Сен қандай рух танытып жүрсің?
“Танытып жүрген жақсы рухтарың үшін Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымын жаудыра берсін!” (ФЛМ. 25).
1. Пауыл өз хаттарында не нәрсеге үміттенетінін жазған?
БІРІНШІ ҒАСЫРДАҒЫ мәсіхшілерге жазған хаттарында елші Пауыл қауымдардың танытып жүрген рухтарын Құдай мен Мәсіхтің мақұлдайтынына үміттенетінін қайта-қайта айтқан болатын. Мысалы, ғалаттықтарға ол: “Бауырластар, танытып жатқан жақсы рухтарың үшін Иеміз Иса Мәсіх рақымын жаудырсын!”— деген (Ғал. 6:18). “Танытып жатқан жақсы рухтарың” деп айтқанда ол не нәрсеге меңзеген?
2, 3. a) Пауыл “рух” сөзін кейде қандай мағынада қолданған? ә) Танытып жүрген рухымызға қатысты өзімізге қандай сұрақтар қойғанымыз дұрыс?
2 Пауыл қолданған “рух” сөзі көзқарасымызды және мінез-құлқымызды білдіреді. Осы “рух” сөздеріміз бен әрекетімізден көрініс табады. Біреулер жұмсақ, өзгелерге мұқият, биязы, жомарт не кешірімшіл болуы мүмкін. Киелі кітапта “биязы да жұмсақ мінез” танытқанымыз жақсы екені айтылған (Пет. 1-х. 3:4). Басқа біреулер тістеп сөйлеуі, ақшақұмар, ренжігіш болуы не тәуелсіздік рухын танытуы мүмкін. Ал ең сорақысы, өнегесіз, билікке мойынсұнбайтын не тіпті бүлікшіл адамдар да бар.
3 “Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы жақсы рух танытып жүрген сендермен бола берсін!” дегенде, Пауыл бауырластарды Мәсіхке еліктеп, Құдайға ұнамды рух танытуға талпындырды (Філіп. 4:23; Қолостықтарға 3:9—12 оқы). Бүгінде біз де өз-өзімізден былай деп сұрағанымыз жөн: “Мен қандай рух танытып жүрмін? Құдайға ұнамды болатын рухты қалайша көбірек таныта аламын? Бүкіл қауымның жақсы рухына үлес қосуда қалайша жақсара аламын?” Мысалы, әрбір алтын сары түсті күнбағыс гүлі бүкіл алқапты көркейтеді. Ал біз қауымның сұлулығына үлес қосатын гүлге ұқсаймыз ба? Біз сондай болуға тырысуымыз керек. Ендеше Құдайға ұнамды болатын рухты таныту үшін не істеуіміз керектігін қарастырайық.
ОСЫ ДҮНИЕНІҢ РУХЫНАН САҚТАН
4. “Осы дүниенің рухы” деген не?
4 Жазбаларда былай делінген: “Біз осы дүниенің рухын емес, Құдайдан келген рухты қабылдадық” (Қор. 1-х. 2:12). “Осы дүниенің рухы” деген не? Бұл рух туралы Ефестіктерге 2:2-де былай делінген: “Кезінде сендер осы дүниенің өмір салтына сай өмір сүріп, бізді ауа іспетті қоршап тұрған әрі тілазар адамдарға әсер етіп жатқан рухты билеп отырған әміршінің жетегінде жүрдіңдер”. “Осы дүниенің рухы” айналамыздағы адамдардың танытатын мінез-құлқын білдіреді. Бұл рух бізді ауа іспетті қоршап тұр. Мысалы, бүгінгі таңда көп адам “не істейтінімді өзім білем!” немесе “әркім өз құқықтары үшін күресу керек!” деп жатады. Олар Шайтан дүниесінің жетегінде жүрген “тілазар адамдар”.
5. Кейбір исраилдіктер қандай жаман рух танытты?
