Ехобаның сөзі тірі.
Ошия кітабындағы көңіл бұрарлық ойлар
ШЫНАЙЫ ғибадат он рулы солтүстік Исраил патшалығынан түп тамырымен жойылып кеткелі тұр. Еробоғам ІІ басқарып тұрған уақытта Исраилдің жағдайы жақсарғанымен, ол қайтыс болған соң көп ұзамай мемлекет кедейленіп кетті. Нәтижесінде, ел арасында толқулар мен саяси тұрақсыздық орын алды. Алты патшаның төртеуі қастандықпен өлтірілді (Патшалықтар 4-жазба 14:29; 15:8—30; 17:1—6). Ошияның б. з. б. 804 жылы басталған пайғамбарлық қызметі 59 жылға созылды және бұл аласапыран уақытта ол осы қызметін әлі атқарып жүрген болатын.
Ехоба өзінің қыңыр халқына деген сезімін пайғамбардың отбасында болған оқиға арқылы анық етіп жеткізеді. Ошияның хабарының басты тақырыбы — Ехобаның Исраилді әшкерелеуі және оның Исраил мен Яһуда патшалығына қарсы айтқан пайғамбарлық үкімі. Ошия жағымды да жылы, пәрменді де әсерлі сөздерді қолдана отырып, осы хабардың бәрін өз есімімен аталған кітапта жазған. Киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзінің бір бөлігі болғандықтан, ондағы мәлімет тірі, әсері де күшті (Еврейлерге 4:12).
“АЗҒЫНДЫҚТЫҢ ӘЙЕЛІН АЛ”
Ехоба Ошияға: “Бар да, азғындықтың әйелін ал”,— дейді (Ошия 1:2. ЖД). Ошия оның айтқанына бағынып, Гомерден бір бала көреді. Ал оның кейінгі екі баласы заңсыз туғанға ұқсайды. Олардың Лорухама және Лоамми деген есімдері Ехобаның Исраилге рақым етпейтінін және өзінің адалдық сақтамаған халқынан бас тартатынын білдіреді.
Ехоба өзінің бүлікші халқына қалай қарайды? Ол Ошияға былай дейді: “Бар да, күйеуі жақсы көретін, бірақ өзі зинақорлық жасайтын бір әйелмен шатас [“әйелді жақсы көр”, ЖД], сонда Жаратушы Иесі Исраилдың ұлдарын жақсы көргенімен, олар өзге құдайларға құлап, солардың жүзім шелпектерін ұнататындай болсын” (Ошия 3:1).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
1:1. Неге Ошия өзі қызмет еткен уақытта билік еткен Яһуда патшаларының төртеуін де, ал Исраил патшасының біреуін ғана атаған? Себебі Дәуіттің әулетінен шыққан патшалар ғана Құдай халқының заңды билеушілері болып есептелетін. Дәуіттің ұрпағынан солтүстік патшалықтың емес, Яһуда халқының патшалары шыққан болатын.
1:2—9. Ошия расында да “азғындықтың әйелін” (ЖД) алды ма? Ошия үйленген әйелдің кейіннен азғын жолға түсіп кеткені рас. Пайғамбар өз отбасына қатысты оқиғаларды түсімде не аянда көрдім деп ештеңе айтпаған.
1:7. Яһуда әулеті қашан Ехобаның рақымын көріп, құтқарылды? Б. з. б. 732 жылы, Езекия патшаның тұсында. Сол кезде бір періште 185 000 ассириялықты бір түннің ішінде қырып салды да, Иерусалимге төніп тұрған қауіптің беті қайтты (Ишая 37:36). Осылайша Ехоба Яһуданы “жебемен де, семсермен де, соғыспен де, аттармен және салтаттылармен де емес”, періште арқылы құтқарды.
1:10, 11. Солтүстік Исраил патшалығы б. з. б. 740 жылы құлаған болса, Исраил ұлдары Яһуда ұлдарымен ‘бір жерге бас қосты’ дегенді қалай түсінуге болады? Б. з. б. 607 жылы яһудилер Бабыл тұтқындығына кетпес бұрын солтүстік патшалықтың көптеген тұрғындары Яһуда жеріне көшіп барған болатын (Шежірелер 2-жазба 11:13—17; 30:6—12, 18—20, 25). Сондықтан б. з. б. 537 жылы отандарына оралған яһудилердің арасында солтүстік патшалықтың тұрғындарының ұрпақтары да болған (Езра 2:70).
