Осы дүниенің емес, Құдайдан келген рухты қабылда
“Ал біз осы дүниенің рухын емес, Құдайдан келген рухты қабылдадық. Осының арқасында Құдайдың бізге тарту еткендерін түсіне аламыз” (ҚОР. 1-Х. 2:12).
1, 2. а) Шынайы мәсіхшілер қай мағынада соғысуда? ә) Біз қандай сұрақтарды қарастырамыз?
ШЫНАЙЫ мәсіхшілер қиян-кескі соғыста жүр! Біздің жауымыз күшті, зымиян әрі соғысуда “майталман”. Ол қару-жарағын шебер қолданатыны соншалық — адамзаттың басым көпшілігін өзінің ырқына көндіріп отыр. Бірақ біз өзімізді оның алдында дәрменсіз, оны еш жеңе алмайтындай сезінбеуіміз керек (Ишая 41:10). Өйткені біздің ешқандай жау ала алмайтын қорғанымыз бар.
2 Біз кәдімгі емес, рухани соғысқа қатысудамыз. Жауымыз Ібіліс Шайтан, оның басты қаруы — “осы дүниенің рухы” (Қор. 1-х. 2:12). Ал біздің басты қорғанымыз — Құдай рухы. Осы соғыстан аман қалу және Құдаймен тығыз қарым-қатынасымызды сақтау үшін Құдайдан киелі рух сұрауымыз әрі оның жемісін құрайтын қасиеттерді танытуымыз керек (Ғал. 5:22, 23). Алайда осы дүниенің рухы деген не және ол неге сонша әсерлі? Осы рухтың бізге әсер етіп жатқан-жатпағанын қалай анықтауға болады? Исаның Құдай рухын қабылдағанынан және осы дүниенің рухына қарсы тұрғанынан не нәрсеге үйренеміз?
Неге осы дүниенің рухы сонша кең тараған?
3. Осы дүниенің рухы деген не?
3 Осы дүниенің рухы “дүниенің билеушісі” Шайтаннан келеді, әрі Құдайдың киелі рухына қарсы (Жох. 12:31; 14:30; Жох. 1-х. 5:19). Осы дүниенің рухы — Шайтанның дүниесіндегі жалпыға тән көзқарас. Әрекетке талпындыратын бұл күш адамдарды Құдайдың еркіне және ниетіне қарсыласуға итермелейді.
4, 5. Шайтаннан тараған рух қалай кең етек жайды?
4 Шайтаннан тараған бұл рух қалай кең етек жайды? Алдымен, Шайтан Едем бағында Хауа ананы алдады. Ол оны Құдайдан тәуелсіз болса, өмірі көркейе түсетініне сендірді (Жар. 3:13). Шайтан неткен өтірікші еді десеңші! (Жох. 8:44). Бұдан кейін ол Адам атаны әйелі арқылы Ехобаға деген адалдығынан тайдырды. Осындай таңдау жасауымен Адам ата ұрпақтарының бәрін күнәға сатып жіберді. Осылайша адамзат Шайтанның бойсұнбаушылық рухының әсеріне деген бейімділікті мұра етті (Ефестіктерге 2:1—3 оқы).
5 Сонымен қатар Шайтан көптеген періштелерге әсер етіп, олар жын-перілерге айналды (Аян 12:3, 4). Құдайға қарсы жасалған бұл сатқындық Нұхтың заманындағы топан суға дейін біраз уақыт бұрын орын алған. Сол періштелер жерде табиғи емес құмарлыққа еркін берілу үшін көктегі орындарын тастағандары дұрыс деп санады (Яһд. 6). Көкке қайта оралған сол жын-перілердің көмегімен Шайтан бүгінде “бүкіл жержүзін адастырып” отыр (Аян 12:9). Өкінішке орай, адамзаттың басым көпшілігі жын-перілердің ықпалында жүргендерін өздері де білмейді (Қор. 2-х. 4:4).
Осы дүниенің рухы саған әсер етуде ме?
6. Қандай жағдайда ғана осы дүниенің рухы бізге әсер ете алады?
6 Көп адам Шайтанның өздеріне әсер ету үшін жасайтын айла-амалдарын білмейді, ал шынайы мәсіхшілер бұдан бейхабар емес (Қор. 2-х. 2:11). Шындығына келгенде, өзіміз жол бермесек, бұл дүниенің рухы бізге әсер ете алмайды. Ендеше өзімізге қандай рухтың әсер етіп жатқанын анықтауға көмектесетін төрт сұрақты қарастырайық.
7. Бізді Ехобадан алыстату үшін Шайтан қолданатын әдістердің бірі қандай?
