Тоғызыншы тарау
Қайта тірілуге деген үміттің күші
1. Қайта тірілуге деген үміт болмағанда, өлгендер қандай күйде қала берер еді?
ЖАҚЫН адамдарыңның бірін жоғалтқансың ба? Егер қайта тірілу болмағанда, оларды көруге ешқандай да үмітің болмас еді. Олар Киелі кітапта суреттелгендей күйде қала берер еді: “Өлілер ештеңе білмейді... сен баратын молада [евр. шео́л] іс те, ой шолу да, білім де, даналық та жоқ” (Екклесиаст 9:5, 10).
2. Қайта тірілу қандай керемет үміт береді?
2 Мейірімді Құдай болғандықтан, Ехоба қайта тірілу арқылы сан мыңдаған өлген адамдардың тіріліп, мәңгі өмір сүрулеріне керемет мүмкіндік береді. Олай болса, бір күні — Құдайдың жаңа дүниесінде — қазір өлім ұйқысында жатқан жақындарыңмен қайта көрісуге деген жанға жылу берер үмітің бар (Марқа 5:35, 41, 42; Елшілердің істері 9:36—41).
3. а) Неліктен Ехобаның ниетінде қайта тірілу маңызды орынға ие деп айта аламыз? ә) Әсіресе қандай жағдайларда қайта тірілуге деген үміт біз үшін табиғи күшімізден асқан күштің қайнар көзі болып табылады?
3 Қайта тірілу бізді өлімнің алдындағы жөнсіз қорқыныштан арылтады. Ехоба Шайтанға өзінің “адам өз өмірі үшін қолындағы барын береді” деген қара ниет сөздерін дәлелдеу үшін қолынан келгенінің бәрін істеуге жол бергенімен, қызметшілері одан түзелместей зиян шекпейді (Әйүп 2:4). Иса өлгенге дейін Құдайға адал болды, сондықтан Құдай оны көктегі өмірге қайта тірілтті. Осылайша Иса Әкесінің көктегі тағының алдына барып, өзінің құрбандыққа берген кемелді адами өмірінің құнын ұсына алды. Осының арқасында біз үшін өмірге жол ашылды. “Кішкентай қораның” мүшелері — Мәсіхтің мұрагерлері — қайта тірілу арқылы көктегі Патшалықта Исаға қосылуға үміттенеді (Лұқа 12:32). Өзгелердің жер бетіндегі жұмақта мәңгілік өмірге қайта тірілуге үміттері бар (Забур 36:11, 29). Барлық мәсіхшілер үшін қайта тірілуге деген үміт өмірлеріне қауіп төндіретін сынақтарға кезіккен кездегі ‘табиғи күшімізден асқан’ күштің қайнар көзі болып табылады (2 Қорынттықтарға 4:7).
Қайта тірілу неліктен мәсіхшілер сенімінің іргетасы болып табылады?
4. а) Қайта тірілуді неліктен ‘ең бастапқы тәлімге’ жатады деп айтуға болады? ә) Жалпы алғанда осы дүниедегілер үшін қайта тірілу нені білдіреді?
4 Еврейлерге 6:1, 2-ге сәйкес, қайта тірілу ‘ең бастапқы тәлімге’ жатады. Бұл — сенімнің іргетасын құраушы бір бөлік, онсыз толысқан мәсіхші болу мүмкін емес (1 Қорынттықтарға 15:16—19). Алайда Киелі кітаптағы қайта тірілу туралы ілім осы дүниедегі қалыптасқан түсініктен әлдеқайда өзгеше. Рухани нәрселерді ойланбайтын адамдардың қатары көбеюде, олар қазіргі өмірден басқа өмірдің болуы мүмкін емес деп есептейді. Олардың бар ойлайтыны — осы өмірден рақат көру. Көптеген өзге адамдар — христиан әлеміндегі, сондай-ақ одан тыс дәстүрлі діндерді ұстанушылар — өлмейтін жанымыз бар деп сенеді. Алайда мұндай сенім Киелі кітаптың қайта тірілу туралы ілімімен қиыспайды, себебі егер адамдардың жаны өлмейтін болса, онда қайта тірілудің қажеті болмас еді. Осы екі ұғымды біріктіруге тырысу үміт бергеннен гөрі, адамды шатастырады. Шындықты білгісі келген адал ниетті адамдарға қалай көмектесе аламыз?
