Шектеу қоймайтын дүниеде бала өсіру
ӘКЕ-ШЕШЕСІ әпергісі келмеген ойыншықты сұрап қоймай жатқан немесе “тыныш” дегенге көнбей, жүгіріп, ойнап жүрген баланы көрген бе едіңіз? Мұндай жағдайларда ата-аналар балаларына пайдалы болатындай әрекет еткісі келеді. Дегенмен баланың қыңқылына шыдай алмай, “жоқ” деп тұрған адам, ақырында, “иә” деуге мәжбүр болып, жиі баласының ырқына көніп жатады.
Бүгінде көп адам жақсы ата-ана болу үшін баланың айтқанын орындай беру керек деп ойлайтын сияқты. Мысалы, Құрама Штаттарындағы 12—17 жас аралығындағы 750 бала қатысқан сауалнаманың нәтижесінен келесі жайт анықталды: олардың 60 пайызға жуығы әке-шешелері рұқсат бермеген нәрселерді әрі қарай да қоймай сұрай беретіндерін айтқан. Ал шамамен 55 пайызы осы тәсілді қолданып, айтқандарына жететіндерін мойындаған. Осындай балалардың ата-аналары олардың дегендерін істеу арқылы сүйіспеншілік танытамыз деп ойлайтын шығар. Бірақ бұл шынымен солай ма?
Ежелгі уақытта айтылған мына дана сөздерге назар аударайықшы: “Жасынан еркелеткен құлың Кейіннен болармын дер ұлың [“жақсылықты білмейтін болады”, ЖД]” (Нақыл сөздер 29:21). Әрине, бала — құл емес. Алайда бұл принципті бала өсіруге қатысты да қолдануға болатынымен келісетін шығарсыз. Айтқанының бәрін істеп, еркелетіп жіберген бала “жақсылықты білмейтін”, яки өзімшіл, бірбеткей адам болып өсуі мүмкін.
Ал Киелі кітапта баланы тура жолға жастан салу керек екені айтылған (Нақыл сөздер 22:6). Дана ата-аналар осы кеңеске сай, балалары үшін анық, бірізді және ойға қонымды ережелер орнатып, олардың орындалуын қадағалайды. Олар баланы жақсы көру деген не істесе де оның қолын қақпау деп түсінбейді, сондай-ақ қыңқылдай бергені үшін немесе долданып жылағаны үшін оның айтқанына көне салмайды. Олар Исаның: “Сендердің “иә” дегендерің шынымен “иә”, “жоқ” дегендерің шынымен “жоқ” болсын!”— деген дана сөздерімен келіседі (Матай 5:37). Олай болса, бала тәрбиелеуге не жатады? Бұл сұраққа жауап алу үшін бір керемет мысалды қарастырып көрейік.
“Жебелері іспетті жауынгердің қолындағы”
Киелі кітапта бала ата-ананың басшылығына мұқтаж екеніне ерекше назар аударылады. Забур 126:4, 5-те: “Адамның жас кезінде туған балалары Жебелері іспетті жауынгердің қолындағы. “Қорамсақтарын” солармен толтырған Кісілер қандай бақытты”,— деп жазылған. Көріп отырғанымыздай, мұнда балалар жебелерге, ал әке мен шеше жауынгерге теңелген. Садақшы жебелерінің нысанаға өздігінен барып тимейтінін біледі, сол сияқты баласын сүйетін ата-ана да оның өз бетінше өсе бермейтінін түсінеді. Олар балаларының “нысанаға тигенін”, басқаша айтқанда, бақытты әрі жауапты адамдар ретінде қанағаттанарлық өмір кешкенін қалайды. Олар балаларының өздеріне-өздері проблемалар жасамайтын әрі жақсы шешімдер қабылдай алатын дана адам болып өскенін, сондай-ақ талпынуға тұрарлық мақсаттарға қол жеткізгендерін қалайды. Алайда мұны қалап қана қою жеткіліксіз.
Жебе нысанаға дәл тию үшін не істеу керек? Оны жақсылап дайындап алып, қорғап жүру керек және нысананы дәлдеп, барынша күш салып ату керек. Сол сияқты ересек өмірге бастайтын жолды сәтті жүріп өту үшін балаларды жақсылап дайындап, оларды қорғап және оларға дұрыс бағыт беру керек. Енді бала тәрбиесінің осы үш саласын жеке-жеке қарастырып көрейік.
Жебені жақсылап дайындау
Киелі кітап жазылған уақытта садақшы жебелерін жақсылап дайындап алатын. Жебенің сабы жеңіл ағаштан жасалатын болса керек және оны мүмкіндігінше түзу етіп қолмен жонатын, ал ұшын өткір етіп жасайтын. Жебе бағытынан ауытқымай, түзу ұшу үшін оның екінші ұшына қауырсын тағатын.