7 Менің қалай көңіл сергітетінімнен не байқауға болады? (Жақып 3:14—18 оқы). Шайтан жүрегімізде зұлымдыққа деген сүйіспеншілік дамыту арқылы бізді Құдайдан алыстатуға тырысады. Ол зұлымдықты жақсы көретін адамды Ехобаның жек көретінін біледі (Заб. 10:5). Сондықтан ол біздің бойымызда тән құмарлығы қалайтын нәрсені ояту үшін, кітап, журнал, фильм, музыка, сондай-ақ бейне ойындарды қолданады. Ал мұндай ойындардың кейбірінде адам барып тұрған өнегесіздік пен айуандық жасайтын кейіпкер ретінде әрекет етеді. Дұрыс нәрсені жақсы көргенмен, жүрегімізден жамандыққа кішкене болса да орын берсек, Шайтан соның өзіне қуанады (Заб. 96:10).
8, 9. Көңіл сергітуге қатысты өзімізге қандай сұрақтар қойсақ болады?
8 Ал Құдайдың рухы оны қабылдаған адамды таза, тату және мейірімді болуға талпындырады. Өзімізден былай деп сұрап көрсек болады: “Өзім таңдаған көңіл сергіту түрлері мені жақсы қасиеттер дамытуға талпындыра ма?”. Көктен келген даналық “екіжүзді емес”. Құдайдың рухын қабылдайтындар құлықтылық жағынан таза және тату болу керектігін басқаларға уағыздай жүре, өз үйлерінде жантүршігерлік қатыгездік пен азғындықты тамашаламайды.
9 Ехоба тек өзіне ғана шын берілгенімізді қалайды. Ал Шайтан болса, Исамен болған жағдайдан көрінетіндей, өзіне бір рет ғибадат еткенімізді місе тұтады (Лұқа 4:7, 8). Өзімізге келесідей сұрақтарды қойсақ болады: “Мен таңдаған көңіл сергіту түрі тек Ехобаға шын берілуіме кедергі жасай ма? Осы дүниенің рухына қарсы тұруымды жеңілдетеді ме, қиындата ма? Бұл мәселеде қандай да бір өзгерістер жасауым керек емес пе екен?”.
10, 11. а) Осы дүниенің рухы дүние-мүлікке қатысты қандай көзқарасты ұстануға талпындырады? ә) Ал Құдай Сөзі қандай көзқараста болуға талпындырады?
10 Дүние-мүлікке қатысты көзқарасым қандай? (Лұқа 18:24—30 оқы). Осы дүниенің рухы ашкөздік пен дүниеқоңыздыққа талпындыру арқылы “көздің қалауын” оятады (Жох. 1-х. 2:16). Бұл рух адамдардың көңіліне баюға деген ықылас ұялатады (Тім. 1-х. 6:9, 10). Сондай-ақ адамның санасында жиған-терген мал-мүлкі ол үшін берік қорғаныш болады деген ой қалыптастырады (Нақ. с. 18:11). Алайда біз Құдайдан гөрі ақшаны көбірек жақсы көретін болсақ, Шайтанның жеңіске жеткені. Сондықтан өзімізден: “Бар есіл-дертім шалқып өмір сүру, ләззат-ермек қуу ма?”— деп сұрап көрейік.
11 Ал Құдайдың рухы өзіміздің және отбасымыздың материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін еңбек етуге, сөйте тұра ақшаға қатысты байсалды болуға шақырады (Тім. 1-х. 5:8). Сондай-ақ бұл рух оны қабылдаған адамдарға Ехобаның жомарттығына еліктеуге көмектеседі. Мұндай адамдар алатын емес, беретін адам ретінде танымал. Олар адамдарды дүние-мүліктен бағалы санайды және мүмкіндігі болса, қолда барымен бөлісуге қуанышты (Нақ. с. 3:27, 28). Олар мал табудың Құдайға қызмет етуден жоғары тұруына ешқашан жол бермейді.
12, 13. Осы дүниенің рухына қарағанда, қалай Құдай рухы біздің игілігімізге асады?
12 Менің болмысымнан қандай рух танытып жүргенімді көруге болады? (Қолостықтарға 3:8—10, 13 оқы). Осы дүниенің рухы тән қалауын қоздырады (Ғал. 5:19—21). Бізге қандай рухтың әсер етіп жатқаны бәрі ойдағыдай кезде емес, қайта, қандай да бір бауырластың бізді елемей қоюы, ренжітуі не тіпті бізге қарсы күнә жасауы сияқты қиын жағдайларда шындап тексеріледі. Бұған қоса, бұл үйімізде оңаша қалғанда көрінеді. Осы орайда өзімізді тексергеніміз абзал. Өзіңнен: “Соңғы алты ай ішінде Мәсіхке көбірек ұқсай түстім бе, жоқ әлде бірте-бірте бұрынғы жүріс-тұрысым мен сөйлеу әдетіме көшудемін бе?”— деп сұра.
