Басқарушы кеңес қалай ұйымдастырылған?
ЕХОБА куәгерлерінің Басқарушы кеңесі өмірлерін Құдайға бағыштаған майланған мәсіхшілерден құралған. Олар рухани ас-сумен қамтамасыз етіп отырған және дүниежүзі бойынша атқарылып жатқан уағыз ісіне қозғау салып, оған басшылық етіп отырған “адал да ақылды құл” табының өкілдері болып табылады (Мат. 24:14, 45, ЖД; 46, 47).
Басқарушы кеңес мүшелері апта сайын, әдетте сәрсенбі күні, бас қосып тұрады. Бұл олардың ауызбіршілікпен әрекет етулеріне көмектеседі (Заб. 132:1). Бұл бауырластардың әртүрлі комитеттерде де атқаратын қызметтері бар. Патшалық мүддесі үшін қызмет ететін бұл комитеттердің әрқайсысы, төменде қысқаша қарастырылғандай, белгілі бір салаға жетекшілік етеді.
◼ КООРДИНАТОРЛАР КОМИТЕТІ. Бұл комитет Басқарушы кеңес комитеттерінің координаторларынан және хатшыдан тұрады. Хатшы да Басқарушы кеңестің мүшесі болып табылады. Бұл комитет барлық комитеттердің өз міндеттерін тиімді әрі ойдағыдай атқаруын қадағалайды. Сондай-ақ дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлері кезігіп жатқан төтенше жағдайларға, қуғын-сүргінге, табиғи апаттарға және басқа да шұғыл жайттарға қатысты мәселелерді қарастырады.
◼ КАДРЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТ. Бұл комитеттегі бауырластар дүниежүзіндегі Бетел үйлерінде қызмет ететін мәсіхшілерге тәндік, рухани және басқа да жағынан көмек көрсетілуін қадағалайды. Сондай-ақ жаңа бетелдіктердің тағайындалуына басшылық етеді және олардың бетелдік қызметіне қатысты мәселелерді қарастырады.
◼ БАСПА КОМИТЕТІ. Бұл комитет Киелі кітапқа негізделген әдебиеттердің дүниежүзі бойынша басылып шығарылуын және қауымдарға жеткізілуін бақылап отырады. Сонымен қатар Ехоба куәгерлері қолданып отырған әртүрлі бірлестіктердің меншігіндегі баспаханалардың және жер иеліктері мен ғимараттардың жұмысына басшылық етеді. Бұл комитет дүниежүзілік Патшалық ісіне жіберілген ерікті садақалардың барынша тиімді қолданылуын қадағалайды.
◼ ҚЫЗМЕТ КОМИТЕТІ. Бұл комитет уағыз ісін, сондай-ақ қауымдарға, ізашарларға, ақсақалдарға және аралаушы бақылаушыларға қатысты мәселелерге басшылық етеді. “Біздің патшалық қызметіміздегі” мәліметтердің дайындалуын қадағалайды және Ғалақад мектебі мен Қызметті жетілдіру мектебіне бауырластарды шақырып, мектепті бітірген соң оларды қызмет ететін жерлеріне тағайындайды.
◼ БІЛІМ БЕРУ КОМИТЕТІ. Бұл комитет конгрестер мен қауымдардағы тәлім беру ісіне басшылық етеді. Сонымен қатар Бетел отбасылары үшін Киелі кітапқа негізделген бағдарламаларды дайындайды және Ғалақад мектебі, Ізашарлық қызмет мектебі сияқты мектептердің өткізілуін, аудио және видео бағдарламалардың дайындалуын қадағалайды.
◼ ЖАЗУШЫЛАР КОМИТЕТІ. Бұл комитет әдебиеттерімізде басылып шығарылатын рухани ас-судың жазбаша түрде дайындалып, бауырластарымыз бен басқа да адамдарға таратылуын қадағалайды. Сонымен қатар Киелі кітапқа қатысты сұрақтарға жауап береді және драманың сценарийі, баяндама жоспарлары сияқты мәліметтерді мақұлдайды әрі дүниежүзіндегі аударма ісіне басшылық етеді.
Елші Пауыл майланған мәсіхшілер қауымын адамның денесімен салыстырып, оның әрбір мүшесінің маңызды рөл атқаратынын айтқан. Сондай-ақ қауым мүшелерінің бір-біріне тәуелді екеніне әрі Құдай тапсырған істі өзара сүйіспеншілікпен және ауызбіршілікпен атқару керек екеніне баса назар аударған (Рим. 12:4, 5; Қор. 1-х. 12:12—31). Қауымның басы Иса Мәсіх Басқарушы кеңестің мүшелерін өзара қызметтес болуға, үйлесе жұмыс істеуге және рухани ас-суды беріп отыруға қажетті нәрсенің бәрімен қамтамасыз етеді (Ефес. 4:15, 16; Қол. 2:19). Басқарушы кеңес киелі рухтың жетелеуімен Құдай халқына басшылық ету үшін осылай ұйымдастырылған.