Ата-аналар балаларының осы түзу жебелер сияқты болғанын, яғни түзу жолда жүргендерін қалайды. Сондықтан дана ата-аналар балаларының бойындағы үлкен кемшіліктерге көз жұмбайды, қайта, сүйіспеншілікпен олардан арылуға көмектеседі. Бұл үшін баланың қай-қайсысымен болса да көп жұмыс істеу керек, себебі оның ‘жүрегіне ақымақтық ұялаған’ (Нақыл сөздер 22:15, Тт). Сол себепті Киелі кітапта ата-аналар балаларына жөн сілтеп отырулары керектігі айтылады (Ефестіктерге 6:4). Иә, баланың ойы мен мінез-құлқы дұрыс қалыптасу үшін оған жөн сілтеп отырудың маңызы зор.
Олай болса, Нақыл сөздер 13:24-те жазылған келесі сөздерге таңғалмаса да болады: “Жазасын тартқызбаған баласын сүймейді, Баласын сүйген жасынан тәрбиелейді”. Мұндағы “жаза” сөзі баланы әртүрлі жолмен түзетіп отыруды білдіреді. Ата-ана баланың бойына терең сіңіп кетсе, өскенде оған көп реніш әкелетін кемшіліктерді сүйіспеншілікпен тәрбиелеу арқылы түзетуге тырысады. Сонымен, баланы жөнге салмау оны жек көрумен тең, ал жөнге салу — сүйіспеншіліктің белгісі.
Сонымен қатар баласын сүйетін ата-ана отбасындағы ережелердің не үшін орнатылғанын түсіндіріп отырады. Демек, жөнге салу — нұсқау беріп отыру не жазалау ғана емес, одан да маңыздысы, баланың сол нұсқауларды түсініп, зерделі болуына көмектесу. Киелі кітапта: “Заңды ұстанған — зерделі бала”,— делінген (Нақыл сөздер 28:7).
Атылған жебе бағытынан ауытқымау үшін садақшы оған қауырсын тағады. Сол сияқты, отбасына бастау берген Ехобаның Киелі кітаптағы тәлімдерін бала өз бетінше өмір сүруді бастағаннан кейін де ұстанып, өмір бойы пайдасын көруі мүмкін (Ефестіктерге 3:14, 15). Алайда балалары осы тәлімдерді берік ұстану үшін ата-аналардың не істеуіне болады?
Мұсаның заманындағы исраилдіктерге Құдайдың қандай кеңес бергеніне көңіл аударайықшы: “Бүгін саған Мен өсиет етіп қалдыратын мына сөздер сенің жүрегіңнен орын алсын; Және де бұларды өз балаларыңның санасына құй” (Заңды қайталау 6:6, 7). Мұнда екі нәрсеге назар аударуға болады. Біріншіден, ата-аналардың өздері Құдай Сөзін біліп, қолданып қана қоймай, сондай-ақ Құдай заңын сүюлері керек-тін (Забур 118:97). Сонда ғана олар осы тармақта айтылған екінші талапты орындап, Құдай заңын балаларының ‘санасына құя’ алар еді. Бұл үшін олар жақсылап тәлім беру және қайталап отыру арқылы осы заңдардың маңыздылығын балаларының жүректеріне ұялату керек болған.
Иә, Киелі кітаптағы принциптерді үйрету мен баланың үлкен кемшіліктерін сүйіспеншілікпен түзетіп отырудың ескірген әдіс емес екені анық. Қайта, бұл осы бағалы “жебелерді” ересек өмірге бағыттарынан ауытқымай жетуге дайындаудың маңызды жолы болып табылады.
Жебені сақтау
Забур 126:4, 5-те жазылған мысалға қайта оралайықшы. Онда жебелердің “қорамсаққа” салынғаны айтылған еді. Дайын болған жебелер бүлініп не сынып қалмау үшін қорамсақта сақталатын. Бір ескеретін жайт — бір пайғамбарлықта Иса Мәсіх Құдайдың ‘“қорамсағында” сақтаулы’ тұрған үшкірленген жебе ретінде суреттелген (Ишая 49:2). Алдын ала айтылғандай, сүйікті Ұлының Мәсіх ретінде жанын қиятын уақыты келгенге дейін, сүйіспеншілігіне ешкім тең келмейтін Әке — Ехоба Құдай оны барлық қатерден қорғағаны сөзсіз. Тіпті өлгеннен кейін де, Құдай оның осындай күйде қалуына жол бермей, қайта тірілтіп, мәңгі өмір сүру үшін аман-есен көкке қайтарды.
Сол сияқты, жақсы ата-аналар балаларын осы бұзылған дүниенің қаупінен қорғауға тырысады. Бәлкім, олар балаларына кері әсер ететін аса қажеті жоқ істермен айналысуға тыйым салар. Мысалы, дана ата-аналар “Араммен араласқан жан адал әдетінен айырылады” деген принципке жеңіл-желпі қарамайды (Қорынттықтарға 1-хат 15:33). Балаларды Киелі кітаптағы құлықтылық нормаларын құрметтемейтіндердің ықпалынан қорғау оларды көптеген, тіпті өлімге ұшырататын, кателіктерден сақтауы әбден мүмкін.