2:21—23. Ехобаның “Өзім үшін оны [Изреельді] жерге себемін, Кешірілмегенге кешірім беремін” деген пайғамбарлық сөздері нені білдіреді? Ошияның Гомерден туған тұңғышының есімі Изреель болатын (Ошия 1:2—4). “Құдай тұқым себеді” дегенді білдіретін бұл пайғамбарлық есім Ехобаның адал тамтықты б. з. б. 537 жылы қайта жинап, Яһуда жерінде тұқым іспетті себетініне нұсқайды. 70 жыл бойы қаңырап бос жатқан жер енді нан, шарап пен зәйтүн беруге тиіс. Бейнелі тілмен жазылған бұл пайғамбарлықта осы игі нәрселер жерден нәрлі заттарын беруін, ал жер аспаннан жауын жаудыруын сұрайтын болады. Аспан болса, өз кезегінде, Құдайдан жауынды бұлттарды сұрайды. Мұның барлығы еліне қайта оралғандардың қажеттіліктері барынша қамтамасыз етілу үшін қажет. Елші Пауыл мен Петір Ошия 2:23-ті рухани Исраилдың тамтығын жинауға қатысты қолданған (Римдіктерге 9:25, 26; Петірдің 1-хаты 2:10).
Біз үшін сабақ:
1:2—9; 3:1, 2. Ошияның Құдай еркіне бағынып, некесін сақтап қалу арқылы қандай құрбандыққа барғанын ойлап көріңдерші! Құдай еркін орындауға келгенде, құрбандықтарға баруға қаншалықты дайынбыз?
1:6—9. Ехоба рухани және тура мағынада жасалатын жезөкшелікті жек көреді.
1:7, 10, 11; 2:14—23. Ехобаның Исраил мен Яһуди халқына қатысты айтқан сөздері орындалды. Оның айтқандары әрқашан жүзеге асады.
2:16, 19, 21—23; 3:1—4. Ехоба шын жүректен өкінген адамдарды кешіруге дайын (Нехемия 9:17). Біз де басқаларға жанашыр әрі қайырымды болуымыз керек.
“ЖАРАТУШЫ ИЕНІҢ АРТАР КІНӘСІ БАР”
“Осы жердің тұрғындарына Жаратушы Иенің артар кінәсі бар”. Неге? “Өйткені жер бетінде ақиқат та, мейірім де, Құдайды білу дейтін де қалмады” (Ошия 4:1). Жолдан тайған исраилдіктер өтірік пен қантөгіске және тура әрі рухани мағынада азғындыққа белшеден батты. Көмекті Құдайдан күтудің орнына олар “Мысырлықтарды шақырады, Ассирияға асады” (Ошия 7:11).
Ехоба ‘Исраил оттың аузында кетуі’ керек екенін айтып, үкімін жариялайды (Ошия 8:8). Яһуда патшалығы да күнәсіз емес еді. Ошия 12:2-де: “Иудамен де Жаратушы Иенің кінәласар жері бар, Ол Жақыпты жолынан тосып, ісіне қарай сыбағасын береді”,— деп жазылған. Алайда елдің қайта қалпына келері сөзсіз, себебі Құдай былай деп уәдесін береді: “Мен оларды тозақтың қыспағынан шығарып аламын, өлімнен сақтап қаламын” (Ошия 13:14).
Жазба орындарына қатысты сұрақтардың жауаптары:
6:1, ЖД, 2, 3. “Жүріңдер, Жаратушы Иеге қайта оралайық” деген сөздерді кім айтқан? Жолдан тайған исраилдіктер бір-бірін Ехобаға бет бұруға талпындырғанға ұқсайды. Егер осылай болса, олар жай ғана өкініш білдірген сыңай танытқан. Олардың тақуалықтары “әп сәтте сейілетін таңғы тұман, шөпке түскен шық сияқты” өткінші ғана болған (Ошия 6:4). Ескеретін тағы бір жайт, Киелі Кітаптың түпнұсқасында Ошия 6:1-дегі сөздер кімнің тарапынан айтылып жатқаны көрсетілмеген. Олай болса, адамдарды Ехобаға бет бұруын өтініп жатқан Ошия болуы да мүмкін. Қалай болған күнде де, он рулы Исраил патшалығының қыңыр тұрғындары шын жүректен күнәларына өкініп, Ехобаға бет бұрулары керек еді.
7:4. Азғын исраилдіктер не себепті ‘бабына келіп қызатын пешке’ теңелген? Осылайша олардың жүрек қалауларының қаншалықты зұлым екені көрсетілген.
Біз үшін сабақ:
4:1, 6. Егер Ехобаның ықыласынан айырылып қалғымыз келмесе, ол туралы білім алып, сол білімге сай өмір сүре беруіміз керек.
4:9—13. Ехоба азғын адамдарды және жалған ғибадатты ұстанатындарды жауапқа тартады (Ошия 1:4).
5:1. Жауапкершілік жүктелген бауырластар жолдан таюшылықтан барынша аулақ жүрулері керек. Әйтпесе басқаларды да жалған ғибадатқа еліктіріп, олар үшін ‘қақпан мен ау’ болуы мүмкін.
