мен құнды заттарыңды қорғау үшін көз ілмей, қырағы отырар едің. Себебі ұры қашан келетінін хабарламайды. Ол білдіртпей, күтпеген сәтте келеді.
2 Иса ұрының қалай әрекет ететінін көрнекі мысал ретінде бірнеше рет қолданған (Лұқа 10:30; Жохан 10:10). Ол осы заманның ақыры мен өзінің Құдайдың үкімін жүзеге асыруға келерінің алдында болатын оқиғаларға қатысты мынадай ескерту айтқан: “Сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер! Мынаны еске алыңдар: егер үй иесі ұрының түннің қай мезгілінде келетінін білетін болса, онда ол ұйықтамай, сергек болып, ұрының бұзып кіруіне жол бермес еді” (Матай 24:42, 43). Осылай Иса өзінің келуін ұрының қапылыста келуімен салыстырған.
3, 4. а) Исаның келетіні жайлы ескертуге құлақ асу деген нені білдіреді? ә) Бұған қатысты қандай сұрақтар туындайды?
3 Бұл көрнекі мысал өте орынды еді, өйткені Исаның нақты қай күні келетінін ешкім білмейтін. Осының алдында Иса: “Ал сол күннің, сол сәттің қашан болатыны не адам баласына, не көктегі періштелерге (не Құдайдың рухани Ұлына) емес, жалғыз көктегі Әкеге ғана белгілі”,— деген (Матай 24:36). Сол себепті де Иса тыңдаушыларын: “Дайын болыңдар!”— деп шақырған (Матай 24:44). Иса Ехобаның үкімін жүзеге асыруға қай уақытта келмесін, осы ескертуге құлақ асқандар өздерінің үлгілі жүріс-тұрыстарымен соған дайын болар еді.
4 Бұл жерде кейбір маңызды сұрақтар туындайды: Бұл ескерту осы дүниенің адамдарына ғана қатысты ма, әлде шынайы мәсіхшілер де ‘сергек болуы’ керек пе? Неге қазір ‘сергек болу’ әсіресе маңызды және бұл нені білдіреді?
Ескерту кімдерге арналған?
5. “Сергек болыңдар!” деген ескертудің шынайы мәсіхшілерге қатысты екенін қайдан білеміз?
5 Шынында да, төніп келе жатқан апат туралы ескертуге құлақ салмайтын осы дүниенің адамдары үшін Иеміздің келуі ұрының табан астынан келгені сияқты болатыны рас (Петірдің 2-хаты 3:3—7). Алайда шынайы мәсіхшілер туралы не деуге болады? Елші Пауыл бір сенімдегілерге: “Иеміздің қайта оралатын күні [“Ехобаның күні”, ЖД] ұрының түнде түсетініндей кенеттен келетінін өздерің анық білесіңдер”,— деп жазған (Салониқалықтарға 1-хат 5:2). Әрине, ‘Ехобаның күнінің келетініне’ шек келтірмейміз. Бірақ бұл біздің сергек болуымыз керектігінің маңыздылығын кеміте ме? Исаның бұл сөздерді шәкірттеріне айтқанын байқаңдаршы: “Сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!” (Матай 24:44) Бұдан ілгеріректе, шәкірттерін ең бастысы Құдай Патшалығының қамын ойлауға шақырғанда, ол: “Дайын болыңдар! Өйткені сендер күтпеген сәтте Мен Билеуші ретінде көктен қайтып келемін!”— деп ескерткен (Лұқа 12:31, 40). Демек, Иса: “Сергек болыңдар!”— деп ескерткенде, мұны ізбасарларына айтқаны анық емес пе?
6. Неге ‘сергек болуымыз’ керек?
6 Неліктен ‘сергек’ және ‘дайын болуымыз’ керек? Иса былай деп түсіндірді: “Егіндікте жүрген екеудің біреуін періштелер қабыл алып, екіншісін қалдырып кетеді. Бірге диірмен тартып отырған екі әйелдің де біреуін қабыл алып, екіншісін тастап кетеді” (Матай 24:40, 41). Дайын болғандар Құдайсыз дүние жойылғанда, ‘қабыл алынады’, яғни құтқарылады. Ал басқалары болса өз қара бастарының қамымен өмір сүргендіктен, ‘қалдырылады’, яғни жойылады. Мұндайларға бір кездері шындықпен таныс болып, бірақ сергек болмағандар да жатуы мүмкін.