5. а) Қайта тірілудің қаншалықты ғажайып екенін ұғыну үшін, алдымен нені білу керек? ә) Жан дегеннің не екенін және өлген адамдар қандай күйде болатынын түсіндіру үшін Киелі кітаптың қандай тармақтарын қолданар едің? б) Киелі кітаптың шындықты көмескілейтін аудармасын қолданып жүрген адамдарға қалай көмектесуге болады?
5 Мұндай адамдар Құдайдың қайта тірілту шарасының қаншалықты ғажайып екенін ұғынулары үшін, алдымен жанның не екенін, өлген адамдар қандай күйде болатынын түсініп алулары керек. Ол үшін Киелі кітаптың шындығын аңсаған адамға жиі Жазбалардан бірнеше тармақты көрсеткеннің өзі жеткілікті болады (Жаратылыс 2:7; Забур 145:3, 4; Езекиел 18:4). Алайда қазіргі аудармалардың кейбіреулері мен Киелі кітаптың мазмұнын ғана жеткізетін басылымдар жан туралы шындықты көмескілейді. Сондықтан да адамдармен Киелі кітаптың түпнұсқасы жазылған тілдерде қандай сөздер қолданылғаны туралы сөйлесу қажет болуы мүмкін.
6. Жан дегеннің мағынасын өзгелерге қалай түсіндіруге болады?
6 Осыған байланысты “Жаңа дүние аудармасы” өте құнды болып табылады. Өйткені онда не́феш деген еврей сөзі, сондай-ақ осыған сәйкес келетін гректің психи́ сөздері бірізділікпен “жан” деп аударылған. Осы аударманың қосымшасында осы сөздер кездесетін көптеген тармақтар келтірілген. Киелі кітаптың көптеген өзге аудармалары бірізділіктерімен ерекшеленбейді, оларда түпнұсқада қолданылған сөздерді “жан” деп қана емес, әрқилы: “жаратылыс”, “тіршілік”, “адам” және “өмір” деп аударады; сондай-ақ “менің не́феш-ім” — “мен” деп, “сенің не́феш-ің” — “сен” деп те аударылуы мүмкін. “Жаңа дүние аудармасын” Киелі кітаптың өзге аудармаларымен салыстыру — Киелі кітапты шын көңілден зерттеушіге түпнұсқа жазылған тілде “жан” деп аударылған ұғымды адамдарға да, жануарларға да қолдануға болатынына көзін жеткізуге көмектеседі. Алайда бұл — жан деген ұғым — адам өлгенде денеден бөлініп, өзге бір жерде тіршілігін жалғастыра беретін көзге көрінбейтін, сезілмейтін субстанция деген ойды ешқашан білдірмейді.
7. Киелі кітаптың көмегімен шеол, гадес және гееннада адамдардың қандай күйде болатынын қалай түсіндірер едің?
7 Оның үстіне, “Жаңа дүние аудармасында” еврейдің шео́л сөзі “шеол” түрінде, гректің адис сөзі “гадес” түрінде, ал гректің ге́енна сөзі “геенна” түрінде бірізділікпен транслитерация жасалған. “Гадес” — “шеол” сөзінің грек тіліндегі баламасы (Забур 15:10; Елшілердің істері 2:27). Киелі кітаптан бұл екі сөздің адамдардың жалпы моласына қатысты екендігі, сондай-ақ өмірмен емес, өліммен байланысты екендігі көрінеді (Забур 88:49; Аян 20:13). Киелі кітапта сондай-ақ қайта тірілу арқылы моладан қайта оралу туралы айтылады (Әйүп 14:13; Елшілердің істері 2:31). Бұған қарама-қайшы, гееннаға түскендер бір кезде тіріледі деген ешқандай да үміт жоқ, сондай-ақ ол жерде жанның сана-сезімі бар деп еш жерде айтылмаған (Матай 10:28, ЖД).