6:1—4; 7:14; 16. Сөз жүзінде ғана өкініш білдіру екіжүзділікке жатады және одан еш пайда жоқ. Құдайдың рақымына ие болу үшін күнә жасаған адам шын жүректен өкініш білдіріп, мұнысын “жоғарыдағы” (ЖД) нәрсеге, яғни ғибадаттың ең жоғарғы түріне, оралу арқылы көрсетуге тиіс. Оның іс-әрекеттері Құдайдың жоғарғы нормаларына сай болу керек.
6:6. Күнә жасап жүрген адам мұнысымен ‘мейірім-шапқатының’, не Құдайға деген айнымас сүйіспеншілігінің, жоқтығын көрсетеді. Рухани құрбандықтардың ешқайсысы да оның орнын толтыра алмайды.
8:7, 13; 10:13. “Адам не ексе, соны орады” деген принцип жолдан тайған Исраилдіктердің жағдайында орындалды (Ғалаттықтарға 6:7).
8:8; 9:17; 13:16. Солтүстік патшалыққа қатысты пайғамбарлықтар оның астанасы Самарияны ассириялықтар жаулап алғанда орындалды (Патшалықтар 4-жазба 17:3—6). Сөз жоқ, Құдай айтқанын орындап, сөзінде берік тұрады (Руларды санау 23:19).
8:14. Ехоба бабылдықтар арқылы б. з. б. 607 жылы Яһуда ‘қалаларына от жіберді’. Сөйтіп Иерусалим мен Яһуда жерінің қаңырап бос қалатынына қатысты пайғамбарлық сөздер орындалды (Шежірелер 2-жазба 36:19). Құдайдың сөзі жүзеге аспай қоймайды (Ешуа 23:14).
9:10. Исраилдіктер шынайы Құдайға бағышталған халық болса да, “Ваал-Фегорға кетіп қалып ұятты іске бой ұрды”. Бұдан өзіміз үшін сабақ алып, Ехобаға бағышталған адамдар ретінде осы шешімімізге берік болғанымыз абзал (Қорынттықтарға 1-хат 10:11).
10:1, 2, 12. Біз Құдайға екіжүзділікпен қызмет етпеуіміз керек. ‘Өзімізге шындықтың ұрығын’ себетін болсақ, Құдайдың мейірімділігіне сай мұның жемісін көреміз.
10:5. Беф-Авен (“Қиналыс үйі” дегенді білдіреді) Бетелге (“Құдай үйі” дегенді білдіреді) берілген қорлайтын есім. Беф-Авендегі бұзау мүсінді алып кеткенде, құдайларынан айырылып қалған Самария тұрғындары қатты қайғырады. Өзге түгіл өзін де қорғай алмайтын жансыз мүсінге сенім арту неткен бекершілік! (Забур 134:15—18; Еремия 10:3—5)
11:1—4. Ехоба өз халқына әрқашан сүйіспеншілікпен қарайды. Оған мойынсұнудың еш ауыртпалығы жоқ.
11:8—11; 13:14. Ехобаның исраилдіктердің бет бұруына қатысты айтқан сөзі ‘Өзіне нәтижесіз оралмады’ (Ишая 55:11). Б. з. б. 537 жылы Исраил тамтығы Бабыл құлдығынан босап, Иерусалимге қайта оралды (Езра 2:1; 3:1—3). Ехобаның пайғамбарлар арқылы айтқан нәрселерінің бәрі жүзеге асады.
12:6. Біз мейірім мен ‘қазылықты’, яғни әділдікті, танытуға және Ехобаға үміт артуға белімізді бекем бууымыз керек.
13:6. Исраилдіктер “қарындары тойған соң көңілдері көкке көтеріліп, сол себепті... [Ехобаны] ұмытып” кетті. Біз тәкаппар болып кетуден барынша абай болуымыз керек.
“ЖАРАТУШЫ ИЕНІҢ ЖОЛЫ ТҮЗУ”
Ошия өз халқына: “Исраил, Жаратушы Құдай Иеңе бетіңді бұр; өйткені сен оспадарлығыңнан осыны таптың”,— деп жалбарынады. Ол оларды Ехобаға: “Қиянат атаулының бәрін тартып ал да ізгілікке сай, сонда біз аузымыздан шыққан құрбандығымызды шаламыз”,— деп айтуға шақырады (Ошия 14:2, 3).
Күнәсіна өкінген адам Ехобаға бет бұрып, оның жолдарымен жүруге және оны дәріптеу арқылы құрбандығын ұсынуға тиіс. Неге? “Өйткені Жаратушы Иенің жолы түзу, әділ жандар сонымен жүреді” (Ошия 14:10). Әлі де көп адамның осы заманның ‘ақырғы күндерінде Жаратушы Иенің және Оның ізгілігінің алдында құрақ ұшатыны’ қандай қуанышты! (Ошия 3:5)
[17-беттегі сурет]
Ошияның отбасындағы жағдайдан Ехобаның Исраилге қалай қарағанын көруге болады
[19-беттегі сурет]
Б. з. б. 740 жылы Самария күйрегенде, он рулы Исраил патшалығы біржола жойылды