7. Бұл дүниенің соңы қашан келетінін білмегеніміз не нәрсеге мүмкіндік береді?
7 Осы зұлым дүниенің соңы қай күні келетінін нақты білмегеніміз Құдайға таза ниетпен қызмет етіп жүргенімізді көрсетуге мүмкіндік береді. Неге бұлай деуге болады? Кейде бұл дүниенің соңы жуық арада келе қоймайтындай көрінер. Өкінішке орай, осындай ойда болған кейбір мәсіхшілер Ехобаға деген қызметтерінде құлшыныстарын жоғалтып алған. Алайда Ехобаға бағышталғанда, оған қызмет етуге өзімізді толығымен арнаған болатынбыз. Ехобаны білетіндер соңғы уақыт жақындағанда ғана құлшыныс танытып, Оған ұнамды болу мүмкін емес екенін түсінеді. Ехоба адамның жүрегінде не бар екенін біледі (Патшалықтар 1-жазба 16:7).
8. Ехобаға деген сүйіспеншілігіміз сергек болуға қалай талпындырады?
8 Ехобаны шынымен жақсы көретіндіктен, оның еркін орындауды қатты қалаймыз (Забур 39:9; Матай 26:39). Сондай-ақ Ехобаға мәңгі бақи қызмет еткіміз келеді. Кейбір баталарды өзіміз ойлағаннан көбірек күтуге тура келгенмен, бұдан үмітіміздің құндылығы кеміп қалмайды. Бәрінен бұрын Ехобаның күні Оның ниетін іске асыру үшін не істейтінін көруді барынша қалаймыз, сондықтан да сергек болып қаламыз. Құдайға ұнамды болуға деген шын жүректен шыққан ықыласымыз оның Сөзіндегі кеңестерді өмірімізде қолдануға және Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қоюға талпындырады (Матай 6:33; Жоханның 1-хаты 5:3). Ал қазір сергек болғанымыз қабылдайтын шешімдеріміз бен өмір-салтымызға қалай әсер ету керектігін қарастырып көрейік.
Өмір жолдарың қандай?
9. Осы дүниедегі адамдардың қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды түсінгендері неге өте маңызды?
9 Бүгінде көп адамдар шиеленіскен жағдайлар мен жан түршіктіретін оқиғалардың қалыпты жайт болып кеткенін байқайды. Бәлкім, олар өмірлеріне риза емес те шығар. Бірақ олар дүниедегі ахуалдың шын мәнін түсіне ме? Зұлым дүниенің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқанымызды біле ме? (Матай 24:3) Олар өзімшілдіктің, зорлық-зомбылық пен тіпті Құдайдан безушіліктің кең етек алуын “соңғы дәуірде” өмір сүріп жатқанымыздың дәлелі ретінде қарастыра ма? (Тімотеге 2-хат 3:1—5) Олар үшін осының бәрінің мәнісін түсінгендері және қалай өмір кешіп жатқандарына мән бергендері өте маңызды.
10. Сергек екенімізге сенімді болу үшін не істеуіміз керек?
10 Ал біз туралы не деуге болады? Күн сайын қызметімізге, денсаулығымызға, отбасымыз бен ғибадатымызға қатысты шешімдер қабылдауға тура келеді. Киелі кітапта бұларға қатысты не айтылғанын білеміз, әрі оларды өмірімізде қолдануға тырысамыз. Сондықтан да өзімізден: “Күнделікті тіршіліктің әуре-сарсаңы дұрыс бағыттан ауытқытып жіберуіне жол беремін бе? Осы дүниенің пәлсапасы мен ой-қалпы қабылдайтын шешіміме әсер ете ме?”— деп сұрағанымыз жөн (Лұқа 21:34—36; Қолостықтарға 2:8). Ехобаға шын жүрегімізбен арқа сүйеп және өз ақылымызға сүйенбейтінімізді ісімізбен көрсете беруіміз керек (Нақыл сөздер 3:5). Осылайша шынайы өмірді, яғни Құдайдың жаңа дүниесіндегі мәңгілік өмірді, берік ұстанатын боламыз (Тімотеге 1-хат 6:12, 19).