8. Қайта тірілудің мәнісін түсіну адамның ойына, оның іс-әрекетіне қалай әсер етуі мүмкін?
8 Адам осылардың мәнісін ұққаннан кейін, қайта тірілудің жеке өзіне қандай қатысы бар екенін түсінуіне көмектесуге болады. Сонда ол Ехобаның осындай сүйіспеншілікпен ұсынып отырған керемет сыйына ризашылық білдіре бастайды. Жақын адамдарының өліміне қайғырып жүргендер Құдайдың жаңа дүниесінде оларды қайтадан көру үмітінен жұбаныш табуы мүмкін. Осының бәрін түсіну Мәсіхтің өлімінің мәнісін түсінудің кілті болып табылады. Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер Мәсіхтің қайта тірілуі мәсіхшілер сенімінің іргетасы екендігін және оның өзгелердің қайта тірілуіне жол ашатындығын түсінген. Олар Исаның қайта тірілуі мен оның беретін үміті туралы құлшыныспен уағыздаған болатын. Бүгінгі таңда да қайта тірілудің маңызын түсінгендер осы аса құнды шындықты өзгелермен бөлісуге талпынуда (Елшілердің істері 5:30—32; 10:42, 43).
‘Гадестің кілтін’ қолдану
9. Иса ‘өлімнің де, гадестің де кілттерін’ алғашқыда қалай қолданады?
9 Мәсіхпен бірге Патшалықта билік етушілердің бәрі де ақыр соңында өлу керек. Алайда олардың бәрі де Исаның: “Мен өлген едім, ал енді мәңгі тірімін әрі менде өлімнің де, гадестің де кілттері бар”,— деп айтқан сөздерін жақсы біледі (Аян 1:18, ЖД). Исаның не дегісі келді екен? Ол өзімен болған жағдайға көңіл аударғысы келді: ол да өлген еді. Бірақ Құдай оны молада қалдырған жоқ. Үшінші күні Ехоба оны рухани өмірге қайта тірілтіп, мәңгі өлмейтін етті (Елшілердің істері 2:32, 33; 10:40). Оның үстіне, өзгелерді адамдардың моласынан босату және оларды Адам атаның күнәсінің салдарынан құтқару үшін, Құдай Исаға ‘өлімнің де, гадестің де кілттерін’ берді. Осы кілттерді қолданып, Иса өзінің адал ізбасарларын өлімнен қайта тірілте алады. Ең алдымен ол өз қауымының майланған мүшелерін қайта тірілтеді де, Әкесі өзіне тарту еткендей, оларға құнды нәрсені, көктегі мәңгі өлмейтін өмірді, тарту етеді (Римдіктерге 6:5; Філіпіліктерге 3:20, 21).
10. Адал майланған мәсіхшілердің қайта тірілуі қашанбасталды?
10 Адал майланған мәсіхшілер көктегі өмірге қашан тіріледі? Киелі кітапқа сәйкес, бұл қайта тірілу басталып қойған. Елші Пауылдың түсіндіруінше, олардың қайта тірілуі 1914 жылы Мәсіх “қайтып келгенде” басталды (1 Қорынттықтарға 15:23). Бүгінгі күні, яғни Мәсіхтің Патшалық билікте отырған кезеңінде, адал майланған мәсіхшілер жердегі өмірін аяқтағанда, өлім ұйқысында жатып, Иелерінің қайтып келуін күтпейді. Олар өлген кезде-ақ, “кенеттен, қас қағым сәтте” өзгеріп, рухани тәнде қайта тіріледі. Олар өте бақытты, өйткені “қызметтерінің жемісі олардан айырылмайды” (1 Қорынттықтарға 15:51, 52; Аян 14:13).
11. Жалпы адамдар үшін қандай қайта тірілу болады және бұл қашан басталады?
