Оқырман сауалдары
Нұхтың заманындағы Топан су шынымен дүниежүзін қаптаған ба?
Нұх заманындағы Топан су 4 000 жылдан астам уақыт бұрын болған. Сондықтан бүгінде оны өз көзімен көрген адам жоқ. Сөйтсе де сол кездегі ең биік деген тау да су астында қалған сол апатты суреттейтін жазбалар бар.
Бір тарихи деректе былай делінген: “Жер бетін қырық күн бойы топан су қаптады... Су жер бетінде көбейіп, көтерілген үстіне көтеріле берді, тіпті аспан астындағы барлық биік таулар да судың астында қалды. Су таулардың үстін басып, жеті жарым метрге таяу биіктікке көтеріліп, олар су астында қалды” (Жаратылыс 7:17—20).
Алайда кейбіреулер бүкіл жер бетін су қаптағаны аңыз немесе тым асыра сілтеу шығар деп ойлайды. Бірақ бұл олай емес! Бүгінде де жердің басым бөлігін су алып жатыр емес пе? Жер бетінің 71 пайызын теңіз суы алып жатыр. Демек, Топан судың сулары ешқайда кеткен жоқ. Егер мұздықтар мен жердің екі полюсындағы мұздар еритін болса, теңіз деңгейі Нью-Йорк және Токио сияқты қалаларды алып кететіндей деңгейге көтерілер еді.
Құрама Штаттардың солтүстік батысының жер қыртысын зерттеген геологтар бір кездері сол аймақты 100 шақты рет су шайғанын айтады. Сондай жайттардың бірінде судың сағатына 105 шақырым жылдамдықпен келіп, 600 метрге дейін көтерілгені айтылады. Судың көлемі 2000 км3, ал салмағы екі триллионнан аса тоннаны құраған. Табылған осындай деректерге негізделіп, басқа ғалымдар дүниежүзілік Топан судың болған болуы мүмкін деген тұжырымға келген.
Алайда Киелі кітаптың Құдай Сөзі екеніне сенетіндер үшін дүниежүзілік Топан судың болғаны — жай ғана тұжырым емес, айғақ. Иса пайғамбар Құдайға: “Сенің сөзің — шындық”,— деген (Жохан 17:17). Елші Пауыл Құдайдың еркі ‘барлық адамдардың құтқарылып, шындықты біліп алулары’ екенін айтқан (Тімотеге 1-хат 2:3, 4). Егер Құдай Сөзінде аңыз әңгімелер жазылған болса, қалай Пауыл Исаның ізбасарларын бұлтартпайтын шындыққа үйретпек еді?
Иса Топан судың болғанына ғана емес, оның дүниежүзін қаптағанына да сенген. Ол өзінің қайта келуі мен заманның ақыры туралы пайғамбарлығында сол кезде болатын оқиғалардың Нұхтың заманындағы жайттарға ұқсас болатынын айтқан (Матай 24:37—39). Нұхтың күндерінде болған Топан су жөнінде елші Петір де жазған. Ол: “Тәңірдің бұйрығына сай топан су кенеттен көне заманғы дүниені басып, адамзатты жойып жіберді”,— деген (Петірдің 2-хаты 3:6).
Егер Нұх ойдан шығарылған тұлға, ал дүниежүзілік Топан су аңыз болса, соңғы күндері өмір сүріп жатқан адамдарға қатысты Петір мен Исаның айтқан ескертулерінің еш мәні болмас еді. Керісінше, бұл адамдарды шатастырып, Нұхтың заманындағы Топан судан әлдеқайда ауыр апаттан аман қалу мүмкіндігінен айырар еді (Петірдің 2-хаты 3:1—7).
Өз халқына деген рақымынан айнымайтынына нұсқап, Құдай былай деген: “Нұхтың заманында топан су жер бетін басып кеткеннен кейін Мен енді қайтып жерге топан су жібермеймін деп ант еткен едім. Сол сияқты саған да былай деп ант беремін: бұдан былай саған ашуланып, сөгіс бермеймін”. Нұхтың заманындағы топан су бүкіл жер бетін басқаны рас болғаны сияқты, Құдайдың өзіне сенім артатындарға деген сүйіспеншілігінен айнымайтыны да — шындық (Ишая 54:9).