11—13. а) Нұхтың күндерінде ә) Луттың күндерінде болған оқиғалардан қандай сабақ алуымызға болады?
11 Киелі кітапта сергек болуымызға көмектесетін әрі ескерту болып табылатын көптеген мысалдар бар. Мысалы, Нұхтың күнінде не болғанын қарастырайықшы. Құдай апат жөнінде ұзақ уақыт бұрын ескерткен. Бірақ Нұх пен оның отбасынан басқа ешкім де бұған құлақ аспады (Петірдің 2-хаты 2:5). Осыған қатысты Иса: “Нұх пайғамбардың заманында жағдай қалай болған болса, Менің билеуші ретінде көктен қайтып келетін кезімде де солай болады: топан судан бұрын, Нұх кемеге мінген күнге дейін адамдар (Құдайға мойынсұнбай) ішіп-жеп, әйел алып, қыздарын ұзатып өмір сүруде еді. Топан су басып, бәрін алып кетіп, қырып салғанша олар ештеңені ұқпады. Менің билеуші ретінде көктен қайтып келуімде де осылай болады!”— деді (Матай 24:37—39). Бұдан қандай сабақ алуымызға болады? Егер күйбең тіршіліктің қамы, тіпті күнделікті қажетті тірліктеріміз болса да, бірінші орында тұру керек рухани істерді өмірімізден ығыстырып жатса, онда жағдайымызды аса мән беріп қарастыруымыз керек (Римдіктерге 14:17).
12 Луттың күндері жайлы да ойланып көрейікші. Лут пен оның отбасы тұрған Содом қаласы бай қала болғанымен, өнегеліктен жұрдай еді. Ехоба қаланы жою үшін періштелерін жібереді. Періштелер Лут пен оның отбасындағыларға арттарына бұрылмай, Содомнан қашуды айтады. Олар періштелердің көмегімен қаланы тастап шығады. Бірақ Луттың әйелі Содомдағы үйін ойынан шығара алмаған болса керек. Ол айтқанға мойынсұнбай, артына қарайды да, сол үшін өз өмірінен айырылады (Жаратылыс 19:15—26). Иса бізге ескертіп, былай деген: “Луттың әйелімен болған жайтты естеріңе түсіріңдер!” Осы ескертуге сай әрекет етудеміз бе? (Лұқа 17:32)
13 Құдайдың ескертулеріне құлақ асқандар аман қалған. Нұх пен оның отбасы, сондай-ақ Лут және оның қыздары құтқарылды (Петірдің 2-хаты 2:9). Бұл мысалдар біз үшін ескерту болып табылады, сондай-ақ ондағы әділдікті сүйетіндерге арналған құтқарылу жайлы хабардан жігер аламыз. Бұл ‘әділдік орнаған жаңа аспан мен жаңа жерге’ қатысты Құдайдың уәдесі міндетті түрде орындалатынына көзімізді жеткізеді (Петірдің 2-хаты 3:13).
Адамзатты соттайтын уақыт туды!
14, 15. а) Сот “уақыты” нені қамтиды? ә) ‘Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеу’ деген нені білдіреді?