11 Патшалықтың мұрагерлерінің көктегі өмірге қайта тірілуінен басқа да қайта тірілу болады. Бұл Аян 20:6-да ‘алғашқы қайта тірілу’ деп аталғандықтан, бұдан соң да өзге қайта тірілудің болатындығы анық. Кейінгі қайта тірілгендердің жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге деген керемет үміті болады. Бұл қайта тірілу қашан болады? Аян кітабынан көрінетіндей, “жер мен көк” — осы зұлым заман өзінің билеуші табымен — жойылғаннан кейін болады. Осы ескі заманның жойылуы өте жақын. Сонан соң, Құдайдың белгілеген уақытында, жер бетіндегі өмірге қайта тірілу басталады (Аян 20:11, 12).
12. Құдайға адал болған адамдардан жер бетіндегі өмірге кімдер қайта тіріледі және бұл неліктен бізді шабыттандырады?
12 Жер бетіндегі өмірге кімдер тіріледі? Мұндай адамдардың қатарына Ехобаның ертедегі қызметшілері, қайта тірілуге деген күшті сенімдерінің арқасында ‘сатқындықпен бостандық алудан бас тартқан’ ер кісілер мен әйелдер, кіреді. Басқаша айтқанда, көпшілігі зорлықпен, мезгілсіз өлім қаупі төнгеніне қарамастан, Құдайға деген адалдықтарын соңына дейін сақтаған. Олармен танысып, Киелі кітапта қысқаша жазылған оқиғалардың егжей-тегжейін олардың өз ауыздарынан есту қандай қуанышты! Сондай-ақ жер бетіндегі өмірге қайта тірілетіндер: Ехобаның ең алғашқы адал куәгері Әбіл; топан судың алдындағы Құдайдың ескертулерін батылдықпен жариялаған Енох пен Нұх; періштелерге қонақжайлылық көрсеткен Ыбырайым мен Сара; Синай тауында Заң берілген Мұса; б. з. б. 607 жылы Иерусалимнің қирауын өз көзімен көрген Еремия сияқты өжет пайғамбарлар; Исаның өз Ұлы екендігін дауыстап куәлік еткен Құдайдың даусын естіген шомылдыру рәсімін жасаушы Жақия. Осы заманның соңғы күндерінде өліп кеткен көптеген адал ер кісілер мен әйелдер де қайта тіріледі (Еврейлерге 11:4—38; Матай 11:11).
13, 14. а) Гадесті және ондағы өлген адамдарды не күтіп тұр? ә) Тағы кімдер қайта тіріледі және неліктен?
13 Уақыт өте, Құдайдың адал қызметшілерінен басқа адамдар да қайта тіріліп, түбінде адамзаттың моласында ешкім де қалмайды. Молалар бос қалады, өйткені Иса ‘гадестің кілтін’ қолданып, адамдарды одан босатады. Бұл жөнінде елші Жоханға берілген аянда айтылған: ол ‘гадестің отты көлге лақтырылғанын’ көрді (Аян 20:14, ЖД). Бұл нені білдіреді? Адамзат моласының түп-тамырымен жойылатындығын білдіреді. Оның жойылатын себебі: онда енді өлгендер болмайды. Иса тек адал қызметшілерін ғана емес, өзінің мейірімділігінің арқасында күнәкарларды да қайта тірілтеді. Құдай Сөзі: ‘Сенушілер де, күнәкарлар да қайта тіріледі’,— деп сендіреді (Елшілердің істері 24:15).
14 Күнәкарлардың ешқайсысы да қайтадан өлімге кесілу үшін ғана қайта тірілмейді. Құдай Патшалығының басқаруымен дүние жүзінде әділдік орнаған жағдайда олардың өз өмірлерін Ехобаның нормаларына сай етулеріне көмек көрсетіледі. Аянда “мәңгілік өмір кітабы ашылды” делінген. Олай болса, қайта тірілгендердің сол кітапқа жазылуға мүмкіндіктері болады. Олар қайта тірілгеннен кейінгі “жасаған істеріне сай сотталады” (Аян 20:12, 13, ЖД). Осылайша, олардың қайта тірілуі ақырында міндетті түрде ‘сотталу үшін тірілу’ емес, ‘өмір сүру үшін... тірілу’ де болуы мүмкін (Жохан 5:28, 29).
15. а) Кімдер қайта тірілмейді? ә) Қайта тірілу туралы шындық бізге қалай әсер етуі керек?