5 Адамдар осындай мінез-құлықты бұрыннан танытып келеді. Мұсаның заманында Қорах Исраил қауымына жетекшілік еткендерге қарсы шықты. Ол әсіресе діни қызметкер болған Һарон мен оның ұлдарына қарсы сөйледі. Бәлкім, Қорах олардың кемшіліктерін байқаған болар. Я болмаса Мұса оларды бұл қызметке туыстары болғандықтан тағайындады деп ойлаған шығар. Қандай болған күнде де, Қорахтың Ехоба сияқты ойлаудан қалғаны анық. Ол Ехоба таңдаған адамдарға құрмет танытпастан: “Жетер енді сендерге!.. Сендер неге өздеріңді Жаратқан Иенің халқынан жоғары қоясыңдар?!”— деді (Ру. сан. 16:3). Сол сияқты Датан мен Абирам да Мұсаның өздеріне “үстемдік жүргізгісі келетінін” айтып шағымданды. Ал Мұсаның алдына келуге шақырылғанда, олар: “Келмейміз дедік пе, келмейміз!”— деп қасарысты (Ру. сан. 16:12—14). Олардың танытқан рухы Ехобаға ұнамағаны сөзсіз. Ол барлық бүлікшілердің көзін құртты (Ру. сан. 16:28—35).
6. Бірінші ғасырда кейбіреулердің мінез-құлықтары нашар болғаны неден көрінді әрі мұның себебі неде болуы мүмкін?
6 Бірінші ғасырда кейбіреулер “билігі барларды құрметтемей”, оларға сын көзбен қараған (Яһд. 8). Бұл адамдар өздерінің мәртебелі қызметтерін місе тұтпады. Сондай-ақ басқаларды Құдай тағайындаған әрі міндеттерін шын жүректен атқарып жүрген жетекшілерге қарсы қоюға тырысты (Жоханның 3-хаты 9, 10 оқы).
7. Бүгінгі таңда қауымда қандай рух танытудан сақ болуымыз керек?
7 Мәсіхшілер қауымында мұндай рух болмау керек. Сондықтан осындай рух танытып кетпеу үшін бәрімізге де абай болу қажет. Мұсаның және Жоханның кезіндегідей бүгінде де ақсақалдар кемелсіз. Сол себепті олар бізге әсер ететін қателіктер жасауы мүмкін. Осындай жағдайда “әділдікті” қайтпай талап етіп немесе “ол қалай ғана ақсақал болып жүр” деп, осы дүниелік рух танытқанымыз неткен өрескелдік болар еді! Ехоба олардың кейбір майда-шүйде қателіктеріне мән бермеуді шешуі мүмкін. Ал біз солай ете аламыз ба? Кейбіреулер ауыр күнә жасап, өздеріне көмектесуге тағайындалған ақсақалдардың кемшіліктеріне бола олардың алдарына барудан бас тартқан. Оларды дәрігерді жақтырмағандықтан ем қабылдаудан бас тартатын науқас адамға теңеуге болады.
8. Қауымда жетекшілік ететіндерге дұрыс көзқарас танытуымызға қандай жазба орындары көмектеседі?
8 Осындай рухтан аулақ болу үшін, бізге Исаның “оң қолында жеті жұлдызы бар” екенін есте ұстау керек. Бұл “жұлдыздар” майланған бақылаушыларды, сондай-ақ барлық қауым ақсақалдарын білдіреді. Иса осы “жұлдыздарды” өз қалауынша бағыттай алады (Аян 1:16, 20). Қауымның Басы ретінде ол ақсақалдар кеңестерін толығымен қадағалап отыр. Оның “көздері жалындаған оттай”, сондықтан қандай да бір ақсақалды шынымен де түзету қажет болса, ол өз уақытында әрі дұрыс деп тапқан жолмен әрекет етеді (Аян 1:14). Ал әзірше біз киелі рухпен тағайындалған ақсақалдарға тиісті құрмет танытуымыз керек. Пауыл былай деген: “Араларыңда басшылықты қолға алғандарға мойынсұныңдар әрі бағыныңдар. Себебі олар үнемі жандарыңның қамын ойлайды әрі бұл үшін есеп береді. Олар күрсініп емес, қуана қамдарыңды ойлау үшін солай етіңдер, әйтпесе бұдан өздерің зиян көресіңдер” (Евр. 13:17).
9. a) Түзетілген не жөнге салынған кезде мәсіхші қандай рух танытуы мүмкін? ә) Түзетуді қалай қабылдаған дұрыс?