13 Құдай рухы “ескі болмысымыздан іс-әрекеттерімен қоса арылып”, “жаңа болмысқа” ие болуға көмектеседі. Ал бұл сүйіспеншілікке толы әрі мейірімді болуымызға септігін тигізеді. Тіпті ренжуге негіз бар болып көрінсе де, кешірімшіл боламыз. Ал әділетсіздікке кезіксек, оны “өшпенділік, ашу, ыза, айқайласу, қорлық сөздермен” қабылдамаймыз, керісінше, “барынша жанашыр” болу үшін күш саламыз (Ефес. 4:31, 32).
14. Осы дүниеде көп адам Құдай Сөзіне қалай қарайды?
14 Киелі кітаптағы құлықтылық нормаларға құрметпен қарап, оларды жақсы көремін бе? (Нақыл сөздер 3:5, 6 оқы). Осы дүниенің рухынан Құдай Сөзіне деген қарсылық байқалады. Оның ықпалында жүргендер Киелі кітаптың өздеріне қолайсыз көрінген жерлерін елемей, адамдардың әдет-ғұрыптары мен пәлсапасын жөн көреді (Тім. 2-х. 4:3, 4). Ал кейбіреулер Құдай Сөзінен мүлдем бас тартады. Олар Киелі кітаптың маңыздылығы мен растығына күмән келтіріп, өздерін дана санайды. Сондай-ақ неке адалдығын бұзбау, ажыраспау және гомосексуализммен айналыспауға қатысты Құдай Сөзіндегі талаптарды бұрмалайды. Олар “жақсыны жаман, жаманды жақсы” деп үйретеді (Ишая 5:20). Біз осы рухтың ықпалында жүрген жоқпыз ба? Қиындықтарға кезіккенде, өз ойымызды қоса алғанда, адами даналыққа сүйенеміз бе, әлде Киелі кітаптың кеңесін ұстануға тырысамыз ба?
15. Өз даналығымызға сүйенудің орнына не істегеніміз жөн?
15 Құдайдың рухы бойымызда Киелі кітапқа деген құрмет ұялатады. Забур жыршысы сияқты, біз де Құдай Сөзін қадамдарымызды жарқырататын және өмір жолымызға шырақ болатын нұр деп білеміз (Заб. 118:105). Өз даналығымызға сүйенбей, жаман мен жақсыны айыруға көмектесетін Құдай Сөзіне сенімділікпен жүгінеміз. Біз тек Киелі кітапты құрметтеуді ғана емес, сондай-ақ Құдайдың заңдарын жақсы көруді де үйренеміз (Заб. 118:97).
Исадан үлгі ал
16. “Мәсіхтің ой-санасына” қалай ие болуға болады?
16 Құдай рухын қабылдау үшін бізде “Мәсіхтің ой-санасы” болу керек (Қор. 1-х. 2:16). “Мәсіх Исаның ой қалпына” ие болу оның қалай ойлап, қалай әрекет ететінін біліп, сосын, оған еліктеуді талап етеді (Рим. 15:5; Пет. 1-х. 2:21). Мұны қалай істеуге болатынының кейбір жолдарын қарастырайық.
17, 18. а) Дұғаға қатысты Исадан не нәрсеге үйренуге болады? ә) Неге біз “сұрай беруіміз” керек?
17 Құдайдан киелі рух сұрап дұға ет. Иса сыналар алдында киелі рухқа мұқтаж екенін сезініп, Құдайға дұға еткен (Лұқа 22:40, 41). Біз де Құдайдан киелі рух сұрауымыз керек. Ехоба сеніммен сұраған адамға оны еш қиналмай, жомарттықпен береді (Лұқа 11:13). Иса былай деген: “Сұрай беріңдер, сонда сендерге беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда сендерге ашылады. Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қаға бергенге есік ашылады” (Мат. 7:7, 8).
18 Ехобадан киелі рух пен көмек сұрауды доғаруға асықпа. Бәлкім, бізге жиірек әрі ұзағырақ дұға ету керек шығар. Кейде Ехоба біреудің дұғасына жауап бермес бұрын, сұраған нәрсесін қаншалықты қалайтынын және сенімінің қаншалықты шынайы екенін көрсеткенін мақұл көредіa.
19. Иса әрқашан не істеген және неге біз оған еліктеуіміз керек?