15 Алайда өлгендердің бәрі бірдей тірілмейді. Кейбіреулер кешірілмейтін күнәлар жасаған. Мұндай адамдар молада емес, біржолата мәңгілік жойылуды білдіретін жаһаннамда (гееннада). Олардың қатарында жақындап қалған “ауыр азап” кезінде жойылатындар да болады (Матай 12:31, 32; 23:33; 24:21, 22; 25:41, 46; 2 Салониқалықтарға 1:6—9). Бұдан Ехоба моладан өлгендерді босата отырып мейірімділік көрсеткенімен, қайта тірілуге деген үміт өмірімізге жеңіл-желпі қарауға ешқандай негіз бермейтіндігі анық көрінеді. Ехобаның билігіне әдейі қарсы шыққандар ешқашан қайта тірілмейді. Мұны білгеніміз Ехобаның мейірімділігіне деген терең ризашылығымызды білдіруге талпындыру керек. Ал мұны оның еркіне сай өмір сүре отырып істей аламыз.
Қайта тірілуге деген үміт күш береді
16. Қайта тірілуге деген үміт қалайша орасан зор күштің қайнар көзі болады?
16 Қайта тірілу болатынына кәміл сенетіндер бұл үміттен орасан зор күш алады. Адам қартайғанда медицинаның көмегіне қанша жүгінгенмен, өмірін көп уақытқа ұзарта алмайтынын білеміз (Екклесиаст 8:8). Бірақ Ехобаға оның ұйымымен бірге адал қызмет етсек, болашағымызға толық сенімді бола аламыз. Құдайдың белгілеген уақытында болатын қайта тірілудің арқасында, біз қайтадан өмірге ие болатынымызды білеміз. Сол кезде өмір қандай керемет болады! Елші Пауыл оны “шынайы өмір” деп атаған (1 Тімотеге 6:19; Еврейлерге 6:10—12).
17. Ехобаға адалдығымызды сақтауға не көмектеседі?
17 Қайта тірілуді, сондай-ақ оны ойластырған Тұлғаны біле отырып, біз сенімде нық тұра аламыз. Бұл күш қатыгез қудалаушылардың қолынан өлім қаупі төнген шақта да Құдайға адалдығымызды сақтап қалу шешімімізді нығайтады. Шайтанның адамдарды құлдықта ұстау үшін бұрыннан қолданып келе жатқаны — мезгілсіз өлім алдындағы қорқыныш. Ал Иса мұндай қорқынышқа берілмеген. Ол өлгенге дейін Ехобаға адал болған. Исаның төлем құрбандығының арқасында өзгелер де осы қорқыныштан азат болуға мүмкіндік алды (Еврейлерге 2:14, 15).
18. Барлық уақытта Ехобаның қызметшілеріне адалдықтарын сақтауларына не көмектескен?
18 Тарих бойы Мәсіхтің құрбандығына және қайта тірілуге деген сенім Ехобаның қызметшілеріне адалдық сақтауларына көмектескен. Ауыр сынақтардың өзінде олар Ехобаны ‘өз жандарынан’ артық сүйетіндіктерін дәлелдеуде (Аян 12:11). Олар даналықпен әрекет етіп, қазіргі өмірлерін сақтау үшін мәсіхшілердің принциптерінен бас тартпайды (Лұқа 9:24, 25). Олар Ехобаның билігіне адал болғандары үшін қазір өмірлерін жоғалтса да, сыйсыз қалмайтындарын, яғни қайта тірілетіндерін біледі. Сенде осындай сенім бар ма? Мұндай сенімің болу үшін Ехобаны шын сүйіп, қайта тірілуге деген үміттің мәнісін терең түсіну қажет.
Қайталауға арналған сұрақтар
• Қайта тірілудің қаншалықты ғажап екенін ұғыну үшін, неліктен жан дегеннің не екенін және өлген адамдардың қандай күйде болатынын біліп алу қажет?
• Кімдер қайта тіріледі және мұны білгеніміз бізге қалай әсер ету керек?
• Қайта тірілуге деген үміт бізге қалай күш береді?
[85-беттегі сурет]
Ехоба сенушілердің де, күнәкарлардың да қайта тірілетінін уәде етеді