Балалар ата-ананың қорғағанын әрқашан бағалай бермеуі мүмкін. Кейде тіпті бұған ашуланатын шығар, өйткені қорғау үшін көп жағдайда оларға тыйым салу керек болады. Бала тәрбиесіне қатысты бірнеше кітап жазған бір беделді автор былай деген: “Балалар ризашылықтарын үнемі көрсете бермейді және дер кезінде рақмет айтпайтын шығар, десе де олар, шындығына келгенде, ата-аналарының бірізді тәртіп орнатқанын және өздерін қорғағанын қалайды. Балаларымызға жауапты екенімізді сезіне отырып, олардың жүріс-тұрыстарына қатысты шектеулер қойып отыруымыз керек”.
Иә, балаларыңызды жан тыныштығы мен пәктігінен айыратын және Құдаймен қарым-қатынасын бұзатын нәрселерден қорғағаныңыз оларға сүйіспеншілік көрсетудің маңызды жолы болып табылады. Өсе келе олар сүйіспеншілікпен қамқорлық еткендеріңізді түсініп, ризашылықтарын білдіруі әбден мүмкін.
Жебені бағыттау
Забур 126:4, 5-те әке мен шешенің ‘жауынгерге’ теңелгеніне назар аударайықшы. Мұндағы “жауынгер” сөзі садақ ату үшін біраз күш жұмсау қажет дегенге нұсқайды. Киелі кітап жазылған уақытта кейде садақтың адырнасын жезбен қаптаған, сондықтан кірісті байлау үшін оны тіпті аяқпен тіреп тұрып иген болса керек. Мұндай садақты тарту үшін де зор күш керек болғаны анық.
Сол сияқты, баланы өсіру үшін де көп күш салу керек. Жебені атпаса, өздігінен нысанаға тимейтініндей, бала да өздігінен жақсы адам болып өсе алмайды. Өкінішке орай, бүгінде көп ата-ана балаларын тәрбиелеуге қажетті күш салғылары келмейтін сияқты. Олар мұның оңай жолын іздеп, балаларының дұрыс пен бұрыс, адамгершілік нормалары және жыныстық қатынасқа қатысты нәрселерді теледидар, мектеп және құрдастарынан естіп білуіне жол береді. Олар балаларының бетінен қақпайды. Мұндай ата-аналар “жоқ” деу қиын болып көрінгенде, “иә” дей салады да, “баланың сезімін жаралағымыз келмейді” деп ақталып жатады. Шындығына келгенде, осылай бетімен жіберу балаға көп зардап тартқызады.
Бала өсіру — оңай іс емес. Құдай Сөзіндегі басшылықты ұстанып, бұл істі бар ынтамен атқару үшін көп күш салу керек, алайда осылай ететіндер зор сыйға ие болады. “Ата-аналар” деп аталатын бір журналда кейбір зерттеулердің нәтижесі жазылған: “Балаларын сүйетін, бірақ айтқанын істете алатын — оларды қолдайтын, сөйтсе де қойған шектеулерін берік ұстанатын — ата-ананың тәрбиесін көрген балалардың үлгерімі жақсы болады. Сондай-ақ олар басқалармен оңай тіл табысатын, өз қадірлерін білетін әрі ата-аналары тым бос немесе қатал балаларға қарағанда, бақыттырақ болады”.
Алайда ата-аналарды бұдан да зор бата күтіп тұр. Біз Нақыл сөздер 22:6-ның бірінші жартысында баланы тура жолға жастан салу керек екенін қарастырдық. Ал оның екінші жартысында жүрекке жылы тиетін мынадай сөздер бар: “Есейгенде ол содан таймайды да”. Бұл Киелі рухтың жетелеуімен жазылған осы кеңесті орындағандар қалайда жақсы нәтижеге қол жеткізеді дегенді білдіре ме? Жоқ. Сіздің балаңыздың таңдау еркіндігі бар және өскенде бәрібір өз шешімін қабылдайды. Алайда бұл тармаққа сай, бір нәрсеге сенімді бола аламыз. Не нәрсеге?
Егер балаларыңызды Киелі кітап кеңестеріне сай тәрбиелесеңіз, олардың бақытты, өмірлеріне көңілі толатын, әрі жауапты адам болып өсуіне керемет жағдай жасайсыз (Нақыл сөздер 23:24). Олай болса, осы бағалы “жебелерді” дайындап, қорғап және бар күшіңізді салып дұрыс бағыт беріңіз. Сіз бұған ешқашан өкінбейсіз.
[9-беттегі сурет]
Баланың айтқанының бәрін істеу сүйіспеншіліктің белгісі ме?
[11-беттегі сурет]
Балаларын сүйетін ата-ана отбасындағы ережелердің не үшін орнатылғанын түсіндіріп отырады
[11-беттегі сурет]
Жақсы ата-ана балаларын қазіргі бұзылған дүниенің қаупінен қорғайды
[12-беттегі сурет]
Бала өсіру үшін көп күш салу керек, алайда осылай ететіндер зор сыйға ие болады