14 Сергек бола отырып, алдағы уақыттан не күтеміз? Аян кітабында Құдайдың ниеті қалай біртіндеп жүзеге асатыны айтылып кеткен. Егер дайын болғымыз келсе, ондағы айтылғандарға сай әрекет еткеніміз аса маңызды. Пайғамбарлықта 1914 жылы Мәсіх таққа отырған кезде басталған “Иеміздің күнінде” болатын оқиғалар әсерлі суреттелген (Аян 1:10, ЖД). Аян кітабы ‘Құдайдың мәңгілік жеңісі туралы Ізгі хабарды жариялау’ ісі тапсырылған періштеге көңілімізді бұрады. Ол қатты дауыспен: “Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеңдер! Себебі Оның адамзатты соттайтын уақыты туды”,— деп жариялайды (Аян 14:6, 7). Сот ‘уақыты’ — қысқа мерзім. Ол сол пайғамбарлықта айтылған Құдай сотының жариялануы мен орындалуын қамтиды. Біз қазір сол уақытта өмір сүрудеміз.
15 Қазір, яғни сот уақыты аяқталмай тұрып, біз ‘Құдайдан қорқып, Оны құрметтеп, салтанатты ұлылығын дәріптеуге’ шақырылудамыз. Бұл нені білдіреді? Бізді Құдай алдындағы орынды қорқыныш жамандық атаулыдан аулақ болуға талпындыру керек (Нақыл сөздер 8:13). Егер Құдайды қастерлейтін болсақ, айтқандарын зор құрметпен тыңдайтын боламыз. Оның Сөзі Киелі кітапты оқуға, тірлігіміз бастан асып жатса да, уақыт табамыз. Сондай-ақ мәсіхшілердің қауым кездесулеріне баруға қатысты кеңеске де немқұрайды қарамаймыз (Еврейлерге 10:24, 25). Мәсіхтің Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздау мәртебесін жоғары бағалайтын боламыз, әрі мұны құлшыныспен атқарамыз. Ехобаға барлық уақытта бар жан-тәнімізбен сенім артатын боламыз (Забур 61:9). Ехобаны Әлемнің Әміршісі деп білгендіктен, оны өмірімізде басшылығына дайындықпен мойынсұну арқылы қастерлейміз. Құдайдан шынымен қорқып, оны осындай жолдардың бәрімен дәріптеп жүрсің бе?
16. Неге Аян 14:8-дегі Ұлы Бабылға қарсы шығарылған сот іске асып қойды дей аламыз?
16 Аян кітабының 14-тарауында әрі қарай сот уақытында болатын басқа да оқиғалар сипатталады. Алдымен, Ұлы Бабыл, яғни дүниежүзілік жалған діндер империясы, жайлы айтылады. “Екінші ерекше періште оған ілесіп:— Ол құлады! Ұлы Бабыл қаласы құлады!— деп хабарлады” (Аян 14:8). Иә, Құдайдың көз алдында Ұлы Бабыл әлдеқашан құлаған. 1919 жылы Ехобаның майланған қызметшілері ұлттар мен халықтарды мыңдаған жылдар бойы билеп-төстеп келген Бабылдың ілімдері мен әдет-ғұрыптарының құрсауынан босанды (Аян 17:1, 15). Содан бері олар өздерін таза ғибадаттың жандануына бағыштап келеді. Сондай-ақ сол кезден бастап дүние жүзіне Құдай Патшалығы туралы ізгі хабар жариялануда (Матай 24:14).
17. Ұлы Бабылдан шығу үшін не істеуіміз керек?
17 Бірақ Құдайдың Ұлы Бабылға қарсы соты мұнымен аяқталмайды. Таяуда ол түбегейлі жойылады (Аян 18:21). Сондықтан да Киелі кітаптың барлық адамдарды: “Одан [Ұлы Бабылдан] шық... Әйтпесе оның күнәларына араласып, басына түсетін пәлелерін де бөлісесің”,— деп шақыруына толық негіз бар (Аян 18:4, 5). Ұлы Бабылдан қалай шыға аламыз? Бұл үшін жалған дінмен кез келген байланысты үзіп қоя салған жеткіліксіз. Оның ықпалы көптеген әйгілі мейрамдар мен әдет-ғұрыптардан, азғындыққа жеңіл-желпі қарайтын осы дүниенің көзқарасынан, сиқырлықпен байланысы бар кең тарап жатқан ойын-сауықтар мен тағы да көптеген нәрселерден байқалады. Ал сергек болу үшін өміріміздің барлық саласында іс-әрекетімізбен де, жүрек қалауымызбен де шынымен Ұлы Бабылмен ортақ ештеңеміз жоқ екендігін көрсеткеніміз маңызды.