19 Ехобаға толығымен мойынсұн. Иса әрқашан Әкесіне ұнайтынды істеген. Бірақ бір жағдайда ол Әкесі қалағаннан өзгеше әрекет еткісі келген. Соған қарамай бәрін Әкесінің қолына сеніп тапсырып: “Менің емес, сенің еркің болсын”,— деген (Лұқа 22:42). Өзіңнен: “Құдайға мойынсұну оңай болмаған жағдайда да, мен солай етем бе?”— деп сұрап көрші. Құдайға мойынсұнудың өмірлік маңызы бар. Біз оған толықтай мойынсұнуға міндеттіміз, себебі ол Жаратушы, Өмір беруші әрі Қамқоршымыз (Заб. 94:6, 7). Мойынсұнушылықты ештеңемен алмастыра алмайсың. Сондай-ақ онсыз Құдайдың ықыласына ие болу мүмкін емес.
20. Исаның өмірі неден тұрған және біз оған қалай еліктей аламыз?
20 Киелі кітаптан жақсы хабардар бол. Шайтан Исаның сеніміне тікелей шабуыл жасағанда, ол Жазбалардан үзінділер келтіре отырып, тойтарыс берген (Лұқа 4:1—13). Қарсыластармен бетпе-бет келгенде де, ол Құдай Сөзіне жүгінген (Мат. 15:3—6). Исаның бүкіл өмірі Құдайдың заңын танып білу мен орындаудан тұрған (Мат. 5:17). Біз де санамызды сенімді нығайтатын Жазбалардағы сөздермен толтырғымыз келеді (Філіп. 4:8, 9). Жеке және отбасылық зерттеу жүргізуге уақыт табу кейбіріміз үшін қиын шығар. Алайда біз уақытты іздеудің орнына, оны арнайы босатуымыз керек (Ефес. 5:15—17).
21. Құдай Сөзін жақсырақ біліп, білгенімізді қолдануға не көмектеседі?
21 “Адал да ақылды құл” отбасылық ғибадат кешін апта сайын өткізе алуымыз үшін шара қолданып, бізге жеке және отбасылық зерттеу жүргізуге уақыт табуға көмектесіп отыр (Мат. 24:45). Сен осы шараны дұрыс қолданып жүрсің бе? Мәсіхтің ой қалпына ие болу үшін, оның қандай да бір жайттарға қатысты не үйреткенін қарастыруды әдетке айналдыра алар ма едің? Таңдаған тақырыбыңа қатысты мәлімет табу үшін “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішін” және 2008—2010 жылдар аралығында “Күзет мұнарасының” таратуға арналған сандарында “Исадан тәлім аламыз” айдарында шыққан мақалаларды қолдануыңа болады. Мүмкін, оларды зерттеу бағдарламаңа қосқың келер. Сондай-ақ онда “Жастарымызға арналған” деген айдар бар. Бұл айдар Құдай Сөзін тереңірек түсінуге көмектеседі. Неге сондағы мақалаларды да арагідік отбасы ғибадатының бағдарламасына енгізіп тұрмасқа?
Біз осы дүниені жеңе аламыз
22, 23. Осы дүниені жеңу үшін не істеуіміз керек?
22 Құдай рухының басшылығымен жүру үшін, біз осы дүниенің рухына қарсы тұруымыз керек. Ал оған қарсы тұру оңай емес. Бұл күрес, тіпті нағыз шайқас болуы мүмкін (Яһд. 3). Алайда біз жеңіске жете аламыз! Иса шәкірттеріне: “Осы дүниеде қиыншылық көресіңдер, бірақ батыл болыңдар! Мен осы дүниені жеңіп шықтым!”— деген (Жох. 16:33).
23 Осы дүниенің рухына қарсы тұрсақ және Құдай рухын қабылдау үшін қолдан келгеннің бәрін істесек, біз де осы дүниені жеңе аламыз. Шынында да, “Құдай бізге жақ болса, кім бізге қарсы шыға алады”? (Рим. 8:31). Құдай рухын қабылдау және Киелі кітаптағы басшылыққа мойынсұну арқылы біз қанағат, тыныштық пен бақыт сезінеміз, әрі табалдырықта тұрған жаңа дүниеде мәңгі өмір сүретінімізге сенімді боламыз.
[Сілтеме]
a Қосымша мәліметті “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 170—173 беттерінен табуға болады.
Естеріңде ме?
• Осы дүниенің рухы неге сонша кең етек жайған?
• Өзімізге қандай төрт сұрақ қоюымыз керек?
• Құдай рухын қабылдауда Исадан нендей үш нәрсеге үйрене аламыз?
[8-беттегі сурет]
Кейбір періштелер қалай жын-перілерге айналды?
[10-беттегі сурет]
Шайтан адамдарды ырқына көндіру үшін осы дүниенің рухын қолданады. Бірақ біз оның ықпалынан босана аламыз