9 Түзетілгенде не міндеттерінен айырылғанда мәсіхшінің мінез-құлқы айқындалады. Бірде ақсақалдар ілтипатты түрде бір жас бауырласқа қатыгез бейне ойындарға қатысты кеңес береді. Өкінішке қарай, бауырлас кеңесті қабылдамады да, Жазбалардағы талаптарға сай келмегендіктен қызмет көмекшісі міндетінен айырылды (Заб. 10:5; Тім. 1-х. 3:8—10). Кейіннен ол ақсақалдардың шешімімен келіспегенін баршаға мәлім етеді, оларды жамандап филиалға қайта-қайта хат жазады, тіпті басқа бауырластарды осылай етуге шақырады. Алайда бүкіл қауымның бірлігіне қауіп төндіре отырып, жаман істерімізді ақтауға тырысқанымыз жақсылыққа апармайды. Одан да түзетуді өзіміз байқамаған кемшіліктерімізді көрудің мүмкіндігі деп қарастырып, кішіпейілдікпен қабылдағанымыз жақсы емес пе? (Еремияның жоқтауы 3:28, 29 оқы).
10. a) Жақып 3:16—18 тармақтардан жақсы және жаман рух туралы не білеміз? ә) “Көктен келген даналықты” танытқанымыз қандай нәтиже әкеледі?
10 Жақып 3:16—18 тармақтар бізге қауымда қандай рух таныту керек, ал қандайын танытпау керектігін түсінуге көмектеседі. Онда былай делінген: “Қызғаныш пен жанжалқұмарлық бар жерде тәртіпсіздік пен жамандық атаулының бәрі де болады. Ал көктен келген даналық ең алдымен таза, сосын, тату, иліккіш, мойынсұнуға дайын, мейірім мен игі істерге бай әрі ешкімді алаламайды, екіжүзді де емес. Оның үстіне, әділдіктің жемісін әкелетін тұқым татуластырушылардың игілігі үшін татулық орнаған жерде себіледі”. “Көктен келген даналыққа” сай әрекет ететін болсақ, біз Құдайға тән қасиеттер танытатын боламыз. Нәтижесінде біз бір-бірімізді жақсы рух танытуға талпындырып, қауымның бірлігіне үлес қосамыз.
ҚАУЫМДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТ
11. a) Жақсы рух танытқанымыз неден аулақ болуға көмектеседі? ә) Дәуіттен не үйрене аламыз?
11 Біз Ехобаның ақсақалдарды өз “қауымын бағу үшін” тағайындағанын есте ұстауымыз керек (Ел. іс. 20:28; Пет. 1-х. 5:2). Ақсақал болсақ та, болмасақ та, Ехобаның шараларын құрметтегеніміз жөн. Жақсы рух танытатын болсақ, дәрежемізді қажетінен тыс ойламаймыз. Саул патша тағын Дәуіт тартып алады деп ойлай бастағанда, оған “қызғанышпен қарайтын болды” (Пат. 1-ж. 18:9). Патша жаман рухқа бой алдырды. Ол тіпті Дәуітті өлтіргісі келді. Саул сияқты дәрежемізді шектен тыс ойлаудан гөрі, Дәуіт сияқты болған жақсы емес пе? Көп әділетсіздік көргеніне қарамастан, Дәуіт Құдай тағайындаған адамдарға әрдайым құрмет танытқан (Патшалықтар 1-жазба 26:23 оқы).
12. Қауымның бірлігіне қалай үлес қоса аламыз?
12 Ойдың бір жерден шықпауы бауырластардың, тіпті ақсақалдардың арасында келіспеушіліктер тудыруы мүмкін. Осы орайда бізге Киелі кітаптың “Бір-біріңе бірінші болып құрмет көрсетіңдер” және “Өздеріңді ақылды санамаңдар” деген кеңестері көмектеседі (Рим. 12:10, 16). Өз дегенімізде тұрып алғанша, мәселені шешудің бір емес, бірнеше жолы болатынын мойындағанымыз дұрыс. Егер басқалардың көзқарасын түсінуге тырысатын болсақ, қауымның ынтымағына үлес қосамыз (Філіп. 4:5).
13. Өз пікірімізді айтқан соң не істеуіміз керек және бұны Киелі кітаптың қай мысалы көрсетеді?