18. Аян 14:9, 10-да жазылғанды ескере отырып, қырағы мәсіхшілер неден аулақ болуға тырысады?
18 Аян 14:9, 10-нан ‘сот уақыты’ туралы тағы біле түсеміз. Өзге бір періште: ‘Айуан мен оның мүсініне құлшылық етіп, маңдайына немесе қолына таңбасын қабылдаған әркім де Құдайдың нағыз ашу-ызасының ‘шарабынан’ ішетін болады’,— деді. Неге? ‘Айуан мен оның мүсіні’ Ехобаның басшылығын мойындамайтын адамзат үкіметтерін бейнелейді. Қырағы мәсіхшілер ‘таңбаны қабылдамауға’, яғни шынайы Құдай Ехобаның жоғарғы билігін қабылдағысы келмейтіндердің көзқарастарын не іс-әрекеттерін қабылдамауға барынша мұқият болуға тырысады. Олар Құдай Патшалығының көкте орнап қойғандығын, оның барлық адамзат үкіметтерін жойып, ал өзі мәңгі бақи тұратынын біледі (Даниял 2:44).
Уақыттың тығыз екенін ұмытпа!
19, 20. а) Соңғы күндердің аяғы таяған сайын, Шайтан не істеуге тырысып бағады? ә) Не нәрсеге бел бууымыз керек?
19 Соңғы күндердің аяғы таяған сайын, көретін қысымдарымыз бен азғырулар тек көбейе түседі. Осындай зұлым дүниеде өмір сүріп, әрі өз кемелсіздігімізбен күрес жүргізумен қатар бізге денсаулықтың нашарлауы, кәрілік, жақынымыздан айырылу, реніш, сондай-ақ Құдай Сөзін уағыздағанда, адамдардың немқұрайды қарауы және тағы көптеген нәрселер әсер етеді. Шайтанның бар көксейтіні қиындықтарды қолданып, ізгі хабарды уағыздауды тоқтату не өмірімізде Құдайдың нормаларын ұстануды доғарту екенін ешқашан ұмытпа (Ефестіктерге 6:11—13). Қазір қандай уақытта өмір сүріп жатқанымызды еш ұмытпауымыз керек.
20 Иса көп қысым көретінімізді білген, сол себепті де: “Сергек болыңдар: сендер Қожайындарыңның қай күні қайтып келетінін білмейсіңдер!”— деп кеңес берген (Матай 24:42). Олай болса, уақыт ағымының қай кезеңінде өмір сүрсек те, қырағы болып қала берейік. Сондай-ақ Шайтанның қызметімізді бәсеңдететін не шындықтан тайдыратын тұзақтарынан сақ болайық. Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды алған бетімізден қайтпай, одан бетер құлшына уағыздай беруге бел буайық. Сонымен қатар Исаның: “Сергек болыңдар”,— деген ескертуіне құлақ асып, уақыттың тығыз екенін ұмытпайық. Осылайша Ехобаны дәріптейміз және оның мәңгілік баталарын алуға үміттеніп жүргендердің қатарында боламыз.
Қалай жауап берер едіңдер?
• Исаның “Сергек болыңдар!” деген ескертуі шынайы мәсіхшілерге қатысты екенін қайдан білеміз?
• Сергек болуымызға Киелі кітаптағы ескерту болып табылатын қандай мысалдар көмектеседі?
• “Сот уақыты” деген не және ол аяқталмай тұрып не істеуге шақырыламыз?
Бұл мақала 2004/2005 жылы дүние жүзінде өткен облыстық конгресте шыққан “Сергек болыңдар!” кітапшасына негізделген.
[23-беттегі сурет]
Иса өзінің келуін ұрының келуімен салыстырған
[24-беттегі сурет]
Ұлы Бабылдың жойылуы жақын
[25-беттегі суреттер]
Алған бетімізден қайтпай, зор құлшыныспен уағыздай беруге бел буайық