13 Бірақ бұл қауымда бір нәрсені түзету керек екенін айту дұрыс емес дегенді білдіре ме? Жоқ, білдірмейді. Бірінші ғасырда қатты дау тудырған бір мәселе туындаған болатын. Бауырластар Пауыл мен Барнабаны “осы мәселені шешу үшін екеуіне басқа бауырластарды қосып, Иерусалимдегі елшілер мен ақсақалдарға жібермек болды” (Ел. іс. 15:2). Олардың әрқайсысының бұл мәселені қалай шешуге болатынына қатысты өз пікірі болғаны шүбәсіз. Алайда әркім өз пікірін айтып, рухтың жетелеуімен шешім қабылданған соң, бауырластар өз пікірлерін алға тарта бермеді. Қабылданған шешім туралы хат алғанда, қауымдар “хаттағы жігер беретін сөздерді оқып, қуанып қалды” әрі “сенімі нығайып, күннен-күнге саны арта берді” (Ел. іс. 15:31; 16:4, 5). Сол сияқты бүгінде де өзімізді мазалаған мәселені жауапты бауырластарға айтқан соң, олардың мұқият ойланып, қажет болса, шара қолданатынына сенгеніміз жөн.
БАСҚАЛАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫҢДА ЖАҚСЫ РУХ ТАНЫТ
14. Басқалармен қарым-қатынасымызда қалай жақсы рух таныта аламыз?
14 Басқалармен қарым-қатынасымызда жақсы рух танытуға көп мүмкіндігіміз бар. Мысалы, біреу ренжіткенде кешіруге дайын болғанымыздың пайдасы көп. Құдай Сөзінде былай делінген: “Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса да, өзара төзімді болып, бір-біріңді кеңпейілмен кешіріңдер. Ехобаның өздеріңді кеңпейілмен кешіргеніндей, сендер де солай етіңдер” (Қол. 3:13). “Егер әлдекімнің біреуге ренжуге себебі болса” деген сөздер кейде басқаларға ренжуге келелі себебіміз болатынына нұсқайды. Біз біреудің кемшіліктеріне бола ызаланбауымыз керек. Бұл қауымның бірлігіне нұқсан келтіруі ықтимал. Қайта, Ехобаға еліктей отырып бауырластарымызды кешіруге және олармен иық тіресе қызмет етуге дайын болайық.
15. a) Әйүптен кешірімді болуға қатысты не нәрсеге үйрене аламыз? ә) Өзгелерге дұрыс көзқарас танытуға дұға қалай көмектеседі?
15 Кешірімді болуды Әйүптен үйренуге болады. Жұбатушысымақ үш досы оны ауыр сөздерімен ренжітті. Бірақ Әйүп кешірімді болды. Ненің арқасында? Ол “достары үшін сиынды” (Әйүп 16:2; 42:10). Өзгелер үшін дұға еткеніміз оларға деген көзқарасымызды өзгертуі мүмкін. Бауырластарымыздың барлығы үшін дұға еткеніміз оларды Иса сияқты жақсы көруге көмектеседі (Жох. 13:34, 35). Сондай-ақ дұғада біз киелі рух сұрауымыз керек (Лұқа 11:13). Құдай рухы басқалармен қарым-қатынасымызда мәсіхшілерге тән қасиеттер танытуға көмектеседі (Ғалаттықтарға 5:22, 23 оқы).
ЖАҚСЫ РУХЫҢ БҮКІЛ ҚАУЫМҒА ПАЙДА ӘКЕЛЕДІ
16, 17. Сен не істеуге бел будың?
16 Әрқайсысымыздың жақсы рух сақтауға күш салғанымыз бүкіл қауымға пайдасын тигізеді. Бәлкім, осы мақаланың арқасында өзгелерге көбірек жігер бере алу үшін, мінез-құлқыңды қай жағынан жақсарту керектігін түсінген шығарсың. Олай болса, өзіңді Құдай Сөзінің нұрында тексеріп, сәйкесінше әрекет ет (Евр. 4:12). Қауым үшін жақсы үлгі болуды ойлаған Пауыл былай деген: “Ешқандай бұрыс қылығым есімде жоқ, бірақ бұл әділ екенімнің дәлелі емес, өйткені мені соттайтын — Ехобаның өзі” (Қор. 1-х. 4:4).
17 Бәріміз де бір-бірімізді қауымда жақсы рух танытуға жігерлендіре аламыз. Ол үшін Құдайдың қасиеттеріне еліктеп, айтқанымыздан қайтпай тұрып алудан немесе “мен көбірек міндеттерге лайықпын” деп ойлаудан аулақ болуымыз керек. Егер кешіруге асық болып, өзгелерге оң көзбен қарайтын болсақ, бауырластармен тату-тәтті боламыз (Філіп. 4:8). Сонда Ехоба мен Иса “танытып жүрген жақсы рухымызға” риза болатыны сөзсіз (Флм. 25).